ВЕРНУТЬСЯ

Түнгі клуб. Би алаңындағы жарқ-жұрқ еткен айқыш-ұйқыш сәуле шашақтарының құшағында жастар билеп жүр. Жігіт билеушілердің қатарын киіп-жарып, әлдебіреуді іздеп жүр. Ақыры бір жас жігітпен билеп жүрген Ләззатты көреді. Жақындап барып, қолынан шап беріп ұстап, өзіне тартады.ЖІГІТ: Ләззат, жүр, кетеміз!ЛӘЗЗАТ: Сәл билей тұрайыншы.ЖІГІТ (қыздың қолын жібермей): Жүр дедім ғой, саған!Ләззаттың жанындағы бозбала әңгімеге араласып, Жігітті кейін ығыстырады.БОЗБАЛА: Ләзаттың сізбен барғысы келмейді!.. Айтпады ма?!Жігіт оны иығынан тартып, өзіне қаратады да, ішінен түйіп қалады. Анау екі бүктетіліп қалады.Ләззат: Саған – мен де бір, тілсіз қуыршақ та бір!..ЖІГІТ: Иә, солай... Қуыршағымсың!.. Басқаның сенде жұмысы болмасын! Иә! Сен менің қымбат ойыншығымсың! Ал, олай емес деп көр!..ЛӘЗЗАТ: Жан! Мен сенен қорқамын!ЖІГІТ: Былай болсын: не сен, қазір менімен бірге кетесің, не, осында мүлдем қаласың! Қайтып көрмейтін болайын!Ол теріс айналып, шұғыл кете барады. Артында абыржи сасқалақтап, Ләззат қалады.Жігіт сыртқа шығып, клубтың кіреберіс баспалдағына отырды. Ұялы телефонын алып терді. Тағы да Қызға хабарласты. Бірақ, ол жауап бермеді. Ләззат клубтан жүгіре шығып, Жігіттің ту сыртынан құшақтай алды. Ал, ол телефонының дисплейінен көз алар емес.ЛӘЗЗАТ: Анда-санда болса да, мені бір түсінуге тырыссаңшы... Бір өзім... Үнемі жападан жалғызбын... Айына бір-екі мәрте ғана жұрт алдына шығамын. Қалған уақытта... Ішім пысып, зерігемін... Сенімен бірге жүріп, көптің көзіне түсе алмайсың. Болмайды! Мейрамханалардағы ұзақты күнге бірге отыратын, іш пыстырарлық кездесулеріміз болмаса, басқа қызық жоқ... Ал менің кейде көңіл көтергім келеді. Достарыммен араласқым келеді.ЖІГІТ: Қысқасы, Сен үшін мен – қартая бастаған, қызықсыз жанмын ғой, солай ма?ЛӘЗЗАТ: Жоқ, Жан! Олай емес! Сенің жөнің бөлек, мен үшін... Бірақ, менде де – кісі сыйлар аздаған қадір-қасиет бар шығар? Менің де етбауыр жақындарым, достарым бар емес пе? Әкем, шешем... Олар менен үміт күтеді. Ертеңіме сенеді, Жан. Ал мен, сәл қателестім білем... Сәл-пәл... Адастым білем... Аздап...ЖІГІТ: Сен бе, адасқан? Жо-оқ! Сен ештеңеден жаза баспайтын жансың... Адасу, қателесу деген саған жұқпайды!ЛӘЗЗАТ: Болды, болды, Жан! Жарайды... Үйге кетейікші! Қайтайық!