ВЕРНУТЬСЯ

     12 шілде 1999 жыл. Қазақстан Жазушылар одағында өткен жер
мәселесіне арналған жиыннан соң іле-шала жазылып, газетке ұсынылған еді. Ондағылар
уәде бере тұра ұзақ ұстап барып, ақыры жариялауды "ұмытып " кеткен
болатын.

     - Қарсымыз! - деп қаһармен айта алмасақ ел кұсап

Өнбес дауды қуып та керегі не енді ұсақ,

Керіп өңеш, кеңірдек жырта бермей, ағайын,

"Қатын-бала қамы" деп,

Жөніңе көш - Жерді сат!

Іздеп тауып тағы бір жұлымырлау делдалды,

Сорпа-сумен алдай сал даурығасқан елді әлгі,

Малды саттық тігерге тұяқ қоймай түп-түгел,

Арды саттық,

Ендеше сатылмаған нең қалды?!

Ақының да сатылып, қатының да сатылып,

"Сатылма!" - деп ешкімге айта алмадық ақырып.

Ұстағаны - қолымен, тістегені тісімен

Сатты бәрін, не керек,

Сатты судай сапырып.

Баспанаң да сатылды, жас балаң да сатылды,

Сатылмаған, құдай-ау, не қалды өзі татымды-

Жаттың бәрін, әйтеуір, жарылқап-ақ жатырмыз,

Ырзығынан айырып,

Жалаңаштап жақынды!

Қойсыз елге қотанның керек жоғы секілді,

Ойсыз ерге Отанның керек жоғы секілді,

Жер не керек қазаққа -

Тұрмағасын бақ тосып,

Жесірінді сат қосып,

Шырылдат та жетімді!

Иесі кім бұл жердің?

Иесі кім?

Білмедім.

Қайда барып саудалап,

Сатады оны кімге кім?

"Сатам!"- деген мықтыға қарсы айта алмай

Ел        қаймығып,

Жалған болып шықты ма -

Жер-Ана деп жүргенім?!

Ел едік қой көнбіс-ақ.

Кең едік қой көнгіш-ақ,

Қарсыласпай ендеше,

"Сат!" - деп жатса -

Жерді сат!

Мәжбүрлік пе бұл өзі,

Мәжнүндік пе, кім білген,

Кешіре гөр, жасаған -

Береке бер, бер нысап!

Мезгілінде бере алмаған Ерге дем.

Пейілі кең,

Зейіні кем елден ем,

Қайығым да қала берер қайырлап,

Үрке қашып үдей соғар жел менен.

Мен дегенде бұтағын да бұлдап тал,

Самал еспей, сарандарша сырғақтар,

Көздің жасы кермек татыр лезде,

Ащы етіме қатты батып тырнақтар...

Жауымнан да, жауыннан да жасқана,

Жон арқамды тосқан болам, масқара!

Күйінгенім өз алдына,... әйтеуір,

Иілмедім бір құдайдан басқаға.

Соның өзін кешіре алмай ағайын,

Дау-дамайға толып берер маңайым, -

Қаңғып-ұлып құлағымның түбінен,

Жаңғырығып - жан түршігер жабайы үн.

Аузымды да ұстар едім құлыптап,

Дәл қазіргі хал-күйімді кім ұқпақ,

Мен дегенде -

Шәу-шәу етіп жатқаны

Ауыл үйдің иттері де үріп қап.

Тастай қатқан тағдырым да керең бе,

Тамырымды жібермей тұр тереңге.

Күндетпеді қарағайды қайқы өскен,

Үндетпеді иір бұтақ еменге!

"Қой!" - дерімді біле алмадым кімге ұрсып,

Сөйлемесім, сөйлерімді білгірсіп,

Мандайым да тарлау ма еді шыр бітпес,

...айналдырып алды-ау мені бір қырсық,!