ВЕРНУТЬСЯ

 
   Стефан Цвейг

 

Шынымды айтсам, мені оқысын деп 

талап қоя алатындай мен өзімнің жеткілікті

деңгейде талантымның барына сенбеймін.

Тек кейде жазу мені сондай рахат сезіміне бөлейді.

Бар болғаны сол ғана.

 

Бальзакқа Стендальдан

 

    Өзін өзі қызғана қорғаушылығы жағынан әдебиет тарихында
бұрын-соңды кездеспеген тұлға ретіндегі Стендаль адамға да, кәсібіне де,
қызметіне де бір жола берілмейді. Егер де ол кітаптар шығарып, романдар мен
новеллалар, психологиялық очерктер жазған болса, сол кітаптардың өзінде де ол
тек өзін өзі кескіндейді немесе, керек десеңіз, кітапты ол өзі үшін жазады және
оның мұндай құштарлығы өзінің өзіне деген махаббатының ықпалынан туындайды. 

Стендальдың өз өмірінің ең ұлы ісіндей етіп мақтанаты - «ол
ешқашан да өз жандүниесінің қалауынан басқа нәрсе жасап көрмепті», осы жұмысы
өзін қанаттандырып тұрған кезде ол суреткер болып қала береді, өнер оның түпкі
мақсатына, яғни, оның дилетанттығына, үнемі жақсы көңіл күйде жүруіне, өзіне
өзі қанағаттанып жүруіне қызмет етіп тұрған кезде, ол да өнерге сонша уақыт
қызмет ете беретін болады. Тіпті еріксізден еріксіз оны «дилетант» деп атағың
келіп кетеді, рухтың ақсүйектігінің шынайы да құрметті белгісі ретінде қызмет
еткен бұл сөздің түпкі мағынасын қазіргі профессионалдардың кеудемсоқтығы ауыстырып
жібермегенде, солай деп атауға да болар еді, өйткені ол өнерді іш пыстырар
кәсіп пен еңбекақы үшін емес, өз жандүниесінің рахаты мен қуанышы үшін өзінің
өмірлік сапараласы ретінде таңдады ғой.

Стендаль жазушы ретінде ғана осындай әлемдік мәнге ие болды
дейтіндер де, ол өз өнерін өзі шынайы өнер деп бағалады дейтіндер де қатты қателеседі;
өзін жазушылық цехқа таңып, кәсіби әдебиетші ретінде бағалағандарды көргенде
Стендаль қалай тас-талқан болып ашуланар еді. Мұрагерлік хатты ресімдеуші ғана
Стендальдың соңғы өтінішін саналы түрде өзгерте отырып, оның құлпы тасына "Scrisse,
visse, amó" деп бұл әдеби асыра бағалаушылықты ойып тұрып жазды, ал мұрагерлік
хатта бұл жазу "Visse, scrisse, amó" деген ретпен жазылған еді, өйткені өз
ұстанымына берік әрі жазушылыққа өз өмірін арнаған Стендаль құлпытаста бұл
сөздердің дәл осы ретпен берілгенін дұрыс көрген болатын; себебі жазудан ләззат
алу ол үшін шығармашылықтан гөрі маңыздырақ болып еді, оған өмірдің жұмысынан
гөрі өмірдің өзі құндырақ болды, ал бүкіл жазушылығы оның өзіндік дамуының
қызықты бір қосымша қызметіндей, жалығып кетпес үшін бойын да, ойын да сергітіп
отыратын құрал сияқты көрінді. Ал мұны шынайы болған оқиғалармен де келіскісі
келмейтіндер біле де бермес: өмірге соншама құштар осы адам үшін әдебиет өзінің
жеке тұлғасын танытудың тек бір кездейсоқ қана, жанама түрі болды.

Рас, Парижге жаңа ғана келген жас шағында ол өзіне тән
шексіз аңғалдықпен жазушы болғысы келген еді, тіпті атақты жазушы болғысы
келді, бірақ он жеті жасында кімнің атақты болғысы келмейді? Ол бұл кезде екі
философиялық трактат жазып үлгірді, өлеңмен комедия да жаза бастаған еді, бірақ
ол аяқталмай қалды, дегенмен, ол мұның бәрін аса бір даңққұмарлықпен,
соншалықты құштарлықпен жасаған жоқ; ол бұған дейін он төрт жасында әдебиетті
мүлдем ұмытып кеткен де кезі болды, атқа мініп, уақытын ердің үстінде немесе
кеңсе үстелінің басында өткізді, көшеде қыдырып, сүйкімді қыз-келіншектерге
қырындап, әдебиеттен гөрі, живопись пен музыкаға көбірек көңіл бөліп жүрген
еді.

 1814-ші жылы ақшадан
тарыққан соң, аттарын сатуға тура келетін жағдайға жеткен кезде, басқа біреудің
есімімен «Гайднның өмірі» атты кітап жазады, турасын айтқанда, ол Карпани деген
италияндық автордың кітабынан ұрлап жазады, кейін мұны өзінен ұрлап жазған
Бомбе деген бір мырзаның ит сілікпесін шығарады. Біраз уақыт өткен соң ол
Италияның живопись өнерінің тарихын тағы бір автордың кітабынан ұрлап алып
жазып шығады, рас, арасына бірнеше анекдоттар кіргізеді, бұлайша жазуымен
айналысу арқылы ол бір жағынан күн көріске ақша табады, екінші жағынан қаламмен
жұмыс істеу оған ерекше ләззат сыйлайды, үшінші жағынан, оның әр кітабын әр
түрлі бүркеншік атпен жазуы - жұртты 
ақымақ қылуға жақсы, ол, мысалы, бүгін өнер тарихы туралы  немесе саяси экономия туралы кітап жазса,
(«Өндірісшілерге қарсы бүлік»), ертесіне әдеби-сын этюд («Расин және Шекспир»)
немесе психологиялық этюд жазады («Махаббат туралы»).

Осындай кездейсоқ ұмтылыстары оны жазу деген соншалықты қиын
емес екен ғой деген ойға жетелейді. Егер миыйың бар болса, ой тіл ұшынан өзінен
өзі сырғанап түсіп жатады, қысқасы, жазу мен әңгіме айтудың арасындағы ара
қашықтық соншалықты алшақ емес, ал әңгіме айту мен айтып жаздырудың арасы одан
да жақын деген ұғым Стендальда басым болды (Стендаль шығарманың формасына аса
мән бермеген адам, ол өзінің кітаптарын қарындашпен тез-тез жазады немесе алдын
ала дайындықсыз-ақ айтып жаздырады (диктовка)); осылайша, ол үшін әдебиет ең
мықтағанда жанға жайлы және өзіндік ерекшелігі бар ермек қана болды. Оның өз
шығармаларының астына Анри Бейль деген өзінің шын атын ешқашан жазбағанынан-ақ
өзін әлемнің жазушы ретінде тануын қаламағандығын көрсетеді.

Бұрынғы кавалер офицері Стендаль кітап жазуды өзінің
беделіне нұқсан келетіндей іс деп танымаса да, оны джентельмен үшін
мақтанарлықтай және оған өзінің барлық құштарлық сезімін арнайтындай іс деп те
бағаламайды. Шынында да оның ақшасы мен қызметі бар кезінде аудитор Анри Бейль
мырза Стендаль жазушы туралы көп мазалана қоймайтын және жазушы Стендальды өз
өмірінің алыс бір түкпіріне тығып ұстады.

Тек қырық жасқа келгенде ғана ол жазу үстеліне жиі отыратын
болды. Неліктен? Бәлкім, ол шындықты сүйіп, оны шабыты да жиі мазалай басты да
ма екен, өнерге шын беріле бастады ма екен?    Жоқ, мүлдем олай емес. Себеп мынау: ол семіре
бастады, аттың еріне отырғаннан гөрі жазу үстеліне отыру ыңғайлырақ болды және,
өкінішке орай, әйел мәселесінде жолы болмады, оның үстіне ақшасы да аз болды,
есесіне босқа өтіп жатқан уақыты көп еді; қысқасы, іш пыстырарлық тірліктен
құтылу үшін суррогат керек болды. Оның қалың да төгіліп тұратын шашының орынын
парик қалай басса, роман жазу оның күнделікті тіршілігінің орынын алмастырды;
шынайы өмірінде болмаған оқиғаларды ол өзінің қиялында болдырып, ақыр аяғында,
жазушылықты ол кәдімгідей маңызды іс деп танып, өзін өзі салондардағы
мылжыңдарға қарағанда жұғымды да ұшқыр ойлы пікірлесі ретінде тауып алды.

Шынында да, егер де париждік әдебиетшілер сияқты бұған
әлдеқандай бір мән беріп, терлеп-тепшіп, даңққұмарлыққа салынбаса, роман жазу
ісі - тек жанға жағымды ғана емес, сонымен қатар, пайдалы да таза, қайырымды,
эготистке лайық, өзіндік нәзіктігі де бар, ойды ойнатуды аса көп талап
етпейтін, адамды қанаттандыратын іс екен.Оның үсіне соншалықты қиын да шаруа
емес; үш айдың ішінде ешқандай жазып-сызып әуреге түспестен, писарьға бірден айтып
тұрасың, сосын арзандау алатын көшірушіге көшіртесің, сөйтіп көп уақытыңды да
кетірмей, көп бейнеттенбей де кітабыңды бітіресің. 

Сонымен қатар, арасында өзіңнің жауларыңды ақымақ қылып,
әлемнің топастығын мазақ етуіңе де болады, яғни, өз жандүниеңнің ең бір
бұрын-соңды өзің біліп болмаған құбылыстарын байқап, жазып, оның авторы өзің
екендігін білдіртпес үшін және кез келген топастың мазағына қалмас үшін оған
автор ретінде белгісіз бір жас жігіттің есімін қоя саласың, бірақ бұл
қылыңтарың үшін жасамыс тартқан шағыңда өзіңнен өзің ұялып жүрмес үшін батыл
болуың керек. Міне, осылайша, шығармашылық Стендаль үшін рахатқа бөлену сәтіне
айналды, терең ойлы ләззат іздеушінің  ең
бір құпия шаттығы болды. Бірақ оған ешқашан да өзінің үлкен өнер тудырып,
әдебиет тарихын жасап жатқандығы туралы ой келген емес.

Ол Бальзакқа «Мен өзіме ұнайтын жағдайлар туралы ғана
баяндап шықтым және ешқашан да романды қалай жазу керектігі жөнінде ойланған да
емеспін» деп шынын айтыпты, ол шығарманың формасы туралы да, сын туралы да,
оқырман туралы да, газет туралы да, мәңгілік туралы да ойлаған емес: ол жазып
отырып таза эготист ретінде тек өзі туралы ғана және өзінің жан рахаты туралы
ғана ойлаған.  Бірақ ақыр соңында, әрине
тым кеш, өте кеш, яғни, елуге келіп қалған шағында ошл таңғажайып жаңалық
ашады: кітап жазу арқылы көп болмаса да табыс табуға болады екен ғой, сол
табыстың өзі біреуге тәуелділіктен құтқарады екен, біруедің алдында
иіліп-бүгілмей-ақ, қызмет етпей-ақ, адамдармен бытысып-шатысып араласпай-ақ,
қайдағы бір бюрократ-бастыққа есеп беріп жатпай-ақ өмір сүруге болады екен.  Бұл жаңалығы Анри Бейльге шабыт беріп, өйткені
оның арманы оңашалық және тәуелсіздік еді.

Рас, кітап айтарлықтай табыс әкеле қоймайды, оқырманның
қарыны мынадай құп-құрғақ, сентиментальдықтың майымен тұздықталмаған асқа
үйренбеген, өзің сомдап шыққан кейіпкерлермен қоса алыстағы басқа оқырмандарыңды,
басқа ғасырда - 1890 немесе 1900 жылдары өмір сүретін жанкүйерлеріңді ойлап
отыруың қажет екен. Алайда, өз замандастарының бұған деген салқын көзқарасы
мұны тіпті де алаңдатпайды, ол өз ортасын ұнатқан жоқ; ал бұл кітаптар, шын
мәнісінде, өзіне өзі арнап жазған хаттар ғана, өзі үшін жаңғыз ғана сүйікті
тұлға болып табылатын Анри Бейльдің өмірді сезіну деңгейін көтеріп, рухы мен
ақыл-ойын, санасын сезімін дамыту үшін бастан кешкендері.

Өмірде осы бір сеп-семіз, ұялшақ адамға әйелдер көңіл
бөлмеген болса,  шығармашылықта ол
қиялдың қанатында самғап, Жюльен деген немесе Фабрицио деген сұңғақ бойлы,
көркем жігітке айналып, кіп-кішкентай Анридің шынайы өмірде сөйлесуге ешқашан
батылы жетпеген ерке-тотай қыз-келіншектермен еркін араласып жүреді. Шынайы
өмірде сыртқы істер министрлігіндегі есерлер мұның дипломатиялық қызметтегі өз
қабілетін танытуына мүмкіндік бермеген болса, мұнда ол шым-шытырық шатасып
кеткен жағдайлардың ортасында ақыл-ойын аса күрделі оқиғалардың ортасында
ойната отырып, өзінің айтыс-тартыс үстіндегі қабілетін, өзінің «макиавеллизмін»
де көрсетіп, жол-жөнекей сол топастарды сынға да алып, күлкіге де айналдыра
алады. Өзі ұнататын табиғат көріністеріне жылы-жылы сөйлемдер де арнап, естен
кетпес Милан күндерін тамсана суреттеуіне де болады. Стендальға бірте-бірте
шығармашылықтың ең ғажайып ләззаты да сезіле бастайды, яғни, ол басқалардан тым
жырақта  отырып, оңашада өзінің
жалғыздықтағы «менінің» әлеммен байланысын әрине, шынайы тіршіліктегі сатқын да
дарақы әлеммен емес, басқа әлеммен - өзінің рухани еркіндігіндегі, шабытты,
құштар, жалындап тұрған әрі ақылды, жарқыраған және азат әлеммен байланысын  қайта орнатады.

Әрине, Стендаль тек өзі үшін ғана жазады. Қартайып келе
жатқан эпикуршы өзіне жаңа бір, ең соңғы және аса нәзік ермек тапты, яғни,
жоғарыдағы өзінің мансардасында жанып тұрған қос шырақтың ортасында, ағаш
үстелдің басында отырып жазу немесе баяндап жазғызу ермегін тапты, өз
жандүниесімен өзі тілдесіп, өз ойымен өзі болып отыратын бұл үнсіз әңгіме оның
өмірінің соңында барлық қыз-келіншектерден де, ойын-сауықтардан да,
салондардағы пікірталстардан да, тіпті музыкадан да аса маңызды бола бастады.
Осылайша оңашалықтан алатын рахат сезімін және рахат сезіміндегі оңашалықты,
яғни, өзінің тұңғыш және нағыз идеалын елу жастағы Анри Бейль өнерден тапты.

Ал өмірінің соңғы күндеріндегі, өмір кешкілігіндегі
сезімдері, әрине, өзі үшін бәрінің де біткендігі туралы мұңды ойларға толы
болды. Өйткені Стендальдың шығармашылығы өз құқығын тым кеш иеленді, мұның өзі
көзінің тірісінде оның өмірін шығармашылығы тұрғысынан анықтауға мүмкіндік
бермеді; ол тек Стендальдың ақырындап өліп бара жатқандығы туралы хабарды
қаралы музыкамен жеткізіп тұрғандай. Стендаль қырық үш жасында өзінің алғашқы
романын жаза бастайды, ол «Қызыл мен қара» деп аталды (одан ертеректе жазылған
«Арманс» есепке алатындай емес),  елу
жасында екніші романын «Люсьен Левенді» бастайды, елу төрт жасында үшінші
романы «Парм тұрғынын» жазады. Осы үш романмен оның әдеби табысы аяқталады,
егер де бұл үш романды бір қозғаушы орталыққа келтіріп қарар болсақ, Анри Бейль
деген жас жігіттің жандүниесіндегі өзгерістер тарихын суреттейтін негізгі және
ең алғашқы романның үш нұсқасы болып шығар еді, ал қартайған Анри Бейль оны
өлтіріп алмауға тырысып, шаршамастан рух беріп отырады.  Бұл үш романның үшеуін де Анри Бейльдің  ізбасары әрі мұны сынға алушы Флобер ойлап
тапқан «Сезімді тәрбиелеу» деген атпен атауға да болар еді.

Өйткені бұл үш жас жігіттің үшеуі де кедей-шаруа  Жюльеннің жек көретін ұлы, ерке Фабрицио және
банкирдің ұлы Люсьен Левен өздерінің сұп-сұр да сұп-суық ғасырына өздерінің
асау да шексіз  идеализмдерімен келеді,
үшеуі де Наполеон сияқты болуды армандайды, ерліктер жасауды, ұлылықты және
еркіндікті армандайды; олардың үшеуі де о баста жастық сезімнің тасқынымен
жүріп шынайы өмірде болып жататын оқиғалардан гөрі биіктеу, жоғары тұратын,
ұшқыр, ғажайып жағдайларды аңсайды. Үшеуі де есепке құрылған сатқын тіршілікпен
соқтығысып қалғанда да өшпейтін    жастық
шақтың құпия құштарлықтары мен романтикасына толы пәк жүректерін қыз-келіншектерге
ала жүгіретін албырт. Және үшеуі де  осы
тайғақ әрі бір-бірімен жауласқан әлемде өз жүрегінің ұшқындарын жасырып ұстау
керектігін, қиялды ауыздықтап, өзінің шынайы болмысын өзгерту керектігін аяқ
астынан сезіп қалып, кенеттен шошып оянғандай болады; олардың тап-таза
армандары дәуірдің өзін өзі тұтасымен қомағайлыққа, ұсақтыққа  ғана бейімдеген плебейлік рухымен және
Стендальдың мәңгілік жаулары болып саналатын «басқалардың» қорқақ тоғышарлығына  ұшырасып қалып, тас-талқаны шығады. Олар
бірте-бірте өз қарсыластарының қармақтарынан шығып, олардың ұсақ
пайдакүнемдіктегі оралымдықтарын, ұсақ бақай-есепке құрылған тірліктерін, бірін
бірі күндеуге бейімдіктерін біледі; сөйтіп бұлар да өтірікшілдікті, сұп-суық
светтік қалыпты меңгеріп алады. Немесе, ең жаманы, олар айлакер, есеппен
жүретін және қартайып келе жатқан Стендальдың дәл өзі сияқты тәжірибелі
эгоистерге, жақсы дипломаттарға, ұлы іскерлерге және нағыз епископтарға
айналады; қысқасы, олар да шынайы өмірмен қоян-қолтық жүруге келісімшартқа
тұрады және өздерін өз әлемінен, яғни, өздерінің жандүниесінің отаны болып
саналатын  жастық шақ пен таза идеализм
әлемінен қуылып тасталғандай күй кешіп, жандүниесі бейнет шеккенде осы
тіршіліктің талаптарына бейімделе қояды.

Елуге келген Анри Бейль өз романдарын осы үш жас жігіт үшін ғана
жазды немесе өзінің жандүниесінде бір кездері өмір сүрген, бірақ бірте-бірте
еріп, алыстап кеткен батыл да қағылез, сенгіш те тұйық жас жігіт шағын, жиырма
жастағы кезін тағы да бір рет бастан кешіру үшін ғана жазды. Бұл романдарда
салқынқанды, ақлы-ойы кемелденген және тіршіліктен көңілі қалған Стендаль
жүректің бозбала шағы туралы баяндайды, білгір де сергек интеллектуал иесі
автор адам өмірінің алғашқы қадамдарының мәңгілік романтикасын кескіндейді. Бұл
романдарда оның жандүниесінің қайшылықтары бір-бірімен керемет келісім табады:
жастық шақтың ерекше  мейірімді асаулығы
жасамыс шақтың сергек көзқарасымен берілген және Стендальдың бүкіл ғұмырындағы
күресі, яғни, ұғым мен сезім арасындағы, реализм мен романтика арасындағы күресі
ұмытылмас үш айқасты бастан кешіріп жеңіспен аяқталды, олардың әрқайсысы
Маренго, Ватерлоо және Аустерлиц  сияқты адамзаттың
есінде қалды.

Бұл үш бозбала тағдырларының үш түрлілігіне қарамастан және
әр түрлі топқа жататын үш түрлі мінездеріне қарамастан, сезімдері жағынан
бір-бірімен туыстас адамдар; оларды сомдаған адам, табиғатынан өзіне тән
романтиканы мұра етіп қалдырған адам сол қасиеттерді әрі қарай дамытуды да
мұраға қалдырды. Және оларға қарсы қойылған үш кейіпкер: граф Моска, банкир
Левен және граф де ла Моль - біртұтас тұлға болып табылады, яғни, бұл Бейльдің
өзі, тек оның кейінгі ақыл тоқтатқан, интеллектуальдық жағынан әбден
қалыптасқан, ақылмен жүріп-тұратын, кемел шағына жеткен кезі, үш бозбала - үш
тұлға ұшқыр ойдың рентгендік сәулелерімен бұл өмірдің бара-бара осындай керемет
жастық шақты не нәрсеге айналдырып жіберетіндігі туралы, «шалқып жүрген саған
кенеттен бәрі де жүрек айнытарлық бірдеңеге айналып, енді барлық нәрсеге көзіңді
ашыңқырап қарауға мәжбүрлейтіндігі» туралы (Анри Бейль өз өмірі туралы) символдық
тұрғыдан баяндайды.

Ерлік жасауға деген қиялдың бәрі өліп, мас көңіл сұрқай
тактика мен айла-тәсілге көшіп, табиғи құштарлық бақай-есептің сұп-суық ойынына
кіріседі. Әлемді солар билейді: граф Моска - княздығымен, банкир Левен -
биржасымен, граф де ла Моль - дипломатиясымен билейді; бірақ олар өздерінің
әмірімен алдарында билеп тұратын марионеткаларды ұнатпайды, олар тіпті
адамдарды да жек көреді, өйткені адамдар бұлардың сұмпайы түрлерін тым жақыннан
көріп, бақылайды ғой. Оның үстіне бұлар сұлулықтың және ерліктің сәулесін сезіне
алу қабілетіне де ие, бірақ тек сәулесін ғана және өз қолдарымен жасағандарының
барлығын да алды-артын ойлап жатпайтын, ұмтылғыш, әр нәрсеге құштар, алайда
ештеңеге қол жеткізе алмайтын, бірақ ылғи да шексіз нәрсенің бәрін қиялдап
жүретін жастық шақтарына айырбастап жіберуге де дайын. Жас әрі қызуқанды
Тассоның алдындағы байсалды әрі салқынқанды вельможе Антонио сияқты болмыстың
бұл прозаиктері өздері кейде көмектесуге де дайын тұратын, бір жағынан жауласып
та жүретін, көзқарастарында жеккөрушіліктері көрініп тұрса да, іштей қызығатын
әрі қызғанатын жас бәсекелестерімен айқасқа түседі, олардың бұл қарсыласулары
ақыл-ойдың сезімге, ояу кездегі сергектіктің түсінде көрген жағдайға қарсы
болуы сияқты десе болғандай.

Ер адам тағдырының осы екі полюсінің аралығында, бозбала
кезіндегідей көркемдікке деген сағынышының және шынайы билік алдындағы өз
еркіндігінің мәртебесінің жоғары екендігіне сенімділігінің аралығында
стендальдық әлем жай ғана айналып бара жатыр. Ер адамның өмір сүруінің екі
шеткі нүктелерінің аралығында, құштарлық пен жастықтың аралығындағы, романтика
мен пісіп-жетілген жасамыстықтың аралығындағы толқындар эпикалық ырғақпен
қозғалып, тасқындап, биікке көтеріліп бара жатыр.

Алға ұмтылған және өрттей жанған құштарлықпен келе жатқан
жас жігіттердің алдынан қыз-келіншектер жолығады;  олар 
жас жігіттердің қайнап тұрған құштарлықтарына өздерінің сыңғырлаған
фиалаларының үнін қосады, олардың көңілдеріндегі бас-көзге қарамайтын тентек
сезімдерін өздерінің мейірімділіктерінің әдемі әуенімен жібітеді.

Стендальдың бұл қыз-келіншектері асқан құштарлық
сезімдерінде де соншалықты мейірімді, нәзік сезімдерінің тап-таза жарығымен
жанып тұрады, олар: мадам де Реналь, мадам де Шастелле, герцогиния Сансеверина;
тіпті солардың өздерінің қасиетті деуге келетін табандылықтары да
сүйіктілерінің жандүниесін жақұттай таза қалпында ұстап тұра алмайды, өйткені
бұл жас жігіттердің өмірдегі әрбір қадамын адами сатқындықтың батпағы өз
тұңғиығына тереңдеп тарта береді, тарта береді. Салмақты әрі жандүниелері тәтті
сезімдермен кеңейе түскен бұл батыл әйелдердің стихиясына да әлгі шынайы
өмірдің сатқындығы, плейбейлік - бақай-есеп, ұсақ итіс-тартыстың  жыландай залым, жыландай суық кикілжіңдері,
қысқасы, адамдар қарсы шығады, Стендаль қандай да бір ортаңқол нәрселердің
бәрін де осылай атайды.

Жасамыс жасында да өзінің ғашықтық сезіміне ерекше
ғашықтықпен қарайтын,  әйелдерге өзінің
романтикалық көзілдірігі арқылы көз салып, өз кейіпкерлерін өз жүрегінің құпия
биіктігінде отырып, мейірімді алақанымен қиялында аялай отырып, сөйтіп отырып,
ішінде қайнап жатқан ашу-кегінің күшімен оларды эшафот сияқты, ұсақ-түйек
істермен айналысатын шайкадай сахнаға итеріп шығарып та жібереді. Ол судьялар
мен прокурорларды, министрлерді, соғыс көрмеген офицерлерді, салондағы мылжың
әңгімешілерді, ұсақ өсекшілерді, қысқасы, әрқайсысы жағымпаз да жабысқақ болып
келетін барлық осындай тірі жан-сымақтарды от пен лас балшықтан сомдайды;
бірақ, тағы да  әдеттегідей, бір қатарға
тұрғызылған барлық осы нөлдер әртүрлі сандарға, саннан да биіктерге шығып алып,
қара жердің бетінде нағыз шындықтың асқақтығын таптап кете алады.

Мысалы оның эпикалық стилінде ем қонбайтын романтиктің
трагедиялық меланхолиясы көңілі қалған адамның қанжар сияқты өткір ирониясына
айналып шыға келеді. Екі саланың да хас шебері, екі әлемнің де - ақыл-ой мен
сезім әлемінің азаматы болып саналатын ол өз романдарында шынайы әлемді
суреттегенде оған өзінің шексіз жеккөрушілігін төккен және идеалды, қиялындағы
әлемнің кескініне ғаламат отты сезімін құйған. 
Есесіне, бұл стендальдық романдардың ерекшелегін және өзіндік маңызын
айқындайды, олар кеш туған туындылар, содан да болар, мұнда есте
сақталғандардың әлі де болса тірі тұрған тасқыны ерешке шабытпен образдар
сомдайтын шебермен бірігіп, біртұтас әлемге айналған; мұнда сезімнің жастығы
мен кемеліне келген ақыл-ойдың асқақтығы жатыр. Өйткені мән мен құштарлықтың
тамаша сұлулығы алыстан қарағанда айқын байқалады. «Кім де кімнің бойында  құштарлық сезімі болса, ол дәл сол кезде өз
сезімінің реңкін де, қайнар көзін де, шекарасын да біле алмақ емес; мүмкін ол
өз сезімінің шырқау биігін лирикалық гимн арқылы жеткізе алатын болар, бірақ ол
оны түсіндіріп те бере алмайды, мағынасын эпикалық салқынқандылықпен ашып та
бере алмайды.

Шынайы эпикалық анализ үшін айқын көре алатын өткірлік,
салқынқандылық, сергек ақыл-ой және суреткердің құштар сезімі жанып болу үшін,
қолының тамыр соғысы бір қалыпты соғып тұру үшін уақыттың белгілі бір ара
қашықтығы қажет. Стендальдың романдары алаң көңіл мен сырттан келетін шабытты
бір-бірімен шебер қабыстырады; суреткер мұнда өзінің еркек кіндікті болып туып,
өсуінің таңертеңгілігі мен оның қартайып өле бастауының арасындағы сезімді шынайы
суреттейді; ол өз бойында жастық шақтағы құштарлық сезімдерінің сәуле шаша
бастағанын да сезінеді, бірақ ол қазіргі жасында бәрін де түсінеді және ішкі
құштарлығын жандүниесінен төгіп тастап, оған сырттан шекара қоя білетін шақта.

Стендаль роман жазғанда оған тек бір импульс қана, бір рахат
сезімі ғана маңызды болды, яғни, өзінің қайта бас көтерген құштарлықтарының көз
жетпес тереңдіктерін өз көзімен көру; романның сыртқы фабуласы, техникасыоны
мүлдем қызықтырған жоқө, кейпікерлері арасындағы тартыстарды ол жол-жөнекей,
кездейсоқ ойдан құрастыра салады (ол бір тарауды бітіріп жатып, келесі тарауда
не болатындығын мүлдем білемейтінідігін өзі де мойындайды.); жекелеген
эпизодтар мен характерлер ылғи да бір-бірімен үйлесіп тұрмайды, тіпті шындыққа
жанаспайтын тұстары да жиі кездеседі, мұны Стендальдың ең алғашқы және оның
шығармаларын барынша мұқият оқитын оқырмандарының бірі Гете де кезінде байқаған.
Шындығына келсек, оның романдарының таза мелодрамалық элементтері кез келген NN-ді
жасап шығара алар еді.

Суреткер ретіндегі Стендальды тек оның кейіпкерлерінің
сезімдерінің сымдай тартылған тартысты шақтарында ғана сезінесің. Оның
шығармаларының көркемдік қуаты мен жандылығы - суреткердің өзінің ішкі
дауылының нәтижесі. Олар автордың өзі де толқып жүрген шақтарында  ерекше болатындығын байқаймыз, Стендальдың
үркек те ери жөнелетін нәзік жандүниесі көркем сөзге құйылып, өзінің екі
түрлілігімен сүйікті кейіпкерлерінің жандүниесін мұңға орап қойғанда, ол
кейіпкерлер теңдесі жоқ образдарға айналады. «Парм тұрғындарында» Ватерлоодағы
ұрысты суреттеген тұсында өзінің Италиядағы жастық шағының барлық керемет
аббревиатурасын көрсетеді.

Кезінде өзі сол Италияда қалай жортып жүрсе, оның кейпікері
Жюльен де Наполеонға аттанып бара жатады, ондағы мақсаты - ұрыс даласына  барып, өзінің жандүниесіне арман болған  ерліктер жасау; бірақ өмірдің шынайы тіршілігі
бірте-бірте оның керемет армандарын талқандап, үзіп-үзіп тастайды. Ол ұрыс
даласынан кавалериялық шабуылдардың гүрсілінің орынына қазіргі заманғы соғыстың
мағынасыз шым-шытырығын көріп, Ұлы Армияның орнына дөрекі, жалдамалы әскердің
сатқындығын, батырлардың орнына жай киімдердің де, кестелі мундирлердің
астындағы бір-бірінен аумай қалған ортаңқол адамдарды көреді. Ес жиюдың мұндай
минуттарын Стендаль керемет шеберлікпен жеткізеді; қара жердің бетіндегі
сұп-суық шындық жандүниенің асқақ сезімдерін қалай былғап тастайтындығын дәл
Стендаль сияқты  айшықтап және жеріне
жеткізе жазған бір де бір суреткер жоқ; жүйке, ми және сезім электрленіп, енді
ұшқын шығаруға дайын болған шақта, дәл сол сәтте Стендальдың екі түрлілігі
жалаңаштанып, анық көрінеді де, оның ұлылығы психологиялық жағынан салтанат
құрып шыға келеді. Өнерді бір адамдай түсінетіндігіне қарамастан,  ол өз толғаныстарын өз кейіпкерлеріне кигізе
қойғанда ғана нағыз суреткерге айналады; оның сезімдерді суреттеуі оның өзінің
жандүниесімен қабысып жатқан кезде ғана нағыз асқақтыққа ие болады. Осылайша,
оның өмірбаянының соңғы сөзі және шығармашылығының ең соңғы құпиясы ашылады,
яғни, «Сезімнен айрылып, ол ақыл-ойдан да айрылды».

Бірақ, бір ғажабы, романдар жазатын Стендаль өз сезімінің
осы құпиясын қалай да жасырын ұстауға тырысады. Ол тіпті кездейсоқ бір
оқырманның, бәлкім, олардың ішіндегі әзлікештеу біреуі осы құпиямды біліп қоя
ма деп сасқалақтап, Жюльендер мен Люсьендерді, Фабрициоларды ойлап тауып,
бірақ, ақыр аяғында, өзін өзі жалаңаштап алды. Ол әрбір оқиғаны суреттегенде
оның жүйке-жүйесінің әрбір талшығының соған сәйкес дір-дір етіп тұратындығына
ешкімнің де күмәні болмас, өйткені оның жандүниесінің таңғажайып тереңдігі
осыны талап етеді. Сондықтан да Стендаль өзінің эпикалық шығармаларында мұз
сияқты сұп-суық болып көрінеді; ол романдағы алыс күндерде қалған қандай да бір
оқиғаны таза іскерлік қалыпта, хроникалық түрде берген болады, ол өзінің жазу
стилін саналы түрде мұздай етіп қояды: «мен өз шығармаларымда ылғи да
құп-құрғақ болуға тырысамын» деп жазады өзі. Бірақ ол жақсы айтты және шынын
айтты, сол арқылы өзінің ол оқиғаға қатысы жоқтығын білдіргісі келді, бірақ  сол «құрғақтың» арғы жағынан жазушының
эмоциональды қатысы бары-жоғын байқамау үшін оқырман керең болуы керек.

Басқа басқа ғой, ал романистердің ішіндегі Стендаль,
патетиктердің ішіндегі патетигі болып саналатын Стендаль не нәрсені де
салқын  баяндайды; ал шын мәнісінде ол   кәдімгі
өмірде де өзінің сезімдерін басқаларға білідіріп алмауға тырысатын, дәл сол
сияқты ол өз шығармашылығында да өз көңілінің тербелістерін ашық айтуға ұялып, бір
қалыпты және солғын реңкпен жеткізуге тырысты. Тәртіптіліктің бұл фанатигі үшін,
осы бір аса сезімтал адам үшін өзінің ішкі сезімдерін көпшіліктің алдына шығару
деген қан саулап тұрған жарасын жұрттың алдына шығып көрсетумен бірдей сұмдық
жиіркенішті еді; оның тұйық жандүниесі баяндап отырған адамның дауысында жаны
ашығандықтың әсерімен болатын дірілдің немесе аяп қарайтын көз жасының болуын
жек көрді, дауыстағы үйретілген, яғни, қырнап-жонып келтірілген декламациялық,
актерлықпен қомпайтылған, Комедияның сахнасынан әдебиетке көшіп келген тонды
жек көрді. Жылауық болып көрінгеннен де, қатты болып көрінген жақсы, пафостан
гөрі, өнерге қатысы жоқ болып көрінген артық, лирикалы болғаннан гөрі логика
болғаны дұрыс!

Ол тіпті тіл сүріндіретін сөздерді айналысқа жібере бастады,
оқып отырсаң, Стендаль күнде таңертең жазу жұмысына кірісер алдында азаматтық
заңдық нормаларды оқып, оның құп-құрғақ та ресми стиліне өзін әдейі күштеп
көндіретіндей. Бірақ Стендаль мұндай құрғақтықты өзінің идеалы санап көрген
емес; шын мәнісінде оның мәнісі логикаға деген шектен шыққан сүйіспеншілігі
еді, түсінікті болуға құштарлықтың арғы жағында өз стилінің көзге ұрып тұрмауын
мақсат еткен, жеп-жеңіл ұшып шығып, ұғымды дәл жеткізетін стильді іздеуі жатыр
еді: «Стиль мөлдір лак сияқты болуы керек, ол лак өзі жағылған іс-әрекет пен
ойдың түр-түсін өзгертіп жібермеуі тиіс».

Сөзді іш пыстырарлық түр-түстегі лирикамен, италия
операсының колоратурасымен бояғыштап тастамау керек, керісінше, ол мазмұнның
әсерімен көрінбей кету керек, ол джентельменнің үстіндегі жақсы пішілген костюм
сияқты болуы тиіс, яғни, көзге ұрып тұрмай, тек жандүниенің қозғалысын  дәл жеткізгені ләзім. Өйткені Стендаль үшін
дәлдік бәрінен де маңызды; оның бойындағы айқындыққа құштарлық инстинкті қандай
да бір бұлдырлықты, тұманданғандықты, патетиканы, көпіршіп тұрған көбікті, ішін
ауа кернеген бос қуыстықты, әсіресе, француз әдебиетіне Жан-Жак Руссо сүйретіп
әкелген өзін өзі күрделендіріп жіберетін сентиментализмді жек көрді. Ол тіпті
ең бір адамның басын айналдырып жіберетін сезімде де айқындықтың және шындықтың
болғанын қалайды, жүректің ой жетпес ең алыс түкпірлерінің өзіне жарық
түсіргісі келеді.

Стендаль үшін жазу дегеніміз - анатомияландыру, яғни,
күрделі сезімдерді құрамдас бөлшектерге бөлшектеу, сезімнің от-жалынын
термометрмен өлшеу, құштарлыққа әлдеқандай бір ауру ретінде қарап, оны
клиникалық тұрғыдан бақылауға алу. Өйткені өнерде де, өмірдегідей, шатасып
кеткендердің бәрінен де ешқандай нәтиже күтуге болмайды. Кім де кім өзін өзі
ой-қиялмен мас етсе, кім де кім екі көзін жұмып алып, өзінің сезіміне ұмтылса,
ол адам ләззаттың жетегінде жүріп, ең жоғарғы рухани форманы - ләззаттың
танымын уысынан шығарып алады; тек кім де кім өз тереңдігін ерлікпен, жан-жақты
дәл өлшесе, сол ғана шын мәнісінде ләззат ала алады; кім де кім алаң көңілде
болса, сол адам өз сезімінің көркемдігін тани алады. Сондықтан да Стендаль көне
дәуірдегі парсы  ойшылдарынан көбірек
үйренді, яғни, әлденеге алаңдаған көңілінің масаң тартуы арқылы нені сездіргісі
келгендігін ақыл-ойының айқын сәтіне салып, бақылап көреді; өз құштарлығына
жандүниесімен берілген ол байсалдылығының арқасында өзін өзі бақылай алатын
адам қалпын сақтай да біледі.

 Өз жүрегін өзі тануы,
оның тереңдігін өлшеу арқылы өз құштарлығының құпиясына жаңа сипат беруі - бұл
Стендальдың өзіндік формуласы. Оның рухани балалары, яғни, кейіпкерлері де дәл
өзі сияқты сезімге ие. Олардың да алдауға түскісі келмейді, соқыр сезімнің
өздерін әлдеқайда алып қашуына жол бермейді; олар сақ болуға тырысады, сезімді
бақылап, оны зерттеп, талдап көргісі келеді, өз сезімдерін тек сезініп қана
қоймай, түсініп те көруге тырысады. Олардың бақылауынан бұл сезімдердің бір де
бір фазасы, бір де бір өзгерісі таса болмауы керек; олар өздерін қайта-қайта
тексеріп отырады; дәл сол сәттегі сезімдерінің шынайылығын, әлде, жалғандығын
тексереді, олардың астарында одан да тереңірек сезімдер жатқан-жатпағандығын
бақылайды. Олар ғашық болған кезде, ара-тұра өз құштарлықтарының двигателін
бостан босқа айналдырып көреді де, стрелкамен атмосфераның қысымын көрсетіп
тұратын сандарды көріп отырғандай, ауыр ой үстінде жүретін, сентиментальдыққа
жат, өз сезімдерін зерттеушілер ретіндегі бұлар өз жүрегінің статистикасын бақылап
отырады. Олар өздерінен өздері : «Мен оны сүйемін бе? Мен оны әлі де сүйіп
жүрмін бе?» деп қайта-қайта сұраумен болады. Бұл сезім арқылы мен нені сеземін,
ал неге одан да күштірек сезінбеймін? Менің бұл жағдайым шынайы ма екен, әлде,
тағы да алдамшы ма? Мүмкін мен оған деген сезімімді өзім күштеп оятып жүрген
шығармын, бәлкім, бұл менің жәй қалжыңым шығар?! Олар өздерінің қозып тұрған сәттерінің
пульсін осылайша қайта-қайта тексерумен болады, егер де жүректің ыстық сезімі
бір сәтке ғана болса да, үзіліп кетер болса, оны да байқап үлгіреді; өздерінің
аңдампаздығын өздері бақылауға алып, өз сезімдерінің шығындарын механикалық
тұрғыдан өте дәл өлшей де біледі.

Тіпті көңіліңді бұрып әкететін айтыс-тартыстар алға қарай
оқтай заулап ала қашқанда да, баяндаудың асығыс жүрісі «деп ойлады», «деді ол
өзіне өзі» деген сияқты сөздермен үзілігенде де олар өздерін бақылауды
тоқтатпайды, олар физиктер мен физиологтар сияқты кез келген қозғалысқа,
жүйкенің кез келген селт ете қалған сәтіне рациональды түсініктеме іздейді.
Мұны оларға стендальдық екітүрлілік хабарлап отырады; өз сезімдерін ерекше
шабытпен есептеп алады да, кәсіпорындарына жұмысқа кетіп бара жатқандай
салқынқандылықпен өздерінің құштарлықтарына енді жол ашуға шешім қабылдайды.

Стендаль өз кейіпкерлерінің бозбалаға тән құштарлыққа ие
болған шабытты шақтарында да қандай безбенділікте, қандай байқампаздықта болуын
талап ететіндігін көрсету үшін «Қызыл мен қара» романындағы атышулы махаббат
сценасын мысалға келтірейін. «Жюльен өміріне қауіпті болса да, түнгі сағат
бірде мадмуазель де ла Мольдің үйінің баспалдағымен, оның анасының терезесіне
жақын тұрған тұсынан көтеріліп келе жатты», бұл - романтикаға толы жүректің
ойлап тапқан және барынша есептеліп, тексерілгеннен кейінгі қадамы, бірақ
құштарлық шегіне жеткен кезде ақыл-ой басым түседі. «Жюльен өзінің қатты
сасқалақтап тұрғанын байқады, өзін қалай ұстау керектігін білмеді, содан да
болар ешқандай сүйіспеншілік сезімі де қалмағандай. Өз сезіміне өзінің бұлайша
араласуын болдырмас үшін ол батылырақ болу керек деп ойлады, сөйтті де
Матильданы құшақтауға әрекеттенді. Бірақ қыз «Фу!» деп оны итеріп жіберді. Өзін
итеріп жібергеніне разы болған ол жан-жағына асығыстау жалтақтап қарап алды».
Міне, Стендальдың кейіпкерлері осылайша ең бір тәуекелді қажет ететін
оқиғаларға тап болғанда да салмақтап, саналы түрде, салқын-сақ қалыппен ойлана қимылдайды.

Енді жоғарыдағы көріністің тағы бір тұсын оқиық, көңілінің
қозғанына қарамастан, біраз ойланып барып, тәкәппар қыз өз әкесінің хатшысына
беріледі. «Матильда өзін өзі онымен «сен» деп сөйлесуге күштеп көндірді...
Арада аз-кем уақыт өткен соң, өзінің барлық әсерлілігінен айрылған әлгі «сен»
деген сөз Жюльенге қандай да бір ләззат сезімін сыйлаудан қалды; ол тіпті өз
басының ешқандай да бақыттылықты сезініп тұрмағандығына таң қалды, енді сол бақыттылық
сезімін ояту үшін ол өзінің сана-сезіміне жүгіне бастады. Мына мақтау сөз
айтуға сараң, алда-жалда біреуді мақтай қалса, сол бойда-ақ онысын өзі теріске
шығаратын тәкәппар қыздың өзіне деген құрметін ақыры оятты; өзінің бұл ой
түйіні өзіне ұнап, көңілін ерекше бір шаттыққа бөледі». Демек, бұл ақыл-ой
эротигі өзі сүйген қыздардың көңілін пісіп жетілген ой салмағымен-ақ
жібітіп,  қабылданған шешімді ешқандай да
нәзік қимылмен әуреленбей-ақ, жалындап ұмтылмай-ақ жүзеге асыратын болған; ал
қыз болса, өз кезегінде өзіне өзі «Мен өзімді өзім онымен әңгімелесуге
көндіруім керек, өйткені ғашығыңмен сөйлесуің керек қой» дер еді. Осындайда
«Әйелді өзіне көндіріп тұрып, кім дәл осыншалық салқын көңіл күйде болады?»
деген Шекспирдің сұрағың қойғың келеді.

Стендальға дейін қай жазушы ең бір ләззатты сәтте өз кейіпкерін
дәл осындай салқынқандылықпен өзін өзі бақылауға алуға көндіріпті, оның үстіне
бұлар - алпыс екі тамырында қызуқандылық ұрып тұрған адамдар,    стендальдық кейіпкерлердің барлығына да
осындай мінез тән.

Бірақ біз осы жерде Стендальдың психологияны кескіндеуінің
ең бір керемет тәсілін көреміз: ол өрттей ыстықты да градуспен өлшейді,
сезімнің әрбір бөлшегін жеке-жеке импульстерге ажыратып қарайды. Стендаль
құштарлықты ешқашан да тұтас күйінде алып зерттемейді, оларды қашан да құрамдас
бөліктерге бөліп, олардың кристаллдануын лупамен көріп, тіпті «уақыттың
лупасымен» бақылайды, ал шынайы кеңістікте 
біртұтас қозғалыс сияқты болып көрінетін нәрселерді оның ұлы ақыл-ойы
шексіз көп уақыт молекулаларына бөлшектеп барып қарайды: біздің санамызға
айқынырақ көрінуі үшін ол шығармадағы психикалық қозғалыстардың жылдамдығын
әдейі азайтады.

Стендаль романдарының оқиғалары былайша жүреді: олар тек
қана белгілі бір психикалық шектерде болады да, жер бетіндегі уақытқа
бағынбайды, бұл романдардың жаңалығы да осында. Осынау іс-қимылдар шынайы
оқиғалардың аясында емес, ми мен жүректі жалғап тұратын нерв жүйелерінің
найзағайдай шапшаң қозғалыстарында жүзеге асып жатады.

Стендаль шығармашылығында эпикалық өнер өзінің әрі қарай
даму жолдарын байқап көріп, санадан тыс жататын функциональдық үдерістерге
назар аударады. «Қызыл мен қараға» 
психологиялық ғылым мен поэтикалық шығармашылықты келер уақыттарда
бір-бірінен ажырамастай етіп байланыстыратын «экспериментальды роман» болу
тағдыры бұйырған.   Стендальдың
замандастары сезімге мұндай математикалық талдау жасауға әлі дайын емес еді,
сондықтан да олар алғашқыда өнердің бұл түрін     антипоэтикалық сипатта түсініп, жандүние
қозғалыстарының дөрекі материалдық, механикалық тұрғыда кескінделуін қабылдай
алмағандары бізді таңдандырмауы тиіс. Ол кезде басқаларды айтпағанда,
Бальзактың өзі де жандүние қозғалысын бөліп алып, оны мономания деңгейіне дейін
үлкейтіп көрсетіп жүргенде, Стендаль микроскоп арқылы бациллді, яғни, барлық
құштарлықтардың қоздырғышын іздейді, психология әлі жөргекте жатқанда, көзге
көрінбейтін тасмалдағыштар мен жеткізушілер арқылы таралатын аурудың ерекше
түрі болып саналған сезімді «махаббат» деген әлі ешкімге түсініксіз және тым
жалпылама сөзбен белгілеп, соны іздейді;   махаббаттың кең мағынасындағы түрінің
ішіндегі махаббат варианттары оны қатты қызықтырды, бөлшектенген сезімнің ұсақ
клеткалары мен әрбір сезім қозғалысының қозғалысқа түсу сәті қызықтырды. Мұндай
асықпайтын зерттеу әдісі жайлап басталып, тез өсіп кететін қатты соққының күшін
азайтады: Стендаль шығармаларының кейбір беттері сұп-суық зертханалар мен дәріс
залдарын елестетеді. Дегенмен Стендальдың өнерді бағындыру күші Бальзактың
шығармашылық күшінен кем емес, тек Стендаль үшін мән мен мағына логикада,
жанұшырып есептілікті іздеуінде, жандүниенің көріпкелі болуға тырысуында. Ол
сомдаған әлемнің кескіні - жандүниеге жетудің жолы ғана, ал адамдар образы -
автопортреттердің жобалық сызбалары. Өйткені Стендаль эгоист, барып тұрған
эгоисттің өзі, ол құштарлықты өзі соны тағы бір рет бұрынғыдан да гөрі қаттырақ
бастан кешіру үшін ғана суреттейді; ол өзін тани түсу үшін адамдарды тереңірек
білуге ұмтылады; өнер үшін өнерді, объективті кескіннің қуанышын, ойдан
шығарудың және шығармашылықтың қуанышын, өз мағынасын өзі жасап тұрған
шығармашылығын Стендаль ешқашан білген де жоқ, оған ешқашан ұмтылған да жоқ.

Суреткерлердің ішіндегі өзіне өзі ғашық бұл адам, рухани
автоэротизм саласының шебері, ғалам үшін өзінен де бас тартатын, сезімде қажет
болса, еріп, балқып жоқ болып кетуге дайын тұратын, жандүниенің кең көлемдегі
қозғалысына ұмтылатын бұл адам: «О, ғалам, мені құшағыңа алшы!» дейді. Өзінен
өзі бас тартудың мұндай экстатикалық жағдайын сезінуге қабілетсіз Стендаль
өнерді ұлылықпен түсіне алатындығына қарамастан, өздерінің мистикалық қуаттарын
тек адамға қатысты ғана емес, алғашқы қауымдық құрылыстың хаосы мен ғарыштан да
ала беретін басқа жазушылардың шығармашылығының деңгейіне жете алмайды. Барлық
аласапырандық, барлық қуаттылық, сезімге бөккен барлық ғалам ретіндегі
Рембрандт, Бетховен, Гетелер бұл адамды, тек жәй адам ретіндегі қалпында  үрейлендіреді; дауылдаған, күңгірт тартқан,
адам түсініп те болмайтын   барлық
сұлулық оның ақылға толы өткір көзжанарына ілінбей қалады да, ол көркемдікті
аполлиндік өлшемде ғана, айқын кескінделген қалпында көреді: музыкада
мелодиялық жағынан ұғынықты Моцарт пен Чимарозаны, кескіндеу өнерінде тәп-тәтті
болып түсінілетін Рафаэль мен Гвидо Рениді ғана көреді. Ол басқа ұлыларға
өзінің ызалы қарама-қайшылықтарымен, демондық күш-қуатпен қозғалатындығымен
толықтай жат болып қала берді.

Күллі әлемнің шулы ортасында оның ерекше құштарлығын оятқан
нәрсе тек адамзат қана болса, ал сол адамзаттың ішінде оның ерекше құштарлығын
оятқан тағы біреуі - ешкім түсіне де, жандүниесін тани да алмаған бір адам,
микрокосм Стендаль болды. 

Ол өзін толық тану үшін ғана жазушы болды, соның образын сомдау
үшін ғана ол сомдаушы болды; өзінің ұлылығы жағынан алғанда ең дарынды суреткер
Стендаль өнерге ешқашан қызмет еткен жоқ; ол оны тек өте нәзік, шабыт беруші
құрал ретінде ғана пайдаланады, жандүниенің ұшу траекториясын өлшеу үшін және
оны музыкада кескіндеу үшін ғана пайдаланады.

Өнер Стендаль үшін ешқашан мақсат болған емес, өнер оның
жаңғыз ғана және мәңгілік мақсаты болып келген өз «менін» ашуға қажетті, өзін
өзі тану қуанышына жеткізетін құрал ретінде ғана болды.