ВЕРНУТЬСЯ

Жынды көбелек пәруана тағатсыз айналымына тағы да көшті. Жынды көбелек әзәзіл от өзегін тағы да айнала бастады.Кім білсін, осы бір от қызылынан һәм қызуынан тұтанатын ессіздік, ессіз айналыс – оның нағыз өмірі шығар?Міне, кеңістік көкірегіне тағы бір қайталанбас шеңбер сызып, от өзегіне жақындай түсті.Міне, ол кішкентай қанаттарын қағып-қағып қалып, от айналымынан шыға берді... (Иә, сәт! Иә сәт!..) Шыға берді де... дүние-ай, от шыңырауына құлдырап түсті!.. Шіркін-ай, ағып түсті!..Кім білсін, мүмкін, осы бір әзәзіл оттың тілсіз шақыруы мен риясыз-ессіз құлдырау – жындыкөбелек өмірінің нағыз мағынасы шығар. Кім білсін?Ешбір адамның ақылына сыймас осы бір пәруананың қозғалысын халық адам жанына балайды екен: біздің жақтың шалдары – «Ол әліне қарамай хан қызына ғашық болған. Сондықтан хан қызының құшағында өртеніп өледі. Біздің оны «жындыкөбелек-пәруана» деп атауымыз да содан», –  дер еді. Кім білсін, салқынқанды айтылған осынау қарапайым сөздерде қатыгез шындық жатқан болар.Әйтеуір, Ақыл, шіркін, ұлан-ғайыр кеңістікті шарлап, қайдағы бір құзат шыңдарға самғап кетіп, Еркіндік дегенде гимн ойнай бастаған шақтарда, менің есіме сол баяғы жындыкөбелек түседі. Иә, жындыкөбелек! Қас қағым ғұмырының соңғы нүктесін қою үшін – тынымсыз, ындыны мәңгі кеппес Оттың тегеурінді айналымына, – Тағдыр айналымына еніп бара жатқан жындыкөбелек. Өз тағдырының құшағына құлдыраған жындыкөбелек!Кім білсін, мүмкін, осы бір айналым, осы бір құлдырау – кішкентай кеудедегі алып ұшқан көбелек-жанның Әлемдік отпен тазаруы шығар? Білмеймін... Білетінім... Әне, әне, тағы да бір жындыкөбелек – жан Өмір деген инквизицияның отына құлдырай түсіп, пышырлап жанып жатыр. Жанып жатыр...