ВЕРНУТЬСЯ

     Қай
кезде болсын, ақын-жазушылардың әдебиет майданында көрініп, жұртшылыққа танылуы
әр басқа. Кейбіреулер ұзақ жылдар үзбей жазып, үйрену, өсу кезеңдерін оқушы-сыншыларының
көз алдында өткізеді. Ал кейбіреулері жарқ етіп бірден көрінеді де, өзіне жұртшылық
абайын бірден аударып, сол жеткен биігінен төмендемей, күн сайын, жыл сайын өрлей
түседі.

            Әрине адам бір күнде ақын-жазушы
бола салмайды. Кім де болса үйрену кезін басынан өткізбек. Бірақ бұл топқа
жататын ақын-жазушылар әдебиетте көрінгенге шейін өмір мектебін өтумен бірге,
жазушылыққа әзірлік, үйрену, қалыптасу мектебін де өтеді. Өзіне-өзі қатал сыншы
тұрғысынан қарайды. Жазғандарына көңілі әбден толғанша әдебиетте көрінбеуді мақұл
көреді. Дәл осындай жазушының бірі Сағыр Аймағанбетұлы Камалов болатын.

            Сағыр Камалов 1905 жылы Ақтөбе
облысы бұрынғы 9 ауылда туды. Әкесі жасында өліп, шешесінің тәрбиесінде өсті.
Шаруасының шағындығына, балаларының жастығына қарамастан, мейірбанды ана Жұмақыз
Камалова үш баласын бірдей мектепке беріп, мәдениетті адам болуын арман етті.
Олардың (Сағыр, Нәдір, Оразғали) үлкені Сағыр Камалов ауылдағы орталау мектепті
бітіргеннен кейін 1923 жылы Орынбор қаласындағы Қазақтың Халық Ағарту
институтының жанындағы бөлімге түсті. Онда екі жыл оқығаннан кейін негізгі
курсында үш жыл оқып, 1928 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақтың Мемлекеттік
педагогтік институтына түсіп, оны 1931 жылы бітіріп шықты.

            Институтта Сағыр көрнекті, үлгілі
студенттің бірі болды. Ол жақсы оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарды жақсы жүргізудің
де үлгісін көрсетті. Осының үстіне мейлінше кішіпейілдігі, сыпайылығы, адамшылық
қасиетінің артықтығы жолдастарының арасында оның беделін арттыра түсті.

            1930 жылы институт жанындағы
комсомол ұйымы оны партия қатарына ұсынды. Партияға кіру Сағыр Камаловтың өміріне
үлкен өзгеріс туғызды. Өз шығармаларына өте жауаптылықпен қарап, жарияламай
келген әдеби еңбектерін Сағырдың баспа бетіне жариялауы да осы 1930 жылы.

            Ең бірінші әңгімесі - «Таңдағы
талап». Бұдан кейін ол үзбей жаза берді: «Ордадағы ойран» (1930ж.), «Ұшқыннан өрт»,
«Фонтандар» (өлең), «Шақтыда», «Марксшіл сыншыларымыз» (мақала), «Қанды таяқ»
(Т.Жароковпен бірге жазған пьеса, 1931ж.).

            1932 жылы «Екпін» атты әңгімелер
жинағы, «Алтай жолы» атты романының үзінділері басылды.

            1934 жылдар драма жанрымен шұғылданып,
атышулы «Ер Тарғын» операсының либреттосын, колхоз тақырыбына «Құттықтаймын», «Ұсталды»
атты екі актілі, бір актілі пьесалар жазды («Құттықтаймын» 1936ж., «Ер Тарғын»
1937 жылдары жеке кітап болып шықты).

            Сағыр Камаловтың әдебиетімізге ат
салысқанына барлығы сегіз-ақ жыл. Бірақ сол аз жылдың ішінде артына көп еңбек қалдырды.
Әр алуан тақырыпқа жазған әңгіме, өлең, драмалық шығармаларымен Сағыр тынысы кең,
болашағы үлкен, талантты жазушы екендігін танытты.

            Мәдениеттен кейін қалған халықтардың
Советтік дәуірде оқу-өнерге еміне ұмтылып, тілегенінше оқуына мүмкіншілік туғандығын,
қаладан алыста жатқан қазақ жастарының сезіну, ізденушіліктерінің бір көрінісін
суреттеуге арналған бірінші әңгімесі «Таңдағы талаптың» құрылысы жағынан
автордың әлі балаңдығы, қаламының ұшталып жетілмегендігі бола тұрса да, бас қаһармандары
Мұтайыр мен Өмірзақтың қиыншылыққа төзімділігі, алған мақсатын қалайда орындауға
ұмтылушылығы, тіпті ол жолы оқуға түсуге мүмкіншілік болмай қалғанның өзінде де
мойымай, бүгінгі орындалмаған арман күні ертең-ақ орындалатындығына сенушілік,
оқушыларына оптимистік сезім туғызады.

            Алғашқы әңгімесіндегі кемшіліктерін
жас жазушының өзі де аңғарғанға ұқсайды. Өйткені «Таңдағы талаптан» кейінгі жазған
шығармасы «Ордадағы ойран» болуы осыны дәлелдейтін тәрізді.

            «Ордадағы ойран» - В.А.Прокофьевтің
«Степан Халтурин» әңгімесінің кейбір эпизодтарынан ерікті аударма. Жас автор қаламы
төселген аға жазушының шеберлігін үйрену, одан өнеге алу мақсатын алдына қойған
да және әр алуан өмір құбылысын, күрес-тартыстарды аз сөзбен тұжырымды етіп
бере білуде көп үйренген де.

            Бұл жылдары Сағырдың, әсіресе көбірек
жазған тақырыбы - өндіріс, колхоз, совхоз туралы.

            Колхоздастыру негізінде бай-құлақтарды
тап ретінде жоюмен байланысты ауылдағы тап күрестерін суреттеуге арналған
«Колхоз қарауылы» тәрізді әңгімесі мен «Ұсталды» атты бір актілі пьесасында өмір
шындығын автордың нақтылы социалистік реализм тұрғысынан көрсеткендігі аңғарылады.

            Ол кездің тарихына көз тіксек,
экономикалық тамырына балта шабылып, жалған бедел, сұм-сұрқиялықтарының бет
пердесі жұлынып, ел ішінен аласталынған бай-құлақтар мен олардың құйыршықтары көп
уақытқа шейін күрестерін тоқтатпаған болатын. Ашық белдесуге беделі, күресерге
күші жоқ бай табының қалдықтары колхозды іштен жегіше жеп «құрытуға», жасырын
зиянкестік жасауға, колхоздың жеріне өрт салып, малына індет тарату, сол арқылы
коллективтенген ауыл шаруашылығын әлсірету, ең болмағанда зиян келтіру әрекетіне
көшті. Бірақ олардың бұл қара ниеттерінен ештеңе шықпады. Тірегі мықты,
тегеуріні мығым еңбекші таптың өкілдері жауынан дайым палуан түсіп, не сұрқиялық
іс-әрекеттердің бетін ашып, зиянкестерге кезінде тойтара соққы беріп отырды.

            Орыс, қазақ, дұнған, тағы басқа ұлттардан
ұйымдастырылған интернационалдық колхоздың егінін өртеп, бүкіл поселокті апатқа
ұшыратпақ болған сол жердің бай-құлақтары Қашқынбай мен Брюшкин қаншама өшпенділікпен
әрекеттенсе де, коллектив ісіне жанымен берілген Қашқынбайдың бұрынғы малшысы, қазіргі
колхоз қарауылы Қарақұлдың қырағылығы арқасында колхоз өрттен аман қалып, қаскүнемдер
қолға түседі. «Колхоз қарауылында» Қарақұлдың қырағылығы арқылы автор сол
кездегі өмір шындығының бір көрінісін көзге елестетеді. Сол тәрізді бір актілі
«Ұсталды» атты пьесасында 1928 жылы мал-мүлкі конфискацияланып, өзі Қарқалыға
айдалып кеткен Ақмағамбет қашқын болып, еліне қайта оралады. Оның да негізгі мақсаты
- колхоз, совхоз шаруашылығына зиянкестік жасау. «Зұлымдықтың құйрығы - бір-ақ
тұтам». Жамандығы ұзаққа бармай, совхоз жылқысынан ат ұрламақ әрекетінің үстінде
ол да қолға түседі.

            Сағыр Камаловтың 1930-32 жылдары жазған
әңгімелері «Алтайдың асуында», «21-інші», «Екпінді №90» - бәрі де «жез бесік,
алтын құндақ» Риддер кенінің алғашқы өрлеу жылдарындағы жұмысшы мен совет
инженерлерінің ерлік істерін, олардың асау Ульба өзенін өздеріне бағындырып, өндіріс
керегіне пайдалану үшін күресте қандай қиыншылықтарды бастарынан кешіргендіктерін,
ірі өндірістердің айналасында тап жауларының қандай зиянкестік әрекеттер жасағандықтарын,
оны совет адамдары қалай жеңгендіктерін суреттеуге арналады.

            Ол кезде әлі жас жазушының басқалардан
бір ерекшелігі - өмірге тікелей араласуы, Еңбек Ерлерін, олардың іс-амалын көрсетуі.

            Көп ақын-жазушыларымыз өндірістің
ішіне бара алмай, тек сырт көрінісін суреттеумен ғана қанағаттанса, Сағыр
Камалов ірі өндірістердің қалай құрылып, қалай дамығандығын, қандай қиыншылық, қандай
бөгеттерді жеңіп шығу нәтижесінде жеңіске қол жеткендіктерін терең толғап, кеңінен
шешуге тырысты.

            Ульбастройдың зор майданында екпінді
еңбек етуші Риддердің қарт жұмысшысы Днепров жас жазушы Сәліммен әңгімесінде
сол стройдың салыну тарихымен байланысты көп мәселелердің бетін ашады.

            Риддерді өркендету, Ульба стройын
салу кездерінде Дунаев тәрізді ақтың офицері жұмысшылардың арасына кіріп алып, ұлт
араздығын қоздыру, ол әрекетін сөзде де, істе де жасай отырып, ақыры әшкереленетіндігіне
көзі жеткендіктен, қашқын банда болып, Алтай ормандарында жасырынып, жол тоспай
жасап, совет адамдарын өлтіру, ел тонау жолына түскендігін баяндайды.

            «Алтайдың асуында» сол банда
Дунаевпен бұлардың кездесуі, қарт жұмысшы Днепровтың ерлік қимылы арқасында өздерінің
қалай тірі қалып, жауды қалай тұтқынға алғандығы суреттеледі.

            Сағыр әдебиеттің әр жанрында өзінің қабілетін
байқап көрді. Қара сөз, өлең, сын мақала, драма. Әйтсе де оның жазушылық
талантын анығырақ танытқан - драма. Сағыр жазған пьесалардың құрылысына, адам
образдарын жасауына, қатысушыларының сөздеріне қарағанда, оның болашағы үлкен
драматург екендігін аңғартатын еді.

            «Қанды таяқ» (Тайыр екеуі жазған), «Құттықтаймын»,
«Ер Тарғын» пьесаларын алсақ, оқиғаны бірден тартысқа құра білуі, монолог,
диалогтарында қаһармандарының мінезін айқындаудан тыс немесе оқиғаға қатысы жоқ
басы артық сөздердің кездеспеуі, драмалық коллизияны берік сақтауы - оның шын мәніндегі
драматург екендігін дәлелдейтін жайттар.

            Алғашқы жазған «Қанды таяқ» пьесасы
1926-28 жылдары Қазақстанда жүргізілген жер бөліс және ірі бай-феодалдардың
мал-мүлкін конфискациялауға арналады. Пьесада талай жылдар бойы халықты сүліктей
сорып, түңілерлік рухани қысымшылықтар көрсеткен Бүркітбай тәрізді бай-болыстың,
Қорымсақ пен Көбен би сықылды ұнамсыз типтер жасаумен қатар, Ертай, Өмірзақ сықылды
жалшы, кедейлердің ұнамды бейнелерін де жасады.

            Әрине бұл жаңалық емес. Оларға шейін
де бұл сюжет, образдар қазақ совет әдебиетінде жиі кездеседі. Бұл мәселе туралы
автордың бір өзгешелігі таныс оқиға, таныс образдарды сахнада жаңа бір қырынан
көрсетулері және «Қанды таяқ» - осы тақырыпта сахнаға арнаулы жазылған бірінші
пьеса.

            «Қанды таяқты» сөз еткендегі біздің
айтпағымыз ол емес, жас авторлардың пьесада кейбір мәселелерді жаңаша қоя
білетіндіктері жайлы.

            Бұған шейінгі әңгімелерде байдың
жауыздығын, билердің зұлымдығын, бәйбішенің қатыгездігін дұрыс көрсете келіп,
олардың қызына келгенде жазушыларымыз жұмсақ кететін де, әке-шешесінің мал-мүлкін
конфискациялап, өздерін жер аударарда олардың қызын батыраққа, не бір кедейге
тигізіп, елде қалдыратын.

            Өмірде ондай жағдайлардың болуы да мүмкін.
Бірақ барлық жерде, барлық жағдайда солай бола беруі ақылға сыймайды. Сағыр мен
Тайыр бұл мәселені өздерінен бұрынғыларша емес, басқаша шешеді.

            Бүркітбайдың қызы Қаламқас есігінде
жүрген Еркінді сүйеді. Негізгі мотировкасы (дәлелдеуі) - Еркіннің әрі ақылды, әрі
көрікті, кедейлігінен басқа міні жоқ, замандас, жас жігіт болушылығы. Екеуінің
арасындағы сүйіспендік кіршіксіз таза махаббат, бір-бірін ұнату, қосылып тату-тәтті
өмір сүрсек дегеннен басқа мақсат болмайды.

            Әйтсе де мал-мүлкі конфискацияланып,
тап айдалар жерге келгенде Қаламқас өзін қалдыру, Ертайға тиюге рұқсат етуді сұрап
өкілге берген арызын қайтып алады да, әке-шешесімен бірге кетеді.

            Оқиғаның тап осылай шығуы идеялық жағынан
да, психологиялық жағынан да дұрыс. Өйткені Қаламқас Ертайды қанша жақсы көргенмен
де, өскен ортасы - Бүркітбай мен Балғындар, алған тәрбиесі - ескілік. Сондықтан
ол сын сағатта сыннан өте алмай, ескі тәрбиенің шырмауында қалып қоюы анағұрлым
сенімді.

            Пьесадағы оқиғаның бұлай шешілуін
біз кемшілігі деп қараудан аулақпыз. Бірақ осылай шешкеннің өзінде де драмалық
жағынан өте дұрыс алынған және көп ұтарлық бір мәселе жеріне жеткізілмей қалған.

            Қаламқас пен Ертайдың арасындағы қарым-қатынасты
авторлар драмалық коллизияға құруға ұмтылса да оны көп тереңдетпейді.

            Қаламқас пен Ертайдың сүйіспеншілдігін,
мінез-құлық, өмірге көзқарастарын айқындап, екеуінің әлеуметтік жағдайларының әр
басқалығы олардың қосылуларына зор бөгет екендігін аша түссе, қаһармандардың
бастарындағы психологиялық жайттарды қиыннан қиыстырса, пьеса көп ұтқан болар
еді. Ол кезде авторлардың драма жазуға әлі қаламы төселіп жетпегендіктен, қаһармандардың
психологиялық жақтары жалаңдау көрсетілген. Әйтсе де сол кезеңдегі драманың дәрежесінен
қарағанда, «Қанды таяқ» көңіл аударарлық пьесалардың бірі деуге болады.

            Сағыр Камаловтың драматургтік күшін әдебиетші-сыншылар
жұртшылығына мойындатқан және бір сәтті шыққан шығармасы - «Ер Тарғын»
либреттосы.

            Біздер операның либреттосына драмалық
шығарма деп қарамай, әнге жазылған текстінің мөлшерінде ғана бағалаушылықтан әлі
арыла алмай келеміз. Бұл біздің музыкалық искусствоның ең жоғарғы сатысы
саналатын операның драмалық өзегі - либреттоны драматург-ақындарымыздың қандай қиындықты
бастарынан кешіріп, қандай еңбек сіңіретіндіктерін түсінбеушілігімізден, не түсінгіміз
келмеушіліктен.

            Құрылысы жағынан либреттоның үлкен
драма, трагедиялардан еш айырмасы жоқ. Шығармалардың сюжетінде кездесетін
драмалық, композициялық элементтер либреттода түгелдей сақталады. Сонымен қатар
ол мейлінше қысқа болуы шарт. Қысқалық - искусствоның негізгі шарттарының бірі.
Оның үстіне әр сөйлем, әр сөзі ғана емес, әр дыбыстың композиторлар үшін мәні
зор. Көп ойлау, көп еңбекпен табылған, өлеңдік қасиеті құнды, өлең жолдарында
мазмұнына түрі сай, жымдаса қаланылған сөздердің кейде музыкалығы жағынан дыбыс
әуезділігі композиторларға мүлде ұнамай, ақын еңбегі босқа кетуі мүмкін. Кейде
музыкалық заң бойынша, ырғақ ұйқастары ойдағыдай теп-тегіс шыққан, әп-әдемі өлеңді
композиторлардың әдейі «сындыратын», бұзатын кездері де болады. Бұндай жайттар
ақын-жазушылардың төбе шашын жұлғанмен бірдей болса да, композиторларға ғана түсінікті
музыка тілінің керек еткен талабы мен тілегін орындауға ақын мәжбүр болмақ.
Осындай көп қиыншылықтармен жазылған либретто авторларын бағаламаушылық әділеттілікке
жата ма?

            Пьесада «Ер Тарғын» поэмасының
желісі сақталса да, негізгі адам образдарын ұнамды түрлерінде қалдырса да,
поэманың идеялық жағына недәуір өзгерістер енгізіліп, көп мәселені автор өзінше
шешкен.

            Пьесада дәуіріне сәйкес әлеумет өміріндегі
бір-біріне қарама-қайшы екі күшті түйістіреді. Бірі үстемдік етуші хан және оның
айналасындағы қара күштер болса, екіншісі, көп жайттарда олардан кем түспейтін,
ал жаугершілік кездерде бүкіл ел қорғаны саналатын батыр, оның хандарға қарсы күресі.

            Тарғынның ерлігі мен өрлігі, бірбет,
өжеттілігі, досына мейірбанды, жауына қаталдығы, өз отанын тереңнен сүйетін
патриоттығы бірінші орынға қойылады. Оның іс-амалдары да, монолог, диалогтары
да мінезіне сай.

            Хан мен билерден қанша қуғын көрсе
де, Тарғын халықтан қол үзбейді. Ноғайлының қай еліне барсын, оны халық құшағын
жайып қарсы алады дедік. Ақшахан елінің де найза ұстарлық ерлері Тарғынға төс
ашысып дос, сыр ашысып жолдас бола кетеді. Өйткені халық әрдайым өз елінің
амандығын тілейді. Жауына айбар, еліне қорған боларлық батыр халыққа қымбат.
Оның үстіне Торғауыттардың ызасы өтіп, кегін қайтара алмай жүрген елге Тарғынның
қамал бұзып, жеңіспен қайтуы батырдың беделін бұрынғыдан да өсіре түседі.

 

Қандай
батыр жауынгер?

Даңқы
келген алыстан.

Қарсылаймыз
келе бір

От-жалынды
арыстан.

Жылаған
ел жұбанған,

Тойлап
шықты алдыңа.

Керегінше
ала бер...

Қазынаны,
малды да...

Сендей
батыр бағымыз,

Шылбырыңа
оралдық.

Шалық
- тасын шағыңыз,

Қожақ
сенен құрбандық1.

   1С.Камалов.
Әңгімелер мен пьесалар, 4960ж. - 127-бет           

   Қандай
пьесада болсын, хор халық атынан сөйлейді. Бас қаһарманды көпшіліктің жек көрі,
жақсы көрулерін, олардың ой-сезімдерін драматургтер әрдайым хор арқылы
беретіндігі - ескі  заманнан бері келе
жатқан әдіс. Бұл үзіндіден халықтың Тарғынға қалай қарайтыны, оның себебін
айтпай-ақ та түсінікті десек, сол халықтың жуан ортасынан шыққан Сақан мен
Балпандардың ерлік істерімен, Тарғынға көзқарас, әр алуан қарым-қатынастарынан
да көп жайттарды байқауға болады. Сақан мен Балпаң - пьесада екінші саптағы қаһармандар.
Олардың ерлігі, патриоттығы, адамгершіліктері Тарғынға көмектесу, қиын-қыстау
жерлерде халық батыры үшін, жолдастық, достық үшін өлімге бел буып, бастарын бәйгіге
тігулері арқылы көрсетіледі. Тарғынның басына қауіп төнгенде, Балпаң қаптаған
жауға жол тоспай жасайды. Сақан Тананы зынданнан босату жолында көп ерліктер көрсетеді.
Әуелде Ақжүністің тілімен Танаға жаулық көрсеткен Ақжелең енді Тананы зынданнан
босату жолында Ақжүністің қолынан қаза табады. Ақжүніс өлімнен құтқарамын, Қажен
мырзаға ти деп алдына шарт қойғанда, оған Тана:

 

Ер
Тарғын адамзаттың данасы ғой,

Халықтың
қамын ойлар баласы ғой.

Әділдік,
шындық іздеп алтын тақтан,

Қайда
барса, сол үшін таласы ғой.

Қайрат
пен терең ақыл, өткір сезім,

Сиғызбай
сан хандарға салғызды ғой...1

 

деп
жауап қайырады.

            Сөйтіп екінші саптағы қаһармандардың
іс-амал, ой-пікір, наным-сенімдерін айқындайтын монолог, диалогтары бәрі де Тарғын
образын толықтыра түседі. Оның халық алдында беделді, адамгершілігі жоғары
екендігін дәлелдейді.

            Жалпы батырларға тән сенгіштік, ақкөңіл,
аңғалдық та Тарғында жоқ емес. Автордың Тарғынды олай суреттеуі де заңды. Өйткені
бас қаһарманы халық жырының белігілі батырының бірі болғандықтан, жалпы халық
батырына тән қасиеттерді ұмытуға болмайды. Ақжүністің мінезін жақсы білетін Сақан
мен Балпандар талай рет ескертсе де, сенгіш батыр Ақжүністің сиқырлы ісі мен
жалған сөздеріне нанып қалады. Сүйген жары Тана өзін тастап, еліне қашып кетті
деген оймен, оған іштей өкпелеп, Ақжүністі алып қашып үйленеді. Батыр мықтап
алданғанын кейін бір-ақ біледі.

            Әйтсе де Тарғын алған бетінен қайтпайды.
Жар сүйісі алдау болып, жау айнала қоршап тұрса да, ежелгі дұшпаны хандармен күресуін
тоқтатпауға ант етеді.

  1С.Камалов.
Әңгімелер мен пьесалар, 4960ж. - 177-бет            

Нағылет-қарғыс
айттым, хандар, саған,

Жарқылдап
әлі-ақ балам, найзам жетер,

Аспандап
қыран алған жүйрік Тарлан,

Сауырлап
аққан ханды тағы кешер, -

 дейді.

            Әділдік іздеуші Тарғын ол өмірден
шындық таба алмайды. Үстемдік етушілерге өмір бойы қарсы болып, күресумен болады.
Бірақ оның бұл күресі үстем таптарға қарсы жеке адамның ғана күресі болғандықтан,
нәтижелі еш нәрсе шығара алмай, жалғыздықпен жаһан кезіп, өмір өтеді.

            Тарғынның бақытсыздығы - әділдік
іздеуінде хан, билердің жауыздығына қарсы тұрамын деп, қуғын-сүргін, жалғыздық
көруінде. Халық оны қанша жақсы көрсе де, түгел көтеріліп, оған ере алмайды.
Халықтың ой-санасы ол кезде ондай дәрежеге әлі көтеріле алмаған болатын. Тарғынның
өзі де зұлым хандарды өлтіріп, жеке адамдарға қарсы болса да, хандыққа қарсы
емес. Ол - Тарғынның өз басындағы қайшылықтардың негіздісі. Әйтсе де ол - өз
заманында әділдік іздеушілердің бірі. Тарғын зұлым хандарға қарсы күресуші мықты
адамның образы болумен бірге, әділдік іздеп, әділдік қазір болмаса да,
келешекте болуы керек деген арманын ұрпағына қалдырып кетті. Тарғын образының әлеуметтік,
тәрбиелік мәні де осында.

            Сағыр Камалов пьесасында Тарғынды
хан мен билердің зорлық-зомбылықтары арқасына аяздай батқан адам екендігін көрсетеді.
Сол үшін тап өкілі ретінде Ақшахан, Жаңқа, Қазы, Қапан, Жырау, тағы басқаларды
алады. Өзара салыстырғанда олардың іс-әрекет, мінез-құлықтарында өзгешеліктер
жоқ емес. Бірақ олардың бәріне тән бір қасиет - екіжүзділік.

            Пьесадағы Ақжүніс поэмадағы Ақжүністен
мүлде басқа. Бұл жайт сыншы-әдебиетшілердің арасында күні бүгінге шейін әртүрлі
түсінік, пікір туғызып келеді. Біреулер Ақжүністі ұнамсыз образ етіп көрсету
теріс, поэмада ол ұнамды, сондықтан пьесада да солай көрсетілуі керек деген
пікірді айтса, екіншілері, жоқ, бұл поэмадағы Ақжүніс емес, автор поэмадан тек
оның атын ғана алған да, хан қыздарына қандай мінез тән болуы керек деген тұрғыдан
ойлана келіп, өскен ортасы, алған тәрбиесіне сәйкес, Ақжүністі өз ортасына лайықты
ұнамсыз образ етіп шығаруды мақсат еткен; өзі ойлаған планда Ақжүністі солай көрсету
дұрыс деген пікірді қолдайды.

            Бұл пікірлердің екеуінің де дұрыс жақтары
бар. Ескі тақырыпты жаңаша меңгеремін деген авторлардың ауыз әдебиетіндегі ұнамды
образ қатарында жырланып келген қаһармандарды сол қалпында қалдырып, оның
кейбір жақтарын толықтыру, мінез-құлық, іс-әрекеттерін тереңдете түсу планында
суреттеуі де, кейде ол образдың кейбіреулерін, керісінше, ұнамсыз образ дәрежесінде
бейнелеуі де мүмкін.

            Сағыр Камалов Тарғын туралы алдыңғы
принципті қолданса, Ақжүніс туралы соңғы принципті дұрыс деп тапқан.

            Ханның қызын батырға ғашық ету
ертегі, эпостық поэмаларда бұрыннан келе жатқан дәстүр. «Қобыландыдағы» Құртқа,
Қарлыға, «Тарғындағ» Ақжүніс, «Қамбардағы» Назым, «Алпамыстағы» Қаракөзайым,
т.б.

            Бұлардың ұнамды болу себебі, олар
елдік мәні бар мәселені басқалардан бұрын болжап, қырағылық көрсетеді немесе ел
қамқоры батырларға жәрдемші, көмекші, жанашыр, ең жақын серігі болады. Қару
алып, жау тоқтатпаса да, ақыл-кеңесімен батырға көмектеседі. Бұлардың
кейбіреулерінің негізі өмір шындығында жатса, көпшілігі-ақ «солай болса» деген
арман-тілектің, қиялдың жемістері екендігі де сөзсіз. Сонымен қатар сол
поэмалардағыдай хан, феодалдардың әйел, қыздарының бәріне бірдей қырағылық,
отаншылдық, махаббатқа беріктік қана тән десек, қателескендік болар еді. Қанаушылық,
қаныпезер, қатыгездік, екіжүзділік көрген үлгісі, алған өнегесі болған хан қыздарының
көпшілігіне «Ер Тарғын» пьесасындағы Ақжүніс аталатын қыздың типі дәл келетіні
даусыз. Ал оның атын «Ақжүніс деп, не Қаныкей, не Тінікей» деп атау, автордың
айтайын деген негізгі ой-пікіріне, шығарманың идеялық мазмұнына нұқсан
келтірмейді.

            Көркем шығармалардағы адам образын
біз оның атына емес, іс-амалына қарап бағалаймыз. Автор оны кімнің өкілі етіп көрсетпек,
қалай суреттемек, мінезінің қай жағын бірінші орынға қояды, сол образды жасаудағы
(ұнамды, не ұнамсыз, бәрібір) автордың мақсаты не, ол образдың әлеуметтік мәні қандай,
міне, негізгі талдаулар осы мәселелердің айналасында болуы керек.

            Пьесадағы Ақжүніс образына осы тұрғыдан
келсек, авторды мақтамасақ, даттауға болмайды. Өйткені ұнамсыз образ қатарында
Ақжүніс әрі шебер, әрі өз ортасына тән образ болып шыққан. Қаярлық, өзімшілдік,
екіжүзділік, қатыгездік, опасыз-тұрақсыздықтары жағынан шешесі Жаңқа мен Қазы
билерден оның мойны әлдеқайда озық жатыр. «Ер Тарғын» пьесасында Ақжүніс образы
әр жағынан алынып суреттелінеді. Алғашқы перделерде ол «жігітті жұрт мақтаған қыз
жақтаған» деп Абай айтқандай, жалпы қыздардың 
жастық шағына тән бір мінезін мегзеп, даңқын естіп қана Тарғынға құмартса,
жауынгерлік салт бойынша, тұтқын қыз Танаға кімді болсын өзінің қалауы білетін
ерік берілсе, Ер Тарғынды таңдауы мүмкін екендігін, Сақан, Балпаң тәрізді
батырлардың серіктері де тұтқын қызға «Тарғынды қала» деп кеңес берушіліктерін
сезгеннен кейін, Ақжүністің батырға деген құмарлық, ынтазарлығы бұрынғыдан да
арта түседі.

            Бірақ хан қызының Тарғынға құмарлығы
ғашықтық емес, көрсеқызарлық. Тарғын тәрізді атақты батырды Ақжүністің өз қолына
қондыру. Танамен бақталастық, қызғаншақтық сезімін отқа май құйғандай өршітеді.

            Жасынан айтқанын істейтін, дегенін
жасатып, қағусыз өскен, жан біткеннің бәрін еркегі «құлым», әйелі «күңім» деп ұғатын
өзімшіл, өрбике ханыша жолында бөгет кездескен сайын өрши түседі. Ақжүністің
Тарғынға шығуына хан мен ханым, Қазы мен Қожақ, Тарғынның серік батырлары бәрі қарсы.
Әйтсе де Ақжүніс өз дегенін қалайда орындауға бел буады. Ол өз мақсатына кім бөгет
тұрса, қан төгіп, жан алудан да тайынбайды. Күндескен Тананы зынданға салуы,
ары оянған Ақжелеңді өз қолымен өлтіруі тәрізді қатыгездігі былай тұрсын, өзіне
қарсы келгенде анасы Жаңқаға қанжар суырып, ерегіссе, басын алмақ болады.

            Ақжүністің бұл тәрізді іс-әрекеттерінің
тарихи шындықта негізі жоқ, автордың өзі ойлап шығарған, дерексіз нәрсе деп
ешкім таласа алмайды. Өйткені Алтын Орда, Ноғайлы хандықтарының тарихына көз
салсақ, хандық мансабы үшін әкесі баласын, інісі ағасын өлтіру оқиғалары жиі ұшырайды.
«Хан тұқымы қатыгез», «хандарда бауыр жоқ» деген ел әңгімелері де жай айтылмаған.
Сондықтан Ақжүністің әр алуан қатыгездіктері сол замандардағы тарихи өмір шындығына
негізделінеді.

            Пьесадағы Ақжүніс образын сөз
еткенде, әсіресе көңіл аударарлық жағы оның қаярлық, екіжүзділігі. Ақжүністің бұл
мінездері пьесаның ұзына бойына сөзінен де, ісінен де аңғарылады.

            ІІ актіде Ақжүніс Тананы Тарғыннан
айыру мақсатымен келеді. Көнсе, қасына бір адам қосып беріп, еліне қашыру, көнбесе,
оны зынданға салып, батырды тастап, еліне қашып кетті деген лақап таратып, Тарғынды
одан бездіруді мақсат етеді. Осындай алыстан ойлап, тұзақты кеңнен құра тұрса
да, ол өз ой-пікірінің ұшығын көрсетпей, Танаға достық құшағын аша келеді.

 

Бар
еді ашуменен айтқан сөзім,

Ерегес
болған жерде болмай төзім.

Дос
болып сырласайық күліп-ойнап,

Жан
ашып, жәрдем етер келді кезім.

Ай,
құрбым-ай!

Сені
аяп

Келдім-ай!

 

дейді.

            Бұл оқиғаның тартымдылығын күшейту үшін
ғана қолданылған тек әдіс қана емес, хан қызының мінезіне тән бір ерекшелік және
бұл тәрізді іші мен тысы екі басқа қаярлық ұнамсыз қаһармандардың мінезімен
байланысты пьесаның ұзына бойына өзекше тартылып отырады.

            Тарғын екеуінің арасындағы қарым-қатынастардан
да Ақжүністің мінездері бұрынғыдан да гөрі айқындала түседі.

            Тарғынды Танасынан айырып, өзіне қаратарда
Ақжүніс:

 

Міне,
антым, міне, жаным, жалынамын,

Сен
күлсең, мен де күлем, өлсең, өлем -

Осы
менің сертім,

Ғашық
оты дертім.

Тастадым
мен бағымды,

Алтын
орда, тағымды!..

 

дейді.

            Бұл сөздер шын жүрек, терең сезімнен
шықса, не деген ғашықтық, нендей берілушілік дер едік. Бірақ олай емес. Ақжүністің
тек өзін, өзімшілдік арман-мүддесін ғана сүйетіндігі, Тарғынға деген жылылық
оның жүрегінде емес, сөзінде екендігі кейінгі актілерден көрінеді.

            Қажен арқылы Қапанға уәде беріп, оған
тиетіндігін білдіреді де, Қапандар келердің алдында Ақжүніс аңғал батырды
екінші рет алдайды.

 

Осы
менің сертім,

Ғашық
оты дертім.

Тастадым
мен бағымды,

Алтын
орда, тағымды!..

 

деп
ескі антын екіжүзділікпен тағы қайталайды.

            Қорыта айтқанда, Ақжүніс образын
автор өзінше шешкен. Автордың ой-пікірінше, хан қыздарына пьесадағы Ақжүністің
мінез-құлық, іс-әрекеттері тән болуға тиіс. Автордың бұлай шешуін шығарманың
міні деп қарамай, ескі тақырып, ескі образды жаңаша меңгерем деушілік өзінше
бір ерекшелігі деп ұғуымыз керек.

            С.Камалов поэмадағы батырды сүйетін
сұлу қыздың ролін қалмақ қызы Танаға береді. Бұл - хан қызы емес, жаугершілікте
қолға түсіп, бақытсыздыққа ұшыраған қарапайым адамның қызы.

            Тана сұлулығының үстіне ақылды,
алды-артын жақсы түсінетін, сертіне мығым, махаббатқа берік әйел бейнесінде көрсетіледі.
Тұрмыс толқыны айдап кеп оны Тарғынға қосады.

            Аз мезгілдің өзінде-ақ ол Тарғынды
жақсы танып, оның ерлігін де, адамшылық қасиетін де, хан, билердің ортасында
жалғыздығын да ұғынады. Оны өзінің өмірлік серігім деп, шын беріле сүйеді.
Басына қанша ауыр жағдай кездессе де, қиындыққа бел буып, батырға опасыздық
жасағаннан гөрі өлімін артық санайды.

            Автор хан қызы Ақжүніс пен тегі қалмақ
болса да, халықтан шыққан Тананы қарама-қарсы қою арқылы адалдық та, сертіне
беріктік те, адамгершілік те халықта деген идеяны меңзейді.

            Осы пікірді жандандыруда айрықша мәні
бар қаһарман - Ақжелең. Ақжелең пьесада өзінің қайшылығымен көрсетіледі. Ол Ақжүністің
алдауымен Танаға опасыздықтар да жасайды. Бірақ Ақжелең де халықтан шыққан қыз.
Сондықтан ол өзінің адалдық арын ластап алғанын кейін түсінеді де, Тананы тұтқыннан
босату жолында Ақжүністің қолынан қаза табады. Ақжелең оқиғасымен байланысты да
автор пьесаның халықтық идеясын толықтыра түседі.

            «Ер Тарғын» операсының либреттосын
(мейлі әдеби варианты, мейлі қысқаша түрі) немесе операны түгел алып қарасақ та
бұл қазақтың опералық искусствосына өз кезінде авторлардың қосқан үлкен үлесі
болды (Музыкасын жазған Е.Г.Брусиловский). Оған шейінгі музыкалық пьесалармен
салыстырғанда, шын мәніндегі опера жасаудағы елеулі табыс екендігі сөзсіз.

            «Ер Тарғын» операсының идеялық мазмұны
- халықтық. Хан-феодалдардың үстемдігі дәуірлеп тұрған заманда, олардың халыққа
жасаған зұлымдығына ел мүддесін қорғаған ер ұлдарына көрсеткен рухани-моральдық
қысымшылықтарына қарсы, жалғыз да болса наразылық білдіріп, батырдың бар өмірін
хан, билермен күресте өткізуінің негізі - сол дәуірдегі осылай болса деген халықтың
оптимистік тілек-мүдделерінің бір көрінісі. Бұл жағынан «Ер Тарғын» поэмасының
идеясы мен операның идеялық мазмұны нық байланысты.

            Сағыр Камалов аз-ақ өмір сүрді. Әдебиет
майданында құйрықты жұлдыздай көрінді де, ғайып болды. Бірақ оның кейінгі ұрпаққа
қалдырып кеткен құнды мұрасы бар. Соның күрделісі - «Ер Тарғын» операсының
либреттосы және басқа әңгіме, пьесалары. Оларды жинап бастыру, зерттеу -
келешектің міндеті. Бұл мақалада сөз болмай отырған жазушының тіл байлық жақтары
зерттеушілеріміздің айрықша көңілін аударуға тиіс. Өйткені «Ер Тарғын»
либреттосындағы қолданылатын монолог, диалогтарда кездесетін сөз, сөйлемдердің
мәні мен сөз тіркестеріне ой жүгіртсек, әр қатысушылардың әлеумет өміріндегі
орны, жасы, мінезі, іс-әркеттеріне лайықталынып алғандығын көреміз. Қаһармандардың
қимылына сәйкес сөз беріп, сөзіне сәйкес қимыл жасату өте шеберлікті талап
етеді.

Ел
болар ел деп келдім Қырымыңды,

Егессең,
көк желеңді шайнап алдым.

Алыссаң,
арыстанмын жалындаған,

Қаққанша
кірпігіңді байлап алдым.

    Бұл үзіндідегі образдардың көркемдік
қасиетін, оқушыларының ой-сезімдеріне қалай әсер ететіндік жағын сөз етпегенде,
өз мағынасында қолданылған әр сөздің қаһарманын мінездерлік дәрежеге көтерілуі
автордың драмалық жанрға қабілеті мол жазушы екендігін толық дәлелдейді.

            Халқы үшін еңбек еткен талантты
жазушы С.Камаловтың зерттеушілері жыл санап өсе беретіндігіне сенім мол.

 

1960ж.