ВЕРНУТЬСЯ

 1.                      
Жақыпбек
Бекбайұлы - Семіз Найман - Меңдеке (лақап аты Төбет) елінің старшыны Сүйегі
Арқа Төбеті атанған Алыбайдың Қаржау дейтін атасынан. Атасы Күншайдың даңқы
саба-саба қымызбен шыққан. Күншайдың желісінде күн сайын мың жарым бие сауылады
екен. Жақыпбек ел ішінде айтулы адам болған. «Торы ала атты Алаш полкіне»
сарбаз беріп, көмек көрсеткен.  Аякөз
(Сергиополь) совдепінің комиссары Сабыржан Ғаббасовты он бір қызыл әскерімен
тұтқындаған Жақыпбектің жігіттері.

1929 жылы пішен шауып бола берген уақытта Сергей
Шипицын мен Зүбәйір бастаған чекистер Жақыпбекті Ащыбұлақ деген жерде ұстаған.
Содан хабарсыз кеткен.

2.                      
Омар
Даңғасарұлы - Семіз Найман - Жанғұлы елінің Тұманшы руынан. Көп жылдар болыс
болған. Комиссар Ғаббасов 1918 жылдың шілдесінде Омар ауылында тұтқын болып екі
күн жатқан. Қайтыс болған жылы белгісіз.

3.                      
Пәкизе,
Балпақ қажы - Семіз Найман - Жанғұлы елінің Қожан руының кісілері.

4.                      
Қазанғап
Сыбанұлы - 1906 жылғы көтеріліс басшыларының бірі. Семіз Найман - Меңлібай
елінің Итқара руының, 1913 жылы Лепсі түрмесінде 72 жасында қайтыс болған.

5.                      
Балтабек,
Сүбебек Байсұлтанұлдары - Семіз Найман - Жанғұлы елінің Қожан руының ел
басылары. Балтабек - 1860 жылы дүниеге келген. Белгілі шежіреші, этнограф,
ғалым-зерттеуші, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы, Әбдіғапар хан мен
Кейкі батырдың Торғай өлкесінен келген елшілерін Балқаш көлінің жағасында
қабылдаған. Патша түрмесінен 1917 жылы наурыз айында босаған. Найман елінен
шыққан айтулы үш шежірешінің бірі. 1910-13 жылдар аралығында Мекке, Мәдине,
Стамбул, Каир, Бағдат сапарынан қолжазба жазған. Балтабек еңбектеріне Мұхтар
Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұландар назар аударып, 1950 жылдары ел
адамдарына хат жазған. 1921 жылы жазда Иванов, Садовский, Грабовский, Брюханов,
Қанай Борамбаевтардың «Совет өкіметінің жауы, ұлтшыл», - деген ұйғарымымен
сотсыз, тергеусіз атылған. Сүйегін ел жігіттері түн ішінде ұрлап алып шығарып,
Ай өзені бойына жерлеген.

6.                      
Байбазар
- Семіз Найман - Жанғұлы елінің Ақбелбеу руынан. 1920 жылдары қайтыс болды.

7.                      
Тұтқышбай
- Семіз Найман - Жанғұлы елінің Ақбелбеу руынан. Байбазармен серіктес, пікірлес
адам.

8.                      
Батырқан
- Семіз Найман - Меңлібай табына қарасты Тінібек деген (лақап аты Қарауыз)
атаның баласы. Еті тірі, пысық жігіт болған. Стражник. Тобағұлдың айдалып келе
жатқанын елге хабарлаған осы адам.

 

9.                      
Босмойын,
Шәкірт - Семіз Найман - Жанғұлы елінің Байтайлақ руының беделді адамдары.
Аласапыран заманда Қытайға ауып, сол жақта қайтыс болған.

10.                  
Түстікбай
- Семіз Найман - Жанғұлы елінен шыққан Былғақ (лақап аты Тентек Былғақ) руынан.
1918 жылы Үшаралда қазақ сиязында екі күн ауырып қайтыс болған. Сүйегін
былғарыға тігіп, Балтабек батыр әкеліпті. Ел сасқалақтап, абыржып қалғанда:
«Әй, түге, сендерге не көрінді?! Былғақтың тұқымы түгел қырылып қалса, бәріңді
бір Түстікбай қояр еді!» - деп Балтекең ақырған екен. Зираты Ай өзені бойында.

11.                  
Берікбол
Малдыбайұлы - Семіз Найман - Жанғұлы елінің Байшуақ руынан. Былғары заводының
қожайыны. Көзі ашық, оқыған адам. Міржақып Дулатұлымен жақсы қарым-қатынаста
болған. Ұрпақтары 1928 жылы Голощекиннің «Кіші Октябрь» науқаны кезінде
тәркіленіп, жер аударылған.

12.                  
Бекіш
би - Семіз Найман - Меңлібай елінің Тоқтауыл руының биі. 1920 жылдары қайтыс
болды.

13.                  
Мәміш
би Көмекбайұлы - Семіз Найман - Меңлібай елінің Қарауыз (Тінібек) руының биі.
Заманында сөз ұстаған адам.

14.                  
Сүлеймен,
Тұрысбек - Семіз Найман - Меңлібай елінің Итқара руының ақсақалдары. 1918-19
жылдары қайтыс болған.

15.                  
Шаймерден
- Семіз Найман елінің Тінібек (Қарауыз) руының Қасаболат дейтін атасынан.
Көгілдір бекетінде тұрған.

16.                  
Сопы,
Рақым - бұл адамдардың кім екенін біле алмадық.

17.                  
Оразбай,
Байғамыт, Терлікбай, Берікбол, Кәкімжан, Болатбай, Оспан, Жәутікұлы - Керей
руының Тойғұлы атасынан.

 

18.                  
Қайран
Жалдыбайұлы - Семіз Найман - Жанғұлы елінің Аманғұл руының Бозай деген
атасынан. Қайран асқан қайрат иесі, палуан болған. 1930 жылы Семей түрмесінен
Атбасарға айдалған.

 

19.                  
Есенсары
Ыбырайымұлы - Семіз Найман - Жанғұлы елінің Аманғұл руының Бозай деген
атасынан. Әкесі Ыбырайым болыс болған. 1926 жылы қайтыс болған.

 

20.                  
Қоңыр
Дәрібайұлы - Семіз Найман - Жанғұлы елінің Аманғұл руынан. Ұлы Отан соғысынан
кейін жасы ұлғайып қайтыс болған.

21.                  
Байғұлжа
Түгелбайұлы - Семіз Найман - Меңлібай елінің Тоғам руынан. 1906 жылы Тобағұл
көтерілісіне белсене қатысушылардың бірі.