ВЕРНУТЬСЯ

Ұялы телефон безілдеп жатыр, бірақ Қыз оған мән беретін емес. Ақыры шырылдап-шырылдап, телефонның да өзегі талып, үні өшті. Қайта-қайта мазасыздана хабарласып жатқан кім екенін Қыз біледі. Бірақ, алмайды. Көтермейді... Өзі ыждағаттықпен сурет салып отыр. Жанында – ежелгі көшпелілер тақырыбын бейнелейтін альбом-кітаптар, киім-кешек, көйлек-көншек, әшекей бұйым үлгілері.Кенет өкпек жел соқты. Балконның ашық тұрған есігінен уілдей еніп, перделерді желпіді. Сол кезде, бөлмені қайта жайғастыру кезінде терезе алдына ығысқан Қыздың әкесінің фотосуреті – желпінген перделердің әсерінен жерге құлады. Әйнегі быт-шыт сынды. Қыз жалма-жан пәрше-пәршесі шыққан суретті еденнен көтерді. Оның бетінде қалған әйнек сынықтарын сыдырып, мұқият тазалады. Тек, сонда ғана, пәтеріндегі үстемдік құрған бөтен тәртіпке, басқа үйлесімге тосын көзбен аңтарыла қарады. Бұрынғы өзі жасаған жинақылықтың, өз қолымен, жанымен орнатқан үйлесім-тәртіптің астаң-кестеңі шығып, мүлде басқа ретпен, жат рәсіммен түзелгенін жаңа көргендей ошарылды. Бәрі қопарыстырылған. Басқаша ретпен жиылған. Соңғы күндерін осы былықтың ішінде өткізіпті.Қыз бір сәт аң-таң қалып тұрды да, білегін сыбана бөлмесін жинауға кірісті. Жиһаздарды, бөлменің күллі көрінісін қайта жайғастыра бастады. Бәрін тап-тұйнақтай етіп, орын-орнына қайтарды. Тіпті, жұмсақ орындықты да теңселте сүйреп, бұрынғы орнына апарды. Шырақтарды жиып алып, қоқыс шелегіне тастады. Бөлме бастапқы қалпына келе бастады. Бұрынғы тәртіп, байырғы үйлесімге орала бастады.Жинастырып біткен соң, кабинетіндегі сөрелердің бірінен үлкен сызба папкасын шығарды. Бауын шешіп, онысын шалқайта ашты. Іші толған кескіндемелер, киім үлгілерінің сызбалары, салынған портреттердің нобайлары. Мынау – әкесінің портреті. Әртүрлі кескіндемелік нұсқалар, тігінен, қырынан қарағандағы сұлбалар, көйлек-көншек, кәстөмдердің сызбалары. Содан соң, ол мольберттен аяқталған суретті алып, оны да әлгі папканың бетіне салды. Сөйтсек, бұл біздің кейіпкер Жігітіміздің портреті екен. Қыз оның жүзіне байыптай қарап алды да, папканы жауып, ыждағатпен бауын байлады. Сөреге қайта орналастырды.Бөлменің ортасында киім үлгілерін кигізетін манекен тұр. Ол асықпай, алдында ЛӘЗЗАТҚА өлшеген көйлекті манекенге кигізді. Жанындағы жатаған үстелшеде – әшекейлі, қырмызы көйлек киген кішкентай қыз баланың, яғни, балдәурен кезіндегі өзінің фотосуреті тұр. Манекендегі көйлек пен фотосуреттегі қызыл көйлектің пішімі мен түр-түсі бір-біріне өте ұқсас. Сол баяғы, он үште өзіне кигізілген желең көйлек. Сол көйлек, енді міне, манекендегі сәнді де, салтанатты кешкі киім үлгісіне айналыпты. Қыз манекеннің басына өзі дайындаған сәукелені кигізді. Үстелшеде – оның кішігірім үлгісі секілді үкілі бөрік жатыр.Аяңдай басып келіп, автожауапшыны тыңдады. Франциядан келген хабар екен: «Біздің ұсынысымызға мүмкіндігінше тезірек жауап беруіңізді сұраймыз». Ол «Жолдама хатты өшіріңіз» деген түймешені басты.ҚЫЗ: Иә, кейдегі істеген бір ісің – бүкіл тағдырыңа татиды...Ойнатқышты қосты. Ырғақты музыка. Танго. Кабинеттегі сандықтан еркек кәстөмін, қалпағымен қоса алып киді. Билей бастады. Адуын ырғақ. Дөңгелене, құшырлана билей жүріп, бір мезгілде әлгінде киген еркек киімдерін үстінен түгел сыпырып, бірінен соң бірін еденге лақтырды. Билей жүріп, әйелдің өрнекті, жеңіл көйлегін киді. Иығына шәрпі салды. Сөйтті де, ыңылдап ән айтқан күйі сыртқа шығып кетті. Есік сарт жабылды.Үй іші тап-тұйнақтай. Бәрі орын-орнында. Дағдылы жинақылық. Байырғы тәртіп.Безілдеген телефон. Шарабы жартылай ішілген бокал. Кабинеттегі қабырға төріне «Есік алдындағы әйел» картинасы ілініпті.Манекен шыттай киіндірілген. Басында – сәукеле. Оған тақау – дала мадоннасының саз балшықтан жасалған мүсіншесі.Тағы да бір бокал. Бос бокал. Жігіт «Мерседесінде». Қалың ойға шомған қалпы, қала аралап келеді. Радиодан сазды музыка ойнап тұр. Өзі телефонмен сөйлесіп отыр. Мәшиненің алдына, жүргізушінің жанына отырыпты.ЖІГІТ: Демек, былай! Таң атқанша бәрін бітіретін болыңдар! Болды! Ешқандай сылтау қабылданбайды! Тыңдамаймын!Телефонын өшірді.ЖІГІТ (жүргізушіге): Елжас, бағыт өзгерді. Құрылысқа қайта соғамыз.Елжас басын изейді. Жігіт терезеге қарайды. Радиодан Нина Симоненің «Ne me quitte pas» («Тастамашы мені, өтінемін») әні шырқалып жатыр. Ол ән сазына беріле бергенде, жүргізуші басқа арнаға ауыстырып жібереді.ЖІГІТ: Не істеп отырсың? Жаңағы арнаға қайта орал!ЖҮРГІЗУШІ: Мақұл.ЖІГІТ: Және қаттырақ қой!Жүргізуші дауысты күшейтті. Жігіт терезеге қарады. Қызбен болған кездесудің егжей-тегжейін, ең қызықты сәттерін есіне түсіріп отыр. Көз алдына елестетіп отыр. Кенет, жөтел естілді. Сөйтсек, мәшиненің артқы салонында мұрны пысылдап, ұйқылы-ояу Ләззат жатыр екен. Ләззат түрегеліп, жан-жағына қаранды.ЛӘЗЗАТ: Жан, қашан жетеміз? Менің қарным ашып кетті!Сол-ақ екен, Жігіт әлдебір түймешені басып қалып еді, екеуінің арасына – жайлап сырғып, әйнек-перде орнай қалды. Сөйтіп, Ләззатты бөліп тастады. Жігіт сигарасын шығарды. Тұтатты. Алдыңғы есіктің оң терезесін түсірді. Мәшиненің ішіндегі түтін далаға бұрқырады.Мәшине жүріп келе жатқан тас жолмен қатарлас ұзын жаяужол жатыр. Әріректе мәуелі саябақ. Сейілге шыққан адамдар, асыр салған балалар, гитара асынған жастар, ұшып-қонған кептерлер... Осы қым-қуыттың ішінен өзімізге таныс тұлға көрінді. Кейіпкер Қыз, сол жаяу жолмен жүріп келеді. Бірте-бірте жүрісі ширай түсті. Жүзінде шуақты күлкі. Ыңылдап, ән айтып келеді. Қайдан қосылғаны белгісіз, артынан – өзінің бала кезіндегі кейпінен аумайтын, тұлымшағы желбіреген бір балаң қыз еріпті. Жаңа ғана ілескен секілді. Гүлкөмбеде ойнап отырған жерінен, билеп келе жатқан Қызды көріп, соңынан ілесе кетсе керек. Әйтеуір, оның әрбір қимыл-қозғалысын айна қатесіз қайталап, толқынта билеп, артынан қалмай барады.«Мерседес» көлігі пен Қыз – қатар жолдармен жарысқандай, бір бағытта кетіп бара жатыр. Біреуі – тасжолмен, өз мәшинесінде. Екіншісі – жаяужолмен. Бірақ, бір-бірін көрмейді. «Мерседестің» оң жақ терезесінен сигараның түтіні бұрқырайды. Қыздың ыңылдап айтып бара жатқан сазы мәшиненің ішінен де қайталанып, қатар естіледі.«Мерседес» тасжолмен сырғып өтіп барады.Жаяужолмен жүрген Қыз көгалға жетіп, саябақ аймағына енді.Жігіттің мәшинесі саябақтың жанынан баяу екпінмен өте шықты.Екеуінің жолы екі айырылды.Қыз біртүрлі іштей түлеп, ішкі ырғақпен билей басып барады.Маңдай алдынан Күн нұры жарқырайды. Өзі де сәулелене түскендей. Емін-еркін.Соңында – оның әрбір қимылын айнытпай қайталай, ырғала билеген, тұлымшағы желбіреген балдырған бала-қыз.Оң қапталындағы алдыңғы терезесінен темекінің түтіні бұрқыраған мәшине ұзап барады. Жігіт мәшинесінде, қалың ой қамалында, езуінде – сигарасы, айналасында – үйреншікті Ләззаты мен кәдуілгі, көнекөз жүргізушісі. Өз өмірі, өз тағдыры – өзімен...Ал Қыз болса, жападан-жалғыз, емін-еркін, өзінің әйел табиғатымен қайта қауышып, әйел затымен қайта табысып, соның желеуімен ырғала билеп, ұзап барады.Артында – оның әр қозғалыс, әр қимылын айнытпай қайталап, әсем бимен дөңгеленген жас өскін...