ВЕРНУТЬСЯ

      Ғылымның жетістігін тізбелейді,

 Фактіні басқа жақтан іздемейді.

 Ғалымдар сөз сөйлесе, кетер ұзап,

 Қажет пе, қажетсіз бе сізге, мейлі.

Жарылқап адамзатты көп табыспен,

 Хабардар етер жасап жатқан істен.

 Тағдыры бұл ғаламның ғылымда тұр,

 Дегенді қайталайды мақтанышпен.

«Әлемде құбылыс жоқ біз ұға алмас,

 Бізге қиыс келгендер сірә да оңбас.

 Біз ойлап тапқан лазер қаруынан

 Адам не?

 Оның тіпті ізі қалмас.

Қорғамас бункерің де, қамалың да,

 Адамзат шүкір етсін аманында.

 Тіпті тұтас бір елді қырып салу -

 Сөз бе екен

 Өркениет заманында?

Шын айталық!

 Несі бар қысылатын?!

 Тірліктің келдік талмау тұсына тым:

 Қару бар

 Мықты елдерде

 Жер шарының

 Сан рет

 Күлін көкке ұшыратын!»

Мына сөздер

 Үйірді иманымды,

 Айтқандары -

 Қисынды,

 Иланымды.

 Кейін талай жадымда жаңғыртқаным

 Есімді сонда әзер жиғанымды.

Япыр-ай, адам азап шеккен жоқ па?

 Бірінің қанын бірі төккен жоқ па?

 Ғылым -

 Шырқау шегіне шыққан жоқ па?!

 Ғылым -

 Жетер шегіне жеткен жоқ па?!