ВЕРНУТЬСЯ

Жігіт мейрамханада отыр. Әдеміше келген даяшы қыз тапсырыс алуға жұтынып, қарсы алдында тұр.ЖІГІТ: Атыңыз кім, қарындас?ДИАНА: Диана!ЖІГІТ: Былай болсын, Диана, қарлығашым! Маған «киви-манго» лимонадын, ал мына кісіге... тағы бір махито коктейлін бер!ДИАНА: Жақсы.Сол сәтте, сәнді туфли киген түп-түзу, әдемі аяқтарымен бұрала басып келе жатқан көркем қыз – Ләззат көрінді. Еркек атаулының бәрі аңтарыла қарап қапты. Әйелімен бірге отырған қайсібір жігіт ағасы аузын ашып, сасқалақтағаны сонша, алдындағы тамақ салған ыдыстарын құлатып ала жаздады.Ләззат шылымының күлін әлсін-әлсін қаққыштап қойып, жайбарақат отырған Жігіттің үстеліне жақындады. Дастарқан жаюлы. Отыра беріп, тиісе сөйледі.ЛӘЗЗАТ: Сенде ұят жоқ екен... Енді менің көзімді бақырайтып қойып, мейрамханадағы даяшы қыздармен танысқаның қалып еді...ЖІГІТ: Тиіскен ештеңем жоқ. «Көтеріңкі көңіл-күй» деп аталатын бір сәттік қалжың...Даяшы жөніне кетті, Жігіт көзі сонда. Ләззат оған жаратпай қарап қалған.ЛӘЗЗАТ: Айтпақшы, сен жоқта маған бір жігіт қайта-қайта сүйкеніп, мазамды алды. «Қарындас, сізбен таныссақ бола ма?» – деп қоймағасын: «Менімен таныс-біліс болуды жағдайыңыз көтерер ме екен?» – деп, кесіп тастадым.ЖІГІТ: Қатырыпсың!ЛӘЗЗАТ: Онымен бітсе жақсы ғой. Өзеуреп қоймады. «Менің өз ойынханам бар, соған шақырамын!» деп, қырындады.ЖІГІТ: Сен не дедің?ЛӘЗЗАТ: Менің ойнайтын бір ғана жерім бар – ол Монте-Карлодағы 19-ғасырдан бері істейтін атақты ойынхана. Оған әдетте еркектерді смокингпен, ал, әйелдерді кешкі көйлекпен кіргізеді дедім...ЖІГІТ (жымиып): Жарайсың!ЛӘЗЗАТ: Көп ұзамай барамыз ғой, солай емес пе? Тіпті, келесі аптада кетейікші! Сөйтейікші, жаным!ЖІГІТ (сөздің бетін бұрып): Мына тағамның, пастаның дәмі қалай екен?Жігіт лимонад сораптап отыр. Оның жауабына көңілі аса толмаған Қыз спагетти жеуге кірісті. Ұзын макарондар оның әдемі ернінен салбырап, тәрелкеге құлайды. Қыршаңқы Қыз сөздің де есесін жіберер емес.ЛӘЗЗАТ: Керемет дәмді! Сенің талғамың күшті-ау, Жан!Осы кезде бейтаныс біреу білдірмей келіп, кейіпкеріміздің иығынан салып қалды. Іле-шала Бауырдың екіленген дауысы естілді.БАУЫР: Иә, достым, қалайсың?Жігіт артына бұрылды. Жымиып, шамалы қызыңқырап алған екеу тұр.ЖІГІТ: Таныңқырамай отырғаным...БАУЫР: Қатырады-ей! Канар аралдарын еске алсаңшы! Күні кеше емес пе еді? Бас-аяғы төрт-бес жылда ұмыта қалғаның ба?Жігіт екеуінің бетіне тесіле қарады. Ақыры жүзі жадырап сала берді.ЖІГІТ: Леха? Бауыр?БАУЫР: Е, бәсе!Үшеуі ұмар-жұмар құшақтаса кетті.ЛЕХА: Міне, біздің үштіктің басы тағы қосылды!ЖІГІТ: Танысып қой, Ләза! Мынау – Бауыр, Бауыржан. Ал мынау – Алексей – Леха!Бауыр бикештің саусақтарынан сүйді, Леха қолын қысып жатыр.ЖІГІТ: Осыдан аттай бес жыл бұрын, Ләза, мен мына жалаңаяқтармен Канар аралдарында танысқан болатынмын. Беу, шіркін, сондағы шайқағанымыз-ай!БАУЫР: Әйелім «сол жолы мені ерте бармадың» деп, әлі күнге дейін жазғырады.ЖІГІТ: Әй, жігіттер! Жүріңдер, пәлен-түгенді қойып, бір жерге барып отырайық. Өткен-кеткенді еске алып, шер тарқатысайық!ЛЕХА: Өйтуге болады...Кейіпкеріміз өтіп бара жатқан даяшы Дианаға қолын көтерді.ЖІГІТ: Диана қарлығашым, қане, бізді есептеп жібер.Даяшы есеп қағазын әкелді. Кейіпкеріміз даяшымен несие кәртішкесі бойынша есеп айырысты.ЖІГІТ: Әңгіме былай, Диана-гүлім!.. Өз таңдауыңызбен... бізге, ер азығын – бөрі азығын дайындап беріңіз... (Ол Ләззатқа қарайды)... Үш адамға лайықтаңыз.Ләззат қабағын шытқан күйі залдан шығып кетеді.Жігіт ұсынылған есепшотқа қол қояды.