ВЕРНУТЬСЯ

Қыздың әкесінің таудағы жайлауда тігілген ақшаңқан, ақбоз үйі. Әрегіректе жатаған екі киіз үй тағы тігілген. Жайылған жылқы. Маңғырған мал. Сонадайдан құйғытып салт атты өтті. Ер азаматтар (әкесі, оның достары, туыстар) кілем үстіндегі дөңгелек жозыны қоршай, шай ішіп отыр. Дастархан түрлі тағамдарға толы.Келесі киіз үйде бір топ әйел балаң Қызды ортаға алып, киіндіріп жатыр. Шашы бұрымдалып таралды. Үстіне кестеленген қызыл көйлек, басына үкілі бөрік тағылды. Қолына қос білезік салынды. Сөйтіп, әйелдер жағы талдырмаш қыз баланы аққанат киіз үйдің табалдырығынан оң аяғымен аттатып, қонақтардың алдына алып шықты.Әр жерден: «Сұлу деп осыны айт! Бой жетіп қалыпты-ау, баламыз! Жібектей сызылуын қарашы!» деген дауыстар естіліп жатыр.Қыз ұяла жымияды.Әкесі қызының жанына келді. Еңкейіп, маңдайынан сүйді. Қонақтар қаумалап, мәз-мейрам. Әкенің көзінен жас тамшылады. Қызы оны өз қолымен сүртті.ӘКЕСІ: Көйлегің қандай әдемі, айналайын! Бұрымың да соншама әсем! Бақытты бол, айнам!Әкесі жозы басындағы қонақтардан қол жайып, бата сұрады.ЖІГІТ: Иә, қызық оқиға екен. Ал ұл ше, ақыры болмады ма?ҚЫЗ: Жоқ.Қыз тербелмелі орындықта отыр. Әңгімесін одан әрі тоқтаусыз соза береді. Жігіт білдірмей жуынатын бөлмеге өтіп кетті. Қыз саусағымен бокалдың ернеуін сипап, ойға батып отыр. Кенет, жуынатын бөлме жақтан судың сарылы естілді. Қыз таңырқап, басын көтерді. Орнынан тұрып, жуынатын бөлменің есігін жартылай ашып қараса, жалаңаш Жігіт сүлгімен сүртініп тұр. Еш нәрседен қаперсіз, ыңылдап әндетеді. Қыз ашуға басып, есікті сарт еткізіп ашты.Жігіт жалма-жан сүлгіге орана қалды.ЖІГІТ: Мұныңыз не? Ыңғайсыз емес пе?!ҚЫЗ: Апыр-ай, ұяттан жұрдай адам екенсіз ғой. Өзіңіз неткен босбелбеу, сайқымазақ, ұстамсыз едіңіз?!ЖІГІТ: Мен не істеп қойыппын, сонша?ҚЫЗ: Жоқ, ештеңе емес! Дәнеңе де болған жоқ. Бәрі керемет, бәрі тамаша!ЖІГІТ: Олай болса, есікті аржағынан жабыңыз!Қыз, мына басынуға не істерін білмей, сілейді де қалды. Сәл кідіріп барып, есікті тарс жапты. Амалы таусылып, ауызүйге барды да, орындықтың шынтақ қоярына отыра кетті.Іле-шала, шашын жылмита жатқызып, кәстөмін киіп үлгірген мұнтаздай таза Жігіт шықты.Ол асүйге беттеді. Бокалдардың сыңғыры естіледі. Екі бокалды шүпілдете шараппен толтырған Жігіт ауызүйге келді. Бокалдың бірін Қызға ұсынды.ЖІГІТ: Өз үйіңізде жүргендей сезініңіз!Қыз бокалды үн-түнсіз жұлып алып, сіміре жұтып, басына бір-ақ көтерді. Жігіт таңғала қарап қалыпты.ЖІГІТ: Жайсыз бірдеңе істеп қойған жоқпын ба?ҚЫЗ: Сіз... осы үйдің табалдырығын әлі аттамай тұрғанда, тіпті, бұл дүниеде бар-жоғыңыз белгісіз кезде, бәрі жап-жақсы еді... Орнында еді!.. Көңіл де, үй іші ырысы да толық еді.ЖІГІТ: Оқасы жоқ. Бұл – көңіл-күйіңіз де өткінші. Келеді де, кетеді, уақытша нәрсе.Екеуі бір-біріне қадала қарады. Қыздың жанары от шашқандай. Жігіт бір мезгіл Қызды сүйіп алғысы келгендей ұмсына берді де, өзін-өзі ірікті. Содан кейін үлкен бөлменің бір бұрышын алып тұрған жұмыс кабинетіне өтті. Сірә, бұл – кәделі, көзге де, жүрекке де қымбат дүние-мүлік сақталатын арнайы бөлме болса керек. Ол үстел үстінде тұрған қызыл күрең түсті барқытпен қапталған қобдиша-жәшікті ашты.ЖІГІТ: Ал керек болса!..Жәшікте – Қызға балаң кезінде, алғаш еркекшора қалпымен қоштасқан күні кигізілген үкілі бөрік пен қос күміс білезік сақтаулы екен.Қыз жұмсақ тербелмелі орындықта ойлана жантайып жатқан. Кенет Жігіттің оқыс айқайы естілді.ЖІГІТ: Йи-ха!Шошына ес жиған Қыз мынадай көрініске куә болады. Басына үкілі бөрік киіп, қолына жарқырата білезік таққан Жігіт әлдебір әуенді ыңылдай айтып, безгек шалғандай құтырына билеп, сол қимылмен Қызға қарай тап-тап басып келеді. Қимылдары епті де шапшаң, денесін бұлғаң-бұлғаң қозғап қояды. Туфлиінің өкшесі еденді тесердей тарсылдайды.ЖІГІТ: Бір, екі, бір, екі, үш! Бір, екі, бір, екі, үш! Енді шыр көбелек айналамыз! Тағы да!.. Бір, екі...Қыздың көзі атыздай – мына биші құтырынған шулы биімен бүкіл үйді басына көтеріп, ұйқыдағы көршілерді көшіріп жіберетіндей шулайды.ЖІГІТ: (Бимен жүріп) Стэп деген не? Ол – сіздің жүрегіңізді селт еткізер ерекше дыбыс! Ол – жан-дүниеңіздің терең түкпіріне дейін бойлайтын ыстық ырғақ! Стэп деген осы! Бір, екі, үш! Бітті!Ол қызу биінің соңында Қыздың алдына тарс етіп тізерлеп отыра қалды. Иіліп, тағзым етуге басындағы бөрік мүмкіндік бермеді.ЖІГІТ: Иә, қалай? Көңіліңізді аз да болса сергіттім бе?ҚЫЗ: Осы Сіздің ақыл-есіңіз түгел ме?ЖІГІТ: Мүмкін. (Қапелімде сасып қалды).Қыз ішек-сілесі қатқанша күлді. Сол қалпы асүйге өтіп кетті. Ондағы ыдыс-аяқты тасырлатып жуа бастады. Сәлден кейін Қыз қонақ күтетін бөлме жақтан бір әбігерді естіді. Сыр берген жоқ. Бір мезгілде екі білегі түрулі, әлденеге апақ-сапақ терлеген Жігіт көрінді. Қызбен қатарласа келіп қолын жуып, сүлгімен асықпай сүртінді.ЖІГІТ: Ал, кеттік!..ҚЫЗ: Қайда?ЖІГІТ: Қазір көресіз. (Екеуі қонақ күтетін бөлмеге кірді).Бөлмедегі жиһаздар – шкаф, үстел, диван, орындықтар, журнал үстелшесі – түп-түгел орындарынан қозғалған... Орналасу тәртібі әбден өзгеріп кеткен. Күйтабақтан Жорж Бизенің әсем әуені шалқиды. Бұрыш-бұрыштағы үстелдердің үстінде, жер-жердің бәрінде – үпелектей жанған шырағдандар. Қысқасы, басқа пәтерге кіргендей әсер аласыз. Қыз үн-түнсіз бөлме ішін кезіп жүр.ЖІГІТ: Сізге айттым ба, айтпадым ба, менің фирмам үй интерьері дизайнымен, яғни, үй-жайды үйлесімді, сәнді жайғастырумен айналысады. Бұл істің мен – айтулы шеберімін десем де болады. Маған салса, мынау түсқағаздарды түгел ауыстырар едім. Жә, жарайды, оны келесі жолы көрерміз. Неменеге жымиясыз? Сізге ұнамай ма?Қыз, жымиған қалпы орындыққа отыра кетті. Басын шайқады.ҚЫЗ: Менің айтар сөзім жоқ, таусылды. Кез келген баспананың – оның иесінің көңіл-күйінен, жан-дүниесінің әуенінен хабар беретінін түсінетін шығарсыз?ЖІГІТ: Түсінемін, әрине, бірақ, мынау бөлмеге жан кіргізу үшін әлі бірталай еңбек керек?ҚЫЗ: Солай шығар, бірақ...ЖІГІТ: Мен түсінбей тұрмын. Сізге ұнай ма, әлде ұнамай ма?Қызда үн жоқ.ЖІГІТ (сөзін жалғап): Түсінікті. Олай болса, бәрін қайтадан орын-орнына жайғастырайын!ҚЫЗ: Жоқ, жоқ. Керегі жоқ!ЖІГІТ: Қала берсін бе?ҚЫЗ: Иә. Осылай қала берсін, мейлі! Кейде шашыраған үйлесімсіздік те – адам жанының бір күйінен сыр шертпей ме?ЖІГІТ: Сізге, менің ойымша... үлкен өзгеріс қажет! Үйіңізге де, жан-дүниеңізге де селт еткізер жаңалық керек...ҚЫЗ (қитығып): Оны қайдан шығардыңыз? Қойыңыз, мұндай бос сөзді! Негізсіз сәуегейліктің қажеті қанша?!Жігіт ойланып қалды. Орнынан тұрып, диваннан пенжегін алып киді. Киімін түгендеді. Балконның есігіне барып, қоштасқандай сыңай танытты.ЖІГІТ: Кептіріндім. Жылындым. Енді қайтсам да болады.Қыз жұмсақ орындықтан тырп етпеді. Жігіт оған бір көз тастап, балконның есігін асықпай ашты да, түн қараңғылығына шықты.Қыз әлі отыр. Сәлден кейін орнынан тұрып, асүйге өтті. Екі бокалға толтыра шарап құйып, қонақ бөлмеге шықты. Балкон есігіне таяп келіп, саусағымен әйнекті шертті. Балконда шылым шегіп тұрған Жігіт Қыз терезені тықылдатқанда, оқыс артына бұрылды.ҚЫЗ: Бәлкім, кетераяққа шарап ішерсіз?ЖІГІТ: Ішсе несі бар екен?Ол сыртта тұрған күйі, балконның есігінен бокалды алып, терезе арқылы Қызбен «соғыстырды».ҚЫЗ: Есіктің табалдырығында тұрып соғыстыруға болмайды!Жігітке сұраулы жүзбен қарады.Осы кезде сыртқы есіктің қоңырауы шылдырлады. Кілттің сылдыры естілді. Сол-ақ екен, Қыздың сіңлісі пәтерге екпіндей кірді.ҚЫЗ: Ал, енді тығылыңыз! Тықыр таянды деген, міне, осы!Өзі ауызүйге қарай асыға беттеді.СІҢЛІСІ: (Аптығып) Қалайсың? Бәрі дұрыс па? Әлгілерді әкетті ме?ҚЫЗ: Бәрі дұрыс. Жақсы. Бекер-ақ келген екенсің...Осы мезгілде балконның есігі ашылып, бокал ұстаған Жігіт кіреді.ЖІГІТ: Сәлем бердік! (балконның есігін жабады)СІҢЛІСІ: Мәссаған, мынауың кім, тағы?ҚЫЗ: Бұл – солардың біреуі.СІҢЛІСІ: Сенің есің дұрыс па? Мүмкін, бұл қарақшы шығар! Құдай сақтасын! Кім көрінгенмен танысып, жын ұрды ма, сені?!ҚЫЗ: Бұл ешқандай қарақшы емес!СІҢЛІСІ: Оны қайдан білесің? Қане, бері жақындаңыз!ЖІГІТ: Маған айтасыз ба?СІҢЛІСІ: Иә, сізге айтам. Қимылдаңыз!Жігіт олардың жанына келді.ЖІГІТ: Жайшылық па?СІҢЛІСІ: Пенжегіңізді шешіңіз.ЖІГІТ: Немене?СІҢЛІСІ: Шешіңіз дедім-ғой!Ол мойынсұнып, пенжегін шешіп береді.СІҢЛІСІ: Енді қалталарыңызды ақтарыңыз!Жігіт қалталарын ақтарады, жерге сыңғырлап бірнеше ұсақ тиын түседі.ҚЫЗ: Ау, сен не істеп тұрсың, ұят емес пе?!СІҢЛІСІ: Тұра тұр, араласпа! Айналдырыңыз, қалталарыңызды, қане...Сіңлісі пенжекті тінткілейді. Бір қорап сигара, қалам, беторамал, – оларды еденге лақтырды. Жеңнің ілмегі мен төлқұжат. Оларды да еденге тастай салды. Ең ақырында, қолына жұлмаланған ескі қойын дәптер ілінді. Дереу беттерін ашып, қарай бастады. Жігіт қойын дәптерін қайтармақшы болып, қолын соза берді.ЖІГІТ: Тимеңіз, бұл жеке бастың дүниесі!Сол-ақ екен, денесі дір етіп, кескен теректей сұлқ құлады. Сіңлісі электр есеңгіреткішін пайдаланған екен.ҚЫЗ: Мынау не масқара?!Жігіттің тамыр соғысын тексерді.СІҢЛІСІ: Әншейін, қорғанудың амалы ғой!ҚЫЗ: Өлтірдің ғой, сорлыны!СІҢЛІСІ: (қойын дәптерге үңіліп): Сен бері қара! Мәс-са-ған! Мынауың қыз-қырқынның соңынан қалмайтын, жүргіш бәле ғой!Қыз сіңлісін иығынан тартып, кіреберіске қарай сүйреді. Сіңлісі қойын дәптердегі сөздерді тез-тез оқып жатыр.СІҢЛІСІ: Тыңда, дұрыстап тыңда! «Сәуле, 21-де. Оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Мәрия, 20 жаста. Жанып тұр, бірақ ақымақтау. Махаббат, 22 жаста. Жасына қарамай, тәжірибесіз. Аврора, 20 жаста...»Қыз шалт қимылмен сіңлісінің қолындағы қойын дәптерді жұлып алды. Өзін сүйрегендей қылып сыртқа шығарып жіберді де, тура тұмсығының алдынан тарс еткізіп, есікті жауып алды.Жігіт еденде жатыр. Оған тақау орналасқан диванға жайғасқан Қыз қойын дәптерді дауыстап оқып отыр.ҚЫЗ: Аврора, 20 жаста... Тирамисудай тәтті. Тоқбасарға таптырмайды. Ирина, 19 жаста. Нағыз жыртқыш, бірақ жуасуы жылдам. Люся, 24 жаста. Майға піскен нандай, құшағы ыстық. Әлия, 26 жаста. Монтаны, еркелеу. Сонысымен ынтықтырады. Анна, 32 жаста. Егде тартқаны болмаса, ешкімге есе жібермейді. Әрқашан тамағы да, құшағы да дап-дайын...Жігіт оянып кетеді. Денесін тіктеп, Қыздың қасына отырады.ЖІГІТ: Осыны баяғыда-ақ лақтырып тастауым керек еді. Әншейін, баланың ойыны. Жаңадан ештеңе жазбасам да, неге екенін қайдам, көптен қалтамда жүр.ҚЫЗ: Иә, иә...ЖІГІТ: Сенбейсіз бе? Сенбеңіз! Бізге сеніп қайтесіз?ҚЫЗ: Ешкімнің көлеңкесіне тығылмай-ақ қойыңыз...ЖІГІТ: Жарайды. Маған сенбей-ақ қойыңыз. Дегенмен, еркек деген де – бір шалапісті бала емес пе? Өмір бойы әртүрлі ойын қуалаймыз...ҚЫЗ: Өз-өзімізге ессіз ғашық – Нарциспіз деңіз, одан да!..Қыз диваннан тұрады. Жігіт қолына жармасады.ЖІГІТ: Тұра тұр!Қыздың қолын мықтап ұстап алған, тартып қалып, қайтадан диванға отырғызады. Саусақтарынан уқалайды. Сыбырлап, үздіге сөйлейді. Шашынан сипалайды.ЖІГІТ: Тыңдашы! Бірсарынды, бірінен-бірі аумайтын, сергітпейтін сұрықсыз күндердің ағынында ескексіз ескен қайықсың, сен! Күнде таңертең ұйқыдан тұрып, жуынатын бөлмеге барасың, темекі тартасың. Содан соң, жападан жалғыз отырып, шай ішесің. Одан серуенге де жалғыз шығып, азын-аулақ қыдырасың да, үйге қайтасың. Тағы да жуынатын бөлмеге тығылып, темекі тартасың. Сосын, қолыңа ілінген шараптың аузын ашып, бокалға толтыра құясың да, өзіңмен өзің соғыстырып, тартып жібересің. Өзіңмен өзің билейсің. Сілең қатқанша билеп, тағы шарап ішесің. Өнебойы осы! Өмір бойы осы! Өзіңмен өзің... Билегенде де өзіңмен-өзің билейсің... Жыласаң да, күлсең де... Жалғызсың!..ҚЫЗ: Солай-ақ, шығар! Бірақ... Сенің онда жұмысың болмасын! Бұл менің өмірім!Жігіт жақындай түсіп, Қызды қапсыра құшақтайды. Бетін бетіне тигізеді. Шашынан сипалайды. Сүйеді. Әуелі батылсыздау бастап, іле құшарлана сүйеді. Қыз да Жігітті біресе итереді, біресе өзіне тартып, құшақтайды. Бірін-бірі аймалайды. Сүйіседі...Балконнан толқындай соққан желдің лебі гу етіп, жанған шырақтарды әп-сәтте сөндіреді.