ВЕРНУТЬСЯ

      Жан болмай бұрын көрген таңды менен,

 Ертемен қандай рақат қар күреген.

 Содан соң -

 Күрең шайды баппен ұрттап,

 Отырсаң от басында әңгімелеп.

Шайдан соң

 Серуендеп қар қалыңда,

 Жөн болар

 Біраз сергіп алғаным да.

 Жайықты жағаламай,

 Аяламай,

 Кім шыдар

 Көкіректе жан барында?

Түс ауа кітап оқып қалайда мен,

 Сырласып Махамбетпен,

 Абайменен.

 Қуат ап,

 Отырамын Гомеріме,

 Асқанмын аудармамен

 Талай белең.

Төрінде туған жердің басып алшаң,

 Қадірін білгеніме шын қуансам.

 Жұрт кешке абыр-сабыр боп жатқанда,

 Мен тыншып,

 Біраз уақыт

 Мызғып алсам.

Оянсам -

 Тұр қанатын кең жайып түн.

 Лезде бөгде ойлардан мен де айықтым.

 Сілтідей тынып

 Аппақ қар әлемі,

 Үні де естілмейді Ақжайықтың.

Көңілім

 Жыр жазбасам тотығардай,

 Бойымда әлі жастық оты бардай,

 Жүректен

 Асау өлең атып шығар,

 Мен болсам

 Құдіреттенем

 Отыра алмай.

Осылай мұратыма мен жетемін,

 Жырымды

 Ақ бесік боп тербетемін.

 Ұшып жүрем

 Көк пен жер арасында,

 Естен шығып

 Кәдімгі пенде екенім.