ВЕРНУТЬСЯ

       Айқын еді шын бақытын тапқаны,

 Келін болып түскен жерге жаққаны.

 Айқын еді

 Ата менен ененің

 Ертелі-кеш қас-қабағын баққаны.

Шаңыраққа кәміл оның жаққаны

 «Кіші келін - қазына» деп мақтады.

 «Барған жерге - баянды бол», -
дейтұғын

 Ата-ананың сенімін де ақтады.

Бойын өртеп махаббаттың аптабы

 Күйеуі де оған кінә тақпады.

 Енді, міне, көзден жасы тамшылап

 Абысынға келді мұңын шаққалы.

Солар -

 Нағыз тату-тәтті жұбайлар,

 Әрқашанда жақсыларға сыбайлар...

 Мұны көріп шошып кетті абысын

 Жас келінді жабығар деп кім ойлар?

Баян қылды

 Жүректері ұғысқан,

 Жан жарымен

 Шартпа-шұрт боп шығысқан.

 Себебі сол -

 Әрнемені сылтау ғып,

 Ері жиі кеш келіпті жұмыстан.

Шатақ шыққан

 Уақтылы келмесе,

 Тыйым салған әйеліне көнбесе,

 Қызғаныштан «көңілдесің бар шығар!»

 Деп долданған:

 «Ажырасам, ендеше!»

Жалынса да,

 Беттен қайтпай бастапқы,

 Ол күйеуін

 Қарғап-сілеп тастапты.

 «Футбол, шахмат ойнаймыз ғой...»
дегенде

 Бұл шаптығып,

 Мүлде құлақ аспапты.

Бұл өрекпіп,

 Жатқан кезде ақталып,

 Абысыны

 Жауап қатты баптанып:

 «Құлағың сал, айтқан сөзге,
шырағым!»

 Деді өзі күлуге де шақ қалып.

«Қарашы өзің,

 Әйел заты қандаймыз?!

 Еркектерді үйретуден танбаймыз.

 Осынымыз -

 Басты қате!

 Өйткені

 Оларды біз түк өзгерте алмаймыз!

Шомдым, рас, талай ауыр ойға мен

 (Сол ойлардың жеңісін сан тойлап
ем!)

 Жаңа айттым ғой:

 Өзгермейді еркектер,

 Жіберіп-тартып,

 Ұстағайсың айламен!»