ВЕРНУТЬСЯ

    Стефан Цвейг

 

   Қазір жоқ қой ол мұнда,тым қашықта бұл жерден, 

   өйткені ол өз жолын жоғалтып та үлгерген, 

   Көк-құдырет тек оған ғұламалық тіл берген.

 

    Гельдерлиннің қырық жылға жуық өмірі ақыл-есі ауысқан
санасыздық тұманының ішінде сенделумен болды; қара жердің бетінде оның тек
қартаң тартқан көлеңкесі - Скарданелли ғана жүрді; оның шарасыз қолдары өлең
жазған қағаздарының бетіне осылай деп қол қоятын. 

Бөтен адамдардың ортасында, жандүниесі сырқат адамдар үйінде
Скарданеллидің өмірі жүз жылдықтардың тереңіне дейін созылып жатты. Уақыт оның
сыртқы құр сүлдерінің үстімен заулап өтіп жатты, күндердің күні болғанда оның
бір кездері ақсары бұйра шашының арасынан уақыттың ақшыл ізі де көріне бастады.

 Ал алыста құлап-тұрып
жаңа дәуір келіп жатты: Наполеон Германияға шабуыл жасап, қатты қарсылықққа тап
болып кері қайтты, Ресей болса, оларды Эльба мен Қасиетті Еленаға дейін қуып
тастады да, Наполеон енді Қасиетті Еленада, тасқа байланған Прометей сияқтанып,
тағы да он жыл өмір сүріп барып, қайтыс болды, өзі кетті, көп ұзамай аты аңызға
айналды. Бірақ Тюбингеннен шығып, бір кездері «Арколь батырын» жырлаған Скарданеллидің
бұл жағдайлардың ешқайсысынан да хабары жоқ еді. Оның жастық шағының
әміршісіндей болған Шиллерді де бір күні түнде веймарлық шеберлер қабірге
түсіріп жатты, содан кейін жылдар жылжи-жылжи, оның күлін жылдар тілімдеп
жатқан еді, енді бірде қабір қайта аршылып, Гете табыттан оның бас сүйегін
алып, айналдыра қарап тұрды, ал Скарданелли болса, бұл кезде «өлім» деген
сөздің мағынасын түсінуден қалған еді.

Ал сексен үш жастағы веймарлық ғұлама Гетенің өзі о дүниеге Бетховеннің,
Клейстің, Новалистің, Шуберттің соңын ала кетті; тіпті Скарданеллиге студент
кезінде жиі келіп тұратын Вайблингер де жерленді, ал бұл болса «жыланбауырлап»
әлі сүйретіліп жүріп жатты. Жаңа ұрпақ өсіп келе жатты, Гельдерлиннің белгісіз
ұлдары - Гиперион мен Эмпедокл танмыла болып, неміс жерінде саяхаттап жүрді,
бірақ бұлар туралы оның рухының 
Тюбингендік қабығына-құр сүлдеріне бір ауыз сөз жетпейді. Өйткені бұл
кезде ол мәңгілікке бой ұрған, ырғақ пен әуеннің ішіне еніп кеткен уақыттан тыс
жүрген адам еді.

Ара-тұра оған бір адам келіп тұрды, мүлдем бөтен адам, ол
ұмытылған, бірақ есімі аңызға айналған мынау ақынға бір түрлі қызықтай қараушы
еді. Қаланың ескі мұнарасына сүйей салынған осы кішкене үйдің жоғарғы жағындағы
төңірек түгел көрінетін тор терезесі бар тап-тар бөлме-сымақ Скарданеллидің
тұрағы еді. Мейірімді шебер келген адамды жоғарыдағы аласа есікке дейін алып келеді,
ол есіктің арғы жағынан әлдекмінің сөйлеген дауысы естілп тұрады, бірақ бұл бөлмеде
әлденелерді әдемі стильмен үздіксіз айта беретін ауру адамнан басқа ешкім де
жоқ. Оның көмейінен формасы да жоқ, мағынасы да жоқ сөздер төгіледі де жатады,
кейде ол рояльға отыра қалып, сағаттар бойына әлдебір муызканы ойнаған болады,
бірақ ол дыбыстардың арасын да байланыстыра алмайды, дегенмен мағыналы естілген
дыбысты айыра алады; осылайша аккордтардың өлі қатарлары сап түзеп, фанаттық
табандылықпен қысқа да іш пыстырар әуен қайталана береді, қайталана береді.

Дегенмен де ол бірте-бірте дыбыстар мен ырғақтың стихиясына
кірігіп, өзінше бір әлемге еніп кетеді: қамыстың қуысын аралай соққан желдің
үні арфадан шыққан әуендей болып естілетіні сияқты, әбден ширыққан мидың
арасынан стихияның мәңгілік дыбысы естіліп қалады.

Оны ұзақ уақыт бойы үнсіз тыңдап тұрған есік сыртындағы адам
ақыры есік қағады; арғы жақтан үрей билеп, шошына шыққан «кіріңіз» деген дауыс
естіледі. Гомфманның әңгімесіндегі кеңсеші сияқтанған арықша келген адам тар
бөлменің ортасында тұр; арық тұлғасы уақыттың салмағымен иіліп кетпепті;
ағарған, сиреген шаштары әдемі маңдайына төгіліп тұр.

Бір кездері жап-жас болған оның мейірбанды кескінін елу
жылдық азап пен жалғыздық соншалықты бұзып тастай алмапты;  Уақыттың ұстарасымен қайралған өткір сызық
қабағының нәзік құламасынан бастап, өңіне қаталдық беріп тұрған ерініне дейін,
дөңгелек иегіне жеткізе тап-таза силуэт сызып шыққан. Анда-санда нерв ұштары
тартып қалып, азапты өңін бойлай діріл жүгіріп өтеді, сол кезде саусақтарының
ұштарына дейін күллі денесін тоқ соққандай күйге келтіреді, сондай күйде тұрса
да бір кездері арманға толып тұратын жанарының селт етпейтіндігі адамның
зәресін ұшырғандай екен: мылқау әрі көріп тұрса да, соқыр адамдай жан-жағын
көрмейтін қарашықтары қабағының астында жайбарақат тыныстап жатыр.

 Дегенмен де ой мен
өмір осынау адасып жүрген елес ішінде, әр жерден қылаң береді: байғұс Скарданелли
жалпаң-жалпаң етіп, кез келген адамның алдында иіле беретіндіктен, белі аздап
бүгіде бастапты. Иіліп тұрады да «Ұлы мәртебелім!», «Мәртебелі мырза!»
деген  сөздерді қайталап айта береді,
қайталай жүріп, келіп тұрған адамға орындық ұсынады. Бірақ әңгіме жүйесін
таппайды: мазасы кетіп, есі шығып, ойларының ұшығын ұстай алмай, не ілгері
дамыта алмай берекесі кетеді; сөйлемдерін бір-біріне байланыстыра айтуға
тырысқан сайын ол сөздерді бір-бірімен бытыстырып, тіпті неміс тілінде жоқ небір
түсініксіз фантастикалық дыбыстардың тіркестерін айта бастады. Ол қиындау болса
да кейбір сұрақтарды әлі де түсіне алады, Шиллердің есімі аталған кезде немесе
бұрынғылардың атын атағанда оның күңгірт миына сәл сәуле жүгіріп өтеді.

Бірақ егер де әлдеқалай біреу «Гельдерлин» деп оны өзінің
атымен атаса, бітті, Скарданелли ызаға булығып, жарылып кете жаздайды. Әңгіме
ұзаққа созылса да бұл мазасызданып, ашулана бастайды: бір нәрсеге назарын
аударып, ойын жинақтау оның шаршаған миына өте ауыр тиеді; келген адам қоштасып
кетуге ыңғайланғанда бұл да орнынан атып тұрып, иіліп-бүгіліп қайта-қайта
тағзым етеді.

Бір таңғаларлығы: ақыл-есінен адасқан бұл адамды көшеге
жаңғыз жіберуге де болмайтын (өйткені Германияның білімді қоғамының
мақтаныштары болып саналатын студент мырзалар бұл бейшараны мазақ қылып, есінен
тандыра ызаландырады), оның бұзылған рухының күлінің арасынан ең соңғы күнге
дейін бір ұшқын жанып тұрды: бұл поэзия еді. Рухани күні батқаннан кейін де
оның бойында тек сол ғана өмір сүріп жатты, мұның өзі айтарлықтай әсерлі еді.
Бала кезінде Гельдерлин қалай өлең шығарса, Скарданелли де дәл солай шығаратын.
Ол сағаттар бойы отырып қағаздың бетін толтырып өлең жазады, фантастикалық
проза - Мёрикені жазады, егер де келген адам Скарданеллиден естелік ретінде бір
бет қағаз қолжазбасын сұраса, ол отыра қалып жыл мезгілдері туралы немесе
Греция туралы немесе «кез келген бір тақырыпқа» өлең жаза бастайды, мысалы:  

 

Туылам деп өрт боп жанған күндейін,

Биіктерден көрінем.

 

Өлеңнің соңына адам түсініп болмайтын бір фантастикалық күн
мен айды көрсетеді де (шынайы нәрселерге келгенде, ол ақыл-есінен адасады да
қалады), «зор құрметпен Скарданелли» деп жазады.

Сөніп қалған сана жазған бұл жолдар, Скарданеллидің өлеңдері
сұрқай күндердің, күрең қызыл ымырттың өлеңдеріне, «түнгі әндердің» шулы одаларына
мүлдем ұқсамайды: бұларда ең ілкі формаға құпия жолдармен оралудың белгілері
жатыр. Бұл өлеңдердің ешқайсысында да ол ессіздікке ұрынардың алдында жазған
гимндерінің еркін ырғағын қолданбайды, олардың бәрі де ұйқасқа құрылған (тек
ассонанстың қағидаларына сәйкес келетін тұстары бар) және дұрыс шумақтармен
жазылған, бәрі де қысқа ғана тыныспен оқылады, ал бұрынғы өлең жолдары ұзын әрі
дауылды екпінге құрылатын.

Енді өзінің беріктігінен айрылған оның рухы еркін оданың ұзына
бойында тайып кетіп, ырғақтың тентек ағымына құлап кететіндей қорқасоқтап,
балдаққа сүйенгендей ұйқасқа сүйеніп, абайлап қана жүріп келе жатқандай әсер
береді. Бұл өлеңдердің ешқайсысын да ақылға сыйымды деп те, анық-қанық деп
те  айтуға келмейді, сонымен бірге
олардың ешқайсысын да мәнсіз-мағынасыз деп тағы айта алмайсың; бірақ бұл енді
поэтикалық емес, тек дыбыстық қана форма, белгісіз бір мәнді лирикалық тұрғыдан
қайталап тұр, бірақ ақын оны логикалық жағынан тап басып жеткізе алмай қалған.
Дегенмен де ақылынан адасқан адамның - Скраданеллидің бұл өлеңдері әлі де
өлеңдік қасиетке ие, ал жандүние ауруына шалдыққан басқа ақындардың өлеңдері,
мысалы Ленаудың Виненталь ауруханасында жатқанда жазған өлеңдері ұйқастардың
қаңғырлаған үйіндісі ғана. Ал Скарданеллидің өлеңдерінде қалың бұлттардың
арасынан болса да салыстырулар көрініп қалады, жандүниенің аһ ұрған өкінішінің
дауысы естіледі, мысалы:

 

Жер бетінің рахатын көргенмін,

Жастық сөнді, мен де сонда сөнгенмін.

Сәуір де өтті, мамырдың да күні өтті,

Немін енді, өлгім келед, өлгенмін.

 

Бұл жолдар есі ауысқан адамның өлгендеріне емес,
бала-ақынның, «қартайғанда бір бала» дегендей, балалыққа ауысқан үлкен ақынның
өлеңі дегенге келеді; мұндай аңқаулық бар, балалық ұғымның еркіндігі бар, мұнда
байланыссыз жатқа немесе лағып кеткен, ерсі үлкейтілген ұғым да, сурет те жоқ.
Букварьда бір суреттен кейін бір суреттің келіп отыратындығы сияқты, мұнда да
әзлі өлеңнің қарапайымдылығындай қарапайымдылықпен асқақ жолдар ұйқаса
төгілген.  

            Ойлылықтың
нышаны да жоқ, сезімнің лебімен, табан асты шығарылған музыкадай суреттер
бірінен соң бірі тізбектеле береді, бала үшін әлемде тек бояулар мен дыбыстар
ғана бар ғой, мынау сол баланың асыр салған ойыны сынды, форманың әдемі
байланысы ғана бар. Тілі сынған сағаттың механизмі уақытты көрсете алмаса да,
мағынасзы тықылдай береді ғой, сол сияқты Скарданелли - Гельдерлин де өзінің
сөніп қалған әлемінің құр кеңістігін сомдай береді: дем жұту деген сөз ол үшін
жазу деген сөз сияқты. Ол ақыл-есінен жаңылды, бірақ ырғақтан жаңылған жоқ,
поэзиясының ғұмыры оның өзінің өмірінен ұзақ болды. Осылайша оның ең ұлы арманы
- ақындығын сақтап, күллі болмысымен поэзияның ішінде еріп, оған еніп кету ғана
болған арманы орындалды, бірақ бұл трагедиямен орындалған арман болды. Оның
болмысындағы  адам тым ерте өлді, ал
болмысындағы ақын ұзағырақ өмір сүрді, әуенінен гөрі ақыл-есі ертерек өлді; нағыз
ақынның нағыз өлімі туралы кезінде өзі ғұламалықпен айтқан тілегі тағдырының
өлімі мен өмірі арқылы жүзеге асты: «Ақындықтың отына өртеніп бара жатқан ол,
сол отты сөндіре алмаған біз үшін жаза тартады» деген еді. Гельдерлиннің отын
да ешкім сөндіре алмады.   

 

 

                                                        
***

 

Мен тек таңғы әрі алаңсыз,

әрі өтпелі бейне ғана болдым

 

            Тарих -
құдайлардың ішіндегі ең қаталы. Ештеңеден сескенбейтін және ешкімнің ырқына да
көнбейтін жанарымен ол уақыттың түпсіз тереңдіктеріне сәуле түсіріп тұр және
темірдей қолымен, сәл жымиюды да білмейтін қалпымен ол оқиғаларға форма беріп
тұр. Оның міндеті - болған оқиғаларды ресімдеу, бұл қатыгез жұмысында
тағдырларды трагедиясымен қоюландырып, ал олардың қуаныштарының кішкентай
аналогияларын сомдау, халықтар мен уақытты бір-бірімен айтулы кездейсоқтықтар
арқылы қабыстыру. Оның әмірімен еш нәрсе де өз тағдырында жаңғыз қалмайды, ол
барлығының да өзіндік параллелін табады. Ол Гельдерлиннің өлгеннен кейінгі
тағдырынан да дәл сондай ұқсас нәрсе тапқан.

            1843 жылы
7-маусымда сөнген жұлдыздай болған ғұламаның баланың денесіндей жеп-жеңіл
денесін бөлмесінен шығарып, қара жердің қойнына берді. Скарданелли өлді, ал
Гельдерлин поэзиядағы және даңқтағы өз орынын әлі алған жоқ. Оның нағыз болмысы
ұмытылды, әдебиет тарихының курстары оны екінші қатардағы ақын ретінде ғана
атап, Шиллердің сапарласы ретінде ғана көреді, оның том-том қағаздарының талай
бөлігінің қайда қалғаны да белгісіз, азғантай бөлігі ғана Штутгарт
кітапханасына жіберілді, мұнда әрбір бума қағаз нөмірленіп, «қолжазба» деген
шифрмен белгіленеді.

 Ендігі кезекте бұл
қағаздардың өзі де ұмытылған дүниелер ретінде тозып, уақыт желіне мүжіліп жата
бермек, өйткені әдебиеттің кәсіби тарихшылары, ғұламалардың жалқау қарауылдары
бұл қағаздарды әрбір елу жылда бір рет қана парақтап көретін болады. Олардың
бәрі бір-бірімен әлдеқандай бір ортақ, үнсіз келісімге келгендей мұның
еңбектерін ақыл-есінен айрылған адам ретіндегі графоманның жазғаны деп,
сондықтан есі дұрыс адамның оқуына жарамсыз деп санайды, сол себептен де ширек
ғасыр ішінде бір де бір адам оның бума-бума қағаздарын саусақтарын шаңға малып,
қопарыстырып көрмеді.

            Ол қайтыс
болардың алдында ғана бірнеше ай бұрын 1842 жылдың аяғында Парижде көшеде келе
жатып бір етжеңді мырза есінен танып құлап түсті де, сол бойы есін жинай
алмастан о дүниеге жүріп кеткен еді; ары-бері өтіп жатқан адамдар және арнайы
көмекке келгендер бұл адамның кезінде министрлік кеңесшісі болған және бұрынғы
консул Анри Бейль екендігін таниды. Газеттерге шыққан бір-екі қазанамада monsieur
Бейльдің Стендаль деген бүркеншік атпен бірнеше ұшқыр ойлы жолжазбалар мен
романдар жазғандығы жөнінде хабарланды.

Оның қазасы туралы басқа ешкім ешнәрсе жазбайды да, есіне де
алмайды. Оның шеті жоқ қолжазбалары (былайғы жұртқа кедергі жасамас үшін)
Гренобль кітапханасына жіберіледі, содан жарты ғасыр бойы шаңға көміліп жата
берді; сол сияқты Штутгарт кітапханасында да Гельдерлиннің қолжазбалары оқуға
жарамсыз, жазушылыққа құр қызыққан адамның ермегі ретіндегі қызықсыз, құнсыз
дүниелердей қозғаусыз қалды, елу жыл бойы оның еңбектерін ашып, түсініп көруге
талпынған да жоқ. Француздың ұлы прозашысы Стендальдың және неміс халқының ұлы
лиригі Гельдерлиннің туындыларының тұсынан бірінің артынан бірі екі ұрпақ үнсіз
өте шықты. Тарих өзінің осындай ирониясымен кейбір оқиғаларды салыстыра
көрсетуді ұнатады.

            Бірақ
Стендаль кезінде ерекше көрегендікпен «Менің даңқым 1900 жылдар шамасында ғана
шыға бастайды» деп жазып кеткен еді, дәл осы кезеңде ғұлама Гельдерлин де неміс
әлемінің аспанына жұлдыз болып жарқырай көтерілді. Дегенмен бәрі бірдей емес,
тек кейбір көреген адамдар ғана бұл екеуінің мән-маңызын түсіне алды; солардың
ішінде  соңғы жүзжылдықтың айқын да өткір
ойшылы Фридрих Ницще ғана бұлардың екеуінің де өзінің рухани бабасы екендігін
тап басып таныды.

Гимндерінің үнімен өз табиғатының тар шеңберінен шығып кете
алған ақынның туындыларынан ол еркіндіктің ғаламатын таныды, еркіндіктің басқа
әлемін көре алған, өзін өзі танудың тереңдігіне жете алған Гельдерлинді көрді;
Гельдерллин мен Стендальдың біреуі қиялдың 
ғұламасы болса, екіншісі сергек оймен жазатындардың құдыреттісі еді және
екеуінде де өнерге деген өрттей құштарлық лаулап тұрды, екеуі де өз дәуіріне жат
және ұғынықсыз болып өтті, өйткені екеуі де тек өрт пен мұз құрсанып жазатын
және солай өмір сүрді, бірқалыпты, кәдімгі, бәріне таныс, танымал жылылық
оларда жоқ еді.

Ницще олардың екеуінің бойында да көріпкелдіктің
болғандығын, болмыстарының екі полюсі болғандығын байқады, бірақ бұл жөнінде
өздері білместен кеткен: «Анри Брюлар» - Стендальдың психологиялық мұрасы - ол
кезде Гельдерлиннің гимндері сияқты шаңға көміліп жатқан елі; олардың
шығармашылық ядросы ұмытылғандық пен бейқамдықтың қараңғы қапасынан шыққанға
дейін тағы да бір ұрпақ өмірге келіп, қартайып, өліп үлгірді.

            Бірақ
Гельдерлиннің қазіргі заманға қайтып оралуы шын мәнісінде де ұлы оқиға болды.
Ол уақыттың сусымалы құмының астында ғасырлап жатып қалған жас грек жігітінің
көркем статуясындай болып, сол табиғи қалпында, міні бұзылмай, мәңгі жас
қалпында түрегелді. Кейбір ақындарды замана екі жақты қабылдайды, әр дәуір өз
деңгейімен, өз талғамымен қабылдайды: Гете - дауылды ұрпақ, терең ойлы адам,
көріпкел қария, Шиллер - жалындап басталған, ойлылықпен аяқталған ғұмыр. Ал
Гельдерлин біздің рухымызға жастық шақтың жанарымен қарап тұрады (кәріліктің
көзімен қарап тұратын Кант сияқты): оны ұрлап кеткен ғажайып бұл оны сол таза
күйінде сақтап қалды. Ол біздің қиялымызда шабыт құшағында, ақ таңның жарқыраған
ғұламасындай, таңғы шыққа шомылған шұғыланың ақынындай көрініс береді; ол
заңғар биіктен шығып, жоғарыдан түсіп келе жатқандай әсер береді, оның өлеңдері
қан қызыл болып тұрған жоқ, жазды күнннің ыстығының да демі келіп тұрған жоқ, оның
өлеңдері қара жердің бетінде болмайтын керемет отқа қаныққан.

Тіпті демонның сұмдық қуаты оның күллі болмысына еніп, ішкі дүниесін
әлем-тапырық еткенде де оның туындылары жақұттай тазалығымен жарқырап тұрып қалған:
түтін шығармай жанған, еркін самғаған экстатикалық сөздері оның көмейінен
құйылып жатты. Енді, міне, ол неміс идеализмінің ержүрек символы, бұлт үстінде
рухтық-қиялмен қалықтаудың символы тәрізденіп, сәуле шашқан тазалығымен кейінгі
ұрпаққа қарай келе жатыр, бұл Шиллерде театральды, Фихтеде теориялық, романтиктерде
католиктік-мистикалық сипатта көрініс тапқан болатын, ал қарапайым бұқараның
ортасында ол теп-тегіс саяси оптимизмнің кескінінде.

            Гельдерлинде
жүректің бұлайша бүр жаруы ерекше қуатқа ие болды:

 

                                                           Таза
жүрек шарықтап жүрген жерде,

                                                           Рух
та көз жауын ап қалықтайды,

 

Оның тағдырының өзі ерлік рухындағы аңызға айналып, артында
қалған сөздері даңққа бөлеуде. Шексіз ұмтылысты шексіз көкке көтеріп, кез
келген жастық шақтың шешек атып тұратын энтузиазмынан ол әрбір жаңа ұрпақтың
алдында мәңгі жас, мәрмәрдей аппақ қалпымен асқақтай көрінеді. Егер де Гетені -
толымдылық пен қуаттың құдайы Зевс Отриколийский десек, Гельдерлин - таң мен
әннің құдайы жас Аполлон. Үнсіз бейнесінен нәзік жанды кейіпкер туралы қасиетті
де тап-таза аңыз болып, қанаттанған жас серафим сияқтанып, біздің ап-ауыр,
мазасыз әлеміміздің үстінен оның әнінің күміс сәулесі нұр шашып тұрады.