ВЕРНУТЬСЯ

    Бір мың тоғыз жүз сексен екінші жылы ноябрь айының орта тұсында ІІІымкент облысын аралағаным бар. Сол сапарда Жетісайда Оразқожамен кездестім.
  Оразқожа — орта бойлы талдырмаш келген ақ өңді жігіт. Сөзі де, өзі де сондай сыпайы. Ол менің көңілімді өнерімен аударды: домбыра тартады, ән салады. Қоңыр даусымен бипаздап отырып соқталы жырларды айтады. Жәй қара сөзіңе де сондай шебер.
  Оразқожа бір отырыста мынадай бір қызық ой тастады:
— Үй толы жан болса, солардың әрқайсысының сол үйде отырар өз орны бар. Біреу төрдің қақ басында, біреу одан кейін... енді біреу есік көзінде дегендей. Бір кереметі сөздің де сөйлем ішінде алатын өз орыны болады. Сол ерекшелікті ескермеген жыршы мен жырау, ақындарыңыздың қайсысы болмасын табысқа жете алмақ емес. Мәселен, осы төңіректе аты шыққан Жұманазарұлы Молда-Мұса жырау былай депті:
...Қалы кілем...
Мұса жолдас болыпты Әліменен...—
Жыраудың осы айтқанын шала ұққан біреу:
...Қалы кілем...
Әлі жолдас болыпты Мұсаменен... деген ғой. Мұса жырындағы бұл жолдарды жақсы білетіндер:
— Әй олай емес еді ғой, қате айтып отырсың демей ме.
Сонда әлгі байғұс таласа кетіпті:
— Қалы кілемі, Әлісі, Мұсасы... бәрі де бар. Қай жерін өзгерттім? Қай сөзіне қияиат жасадым? Өзіңнің былжыратып отырғаның не?
  Сөз орынын тапса, төңірегіне нұрын шашып тұрады. Ал орынын таппаса, төңірегіндегі жарқырап тұрғандардың өзіне де көлеңкесін түсіріп көмескілендіріп жіберерін бекер дей алмайсың ғой. Шамаң келсе, өз орныңды тауып төңірегіңе нұрыңды шашып жүргеннен артық не бақыт бар өмірде?!