ВЕРНУТЬСЯ

     Емес бұл өз-өзімді бұлдағаным,

 Бұл - менің кеудемдегі тұнған әнім.

 Өмірде жолым болса,

 Жөнім тапсам -

 Жүрегін жақсылардың тыңдағаным.

 Жүрдек боп тұрған кезде бұл қаламым,

 Несіне ырғаламын, жырғаламын?!

 Кеудемді шын мақтаныш кернеді рас

 Бұзғанда талай-талай жыр қамалын.

Мен едім төл перзенті бұл Даланың,

 Жасымнан Жер жүрегі - тыңдағаным.

 Тағдырға мен риза.

 Сол ұқтырды:

 Тірлікте қуаныш та, мұң да барын.

Емес бұл өз-өзімді бұлдағаным,

 Пір тұттым

 Қазағымның тұлғаларын.

 Теріскей,

 Күнгей,

 Батыс,

 Шығыс демей,

 Даңғайыр қазақ болды жырлағаным.

Емес бұл өз-өзімді бұлдағаным,

 Туған жер сыры мендей ұлға мәлім.

 Өмірде тіреу болды,

 Сүйеу болды

 Өзімді ғұмыр-бақи шыңдағаным.

Асығып, алқынсам да демалмадым,

 Қол бұлғап тұрды алдан пәк арманым.

 Қиянат көрсем-дағы қиястардан,

 Тасадан тас атпадым,

 Кек алмадым.

Ешкімге еңбегімді бұлдамадым.

 Қашанда елім, жерім -

 Жырлағаным.

 Тағдырға ризамын:

 Неткен бақыт -

 Еш пендеге қиянат қылмағаным!