ВЕРНУТЬСЯ

(М.Өскінбайұлы атындағы Республикалық күйшілер сайысының жаңғырығы)Күрескер-ақын, дауылпаз күйші-композитор Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойына арналған ондаған шаралардың бірі – Республикалық күйшілер сайысына былтыр еліміздің түкпір-түкпірінен ұзын саны 36 домбырашы қатысқан екен!.. Бір «қызығы», Маңғыстаудай өнер ұялаған өлкенің күй дүлдүлдерінің бірі Мұрат Өскінбайұлының туғанына 100 жыл толуына орай жуырда Ақтау қаласында ұйымдастырылған сондай байқауға, бар болғаны, 12 домбырашы ат қосты... Тіпті, салыстыруға келмейді – алдыңғының үштен бірі ғана!.. Маңғыстаудың өнері (абырой-беделі деп түсініңіз. Авт.) дегенде өзегін жұлып берер ондаған патриот-азаматтар аянбай тер төгіп, қыруар қаржы жұмсалған. Бас бәйге – екі бірдей автокөлік тігіліп (домбырашылар байқауында бұрын болмаған жақсылық. Авт.), көпшіліктің ерекше қызығушылығын туғызған, негізіне абыройлы өткен өнер сынына қатысушылар, шынында да, неге мұшама аз болды?!.Біздіңше, біріншіден, Маңғыстауда өткен күйшілер байқауының алдын-ала насихаты, жарнамасы кем болды!.. Бұл өзі республикалық сайыс болғандықтан, оның өтетіндігі және жарыс шарттары республикалық ақпарат құралары (газет,теледидар) арқылы, кем дегенде жарты жыл бұрын хабарлана бастап, сынға дейін тұрақты жалғасын тауып отыруы керек еді!.. Сонда, жер-жердегі домбырашылардың орындалуы биік шеберлікті қажет ететін, барынша күрделі Маңғыстау күйлерінің қыр-сырына біршама қанығып келулеріне жағдай туатын-ды!.. Біз білгенде, республиканың облыстарына – бұл хабар кеш барған! Сондықтан, дәмелі күйшілердің қиын сынға ойдағыдай дайындалып үлгере алмаулары себепті – байқауға қатысушылар қатары ұйымдастырушылар шамалаған мөлшерден әлдеқайда аз болып шыққан!..Сондай-ақ бұлай болуының және бір себебі – күй орындаушыларға қойылатын шарттардың біржақтылығынан, нақтырақ айтқанда, шектеудің тым күштілігінен болды-ау деп те ойлаймыз. Пікірімізді таратып айтайық. Бұл жерде негізгі әңгіме – сайыскерлер қалайда тартуға міндетті күйлерге қатысты. Олар: туғанына ғасыр толған Мұраттан – «Өрен» мен «Жеңіс», халық күйлерінен – «Көроғлы»,  Абылдан «Абыл», Есірден – «Ақжарма», Құлшардан – «Кербез керік», Өскінбайдан – «Бұлбұл – Ақжелең» мен «Жаңылтпаш» деген күйлер болатын. Мұндай қатаң шектеу қою, осы өлкенің төл өнерпаздарын айтпаған күннің өзінде, Маңғыстаудан шалғайда тұратын (өздерін байқау шарттарын кеш естіген. Авт.) домбырашылар үшін – тым артық талап ету емес пе?.. Мысалы, байқауға қатысушы қалайда: Абылдан – «Абылды», Есірден – «Ақжарманы» немесе Құлшардан – тек «Кербез керікті» орындауға неге міндетті болады?.. Оларға осы композиторлардың өздері қалаған (немесе – барынша шебер меңгерген. Авт.) кез-келген күйін тартуға неге мүмкіндік берілмейді?.. Домбырашының нақты шама-шарқын білу үшін – осының өзі-ақ осал талап болмайтын еді ғой!.. Бұлай еткенде – Маңғыстау күйлерінің көбірек қамтылатыны және бар еді-ау!..Шектеудің шексіздігі салдарынан екі күнге созылған сайыста той иесі Мұраттың екі-ақ күйі («Жеңіс» пен «Өрен») орындалды. Бұдан: «Айтулы композитордың басқа күйлері неге көпшілік назарынан тыс қалды?»-деген орынды сауал тумай ма?.. Егер, мұндай шектеулер болмағанда – сайыскерлердің оларды қамтуы әбден мүмкін еді ғой!.. Бұл жерде біреулердің: «Онда, домбырашылар орындалуы оңай, жеңіл күйлерге жармаспай ма?»- деп қарсы пікір айтуы да ғажап емес!. Иә, олай болуы да мүмкін. Бірақ, домбырашылардың бәрі бірдей оңайға жүгіре ме?.. Сөйткен күннің өзінде, кімнің қандай «салмақпен» және қалай шапқанын бағалап отырған төрешілер бар емес пе?..Байқау барысында біздің және бір аңғарғанымыз – жарыс шарттарындағы шексіз шектеудің қырсығынан – көрермен қызығушылығына, белгілі дәрежеде, тұсау салынғандығы!.. Бір  ғана мысал . Осы сында домбырашылар міндетті түрде тартуға тисті шығармалардың бірі - Өскінбай атамыздың «Жаңылтпаш» деген күйі болды. «Тәртіп» солай болғасын амалдары қане, жарыстың соңғы жарты күнінде ғана осы күй сайыскерлер тарапынан (әрқайсысы бір реттен.Авт.) 12 қайтара тартылды. Өсекеңе «обал болғаны» өз алдына, мұндай көп қайталау, көрерменмен қоса, осы сынға қазылық жасаған мамандардың өзін мезі қылып жібергендей!.. Егер, сайысқа Махамбеттің тойындағыдай 36 домбырашы қатысқанда – не боларын айтпаңыз!.. Оның үстіне, «Жаңылтпаш» өзінің атынан да көрініп тұрғандай, қандай ма бір тақырыпты түбірлей ашуды мақсат етпеген, бар болғаны, өзімен күй тартысына түскен өнерпазды жаңылдыруды көздеген, бар «қызығы» - орындалу техникасында ғана жатқан шығарма емес пе?.. Күйден, жаңылтпаштан гөрі, мазмұнға бай, саз іздейтін құлақтың құрышын бұл шығарманың бір-екі рет, асса үш-төрт қайтара тартылғандығының өзі қандыратын еді ғой!..Сайыс шарттарын түзушілердің: «Біз домбырашыларға биік талап қою арқылы – нақтылыққа ұмтылдық!.. Себебі, кейінгі жылдарда республикада, негізінен, осындай тәжірибе қалыптасқан»,- деп қарсы дау айтуы да мүмкін-ау!.. Оларға біз айтар едік: « Әсіре нақтылықтан арылып, қалыптасқан (бәлкім, қасаң тартқан.Авт.) тәжірибені – жаңадан жетілдіру қажет!..»- деп!..Байқауда орын алған және бір өкінішті жағдай – сайыста өнер жарыстыруға жастары 45-тен асып кеткен күйшілердің жіберілмеуі!.. Жарыс үстінде Маңғыстауға аты белгілі, даңғыл домбырашы, әсіресе, жергілікті композиторлардың күйлеріне жетік Аманқос Жүнібековтің: «Бұған – мен неге қатыспаймын?..» деп өкпе білдіруі өте орынды болды! Шынында да, оның жасының апысқа келгені болмаса, басқа қандай «жазығы» бар еді?..Өнер бәйгесі – (домбыра тарту, ән салу, жыр айту, айтысқа түсу, т.б.) дегеніміз – бұлшық ет пен қара күшке ғана «бағынатын» жер қазу, балшық илеу, тас көтеру секілді қара жұмыс емес қой!.. Біле- білсек, кешегі: Шамығұл, Мұрат, Алым сықылды жүйріктердің көзін көре қалған Аманқостар, бүгінгі жастарға қарағанда, «бұрынғының үлгісіне» бір табан болса да, жақын тұрған жоқ па?!. Талантты жастар кәрі тарландардың «тықпасын» - алмас болар ма?!. Қарт домбырашылар – кейігі толқынның жаңалығын көріп, ой түймес болар ма?.. Егер, жоғарыдағыдай «жас-кәрі» деп шектеу қоймағанда – қатысушылар саны да барынша көбейіп, Ақтауда өткен сынымыз – домбыраның нағыз аламан- бәйгесіне айналатын еді-ау!..Республикалық домбырашылар байқауының негізгі жүлделері – маңғыстаулықтардың өздерінде қалды. Төрешілер де олай-бұлай бұрмаламай, күйшілердің шеберлік деңгейін әділ бағалады!.. Бұл – жерлестеріміз үшін үлкен мерей болатын!.. Оған әрине сол сәтінде өзіміз де қуанғанбыз. Дегенмен, жарыстан соң біздің көкірегімізде мықтап орнап қалған нәрсе – ол емес еді!.. «Сонда оның аты не?»-дейсіз бе?.. Оның аты, қолда жеткілікті қаржы да, күш те бола тұра, Маңғыстау күйлерін республика ауқымында кеңіне насихаттау мүмкіндігінің жете пайдаланылмай қалғадығы!..Рас, мұндай ірі мәдени шара - өлкемізде алғаш рет ұйымдастырылды. Соған орай бірқатар олқылықтардың орын алуы заңдылық та шығар!..Асылы, бұл секілді үлкен істерге алдын-ала жан-жақты ойласып бармай болмайды-ау!.. Тиісті орындар мен ел азаматтары мақалада айтылған пікірлерге:  «Біткен іске – сыншы көп!» - деп шекелеп қарамай, ой таразысынан өткізер, сөйтіп орынды деп санағандарын алдағы күндерде ескере жүрер деген сенімдеміз!..                                      («Үш қиян» газеті. 18.11.2004 ж.)