ВЕРНУТЬСЯ

Негізгі кейіпкерлер:Грегор ЗамзаӘкесіШешесіҚарындасыҚызметші әйелДауыстар Түн. Еңсесі биік, бірақ күңгірт түстерге малынған қаракөлеңке бөлме. Айнала есіктер, сірә, басқа бөлмелер осы жерде тоғысады.Әлдеқайдан күбірлеген дауыс естіледі.Дауыс. – Бұл не сезім? Бұрын-соңды болмаған, болса да бүгінгідей жеті батпан салмағы сезілмеген жылбысқы бірдеңе... Қызметке хабарласам ба екен... «Ертең жолға жүре алмайтын болдым» деп ескертсем бе екен? Әй, қайдам? Тыңдай қояр деймісің? Ондағылардың жәйі белгілі ғой... япырмай, бұл не деген зілбатпан сезім?.. Құдды таң атпайтындай... Мәңгі-бақи оянбайтындаймын...(Грегор мазасыз түстен оянып кетті. Тұрмақ болып еді. Алайда, қол-аяғы тырбаңдап, икемге келмеді).Грегор. – Масқара, маған не болған? (Айналадағы дүние бәз-баяғы қалпы. Бәрі орнында, мызғымайды. Сілбілеген жаңбыр дауысы).Грегор. – Мынау не түс? Кейде, таңсәріде оянғанда, қапелімде көз ашылмай, қинап қалушы еді ғой... Әлде... Сәл мызғып алсам ба екен?.. Мына бәленің бәрін ұмытатын...(Оң жамбасына ауысқысы кеп еді, бірақ қанша тыпырласа да, шалқасынан түсе берді).Грегор. – Құдай-ай, маңдайыма не кәсіпті жазғансың? Күн демей, түн демей, үнемі жол үстінде өткен өмір. Жылы орынның қадірін – жол ауырлығын көргенде сезесің екен...Темір табан пойыздардың жүру кестесін үнемі қадағалап отыру, адам арқауы – асты да қалай болса солай ішіп, бірде аш, бірде тоқ дүние кезу, тек іске, кәсіпке қажет адамдармен ғана аз сәтке таныс-біліс болып, соған бола сезім сарқу...Шайтан алсын, мұндай тірлікті!(Тағы да әрлі-берлі аударылғысы кеп еді, түк шықпады).Грегор (сыбырлап). – Үнемі ұйқы қанбай, еп-ерте төсек суытудан бас мең-зең, бір күні естен айрылатын шығармыз түге!.. Адам болғасын ұйқы қандырып жүру керек қой, шіркін. Басқа әріптестерімнің тірлігі маған ертегі секілді. Мәселенки, мына мен, таң атпай іс бабымен шауып кетіп, түске салым сұраным-заказдарымды таза қағазға көшіріп алу үшін қонақүйге қайтып келе жатсам, әлгілер енді тұрып жатады... Мен де сөйтейін бар-ау, қожайыным бір күн де тұрғызбас еді. Әке-шешемнің алақаныма қарап отырғандары болмаса, баяғыда-ақ кетіп қалатын едім. Тікірейген бастығымның жанына жетіп барып... е-ей, алдымен бетіне былш еткізіп, өзі жөнінде не ойлайтынымды ақтара салып, содан соң, маңғаз басып кете барар едім-ау, шіркін, қайтерсің... Мейлі, әзірше кекірейіп жүре тұрсын... ал, мен қажетті қаражатымды жинап алып, әке-шешемнің қарызынан құтылайын... Әрине, оған әлі бес-алты жыл керек, содан соң... Қоштасармыз, мәңгіге!.. Тұру керек, бесте пойызым бар.(Жанындағы қоңыраулы сағатқа қарайды).Грегор. – Мәс-са-ған! Алты жарым бопты! Сонда бұл сағаттың уақытысында шырылдамағаны ма? Төртке туралап қойып едім ғой! Иә, сол қалпы. Бөлмедегі бүкіл жиһазды селкілдетер ашушаң шырылынан оянбауым мүмкін емес қой... Енді қайттім? Келесі пойыз жетіде. Ал, оған үлгеру үшін... енді жанталасуым керек. Фирмамыздың мата үлгілері әлі жиналмаған... Еңсемді езіп, жігерімді жаншыған ауыр күйім – мынау... пойызға үлгерген күннің өзінде қожайыннан әбден сөз еститін болдым. Өйткені, ол үйреншікті әдеті бойынша, таңғы пойызға тексеруші жібереді. Япырмай-ай, соңғы бес жылдың ішінде дәл бұлай ауырмап едім. Аурумын ба мен осы? Сырқатпын ба?.. Бір түн ішінде...(Бас жағындағы есікті біреу қақты).Дауыс. – Грегор! Жетіге жиырма бес минут қалды. Жолға шықпаушы ма едің?(Грегор тағы да әуреленіп көріп еді, қозғала алмады. Дауыстап халін айтайын десе, көкірегінен «ыс-пыс» еткен дыбыс қана шығады. Бірақ ішкі үні сайрап тұр).Грегор. – Иә, иә, мама, қазір тұрамын!(Үні шықпайды. «Пыс-пыс» еткен әлдене).Грегор. – Шіркін, мұндай жанға жайлы, жұмсақ дауысты дүниенің төрт бұрышын кезсең де, ести алмассың. Қазір, қазір, мама, тұрып жатырмын.(Шешесі тырпылдай басып алыстайды. Іле-шала басқа есіктердің жанына адам жинала бастады).Әкесі (2-есіктен). – Грегор, саған не болған? Тұрмайсың ба?Қарындасы (3-есіктен). – Грегор! Сырқаттанып қалғаннан саумысың? Бәлкім, көмек қажет шығар?Грегор. – Қазір, қазір... Мен дайынмын.Қарындасы. – Грегор, жалынамын аш!(Нағыз азап енді басталды. Грегор орнынан тұрмақ болып, қаншама талпынса да, қол-аяғы құрысып қалғандай тыпыр ете алмады. Құдды денесін әлдекім кереуетке таңып тастағандай).Грегор. – Қайткен күнде де төсектен тұруым керек.(Ол енді сірескен аяқ жағын жылжыта қозғамақ болды. Мандымады. Ызасы келіп, қатты ырғып жіберіп еді, кереуеттің теміріне сарт соғылды. Кеудесімен жылжымақ болды. Басы кереуеттен салбырап кетті).Грегор. – Күнде оп-оңай түсе салушы едім. Еденнің соншалықты алыс көрінуін қарай гөр.(Қоңыраулы сағат шырылдады).Грегор. – Сағат жеті болды. Ал, менің басымда – селдір тұман. Қайткен күнде де, ендігі он бес минут ішінде мына жылы төсектің қор қамалынан босануым керек. Оған дейін, тіпті, мекемеміздің саққұлақтарының біреуі келіп те қалатын шығар.(Енді ол бүкіл денесімен жылжи бастады. Кереуеттің ернеуіне тақалған кезде сыртқы есіктің қоңырауы безілдеп қоя берді).Грегор. – Бастық! Құдай біледі, бастықтың өзі келді. Ала өкпе болып өзі жетті, қаскүнем-ай! Қандай мекемеде жұмыс істеп жатырмын десеңші?! Сәл ғана кідіріске бола, анау дызетпе шәкірттердің бірін жұмсай салудың орнына, өңмеңдеп өзі жетіпті. Соншама күдікшіл болмаса етті. Менің де маңдайымның соры бес елі-ау, осылармен бірге қызмет істеп жүрген.(Тағы бір ырғалып қалып еді, еденге дүрс құлады. Іле-шала есік жанына келген Бастықтың дауысы шықты).Бастық. – Әлдене құлады-ау, деймін?Грегор. – Иә, иә!Әкесі. –Грегор, бастық мырза келді. Таңғы пойызбен кетпеген себебіңді білгісі келеді. Біз не айтарымызды білмей тұрмыз, аш, есігіңді.Грегор. – И, иә, қазір.Бастық. – Қайырлы таң, Замза мырза!Шешесі. – Жүрегім сезеді, сырқаттанып қалды. Анық солай. Бастық мырза, сеніңіз маған, ол – сырқат. Әйтпесе, пойызға кешігер ме еді? Күндіз-түні ойлайтыны – қызмет бабы. Мен кейде тіпті, өзіне ренжимін де... ешқайда шықпайды. Сенесіз бе, бұл жолы үйде сегіз күн болса да, сегізінде де ешқайда аттап басқан жоқ. Бар ермегі – қазит оқып, пойыздардың жүру кестесін ежіктеу... Әйтсе де, Сіздің келгеніңіз өте орынды болды. Сізсіз Грегорге есік ашқызу мүмкін болмас еді... Қыңыр мінезі де жоқ емес... Ауырып қалған шығар, сірә!Грегор. – Қазір шығамын.Бастық. – Аурудан басқа себепті мен да таппай тұрмын. Алайда, жолдан қалатындай ауыр сырқат емес шығар. Кәсіпкерлердің барлығының дерлік мойнына жазылған тағдыр осы – кейде кішігірім ауруды жүре жеңіп кетуге тура келеді.Әкесі. – Грегор, бастық мырзаның кіруіне бола ма?Грегор. – Жо-жоқ!(Тыныштық орнады. Қарындасының белгісіз себеппен жылап жібергені естілді. Грегор сол құлаған қалпы, еденде қыбырсыз жатыр).Бастық. – Замза мырза, бұл не деген бейбастақтық? Бөлмеңізге тығылып алып, тек «иә», «жоқ» деп жауап бересіз. Ата-анаңызды бекерден-бекер қинайсыз, әрі қызмет бабындағы міндетіңізден қашасыз. Ашыңыз есікті, түсіндіріңіз мән-жайды. Менің таңқалысымда шек жоқ. Сізді бұйығы да, жуас, саналы адам деп есептеуші едім. Сіз түсініксіз қылықтар жасап тұрсыз, қазір. Әрине, әр түрлі жағдайлар болады... Әрі Сізге басқа қалалардағы түсімімізді алып қайту тапсырылған. Қожайын да, мен де оны білеміз, әрине. Қожайын тіпті, «сол себептен кешігіп жүруі мүмкін» дегенді айтты. Бірақ, сіздің мына қыңырлығыңызды көре тұрып, болысуға ниет қалмай барады. Сіздің фирмадағы жағдайыңыз да онша мәз еместігін ұмытпаңыз. Соңғы кездегі тіршіліктеріңізге қарын ашатындай, түге. Қазіргі кездің келісім-шарттар жасауға онша ыңғайлы еместігін білеміз, әрине, бірақ, бірде-бір мекемеге бұйым-маталарымызды сата алмаған кез – еш уақытта болған емес.Грегор. – Бастық мырза, қазір ашамын. Аздап басым айналып, өз-өзіме келе алмай жатқам. Тіпті, әлі төсектен тұра алмай жатырмын. Бірақ, енді есімді жиғандаймын. Қазір, қазір тұрамын. Сәл шыдай тұрыңыз. Кеше, кеше ғана жап-жақсы, өз-өзіме сенімді едім. Әке-шешем өтірік айтқызбас... Жо-жоқ, мен не айтып кеттім?.. Кеше, иә, кеше кешке, жүрегімнің бір түпкірінде әлдеқандай түсініксіз сезім, күдік пе, уайым ба, пайда болған. Бұрын-соңды болмаған. Фирмаға хабарлауым керек еді, әрине... Алайда, құр сезімді, негізсіз күдікті қалай әңгімелерсіз? Әрі өзіңіз айтқандай, жеңіл-желпі ауруды жүре жеңемін бе дегенмін... Мырза! Әке-шешемді аяңыз. Олардың менен басқа қорғаны жоқ. Бүкіл әулет менің қолыма қарап отыр. Содан кейін, жағдайым, қызметімді айтам, дәл жаңағы Сіз айтқандай сорлы қалыпта емес. Бәлкім, Сіз менің соңғы жіберген сұраным-заказдарымды көрмеген боларсыз?... Мен кетемін. Иә, иә, сегіздегі пойызбен-ақ жүремін. Бір-екі сағат артықтау ұйықтап қалсам да, едәуір күш жинап алғандаймын.Сіз кідірмеңіз, қайта беріңіз. Соңыңыздан мен де фирмаға барамын. Қожайынға сәлем айтыңыз!(Грегор денесін зорға қозғап, іргедегі сандықшаға тірелді. Оған сүйене бойын жазып, жанындағы орындықтың арқасына асылды. Сол қалпы тың тыңдады).Бастық. – Бір сөзін түсінсем, бұйырмасын. Біздерді басынғаны ма, мынау?Шешесі. – Не дегеніңіз мырза, құдай сақтасын. Мүмкін ол қатты ауырып қалып, біз босқа қинап жатқан болармыз. Грета! Грета!Қарындасы. – О не, мама?Шешесі. – Дереу дәрігерге жет. Грегор сырқат. Оның қалай сөйлегенін жаңа естідің бе?Бастық. – Белгісіз жәндіктің дыбысы... Құдай куә, солай...Әкесі. – Анна! Анна! Тез ұстаны шақыр, алып кел. Есігімізді ашып берсін.(Грегор осы мезгіл тұтқадағы кілтті аузымен бұрай бастады. Аузынан әлдеқандай қою сұйықтық ағып кілтке, одан еденге тамды).Бастық. – Тыңдаңыздаршы, кілтті айналдырып, ашайын деп жатыр.(Сырт етіп құлыптың ашылғаны білінді).Грегор. – Әйтеуір, ұстаның көмегінсіз өзім аштым-ау.(Есік айқара ашылды. Грегор есіктің тұтқасында асылып тұр. Топырлап кірген адамдардың дауысы. Іле-шала Бастығының «ойбай» деген жан дауысы шықты да, тырпылдап қаша жөнелгені естілді. Шешесі Грегорға қарай екі қадам басты да, шалқасынан құлады. Ал, әкесі Грегорға жұдырығын түйіп, еңкілдеп жылап жіберді).Грегор. – Міне.., қазір.., киініп, мата үлгілерін жинаймын да, жөнеп беремін. Көрдіңіз ғой, бастық мырза, мен жұмысыма жан-тәніммен берілген адаммын. Әрине, үнемі жол үстінде жүргесін, кейде шаршайсың-ақ... Бірақ... Бастық мырза, қайда кеттіңіз, қашпаңыз, тоқтаңыз! Кеңсеге барасыз ба? Солай ма? Бәрін жеткізіп барасыз ба? Адам – өгіз емес қой, кейде шаршайды. Жақсы білесіз, қожайынның алдындағы қарызымда шек жоқ... Содан кейін, ата-анамның, мынау қарындасымның бүкіл өмірі менің қолымда емес пе? Мен аяқ астынан бір бәлеге тап болдым білемін, бірақ, одан сүрінбей өтерім де анық. Құтыламын... Иә, иә! Дүние бір-ақ түнде, бір-ақ күнде астан-кестен болды-ау... Бастық мырза, онсыз да мәз емес өмірімді қиындатпаңыз, жақтасыңыз маған! Түсініңіз!... Шіркін-ай қарындасым кетпегенде ғой!.. Білемін, ол ақылды, саналы қыз, мен бағана кереуеттен тұра алмай жатқанымда жылаған. Сезді әлденені... Анау, беті жылтыраған әйел затын көрсе, жұмсара қалатын бастықты ол тоқтатар еді. Шығар есікті жауып қойып, бар күдік-қорқынышын сейілтер еді...(Грегор қолдарын жібере салып еді, еденге дүрс құлады. Жерде жатқан шешесі есін жиып айқайлап жіберді).Шешесі. – Көмектесіңдер! Көмектесе көріңдер! Құдай үшін! (Шегіншектей бергенде, өздерінің бөлмесіндегі ас столына отыра кеткенін сезбей қалды. Стол үстіндегі шәйнек төңкеріліп, кемпірге кофе төгілді).Грегор. – Мама! – Мама! өмекке ұмтылды).(Шешесі одан бетер қорқып, жанына жеткен әкесінің құшағына құлады. Сол-ақ екен, әкесі оны жайғастыра сала, бір қолына таяқ, екінші қолына үлкен газет алып Грегорды бөлмесіне қуды. Сонда ғана Грегор зорға бұрылып, кейін қозғалды. Әкесі сыртынан таяқпен бағыттап, итермелеп қояды. Есікке жете бергенде, бір жағы жабық екен, Грегор қыстырылып қалды. Сол кезде әкесі жақындап келіп, оны таяғымен итеріп кіргізді).Келесі күнгі таңсәрі. Грегордың бөлмесіне қарындасы кірді.Қарындасы. – Қайда кеткен өзі? Құдайым-ай, енді ұшып кетпеген шығар?.. (Диванның астында жатқан Грегордан үркіп қаша жөнеледі. Бірақ лезде қайтып оралды. Шағын ыдыста толып тұрған сүтті көріп, басын шайқайды. Шүберек әкеліп, сонымен әлгі ыдысты шығарып тастады).Қарындасы. – Бейшара, мүлдем ас алмайды. Тағы да сол күйі тұр. (Шығып кетіп, бұзыла бастаған жеміс-жидек, әлдебір сүйек-саяқ, кепкен нан, сыр, су құйылған ыдыс алып кірді. Сөйтті де дереу қаша жөнелді. Есікті «сырт» еткізіп құлыптағаны естілді. Грегор қорбаңдап барып, әлгілердің ішінен бірқатарын жеп алды. Тойып алып, шалқалап жатқан кезде, қарындасы есікті қайта ашты. Грегор диванның астына тығылды. Қарындасы қалған асты сыпырып үйіп шелекке салып алды. Есікті қайыра жапқаны сол еді, Грегор үйреншікті бола бастаған мекенінен шығып, керіліп жата кетті).Грегор. – Шынымен, мен адамдықтан қалып барам ба?.. Не болды маған? Бір күннің ішінде дүние астан-кестен болды-ау. Кеше ғана қуаты қайнаған «жас бөрі» едім... Бүгін ешкімге қажетсіз «қу жәндікке» айналғаным ба? Бұл не сұмдық? Не заман мынау? Бір түннің ішінде жат, бөгде дүниеге тап болғаным ба? Сыры неде, ол дүниенің? Жүректен сыздап шыққан үнімді ешкім естімейтіндей... «Олар» үшін мынау менің өрімдей жас қалпым – кәрі жәндікті елестеткендей, аттай тулаған жүрегім – жәндіктің кеудесіне сиғандай... Сонда, бұрынғы адам қалпым, сол баяғы, мимырт, мамыражай, кең заманның – келмеске кеткені ме? Қайырылмасқа аяқ басқаны ма? Не боп барады, айнала? Сол дәуренмен мәңгіге қош айтысқаным ба?.. Ал, менің әулетім ше? Мынадай қиралаң заманда қалай күн көрмек?(Жылжып есікке барды. Тың тыңдады. Көрші бөлмеде Грегордың қалған әулеті мәслихат құрып отыр еді).Әкесі (Әлсін-әлсін орнынан тұрып, шағын қобдишасынан не бір квитанция қағаз, не қойын дәптер алады). – Иә, сонымен, басымызға түскен мынау ауыртпалыққа қарамай, бұрынғы күндерден әп-әжептәуір қаражат қалыпты. Оның үстеме пайызына тиіспегендіктен, соңғы жылдары едәуір өсіп, кішігірім дәулет боп жиналыпты. Ал, ай сайын Грегордың әкелген жалақысын қосқанда.., айналайын-ай, өзіне аз-ақ қалдыратын еді ғой.., кішігірім капиталымыз бар боп шығады. Егер, осы жиналған ақшаның үстеме пайызына ғана күнелтетін болсақ, бір жылға, әрі кеткенде екі жылға жетеді... Одан кейінгі тағдыр белгілі... Сондықтан, қазір қолда бар дүниені «әлдеқандай заман туып қала ма» деген желеумен сақтап, күнделікті өмірге табыс іздеу керек...Шешесі. – Мүмкін, мынау заманның беті бері қарап, дүние түзелер әлі, қайтадан бұрынғы қалпына келер... Грегорымыз оралар... «Үмітсіз – шайтан» деген, күтейік. Әліптің артын бағайық...Грегор (өз бөлмесінде). – Қайран менің анашым. Әке... Соңғы бес жыл ішінде қолыңа күрек алмақ түгілі, шөп басын сындырып көріп пе едің?.. Қиюын келістіре алмаған бүкіл ғұмырыңда жолың болмай, есепсіз қарызға батып, аяғында жалғыз ұлыңның қолына қарап отырмап па едің?.. Мен барда, саған жұмыс іздетпек түгілі, мұндай сөздерді айтқызар ма едім? Қайран анашым, жұмыс істемек түгілі, соңғы жылдары пәле боп жабысқан демікпеден үй ішінде зорға жүрген жоқ па едің? Ал, менің сүйікті қарындасым... Сонда, қызмет қуып, белі қайысатын сол болғаны ма? Жо-жоқ! Шіркін-ай, оның скрипкада ойнағанын көрсең ғой. Сүйріктей саусақтары сызылып, небір ғажайып сазға бөлеуші еді?.. Жүрегімнің түкпірінде тығылған бір арманым – сені келесі жылы консерваторияға беру емес пе еді? Бар шығынын өзім көтеріп алатын едім ғой... енді сол тәтті арманның мынау жәндіктің кеудесінде өлгені ме? Не деп барам, мен өзі? Адаммын ба, жәндікпін бе? Әлде бұрынғы мимырт заман мен мынау жатбауыр жаңа дүниенің арасында қыстырылып қалған адам-жәндікпін бе?(Кенет есік ашылып, қарындасы кірді. Грегор диванның астына тығылды. Диван үстінен түскен ақ жамылғыны қымтанды).Қарындасы. – Кел, кір, көрінбейді. (Шешесі кірді).Шешесі. – Меніңше, біздің бұл тірлігіміз оған аса жайлы тимейді. Бөлмедегі жиһаздарды алғанымыз – оның сауығатынына, қайта арамызға оралатынына деген үмітіміздің өшкені емес пе? Соның белгісі болмай ма? «Өз тағдырыңды өзің көр» дегенмен бірдей емес пе, патшам-ау! Одан да, бәрін сол қалпы қалдырайық. Қайтып оралған соң, еш өзгеріс болмағанын көріп, тез оңалады.Грегор. – Шынында, мен бірнеше әулеттен мирас болып қалған текті жиһазға толы бөлмемнің қараңғы, қуыс үңгірге айналғанын қалаймын ба? Адамдық шағымды ұмытуға, шынында бейілмін бе?(Әйелдер жағы бөлме ішіндегі жиһазды біртіндеп шығара бастады. Грегордың жазу столын шығарып әкеткен мезгілде, ол қабырғада ілулі тұрған әйел портретіне жабысып тұрып алды. Алдымен қарындасы кірді).Қарындасы. – Енді не аламыз? (Грегорды көріп қалып, кілт бұрылды. Шешесін көлегейлеп алып кетпекші еді).Шешесі. (Грегорға көзі түсіп кетті). – Құдайым-ау, о, құдайым-ай! (Диванға сылқ құлады).Қарындасы. – Әй, Грегор! (Жұдырығын бір түйіп, шешесін қолтықтап алып кетті. Сол-ақ екен, есіктің қоңырауы шырылдап, әкесі келді).Әкесі. – Не боп қалды? Шешеңе не болған?Қарындасы. – Мамам бір сәтке есінен танып қалды. Грегорды көріп қалған...Әкесі.– Айтып едім ғой, осылай боларын білгем!..(Грегор басын көтеріп еді, Әкесі стол үстіндегі алмаларды алып, жан ұшыра сыбады. Шешесі есін жиып, оны әрең тоқтатты. Сәлден кейін тынышталып, бәрі стол басына жиналды).Әкесі. – Иә... Қартайғандағы жан тыныштығы дегеніміз осы - қайран қалған тірлік боп шықты...Шешесі – Грета, анау есікті жапсаңшы! (Грета есік алдындағы ас салынған ыдысты ішке аяғымен ысырып, есікті кілттеп жапты).Шешесі. – Қайран, әкеміз... Мұның жасында жұмыс іздеп, хат-хабар тасушы болады деген үш ұйықтасақ түсімізге кірді ме екен?! Менің отырысым мынау – сату үшін желең көйлек тігіп. Бәрінен бұрын қызымызды айтсаңшы. Он сегізінде бір гүлі ашылмай, белі майысып, сатушы болды.Әкесі. – Қартайғанда бір демалыс болар деп ем... Иә, Өмір, өмір... (Қалғып кетті).(Грегордың бөлмесіне қызметші әйел кірді. Грегорды іздеп жүр).Қызметші. – Қайда, қайда, қайда? Келе ғой... Боқ қоңызым, келе ғой, көк қоңызым келе ғой! Қайда кеткен қоңызымыз? Қайда кеткен доңызымыз?(Грегор қорқытпақ болып күжірейіп еді, қызметші әйел бір орындықты ала салып, оның өзін жасқады).Қызметші. – Қалай екен, тағы шабуылдаймыз ба? Әлде томпаңдап орнымызға барамыз ба?.. (кетеді).Грегор жалғыз. Көрші бөлмеден скрипка күйі естілді. Бұл – қарындасы. Грегор енді оны көрмек боп ынтықты. Сүйретіліп бөлмесінен шықпаққа талпынды. «Олардың» тек дауыстары естіледі.Әкесі (әлдекімдерге) – Мырзалар, мүмкін, мынау музыка сіздерге ұнамайтын болар? Олай болса, айтыңыздар, тоқтатамыз.Дауыстар. – Жо-жоқ, керісінше!.. О, не дегеніңіз? Қайта мынау жағымды музыкаға елтіп отырмыз, егер қарындасымыз қарсы болмаса, біздің бөлмеге келіп ойнасын!..Әкесі. – Мейлі, мейліңіз.(Грегор есікке жетті).Грегор. – Егерәки, мынау ғажайып та, сырлы сазға елітіп, жүрегімнің әлде де алабөтен дүрсілдейтіні рас болса, мен адаммын! Әлі де адаммын! Жоқ, менің сүйікті де сүйкімді қарындасым қайдағы бір қаңғыған, тиянағы жоқ пәтершілерге музыка ойнамайды! Мен тірі тұрғанда оған жібермеймін... егер құбыжық боп кеткенім рас болса, сол түріммен жасқасам да жібермеймін! Өйткенше менің жаныма, анау диванға отырсын... Бар сырымды ақтарайын... Егер мынау қағынған жағдайға, қағынан безген заманға тап болмағанымда, қайткен күнде де консерваторияға орналастыратынымды айтып өтейін, дүние-ай!.. Жаңа жылды асыға күтіп едім, енді қайтып туар ма екен, сол жаңа жыл?!(Ышқына есікті ашып жіберіп еді, лезде айқай-шу, шаң-дұң дыбыстар дүниені алып кетті).Дауыстар. – Замза мырза, мынау не сұмдық? Бұл не қылған біз көрмеген бейбастақтық?! Қай жәндік мынау? Сіздің шаңырағыңыздың астында тұрып, адам айтқысыз сұмдық жәйттердің куәсі болғанымыз себепті, бөлмеңізден бас тартамыз! – Табан астында қош айтысамыз! Ол аз десеңіз, осы тұрған күндеріміз үшін бір тиын ақы төлемейміз. Қайта өзіңізді жауапқа тартуымыз мүмкін! (Есіктер сарт-сұрт жабылып, айқай-шу, адам аяғының тырпылы бірден сап тиылды).Қарындасы. – Құрметті әке-шешем менің! Бүйтіп өмір сүруге болмайды! Бұдан әрі мұндай өмірге шыдауға болмайды! Егер сіздер түсінбесеңіздер, мен түсінемін соны! Қашанғы күтеміз, бұрынғы өміріміз қайта айналып бір соғады деп, қашанғы үміттенеміз?! Болмайды ғой, өйтуге! Анау құбыжық – ағатайымның атын атауға аузым бармайды, – біз одан құтылудың жолын қарастыруымыз қажет! Адам атаулының қолынан келетіннің бәрін істедік, күттік, құрметтедік! Бізге енді өкпесі жоқ! Жаңа өмір бастауымыз керек!Әкесі. – Мың мәрте келісемін, саған қызым! Қызым! (Шешесі күркілдеп жөтеле берді).Қарындасы. – Біз одан құтылудың жолын іздеуіміз керек! Әйтпесе, «анау» - көр де тұр, бәрімізді құртады. Онсыз да жұмыстан құрып шаршап келесің, ал үйде - мынау азап. Мәңгілік азап! Шыдай алар емеспін, бұдан әрі! (Ағыл-тегіл жылады).Әкесі. –Патшам-ау, не істеуіміз керек, сонда?(Қарындасы иығын көтерді).Әкесі. – Шіркін, ол біздің жәйімізді түсінсе ғой! (Қарындасы қолын бір сілтеді). Түсінсе ғой...Қарындасы. – Кетсін, біздің үйден! Басқа жол жоқ, әке! Содан кейін, манау құбыжық – Грегор деген ойды мүлдем аластат, әке! Аластат! Біздің басымызға үйірілген бақытсыздықтың сыры – осында! Ұзақ уақыт, тіпті, бүгінге дейін «оның» Грегор екендігіне сеніп келдік. Үміттеніп, оңалар деп, күтіп келдік. Қате! Қате болғанда, бұл Грегор болса, адамдардың арасында құбыжық болып өмір сүрудің мүмкін еместігін әлдеқашан сезіп, әлдеқашан кетіп қалған болар еді! Ондай жағдайда, бауырсыз-ағасыз қалсақ та, құрметпен еске алып отырар едік... Ал, мынау құбыжық күн берер емес. Өзімізді ығыстырып, пәтершілерімізді үркітіп, бүкіл үйді жалғыз жаулап алмақшы! Бізді көшеге шығарып тастайды, бір күні, әке! Қара анаған, тағы басталды! (Грегор сыртқа басын бір сұғып, туысқандарына айнала қарап өтті де, кейін қозғалды. Бөлмесіне кіруі мұң екен, есік сарт-сұрт кілттенді).Қарындасы.– Уф, жаптым ба, жаппадым ба?Грегор. – Енді не мағына қалды, мынау қу өмірде?(Қараңғылық).Таңсәрі. Грегордың бөлмесіне қолында ұзын сыпыртқысы бар қызметші әйел кірді. Грегор бөлменің қақ ортасында жатыр. Қызметші сыпырғышымен түртіп көріп еді, қозғалмады. Жайлап қасына келді де, аяғымен әрі ысырды. Аударып көрді. Сөйтті де, есікті ашып, бар даусымен айқай салды.Қызметші. – Келіңіздер мұнда, келіңіздер! «Анау» өліп қалыпты! Келіңіздер, сенбесеңіздер, өз көздеріңізбен көріңіздер! Өліп жатыр! (Грегордың туыстары келді).Шешесі. – Өлді ме? Өліп қалып па?Қызметші. – Соны айтып тұрған жоқпын ба? (Сыпырғысымен Грегордың денесін одан әрі ысырды. Шешесі тоқтатайын деп ұмсынды да, үндемеді).Әкесі.– Құдай да көрген екен, көз жасымызды. (Шоқынды. Жанында тұрғандар да сөйтті).Қарындасы. – Қараңыздар, өзі әбден азып кетіпті. Көптен ас ішкен жоқ қой, бейшара. Алдына не қойса да, ауыз тимей кетті.Дауыс (алдыңғы бөлмеден). – Оу, бұл үйдің аспазы қайда? Таңғы асымызды бермей ме?Әкесі. –Қарай гөр, ә? Басынуын!Қызметші. – Мырзалар! Мында келіңіздер! Мына қызыққа қараңыздар! (Пәтершілерді шақырып жатыр).Әкесі. – Тоқтат! Қане, мырзалар, менің үйімді табан астында босатыңдар!Дауыс. – Не дейсіз?Әкесі. – Естіп тұрған жоқсың ба, босатыңдар, үйімді!Дауыс. – Жақсы, олай болса, біз қазір кетеміз! (Асығып жиналып, кетіп жатқан адамдардың дыбысы).Әкесі. –Грета, былай жүрші! (Қарсы бөлмеге шықты).Әкесі. – Ал, бір сәт тыңдаңдар! Бүгін бәріміз де жұмыс дегенді қойып, демаламыз. Өйткені, қазіргі демалыстың ауадай қажеттілігі бәрімізге аян! Сондықтан, қазір отыра қалып, үшеуіміз де түсінік хат жазамыз. Мен – өз дирекцияма, Замза ханым, (құрметпен атайды) жұмыс берушісіне, ал Грета – бастығына!(Қызметші кірді).Қызметші. – Замза мырза! Таңертеңгі шаруаларымды бітірдім.(Отырғандар бас изесті. Бірақ қызметші бірден кете қоймай, тұра берді).Әкесі. – Иә? Енді не тұрсың?Қызметші. – Иә, «анау» жөнінде қам жемей-ақ қойыңыздар! Өзім жайғастырдым. (Не айтар екен деп күтіп еді, отырғандар қағаздарына шұқшиды).– Жақсы, онда, сау болыңыздар! (Есікті тарс жапты).Әкесі. – Бүгінгі кештен бастап бұл сұрқия бізде жұмыс істемейтін болады. Босатамын! (Шешесі мен қарындасы терезе жанына барып, соңынан қарады). – Келіңдерші, қане! Ұмытайық өткенді! Содан соң... Мені де ойласаңыздаршы!..(Әйелдер жағы оның кең құшағына тығылды).Әкесі. –Жағдайларымыз қымбаттым, сіз ойлағандай, жаман да емес... Асып бара жатпағанымен, ыңғайлы қызметіміз бар және деймін-ау... Бастысы, ертеңгі күнге сеніммен қарай аламыз...Мынау – кезінде Грегор таңдап алған зәулім үйді шағындау, бұдан гөрі жинақылау үйге айырбастайтын болсақ бар ғой, ә! Жағдайымыздың одан сайын, еселеп жақсара түсетіні тағы да анық. Олай болса, сұлуларым!..Шешесі. – Қарашы, мырзам, Замза мырза! Соңғы кездері қаншама ауыртпашылыққа тап болып, жаманшылық басымызға үйіріліп, күйзеліп кетсек те, – жалғыз қызымыз тал шыбықтай тартылып, әп-әсем бойжеткенге айналыпты-ау!  Қандай ғажап! Тіршілік өз дегенін істетпей тынбайды-ау, сірә! (Грета ыңылдап билеп жүр). Иә... Өзіне тең болар күйеу бала іздейтін де уақыт келіпті-ау, дүние-ай!Осы сәтте, әке-шешесінің игі армандарының куәсіндей Грета бойжеткен жастықтың алауымен талдырмаш денесін мың бұрап, дөңгелене билеп кетті.Соңы.