ВЕРНУТЬСЯ

     Әлемге аян!

Жасыр, мейлің жасырма,

Жалған ұран дәріптелді басында.

Соның енді кесапаты - кесірі

Жетіп жатыр ғасырлардан - ғасырға!

Табиғаттың талқан етіп байлығын,

Бедеріне салдық өшпес қайғы-мұң!

Ақ тозаңға айналдырдық

Аралдың -

Төрт жүз отыз шақырымдық айдынын.

Кешір өзің!

Кешіре гөр, Құдайым!

Кен қопарып,

Құрттық Жердің шұрайын!

Оңды-солды ысырап қып жұмсадық,

Атыраудың қара алтыны -

Мұнайын!

Тауды бұзып,

Тастың астын қопардық,

Суды ағыздық айдалаға - топан ғып.

Атом күші жетпегендей...

Жерді үңгіп,

Күндіз-түні жанатұғын от алдық.

Көркейтем деп дүниені...

Сол үшін -

Жер-Ананың аштық қойны-қонышын.

Дала уланды!

Адам түгіл аңдар да

Кетті безіп, тастап мекен-қонысын.

Жер-Анамыз неткен мұнша төзімді?!

Талай ғасыр үнсіз жатып көз ілді.

Орманды отап қоймаған соң адамдар

Жыртқыштарда мекенінен безінді...

Бүлдіруден қашпаған еш жасқанып,

Полигон сап,

Сұмдықты бір бастадық!

Жердің үстін айқыш-ұйқыш
тілгілеп,

Жердің астын отпен орап тастадық!

Солай, солай!

Аз болғандай ол тағы -

Өртеп бердік Теңіздің газ-фонтанын.

Соның бәрін кешіруде Жер-Ана

Әйтсе де мен бір нәрседен қорқамын!

Қасиетті Жер-Ананы тепкілеп,

Тонай берсек...

Кеудесіне кек түнеп,

Дүр сілкініп ұшып тұрса
қайтеміз:

"Ей, адамдар, қорлағаның жетті!" -деп

Ей, адамзат!

Тыңда, тыңда -жүйрек пе ең?

Жер сілкініп ерсіл-қарсыл түйдекпен,

Қырық сегіз - Тышқан жылы!

Әп сәтте

Бір-ақ шайқап Ашхабатты күйреткен!

"Қасиетті, - деп ойлама, - тау ғана,

Салма менің қазынамды саудаға! -

Намысыма тие берсең, сен егер

Келтіремін ә дегенде-ақ тәубаңа! -

Пенде біткен бұл аймақты ұқпады,

Жұмырына жұқ болмады - жұтқаны!..

Жердің бетін жайлағаны аздай-ақ,

Жер астының қазынасын құртты әрі.

Дала жатты улы газбен тыныстап,

Таулар жатты тұла бойы құрыстап,

Айтпақ болды ашу қысқан Жер-Ана

Айтар сөзін адамзатқа дұрыстап:

"Ей, мақұлық - қыбырлаған пенделер,

Күшің бар ма, сірә маған тең келер?!

Талай жылғы қорлығыңды көтердім, -

Кезім келді менің де енді тербелер!

Байқа, адамдар!

Өкінерсің бір күн сен,

Шыдағаным - үн шығармай іркелсем!

Қайда қашып құтылар ең...

Кенеттен

Сегіз балдық серпінменен сілкінсем?!

Дер едіңдер: "Ол пәленің беті әрмен!"

Керек, бірақ ойнамау да қатермен! -

Қаһарлансам,

Білмейсіңдер айрылып -

Қалар сәтті мал-мүлік пен пәтерден!

Сөйлейсіңдер оңды-солды
дес бермей,

Көкте туып, Ай астында
өскендей...

Ганьсу, Шаньси - он алтыншы ғасырда

Қайда кетті дүниеден көшкендей?!

Құдіретпін!

Айтуға оны именем: -

Адам санын құрбан болып сиреген?

Сицилия...

Лиссабон...

Калькутта...

Верный да - әр дәуірде күйреген...

Кеткен сонда су тартылып,

Шөгіп тау,

Мүмкін емес оны білмеу, оны ұқпау

Оның аты - тажалға да жолықпау...

Оның аты - ажалдан да "қорықпау!"

Ей, адамдар!

Арман қуған -ақ қанат,

Есіңе ұста, тағдыр заңы қат-қабат!

Сақ болыңдар!

(1556 жылғы сілкіністе Қытайда 800 мың адам өлді.

Италияда - (1908),
Португалияда - (1755), Индияда-(1737), Верныйда 1885, 1887, 1889

жылдары алапат сілкіністер болды).

Құлап қалып жүрмеңдер!

Өмір деген - ауыздықсыз шапқан ат!

Сақтансаң тек Құдайың да сақтамақ!" (экология туралы)

III

Сексен сегіз - тышқан жылы.

Желтоқсан...

Жетісі еді. Күн жадысы - Сәрсенбі.

Жаңалыққа құлақ тұріп, ел тосқан.

"Қайта құру" бұзады деп, бар сеңді...

Кім ойлаған сәрсенбінің сыйы не,

Бақ қона ма, Қыдыр дарып, үйіңе?!

Сол-ақ екен...

Жер шайқалып, дүрлігіп,

Астан-кестен болып кетті дүние...

Алапат күш аңдатпады ар жағын,

Жағалай өрт, будақтаған ақ жалын.

Жер шарынан ағылды көп адамдар:

Жоямыз деп зауалдың зор зардабын.

Төрт қала жоқ!

Қалды орнында - үйінді...

Талай боздақ қыршынынан қиылды...

Қиын сәтте көмек берем дегендер

Әлемнің төрт бұрышынан құйылды.

Төрт қалаға келген тажал
төтелеп

Талқан етті...

өлген адам - өте
кеп!..

Құлаған үй өз қалпына
келер-ау,

Ал құрбанның құнын
қайтіп өтемек?!

Біздің ғасыр неткен ауыр ғасыр ед:

"Болмасын, - деп, - енді мұндай
қасірет!

үй де салды қолғабыс қып...

Әлемнің

Әр тұсынан кәрісі кеп, жасы
кеп...

Кірісті іске жұрттың бәрі белсенді:

"Ей, бауырым, көтер сен де
еңсеңді!" -

Деп, дуние қуат қосып жатқанда

Тәжікстан тауы тағы теңселді...

Төтеп бермей нөсер
менен тасқынға,

Айналды да тау үгіліп, тас -құмға

Жөңкіп берді көз көрмеген
алапат...

Үйлер қалды сол үйінді астында!..

Жер сілкінді үсті-үстіне...

Не сұмдық!

Басталды ма Жылқы жылы тосын жұт?

Зайсандағы зілзаланы есіткен -

Кетті кейбір алматылық шошып жұрт.

Қала қанша!..

Үйлер қанша - қиралған?!

Адам қанша - баспанасыз қиналған?!

Осылай деп жатыр эфир жар салып,

Филиппиннен...

Қытай менен Ираннан...

Өз пендесін өзі көздеп тасадан,

Неге мұнша шүйлікті екен,
Жасаған!

Ей, халайық, ойлайықшы мына біз

Болсын десек, мал-жан түгел!

Бас аман! (Табиғат туралы)

ІҮ

Табиғаттың қойнынан күшін бөліп,

Не боларын артының түсінбедік.

Жер-Ананың жаралап бет-бейнесін,

Өзімізше өзгертіп - мүсіндедік?!

Сонда-дағы Жер-Ана шыдап бақты,

Хайуан босып, шалғайдан тұрақтапты.

Арнасынан айрылып кеуіп қалған.,.

Теріс қарап өзен де,

Бұлақ та ақты...

Жер байлығы жем болды жатқа небір,

Мұның бәрін жасырып сақтады өмір.

Жыламасқа бола ма?

Арал сынды

Аймағында ажалдың - жатқан өңір?!

Адамдардан жатқан соң қысым көріп,

Жылайды Жер - қайғысы ішінде өліп.

Өмір керек десеңіз...

Жер-Ананың

Жанарына енді мұң түсірмелік!

Түсірмелік!

Ана деп аялайық!

Мекен еттік!

Жер үстін саяладық!

Есен болсын осынау Жер-Анамыз,

Жүгірмейік жан-жақтан таяқ алып!

Өзіңді ойла, өзіңді ая, халық!