ВЕРНУТЬСЯ

(Повесть)Иә, арада әлденеше жылдар өтті. Әлденеше ғаламдар табылып, әлденеше жұлдыздар ағып түсті. Біз есейдік, ер жасына жеттік. Бір қуаныш, бір өкініштің арасынан қиып салған өмір атты жұмбақ әлемнің жалғыз аяқ сүрлеуімен әйтеуір, сүріне-қабына жылжып келеміз, жылжып келеміз. Әйткенмен де, кей кездері... өгей тіршіліктің мұзтайғақ айдынында оңбай жығылып, осынау ағыл-тегіл адам – ағыстан жүрек бекітер тиянақ таба алмай қиналғанда көз алдыма баяғы балалық шақ көлбеңдейді. Сағым арасынан, бұлдыр да бұлдыр тұман арасынан елес береді...Иә, жеті шелпек – шындық, адалдық аңқыған бала кез. Кім білсін, бәлкім, адам бойындағы дархан қасиеттердің барлығы балалық шақта қалыптасатын болар?.. Бәлкім, адам ересек күндегі «күнәларына» балалық шағымен жауапты шығар?.. Әйтеуір, осынау «үлкен өмірде» түсініксіз жәйттерге жолығып, шытырман құбылыстарға маңдай соқсам, оның сырын балалық шағымнан іздегім кеп тұрады. Сол кезде... Ғарыштан түскен нұр-сағым арасынан қаз-қалпы, сол баяғы көрініс тұра қалады... Сол көрініс... Мимырт тіршілік, балажүрек әлемнің астан-кестеңін шығарып, кеудеге мазасыздық бүркіген сол көрініс...Теңіз жағасы... Кешкіғұрым. Мәңгілік тыныштық. Аласуан теңіз бүкіл денесімен қозғалып, жағалауға шолп-шолп соғады. Әлдеқайдан, тіршілік қойнауынан дүн-дүниеге шым-шымдап қалың тұман тарайды. Қалың да, зілді тұман. Менің алыс, мазасыз бала шағымның бұлдыр тұманы. Міне, сол кезде... Мимырт, бей-жай тіршілікті астан-кестен ете, манаурап жатқан күзгі жағалауға беймазалық бүркіп, ғайыптан тайып ол пайда болады. Жалаңаяқ, жалаңаш, аспан көзді нұр-сағым қыз – Албасты! Әлдекімнің ерте оянған үміті, әлдекімнің жалғыздық өнген көкжиекке шашылған зіл-мұңы. Албасты! Иә, сол! Тіршіліктің адам безген құмдақ жағалауымен ырғала басып, теңселе қозғалған – Албасты. Әлгі тұман соны айналып, соны көзден тасалай, қаумалап алысқа алып барады. Және біз... Жағалаумен бұрқырата салып, жерден жеті қоян тапқандай анталаған бота тірсек, ши борбай ауыл балалары. Есіл дертіміз ..– Албасты! Албасты!Құдды аспан, жер үсті осы атты шақырғандай... Құдды бүкіл тіршілік осы аңызды аңсағандай...– Албасты! Албасты!***Шағын ғана ауыл базары. Ұзын-ұзын сұр тақтайдан қағылған жалғыз сауда сөресінің бір шетінде тау-тау үйілген қауын-қарбыз. Бастарында ала тақия, үстерінде желбегей жамыла салған көнетоз өзбек шапан – екі саудагер теңкиген қауын-қарбыздың екі қапталында күзетте. Бергі жағындағысы жерге түсі оңып кеткен алаша жайып ап, құдды өз үйінің төрінде отырғандай қонжиып, шай сораптайды. Бір қолында шәй толы кесе, екінші қолында – кірлеңкіреп қалған бет орамал. Сірә, ересегі осы болса керек, бет-аузын бурыл сақал қаптаған. Шәйді сұр-сұр сораптаған сайын бет орамалымен маңдай терін сүрткілеп, мазасызданады. Сөренің арғы жағындағы жастауы қаққан қазықтай қақшиып отыр. Сол қалпы маужырап, ұйықтап кетсе де, кім кепіл? Шал саудагер бір мезет алашасының астынан сапалақ алып, жын қаққандай шыбын қуалады.– Қап, мына бәлелерді-ай, ә! Шәй ішкізбегені былай тұрсын, қауынымды құрттататын болды-ау! Әй, сүмелек, аузыңнан сілекейің ағып, неғып маужырап отырсың?! Тұр, қане! Құр отырмай, шыбын үркіт. Немене, сонша жерден ұйықтау үшін келдің бе, осында?! А?! – Сапалақты лақтырып жіберді. Жас саудагер селк ете түскенде, орындығынан құлап, одан қапелімде тұра алмай қалбалақтады. Сол-ақ екен, әлдеқайдан балалардың гу етіп күлген дауыстары естілді. Жас саудагер тұра сала сапалақпен шыбын үркітіп әлек.– Әне, көрдің бе? Басқан қадамымызды аңдып отыр. Қит етсек, боқтыққа үймелеген шыбындай қаумалап, әп-сәтте тып-типыл қылмақшы. Ал сен тапа-тал түсте маужырап ұйықтайсың. Тым шыдамай бара жатсаң анау «кранды» ағызып, мұздай суға түсіп ал. Дымың кетпес. Онсыз да Құдайдың қу күні шақырайып, төбемізді тесіп бара жатқан жоқ па? Сөйт, балам!Жігіт сапалағын тастай сала анадайда шоқиған кранға жетіп, тұтқасын басып мұздай суға басын жуды.– Ей, сөйт, балам! Сергек бол. Мен аздап қалғып алайын. Егер мына құжынаған аралар ызындап, мазаңды алып бара жатса, оят. Көрейік. – Белгісіз бағытқа жұдырығын сілтеп, айбат шекті. Ол жақтан ду еткен күлкі тағы естілді. – Өй, өңшең арамтамақтар! Сендерді ме! – Оң қалтасынан шаппасын шығарып, шарт еткізіп ашты. – Көрдіңдер ме, мынаны? Осыдан қолыма түсіңдер, бәлем! Құлақтарыңды шұнтитып, түбінен кесіп алайын... Әй, ана көрпешені алып берші. – Жігіт сөренің арғы жағынан бүктелген көрпе тастады. Шал оны жастық қып ыңғайлап, алашаның үстіне қисая кетті де, әбден кірлеген бет орамалымен жүзін шыбыннан жасырды. Ду еткен күлкі тағы естілді.– Арамтамақтар! Балам, абай бол.Шал енді ыңғайланып жата бергенде, базар орналасқан көшенің ұзына бойымен бір жүк машинасының ағызып өте шықпасы бар ма? Саудагер шал шаң-тозаңға көміліп, қақалып-шашалып орнынан тұрып кетті.– Оңбаған! Атаңа нәлет! Көзіңе қарамайсың ба? – Машинаның соңынан қуып жететіндей аласұрды. Жерден жұдырықтай тас алып жітірді.– Қай құдай айдап келіп еді, осында? Әй, жетімек, сен неғып сілейіп тұрсың? Жап, ана қауынның бетін бірдеңемен!Жігіт бірнеше кенеп қапты біріктіріп тіккен – ұзын далбамен қауын-қарбызды жапты. Шал қағынып-сілкініп сөренің үстіне қайта жантайғанда көшенің шетінен бір топ бала көрінді. Екі қолын қызу сілтеп, басқаларына бағыт-бағдар айтып келе жатқан бұл топтың «басшысы» – Доғдырбай атты шіңкілдек дауыс, ақсұр, ұзын бала.Доғдырбай – «командир» бұйрық үлестіруде.– Түсіндіңдер ғой! Әне жақындап қалды. Қоныс, қане жөнел! Қосшы, сендер мына шетінен шығыңдар.Бірнеше адам аяңдап басып базарға тақап қалған екен. Қоныс бастаған топ соларға ерген балақандардың кейпіне еніп, моп-момақан араларына сіңіп кетті. Ересектер ештеңеге мән беретін емес, өзара қауқылдасып сөре жанына жетті де, базарлай бастады.– Әй, туысқан! Қауының қаншадан?Шал амалсыз орнынан тұрып, саудаға араласты.– Келің, келің! Арзанға берем. Шағадамның базарында мына қауындардың киләсы екі мәнат елу тиын. Ал қарбыз бір жарым мәнаттан. Мен бір мәнаттан беремін...Ересектер саудаға қызу кірісіп кетті. Қоныс бастаған топ әп-сәтте ұзын қатар түзеп тұра қалды да, саптың шетіндегі бала оларды тасалай үюлі қарбыздарға жақындап, ішіндегі үлкен-үлкен дегенін аяғымен артқа сырғыта бастады. Сол-ақ екен, теңкиген қарбыздар қолдан-қолға өтті. Шалдың жан даусы шыққанда дереу ес жиып, балалар тым-тырақай қаша жөнелді.– Ұста, ұста, ойбай! Ұста! – Жігіт екеуі жан-жаққа жамыраған балалардың соңынан қуа жөнелген кезде, тасадағы Доғдырбайдың тобы құйындатып келіп, иесіз қалған байлыққа бас салды. Мұны көрген саудагерлер бажылдап базарға қайта жүгірді. Сөйтіп жүргенде бір баланы ұстай алмай, шарасы құрыды, бейшаралардың.– Арамтамақ өңшең! Оңбағандар! Ал, сендер! – Ересектерге шүйілді. – Сендер соларға жақсыңдар. Үндемейсіңдер, тырп етпейсіңдер. Дым білмеген боласыңдар...– Опырмау, енді, көзді ашып-жұмғанша болған жоқ. – Иә, иә, құйындатып қалай келіп, қалай кеткендерін сезбей қалған жоқпыз ба? – Ересектер жағы қылп еткен жоқ. Тіпті балалардың тірлігіне риза секілді.– Әй, бәрібір жақсыңдар. Құдай біледі, өздеріңнің жүгермектерің шығар, ә?! – Шал шарасыздықтан қолын бір сілтеді.– Әй, сен енді... – Өйтіп... – Қараптан-қарап тіл тигізбе. – Базарлап біткен жұртта не парық бар, қауқылдасып жөндеріне кетті.Балалар сол кеткеннен ағызып отырып, межелі мекенге жетті. Олары – бей-берекет салынған ауыл үйлерінің біреуінің, біреу болғанда, Шүкір шалдың үйінің іргесі. Қара терге түсіп, ентіккен «әскерлер» жорықтан оралып, бар байлығын ортаға үйіп жатыр. – Еркін санап тұр.– Ім, бүгінгі жорығымыз сәтті аяқталған сияқты. Қане, Ықылас, мына жерге қой. Төрт, бес, алты, жеті... Қарбызға әбден тоятын болдық. – Менің командам бүгін толық жеңіске жетті. Мына тоғыздың алтауы біздікі. Төрт қарбыз, екі қауын. Қауындары тым кішкентайлау екен. Бәсе, бәсе... Неге менің саққұлақтарым қарбызға сонша үйір боп кетті десем... Қарынның жәйі екен ғой... А-ха- ха!.. – Доғдырбайдың екі езуі екі құлағында.– Әкелгенімізді санап, тақылдағанда бәледейсің... Іске келгенде... – Уай, шіркін, ағыза жөнелдің-ау! – Алдымызда ызғытып келе жатып, артыңдағы біздерге: «Жарайсың, молодец!» – деп ұрандайтынын айтсаңшы...– Уай, сарбазым-ай! – Уай, жампозым-ай... – Ал, тобының бірқатар «нояндары» Доғдырбайдың өзін қағытып қояды.– Енді, енді... Әй, сендер де қайдағы жоқты айтады екенсіңдер... Егер командир боп, мен дем бермесем... Көрер едім қайда қалғандарыңды... – Доғдырбай әңгіме асқынып кете ме деп ақтала бастады.Еркін қолбасшы қауын-қарбызды түгесіп, енді адам санауға көшті.– Бас-аяғымыз түгенделді ме? Әй, Қосшы жоқ қой...– Күндегі әдетіне басқаны да... Құдай біледі, анау тасада қарбызын жарып, аузы-мұрнын қызылдап отыр.Доғдырбай «сыбайласының» сырына қанық, тура жөн сілтеді. Еркінге де керегі сол, дереу «команда» берді.– Қане, барып келіңдер!Бір топ бала сілтеген бағытқа шапқылап кетті. Еркінмен оңаша қалған соң, Доғдырбай ыңылдап әнге басты.– Е-е, әлеуләйлім, әлейлім,Алды-артыма қараймын.Қосшы досым келер деп...– Е-ей, е-ей. Е-ей...Әлеуләйлім, әлейлім...– Текке тамақ жыртпай, жар ананы! Ұйқастыра алмайтының бар, несіне жыртыңдайсың?.. – Еркін істің адамы екендігін тағы бір дәлелдеп, зіркілдеп тұр. Солай-ақ екен, Доғдырбай көз ілеспес жылдамдықпен үлкендеу қарбызды алып, шертіп, шертіп, сығып көрді.– Мынау дың-дың етеді. Әбден піскен сияқты. Атам айтпақшы, «е, бісміллә, құдая бергеніңе шүкір!..» – Алдындағы тастың қырына дүңк еткізіп жарды. – Бәрекелді, қып-қызыл екен!Екеуі қақ бөліп, асығып-үсігіп жеп жатыр.– Әй, Доғдырбай, сен ортасындағы қызылдың бәрін ап қойыпсың... Қане, әкел!– Ұмытып қалғансың ба, бейсенбінің «чемпионы» мен емес пе ем? Ана балдар болса да, ортасындағы қызылын бәрібір маған берер еді.– Е, солай екен ғой. Қабықтарын алысырақ лақтыр. Дәнектерін құммен көміп таста. Тез, тез! Келіп қалады!Доғдырбай қарбыздың қабықтарын құлаштап алысқа лақтырып, дәнектерінің үстіне аяғымен құм ысырды.– Әп-сәтте жылан жалағандай қылыппыз-ау. Еркін, сен күндегідей қате санадың ба?..– Әне, Қосшыны алып келе жатыр.Балалар Қосшыны дедектетіп алып келді. Оның қолында жартылай желінген қарбыз бар екен. Оны көре сала Доғдырбай – күлдіргі бір шыбықты домбыра қылып, ән салды.– Е-е-ей, әлеуләйлім-әлеулім,Жолыңа тосып қараймын.Қосшы досым келер деп...Е-е-ей, әлеуләйлім-әлеулім...Ал, Еркін лезде түсін суытып, қолбасшылық қызметіне кірісті.– Ал, бұған не істейміз? Қоныс, Ықылас!Қоныс осы бұйрықтың болатынын күткендей лып етіп жанындағы кескен томардың үстіне шықты да, сарнай жөнелді:– Біріншіден, шелпек жарысына қатыспайды.– Қатыспасын! – Балалар ду етіп қоштады.– Екіншіден, тапқан қарбызын құшақтап, тура қазір табанын жалтыратсын!– Кетсін! Жалтыратсын! – Мынау қалың әскердің кешіретін түрі жоқ. Қосшы кемсеңдеп әріптестеріне жалбарынды. Күндегі әдеті. – Балдар! Не істесеңдер де келісейін. Керек болса тағы бір қарбыз әкелейін... Тек, тек, бейсенбі күні шелпек жарысына қатыстырыңдаршы.– Сөз бітті! Қуыңдар әрі! – Қоныс қояр емес.Балалар шуылдап, Қосшыны шетке ығыстырып тастады.Сонда ғана манадан бері үнсіз бақылап тұрған қолбасшы Еркін шуылдап кеткен «әскерін» ортаға шақырды.– Ал, нояндарым, қане, асқа кел!Доғдырбай тойып тұрғанына қарамастан, анталап қарбызға бас қойды.– Жабыл, тала! Талапай, талапай!...Балалар қарбыз-қауынды бірінен соң бірін тасқа ұрып жарып, қақалып-шашалып, әп-сәтте тауысуға айналды. Ортадағы байлық азайған сайын Доғдырбай «дыз-дыз» етіп, мазасызданады.– Жарайсың, жарайсың! Ой, сабаздарым-ай! Біреуіне тиіспеңдер! Әй, біреуін қалдыр! Әне, Шүкір ата келе жатыр. Есеннің әкесі. Ауыз тисін. Қалдырыңдар! Анау жарты қарбызды маған бер! Бол!Осы кезде көшенің бергі бетімен таяғына сүйене, ақсаңдай басқан Шүкір шал өтіп бара жатыр еді. Доғдырбай қағылездігін танытып бірінші амандасты.– Ассалаумағалейкум, Шүкір ата!– Бар бол, балақан!– Әне, өстіп кемсітеді, енді...– Е, не боп қалды?– Ата, біліп қойыңыз – «балақан» деп емізік соратын нәрестеге айтады. Ал біз...– Иә, сендер?– Ақсақал-ау, қайда қарап тұрсыз?! Алдыңыздағы – әкем айтпақшы, «кілең зіңгіттей, зіңгіттей жігіттер» емес пе? – Ылғи үлкендерше сөйлеп, ересектерше жүріп-тұруға тырысатын Доғдырбайға шалдың «балақаны» әбден батып кеткен екен.– Таудай бол, қалқам!Еркін әңгіме аужайын басқаға бұрды.– Ата, қарбыздан ауыз тиіңіз.– Ойбо-о-оу, мыналарың көл-көсір дүние ғой! Ақшаларың қалай жетті? – Аңқау шал тып-типыл желінген қауын-қарбыздың шашылған қабықтарына, дән-шопақтарына қарап таң қалып тұр. Үй іргесінің қопырағанына «ләм-мим» демеді. Балалар бір-біріне қуана қарап, жымың-жымың етеді.– Ой, ата, несін сұрайсыз. Алдыңызға келген соң «құдая тоба, бергеніңе шүкір» деп ала бермейсіз бе? – Доғдырбай қарап тұрмай қағыта бастап еді, шал қалтасынан шаппасын шығарып, жарты қауыннан бипаздап бір тілік кесіп алды. Қалғанын ыждаһатпен тіліп, балалардың алдына қойды.– Тү-у, таңдайыңда еритін бал қарбыз екен... Алыңдар, балдар, ала беріңдер. – Жандарына отыра кетті. – Тісі жоқ, кетік шалға осы да жетеді.– Ата, немереңіз Есенге де бір тілігін алыңыз, – айтарын айтып қалса да, Қоныс қателескенін кеш сезді.– Тәйт әрі! Қайдағы немере? Есенжан өзімнің, «аһ» дегенде аузымнан түскен жалғызым... Өй, жетесіз неме!– Ақсақал, енді бекерден-бекер ашуланбаңыз... Боғыңызбен жасты бала, не түсінетін еді, тәйірі? – Доғдырбай ара түспек болды. – Шүкір шал қапелімде тоқтай алмады.– «Аһ» дегенде аузымнан түскен бала – ол!.. Қане. Сен бері келші. Иә, иә, сен Тәжіманның баласы... Келе ғой... – Қоныс қорқа-үрке жақындағаны сол еді. Шал қысық көзінің үстіңгі қып-қызыл қалың етін екі қолымен теріс айналдырып жіберіп, «бақ» етті:– Қызылкөзді мынандай, көріп пе едің, балақай, бә-бә-әй! – Қоныс та, басқа балалар да зәрелері зәр түбіне жетіп, зыта жөнелді.– Ойбай «Қызылкөз!» «Қызылкөз!»– Уай, нояндарым-ай! – Қашпай қалған Еркін мен Доғдырбай қиқылдап күліп жатыр. Сол-ақ екен, аулаққа ығысқан балалар тобы шу етіп, қайтадан бері қашты. Ұсқындары бұзылып кеткен, құдды құбыжық көргендей, тырапайлап келеді.– Ойбай, ойбай, тығыл! Тығыл! – Ең алдымен – Қоныс. Қалғандарында өң-түс жоқ.– Келіп қалды! – Келіп қалды! Тығыл! Қаш, ойбай!– Не боп қалды?– Сатушы кеп қалды ма? Қаш, онда! Мынадай ұсқыннан «қос батыр» да сескене бастады.– Саудагер емес... Әне, әне! Бәрі шалдың артына ұйлықты.– Бісміллә, не боп қалды сонша? Зәрем зәр түбіме жетті ғой!.. – Шүкір шал аузын «кәлимаға» келтіре бастапты.– Тауық, тауық!.. – Қоныс жаңа ғана өзі үркіп қашқан Шүкір атасының шапанының шалғайына жармасты.– Немене?– Басы шабылған тауық!.. Жүгіріп жүр! – Біздің артымыздан қуып келеді... Әне, әне!..Осы кезде бір қолында балта, бір қолында басы шабылған тауық, Шүкір шалдың көршісі - Миколай орыс көрінді. Мына тосын жайдың себебін енді түсінген Шүкір шал көршісін, ал, сыбасын!– Әй, атаңа нәлет, Миколай! Ой, қырт-ай, ә! Тауық жәукемдеуге жарамайтын ана қолыңды шаппайсың ба, одан да! Зәремізді зәр түбіне жеткізіп...– Ну, ну старик! Бульон надо, ет надо?– Өйтіп имансыз мылжалаған етіңе болайын!.. Өй, әкеңнің!.. Боқтық жайылған тауықтың етінен сорпа ішіп жетісерсің!.. Көрші Миколай құдды тұтқынға түскендей екі қолындағысын да аспанға көтеріп: – Ақсақал, ухожу, ухожу! – деді де, қисандай басып жоғалды.– Тауық ұстағанда қолың қалт-құлт етпесін десең, анау «бражкыңды» тый! – Шал соңынан қоймай ұрандап жатыр. – Өй, әкеңді... қызталақ!– Сұмдық-ай! Қорадан-қора қоймай, сарт-сұрт соғылған, басы жоқ тауықты көргенде!.. – Шүкір атаның шапанына жасырынған Қоныс та, жан-жаққа бытырай қашқан басқа балалар да естерін енді жия бастады.– Айтпа, айтпа! – Зу етіп, қастарыңа қалай жеткенімізді байқамай қалдық.– Ата, ата десе, басы шабылған тауықтың соншама жүгіргені қалай?– Енді, анау, менің көршім секілді қолы қалт-құлт еткен біреу сойса... Қора-қораны сағаламақ түгілі, аспанға ұшып кетер әлі!.. – Шүкір шал мазасыздана бастады.– Әйтсе де, ата, басы шабылған тауық өліп қалмаушы ма еді?!– «Жаны» шықпаған ғой, балам...– «Жаны?» «Жаны» деген немене, ата?– «Жүрегі» ме? - қағылез Доғдырбай тауып кетті.– Иә, ие, жүрегі...– «Жүрегі» деген немене, ата? – Тумысынан алдымен сұрақты қойып алып, содан кейін тілін тістейтін Қоныс, бұл жолы да сөйтті.– Өй, саппас! Соны да білмейсің бе? Қап, мені қара басты-ау. Ойбай, «әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер» деген, жөнелейін! Қап, қап, әкеңнің!.. Бар сүтін еміп қоятын болды-ау! Өзіміз уызға жарымай жүргенде!..Шүкір ата қалбалақтап жүгіре жөнелді. Сол кез ботаның боздаған, сиырдың мөңіреген дауысы қоса шықты. Балалар мәз-мейрам. Еркін «нояндарын» сапқа тізе бастады.– Ал, жігіттер, қарын тойса, асық ойналық.– Ура! – Нешеуден тігеміз? – Басқалары да соны күткендей дүр сілкінді.– Біреуден бастайық. Сыпырылып қаларсыңдар. – Доғдырбай жанқалтасынан қорғасынмен әдептелген сақасын алып, шиырып-шиырып алды. – Байқаңдар, мен кеше сақамның екі жағына да қорғасын құйып алғанмын.Бір топ бала тақырға шеңбер сызып, оның нақ ортасынан түзу сызық жүргізіп, асықтарын тікті. Одан әріректегі асық ататын жолақта - Доғдырбай. Сақасын шиырып өз-өзімен мәз боп тұрды да, бір кез атып кеп қалды. Тігулі тұрған екі асық бірдей ұшты. Ал, қорғасын сақасы шеңберден шыққан асықтың біреуінің орнына тұра қалды.– Пәле-ай! Мықтысың ғой, өзің! – Еркін оны мақтап қойып, ұтқан асықтарын өз қалтасына сүңгітті. Доғдырбай асық тігілген сызыққа оң аяғын қойып, шарт жүгінді де, бір-бірлеп түбінен атып, түп-түгел шеңберден шығарып, ұтып алды.– Ал, сыпырып алған деген, міне, – осы! Қане, кім ойнайды, тағы?.. Жыламсырап Қосшы келді.– Әй, Доғдырбай! Мен саған үш ойын тігейін, ойнауға рұқсат бер. – Дүниенің бар қызығынан айырылғандай, не шартқа болса да дайын түр танытты. Балалар шу етті.– Жоқ, жоқ! Жолама бізге! Қарныңды тыр-тыр қасынған күйі қайқай!– Жігіттер, жігіттер! Сабыр, сабыр! Ашуланбаңдар! Одан да мені тыңдаңдар! - Қосшының әлгі ұсынысы Доғдырбайға ұнап кетсе керек, ара түсе бастады.– Әй, сені қойшы! Тігем деген асығына алданып тұрсың ғой...– Жігіттер, былай болсын. Біз Қосшыны ойнатайық. Бәрің білесіңдер, оның ышқырына байлаған анау қызыл жібек қалтасы құрт, бауырсақтан бұрын асыққа толы. Сыпырып алайық та, жөніне жіберейік.– Жоқ, болмайды. Қосшының қорлығы өтті, әбден! Бір емес, екі емес, күнде істейтіні осы!– Егер асықтарын ұттырғысы келіп тыпыршып тұрса, ойнасын! Бірақ, ертең, шелпек жарысына бәрібір қатыспайтын болсын! – Енді Доғдырбайдың жағына Қоныс шықты.– Не жаздым? Балдар, мен сендерге не жаздым? Одан да мына асықтарымды ойнамай-ақ бөліп алыңдар. Бірақ ертең, ертең, мен де қатысайын! – Қосшы ышқырына байлаған жібек қалтасының аузын ашып, ішіндегісін төге салды. Сол-ақ екен, қоршап тұрған балалар тақырға түскен асық, құрт, бауырсақтарды «ханталапай» қылды.– Талапай, талапай! – Әй! Сен бәрін алып қоятын болдың ғой, – итерме! – Мә, саған итерме! – Менікі, менікі! – «Базардан» кұр қалғандары таласқандардың екпінімен, жығылып қалған Қосшыға бас салды. Үстін, қалталарын тінтіп, топырлап жатыр!– Әй, әй, өлдім! Өлдім! Әй, қытықтама! Уай, ха-ха- ха, ішім-ай! – Қосшы оған ренжісін бе, қайта қатарларына қосқандарына мәз, шалқалай түсіп жер сабалайды.– Тұрыңдар, болды! Өй, сүмелектер! Ертең бейсенбі емес пе? Біраздан кейін күн батады, сендердің түрлерің мынау!.. – «Ханталапайға» қатыспай оқшау тұрған Еркін зірк еткенде дуылдағандар қағынып-сілкініп орындарынан атып тұрды.– «Ханталапай» деп жүріп, сәрсенбінің кешін өткізе жаздаппыз-ау! – Әшейінде үлкен адамша іс қылатын Доғдырбай мына «бала ойынға» қатысқанына қатты ыңғайсызданды.– Қане, тез сапқа тұрыңдар! Әй, шақабас, сен соңына! Әй қазанбас, сен ортаға! Тез бол! – Еркін күшіне мінді.– Мен ше, мен не істеймін?– Тұр, сен де сапқа! – Еркін «қолбасшы» сасқалақтаған Қосшыны сапқа нығарлап жіберді.– Алақай, алақай! – Қосшы қолын шапалақтап мәз.Еркін қаз-қатар сапқа тұрған «әскерін» бір шолып өтіп, қарсы алдарында сіресе қалды.– Иә, жігіттер, қомағайлық алысқа апармайды! Бүгін сәрсенбі. Ертең – бейсенбі. Ертеңгі жарысқа дайынсыңдар ма?– Әрқашан да дайынбыз! – «Әскер» жамырамай, бір дауыспен саңк етті. – Олай болса, сәрсенбі дайындығына кірісейік! – Біріншіден...Доғдырбай сөзін аяқтатпай іліп ап кетті.– Менің командамнан бұл аптада ешкім сойқан бұзақылық жасап, көзге түскен жоқ.– Менің командамнан да... – Осыған іле-шала Қоныс қосамжарланды.Еркін «екіншіден»... дей беріп еді, Қоныс бір қадам алға шығып саңк етті: – Қане, балдар, талапайдан тапқандарыңды бір жерге үйіңдер.Өзі қалтасынан шағындау қиылған ақ сейсепті алып, жерге төседі. Балалар үн-түнсіз талапайлап алған асықтарын, бауырсақ, құрттарын соның үстіне үйді. Айтқанын қалт жібермей тыңдаған әскеріне риза қолбасшы Еркін, асқан тәкаппарлықпен:– Қосшы! Өлімсірей бермей ал мынауыңды! – деп ақырды.Қосшы селк ете түсті. – Еркін, сен кейде тым қатты кетесің. Осының бәрін мен өзім жейін деп алып шықтым ба?– Енді неменеге қорбалаңдап жүрсің?– Бүгін, теңіз жағасында Албасты қызды күтіп отырғанда бәріңмен бөлісейін деп алғанмын...– Әй, қайдам?– «Оллахи, білләхи», шыным осы! Өтірік айтсам, тура табан астымнан жер ойылып, құрдымға құлап өлейін!Еркін айналасындағы әскерлеріне бұрылып: «Қалай, жігіттер, сенуге бола ма?» – деп еді, олар бірауыздан «сенейік» – деп мақұлдады.– Олай болса, мыналарыңды алып, сапқа тұр! Ал, сарбаздарым, үшіншіден... Тықыршып тұрған сарбаздары Еркіннің бұл сөзін де аяқтатпастан: – Ура, теңізге барамыз! – деп жар салып, тарыдай шашылды. Шу қарақұйрық жөнелді! Қосшы қалсын ба, ол да ұлы дүрмектің соңынан салды. Еркін алғашында аң-таң боп тұрды да, қолын бір сілтеп өзі де қашқындарды қуалап кетті.Бағанадан бері таласқан асықтар тігулі күйінде тұр. Ақ сейсептің үстіне жиған «талапай байлықтары» да сол орнында мұрты бұзылмай жатыр. Жоқ, жоқ! Сөйтсек, Доғдырбай мен Қосшы қайтып келеді екен. Екеуі қызу әңгімемен келеді. Әсіресе, Доғдырбай кеудесін керіп Қосшының арқасынан қағып-қағып қояды.– Жарайсың, мұрынбоғым! Бүгін сенің арқаңда қарбызға бір тойдық! Ол аз ба, мынандай мол байлыққа тағы кенелетін болдық. Қосшы тым кішірейіп қапты: – Енді, енді... Тырысамыз да!– Қане, бауырсақ-құрттарды менің қалтама салайық. Үлкендеу ғой... – Доғдырбай ыржың-ыржың етіп, қалтасын тосты.– Е, мейлің! Өзің біл!.. Тек, шыныңды айтшы, Еркін біле ме? – Қомпаңдаған Қосшы лып еткізіп сейсептегі байлықты оның қалтасына көшіре салды. Доғдырбайға оның мына сауалы ұнамады.– Білмегенде!.. Немене осының бәрін мен өзім жейді дейсің бе? О, несі-ей!.. – Бетін тыржың еткізіп, қалтасын жібере салды.– Ағатай, ашуланбашы енді... Менікі, енді...– Немене, сенікі?– Былай енді, былай... сақтық қой!..– Өйткен сақтығыңа болайын!– Доғдырбай, мен... Мен...Доғдырбай шаршаған кейіп танытып отыра қалды да, бауырсаққа кірісті. – Иә, айта бер...Қосшы бір әңгіме бастайын деді. Жан-жағына қарап:– Біз осы.. қулықты... жеті нан жарысына неге салмаймыз?– Қайтіп?– Жеті шелпекті екеуміз бөліп алсақ...– Қалай?– Сен төртеуін, мен үшеуін... Немесе, мен төртеуін, сен үшеуін...– Сосын?– Айтбай нағашым айтпақшы, сосын, «сопақан дела!»– Әй, сұм, сосын деймін, мен саған?!– Әрине, екеуміз де үйден жеті шелпектен алып шығамыз. Далаға шыққасын бір жерде кездесіп, көршілеріміздің айтатын «қабыл болсынын» өзіміз айтып...– Ой, оңбаған-ай! Он қазанға тойма-ға-ан-ай!Доғдырбайдың шіміркеніп отырғанын Қосшы әлі түсінген жоқ.– Тек бір ғана шартым бар.– Иә, сайра!..– Бір жолы сен чемпион болсаң, екінші жолы мен... Кезектесіп тұрайық... Тіпті, Еркінге айтып, үшеуіміз одақ болайық...– Иә, оңбаған неме! Қайтер екен десем... Мынау қайда алып барады, әй! Өй, сен бе! – Зорға шыдап отыр екен, Қосшыны тырақайлатып қуды. – Мені кім деп жүрсің, әй, сен?! А? Оңбаған! Шошқа! Сенің кұлқыннан басқа ойлағаның бар ма, әй?!Қосшы қаша-қаша өкпесі талып, қорғанысқа көшті.– Егер ұратын болсаң, балдарға бәрін айтып қоямын! Жіпке тізіп беремін... Әсіресе, Еркінге!..– Айтып көр, осыдан! Тоқта, болды! Ұрмаймын! Әй, боқмұрын! Тоқта! Балдар көріп қалса, сезіктеніп қалар. – Еркіннің аты аталуы мұң екен, Доғдырбай лезде «болдырып» қалды.– Е, е, солай демейсің ба, манадан! – Енді Қосшы масаттанды.– Жақсы, мен саған тиіспей-ақ қояйын! Бірақ, екіншігөрі аузыңнан осындай былапыт еститін болсам... Өз обалың өзіңе! Білдің бе? – Доғдырбай жұдырығын түйіп, Қосшының жанына ұратындай тез-тез басып келді де, сылқ етіп отыра кетті.– Қойдым, қойдым. Жәй, қайтер екен деп айта салғам... Қалжың ғой, ағатай! – Әлдене есіне түсіп, Қосшы-екең қоя қойды. Мүләйімсіп қалды аяқ астынан.– Бұл, бір! Екіншіден, екеуміздің арамыздағы достық осымен бітті!..– Ашуланбашы енді! Қалжың ғой!– Үшіншіден, мыналарыңды қайтып ал! Доғдырбай қалтасындағы жеп үлгермеген бауырсақ, құрттарды төге салып еді, амалы құрыған Қосшының дымы құрып, сөзі таусылып, оның үстіне құлай кетті.– Ағатай, ағатай! Қатты кеттің ғой!Доғдырбай лезде оны аударып тастап, астына алып:– Төртіншіден... Біреуге бір ауыз сөз айтсаң... – деді де, жұдырығымен мытып-мытып жіберді.– Еркінге дедің бе? – Қосшы жығылып жатса да, қиқарлығын қояр емес. Доғдырбай мұны естіп, одан сайын өршеленді. – Ойбай, не дедің? Оған... оған да... аузыңды ашушы болма! Түсіндің бе?– Жаңа ғана өзің «Еркін бәрін біледі» – деп едің ғой?– Тыс, ойбай! Тыс! «Әскери құпия!»– А-а, солай ма? Онда мен де бір, Үндемес те бір!.. Доғдырбай қайта ашуланып, қалтасындағы терім «байлықты» қалғанын жерге ақтара салды. – Олай болса, кеттік! Мыналарды жинап ал!Қосшы емпеңдеп, жерге түскен бауырсақ-құртты жиып, қалтасына тоғытты. Сөйтсе, Доғдырбайың кетпей, түксірейіп қарап тұр екен. Қосшы тапқырлық танытып, манағы байлықты өз қалтасынан оның қалтасына қайта «көшірді». Сөйтіп, ақ тер, көк тер жұмыстанып, қолын қақты.– Ал, болдық. – Құдды керемет бір іс бітіргендей.– Жүр! – Доғдырбай іштегі ризашылығын сырттай «дүңк» еткізіп білдірді.– Кешірдің бе, ағатай?.. Кешіре гөр!.. Менен бір білместік болды... – Қосшы нығыздап қоймады. Мақсаты – Бас қолбасшы серігінің ақтық уәдесін алу.– Өй, ісіңе болайын!.. «Аруақ атсын» деп жүрсің бе? Жаңағың не?– Боқмұрын бала не білуші еді?..– Басқаны қайдам, сен зымиянның білмейтінің жер астында шығар...– Кешіре гөр, ағатай! Қаласаң атамның өзі қорғасынын екі жақтап құйып берген қызыл сақамды берейін...Жағалауға бет бұрған Доғдырбай кілт бұрылды. – Қайсы? Шиырып көріп жатыр. – Жаман емес. – Қалтасына сала салды. – Жақсы, онда, кеттік!.. – Екеуі жүгіре жөнелді.***Кешқұрым. Теңіз жағасы. Әлсін-әлсін шолп-шолп еткен толқын, ду-ду бала күлкі. Балалар қайрақ құмға жайғасыпты. Суға түсіп масайрап, бірінің үстіне бірі құм үйіп, бекініс жасап мәз. Еркін мен Доғдырбай әдеттегіше басқалардан оқшау отыр.– Иә, бейсенбі де таяп қапты. Әжем айтпақшы, «зымыраған уақыт деген осы-ау!»... – Доғдырбай Бас қолбасшымен арадағы әңгіменің – қарапайым жан түсінбейтіндей маңызды болатындығын сездіргісі келіп, тамағын қинап дауыстап айтты.– Ертең аруақтармен тілдесетін күн-ау... – Сөйтіп аспанға қарады. Басқалары бірте-бірте екеуінің қасына жинала бастады. Бір құпия әңгіменің басталғанын түйсініп, ошарыла қалды.– Балдар «аруақ» деген немене? Әшейінде осы сөзді естігенде-ақ, бойыма бір қорқыныш кіреді. – Бұл тілі жеңіл Қоныс.– Сәрсенбі болды ма, таңертеңгі шәй кезінде әжем жастығына жантая түсіп, «уһ, жаным-ай, бүгін түсіме аруақтардың кірмесі бар ма, бірдеңе дәметіп жүр-ау, келінжан, ертең жеті нан тарқатайық!» – деп уһілейді де жатады. – Доғдырбай ортаға салмақты да, бастысы, тек ересек айтатын сөз тастамаса отыра ала ма? – Атам да «аруақтарды бейсенбі сайын еске алып тұру керек» дейді. Соған қарағанда, жеті шелпек – аруақтарды еске алудың белгісі-ау, шамасы!..– «Белгі» деген немене? Сенің де таппайтын сөзің жоқ екен, – деп, лып ете қалды, Қоныс.Бар ықылас-көздердің өзінен басқа тұлғаға ауысып бара жатқанын тез таныған бас қолбасшы Еркін сөз бұйдасын енді өз қолына алды.– Қайтесің енді, арамыздағы жалғыз ақынымыз ғой. Менің Атам айтады... «Әрбір адам өлгеннен соң, оның жаны кеудесінен ұшып кетеді де, жер-дүниені кезіп, саяхаттап тек қырық күннен кейін ғана қайта оралып, өз үйінің шаңырағына қонақтайды екен. – Әбден өз аузына қарату үшін сөз арасына түсініксіз былдыр-батпырақ тағы қосты. – Бүгінгі тауық естеріңде ме? Қояншық Миколай басын шауып алса да, кеудесінен «Жаны» шықпаған соң, өлмей, қора-қораны сағалап, қашып жүрді емес пе?.. Ім, солай... Қай жерге келіп едім... – Иә, атам айтады... Шаңыраққа қонғаннан соң, үй ішінде не боп жатқанын бақылап отырады екен-мыс. Егер, біз, балалар, «азаматтық көрсетіп, пайдалы іс жасасақ, жақсы адамның жаны кеудесіне қайта оралуы мүмкін» дейді. Жеті нан таратқанымызды көріп, атам әрдайым қуанып отырады. Өткенде мен чемпион болған күні, арқамнан қағып «жігіт болған деген міне, осы, әжеңнің аруағы бір аунап түсетін болды» деп, ай мүйізді бәкісін сыйлаған.– Қайсы? Көрсетші? – Балалар кейде «материалист» деп атайтын Қосшы бірден іске кірісті.– Япырмай, осындай жаңалық ішіңде қалай сыйып жүр? Бәкі жөнінен бір ауыз сөз айтқан жоқсың ғой!.. – Оны Доғдырбай іліп ала жөнеліп еді, Еркін қолын көтеріп, тоқтатып тастады.– Жә, оны қайтесіңдер... сенімді жерге тығып қойғанмын.– Еркін, сонда адам жаны өмір-бақи шаңырақта қонақтап отыра бере ме?– Жоға... енді былай ғой... – Қоныстың сауалына Еркін мүдіріп қалып еді, көмекке тағы да сол – «оң қолы» Доғдырбай келді.– Анау... теңіз ортасындағы аралды көрдің бе? Біздің Құрықта қайтқан кісілердің барлығының жаны сол аралда ұшып жүр.– Бәсе, бәсе, «аруақтар аралы» деген осы екен ғой?! – Бар бала Доғдырбайдың сұқ саусағы сілтеген жаққа аңтарылды. Осы мезет шынында да, алыстан, теңіз ортасынан қалың тұманға оранған Арал мұнартты.– Көрсеңдер, сол!.. «Аруақ арал» дегенің – алыста-а-ағы, сонау қалың тұман арасында-а-ағы жалаңаш адамдар өмір сүретін арал...Сарбаздар әбден мәңгіп, бастарына алыс аралдағы тұман көшкендей болғанда, Еркін әбден еркінсіді-ай.– Біздің күннен күнге сарыла күтіп, сарғайып, әлге дейін бір көре алмай жүрген Албасты-қызымыз сол аралдың иесі құсайды... Жалпы ол жөнінде аңыз көп...Балалар тұман арасынан мұнартқан алыс аралға телміріп қарады. Құдды бар керемет сонда тығылғандай. Қосшы еркінсіп, әңгімеге араласты:– Еркін дұрыс айтады. Балдар, сендер білесіңдер ме, егер жаңа туған нәресте қараусыз қалса, Албасты-қыз аңдып жүріп, алып қашады екен де, теңізге әкеп шомылдырып, жұбатып... Одан кейін, емшегін емізіп, сүтке тойғызып... періштеге айналдырып жібереді екен...Еркін ернінің үстіңгі жағын құдды мұрт шиырғандай (атасына еліктеген түрі) сипалап қойып, асықпай өзіне де, өзге балаларға да түсінігі аз әңгімеге көшті.– Дегенмен, әркім әрқалай айтады. Біреулер – ұрлап алған нәрестесін сүтке тойғызып, ақ қанатты періштеге айналдырып жібереді дейді... Періште қанаттарын қағып-қағып, мына көк теңізді асып аспанға, иә, иә, алыс аспа-ан-ға ұшып кетеді екен... Ал, енді біреулер – Албасты емізген нәрестесін аққуға айналдырып жібереді дейді... Жұрттың аққуды «киелі» санайтыны содан екен... Әлгі аққу қанаттанғанша бар ғой, оны әлпештеп, мәпелеп, ұшып үйрететін де – Албастының өзі көрінеді. Ал аққудың сұңқылдап мәңгі бақи жұбын жазбай іздейтіні – анасын іздеген нәрестенің іңгәлағаны екен...– Шір-ке-ен! Албастыны бір көрсек қой!..– Не арман бар, онда! – Еркін дегеніне жетті. Сарбаздарының тыныстары жиілеп, шаштары үрпиіңкіреп, сілекейлері шұбырып кетті.– Албасты-қыз әсіресе, тұманды күндері теңіз жағалап серуендегенді жақсы көреді екен... Енді, мұның бәрі атамның айтқаны-ғой... – Еркін тоқтасын ба? Оған Доғдырбай «қат-қаттап» әйтеуір, екеуі айран-асыр.– Сенің атаң сұмдық ертекшіл ғой, несін айтасың?!– Күн түстес, ақсары, ұзын шашын екі иығынан асыра жайып жіберіп, сыздаған емшегін өзі сауып, ыңылдап ән айтады екен... Ертеректе, сонау бағзы заманда адамдар оған зорлық жасап, баласын тартып әкеткен көрінеді. Содан бері аласуан атын ойнақтатып, күллі әлемді кезіп нәрестесін іздейді екен, кейуана!.. – Еркін тағы бір «мұртын шиырды». Ол аз дегендей енді «сақалын санамалады».– «Аласуан ат» дегенің не, Еркін? – Қосшы ішегін тартты.– Мәссаған! Теңіз жағасында туып-өсіп, соны білмейсің бе?– Біз пақыр қайдан білейік енді, өзің айтпасаң?– «Аласуан ат» дегенің – теңіз жылқысы...– Мәссаған, безгелдек! «Су жылқысы» да бола ма? «Естімеген елде көп» деген осы екен-ау!Жалпы, қай жаңа әңгіме, хикая болмасын, ең сүбелі, қызық жерін алдымен Еркін айтатын да, соңы әрдайым, «ақын» атанып жүрген Доғдырбайға қалатын. Бұл жолы да Еркіннің үнсіз қалғанын өзінше түсініп, Доғдырбай іліп әкетті.– Ал, енді мен айтайын! Шынында да, Албасты-қыздың ең сүйікті ісі – «мынау көк теңіздің үстімен аласуан атын ойнақтатып, ерсілі-қарсылы дүбірлеткен» деген сөз бар. Алтын тарағымен жылқысының төгілген жалын тарап, таң шапақтарындай жалтыратады екен... Сосын... – дей беріп еді, Еркін өктем үнмен жалғастырып кетті. Соған қарағанда, әңгіменін сүбелі тұсы бітпеген.– Бұлдыр-бұлдыр тұман арасынан аласуан атпен серуендеген Албастыны көрген адам екі дүниеде де бақытты болмақ. Ал, ебін тауып оның шашын тартып, емшегін ұстаған адам – сол бойда пейіштен бір-ақ шықпақ.– Еркін деймін «бақыт» деген немене? – Бұл тағы Қосшы.– «Бақыт» деген – Албастыны бір көру! Дегенмен, жігіттер, мен... сендерге қызық айтсам ба деймін.Бір қызықтың боларын әлдеқашан сезген балалар жамырай кетті.– Айтшы, айтшы, Еркін!– Біз ғой, осы Албасты жөнінде көп айттық. Оның күн түстес ұзын, ақсары шашы, аспанкөзі туралы...– Иә, иә...– Ал енді осы суреттердің бәрі – біздің Наташа апайға ұқсамай ма? Кезінде ол да ғажап сұлу болған кәрінеді...– Астапыралла, Еркін сенің ойлап таппайтының жоқ... Наташа апай - өзіміздің апамыз, ал Албасты... – Кімге болса да, Еркінге өмірі қарсы келмес Доғдырбайдың өзі бұл жолы мына тосын жайға шыдамай кетті. Бағанадан етпетінен түсіп, құмда мүлгіп жатқан Рашид та осы орнынан тұрып, балаларға жақын келді. Балалар «қойкөз» деп атайтын, томаға-тұйық, қарасұр бала – Рашид ылғи ұртының астынан сөйлейтін. Бұл жолы да сөйтті. – Сендердің Наташа апай деп отырғандарың – менің мамам емес пе?– Кейін, жігіт болған соң мен де ұзын, ақсары шашты, аспанкөз қыз тауып әкелемін. Көресіңдер әлі!.. – Доғдырбай «ақын» шын қиялға батқан екен. Ал, бұл топта оны қағыта алатын жалғыз Қосшы. Әлдебір ортақ «қылмыстары», «ым-жымы» бар ма, әйтеуір Қосшы қалжыңдаса Доғдырбай үнсіз.– Оны қайдан әкелесің? Атам оны «жөйіт қызы» дейді ғой. Біздің ауылда ондай қыз жоқ-ау! – Қосшы қолын тым алысқа сілтеп еді, Доғдырбай алдырмады.– Алыс-та-а-ан, алыс-та-ан алып келемін... Сосын, сосын, мен оны мәңгі сүйіп өтем!..Балалар түсініксіз сөз есітіп мәз.– Бұл қай кинодан көргенің? Қай ертегіден естігенің? – Қосшы қояр емес. Бірақ, Еркін – қолбасшы дауды ұшықтырмай, әңгімені басқаға аударып жіберді.– Жігіттер, «мәңгі бақи, ешқашан» Албасты-қызды көрмей өтеміз бе екен? Алайда бар ғой, жігіттер, ол ең алдымен, өзімізге байланысты...– Мен шамам келгенше адал болуға тырысып-ақ жүрмін ғой!.. Енді не дейсің? – Қосшы Еркіннің жанарының ауғанын өзінше топшылады. Ал, ақкөңіл Қоныстың әлгіндегідей сөздерден жүрек кілті ашылып, ағыл-тегіл сезім ақтарды.– Жігіттер, біз өмір бойы осылай, – бәріміз бірге, мынау теңіз жағасында Албасты-қызды күтіп өтерміз бе екен! Әлде есейіп ер жасына жеткен соң, жан-жаққа тарап кетеміз бе екен.– Ол да өзімізге байланысты!.. – Еркін әлдене ойға алып орнынан ыршып тұрып еді, қалғандары қалт-құлт ете қалды. – Олай болса, қазір, тап осы жерде, «мәңгі бақи», «өмір бойы» дос боп өтуге серт берейік!..Теңіз әлсіз қозғалып, «балатірлікке» жымиғандай. Балалар орындарынан тұрып, бірінің қолының үстіне бірі қол қойып, серт беріп жатыр. Ең астында – Еркіннің қолы, оның үстінде - Доғдырбайдікі...– «Мәңгі бақи», «өмір бойы» дос болып өтуге ант етеміз! Ант етеміз! – Еркіннің дауысы саңқ-саңқ етеді. Оған Доғдырбайдың шіңкілдек дауысы қосылды. – Алыста-ан, алыс-та-ан күн түстес ұзын, ақсары шашты, аспанкөз қызды тауып әкелуге ант беремін!– «Мәңгі бақи», «өмір бойы» Албасты-қызды іздеп өтуге ант етеміз.– Ант етеміз!..Мағынасын жете түсінбегенімен, осындай сөздер балаларға тым қызық, құпиялы көрінетін. Сәрсенбі сайын кешкіғұрым, қызара батқан күнді шығарып салып тұрып, себеп табылсын, табылмасын «мәңгі бақи», «өмір бойы» деген сөздерді айта түскенді қалайтын. Бір жағынан ересектерге еліктеу болғанымен, қызара батқан күн, шолп-шолп етіп жағалауға соғылған теңіз, бәрі, бәрі – оларды әлдебір әлемдік құпияларға, дүниелік сырларға ортақтастырғандай болатын. Бүгінгі антқа тек Доғдырбай ғана нақты желі қосып қоймады.– Жүрегім тоқтағанша оны сүйіп өтуге ант етемін!Балалар ду күліп, қайтадан құмға жайғасып еді, Қосшы тықыршып, Доғдырбайға сауал тастады.– Доғдырбай, жаңа сен «жүрегім тоқтағанша» дедің, ал «жүрек» деген немене?Доғдырбай бұдан оңай құтылды. Қосшыны шақырып алып, оның оң қолын өз кеудесіне басты.– Дүрс-дүрс еткенді сезесің бе? Міне, мына тұста! – Қосшы оқыс қолын жұлып алып, айқайлап жіберді.– Иә, иә! Сездім! – Сөйтті де тезірек отыра қалып Доғдырбайдың кеуде тұсына құлағын тосты. – Иә, иә! Дүрс-дүрс етеді. Пойыздың жүргені секілді!– «Жүрек» дегенің, жарқыным, міне осы! – Доғдырбайың масаттанып кеудесін қақты. Қосшы «жүрек, жүрек!» деп айқайлап, Доғдырбайдың кеудесіне қайта-қайта қарады.– Доғдырбай, менде, менде де «жүрек» бар ма?– Әрине! Нанбасаң өзіңнің осы тұсыңды ұстап көр!Қосшы кеудесін ұстап көрді.– «Жүрек!» «Жүрек!» – деп айқайлап, басқа балалардың кеуде тұстарын түрткілейді. – «Жүрек!» «Жүрек!»Бір мезет бала біткен бір-біріне лап қойып, кеуделерін тыңдап кетті. Тізерлей отыра қалып, бір-бірінің кеудесін құлақ түріп: «Жүрек!» «Жүрек!» деп айқайлады. Керемет жаңалық ашқандарын сезгендей, мүлгіген кеңістікті қуанышты айқайға толтырып, сәл тұрды да, бір мезгіл ауылға қарай ағызды. «Жүрек!» «Жүрек» – деп ұран салып барады. Ең соңында – Қосшы.– Жүрек! Жүрек!Бүкіл әлем олардың қуанышына ортақтасқандай, демін тартып, жұлдыз болып жымыңдайды. Топтың басында – Еркін.– Ертең – бейсенбі! Шешуші күн! – деп ол да өз ұранын тастайды. Сарбаздары шу етіп қолдайды. Ағызып барады.***Таң сәрі. Айнала дүние оңды-солды ажыратуға келгенімен, әлде де көмескі қараңғылық кұрсауында. Күн шақырған әтештің, оқтын-оқтын ырылдаған иттің дауысы. Біреудің абайсыз жүрісінен қорадағы қаңылтыр ыдыс қаңғыр-күңгір құлап, оған ит абалап қосылып, әп-сәтте ел көшкендей болды. Сүрініп жығылған Еркін екен.– Кет, әй! Ой, әкеңнің аузын... Иеңді талайсың ба, енді! Кет әрі!Ұйқылы-ояу апасы шықты.– Кет әй, Ақазу! Кет! Көгермегір, таң атпай шабаланғаны несі!Еркін үстін қағып-сілкіп тұрып жатыр.– Апа, мен ғой!– А?! Көтек!.. О, несі-ай? Сен нағып жүрсің, қызыл-іңірден?! Жүрегім су ете қалды ғой!– Апа, енді бүгін... Бүгін бейсенбі емес пе?– Болса қайтейін?– Апа, кейде өстіп білсең де білмеген бола қаласың. Жеті нан тарқатпаймыз ба?– Иә, екеуміздің тірлігіміз – таң атқаннан... Отын дайындадың ба? Қой, мен қазан-ошақты қамдайын!– Отын жарайын деп шығып едім, қараңғыда сүрініп... – Еркін қораның бір шетінен отынға жарайды деген ағаш таңдап, қазан-ошақтың жанына тасыды. Содан кейін темір балта алып, отын жарды. Апасы болса, қазан-ошақтың жанына қамыр кесетін астау-таяқ, өзге құрал-саймандарын әкеліп жатыр. Шаруасын әп-сәтте бітірген Еркіннің әңгіме-дүкен құрғысы келді.– Апа! Апа деймін! Мен бүгін сұмдық түс көрдім.– Ол не түс?Еркін қипалақтап, бірден не айтарын білмей дағдарды.– Түсімде Албастыны көрдім.– Бісміллә, бісміллә... – апасы шаруасын қоя сала, жаулығының ұшымен маңдайының терін сүртіп, бұған бұрылды.– О не, апа? Түсінде Албасты көрген жамандық па? – Апасына әлгі хабарының қалай әсер еткендігін Еркін әлі түсінер емес.– Жоқ, айнам. Қайта жақсылықтың нышаны... Қане, айта қойшы, айналайын... – Апасы Еркіннің әңгімесіне құлақ түргенімен бар ынтасы алдындағы шаруада. Әп-сәтте ошақ құрып, от тұтатып, қазан тазалауға кірісті. Еркін атасына еліктеп, ошақ жанындағы киіз төсенішке малдасын құрып отыра кетті. Тамағын кенеп, қолын алға созып, әңгімеге көшті.– Бірақ, тым ауыр түс болды... Теңіз жағасы екен деймін. Тапа-тал түс. Ауыл балдары жағалауда күнге қыздырынып жатыр. Бірінің үстіне бірі құм құяды, қайсы біреулері майда тасты судың бетіне атып, шолпылын санайды. ...Еркін үстіндегі құм түйіршіктерін ысқылай суға беттеді. Сәл маңқиып тұрды да, суға қойып кетті. Басқаларының онымен ісі жоқ. Бір шетте Доғдырбай бастаған топ бастарын түйістіре жер қазып жатыр. Әлденеге бастар қияқы күлкісін жасыра алмай, онды-солды бұйрық беріп, Доғдырбай ноян тұр ортада.– Көбінесе, құлаштай жүзіп, жағадан алыс кететінмін де, су бетінде шалқалап, сәл тыныс алып алғаннан кейін «итжүзіске» салып, кері қайтатынмын. Сол әдетпен теңіз толқынына шалқалай жатқанмын. Үп еткен жел жоқ. Майда толқын жаймен тербейді. Кенет, астымнан судың буылтықтанып, бүлк еткені. Аударылып түсіп, дереу жағаға жүздім. Сол-ақ екен, тура алдымнан су айналғандай болды. Көтерілген тау-тау толқындарға көміліп, қақалып-шашалып, су айрыққа түсіп кеттім... Бір сәт есімді жисам, аласуан аттың желбіреген жалынына жабысып, тас қып ұстап аппын. Қайдан келгені белгісіз, атты айтам, сірә, теңіз қойнауынан пайда болса керек, су бетіне жұлқып шығарды. Ал, теңіз еш нәрсе болмағандай, баяу толқиды. Жағада балалар күнге қыздырынып жатыр. Аласуан ат дегенің – жалы желкесінен түскен, тірсегі ұзын, ақсұр жылқы екен, теңіз бетімен еркін шапқылап, айдалаға алып барады. Мен «балдар» деп айқайлаймын, жағадағылар көретін емес, еститін емес. «Аруақтар аралын» бір айналдық, үстін қалың тұман торлаған, дым көрінбейді. Жағаға қарай беттедік. Ойпырмай, ғажайыптың көкесі енді болды. Су бетінде көлемі екі Қосшының бойындай үлкен көбік домалап жүр екен. Аласуан ат соған беттеді. Бір қызығы, көбік онша тез домаламаса да, аласуан ат бастырмалатып келіп кілт тоқтап, қуып жетпей, бір жақындап, бір алыстап ойнақ салды. Жағаға таяу келсек те, балалар байқар емес, өз беттерінше. Бір-екеуі сол баяғысынша теңізге тас атып, су шолпылын санауда. Аласуан ат көбікке жақындай беріп еді... Керемет-ай, көбіктің ішінен ғажайып сұлу қыз көрінді. Кірпігін қағып-қағып қойып жымиып күледі. Аласуан ат иесін көргендей ойнақтап, тап-тап береді. Көбік-қыз әрі қарай домалайды. Сықылықтап күледі. Су жылқысы оқырынады. Кенет, жағадағы баланың суға атқан майда тасы көбікке тиіп, тарс еткізіп жарып жіберді. Іле-шала «ура, он!» деген айқайы қоса естілді. Аласуан ат не істерін білмей кілт тоқтады. Сол-ақ екен, әріректен көлемі манағыдан екі еседей кем тағы бір көбік пайда болды. Одан да ғажайып сұлу қыз көрінді. Бұл жолы тіпті қол бұлғағандай болды. Аласуан ат ұмсына беріп еді, жағадан атылған тас тағы жарып жіберді. «Он бір!» деген айқай қоса естілді. Көбік-қыз үшінші рет от-жалындай қып-қызыл шеңбер боп пайда болды және көлемі бұрынғыдан да кіші. Мен қол созым жердегі жағадан тас атқылағандарға «әй, тоқтаңдар!» деп айқай салдым. Естімейді, тіпті көрмейді де. Өз-өздерімен. Аласуан ат көбік-қызбен тас атқылағандардың ортасына тұрып қалқалағандай болып еді, нәтиже шықпады. Тағы бір тас теңіз бетін шолп-шолп еткізіп келіп көбік-шарды тарс жарды. Көбік-қыз қайтып көрінген жоқ. Жағадан «Албасты! Албасты!» деген айқай шықты. Аласуан ат әлденеден секем алғандай, үрке шапты. Кенет сықылықтаған қыз күлкісі тағы естілді. Өте жақыннан естілді. Мені біреу суға тастап жібергендей етпетіммен құладым. Асығыс жағаға жүздім. Мәс-са-ған, жағажайда ешкім жоқ. Аласуан ат алысқа кұлдырап барады. «Құтқарыңдар!» деген айқай естілді. Әлдекімнің қарлығыңқы даусы. Жан-жағыма қарадым. Ешкім жоқ. Суға беттедім. Қаңғыған тастан жарылған көбік-қыз шығар деп едім. Жоқ, көрінбейді. Алғаш жарылған жеріндегі майда толқын ғана қызылданыпты. Басқа еш белгі жоқ. «Құтқарыңдар» деген қарлығыңқы дауыс тағы естілді. «Бұл кім болды?» деймін. Жағадан естілгендей. Қайтып оралдым. «Әй, Еркін, соқырмысың, алдындағы мені көрмей?!» деген таныс дауыс естілді. Сөйтсем... сақылдап күліп жіберіппін... Белуардан құмға көмілген Қосшы. Басы қылтияды. Дереу тізерлеп отыра қалдым да, екі қолыммен кезек қазып, шығарып алдым. Бас салып маған жармасты. Дәл осы кезде оянып кетіппін...Әңгімесін тамамдаған Еркін соның күйімен біраз толқып отырып қалды. Апасы шаруадан қол үзер емес. Тіпті, онша мән бермегендей...– Е, айналайын, «аруақтар аралын» көрген екенсің ғой... «Бісміллә, тие берсін, тие берсін»... Аруақтар түсіңе кірсе... Жеті нан тарқатып, риза қыларсың... Басы артық малымыз да жоқ, құрбандыққа шалып, құран оқытатын. Ағашты тым ірі жарыпсың, біреуін алып жаңқала...– Апа...– О, не, Еркінжан?– Түсінде Албастыны көрсе, не болады? – Еркін апасының мынадай салқынқандығына таң қалды. Әйтсе де бір отын ағашын алып жаңқалай берді.– Қайдан білейін, қарағым-ай?.. – «Қандай түс көрсең де жақсылыққа жоры» деп атаң айтпаушы ма еді?– Апа, атам қайда?– Сиыр айдап кетті...Осы кезде әлдеқайдан соққан адасқан жел Еркіннің көңіл-күйіне ортақтасқандай, уілдеп өтіп, ошақтағы отты сөндіріп кетті. Алақтаған апасына қарағанда, бала тез есін жиды.– Апа, өзім тұтатайыншы!– Қағаз алып кел, ендеше! Мен керосинге барайын! – Еркін үйден бір бума газет әкеліп, пештің көрігіне тоғытты. Әуелі майдаланған жаңқаларды, оның үстіне төрт-бес ірі отын-ағаш, содан соң, апасының каңылтыр қалбырымен әкелген керосинін құйды. Бір шырпыны шырт еткізіп тастай салып еді, от «лау» етіп жанды.– Тү-у, қағазды аямай салған екенсің! Бықсып, түтіндететін болды ғой.– Апасы сонда да риза емес. Еркін мәз.– Тез тұтанды қайта!– Сәлден кейін отынның ірісінен бес-алтауын сал, енді керосин құйма. Иіс бүлінеді.– О, не иіс, апа?– Қойдың іш майының иісі. Ол иіс аруақтардың мұрнына жетуі тиіс. «Иіс май» дейтініміз де содан.Апасы тұтас қой майын майдалап турап, қазанға шыжғырды.– Алақай, шыжық жейтін болдым!– Қазір шелпек піседі, шыжықты соның ішіне салып, бүктеп жесең, тәтті болады.– Алақай, алақай!– «Қабыл болсыныңды» айтуды ұмытпа!– «Ешқашан да!» «Мәңгі бақи!» «Өмір бойы!»– Тек-ай, тек, о, несі, ант-су ішкендей болып! – Апасы тақтайға қамыр жазып, шыж-быж шелпек пісіріп жатыр. Міне, алғашқы шелпек те пісті-ау!.. Апасы ернін жыбырлатты.– «Бісмілләхи рахман рахим, бісміллә, бісміллә, жатқан жерлерің жайлы болсын, топырақтарың торқа болсын, тие берсін»... Шыжғырылған майдың бетіне шыққан шыжығын шелпекке салып, Еркінге ұсынды. Еркін қазанға түсердей мазасызданып: «Тие берсін!» Апа, тез бол! Қазір Доғдырбай қу келіп қалады! Бол, бол тез! Өткен жолы – ол, енді мен чемпион болуым керек! Бол, Апа! Әне келіп қалды, – деп, шелпекке жөнді қарамады. Осы мезетте үрген иттің дауысы естілді. Еркін жүгіріп шарбақтың саңылауынан сығалады. Ешкім көрінбейді. Қазан-ошақтың жанына қайта жүгірді.– Бол, бол, апа!– Айналайын-ау, қазанға түсермісің?! Болады да өз кезегімен, бәрі! Мә, мына шелпектен ауыз ти! – Апасы жайбарақат қалпы.– Апа, апа, сосын! Қалып қоямыз! Жаңа шарбақтың саңылауынан байқап қалдым. Қоныстың үйінің, Доғдырбайдың үйінің қораларынан түтін будақтап жатыр. Қалып қоямыз!– Отқа түсермісің! О, несі-ай! Бар, нан тарқататын табағыңды алып кел! – Апасы ашулана бастады. Еркін үйге жүгірді. Жолда өзі жарған отынға сүрініп, одан су құйылған үлкен самауырға салдыр-гүлдір құлап, әбден суға малшынды. Апасы басын шайқап, артынан қолын сілтеп жатыр.– Ойпырмай, не деген оспадар едің?Еркін малмаңдай су болғанына қарамай, дереу табағын алып келіп, піскен шелпектерді санады. Өз ойы өзінде. – Бір, екі, үш, төрт, Төртеу-ақ! Қалдым, қалдым! – Болмағасын, апасы тоқтайтын түрін көрмей тор қасығымен жасқап: – Әй, көргенсіз неме! Жеті нан санағаны несі! Бар, отын әкел! – Әрі қуды.Еркін отын жинап, шарбақтан сығалап, тағы тың тыңдады. Қолындағысын қазан-ошақтың жанына тастай салғаны сол еді, ит абалады. Сүріне-қабына шарбаққа қайта жүгірді. Мына түрін көріп, апасы да жібиін деді.– Еркінжан, қазір бітіреміз енді. Сен абдырамай, мына жерге отыршы! Мә, шелпектен ауыз ти! Тек санаушы болма! Бүйте берсең не қазанға түсесің, не сүрініп, бір жеріңді жазым қыласың! – Сол-ақ екен, баланың мазасыздығы апасына да ауысып, екеуі қатар аптыға бастады.– Апа-ау, бұл жарыс-қой! Өткен жолы ұтылып қалдық. Бүгін қалайда чемпион болам деп өз-өзіме серт бергенмін, – серт бергендей қолын тамағына апарды.– Тәйт, асылық айтпа! – апасы қайтадан түсін суытып еді, Еркін қолындағы табағына жаңа піскен шелпекті салып, айқайлап жіберді.– Ур-ра, жетеу, жетеу!– Қане, жетеу?– Міне, менің табағымда!– Анық жетеу ме? Қайта санашы!– Біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу! Иә, жетеу! Ур-ра! Мен кеттім! – апасы күлімсіреп кейін шақырды. – Қайт, қайт, Еркін! Анау үстіндегі шелпек ше?– Иә, о не? – Жартысын жеп қойған жоқсың ба?Сөйтсе, алғашқы шелпектің шетінен үзіп жегенін байқамай қалыпты.– А-а, ойбу-у, қап, қап! Қап, әй-ә! Енді қайттім? Қалатын болдым-ау! Бүгін тағы ұтылатын болдым-ау! – Ит абалады. Еркін табағын қоя сала шарбаққа жүгірді. Сол екі ортада апасы жетінші шелпекті дайын қыла қойды-ау!– Міне, жетінші! Табағыңды әкел! Тез, тез! Қайда жүрсің, болсаңшы енді! Бол! Еркін! – Апасы да асығулы.Табағына жетінші шелпекті салғаны сол еді, Еркін ала далаға шапты. Манадан бері қылықтарына риза болмағансып, қайта-қайта ұрсып, жұмсаған апасы енді соңынан айналып-толғанды-ай.– Өй, айналайын! Жорытқанда жолың болсын! Жолдасың Қызыр болсын! Жігіт болды деген осы! Азамат болды деген осы! Өй, айналайын! – Қамзолының қалтасынан бет орамалын алып көзін сүртті. – Марқұм Сейсенбай ерте кетті ғой, мынау дүниеден! Әйтпегенде, баласының азамат болғанына ол да тәнті болар ма еді? Дым көрмей кетті ғой, шіркін!.. Жолың болсын! Айналайын, азаматым!..Табағын қолына алған Еркін көршілерінің қақпасын дүкілдетіп соғып жатыр. Бірін соғып, екіншісіне жүгірді. Қапелімде адам шыға қойсын ба?.. Іштен абалаған ит даусы естіледі. Бірте-бірте үй арасында табақ ұстап, ерсілі-қарсылы жөңкілген балалар саны көбейе бастады. Әр жерден бір жылт етіп, қақпа біткеннің бәрін қоймай дүңкілдетіп, оған шабалаған ит даусы, қорада тұрған ботаның боздап, сиырдың мөңірегені, есектің ақырғаны бәрі қосылып, азан-қазан тіршілік басталды.– Әй, Қоныс! Сіздің үйдің қақпасы тарс жабық қой.– Қайдам, мен шыққанда қымтап...– Не дейді?– ...Ашып кеткем!– Әй, сен әдейі қымтап жауып кеткенсің-ғой!.. Қап, мынаны-ай, ә! Соңыра балдар жиналғасын масқараламасам бар-ғой, сені... Атым құрысын!Еркін табағын жерге қойып, емен тақтайдан қиқы-жиқы қағылған бір биік дуалға өрмелеп шыға бастады. Одан сырғып құлап, екінші қайтара тырмысты. Ары қарай, қораның ішіне қарғып түскені сол еді, абалаған иттің даусы естілді. Лезде қақпаны сарт-сұрт ашып, қалай зытып шыққанын өзі білмей қалды-ау, сірә! Сонда да табағын тастамай іліп алып, ағызып барады. Тек, «Әй, кімсің, ей?!» деген дауысты естіп, кілт тоқтады. Кері айналып, қайта келді. Сөйтсе, дауыстаған Қоныстың әкесі – Тәжіман екен.– Оу, қызыл іңірден елдің шырқын бұзған кім десем, өзіміздің Еркінжан екен-ғой!..– Ассалаумағалейкум, Тәжіман аға!– Әлейкум, әлейкум! Иә, бұл не жүріс?– Жеті нан тарқатып жүрмін, аға! Мінекей алыңыз!– Тілектерің қабыл болсын, балам! Е, бісміллә, «тие берсін», «топырағың торқа болсын, жатқан жерің жайлы болсын!» – Шелпектің шетінен үзіп жеді. – «Тие берсін!» Аруақтарды риза қылып жүр екенсің ғой! Азамат болған деген міне, осы! «Тие берсін, бабаң Нұрбергеннің де аруағы бір аунап түскен шығар! Бара ғой! Әй, осы біздің қораның да шет жағы іргесінен түтін будақтап жатқан сияқты-ғой! Әй, «дұшпан!» Оу, «қатын, қайдасың?» – деп айқай салып еді, қораның арғы жақ түкпірінен: «О, не? Не боп қалды түге! «Жау шапты ма?» деген дауыс естілді. Еркін табағын ыңғайлап ұстап, жөнеп берді. Екінші көршісінің қақпасы далиып ашық жатыр екен. Олпы-солпы, ат-тұрман, арба-соқасы бейберекет шашылып, қалай болса солай жайғасқан – үй иесінің шаруаға қырсыздығын аңдағайлап куәлап тұратын қора-қопсы. Ішіне кіріп еді, түпкірінде бес-алты кісі жылқы сойып жатыр екен. Екі жігіт жылқының қос-қостан байлаған аяқтарын тізерлеп басып, біреуі басып ұстап отыр. Орталарында үй иесі – Жолан, ұзын қасапшы пышағымен құнжыңдап жылқы бауыздап жатыр. Көңілі көтеріңкі.– Қазір-ақ жәукемдеп тастаймыз! Зіңгіттей бес жігітке бұл не тәйірі? Әй, Жолан, ана қайрақты алып берші. – Қастарына келген Еркінді ешқайсысы байқар емес. Еркін күмілжіңкіреп, – Ассалаумағалейкум, отағасы! Іске сәт! – деп, зорға дауыс шығарды.– Әлейкум, әлейкум! Е, Еркінжан екен-ғой, – Жолан қожайын қызу амандасты.– Аға, мен жеті нан тарқатып жүр едім!– Қабыл болсын, айналайын! Қабыл болсын! Үйдегі жеңгеңе бере ғой! Бар, бар, қысылма!Әлгі сөзді айтқаны сол екен, үйден «ду» етіп үлкенді-кішілі он шақты қара домалақ атып шықты да, Еркіннің қолындағы шелпегін іліп алып, таласа-тармаса бөле бастады.– Маған! Маған! Иә, саған, сен үлкенін алып кеттің! Ә-ә-ә, маған дым қалмады! – Кішілері жылай бастады. Еркін амалсыздан екінші шелпекті соларға берді. Сол-ақ, талапай-тартыс қайта басталды. Ә-ә-ә, сен жаңа үлкен бөлігін жеп қойғансың! Мынаған тиме! Ә-ә-ә-ә, бұл біздікі! – Ересектеулері өз үлестерін алып жөніне кетті. Кішілері таласып-тармасып, әп-сәтте жоқ қылды.– Ой, жүгермектер-ай! Шелпек алып келгеннің бәріне осылай қырғындай тиеді. Жүгермектер-ай! Әй, болды, барыңдар, әрі! Кет, әй! Әй, қисық, сен бар-ғой, байтөбет, оңбайсың! Үлкені емессің бе? Шуылдатпай теңдей бөліп берсең қайтетін еді? Оңбайсың-ау, сен, оңбайсың! – Өзі «қыр-қыр» еткізіп жылқы бауыздап жатса да, Жолан балаларын тәртіпке шақырды. Әлі «жаны шыға қоймаған» жылқы тыпыр-тыпыр қозғалғысы келеді. Төрт жігіт төрт жағынан басып, қыбыр еткізетін емес. Біреуі басын қайырып ұстап тұр. Омыраудан аққан қан жанындағы арнайы қазылған шұңқырға саулап төгіліп жатыр.Ересектердің қимыл-тірліктерін үнсіз қадағалап тұрған Еркін есіне әлдене түскендей селк ете түсті де, «ал, жақсы онда» деп, жүгіре жөнелді. Үсті-басы қан жұққан Жолан артынан айқайлап, ризашылығын білдірді.– Жақсы айнам! Келіп тұр!Үшінші қақпа тарс жабық. Маңдайына «Қорада қабаған ит. Байқаңдар!!!» деген жазу. Шарбақтың үстінен ала тікенек темір сым жүргізілген. Жуан, биік талдардың арғы жағында шытырлы да еңселі, ұқыпты қаланған екі қабат кірпіш үйдің сұлбасы көрінеді. Бұл Доғдырбайдың үйі. Қақпаның сол жақ маңдайында белгі беретін қоңыраудың тетігі тұр екен. Еркін дызылдатып басты. Еш белгі жоқ. Тағы басты. Дауыс берген ешкім болмады. Қоңырауды тағы басты. Басуы мұң екен, есік кенеттен сарт-сұрт ашылып, ішінен біреу атып шықты да, ұры торыған адамдай Еркінге жармасты. Сөйтсе, Доғдырбайдың өзі екен. Еркін оның қолын қағып жіберді.– Тәйт, әй! Зәремді зәр түбіне жеткіздің ғой! Әй, сайтан! Көзіңе шел қаптады ма, мені танымай?!Доғдырбай да сасып қалды:– Еркін? Оу, жарқыным, сен бе едің бұл?!– Көріп тұрған жоқсың ба? Мынауың не?– Соңғы кезде біреулер бағымызға жиі түсетін болып жүр. Түні бойы қарауыл қарап дегендей...– Жүрегімді түсіре жаздадың ғой!– Енді... Таң атпай жатып шырқымызды бұзған соң...– Қайдағы таң атпай жатқан?! Түс болып қалған жоқ па?– Еркін, енді, сен айтасың, енді!.. Тым сілтеп жібересің, кейде...– Мынау жайбарақат түріңе таң қалып тұрмын, мен! Немене, шелпек жарысына қатыспайсың ба бүгін?– Жоқ, қатыса алмаймын. Жағдайымды көріп тұрған жоқсың ба? Ұры-қары торимын деп түні бойы көз ілгенім жоқ...– Ал, үйде кім бар?– Алдында тұрған мен ше? Тақияңа тар келіп тұрмын ба? А?– Енді, мына шелпекті бермеймін бе?– Маған неге бермейсің? Бәрібір осы үйге келетін шелпекті мен жемеймін бе?– Ал, ендеше!– Қабыл болсын!– Әкең қайда?– Қалаға кеткен. Бақшамызға ұры-қары түсіп қоймаған соң, сол жақтан бір емес, екі қабаған ит сатып алам деп кетті.– Сендерде онсыз да біреуі бар емес пе?– Оны қайдан білесің? Бізде ешқашан болған емес.– Мына жазу ше? – Қақпадағы жазуды нұсқады.– Әй... оны жәй іле салғанбыз...– Немене?– Әшейін көз болсын деген ғой!..– Е, солай ма? Әйтеуір елде жоқ қызықтың бәрін сендерден көретін болдық қой!..– Ал, не тұрыс? Мына түріңе қарағанда, чемпиондықтан күдер үзгенсің ғой, деймін?– Ойбой, мен кетейін!– Жорытқанда жолың болсын!– Әумин!Доғдырбай қорасына сып беріп еніп, ішінен сарт-сұрт құлыптап жатыр. Еркін айналасына қарады. Жеті нан салған табақтарын икемдей бүйірлене қысқан балалар жан-жаққа шапқылайды. Шыдап тұра алмай, ол да нөпірге қосылып кетті. Балалар нан салынған табақтарының бетін ақ матамен жауып алған. Бір-біріне Еркіннің ашық табағын нұсқап, жымың-жымың етеді. Еркін сытылып шығып, төртінші үйдің қақпасының алдына келді. Шарбақтың саңылауынан сығалап еді, Миколай орыс қияр, помидор еккен шағын бақшаның арғы бетінде тауық қуалап жүр екен. Бір мезет жақындай түсіп, шап беріп ұстаймын дегенде жерге құлап түсті. Шаң бұрқ еткенде тауық пыр-пырлап құтылып кетті. Миколай қақырынып-түкірініп қайта ұмтылды. Бұл жолы құлағанда пытырлатып тауықтың құйрығынан ұстап үлгерді. Содан кейін бір қолымен тауықтың қос сирағын сығымдап ұстап, екінші қолын босатып, үсті-басын қағып-сілкіп, орнынан тұрды. Жерден жеті қоян тапқандай, мәз-мейрам. Тісінің арасынан «ыш-ыш» деп жел шығарып, ысқырып, қораның о жақ шетінен бұ жақ шетіне қыдырып, жарылған отынды аяғымен теуіп әрең дегенде балтасын тауып алды. Онысын оң қолына алып, жаңа көргендей ауада сілтеп-сілтеп, салмақтап қояды. Бір помидор түптің жанынан өтіп бара жатып, балтасын сілтеп қалып еді, екі-үш қызыл помидор жерге топ ете түсті. Оны көрген Миколай кілт тоқтап, балтасын аяғына сүйеп, иіліп, үлкендеу біреуін шалбарына сүртіп-сүртіп, бір-ақ қылғытты. Сөйтті де, балтасын қолына қайта алып, помидордың көк сабағына шырт түкірді. Сол іргереректе қасапшының жаңғырығы тұр екен, соған лезде жетіп барды да, тауықтың басын қойып, көзді ашып-жұмғанша шауып түсірді. Тыпыр-тыпыр еткен тауықтың денесіне балтасын қойып, тыныс алды. Әбден жансызданғанда ғана көтеріп, үйіне қарай беттеді. Балтасы жаңғырықтың үстінде. Ал, тауық қаны аққан жерге аяғымен құм ысыра салды. Сол бетімен үйіне кіріп кетті. Еркін үн-түнсіз шарбақтың сыртында бақылап тұр. Сәлден кейін Миколай қайта шықты. Жолай бір шелек алып, жаңғырықтың жанына келді де, оған су құйып тазартып, балтасын жуды. Содан соң асықпай қолын жууға кірісті. Еркін дыбыс бергенде, Миколай селк ете түскенімен, сыр білдірген жоқ:– О, Еркинчик, как дела?– Асалаумағалейкум, Миколай аға!– Алейкум ас-салам!– Вот, лепешку принес! – Шарбақтың қуысынан бермек боп оңтайланды.– Ты что, Еркинчик! Не обижай! Заходи в дом! Заходи, дорогой! кваском угощу!– Спасибо, спасибо, Миколай аға!– Спасибо потом скажешь! Заходи, давай!Еркін шелпегін қайта табағына салып, шарбақты жағалай екінші есіктен кірді. Миколай қорада бос жүрген итін байлап жатыр екен. Сескенбей енді.– Заходи, заходи дорогой! Сейчас я кваску принесу! Үйіне кіріп, лезде бір кесемен квас құйылған шыны ыдыс алып келді.– Миколай аға, вот, лепешку принес!– Ой, спасибо, тебе! Спасибо! «Қабыл болсын!»Бір қолынан екінші қолына шоршытып, шетінен сындырып жеп жатыр. – «Тие берсін!» Так надо говорить, да?– Вы все знаете, Миколай аға!Миколай шелпектің шетінен сындырып жеп, қалғанын үйіне алып кетті. Еркін жерде тұрған квасқа қызығып тұр. Ақыры шыдамай, шыны ыдыстың аузында тұрған кесеге квас құйып, сіміріп салды. Осы кезде Миколай шығып қалған еді. Көріп қалды.– Пей, дорогой, пей! Еще налей себе!– Можно, да?– Конечно, дорогой, пей! Пей!Еркін кесені тағы толтырып, сіміріп салды. «Уһ!» деп, демін алып, Миколайға қараса, ол мырс-мырс күледі.– Давай, еще раз!– Можно, да?– Можно, конечно! Пей, дорогой!Еркін тағы бір кесені қағып салып, Миколайға қайырып берді.– Спасибо, Миколай аға! У вас квас очень вкусный. В ауле ни у кого нету такого!– На здоровье, дорогой! Заходи еще! У нас постоянно бывает квас! – Миколай да мәз, Еркін де тоқ.– Спасибо, спасибо! Я пойду!Асығып шыға жөнелді. Өз-өзімен сөйлесіп келеді.– Туһ, шіркін, Миколай ағаның квасы-ай! Дәмі бөлек қой! Әр үйде осындай болар ма еді?! Жеті нанды күнде тарқатар едік қой! Әзір ешкімге де айтқаным жоқ... Тек өзім білем! Басқалар мүмкін «квас» дегеннің не екенін де білмейтін шығар! Иә... Ал, енді атаның үйі, содан кейін – Наташа апа! Басқалар не істеді екен? Қой, тездетейін, әлгі Доғдырбай қудың «чемпиондықтан күдеріңді үзгенсің-ау, шамасы» деуі бекер емес... Асығайын...Есік-терезесі көрінер-көрінбес сығырайған, шағындау шым үйге жақындады. Аласа дуал, шарбақтарының арасы іштегінің бәрі көрінетіндей ашық, мал қора қабат орналасқан тар аула. Жақындай бергенде ащы айқай шықты. Еркін Шүкір шалдың даусын танып, ішке кірді. Сөйтсе, шал шыж-быж болып, қазыққа байлаулы енесін емген, қара ала ботаны тартқылап жатыр екен.– О, атаңа нәлет, мақұлық! Еміп қойды-ау, еміп қойды-ау! Әй, әкеңнің аузын... Тарт, әй, тарт басыңды!Кемпір-әй, қайда жүрсің? Әу, кемпір! О, әкеңнің аузын... Қатын!Еркін табағын тапшанға қоя салып, шалға көмектесті. Екеулеп ботаның бетін қайырды. Шүкір шал қара терге түскен екен, маңдай терін жеңімен сүртті. Ботаны мойнындағы қарғыбауынан тартқылап, Еркін болса, сауырынан шапақтап әріректегі қазыққа байлады.– Атаңа нәлет, қызталақ, қарашы, әй, мұны! Өзіміз уызға жарымай жүргенде... Қаршадай боп... Әй, Есен, ана шешеңді шақыр, тез сауып алсын!.. – Ботасына қарайлап, інген боздады. Енесіне ұмтылып бота тапырақтады. – Ә, Есен, естимісің?! Есенжан!Еркін енді байқады, ауланың шет жағындағы шағын ғана жоңышқалықтың үстіне көрпе төсеп, Есен жайғасқан екен. Шынтақтап кітап оқып жатыр. Жанында шашылған үш-төрт кітап, таба нан. Естір емес. Шүкір шал даусын жұмсартып, тағы қайталады.– Сенжан, ау, Есен! Айналайын! Шәй жасап жатқан шығар, бар айта-ғой!Есен үн қатпады.Шал қолын бір сілтеп: – Әй, сенен қайыр жоқ! Өзім барайын, – деп жөнеле берді де, әлдене есіне түскендей кейін бұрылды, – Ау, Еркінжан, жанталасып жүріп сенен жөн сұрауды ұмытып кетіппін ғой. Не шаруамен келіп едің?– Ата, мен жеті нан тарқатып жүр едім. – Еркін тапшандағы табағын алып, бір шелпек алып берді.– Қабыл болсын! Дәу жігіт бол, айналайын! Ау, Есен, Есенжан, келе ғой, бері! Мына Еркін шелпек әкелді!Есеннің кұлағы елең ете қалды. Лезде шалға қарай жүгірді.Еркін Есенге жақтырмай бір көз тастап:– Ал, жақсы, ата! Мен кеттім, – деді де, тез басып, шығып кетті. Жан-жағына қараса, өзі жүріп өткен жолмен жабулы табақтарын қарманып, өзге балалар «шабуылдап» келеді екен. Асыға басты. Сәлден кейін есігі тарс ашық, шарбағы биік, әрі көгілдір түске бояған, алды ыждаһатпен тазартылған үйдің жанына келді. Бұл – Наташа апайдың үйі. Ішке еніп еді, Наташа апай шарбақтың ішін жөнге келтіріп жатыр екен. Көзге одырайып түсіп тұрған артық-ауыс ештеңе жоқ, бәрі мұқият орын-орнына қойылған, кәдуілгі қолы ұсынықты ауыл қожасының үй алды. Төрде ағаш тақтайдан мұқият өріліп қағылған сәкі. Сәкінің үстінде әдемі өрнектелген киіз. Оның ортасында дөңгеленген аласа шай үстел. Аптығып келген Еркін демін басып сәл тұрды да, батыл алға басты.– Апа, Наташа апай, мен келдім!– Ой, айналайын, келіп қалдың ба? Өркенің өссін! Мен де жаңа бітіріп, Рашидке табағын ұстатып, жіберіп едім. Көп болған жоқ... Алысқа ұзай қоймаған да шығар тіпті... Ал, айналайын, келе ғой, кел! Мен қазір бітіремін! Ту-у, өзің ерте келдің ғой! Алда айналайын-ай! – Наташа апай бәйек болып жатыр.Еркіннің бар көңіл-дерті – бір сауалда.– Апай, сонда... Мен, біріншімін бе?– Иә, иә, сен – бірінші келдің! Бүгінгі күннің жеңімпазы – сенсің! – Наташа апай осынау бірауыз сөзімен айды аспанға шығарды. Еркіннің жағасы жайлау. Алақайлап аспанға шапты.– Ура! Ур-ра! Мен – чемпионмын!Наташа апай асығыс-үсігіс шаруасын бітіруге тырысып жатыр. Еркінді күттықтап қоюды ұмытар емес.– Құтты болсын, Еркінжан! Қадамың құтты болсын! Көп жаса, шырағым! – Соңғы шелпекті апайына әлі беріп үлгермегенін Еркін енді көріп, жалына бастады.– Апа, мына шелпекті менен тез алыңыз! Әйтпесе балалар келіп қалады! Болыңыз тез! Апа, жалынам!– Қазір, қазір, айналайын! Міне, біттім. Сыпыртқыны апарып қоя салайын! – Онысын қораға апарып, үйге кірер есіктің жанындағы қол жуғышқа мипаздап қолын жуды да, Наташа апай ілініп тұрған сүлгіге сүртініп, Еркіннің жанына келді. – Міне, апай! Алыңыз! – Екеуі бір-біріне құдды эстафета тапсырғандай.– Қабыл болсын! Қане, Еркінжанның әкелген дәмінен ауыз тиейік. Шетінен сындырып жеп жатыр. – «Тие берсін! Керемет дәмді екен! Ал не тұрыс, бар! Табағыңды сәкіге қой да, маған көмектес. Дастархан жаймақ түгілі, мен әлі көрпе салып үлгерген жоқпын. Жүр, үйден көрпе-төсек алып келейік...»Үйден көрпе-төсек алып шықты. Оны сәкідегі дөңгелек столдың айналасына қабаттап салды.– Ал, сен енді отыр. Жігітсің ғой, мен дастархан жаяйын. Сөйтіп, сенің жеңімпаздығыңды атап жіберейік.– Апай, оныңыз не? Мен көмектесейін!– Қоя-ғой, қоя-ғой, жаным! Дардай жігіт басыңмен қазан-аяққа араласпай-ақ қой, өзім бәрін жайғаймын. Сарбаздарың да бір-бірлеп келе беретін шығар! Соларды қарсы ал! Жеңімпаз ретінде! Ой-бүу-у, ұмытып кетіппін ғой! Қане, ана көрпе мен жастықты маған беріп жібер. Жеңімпаздың орнын дайындайық. Сен соған отыр. – Екеуі төрге тағы бір көрпе төсеп, биіктетіп, құс жастық тастап, Еркін енді «таққа» жантайды. – Міне, көрдің ғой?! Енді дұрыс болды. Қой, көп сөзді қойып, іске кірісейін!Наташа апай дастархан алып шығып, оны сәкіге столға жайды. Үйге бір кіріп, бір шығып, әп-сәтте оның үстін өрік-мейіз, құрт-кәмпит, бауырсақ, жентке толтырды. Сәлден кейін мұқият тілініп, тек таңдайға салып жіберуге дайын тұрған екі үлкен қауынды жайпақ табаққа салып, дастарханның бір шетіне әкеліп қойды.– Еркінжан, сен қарап отырмай, мына дәмнен ал! Әлі ешкім көрінбейді ғой!– Апай, а, апай?– О, не шырағым?– Соратын кәмпит бар ма?– Міне тұр ғой, ал, айналайын! Ала ғой! – Еркін аузына салып жіберіп:– Апа, бірақ... бірақ... Сіз мені кәмпит сорды деп... ешкімге айтпай-ақ қойыңызшы, иә мә? Ұят қой!.. Дәудей жігіт болып...– Жо-о-оқ, о не дегенің? Жұмған аузымды ләм-мим ашпаймын... Ал, ала ғой! Мен қазір ашыған көже әкелейін.– Апай, сіздің көжеңізге дүниеде ештеңе жетпес...Наташа апай үйіне кіріп кетті. Осы кезде абалаған иттің даусы шықты. Сол-ақ екен, есік сарт-сұрт етіп, Қоныс пен Қодар итерісіп, қысылысып, таласа кірді. Ал, сәкіде құс жастықта шынтақтап жатқан Еркінді көргенде селтиіп тұрып қалды. Еркін ат үстінде отырғандай қомданып, оларға шікірейе қарады.– Иә, жігіттер, келіңдер! Неғып состиып тұрсыңдар! Мынау дастарханды жайып, сендерді күткеніміз қашан? Наташа апай ашыған көжесін әкелуге кетті. Қазір шығады. Міне, өзі де көрінді!Наташа апай үлкен ожауы бар ашыған көже құйылған ыдысын алып шықты. Балаларды көріп ол да мәз.– Әй, келіңдер, балалар! Сіздерді күткенімізге талай уақыт өтті. Енді болмағанда, мына Еркін екеуміз тойды бастап жіберейін деп отыр едік. Келіңдер, жайғасыңдар!– Наташа апай, мына... Мынау... Жеті нан тарқатып жүр едік... – Қоныс табағынан соңғы шелпегін алып берді.– Қабыл болсын! Кел, айналайын, отыра ғой! Өркендерің өссін!– Апай, Наташа апа, Мен де...Қодар да сөйтті.– Ниет қабыл болсын, айналайын! Кел, мына жерге жайғас! – Наташа апай екі шелпектен де «тие берсін» айтып, бір-бір сындырып жеп, үйіне алып кірді. Қоныс пен Қодар Еркіннің екі жағына жайғасты. Екеуі енді ес жиып, Еркінді құттықтап жатыр.– Ал, құтты болсын, тұғырың!– Чемпион болуыңмен!Еркін түрегеліп, малдасын құрып отырды. – Е-е, рахмет, рахмет, жігіттер! Келесіде сендерге де құдай менің жолымды берсін!– Айтқаның келсін!– Сен қалай үлгердің, әй?! Мана бізбен қатарласа жүрген сияқты едің! – Қодар жеңілгендігіне әлі көнбей отыр. Ал Қоныс нақты сауал тастады.– Біздің үйге кірдің бе?– Е, достым! Шарбағыңның есігін мықтап-ақ жапқан екенсің...– Мен кеткенде ашық болатын... Қорадағы Ақазуды шынжырлап байлап, есікті айқара ашып, тіпті, тас тіреп кеткем!..– Қайдам, қайдам!.. Егер әкең шыға қалмағанда, мына жерде отырар ма едім, отырмас па едім...– Жақсы, енді... Бәрібір бүгінгі жеңімпаз сенсің ғой! – Наташа апай көже құятын кеселер алып шықты.Балалардың жанына отырып, ожаумен асықпай сапырып, құйып берді.– Қоныс, Қодар! Қане дәм алыңдар! Неғып ұйлығып отырсыңдар?Балалар жапа-тармағай дәм алуда. Бірте-бірте, бірінің соңынан бірі шұбап, қалғандары келе бастады. Бәрі соңғы шелпектерін Наташа апайға ұсынып, «қабыл болсынын» алып, дастарханға жайғасуда. Ең соңынан Наташа апайдың өз ұлы – Рашид те келді. Апай сонда да жалғыз ұлын айналып-толғанады.– Өй, түріңнен айналайын! Табағыңды үйге апарып қой да, бізге қосыл! Ал, балалар, көжеден ауыз тиіңдер! – Рашид ләм-мим деместен үйге кіріп кетті. – Ал, енді екі аяғын екі жаққа созып жіберіп, кешке дейін көсіліп ұйықтайды, біздің Рекең!– Еркін-жеңімпаз орнынан тұрып, «әскерін» тәртіпке шақырды.– Ал, балдар, Наташа апайдың өрік, мейіз, бауырсақ, құртына тойсаңдар, қозғалайық!Балалар шу ете қалды.– Әй, сен қайда асығасың? – Бәрімізден бұрын келіп қарныңды тойдырып алып, енді зытпақсың ғой!.. Отырайық, әлі!.. Доғдырбай мен Қосшы жоқ қой!.. Иә, ол әлі келген жоқ!Наташа апай балаларға жақтасты. – Шынында да, сен асықтырма! Кейбіреулері жаңа ғана келді... Асықпа!.. Әбден тойып алсын!.. Ал, қайсыларың көже ішесіңдер? Қане, қане! Кесеңді беріп жібер!Еркін амалсыздан қайыра отырды. Әйтсе де, аптығы басылар емес.– Доғдырбай келе қоймас! Ал, Қосшы... Қосшы...Осы кезде шәуілдеп үрген иттің дауысы естілді. Есіктен іле-шала сүріне-қабына Қосшының зытып кірмесі бар ма?– Кет, әй! Кет! Қайтеді ай, мынау! Қыра ма? – Соңынан шәңкілдеп, кішкентайлау қанден бірге қуалап кірді. Қосшы содан кәдімгідей қорқып, қашады. Отырғандар ду күлді. Қанден ит жұрттың күлкісінен кілт тоқтап, одырайып бір қарады да, қорадан шыға жөнелді. Қоныс мазақтап Қосшының алдынан шықты.– Әу, Қосшы батыр, дастарханға келіңіз... Жақынырақ келіңіз! Әйтпесе...Қодар қанденнің дауысын салып, шәңкілдеп үріп қалып еді, Қосшы қалбалақтап сәкіге шығып кетті. Отырғандардың үстіне құлай жаздады. Тағы да ду күлді. Қосшыекең ентігіп кеткен, мейрампаздарды ала көзімен атады.– Сендерге күлкі керек!.. Аяғымнан тістеп алса қайтемін?! Иттің, соның ішінде қанденнің тісі улы келеді демейтін бе еді...– Сенің аяғыңа ешқандай иттің тісі бата қоймас!.. – Одан ежелгі «жауы» – Қоныс қалыссын ба?– Батқанда қайта маған батады! Ал, сенің қу сүйегіңе тісі сарт етіп сынып қалар!..Екеуінің қағытпаларына бәрі мәз, ду күлкімен жауап беріп отыр. Қосшы Наташа апайды енді байқады.– Ау, Наташа апа, қаліңіз қалай? Мал-жан аман ба, күйлі-қуаттысыз ба?– Әй, тақуам-ай!– Енді, қанша дегенмен, шалдың баласы ғой! – Балалар Қосшыны итермелей, Наташа апайға жақындатты.– Наташа апай, шелпек әкелдім, мінекейіңіз! Анау-мынау емес, ең соңғысын сары майдай сақтап, өзіңізге әкелдім!– Қабыл болсын! Ал, Қосшыжан, жайғасып отыра қал! Бауырсақ, ал, өрік-мейізден ауыз ти! Шағадамның базарынан арнайы алғызғанмын! Көже іш! – Наташа апай шелпектен бір үзіп жеп, ортаға қойды.– Сол көжеңізден беріңізші, апа! Қаталап келдім!Наташа апай кесеге көже құйып берді.– Ал, ала ғой! Балалар, сендер де алыңдар! Айналайындар, бүгін көп қызмет жасадыңдар!– Иә біраз отырдық! Қосшы, сен тездетіп жібер, тұралық! – Еркіннің алған бетінен қайтпайтыны байқалды. Алайда, Қосшы қойны-қонышын құрт, мейіз, бауырсаққа әлі толтырған жоқ еді.– Ау, басеке! Чемпионеке! Жеңімпазеке! Келгенім осы емес пе?!.. – Мәймөңкелеп көріп еді, Еркін міз бақпады.– Сен қазір келсең, біз бағана келгенбіз!Қосшы амалсыз, бір қолымен апыл-ғұпыл өрік-мейізден аузына тоғытып, екінші қолымен бауырсақтан уыстап жейдесінің қаптал қалтасына салып жатыр.– Ал, апа! Дәм-тұзыңызға үлкен рахмет! Менің атам айтпақшы, «көрсеткен сый-сияпатыңызға» тағы рахмет! Сізден рұқсат болса, мына Қосшыдан рұқсат болса, біз тұрайық, – Еркін не де болса тақымын қақты. Наташа апай Қосшыға қарайлап, бәйек болды.– Қайда асықтыңдар, балалар? – Ең болмағанда мына Қосшы бірдеңе жеп алсын!– Қам жемей-ақ қойыңыз апай, біздің Қосшы ожағынан есесін жібермес! Ал, қане, апай, ас қайырып, аят оқып жіберіңіз! – Еркіннің райынан енді қайтпасын бәрі сезді.– Сөйтіңіз, апа! Біздің Еркін бір-ақ айтады. Бір қисайды бар ма, оны қайта түзеу қиын! – Қосшы да Еркіннің ықпалына көшкендігін білдірген, Наташа апай қол жайып: Ал, олай болса... (Бәрі алақандарын жайып, шарт жүгінді). Бісмілләхи рахман рахим... Аузымилла шайтан разим... (Құран сүресін үш қайтара оқып болып)... жатқан жерлері жайлы болсын, топырақтары торқалы болсын... Тие берсін! Әумин! – деп қайырды.Бәрі бет сипап, орындарынан тұрды. Наташа апай сан рет қайталанып, қалыптасып қалған дағды бойынша Еркінді шақырды қасына. – Ал, балалар, дәстүріміз бойынша бірінші кезек – Еркіндікі! Бөлек тұрған орталау табақтан кәмпит-пешене, өрік-мейіз, құрт-бауырсақты алып, Еркіннің жан қалталарын сықап толтырды. – Қадамың күтты болсын, айналайын! – Маңдайынан сүйді. – Ал, сендер неғып тұрсыңдар! Дастархандағы қалғандарды талапайлаңдар! Ал, баста!Балалар әдеппен, сыпайы ғана дастарханнан керектілерін алып, қалталарына тоғытты.– Ал, олай болса, сау болып тұрыңдар! Келіп тұрыңдар. Айналайындар! – Наташа апай қоштасты.Балалар сәкіден түсіп, аяқ киімдерін киіп, қайтып жатыр.– Ал, жақсы, апай! Наташа апа, сау болып тұрыңыз! Сау болыңдар!Еркін алдымен қозғалды. Сыртқа шыға бере келесі жарлығын айтып кетті.– Ал жігіттер, кешке, теңіз жағасында кездескенше! Оның жөнеп бергені сол еді, Қоныс пен Қосшы қағытпаларына көшті.– Қосшы, сен байқа! Манағы досың есіктің алдында күтіп тұрмасын! Қанден деген шақар келеді!..– Әй, сен де айтады екенсің!..Балалар Наташа апайдың үйінен табақтарын қолтықтап, үйді-үйіне тарады.***Кешкіғұрым. Теңіз жағасы. Әлсіз тұман. Үп еткен жел жоқ. Теңіз баяу толқиды. Бүкіл денесімен ырғалып, әлсін-әлсін жағаға «шолп-шолп» соғады. Балалар жағалаудағы жұмсақ құмға жайғасқан. Еркін мен Доғдырбай оқшау. Қалғандары балшықтан жеңімпаз Еркін отыратын «тақ» соғуда. Еркін түндегі түсін ұмыта алатын емес. Доғдырбайға сыр қылып соны айтып отыр.Білесің бе, бүгін түнде сұмдық түс көрдім... Апама айтып беріп едім, онша мән берген жоқ.– Тек жақсылыққа жоры!– Апам да солай деді... Егер жақсылыққа жоритын болсаң, біз бүгін Албастыны көреміз!..– Е, е, түсіңде Албасты көрген екенсің-ғой! Онда не тұр? Мен де талай көргенмін!– Бітті, бітті, Тақ дайын! Жеңімпаз қайда? Патша қайда?Енді бәрі қосылып дауыстады:– Патша қайда? Патшаны шақырыңдар! Тақ дайын! – Еркін! Еркін! – Бері кел!Саз балшықтан таққа ұқсаған құм төбе соққан екен.Еркін мен Доғдырбай солай жүрді, Доғдырбай сенімді уәкіл – бас уәзірдің кейпіне еніп, Еркінді қолтықтап алған.– Ал, патша-екесі! Тағыңызға отырыңыз! – Еркін салмақтанып, тамағын кенеп-кенеп қояды.– Халқым дайын болса, мен дайын!Балалар шу етті... Біз де дайын! Дайынбыз!Еркін маңғаз басып, «таққа» отырып қалғанда, құм төбе опырылып, екі аяғын аспаннан келе шалқалай құлады. Бәрі ішек-сілесі қатып күліп жатыр. Еркін қалбалақтап, қапелімде тұра алмады.– Әй, сендерге де дауа жоқ екен! Патшаларыңды осылай сыйласаңдар!.. – Ашулы. Әңгіме қиынға бұрылып бара жатыр еді, Доғдырбайдың шаңқ еткен дауысы бәрін селк еткізді.– Ойбай, ана жаққа қараңдар! Теңіз жағалап біреу келеді!..Балалар ошарылып, сілтеген жаққа көз тастады. – Шынында да... адамға ұқсай ма өзі?! Мүмкін, албасты шығар!.. Орындарынан өре түрегелді. Біссіміллә, біссіміллә!.. Астапыралла! ...Мынау!.. – Тек Еркін қолбасшы ғана салқынқанды қалпын жоғалтқан жоқ.– Жә, тынышталыңдар! Не болды? Соншама үркіп?! Шошытып жіберерміз... Тиыш, тиыш! Одан да анау дөңнің тасасына тығылып, бақылайық! Бері қарай келе жатыр екен!Балалар құм дөңестің тасасына тығылды. Алыстан тұман арасынан ақжаулығын қолына желбірете ұстап, ақсары шашын екі иығына асыра жайып жіберген, ақ көйлекті, жалаң аяқ Әйел көрінді. Балалар ол жақындаған сайын бұға түседі. Жүректері кеуделеріне симай, дүрс-дүрс соғады. Әйел ыңылдап, түсініксіз, мұңлы әуен салып келеді.– Ойбай, балдар, мынау Албасты болып шықса қайтеміз?– Қайтетін едік, жабылып қуалап, ұстап аламыз! – Доғдырбай Қоныстың орынсыз сауалына «орынды» жауап берді. Бірақ анау қояр емес.– Сосын?– Шашын сипалап отырып, емшегін емеміз! Ха-ха-ха!– Асылық айтпа, Доғдырбай! – Доғдырбайдың әлгі мезгілсіз қалжыңы басқа түгілі, Еркінге де жақпай қалды.Әйел бұлар жасырынған тасаға жақындап келді де, құм бекіністердің жанына отыра кетті. Әлгі түсініксіз әуен – «Қара торғай» сазы екен.– Қараторғай!Ұштың зорға-ай!Бейша-а-ра-ай,Шырылда-а-ай-сың,Жерге қонба-а-а-ай!..Осы кезде батыс бағыттан қаз-қатар тізілген аққулар тобы сұңқылдап өте шықты. Сол-ақ екен, Әйел орнынан атып тұрып, тыржалаңаш шешінді де, суға қойып кетті. Балалар үрпиісіп, өкпелері ауыздарына тығылып, тұрар-тұрмасын білмей дағдарысты. Еркін ғана естиярлығын жоғалтпай, шаңк етіп, өрекпіген көңілдерін басып тастады.– Жат! Жатыңдар, тез! Көрініп қаламыз! Жат!– Жатыңдар! О, су жүректер! Бұл – Албасты емес!.. Бұл... – оған Доғдырбай қосылды. Бірақ, әлгі сөзінен кейін Еркін оны шынтағымен қағып жіберді. Өзі «Қазір қайтады! Корықпаңдар!» – деп басқаларға басу айтты.Сол-ақ екен, балалар жапа-тармағай құмға кұлай кетті.– Қазір... Өз көздеріңмен көресіңдер! Анау белгіге дейін барады да, кері жүзеді. Еркін абайсызда бір құпиясының кұлыбын ашып алғандығын кеш сезді. Балалар әлгі әңгімені естігесін, өзіне бас салды.– Сен оны қайдан білесің?– Енді, сөйтетін шығар деп шамалағаным-ғой!– Ойбай, кері қайтты! Жат! Тығыл!– Егер Албастыны бір ұстасам!..– Шашынан бір сипасам!– Менен бақытты адам болмас еді-ау, жаһанда!Әйел жағаға дейін кұлаштап жүзді де, бұрылып белгісіз бағытқа қол бұлғады.– Мынау «Аруақтар аралына» қол бұлғады, әй! – Бұл Қоныстың жорамалы. Басқалары сенер-сенбестерін білмеді.– Рас па? Рас па?Жағадағы әйел осы кезде балалар тығылған құм дөңеске тым жақын келіп еді, Еркін айғайлап жіберді.– Мынау, мынау қателеспесем... Наташа апай! – Жай оғы түскендей болды. Сол-ақ екен, шатыр-шұтыр найзағай ойнап, аспан көгін уһілетіп, алдаспанымен сойып өтті. Сенер-сенбестерін білмей дағдарды.– Жо-жоқ мүмкін емес.– Мүмкін емес, бұл – Албасты!– Албасты!– Наташа апайдың бұған катысы жоқ!– Албасты! Мынау – Албасты!– Келеді ол! Көрмеуіміз мүмкін емес!– Келеді!– Егер мынау – Наташа апай болып шықса, енді қайтіп...– Мәңгі бақи... Ешқашан...– Теңіз жағалауына келмеймін!– Албастыны күтпеймін!– Мүмкін емес! Бұл – Албасты!– Наташа апайды мәңгі бақи жақсы көріп өтем деп ант бергенмін.– Мүмкін емес!Қапелімде не істерін білмей дағдарған балалардың жартысы жылап, жартысы құм сабалап әуре-сарсаңға түсті.– Бірақ, ұқсайтын да сияқты!Әйел көйлегін киіп, түнерген көкжиекке ұзақ телмірді. Сәлден кейін қалтасынан шеңбер тәрізді ұзын тарақ алып, жайылған шашын тарады.Құмдақ жағалаудағы балалар үшін дүние астан-кестен. Құдды опырылып, құрдымға құлап, шыр айналып түскендей. Не айтып, қойғандарын білмейді.– Ойпырмай, кешкіғұрым, айдың күні аманда... Наташа апай мұнда жалғыз неғып жүр? Түк түсінсем бұйырмасын!– Мен өткен аптада атаммен бірге шалбазарға барғанмын. Бәрің білесіңдер ғой, анау базардың сол жақ шетіндегі тақыр төбені. Сонда ауыл шалдары жұма сайын жиналып, мәслихат құрады екен. – Еркіннің тізесі дір-дір етеді. Соған қарамай әңгіме айтпақ.– Е, кім білмейді оны! Мен де талай болғанмын!.. Әйтсе де Наташа апайымыздың денсаулығы теңізде дәл мынадай жүзуді көтере ме? Ол кісі алпыстан асқан жоқ па? Және тыржалаңаш шешінген кезде құдды жап-жас қыз секілді... Денесі аппақ екен!.. Жоқ! Жо-жоқ! Бұл, дәу де болса, Албастының нақ өзі! – Қоныстың да тісі сақ-сақ етеді, әйтсе де қарсыласып бақты.– Біле білсең, ол әлі елуге де толған жоқ. Иә... атам екеуміз кешігіңкіреп келіп едік, ду-ду әңгіме қызған екен...– Бірақ, «Қараторғайды» жиі салушы еді...– Әй, Қоныс, Еркіннің әңгімесін бөлмей, тыныш отыршы!– Сөйтсем, әңгіме Наташа апай жөнінде болып жатыр екен.– Иә, иә, не естідің?– Шүкір шал айтты, Наташа апай баяғыда, осы Каспий теңізін жағалай өскен нән, бай көпестің қызы екен! Әкесі сонау 30-жылдары атылып кетсе керек. Содан жеті жасында әкесінен, көп ұзамай шешесінен айырылып, төрт жасар сіңілісімен жетім қалған көрінеді. Әкесінің көзі жоғалған соң, жергілікті халық жиған-тергенін пышақ үстінен үлестіріп, өздерін қаңғытып жіберіпті. Ар жағын атам үйге насыбайға жұмсап, ести алмай қалдым...– Қап, әттеген-ай-ә!– Қараңдар! Ананы қараңдар!Әйел екі қолын әуеге созып тұр екен. Сол-ақ екен, мұрсатта әлдеқайдан адуын жел тұрып, теңіз бетін шайқалта бастады. Кенет, тағы да жарқ-жұрқ найзағай ойнап, шатыр-шұтыр күн күркіреді. Балалардың қорқыныштан шашы үрпиіп кетті. Бір-біріне тығыла түседі. Қосшы қайқаң етіп қаша жөнелейін деп еді, Доғдырбай аяғынан шалып құлатты. Қалтасынан жиған-тергені шашылып түсті. Тізерлеген қалпы ақ тер, көк тер жинап жатыр.– Еркін, сен әңгіменің соңын естіген жоқпын дедің... Ал, мен естігем. Наташа апайдың сіңлісі мен нәресте қызын соғыстан қашқан бандылар суға батырып өлтіріпті. Рашидтің алдында екі қызым болған дейтіні содан. Анау Жыңғылдыда тасталған баржылар көп. Бандылар соғыс кезінде сонда жасырыныпты. Әлсін-әлсін ауылды тонап күн көрсетпеген. Еркек кіндіктің бәрі майданда. Наташа апай жас болса да ауылсовет болыпты. – Доғдырбай мына ерекше жағдайға қарамастан, Еркіннің әңгімесін өзі жалғастырды.– Не де болса, жақсылап сұрап алайық!Осы кезде жағадағы Әйел балалар жатқан төбеге қарай бұрылды. О, тоба!– Мүмкін емес!– Ойбай, рас! Рас! Мынау нақ соның өзі! Наташа апай! – Доғдырбайдың дауысы ащы шықты.– Мүмкін емес! Наташа апай! - Қоныс та айқайлап жіберді.Балалар өре түрегелді. Осы кезде... Көк төсін шатыр-шұтыр найзағай соққылады. Күн күркіреп, жер шайқалды. Сәлден кейін нөсер жаңбыр құйды-ай, десеңші! Әйел кілт бұрылып, ауылға қарай жүгіре жөнелді! Ағараңдаған ақ жаулығы бейне қос аққанат секілді. Жүгіріп барады. Ұшып бара жатқандай... Балалар нөсер астында мелшиіп тұр. Малмаңдай су. Елер емес. Жағалаудағы құмдақ жаңбыр сумен жылжығандай. Бір сәт үнсіз тұрды да, әйелдің соңына салды. Бей-берекет, шашылып жүгірді.– Албасты! Албасты! Тоқта! Тоқта! Наташа апай! Тоқта! Тоқта! Жоғалған қызың табылады!.. Ендігі жеті нанды сол ниетпен таратамыз!.. Тоқта! Албасты! Албасты! Албасты! – Мынау дүние секілді балалардың ішкі әлемдері шайқалғандай, астан-кестен.Соңынан тас лақтырды, жерден қармап балшық тастады. Ал, нөсер күшіне мініп, құйды-ай!.. Жер-дүние жаңбыр. Балалар көрінбей кетті. Тек алыстан «Албасты! Албасты!» деген дауыстары ғана естіледі. Теңіз! Теңіз! Бүкіл денесімен қозғалып, жағалауға шолп-шолп соғады. Құдды ернеуінен асып кеткісі келгендей... Құдды мынау – бейсауатта адам безген құмдақты толқынымен басып, топап кетердей... Мәңгілік құпияларды бойына жасырып, міз бақпайды. Томсырайып, мәңгілік сарынмен бей-жай толқиды...***Әлқисса, арада әлденеше жылдар өтті. Әлденеше ғаламдар табылып, әлденеше жұлдыздар ағып түсті. Біз есейдік, ер жасына жеттік. Бір қуаныш, бір өкініштің арасынан қиып салған өмір атты жұмбақ әлемнің жалғыз аяқ сүрлеуімен жылжып келеміз, жылжып келеміз. Одан бері Наташа апай да дүние салған.Алайда, қандай болмасын шешуін таппас қиыншылық, қайдағы бір жан шайқалтатын шырқыраған шындықтарға тап болған кезде, мен сол балалық шақты еске аламын. Жеті шелпектің исі аңқыған балдәурен кез, балалық шақ – Наташа апай еске түседі. Сол-ақ екен, теңізге, алыс жағалауға асығамын. Бойыма мың жылдық сағыныш толып, жеті нан – шындығыммен бөлісуге асығамын.Өйткені... Сол теңіз жағалай жүгірген бейтаныс жан – Албасты қыз – адам безген жағалауда әлі күнге дейін күтіп жүргендей көрінеді.Албасты қызды аңсаймын. Аңызды аңсаймын.