ВЕРНУТЬСЯ

      Бұл күнде

 Жұрт байбалам салады кеп,

 Қалғандай дала жұтап,

 Қала жүдеп:

 Пейілі адамдардың тарылғандай,

 Әсті-әсті

 Қаупім де барады үдеп.

Бұл күнде

 Қыл үстінде тұрған әлем,

 Қаупімді талай толғап,

 Жырлаған ем:

 Әрісі екі бала табады ана,

 Әйтпесе,

 Шектеледі бір баламен.

Әзелден

 Қазағымыз көпбалалы

 (Сол кезді жылармыз-ау жоқтап әлі!)

 Осыны ойлағанда

 Сары уайым

 Басына жүрегімнің топталады.

 Сол кездің

 Тұрмыс ғұрпын сағынасың:

 Балалар

 Оң мен солын танығасын

 Бір жеңнен қол шығарып,

 Отбасының

 Көтеріп кететұғын шаруасын.

Мен-дағы

 Бүгінімді келем ұғып,

 Қалайын жан сырымды неге бүгіп?!

 Ескіріп бара жатыр -

 Ата-анасын

 Ұрпағы асырайды деген үміт.

Судағы салындыдай

 Қалқып аққан,

 Адамдар

 Өзін-өзі қалтыратқан.

 Бар күні

 Бір балаға қарап қалып...

 Сол мұңы

 Өмір-бақи сансыратқан.

Ұрпақпен

 Бақ құсымыз қонғандықтан,

 Үйіміз

 Балаларға толғандықтан.

 Бұл күнге

 Аман-есен жетіп едік,

 Отбасы

 Тастай берік болғандықтан...