ВЕРНУТЬСЯ

«Жетімнің азасы,

Жиеннің назасы ауыр».

 

   Әкем кітапқұмар болатын. Жолаушылап барған жерінен базарлық
деп ылғи кітап әкелуші еді. Қолы ашық, жомарт деп ел қаншама мақтаса да, ол
кісінің біреуге кітап сыйлағанын көрген емеспін.

- Кітабымды сұрағанша, мініп жүрген атымды сұра. Өйткені
маған ат табылады, кітап табылмайды, - деп талай-талай қонақтың «көңілін»
қалдырғанына көзім куә.

Алпысыншы жылдардың бас кезінде үйге Алматыда оқитын жиен
ағам келді. Жас болса да сөзге шешен, ойы жүйелі, зерек екен. Ертелі-кеш
ауылдың үлкендерімен сұхбат құрып, олар айтқан әңгіме, жырларды қағаз бетіне
түсіреді. Мұнысын ел ұнатты.

- Адам болатын бала нағашы жұртына тартады,- деген қошемет
сөзден әкемнің де мерейі өсіп қалды. Бір аптадан кейін жиен ағам Алматыға
қайтпақ болып, жолға жиналды.

- Бұйымтайың болса айт, қысылма,- деді әкем дүкеннен сатып әкелген
костюм-шалбарын, қаражатын беріп жатып. Жиен ағам қызарақтап, күмілжи берді:

- Бермейсіз ғой...

- Қарағым, қырық серкешіңнің төлеуінен құтыла қалсақ,
арманымыз жоқ,- деп сөзге әжем араласты.

- Сізде араб әрпімен жазылған шежіре-кітаптар бар дейді. Тым
болмаса біреуін...

Әжем үндемеді, төргі үйдегі әбдірені ашып, сыртын ақ
шүберекпен ораған үш кітапты алдына қойды.

- Осыған риза бол, жиен.

-  Рақмет, нағашы.

Жиен ағам аттанып кеткен соң, Алматыдан әжемнің немере інісі
келді.

- Құнды кітаптарыңызды менен аяп едіңіз, қайдағы біреуге
ұстатып жіберіпсіз ғой,- деп өкпесін айта бастағанда:

- Тек!- деді әжем дауыс көтеріп.- Қайдағы біреуің кім? Жиен
десең аузың қисайып қала ма? «Қыздан туғанда қиық жоқ». О, несі-ай, өкпешілін
қара мұның, қыздан тумай, ұлдан туған өзіңнен көр! Келген жолдарың бір
болғанмен, жиеннің жөні бөлек емес пе?

Шешесі мен інісінің «дауына» құлақ түріп отырған әкем күліп
жіберді.