ВЕРНУТЬСЯ

(Трагикомедия)Негізгі кейіпкерлер:Ол – 27 жастағы, өмірден өз жолын іздеулі жігітДауыс – Оның ішкі дауысыСағима – Оның әйеліКемпір – үй иесі1-көрші.2-көрші.3-көрші.Оның қызметтес серіктеріЖақанЖолдасАлмагүл - елес-қыз, қиялдағы ҚызАруақтар (қара киінген бишілер, пантомима)ШалІ-бөлімТүнгі бөлмелер. Үш бөлме. Біреуінде аласа диванның үстінде Ол ұйықтап жатыр. Диван жанында стол. Стол үстінде бейберекет шашылған қағаздар, кітаптар, шәугім. Қабырғада Ф.М.Достоевскийдің портреті. Қалған екі бөлме қараңғылық құрсауында, тек есіктері ғана көрініп тұр.Музыка. Ол түс көріп жатыр. Сахнаның түкпірінен еміс-еміс, қарлығыңқы Дауыс естіледі: Дауыс. – Ол тағы да түс көріп жатыр! Ақырғы күнінің таяғанын сезсеші?! Һе-һе-һе-һе!Дауыс. – Иә, иә, ол тағы да түс көріп жатыр. Түс емес-ау, қиямет-қайымның өзі дерсің! Қиямет-қайым емей немене, егер өңешіне ақжұмбаз жұмыртқа кептеліп қалса! Ақұмбаздағы құрысын, өңешінен не әрі өтпей, не бері шықпай жанын көзіне көрсетті.Дауыс. – Сәлден кейін аузынан ақ көбік атқылап, тұншыға бастады. Денесі безгек шалғандай дір-дір етеді.(Ол да дір-дір етіп, жанталасып бағуда).Дауыс. Байғұс шарасыздықтан екі қолын ауадан кек алғандай ербеңдете береді, ербеңдете береді. Тым құрыса, айқайлауға дәрмені жоқ. Қан тамырлары жарылып кетердей солқылдап, есінен тандырып жібереді. Көзінен жас парлап, денесі борша-борша терге малшынды. Бүкіл денесі бір көтеріліп, бір түсіп тыпырлап, өз-өзін тоқпақтап жатыр.Ол. – А-а-а! – Айқайлап, оянып кетті. өсегінен атып тұрып, столдың жанында тұрған шәугімдегі суды қылқылдатып жұта бастады)Ол. – У-уф! Көңілім жаңа орнына түсті ғой! (Шәугімді орнына қойып, стол жанына келді). – Не себеп болғанын қайдам, әйтеуір соңғы айларда осындай ауруға шалдықтым. Төрт-бес айдың жүзі болды, көретінім - Осы түс, осы жұмыртқа. Адам құсап ұйықтаудан қалдым. Әй, мыналар кімдер? Әй! Түсім бе, өңім бе? Сағима! Сағима! (Көрші бөлмеге жүгіре басып кіреді. Әйелі екеуінің тек дауыстары естіліп жатыр).Ол. – Сағима! Сағима, деймін! Үйге біреулер кіріп кеткен секілді. Қарашы!Сағима. – Түу, неткен адамсың! Күндіз түгілі, түнде де ұйқы бермейтін болдың-ғой.Ол. – Үйде біреулер жүрген секілді, адам ба жын ба, ажырата алмай тұрмын.Сағима. – Қойшы, енді! Тыныштық берші! Столыңның тартпасында димедрол бар, детский, соның екі-үшеуін ішіп ал, ұйықташы, енді!Ол. (Бері шығады). – Дұрыстап қарайыншы. Ешкім жоқ секілді. Бұл әлде менің ауруымның жалғасы ма екен? Әй, қайдам? Ешкім көрінбейтін секілді. Осы түс жабысқаннан бері халім мүшкіл. Қайдағы бір түсініксіз елестер ауыр жүк секілді үнемі еңсемді езеді де тұрады. Үйде де, түзде де (жұмыста дегенім ғой) ісімнің берекеті қашты. Жора-жолдастың алдында абыройдан жұрдай болатын түрім бар. Әлдекімдер мені «бүгінгі заманның Қорқыты» деп мазақтап жүрген көрінеді. Қорқыт! Олары несі екен?Дауыс. – Иә, сен бүгінгі заманның Қорқытысың! (кекетеді)Ол. – Бұл кім? Әлде тағы да түс көріп тұрмын ба? Соңғы кезде түсім қайсы, өңім қайсы, жиі шатастыратын болдым-ау. Бұл әлде менің ішкі Дауысым ба екен?Дауыс. – Түсің емес, өңің, бәтшағар! Мен сенің көлеңкеңмін!Ол. – Көлеңке! Қайдағы көлеңке? Түн ішінде қайдағы көлеңке, не тантып түрсың? Кім де болсаң, шық кәне!Дауыс. – Ақырын, ақырын! Қанша іздесең де мені таппайсың. Өзің айтқан жоқсың ба, түн ішінде қайдағы көлеңке деп?Ол. – Иә, иә... Енді...Дауыс. – Қорқыт түсінде өзіне көр қазып жатқан адамдарды көреді де, одан қатты шошынып, ел кезіп кетеді. Ол да сен секілді түсінен қашып, дүние кезіп кетеді.Ол. – Кім де болса мынау мен туралы бірдеңе біледі. Апырау, Қорқыт демекші, түсімнен қашып менің де бармаған жерім жоқ қой! Алайда «қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегендей, осы түс қыр соңымнан қалмай қойды. Тек екі ай бұрын, баламды ауылға апарғанда ғана жаным сәл тыншығандай болып еді.Дауыс. – Бір аптадан кейін қайтадан басталды ғой?Ол. – Иә, қайтадан басталды. Содан баламды апамның қолына тастап, шұғыл қайтып кеттім. Шіркін-ай, түк түсінбей аңыраған апама да ештеңе айта алмай кете бардым-ау, сонда!Дауыс. – Енді не айтайын деп едің, оған!Ол. – Әрине, ештеңе айтпаймын ғой.Дауыс. – Ішімдік ше, Алмагүл ше?Ол. – Ішімдік, Алмагүл? Олардың түске не қатысы бар? Екеуін қатар атағаныңа жол болсын!(Дауыс үнсіз).Ол. – Ау, Көлеңке! Естимісің! Алмагүл мен ішімдікті қатар атағаныңа жол болсын!(Дауыс үнсіз).Ол. – Ау, Көлеңке! Естимісің! Алмагүл мен ішімдікті катар атағаның не деп тұрмын ғой! Ау!(Дауыс үнсіз).Ол. – Жауап бермесең, қоя ғой. Мен емес сені о баста әңгімеге тартқан! А? Алмагүл – орындалмаған арман болса, ішімдік – алдамшы үміт болмады ма?(Дауыс үнсіз).Ол. – Сағат үш болған екен. Ұйқы жарықтықтың адам миын езіп жіберердей кезеңі-ау, қазір! (Есінеп, төсегіне қисайды. Түнгі пижамасы термен әбден суланған екен, оны шешті де, жанындағы орындықтың мойнына аса салды. Жұдырығын аузын тығып жіберердей есінеп, төсегіне қайта қисайды). – Жылы төсектің буы қандай... Әлде өлара кезеңнің уыты ма... (Денесін әрлі-берлі қозғағыштап, керілді).Дауыс. (Сыбырға көшеді). – Ұйықтап кетті... мәссаған, безгелдек, манағы түсі тағы жалғасты... Ойпырмай, мұндай да сұмдық болады екен-ау, жұмыртқасы құрғыр...– Жұмыртқасы құрғыр, өңешімен әрлі-берлі домалай бастады. Төмен қарай сырғығанда тынысы сәл ашылғандай болды да, жоғары домалағанда тамағы қыр-қыр етіп, тұншыға бастайды... Ол ол ма, сөйтсе, «қуырдақтың көкесі әлі алда екен!» Бір кезде домаланған жұмыртқа кілт тоқтап қалды да... ақжұмбаз қабық бір нүктеде шытынып сына бастады... Шытынаған қабық ыдырап, ішінен... о, тоба!, сары уыз балапанның тұмсығы көрінді! Кішкентай тұмсығымен қабықты ұрып-ұрып қояды... (Дүрс-дүрс еткен дауыс). – Сол сары үрпек, мұның аузынан ақ көбік атып, аһ ұрып жатқанына пысқырып та қарамай, уызға малынған қалпы көкірегінен әлденені іздегендей олай бір, бұлай бір домалай бастады...Ол. – А-а! (Оянып кетті. Қара терген түскен). Құдай-ай, түн ұйқым төрт бөлінді-ау! Жәһаннамның отына түскендей, сергелдең өмірге душар болдым-ау! Жанымды қояр жер таба алмай, қашанғы қаңғалақ тауып кетем екен? «Дүние-тозақ» деген осы екен!(Бөлмелердің біреуінен заттың құлаған, әлдекімнің тырпылдап басқаны, күбірі естілді. Бұл дауыстар үй иесі Кемпірдің бөлмесінен шығып жатыр. Қолына шам ұстап, оның әйелі Сағима шығады. Сахнада жалғыз Ол).Сағима. – Не дүрсіл? (Алдыңғы қатарға шығады). Бұл не дүрсіл?Ол. – Сағима?! Сағимасың ба? Сағима!Сағима. – Иә, мен ғой, басқа кім болушы еді, тәйірі?Ол. – Бұл не дүрсіл?Сағима. – Соны мен сенен сұрап тұрған жоқпын ба!Қараңғылыққа батқан үшінші бөлмеге жарық түседі. Ол мен Сағима есіктің алдында құлақтарын тосып, тың тыңдап тұр. Жарық түскен үшінші бөлмеде Кемпір тізерлеп оң қолына ұстаған тәпішкесімен тарақан қуып жүр.Кемпір. (Тәпішкесін сілтеп). – Мә, мә, саған! Мә! Қарашы қуысқа тығылуын! Шық бері! Кәне, шық бері! Көрсетейін мен саған! Қап, шәйнектегі суды ысытып әкелмегенімді қарашы! Төбелеріңнен ағызсам, көрер едім, әуселелеріңді! Мә, саған!Ол. – Мәссаған, мына Кемпірді жын ұрған ба?Сағима. – Жеті түнде жын қуған сен бе екен, жалғыз?Ол. – Не істеп жатыр, өзі?Сағима. – Естіп тұрған жоқпысың, тарақан қуалап жүр.Ол. – Астапыралла, мынау жұрттың бәрі жынданған шығар! Жын қуып жүрген жалғыз мен бе десем!Сағима. – Жә, мазақтап қайтесің оны. Ол да біз сияқты жанымен арпалысқан кейуана да! Байқамадың ба, соңғы кездері өз-өзімен күбірлеп, жиі-жиі сөйлесетінді шығарды.(Осы кезде Кемпір өршеленіп, қолындағы тәпішкесімен төрде тұрған түрлі-түсті телевизорды, жиһаздарды ұрғылай бастады. Телевизор үстіндегі хрусталь ваза жерге түсіп, салдыр-гүлдір сынады. Біреуді қарғап жүр).Кемпір. – Мә, мә, саған! Жалғызымды жат қылдың, немеремді жанымнан бездірдің! Көкбет! Жалғызымның абыройын ойламағанда баяғыда-ақ бетіңді тілмес пе едім?! Мә, саған! Тықақтаған неме! Келін болған затыңа сиейін! Шәлдүркүдік неме!Ол. – Мына тірлігінен әлі-ақ жынданатын шығар! Көр де тұр!Сағима. – Тірлігінің несі бар екен? Сен де айтасың... Қаланың ортасында болмаса да, ауасы таза, тыныш жерінде кең сарайдай үш бөлмелі жайы бар. Даңғарадай үйде екі қолын суға малып отыр. Не кием, не ішем демейді. Балалары болса анау, көп ақша табады.Ол. – Ақшаның соңына түсіп, ел қаңғып кетті де!Сағима. – Несі бар, қолыңнан келсе, сен де қаңғы! Сен де тап! Бүгінгі күні іскерлік үлкен құрметте! Сен де сөйт! Алысқа ұзамай-ақ қой, тіпті!Ол. – Сен жүректі тырнама! Бүйтіп тапқан ақшасы құрысын!Сағима. – Қолдан келмегеннің бәрі – өтірік дегендей... Анау өзіңнің курстасың Ерланды қарашы! Сен секілді қиындығы да, қиралаңы мол емес, оп-оңай диссертабельный тақырыпты алып ап, әне қорғайын деп жатыр. Ал, сен болсаң «халқыма қызмет етем, ғылыми жаңалық ашам» деп өзеурейсің! Керек едің, сен оған? Алдымен, бала-шағаңның қамын ойламайсың ба? Халқым дейді! Сенің шатпағыңның бір тиынға қажеті жоқ, оған!Ол. – Ал, ақшасын тапсын-ақ, мына Кемпірге аздап болса да мейірім білдіріп, ілуде бір хат жазып тұрса болмайды ма екен? Қаладан пәтерді ала салып, ауылда тым жақсы еңбек етіп, өз күнін өзі көріп жүрген кемпірді от басы, ошақ қасынан, Отанынан, ағайын-туғандарынан айырып, осы пәтерге күзетші қылып тастап кеткенде мүйіз шықты ма? Айтшы, ал! (Кемпір қуғынын аяқтап, бері шығады. Шығар алдында көз жасын сығып алады).Кемпір. – Мәссаған, сендер неғып ұйықтамай жүрсіңдер? Әлде мен оятып жібердім бе?Сағима. – Жоқ, жоқ, апа! Басым ауырып қоймаған соң, дәрі ішейін деп шығып едім...Кемпір. – Тарақан қуалап жүрсем де, сендердің әңгімелеріңнің шет жағасын естіп қалдым. Әрине, жалғыздықтан белім қайысатын болды, бірақ балаларымды еш кінәлай алмаймын.Ол. – Апа, балаларыңыздан хат келді ме?Кемпір. – Иә, жаным, келді. Бүгін почтаның өзіне барып алдым. Айттым ғой, өзің барып алмасаң, бұлар ешқашан да әкеліп бермейді деп!Сағима. – Қойыңызшы апа, осының алдындағы хатты пошташының өзі әкеліп беріп еді ғой! Біздер де солай алып жүрген жоқпыз ба?Кемпір. – Қайдам! Әйтеуір, ауылдың бір қазақ қызы бар екен, жағдайымды түсіндіріп айтып едім, сау болсын, тауып әкеп берді, инабатты бала екен, өзі! Құдай қазақ келінді де қимады ғой! Орысша білмеген соң қиын екен!Ол. – Қалайша, апа? Роза келініңіз қазақ емес пе?Кемпір. – Розасы бар болсын, бар болғыр! Ондай келіннен орыс көршім садаға. Бетін тыржитып, маған орысша сөйлейтінін айтам да? Құрымағыр!Ол. – Сірә, келініңіз көп ренжітеді-ау, өзіңізді?Кемпір. – Келіні бар болсын! Жалғыз балам болмағанда бір күн тұрар ма едім? Еркінімді де сағындым.Ол. – Апа, бала-келініңіз неғып қолыңызға немереңізді тастап кетпейді? Сізге қара болып отырар еді ғой.Кемпір. – Қайдан тастасын, олар! Әуелде, пәтер алмай тұрғанда, баланы туып алып, ауылға менің қолыма әкеліп тастаған.Содан Еркінжанды екі жыл бақтым ғой, аз да болса! Екі жылдан кейін әлгілер: «баламыз жабайы болып кетеді» деп, алып кетті. Қайдан білейін, нем ұнамай қалғанын? Қазіргі жағдайымды өздерің де көріп жүрсіңдер. Немерем шүлдіреп орысша сөйлегенде бір сөзін түсінбей қынжылам. Кейде еміреніп маңдайынан иіскейін деп иілсем, жылан көргендей тітіркеніп, қаша жөнеледі.Ол. – Немереңіз Еркін – өте сүйкімді бала. Таусылмаңыз, апа!Кемпір. – Жә, таусылғанда не, таусылмағанда не!Сағима. – Несіне таусыласыз, апа. Балаңыз білдей қызметкер, әжептәуір табыс табады. Үйлеріңіз болса мынау, сыңғырап тұр.Кемпір. – Солайы солай ғой. Алайда, мен де осы үйдегі көп жиһаздың бірімін бе деп қалам, кейде!Өзіме де сол керек. Нем бар десейші! Бұлар қалада сонша жыл пәтерден-пәтерге көшіп, әбігерленіп, ақыры өлдім-талдым дегенде пәтерге қолдары жеткендегі қуанғаным-ай! Өмір бойы жиған-тергенімді ортаға салып, ал кеп той жасайын! Бетім-ай, оған да он шақты жылдың жүзі толыпты-ау! Содан той тарқағаннан кейін елге қайтам дегенде бәтшағарлар жан-жағымнан қаумалап берсін! Ойбай баламызға кім қарайды? Ойбай қашанғы сасық малдың бұтын иіскелеп, сауыншылайсың! Ойбай қашанғы ауылдың ала шаңын жұтасың! Қалада қал. Қолымызда боласың. Жұмыс жоқ. Көңілің тоқ. Пенсияңды алып, екі қолыңды жылы суға малып отырасың. Мен сорлы мұндайды көргенмін бе? Әрі жиған-тергенімді жалғызымның шаңырақ көтерген күні-ғой деп!.. Әрі ет-бауыр немеремді қимай... Беймәлім қала өмірі қызық көрініп!.. Несін айтасың, бір айдың ішінде ел-жұртпен бақиласып, түймешегімді арқалап, осы үйге кірдім ғой! Сөйтсе, Отаныңмен – өлең-төсегіңмен қоштасу – тіршілігіңмен қоштасумен бірдей екен-ғой. Жан бар ма, менің кеудеме! Құр сүлдем қалды. Күзетші ит те бір, мен де бір. Ту-у-у! Мазаларыңды алдым білем! Барыңдар, балалар! Демалыңдар! Мен де сөйтейін. Келін шырақ, ұйықтататын дәріңнен берші! Таңертең жұмысқа барасыңдар, жатыңдар! (Кетеді).Ол. – Адамдарға не болған мынау?! Дүниеге не болған?! Сен де қыстырылмас жерге қыстырыласың екен, түге!Сағима. – Не деп қойыппын, сонша? Айтсам, шындықты айттым. Шындық, шындық деп саусағыңды шошайтқанда, алдыңа жан салмаушы едің. Енді не болды! Аузымызды аштыртпайтын болдың ғой!Ол. – Шындық! Шындық деген немене! Шындық дейсің, мүмкін, ол – тіршіліктің таусылып бітпес қайшылығы шығар. Егер қайшылығы, қиыншылығы болмаса, өмір сүріп жүргеніңді сезінер ме едің? Іңірден қара кешке дейін жүгіресің де жүресің, жүгіресің де жүресің! Адуын ағында ескексіз қалған қайықтай. Сол адуын әйтеуір бір бағытқа алып барады, алып барады... Қашан, қай жерге тұмсық тіреріңді де білмейсің. Сенің еркіңдегі тірлік – ағынмен аға беру, тағдырыңның дегеніне мойынсұнып, күту. Күту... Көңіліңе медеу тұтатының – қозғалып келе жатқандығың. Ал, сол қозғалыста мән бар ма, мағына бар ма?Сағима. – Жеті түнде философия соққандығың қызық болды-ай!Ол. – Иә... Сенің «шындық» дегеніңнен шығып кетті-ау, бәрі!Сағима. – Шындық іздеуге екеумізде хал бар ма? Үйлену, үй болу дегенің алғашында маған оп-оңай тірлік секілді көрінген. Сүйген адамыңды кездестірдің бе, шаруа тәмәм деп есептеуші едім. Сөйтсем... Сүю-күю бір басқа, үй болу бір басқа екен ғой... Әсіресе тұла бойы тұңғышымнан айырылғалы бері есеңгіреп, мең-зең жүрмін. Өмірдің мағынасы сонымен таусылған сияқты...Ол. – Дұрыс қой, бәрі. «Жазмыштан озмыш жоқ» демеуші ме еді? Әйтсе де, мен мына кемпірді аяймын. Балалары үшін ол – ескіліктің көзі. Тіпті, музейдегі экспонат секілді! Үйлеріне келген қонақтарына көрсеткісі келмей, быж-тыж болғанын көрсең!Ол. – Бейшара кемпірдің өзі секілді кәрі, сықырлауық диваны бар. Сонда таңертеңнен кешке дейін жатады да қояды. Жанарына көзім түсіп кетсе, денем түршігеді, құдды өмір өшіп қалған секілді, жан жоқ!Сағима. – Қой, мен кетейін.Ол. – Кетпеші, Сағима. Жалғыз қалудан қорқамын. Жалғыз қалсам болды, мынау бөлмедегі заттар қозғалып, маған шабуыл жасайтындай көрінеді.Ол. – Білесің бе, соңғы айларда түсім мен өңімнің арасындағы шекара бұзылып, мең-зең боп жүрмін. Өмірдің өзі түс секілді болып кетті. Бір ғажабы, сол елестердің барлығы, мең-зең қалпым, атқан күннің алғашқы сәулелерімен жоғалады. Күндіз нағыз адам секілді өмір сүрем де, түнде мына тозақ қайта басталады. Әбден титықтап біттім.Сағима. – Дем алғаның жөн ғой. Жүйке ауруларын емдейтін курортка жолдама болса, алсаңшы.Ол. – Бәрін тастап, ауылға қайтсақ па екен? Тек қана рухани емес, тәни дағдарысқа түскенімді сезіп жүрмін. Ауылға барып, әйда-а-а... Не ішем, не кием демейміз. Ағайын-тума қасымымызда...Сағима. – Ауылға қайтайық дейсің... Ел-жұрт өсектеп айтпай ма, содан соң. Әне, «пәленшенің баласы астана, астана деп асқақтап, дәнеңе бітірмей, қаланың шаңын қауып, ақыры екі тісіне екі чемоданын қыстырып, сүмірейіп кеп тұр» деп. Сен үшін қайту деген – жеңілгеніңді мойындау емес пе?Ол. – Иә, мойындау! Мойындамағанда қайда барасың? Қазіргі уақытқа тұлға керек емес екен, айтқанына көніп, айдауына жүретін, қуыршақ заңдылықтарын мойындап, соған мойынсұнатын, ысқаяқ, ортаңқол адам керек екен! Енді қайтпекпіз? Кейде еденді тепкілеп айқайлағым келеді.Сағима. – Ақырын, ақырын!Ол. – Ақырын дейсің, менің далаға шығып алып, айқайлағым келеді! «Оу, адамдар, сендерге тұлға керек емес пе?» деп (үнсіз қалады). Шіркін, біздің өз үйіміз болса ғой! Мүлдем басқаша өмір сүрер едік қой...Сағима. – Армандаумен қанша жылымыз өтер екен?!Ол. – Қиыншылықтар көп-ау өмірде! Мен қазір еш нәрсеге сенбейтін болдым. Өйткені, өзіме деген сенімімді жоғалтқанмын. Егер, осыдан бір ғасыр бұрын Мопассан шал – «Будущее принадлежит пройдохам» деген болса, әлі де солай сияқты. Ту-у, қалай-қалай, сілтеп жібердім, а! (Күледі). Шашың үрпиіп кетіпті-ау! Ертеңгі болатын жиналысқа дайындалып жатырмын, шошыма!Сағима. – Заман, заман... Қоғамға қарсы уәж айтып, жын ұрды ма? Бәріміз де соның құрбандарымыз. Үй, үй деп қағанағымыз қағылып, сағанағымыз сарқылғаны да соның ызғары-ғой!Ол. – Иә, үй дейсің! Үй, шаңырақ!.. Мынау тиянағы тайып, беймәлімге кұлдыраған дүниеде, ғасырлар бойғы ұстанған салт-жоралғыларымызды күл-талқан, ысырап қылған заманда өз еркіңмен жүріп, жаныңның қалауымен өмір сүре алатын жалғыз баспана – өз үйің, өлең-төсегің болмай ма? Айнала әлемдегі алты ауыз аярлықтан қашып құтылар жалғыз түтінің – үйің, көтерген шаңырағың емес пе? Шіркін үйіміз болса ғой!.. Өз қалауымызбен өмір сүріп, ең болмаса ошағымызға береке орнатуға тырыспас па едік. Асқаржан да ортамызда болса...Сағима. – Асқар! Асқаржан! Сен неге бітеу жараның қабығын тырнадың! Асқарым менің! Жаным менің! Неге ғана еске түсірдің сен! Есіңде ме? Есіңде ме?Ол. – Есімде, есімде... Есімде...(Ол жолдың айрығында тұр. Өткен машиналардың шуылы. Қолын бұлғап, тоқтата алмай әлек).Ол. – Құдай-ай тоқтасаңшы! Жер – дүние төңкеріліп түссе де, тоқтасаңшы! (Машинаның тоқтаған даусы естіледі).Жүргізушінің дауысы. – Не боп қалды, соншама? Дөңгелектің астына түсе жаздадың ғой?Ол. – Ағайын, тұла бойы тұңғышымнан айырылып, сорлап қалдым.Жүргізушінің дауысы. – Не дейді?Ол. – Пәтерден-пәтерге көшіп жүргенімізде баламызға суық тиіп, қайтыс болды.Жүргізушінің дауысы. – Енді не дейсің, маған?Ол. – Сол баламды зиратқа апарып жерлейін деп едім, ешбір адам алмай қойды. Өлік алып жүруге ешкімнің дәті бармады. Ағайындар-ау, оны жерлеу керек қой. Жерлеу бюросында басы артық бір машина қалмапты. Бәріне тапсырыс берілген. Ерсілі-қарсылы жүгіріп табаным тозатын болды. Көму түгілі, өлікке жер алудың өзі қиямет-қайым екендігін кім білген! О, құдай, о дүниеге аттандырар болсаң, туған ауылымда аттандыра гор! Бүйтіп жер басып жүргеніме болайын!Жүргізушінің дауысы. – Қап, әттеген-ай, мен тапсырыспен бара жатыр едім. Жолымыз бір болса, ала кетейін деп тоқтап едім. Сөкпе, інішек, асығыспын!Ол. – Ағатай-ау жерлеу керек шығар, оны! Бұл өмірден орын табылмаса да, о дүниеде орны болуы керек қой! Сіз – оныншы...Жүргізушінің дауысы. – Ренжіме, інішек! Асығыс едім. (Кетеді).Ол. – Тәңірім-ай, енді қайттім! Сағима, сен не дейсің? Сен не ақыл бересің?(Сағима шығады. Екі қолын алдына жайып, жылап келеді).Сағима. – Көршіміз айтады... «Үлкен чемодандарың болса, баланың денесін соған салып алыңдар!» – дейді. «Сонда жүргізушілерге сездірмей, денесін зиратқа алып баруға болады» – дейді.Ол. – О, дүние! Ақырғы сынағың осы болса, оған да көндік! Алып кел, чемоданды! (Азан-қазан шу, машина гүрілі, шулаған адамдардың дауысы. Сағима чемоданды алып келуге кетеді).– Ендігі көргеніміз осы еді! (Сағима екі қолымен көтеріп чемоданды алып шығады. Лезде қайта барып, күрек алып келеді). – Тоқта! – Тоқта! (Чемоданды қолына алып, әлдилеп отыр).– Әлди, әлди, ақ бөпем. Ақ бесікке жат бөпем...Ол. – Бұл дүниеде саған орын таба алмадым, жаным! Кеш мені, кеше гөр!Сағима.– Әлди, әлди, бөпешім!Қозы жүнді көрпешім.Жұрт сүймесе, сүймесін,Өзім сүйген бөпешім...Ұйықтай ғой, ұйықтай ғой!..Ол. – Сенің ақ көгершін жаныңды қара жерге қидым, жаным! Кеше гөр, кеш мені! Әлди, әлди бөпешім! Қара топырақ – ендігі анаңның қойны, жаным! Қара жер – бесігің! Бұл дүниеде жер басып жүру де сын маған! Кеше гөр, кеш мені! Күнәһар әкеңді кеше гөр! Сенің алдыңда қайтпас күнәға баттым. Бұл дүниеге әкелгенім үшін де, бұл дүниеден мезгілсіз өткенің үшін де!.. Жылуы тарқаған мынау әлем үшін де, мейірімі жоғалған адамдар үшін де! Кінәлімін, жаным! Мүмкін, ақ көгершін қалпында ерте аттанған сен бақыттырақ шығарсың, біздерден! Кешіре гөр, жаным! Аз күн ғұмырында әке боп жарытпадым!– Әлди, әлди бөпешім!Көзімнің ағы-қарасы,Жүрегімнің парасы.Дүние қамды ойлатпас,Көңілімнің данасы.Әлди балам, әлди!(Жер шайқалғандай болды).(Жарық сөнеді. Қайта жанғанда, бұрынғы көрініс. Тек Сағима бетін басып жылап жібереді де, бөлмесіне жүгіріп кетеді. Ол аяңдай басып диванға келіп отырды. Сахнаның алдын ала аруақтар өтеді. «Олар» көп, бірақ барлығының түрі, киімі бірдей).Ол. – Қуыршақтар! (Аруақтар оның диванын айналып билей бастайды).– Жоқ, жоқ! Жеңе алмайсыңдар! Мен бүгіннен бастап сендерге күрес ашам!(Бишілер хоры. Әндетіп).Жынның арғы атасы Кент – бураЖын атасы Сары Азбан.Әуре қылма, сен Азбан.Жын атасы Бердібай,Жын ұраны – екеу-екеу.Аспандағы менің бес перімҚырық пышақ салдырып,Қырық ине маған түйретіп,Төбеме айдар қойдырып,Жынға мойын қойдырып,Көнбегенге көндіріп,Қу ағашқа төндірген,Ақ сақалдыдан бата алдырған,Ақ сарыбас қойды сойдырған,Бес бала – бес асау тай үйге кіргізген,Ерегескен жерге дерт салған,Жын болып байланған,Кірпі болып айналған...(Ол орнынан тұрып, екі қолын сермеп, қорғанып, аруақтардан қашып жүр).Ол. – Жақындама дедім ғой! (Қолын көтеріп, ұруға оқталады да, кілт тоқтап қалады). Япырмау, мынау! Мынау! Қосшы! Сенбісің? Балалық шағымның елесі – Қосшы.Қосшы. – Иә, мен ғой, танымай қалдың ба?Ол. – Неге танымаймын? Сені танымағанда! (Қалғандары сахнаның түкпіріне кетеді). – Көзің неге қып- қызыл! Ішіп алған адамдайсың-ғой, өзің!Қосшы. – Әй, қайтесің соны. Одан да халіңді айтсаңшы!Ол. – Жағдайымды хатта айтып едім ғой, алған жоқсың ба?Қосшы. – Айтқандай, сол хатыңды алғанмын. Тіпті, қазір де қалтамда болуы керек.Ол. – Өзіңмен алып жүрсің бе?Қосшы. – Иә. Мұндай хатты маған енді кім жазады дейсің? Шынында да, қызық хат қой, өзі! Мен оқуын оқысам да, түк түсінбедім.Ол. – Оның түсінбейтін несі бар?Қосшы. – Айтқандай, Жетпісбайды көресің бе?Ол. – Жетпісбай? Ол қайда?Қосшы. – Әне тұр ғой! Мен қазір алып келейін. (Биші-аруақтардың тобынан 2-бишіні алып келеді. 2-биші жақын танысын көргендей оған құшағын ашып ұмтылады).Ол. – Жәке! Қалың қалай достым? (Құшақтасып көріседі). Хал қалай, Жәке?2-биші. – Жаман емес, өзің қалайсың?Ол. – Шүкір! Қайдан жүрсіңдер, бәрің? Жиналып қалыпсыңдар-ғой, түге! Ауылда біреу қалды ма?Қосшы. – Жәке, жаңа ғана біз баяғы балалық шақтағы «ерліктерімізді» еске түсіріп жатыр едік.2-биші. – Қандай ерлік?Қосшы. – Есіңде ме, қарбыз ұрлағанымыз?Ол. – Есімде, есімде ғой. (Барлығы күледі). –Тоқта, тоқта! (Ұйқыдан оянғандай, жан-жағына қарайды). Тоқта! Қосшы! Жетпісбай? Осы мен түс көріп тұрғаннан саумын ба? Жеті түнде бұлар қайдан жүр? Сағима! Сағима деймін!Бишілер. – Әйеліңді қайтесің? Айда-жылда бір кездесеміз, шүйіркелесіп әңгімелесейік те!Ол. – Жоқ, жоқ. Сендер маған жақындамаңдар! Қуыршақтар! Іші-бауырыма кіріп бара жатқандарын қарашы! Мені әзәзіл сөздің отымен алдамақшы! Сөйтіп, қақпанға түсірмекші. Кетіңдер! Жоламаңдар маған! Сағима!(Бишілер жақындап келеді. Оны қоршай түсуде).3-биші. – Мен алдыңда тұрмын ғой, көрмей тұрсың ба? Келе ғой енді! Мен Сағимаңмын ғой.4-биші. – Балам, шешеңді танымай қалдың ба? Келе ғой, күнім!Ол. – Жоқ, жоқ! Сендер қуыршақсыңдар! Мені алдап қолға түсірмекшісіңдер! Жоқ, жоқ!(Қоңыраулы сағат шырылдайды. Соның артынша, сахнаға жарық кеулеп ене берді. Сахнада жарық молайа түскен сайын, бишілер сахнадан бірте-бірте жоғала бастайды. Олар әбден көрінбей кеткен соң, Сағима шығады. Қолында жұмыс киімдері).Сағима. – Сен тұрып алғансың ба? Мә, киімдеріңді ал, кеттік тезірек! Сегіз жиырмадағы автобусқа үлгермесек, жұмыстан кеш қаламыз. Бол, тез, тезірек! (Абыр-сабыр жүгіріс басталады). – Неғып тұрсың? Болсаңшы! Мен кете беремін онда. Жақсы. Мен кеттім!Ол. – (Өз-өзіменен сөйлесіп). Не айтам, сонда? Үйсіз-күйсіз жайымды айтам ба? Үйде де, жұмыста да қиюы қашқан тірлігімді айтам ба, әлде? Әлде түстерімді, ізімнен қалмай аңдыған көлеңкем туралы айтам ба? Алдымен жағдайымызды жасап беріңіздер, содан кейін іргелі іс талап етіңдер деймін бе? Мұның тым батылдау-ау! Жоғарыдан келген жауапты қызметкерлер қатысады деп еді... Батылдық менің не теңім?.. Әлде мекемедегі моральдық ахуалдың жастар жанына зияндығы туралы айтсам ба екен? Бұл да батыл ой-ау. Жиналыста сөйлеп көрмеп едім, қап! Әлде бәрің де барып тұрған дарынсызсыңдар деп көздеріне шұқиын ба? Жып-жылы орнымнан айырылам-ау! Осы, студент кезімізде әжептәуір батыл да, батыр сияқты едік, қайда кеткен?.. Қап, ештеңе айта алмай, сасып-абдырап, қарайған жұрттың алдында ұятқа қалмасам болар еді!.. Әлде бізде бәрі де жақсы, бәрі тамашамен сырғып шықсам ба екен? Түлен түртпесе болды да! Анау көршім - «Сенің тіліңнің қышымасы бар» деп қағытушы еді... Жастар дейді. Жас болсам, жас-ақ шығармын! Алайда, басқаның қамын ойлайтын мен кім едім, сонша? Халықтың қамын ойлау қайда? Тым-тырыс өз тіршілігімізді өзіміз күйттеп жүрген көптің бірі емеспіз бе? Жастар туралы дейді. Халықтың қамын ойлар мен кім едім, сонша? Құрысын, бәрі!Шымылдық.ІІ-бөлімҚарапайым кабинеттің көрінісі. Жеті стол. Есігі аңырайып ашық тұр. Оның столының жанында Ф.М.Достоевскийдің портреті. Кабинетте алты адам. Үшеуі еркек, үшеуі әйел. Қабырғадағы сағаттан көкек дыбыстайды. Ол екпіндеп бөлмесіне енеді.Ол. – Саламатсыздар ма? Тағы да кеш қалдым-ау, деймін. (Отырғандармен амандасады). Екі автобусқа міне алмадым. Адам көп екен. Халдарың қалай?2-көрші. – Өзің қалайсың? Тағы да түні бойы түс көріп шықтың ба?Ол. – Жер тайғанақ болғасын ба, автобустар жай жүреді екен...2-көрші. – Ақталып қайтесің, күндегі әнің ғой.Ол. – Ақталмағанда қайтеміз енді, әйтеуір өздеріңнің арқаларыңда тірі жүрміз ғой. (Орнына отырады). Та-а-к, енді жұмысқа кірісеміз.1-көрші. – Жаңалықты естідің бе?Ол. – Қандай жаңалықты?2-көрші. – Е-е, ол қайдан естісін. Сыртқы дүниемен байланысын үзгелі қашан.Ол. – Шын айтам, естіген жоқпын.1-көрші. – Жолдасты жоғарылатайын деп жатқан көрінеді.Ол. – А-а. Қай Жолдасты?2-көрші. – Көрші бөлмедегі ше!Ол. – Е-е, өзіміздің Жолдас па?1-көрші. – Иә, соны.Ол. – Дұрыс бопты, жас қой, өссін.1-көрші. – Біз де жас емеспіз бе?Ол. – Болсақ ше?1-көрші. – Және біз одан бұрын келгенбіз мұнда. Жолдас, мысалы сенен бес жас үлкен. Соған қарағанда әңгіме жаста емес.Ол. – Енді неде?1-көрші. – Кім білсін, мүмкін бастықтарға жағына білетін шығар. Түні бойы мың ойланып, мың толғанып шешуін таба алмадым.          2-көрші. – Мүмкін, бастықтың бірдеңесі шығар?1-көрші.– Әй, қайдам. Меніңше, бірінші орынбасарға жақын.2-көрші. – Қай жақтан еді, өзі?1-көрші. – Білмейді екем. Жақаннан сұрайық та?2-көрші. – Сұрап көрші, Жақанның білмейтіні жоқ.          1-көрші. – Сен білесің бе?          Ол. – Жоқ, білмеймін.1-көрші. (Телефонмен звондайды). – Саламатсыз ба? Бұл кім екен? А-а, Әсеке, саламатсыз ба, саламатсыз да? Халіңіз қалай? Денсаулығыңыз?.. Жұмыс барысы... Жоспарларыңызды бітіретін түрлеріңіз бар ма? ...Біз де сол... бітіріп қалдық. Не жаңалықтар бар?.. Бізде де еш жаңалық жоқ... Сол, жүріп жатырмыз. Бүгін жиналыс жоқ па?.. А-а, иә, иә... Жәй әншейін... Басқа не жаңалықтар бар? Жақсы онда, жақсы, жақсы. Әсеке, Жақан бар ма екен? Бізге келіп кетсін деп айта салыңызшы. Рахмет, рахмет! (Телефон трубкасын орнына қояды) Түу-у-у! Қандай зымиян, а? Дым білмейтіндей, момақансуын көрдің бе? Жақан қазір келетін болды, бәрін содан білеміз. Жүр, есіктің алдына шығып тұрайық.2-көрші. – Жүр.(Асыға басып Жақан келеді. 1-көрші мен 2-көрші есіктің жанынан қарсы алады).Жақан. – Уа, армысыңдар, нояндар?1-көрші. – Бар бол ботақаным!Жақан. – Жағдайларың қалай?1-көрші. – Жаман емес. Өздерің қалай? Жоспарды қайттіңдер?Жақан. – Е, қатырдық қой. Сендер сияқты, сағыздай созып, тоқсанның аяғына дейін жүреді дейсің бе?2-көрші. – Не жаңалық бар?Жақан. – Бізде еш жаңалық жоқ, өздеріңде болмаса.2-көрші. – Жолдасты жоғарылатып жатқан көрінеді ғой?Жақан. – Иә.1-көрші. – Сол баланың өзі қай жақтан еді?Жақан. – Соны да білмейсіңдер ме, анау ауылдың баласы ғой.2-көрші. – Е-е, онда түсінікті болды.Жақан. – Не түсінікті болды? Мен түк түсінген жоқпын. (Ол келеді).Ол. – Өңшең қырттар жиналыпсыңдар ғой!Жақан. – Амандық жоқ, саулық жоқ, бұл қай басынғаның.Ол. (Кекетіп) – Ассалаумағалейкум, отағасы. Бір емес екі қолымды, ол аз болса жүрегімді қосып ұсынайын.Жақан. – Қалай, жағдай?Ол. – Нешауа, жаман емес, өзіңіз қалай? Бала-шаға, мал-жан аман ба?Жақан. – Шүкір.Ол. – Тағы да кімді сыртынан балағаттап жатырсыңдар?Жақан. – Мынау көршің Жолдасты бастықтың балдызы қылып шығарды.Ол. – Е-е, несіне таңданасың? Мұның оны он орап алатын болжамдары бар. (Күледі). Алматыдағы қай адам қай зиялының туысы, қай зиялы – қай жердің адамы – бәрін осыдан сұра.1-көрші. – Енді, Жолдас үлкен ауылдың баласы болса... бастықтың үйіндегі кісі де сол жақтан ғой.Ол. – Болса несі бар?1-көрші. – Менікі, жәй жорамал, әрине. Әйтпесе, басқада шаруам жоқ.2-көрші. – Ал енді мен бір әңгіме айтайын. Өткенде аттестация болып еді ғой. Сонда Жолдастың бөлім меңгерушісі үлкен бастыққа айтқан екен.1-көрші. – Не деп?2-көрші. – Осылай да осылай.Ол. (қолын сілтеп). – Әй, сендердің де өсектерің таусылмайды екен, түге! (Орнына барын отырады).1-көрші. – Мынау не деп кетті?2-көрші. – Не десе де, сөзі тегін емес.Жақан. – Әй, қайдам, әйтеуір ап-анық дүниені тұмандатады да жүреді.1-көрші. – Шизофреник!2-көрші. – Қайтесің, қанша тіл тигізгеніңмен, сен оның істегенінің жартысын да тындыра алмайсың.1-көрші. – Не тындырып қойыпты, сонша?2-көрші. – Білмегендей сұрайсың-ау. Сенің тірлігің баршаға белгілі. Ол өткен жылы анау газетке бір-ақ мақала шығарып, ұлттық деңгейде пікірталас тудырған жоқ па.1-көрші. – Жақан, мен күндегіше сағат онда телефон соғамын, жарайды ма?Жақан. – Жақсы, мен кеттім.(Барлығы орындарына отырады).(Телефон шылдырлайды. Ол көтереді).Ол. – Алло! Саламатсыз ба? Мен тыңдап тұрмын. Кім? А-а! Сіз бе? Жағдай жаман емес. Өздеріңіз? Хабар? Е-е, телевизия хабарын айтасыз ба? Енді қазақша айтқанда, менің бетімді ашқан өздерің ғой. Тағы? Қашан? Япырмай, адам құсап тыныстаймын ба деп отыр едім... Ертең? Арғы күні? Қанша минут? Елу? Материал көп керек қой, оған. Қалай бітірем? Бір апта уақыт берсеңдер, жазуға болар еді. Соңғы кездері әбден шаршап жүрмін. Қанша? Та-ак? Онда ойлану керек екен? Не туралы еді? Сіздер мені әмбебап қылатын болдыңдар-ау. Қап, ақшадан тарығып жүр едім, ойланатын шаруа екен. Ім-м!.. Жақсы онда. Келістім. Ертең арғы күні... ертең? Оу, жаңа ғана келісіп едік қой. Бүйтіп тапқан қаламақысы құрысын! Жақсы, жақсы! Сау болыңыз! (Трубканы қояды).Ол. – У-уф! Нағыз рухани бизнесмен болып кеттік қой, өзі.2-көрші. – Өмір сүргің келсе, «инемен құдық қазасың» әлі.1-көрші. – Соңғы кезде ұсақ-түйекке әуес боп барасың.Ол. – Қайтеміз, енді? Бала-шағаны асырау керек. Әйтеуір, әлдекім секілді бала жұбатарлық болымсыз дүние жазып жүрген жоқпын.1-көрші. – Қайдам, қиратып жүрген шаруаң шамалы сияқты.Ол. – Қиратып жүрмесем де, сен секілді өз-өзімді қинап, қара бақыр үшін күшеніп өлең жазып жүргенім жоқ, шырағым!1-көрші. – Немене! Не дедің? (Орнынан тұрып Оның жағасынан ала түседі. Екеуі ұмар-жұмар төбелесіп жатыр). Қарай гөр, көсемсуін! Көрсетермін мен саған! Көтіңе қара! Кімді сынағың келеді, әй! Шиеттей бала-шағаңмен кісі есігін тоздырып жүріп кімге күлесің, әй, сен! А?! Бала-шағаңды асырамақ түгілі сәбиіңді шетінетіп, тоз-тоз боп жүріп, кімге күлмексің, ей, шірік!(Оны әжептәуір сабап тастайды. Жұрт жапырылып екеуін айыра алмай әлек). Жазса несі бар екен? Шамаң келсе, сен де жазып көр! Сен де кітап шығарып көр! Көрейін көтіңді!Ол. (тырмысып, жұдырығы жетпегесін тілмен түйреп жүр). – Шетінеген ұлымда не жұмысың бар, иттің баласы! (Ұмтылады). Сен аурусың! Ұлымда не жұмысың бар, шошқа! (Сылқ етіп орнына отыра кетеді. Бет орамалымен аузын, мұрнын, көз жасын сүртіп отыр. 1өршісін қасындағылары қақпақылдап орнына отырғызады).Ол. (өз-өзімен сөйлесіп отыр. Көз жасын сүртіп қояды). Аурусың! Ақындық – қазақтың ұлттық ауруы!Ол. – Иә, ауруы. О, несі-ай! Бала-шағамда несі бар? Ит-ай, ә! Екі ауыз сөздің басын құрай білсе, ақынмын деп төсін қағып, тірі жанға жол бермейді. Олардың ойынша ақын болудың негізгі шарты – сол. Екі сөздің басын құрай білу. Өзін-өзі алдап жүргені. Ауру! Мен де аурумын! «Сен де аурусың!..»(Қабырғадағы сағаттан көкек дыбыстайды).Ол. – Ку-ку деген міне осы! Ку-ку!(Отырғандар аң-таң. 2-көрші жәй басып жанына келеді де Оны түртіп қалады. Ол селк ете түседі).2-көрші. – Саған не болған? Ең құрығанда өз-өзіңді аясаңшы! Жүр, жуынып келейік.(Екеуі шығып кетеді. Сәлден кейін жуынып, тазарып, қолтықтасып кіреді).2-көрші. – Сырасы керемет екен, несін айтасың! Сап-салқын!Ол. – Онда бүгін жиналыс біткен соң, сыраханаға тартып отырайық...(Орындарына отырады).Ол. – Түс болып қалыпты ғой. Тұрмаймыз ба. (Бәрі орындарынан өре түрегелді).2-көрші. – Бүгін қайдан тамақтанамыз?Ол. – Барсаңдар барыңдар. Мен аздап жұмыс істейін және ауылдан апам хабарласуы керек еді.2-көрші. – Менде бар. Кейін айлықтан қайтарарсың, берейін.Ол. – Жоқ, жоқ. Өзімде де бар. Таңертең үйден алып шыққанмын. Сендер жоқта аздап жұмыс жасап тастайын. Бүгінгі жиналыста сөйлеуім керек. Оған да аз-мұз дайындалу керек. Бұрын-соңды мұндай ірі жиналыста сөйлеп көрмеп едім. Қап, қайдағы шайтан айдап, келісе қойып едім...2-көрші. – Өзің біл, біз кеттік.(Бөлмеде Ол жалғыз қалады. Жағын таянып қиялдап отыр).Ол. – Иә, өмір дегенің – баянсыз жүгіріс болды-ау. Міне, жақында жиырма жетіге толады екенмін. Не бітірдім? Стендаль бұл жасында көпір үстінде шашын жұлып «мен не тындырдым?» деп жылаған екен. Ал, мен ше? Мен не тындырдым? Тіпті, жылауға мұршам бар ма? Қап, жиналыста не айтсам, енді? Қай түлен түрткенін. Тым қорқақ болып барам. Баяғы батылдық...(Осы кезде бөлмеге бір бала кіреді).Ол. – Сен кімсің?Бала. – Мен бе, мен – Сенмін.Ол. – Не?Бала. – Мен – Сенмін деймін.Ол. – Мен екенімді қайдан білесің?Бала. – Сен өзіңнің Кім екендігіңді білесің бе?Ол. – Ы-м!... Мәселе былай ғой.Бала. – Иә, солай. Мен – Сенмін.Ол. – Ал, ендеше, отыр, әңгіме айт.Бала. – Қандай әңгіме керек саған?Ол. – Өзің туралы, жоқ, Мен туралы.Ол. – Айта ғой.Бала. – Олай болса, әжеңнің алдында берген сертіңді әлі күнге дейін орындамай жүргенің не? Мүмкін сен ұмытып та кеткен боларсың?Ол. – Жоға! Қалай ұмытайын! Ер жасына келіп, өз қолым өз аузыма жеткеннен соң басына ақ мәрмәрден белгі қойып, жанына тал егемін дегенмін!Бала. – Олай болса, мен, мен ғана емес, әжеңнің аруағы сені күтіп-күтіп сарғаятын болдық. Көкжиекке жүгірте-жүгірте көз талды, үміт азайды. Ауылға ілуде бір келгеніңде әжеңнің басына құран оқымақ түгілі, ат ізін салуды қойдың!..Ол. – Ойбай-ау, қайтемін енді. Менің мойнымда да тіршіліктің зілбатпан қамыты жатқан жоқ па?!. Әлде де кеш емес қой!..Бала. – Қош! Жақсылығың болса көрерміз әлі.(Ғайып болады).Ол. – Ау, қайдасың? Өң мен түстің арасында дүбара тірлік кешетін болдым-ау. Біресе қайдағы бір жұмыртқа түсіме кіреді. Аздап мызғып алсам ба екен? Тоқсанның аяғы да жақындап қалды. Жоспарымды орындай алар ма екенмін? Жиналыс. Қап, әй, ә! Қай күйімді айтам? Басыма бәле тілеп алдым-ау. Нем бар еді, келісіп! Қап, анау кісілердің алдында... жатақханаға өліп-талып енді жеттім бе деп едім. Ұнамай қалсам, одан да қағылам-ау.(Орындықтарды қатарластырып қойып, қисая кетеді. Жарық бірте-бірте өшеді).Іле-шала қалған адамдар да келе бастайды. Телефон шырылы.Ол. – Алло! Да, да, зақазывал! Жду! Жду! Ауылмен сөйлесуге тапсырыс беріп едім.Дауыс. – Алло, алло!Ол. – Иә, иә, апа! Тыңдап тұрмын!Дауыс. – Балам, қалың қалай, амансыңдар ма?Ол. – Аманбыз, апа! Өзіңіз қалай? Күйлі-қуаттысыз ба?Дауыс. – Шүкіршілік, балам!Ол. – Денсаулығыңыз қалай? Ауру-сырқаудан амансыз ғой?Дауыс. – Аман, аман! Пәлендей жаңалық жоқ.Ол. – Апа!.. Бала қалай, апа?Дауыс. – Шүкір, шауып жүр. Келесі аптадан бастап балабақшаға баратын болды.Ол. – Дұрыс болған екен. Өткенде ауырыңқырап жүр деп едіңіз?Дауыс. – Иә, біраз тұмауратып қойды.Ол. – Содан?Дауыс. – Қазір тәуір. Көршілердің балаларымен ойнап жүр.Ол. – Солай деңіз. Апа, келін балаңыз қыңқылдап, мазамды алып жүр.Дауыс. – Не деп?Ол. – Сағындым дей ме, қайтадан алып келейік дей ме?Дауыс. – Оған күйлерің көтере ме? Немеремді өзім бағып-қағармын, шырағым. Ел-жұрт бар. Алаң болмаңдар! Келінге айт, сағындым дегенді қойып, шаруасын түгендесін! О, несі-ай, ет-бауыры елжіреп бара ма?Ол. – Солайы солай ғой. Мен де айттым, бірақ, түсінетін кім бар?Дауыс. – Алло, алло, балам, тыңдап тұрмысың? Алло!Диктафон. – Уақытыңыз бітті.(Байланыс үзілді. Телефонның дауысы әлсін-әлсін бүкіл залды кернеп тұр).Ол. – Ал жігіттер, менің бір тығыз шаруам боп тұр. Одақ жаққа барып келсем деп едім. (Шал кіреді).Осы кезде сахнада таяғын сүйреткен Шал пайда болады.Шал. – Ту-у-х, басым-ай! Мейірім қанып шәй ішпегелі қашан! Нем бар еді! Ана қушұнақтарды жіберу керек еді. Оу, балаларым! Мен ауылдан келіп едім. Құрымағыр, бір жерді шиырлап бір жарым күн жүрдім. Баламды іздеп жүрмін.(Отырғандар Шалға ізет көрсетіп, отырғызып жатыр).Ол. – Кімді іздеп жүрсіз, ақсақал?Шал. – Баламды. Былтыр жазда, мектеп бітірісімен астанаға оқуға барамын деп, қашып кеткендей болып еді. Көп ұзамай, зоотехник дей ме, соның оқуына түстім деген хабары да келген. Содан қыста каниқұл дей ме, әйтеуір демалысқа келемін деп хат жазған. Әлі жоқ. Міне, күтіп- күтіп, өзім келіп отырмын. Ауылдағылар газет-журнал жағала, нағыз қазақ жігіттері сонда дегесін, келіп отыр едім, қарақтарым. (Шақшасын алып, насыбайын атады).Қызметкерлер. – Ойбу, аты-жөні кім еді? Зооведттің қай факультетіне түсіп еді? Сонда бардыңыз ба? Деканға кірдіңіз бе? Ата-ау, біз қайдан білейік!Шал. – Қарақтарым, келгенім кеше ғана. Жекжат-жамағайын жоқ мұнда, жөн сілтейтін. Түнде вокзалда жаттым. Қайтейін енді. Ұры-қары көп деп еді.Қызметкерлер. – Ал, енді не істедік? Кімнің қолы бос? Қолы бос кім болушы еді, тәйірі! Ал, не істейміз? Оған айтсақ қайтеді? Айтсақ, айтып көрелік!Ол. – Жігіттер! Мен қуана-қуана барар едім. Бірақ кешкі жиналысқа дайындалуым керек!Бәрі. – Жөн сілтеп жіберсек қайтеді!Ол. – Ата, бері келіңіз. Мен сізге жөн сілтеп жіберейін! (Екеуі шығып кедеті).Ол. – Солай, ата! Сөйтіңіз!Шал. – Рахмет, айналайын, көсегең көгерсін. Қайтемін енді... (Кетіп бара жатыр. Ол соңынан ұзақ қарап, қол бұлғап тұр. Кетуге ыңғайланды. Жолдас кіріп тоқтатады).Жолдас. – Қайда асықтың, бәтшағар! (Жүрісі маңғаз. Ақ галстук тағып алыпты. Қолында портфель). – Асықпа, – ім, қандай іс болмасын, асықпай, сабырмен істеу керек. – Ім-м! (Жан-жағына қарағыштап, мұрнын шүйіріп жүр). Тым жұпыны екен. Кедей тұрасыңдар екен! Шама келсе, алшаңдап басып, кең шайқалғанға не жетсін. Өмір сүре білу керек. Ойланып-толғанып – «жеті өлшеп, бір пішіп» жүруге уақыт жоқ, қазір. Заман басқа. «Болу һәм болмау» деп мәңгіріп жүретін зиялысымақтарды өз басым жек көремін. Ап-анық дүниені тұмандатып... «Қолдан келсе, қонышынан бас». Қарайлама! Қапы қаласың! Үлкендер де қазір соны ұнатады. Кең жүріп, шалт қимылдайтындар керек оларға. Өздері саусағын тигізбей тасада қалып, біздердің қолымызбен ойлағанын жасайды. Біз бір-бірімізге керекпіз. Бірімізсіз біріміздің күніміз жоқ. Тасада қалса, қала берсін! Бәрібір жасайтын біздер. Дүниенің тұтқасы – біздер. Оларды пайдаланып билікке қол жеткізсек, келесі күні-ақ аяқтарын аспаннан келтіреміз... Вот так, жігіттер! Қапыда қалмаңдар! Өмірде еркін жүріп, белуардан кешіңдер! Ха-ха-ха! (Оның арқасынан қағады).Ол. – Айтқаныңызға құлдық тақсыр! Сіздің ақыл-кеңестеріңіз дәл қазіргі сәтте керек-ақ еді, әттең... Шаруам боп тұрғаны... Өзіңізге арнайы іздеп барып, ақылыңызды алармыз деген үмітпен табанымызды жалтыратуга рұқсат етіңіз! (Кетеді).Жолдас. – Тоқта! Тоқта! Сен кешкі баяндамаға дайындалуға барасың ғой! Жүр! Қалай жасау керектігін айтып берейін! Қатырып жібереміз. Бастықтың, одан жоғарыдан келетін кісілердің көзіне түсіп қалуың ғажап емес. Мықтап дайындалу керек. (Бірге кетеді).(Бәрі көздерінің ұшымен үнсіз шығарып салады).Мәжіліс залы лық толы адам. Жиналыс жүріп жатыр. Төрдегі столда отырған жиналыс төрағасы орнынан тұрып, оған сөз береді.Төраға. – Мырзалар! Тыныштық сақтауларыңызды сұраймын! Келесі сөзді Оған беремін. Ол жастардың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сөйлейді.(Ол бір қолында қағазы, бір қолында қаламы кафедраға жақындап келеді. Ине үстімен келе жатқандай, аяғын ауырсынып басып, кафедраға жетті. Қағазын қойып, қаламын құдды қағазды сызатындай оңтайлап ұстады).Ол. – Ім-ім! Мырзалар мен ханымдар! Ім-м-м! Ім-ім! Жастар... Мырзалар! Маған бүгінгі жиналыста жастар туралы, олардың көкейкесті мәселелері туралы сөз айту тапсырылған еді. Сондықтан, мен өзім туралы аздап айтып кетсем деймін. Өзім туралы болғанда, мен секілді жастар туралы, яғни өз ұрпағым туралы. Біз, әсіресе, ауылдан қалаға оқуға келген балалар, ата-ананың мейірімінен ерте ажырадық. Институт қабырғасында қабілетіміз ашылғанымыз қалада қалуға бекідік. Тағдыр бізді аямады. Демеп жіберетін адам таба алмағанымыз жылдар бойы сергелдеңге түстік. Кісі есігінің ауырлығын ерте сездік. Көшпенді халық болғасын ба, әйтеуір үй деген біз үшін Отан деген ұғыммен, жалпы әлемдегі тәртіп, ырыс-күйлілікпен бірдей көрінеді екен. Туған үй – жылы ұядан алыстаған шақта қамқоршы болған жан болған жоқ. Мансапқорлар, жағымпаздар, дөкей ұлдары, тағысын тағылар өтіп жатты, өсіп жатты. Біз болсақ, бұғанамыз қатпай жатып майыстық, сындық, шашырадық. Одан аман өткеніміз өз көлеңкемізден өзіміз қорқатын тоңмойын сүмелектерге айналдық. Мұның бәрі шығармашылық мүмкіншілігімізге әсер етті. Үйде ұрыс-керіс көбейді, қазан-аяқ жиі салдырлады, арамызда айырылысу, маскүнемдік артты. Не үйде, не түзде тиянақ көрмей сарсылдық. Жұмыста жарқылдап көріне алмадық. Замана алға тартқан салт-жоралғылардың алдында беліміз майысып, өз бейшаралығымызды мойындадық. Естілеріміз ауылға қаштық.Дауыс. – Сен не деп кеттің? Басқа дөкейлер былай тұрсын, өзіңнің бастығыңның қабағынан қар жауып отыр. Түтіп жіберейін деп отырғандай. Абайла, сақ бол! Арандап қалма! Айтылған сөз – атылған оқ! «Қызыл тіліңе сене берме!» Бастықтарыңның көңілін аула! Күл! Биле!Ол. – Ім-м! Мырзалар! Ім-м! Ханымдар! Енді былай ғой... Енді...(Алдыңғы қатарда отырған Жолдас қатты түшкіріп жіберді. Сол-ақ екен, оның қолындағы қалам – тырс етіп жерге түсіп кетеді. Ол селк ете түседі. Жым-жырт. Ол қаламы түскен жерге бұрылып қарайды да, алмақ болып еңкейеді. Кафедрадан бойы мүлдем көрінбей қалады. Сөйтіп ұзақ уақыт көрінбей қалады... Жұрт аң-таң. Біраз уақыт өткеннен кейін кафедрадан біртіндеп: алдымен үрпиген шашы, одан кейін басы қылтиып көрінеді. Көзінде ешқандай сезімнің табы білінбейді. Ыржиып күліп тұр. Бір кезде... Кенет қабырғада ілулі тұрған қоңыраулы сағаттың бір ұясы сарт етіп ашылады да, көкек-құс дауыс береді.)– Ку-ку! Ку-ку!Ол.(Басын кафедраның о жақ, бұ жағынан шығарып) Ку-ку! Ку-ку.Жұрт өре түрегеліп қаша жөнеледі. Алдыңғы қатарда отырғандар үстеріндегі киімдерін лақтырып тастайды. Сөйтсек, олар әдейі қызылды-жасылды киінген аруақ-жындар боп шығады. Бәрі жиналып кеп, Оны қоршап алады. Хор боп ұйымдасып апты. Дирижері – Жолдас.Жолдас. (қолын сермеп) – Қане, қане!Хор. – Ку-ку! Ку-ку!Жолдас. (Оған) – Қане, сен де қосыл!Ол. – Ку-ку! Ку-ку-ку-ку!Бұл даңғаза шуға қабырғада ілулі тұрған қоңыраулы сағаттың көкегі де әлсін-әлсін қосылады.Жолдас. (Көрермендерге) – Қане!Дауыс. – Ей! Ха-ха-ха! Ха-ха-ха-ха. (Күледі де жылайды. Күледі де жылайды. Дабыра шу. Сайқымазақтар билеп-төстеген кеңістік).Сахнаға Шал кіреді. Бір қолында шам. Сахнадағы кейіпкерлердің әрқайсысына төніп, шамымен жарық қыла ұмсынады.Шал. – Оу, мен адам іздеп жүрмін! Адам! Оу, мен адам іздеп жүрмін ғой! Оу, Адам! Адам бар ма араларыңызда?Шымылдық