ВЕРНУТЬСЯ

       Біздің өлең орманымызда бәйтеректерге қарап бой түзеген нелер әсем шынарлар
барын сүйінішпен атап келеміз. Кейінгі кезеңдерде жұртшылыққа танылған бір топ
ақындардың қатарында өз әуенімен, өз жырының гүлімен ерекше көрінген ақындардың
бірі Қайрат Жұмағалиев. Қазір орта буынды өкшелеген, он-онбес өлең кітаптың
авторы болған бұл ақынның тұңғыш жыр лебіздері де, кейінгі ұшқыр да әсем
әуендері де маған әбден таныс. Сонау алпысыншы жылдардың басында бұрын есімі
мағлұм емес жас Қайраттың газет бетінен алғашқы өлеңін оқығанда мен ерекше
толқыған едім:

Күні-түні қара нөсер төкті кеп;

Асқар таудың ақ маңдайын өпті леп.

Асау бұлақ атып шықты шатқалдан

Құзар шыңның омырауын тепкілеп.

Көктем, көктем!

Нұрлы күннен нәр алдың,

Күллі әлемге шұғыла боп таралдың.

Суық қыстың жүрегінен қалайша,

Сен өмірге шуақ болып жаралдың!?

Жас Қайраттың көктемі - көптеген кәрі-жас ақындар жырлаған, мамажай, сылбыр
көктемге ұқсамайды екен, құзар шыңды жарып, суық қыстың жүрегінен қайнап шыққан
өктем көктем болып бейнеленген. Ұшқыр екпін, тапқыр теңеулер бар, өршілдік
сезіліп тұр:

Күн күркіреп қыс кеткенін паш етті,

Нажағайдың сұңқар үні саңқылдап.

Солай екені табиғи құбылыс қой. Бірақ «Нажағайдың сұңқар үні» деген
әсірелеу кез келген ақынның аузына түсе бермейді. Сол тұңғыш топ жырларынан мен
бұл жас дарынның тек табиғатқа тамсанған әуесқой емес, әлеуметтік, өршіл
әуендері де берік бағдардағы азамат жыршы екенін жақсы түйсінген едім.

Творчестволық белестерге жас дарын тек ізденіспен өрлесе керек. Қайраттың
алғашқы «Тұңғыш» атты (1964 жылы шыққан) жинағынан мен ақындық қаламын үнемі талаппен,
талғаммен , ұштаған ақынды аңғардым. Ақындық биік арманды аңсаған ақын «Тұңғышында»:

Өмірді жүрген жоқпыз сүйіп бекер,

Әр күні арманыңды биіктетер!

Көңіліңде жарқ еткен бір-ақ сәтке

Құдіретті келешек сыйып кетер.

Бақытын сыйлап тұрып адамзатқа,

Тіршілік азабын да сүйікті етер.

Арман-талапсыз, тіршіліктің бейнетінсіз - рахат өмір де жоқ, сондай-ақ
поэзия азабынсыз жақсы жыр тумақ емес. Ақынның кредосы да, талпынысы да осы
бағдарда. Жас ақынның «Тұңғыш» жырларын оқығанда - табиғат сипаттары жанды бір
тіршілік секілді көз алдыңа айқын елес қағады:

Ақ сәулесі көк шатырын өрнектеп

Күн еңкейді,

Алтын арай семді ептеп.

Сай-салада бұғып жатқан көлеңке,

Дөң басына бара жатыр еңбектеп.

«Еңбектеп бара жатқан көлеңке»- менің көзіме кешке жақын тау басына өрмелеп
бара жатқан жас өрендер елестейді. Жас ақынның «Тұңғыш»- әуендерінде әсем
суреттерімен бірге жарасты жастық, махаббат лебіздері де назбен еседі.

«Тұңғыш» атты алғашқы (1964) өлеңдер жинағынан кейін творчестволық арыны
ексімдеген Қайраттың «Жанар», «Перзент үні», «Айнамкөз», «Сақара», «Шапағат»,
«Парасат», «Ңұбажон» атты өлең кітаптары лектесе жарық көрді.

Жоғарыда аталған өлең жинақтарынан топтасқан «Сәске» атты таңдамалысын
қайта қарап оқығанымда мен Қайратты «творчествосы толысқан қазіргі біздің шебер
ақындардың бірі» деп сүйсінгенімді баспасөз бетінде кезінде білдірген едім. Жас
талапкер алғашқы жыр сапарынан бастап көп іздене оқыған, жыр сапарында
Пушкинді, Лермонтовты, Махамбетті, Абайды, Ілиясты өзіне өнеге тұтқан бұл
тағлымды ақын осы өлең кітабындағы бір сала туындыларында да шын суреткерлік
дәрежеге жеткен. Менің айт-пағым өлеңде сұлулық пен сыршылдық, өршілдік пен тапқырлық,
парасат пен мәнділік үндесе толқындап тұруға тиісті. Поэзияның басты қасиетін
сипаттайтын метафора, әсірелеу, бейнелеу жоқ жерде ақынның өлеңі өлі сөзбен
тең. Өткен-кеткенді айтып, дом-быраны қанша дыңғырлатса да - одан шын поэзия шықпайды.
Ал, Қайрат міңгірлемейді, асқақ тебіренеді.

Жалбыр бұлт көрсетпеді-ау таңды мына,

Естілді бір азалы үн жаңғырыға.

Жаным-ау, сіркіреген мөлдір тамшы,

Әлде, Ақан көзінің жаңбыры ма?

Басқанда дүлей дауыл көктігіне,

Жадау түз әзер төзді тепкініне,

Қарпыған қырдың түгін ызғырық жел,

Жануар Құлагердің екпіні ме?!

(Құлагер)

Тыңдады тағат таппай жел де
тынып,

Дүние тұрды күйге тербетіліп.

Кешегі жаға жыртқан ата жауға,

Есесін жіберген ел енді өкініп.

Ширығып, шамырқанып отыр еді,

Жалындап жанар таудай көкірегі.

Анау көне шанақтан азалы саз,

Аңырап жүректерден от іледі...

Болса да дүниеде тозған ел көп,

Казекең бәрінен де озған ерлеп.

...Осылай шерлі халық көкірегін,

Күйшілер шерлі күймен жазған емдеп!

(Күйші)

Бұл адуынды, өрен сөздерден жыр кемеңгері Ілияс Жансүгіровтың асқақ
әуендерін естігендей боламыз. Бұл Ілиястың үзілген үні, немесе соның көлеңкесі
емес, жаңғырыққан жалғасы, Қайрат сынды жас дарынның келелі де ерен жыр
кестесі.

Поэзияның романтикасын, өршілдігін көбінесе жырланатын уақиға, көрініс
күйлері көтеретіні де рас. Бірақ тапқыр ақын, әр көріністі қиялмен, ой көзімен
барлайтын жыршы өзінше тың теңеу, әсерлі бейнелер табуға тиісті. Бұл ретте Қайраттың
бұл өлең кітабынан тапқырлықты айқын сезінеміз. Жоғарыда мысал келтірілді, сол
шеберлік ізденісін көптеген ақын дәйім жырлайтын кәдімгі тақырыптарда да таныта
білген.

Қайраттың бұл кітаптағы кейінгі жырларының тақырыптық мазмұны да
географиялық шеңбері де әр алуан боп, шар тарапты қамтыйды. Ақын өлеңдерінде
еңбек адамдарын, өз замандастарын сүйінішпен жыр етеді. Дүниедегі ең зор өзгертуші,
құдіретті күш-жұмысшы табын ақын айрықша ардақтайды:

Бұл күнде күні біткен құлшылықтың

Тұлданбас қара бұлтқа тұншығып күн.

Жұмысшы табы барда

Жер бетінде

Жүрегі соғар тынбай тіршіліктің.

Ақынның жырларында миллиард ерлері, Қарағанды, Сыр-Есіл еңбеккерлері,
республикамыздағы тағы да басқа алуан өзгерістер шабытпен суреттелген.

Қайраттың бір өзгешелігі, кейбір ақындардай «өз Қарашоқым, өз Сарыадырым»-
деп ауыл айнала ақтамайды. Қайрат туған өлкеміздің шар тарабын, әр көрінісін
сүйсіне жырлайды. Қайратқа -«Қарағанды түні» де, «Жетісу таңы» да, Атырау да,
Алатау да, Сарыарқа да, Жайық та - бірдей сүйікті, бірдей ыстық сөзіммен
сипатталады. Өзі көзімен көріп қайтқан еліміздің әсем қия-қиырлары Кавказ,
Армения, Грузия құздарының сурет-тері де ақын жырларында достың пейілмен сұлу
өрнектелген.

Қайрат Жұмағалиевтың таңдаулы өлеңдеріне бір сала боп ерекше қосылатын топ
- Африка, Араб жұрттарының бұрынғысы мен бүгінгісін барлаған парасатты жырлары
деп білемін. Кейбір саяхатшы ақындардай жат жерді сырттай таңырқамай Қайрат
араб елінің, жерінің ежелгі тарихын, қазіргі әлеуметтік ахуалын зер сала оқып
біліп алғанға ұқсайды, сондықтан бұл сергек, ойлы ақын өзіне үйір емес тұйық
тақырыптарды жақсы меңгеріп, нанымды, әсерлі шығарған:

Тілі бөтен екен деп қарамадым,

Мен ойша

Қарт тарихты араладым.

Әннен ұқтым

Арабтың жүрегінде .

Ежелден жазылмаған жара барын.

Сөзгір ақын дұрыс пайымдаған.
Бағы заманнан бері талай бүліншілікке ұшыраған бұл жұрттың қасірет - шері Ніл дариясындай асқынып тұр.
Ақын нені жырласа да идеялық сырды, әлеуметтік мәністі аша суреттеген. Бұл
тарапта коммунист ақынның
«Ильич портреті» балладасын айрықша атауымыз керек.

Осыдан 5-6 жыл бұрын жарық көрген
«Сәске» атты таңдамалы өлең
кітабынан кейін ұшқыр, өргелең ақын оқырмандарына «Парасат», «Құбажон» атты екі өлең жинағын сыйлады. Бұл жинақтарда партия; ұлы
көсеміміз Ленин жайындағы тебіреністі толғамдар, уақыт, замандас жайлы, еңбек ерлері туралы,
республикамыздың, туған даламыздың әсем көріністері жайында жақсы жырлар бар. Кейінгі екі жинақтан осы кітапқа қосылған «Дос құшағы», «Тыңда
түлегендер», «Беймаза бақыт»
поэмалары. Тың өлкесінде,
майдандағы күресте туған халықтар достығы мен жас өрендердің махаббат, семья мәселесіне арналған. Шетелдерде, капитал
қысымындағы ер жүрек қайсар
адамдарға, Пабло Нерудаға арнаған тебіреністі өлең мен «Ақырғы матч» атты ерлікті,
намыскерлікті жырлайтын жақсы поэмасы бар...

Жиырма шақты жыл ішінде, ұшқыр да
тапқыр дарынымен поэзиямызда
ерекше еленерліктей бірнеше келелі өлең кітабын қосқан Қайрат
Жұмағалиевтың өнімді творчествосын шағын алғысөзде түгел таныстыру қиын. Поэзия достары бұл кітапты тү-гел оқып
шықса тебіреністі әсер аларына сенемін.

Қалижан БЕКХОЖИН.