ВЕРНУТЬСЯ

      Қап-қара бұлт қаптап
алып тау жағын,

Ә дегенше құйып берді - ақ жауын!

Құшағында сәбиі бар -жас ана

Кірмек болды бас сауғалап, тасаға.

Аппақ мұнар жапты-дағы жер-көкті,

Нөсер жаңбыр үсті-үстіне селдетті.

Қарап қойып тұрған жігіт - ақырын

Ұсынды оған қолға ұстаған
шатырын.

Қымсына кеп тұрды-дағы таңдана -

Алғыс айтып, қол шатырды алды ана.

Сарқырап су айналғанда тасқынға,

Жігіт қалды ақ жаңбырдың астында!

Сонда да ол қымсынбады, қыңбады,

Әйел сөзін үнсіз тұрып тыңдады:

-      Рақмет,
аға! Жасадыңыз жақсылық!

Мен де Сізді тұрғаным жоқ жатсынып.

-      Бұдан
былай мен де сені танимын,

Жылу алам жүрегінен - сәбидің!..

-      Алғыс
айтам осы сәби атынан:

Қамқоршысы болғайсыз, - деп, - әр үйдің! (Адамгершілік)

ӨЗІМ ТУРАЛЫ

Бір мінім бар бойымда...

Басқа мін жоқ!

Ақыл айтқан ағадан аспадым көп.

Інілерге ізетпен қарап өттім,

Жақсылықтың аулына бастағым кеп..

Өзі ұрынып жатпаса, -

Өздігімнен

Еш пендеге топырақ шашқаным жоқ!

Қарсы келсе біреулер - қырғи-қабақ

Кезім болды боқтаған, жасқағым кеп.

Күреспесең болмайды бұл тірлікте,

Айтамыз ғой, өмірді - қасқағым деп.

Мен де адаммын!

Айтпаймын - басқамын деп,

Соңымнан бір қалмай жүр -

Қасқа күндеп...

Күнәсіз боп жүрсең де кінәлайды,

Бұдан артық жоқ шығар асқан індет!

Жау да болса, жатсынбай сыйлап өттім,

Болған емес ойымда басқа міндет...

Қару кезеп тұрса да баскесер бір,

Қорқып одан яки сасқаным жоқ!

Бас ием деп айта алман -

бейбақтарға,

қағып тастап жүрмесе -

Қас-қағым да оқ?!

Тірліктің жетер дейсің сыйы кімге?

Шабыттың шаңқан бозын қамшылармын да,

Қалармын өзім шыққан биігімде -

Шайқалмас мұнара болып шаншылармын да!

Жүзермін шабыт - Жайық айдынында,

Жотасын өр толқынның жапырып,
көміп.

Қарамай қара тасқын - қайғы-мұңға

Өтермін өз сабамды сапырып, төгіп!

Сұмдыққа түсінбедім
жасымда түк,

Жетпеді ас пен киім асып жатып!

"Дүние не боп кетті?" - деп ішімнен

Кей кезде отырушы ем басым қатып.

Тегінде жүйрік бар ма жоққа жеткен,

Бір атам жау қолынан оққа кеткен.

Бір атам тірлігіне қарғыс айтып,

Өлерде өз тағдырын боқтап өткен!

Солардан қалған түйір тамшы едім мен,

Жерім жоқ жауымнан да сәл шегінген.

Шалдардың аруағы деп білемін -

Уақыт сақтап талай қалса өлімнен!

Кезім жоқ кімге болсын, тентіреген,

Берікпін не айтсам да сертіме мен.

Әркімнің құлы болып жүре алмаймын,

Өлсем де қалтырамай еркін өлем!

Біреудің жүріп өткен ізін бағып,

Көргем жоқ шыбын құсап ызың қағып,

Айтатын сөзімді де бетке айтамын,

Өтемін құз тұрса да бұзып-жарып!

Көргем жоқ тыңшы құсап тіміскілеп,

Тіледім ит те болса, дұрыс тілек!

Кей інім өкпелеп те жүрген шығар:

"Орынсыз Мақаң бізге ұрысты!" - деп.

Ешікімге жағынбаймын - ұнайын деп

(Өзімнен асқан және құдайың жоқ!)

.. Алам да сыбап-сыбап ашулансам,

Жүремін сосын ойлап...

Уайым жеп!..

Өңімнен ызғар - сес көріп,

Біреулер жүрсе сескеніп,

Біреулер жүрді қолпаштап,

Еркелігімді ескеріп...

Біреулер жүрсе: "Мәкелеп",

Біреулер жүрді: "Әке*!" деп.

Біреулер жүрді мадақтап,

Арқамнан қағып мәпелеп...

Біреулер жүрсе: "Дос ек!"деп,

Біреулер жүрді өсектеп.

Біреулер жүрді әлпештеп,

Басыма - жастық, төсек боп!

Біреулер жүрсе қош көріп,

Біреулер жүрді өш болып!..

- Не десе, десін, жарандар

Жүрмеймін жаяу көшке еріп.

Дұрысым болса, дұрыс де,

Терісім болса, кешпе, жұрт!