ВЕРНУТЬСЯ

         Біздің дәуіріміздің 751 жылы қазақтың қасиетті жері, бүгінгі
Тараз қаласына таяу Талас өзені бойында болып өткен, үш күнге созылған арабтар
мен қытайлардың арасындағы қиян- кескі ұрыс түркі даласының алдағы мың жылдағы
тағдырын үзілді-кесілді шешті. Арабтар жеңіп, бабаларымыз Қытайға бодан болудан
аман қалды, Түркістан өңіріне қасиетті ислам діні келді. 

Алайда Талас өзені бойындағы екі ұлттың арасындағы шайқас
мәңгілік өшпенділікке емес,...  қайта
олардың  бірін-бірі танып білуге,
ынтымаққа ұмтылған құлшынысына негіз болды. Араб халифаты мен Таң империясы көп
ұзамай бір-бірімен елшіліктер алмасып, қытайдың оңтүстіктегі портты қалаларында
(мысалы Ханчжоу)  алғашында жүз-жүздеп,
кейін мың-мыңдап араб және иран көпестері қоныс тебе бастады...

Осындай тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде кемінде
бесмыңжылдық тарихы бар қытай өркениетінің таңдаулы жетістіктері әлемге
таралды. Арабтар қытайлардан қағаз жасауды үйренді, осы елдің шәйі мен жібегі,
балмұздақ пен оқ-дәрісі (оны олар отшашар ретінде шығарыпты), компасы мен
форфорын өздеріне тасып, кейін өзгелерге сатты.Түр-түстің ұқсамауы да, діннің
бөлектігі де, тілдің алшақтығы да - нәсілшілдік мен ұлттық өшпенділікті
білмейтін сол дәуірдегі Шығыс халықтарының өзара тиімді қарым-қатынастарына
тіпті де селкеуін тигізген емес.Оған бір дәлеліміз - қазір жұмыр жер бетінде
өмір сүріп жатқан, түрі де, тілі де қытай, ал діні мұсылман- дұнған халқы.
Көптеген демограф ғалымдардың пайымдауынша, осы халық араб азаматтары мен қытай
қыздарының некесінен тараған ұрпақ...

Міне, араб-иран азаматтарының есін алған «Шын-Машынның
қыздары» соған байланысты. Негізінен ақсары болып келетін қытай орамалдылары
қараторы араб-иран азаматтарына хор қызындай көрінсе керек.Тіпті бойлары
бәкене, тым қылдырықтай нәзік келсе де. Сонымен бірге Қытайға көршілес кәріс,
жапон әйелдері де өзара ұқсас болғандықтан, «Шын-Машынның қыздарының» қатарына
қосылған. Өйткені сол заманда арабтар мен ирандарға аталған ұлттардың бәрі бір
халық, бір ел саналғанға ұқсайды...

Сондықтан болар, Қиыр Шығыс елдерінің атауларының арабтардан
еуропалықтарға ауысқаны. Кейбір ғалымдардың жазуынша, «Шын-Машын» Қытайда орта
ғасырларда үстемдік еткен Цин империясының бұрмаланған атауы. Мәселен, ағылшын
тіліндегі Қытайдың атауы- «Чайна». «Когуре», «Коре» сынды ел атауын арабтар
«Кория» деп, өз тілінің заңдылығына бұрмалап айтқандықтан, қазір ол ағылшын
тілінде «Корие» деп айтылып жүр. Ал жапондар бұрын да, қазір де өз елін
«Ниппон» деп атайды. Ол араб тілінде «Зипангуге» айналып, ағылшын тілінде
«Жапан» болып шыға келді.