ВЕРНУТЬСЯ

немесе қазақ прозасындағы кеңістік пен кейіпкер әлеміМұқаңның, Мұхтар Әуезовтің алғашқы әңгімелеріндегі ақ түтек боран – ылғи жолындағы тіршілік атаулыны жайпап-жалмап, жып-жылмағай жұтып жіберетіндей ысқырып-үскіріп, жер-дүниені қармен бітеп-көміп, қусыра келеді. Мысалы, оның «Қыр суреттері» атты цикліне енетін «Қысқы түн» әңгімесінде мынадай жолдар бар: «Кей кейде бұның бәрін тастап, ұрысайға тығылып отырған кішкене қораның үстіне келіп, ақ түтек болып ұйытқып, ойнағын салып, жер жүзінен жоғалтпақшы болады. Суық болып үскіріп, боран болып аласұрып, әлсіз адамға қыр көрсеткендей қаһарланады...» Сол әңгімеде: «...Биік тауға екпіндеп ойнап шығып, шың басында өнеріне сүйсінгендей ойнақ салып, етекке қарай ысқырып құлап жөнелгенде, долы дауыл сай бойындағы жын-перінің күйіне билегендей болады. – Ағындап құтырып келіп, жартасқа соғып қорқытпақ болып, көрігін басып гуілдейді...», «Жалғыз қабат терезеге екпіндеп келіп соққан қатты дауыл біресе гуілдеп шыдамсызданып, біресе ысқырып әлек салып, біресе дүрсілдетіп ат ойнатқандай болып құтырып, ауру баланы қайта-қайта шошытып оятады» – деген жолдар да бар. Автор барлық жағдайда да боранды «жандандырып», көз алдымызға елестетеді. Барлық жағдайда ол адамға, адам тіршілігіне «ыңғайсыз», керағар қарама-қарсы күш, күш болғанда, айбынды да, қуатты күш болып суреттеледі. Сол бейне Мұқаңның алғашқы әңгімелерінің ішінде тек «Жетімде» ғана өзінің «адами» кейпінде келеді («...Алдында тісі ақсиған, ұзын бойлы, қолында ұзын қара пышағы бар қара кісі»).Осы тажал, аждаһа кейпіндегі Боран образының толыққанды әдеби кейіпкер дәрежесіне жетіп, шығарманың негізгі өзегіне айналған тұсы – Мұқаңның «Қорғансыздың күні» атты әңгімесі.Әңгіме Арқалық тауының суреттемесінен басталады. Әлқисса, Арқалық тауы... «Не бауыры, не сыртында ықтыртын жоқ ысқаяқ. Арқалық жадағай, жалғыз қабат болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да, оңынан соқса да паналығы жоқ, азынап тұрады...Жыл сайын қыс басынан қарлы болып малға панасы жоқ болғандықтан, бауырын жайлаған ел малын өлтіріп, өзге ел аман отырғанда, шолақ жұттың құрығынан құтылмайтын. Сондықтан бауырын мекен қылған ел көбінесе кедей болатын... Бұл жерді мекен қылған ел... «құдайына жылап» отыра беретін»... Осы суреттердің өзі адам жанын тоңазытып, әңгіме басында-ақ оқушының ынтасын шиеленістіреді. Сұрықсыз қысқы даланың келбеті – оның бойында өлген малдың, ыққан жұрттың құпиясын жасырғанын біле түскен сайын өзгеріп, тоңазығандық, «жалаңаштанғандық» сезім өрши түседі.Әңгіменің одан әрі дамуы – Күшікбай кезеңімен байланысты. Осыған дейін бір қалыпты дамып келе жатқан оқиға бұйдасы үзіліп, осы жерде өткенге, өткенге болғанда, Күшікбай батырдың тарихына шолу жасалады. «...Дәл қара жолдың аузында, Арқалықтың бір кішілеу биігінің басында тастан үйген оба секілді жалғыз мола бар. Сол мола Күшікбай батырдікі. Кезең де сол себепті Күшікбай атымен аталған» (сонда, 68-б.). Осындай қысқа кіріспеден кейін батырдың өмірбаянынан аздаған деректер беріледі. Әңгіме – жазушының белгілі бір эстетикалық тұтастыққа жету үшін оқиғаны, немесе оқиғалар шоғырын шығарманың өн бойына «шашыратуында». Сөйтіп, оқырман ынтасын, сезімін саналы түрде игеріп, басқарып, оларды өзінің қорытынды ойына қатысты «жұмсап отыруында». Мұндай жағдайда, алғашқыда стихиялы, бейберекет орналасқан оқиғалардың – жазушының құпия ойына, белгілі бір эстетикалық тұжырымдамасына бағынатындығын бағдарлауға мүмкіндік туады.Сонымен Күшікбай батырдың өмірбаяны қысқаша беріледі де, жазушы ойы бүгінгі шындыққа қайта оралады. Және оралған кезде оған беймәлім сыр таңып, бойында көптеген сұрапыл жұмбақтар, құпия күштер барлығын паш етеді. Сөйтсек, бұл Күшікбай кезеңінің өз сыры бар екен: «Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгендігінен, моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен, – деп бағанағы кәрі әңгімесін тоқтатушы еді» (сонда, 69-бет). Осылайша, алай-дүлей боран дүниенің алабөтен долдануына себеп бар боп шығады. Сөйтсек, дүние «жас күнінде қуаты қайнап» өлген Күшікбайдың жырын жырлап азынап тұр екен. Содан ба... «Күні бойы тыныш болған жел Күшікбайдың бауырында ғана ызғырықтап, жаңадан жауған көбік қарды жаяу борасындатып тұр» (70-бет).Жазушы осылайша кеңістікті ширықтырып, оған әлдеқандай мән-мағына сыйғызып, «жандандырғаннан» кейін ғана «Январь айының аяқ көзі» - деп, негізгі оқиғаға көшеді. Сөйтіп біз әңгіменің негізгі кейіпкерлерімен танысамыз. Олар – Ж.-ның болысы Ақан мен оның жолдасы Қалтай. Олар... «күні бойы тоңбай келсе де, кешке жақын күн суытыңқырап, Күшікбай бауырының ызғырығы қатайған соң тоңази бастайды» (71-бет). Ал Күшікбай кезеңінің сыры бізге мәлім. Әңгіме кейіпкерлерінің мінездемелері қысқа да, салқын, Мұхаң олардың ешқайсысына көп тұрақтатпайды. Енді «Божы ұстап отырған Қалтай бетін уқалап, кішкене қозғалып, Ақанға қарап: – Батыр-ау, мына Күшікбай – «мені өлтірген шешек – осы Ж. қаласы» дей ме? Немене бір емес – екі емес, ызғырықтайды да тұрады – деп күлген» (11-бет) кезде, алай-дүлей боран әлем, ызғырықтаған әлемнің олардың да қазіргі көңіл-күйлерінің бұрауын өз арнасына бұрғандығына шүбәміз қалмайды. Бүкіл әлем – әлденеге өштенген, ызаланған, өз бойында жас өмірді тұншықтырған әлем болып елестейді; құдды оның бойымен Күшікбайдың аруағы, жаны ұшып жүрген секілді. Осы кезде суықтан қалтыраған жолаушыларға... «Күшікбай кезеңінің түбінде бір жіңішке қара сызық секілденіп Қанайдың жалғыз қорасы көрінеді» (71-бет). Сөйтсек, бұл «қорадан жарты шақырымдай жерде басы қожалақ болған кішкене төбешіктің үстінде томпайып жатқан бір үлкен кісінің, бір баланың бейіті» бар екен (бұл да сонда). Ал Күшікбайдың басынан соққан боран жаңадан шыққан бейітті қармен көміп, қараушының көзінен тез жасырудың қарекетін істеп жатыр. Иесінің бұл дүниеде уақыт оздырғандығын сездіретін ақырғы белгісі танылған бейіт аз уақытта жоғалмақ, із бітпек... Кейде себелеп, сырғып өтіп жатқан ұсақ қар өзінің мейірімсіз, ырзасыз, бірақ бір куә екендігін білдіріп тұр» (бұл да сонда).Иә, кеңістікті, әлемді енді «мейірімсіз, ырзасыз боран» билеген.Ол боран енді Күшікбайдың басынан соққан боран. Ол әлем ендігі жерде тек қана Күшікбай өлімінің куәсі емес, ол сұрқия әлем сонымен қатар, томпайып жатқан бір үлкен кісінің, бір баланың бейітін бойына сыйғызған әлем. Сезімсіз, суық, ызғырық әлем, молалар толы әлем, мола – әлем. Оның құдіретті екпінінің жанында, оның ышқына соққан дауылының өтінде кішігірім екі қора не тәйірі?! Олар да... «бейіт секілді мүләйім». «Жан-жағына үйілген қар, қыс басына бір күрелмегендіктен, қораның үстіне шығып, біржолата басып алған. Аз күнде қораны көзден жоғалтуға айналған» (72-бет). Ақан мен Қалтай осы үйге түнемелікке тоқтайды. Аранын ашқан боранның өңешіне ендігі сәтте бүлк ете түсейін деп тұрған бұл үйдің иелері – кемпір, соқыр әйел, жас қыз Ғазиза. Олардың «қуаныш – қызығы да, үміт-қорғаны да сол суық қабырға өліктерімен бірге көмілген».Жазушының ой ағысы тірі жандарды да өлілермен байланыстырады. Себебі, сол екі бейіт – Ғазизаның әкесі Жақып пен жалғыз бауыры - Мұқаштың бейіті. Шәй үстінде кемпір келген қонақтарына өз жайы, өз күйкі тірлігінен сыр шертеді. Оның әңгімесінен баласы мен немересінің сүзектен өлгендігін, олардың өлімінен кейінгі ағайындарының зорлығы туралы, ақыры жақын-жуықтың пұшық Мәрденге Ғазизаны бермек болған ниеттері туралы білеміз. Тағдырдың жауыздығына (баласы мен немересінің сүзектен өлгені) адамдардың жауыздығы қосылып, панасыздық, қорғансыздық дегеннің әлемдік гимні ойналады. Ол гимн сырттағы, бәрін жалмап-жұтып, панасыз, «қорғансыз» әлемді ықтатпай, тепеңдетіп қуып келе жатқан боран уілімен сабақтасып, азалы әуенге басып, әлемдік жалғыздық гимніне айналады. Ал, адамдар соның «қақпақыл ойыншығы».Әлқисса, кеңістік толы азалы үн, гуіл, боран, сол боран адам тағдырымен ойнап, оны қақпақыл ғып, қаңбақ қып шыркөбелек айналдырғандай... Әңгіме барысында кемпірдің де өткеніне қысқаша саяхат жасап, оның да жасында шешесі өліп, өгей шешесінің қолында жетімдіктің зардабын көргендігін білеміз. Өлім-жітім, жетімдік, сөйтсек, бұл әулеттің түп-тамырынан жабысқан зобалаң екен. Ғазиза бесіктен туа сала қорғансыз, панасыз екен. Кемпір «Құдайдың менің өз басымнан, менің ұрпағымнан аяған қазасы бар ма?» деп (82-бет) еңірегенде, оның құдайы – өгей Тағдыры екендігіне мойынсұнасың. Ал кемпір әңгімесін салқын да салғырт тыңдап отырған Ақан туралы... «жүрегін зорлықпен жұмсартайын десе де, аздан соң сезімсіз салқын қалпына қайта барып отырды» деген жазушының қолданған психологиялық штрихы - «... екі көзі жамаулы кішкене терезеге гуілдеп соғып, әр жеріндегі тесігінен бу болып, кіріп тұрған» әлемдік ызғармен астасып, бұл үйдің ішін де мұздата бастағандай әсер қалдырады.Ызғырық әлем ендігі бүкіл дүниені жалмап жұтып алатындай.Әңгіменің ішкі ағынына беріліп, сол әуенмен жүріп отырсақ, мынаған куә боламыз: шай ішіліп, ет желініп болған соң, қонақтардың аттарына шөп салуға шыққан Ғазизаны Ақан зорлайды, қыз арына сөйтіп сызат түсіреді. Иә, осынау салқын да, ашулы дүниенің ең соңғы жып-жылы көбелек жаны тапталып, оған ...«қатты тоң жер, суық балшық, көрдей қап-қараңғы дүние куә болды». Манағыдан бәрі әңгіменің негізгі оқиғасына қосымша, одан бөлек өмір сүріп келген (суреттеме дәрежесінде) ақ түтек боран ендігі жерде оқиға мұрындығын өз қолына алады. Дүние кезген сол ақтүтек боран – ажал бейнесі, соның елестері. Әңгіменің аты тектен-тек «Қорғансыздың күні» деп алынбаған. Автор құдіретті де, құрығы ұзын Боран – Ажалдың алдындағы бүкіл әлемнің «қорғансыздығы» туралы әңгімелейді. Сол кездегі қазақ өмірінің «қорғансыздығын», сөйтіп, әлемдік, дүниелік масштабта қарастырады. Жер-дүние Боран-Ажалдың құрсауында жетімдіктің зардабын шеккендігін паш етеді, Адам атаулы – күллі әлемді молаға толтырып, Күшікбайдың бейітінен ысқырып келе жатқан Өлім алдында «қорғансыз», «панасыз» жетім. Әңгімелердегі кеңістік тұйықталған вакуум секілді. Жер-дүние Өлім деген тұйыққа тіреліп, ажал құрсауынан шығар тесік таба алмай қымтырылулы. Адам осы тұйыққа туа сала тасталған, одан шығар-шықпасы екіталай.Әлем және жалғыздық. Дүние және жетімдік. Кеңістік және жалғыздық. Тағдырдың ақтүтек боранның алдындағы тұлдай жалаңаш Адам, «қорғансыз» адам. М.Әуезов адам жалғыздығының қасіретті трагедиясын осылайша суреттейді. Қазақ даласына небір алпауыт, алма-ғайып заман төніп келе жатқандығын осындай образ, сурет арқылы кескіндейді.Кеңістік пен кейіпкер қатынасын қазақ жазушылары әр кезде әрқалай шиеленістіріп, әр кезде әрқалай табыстырып, туыстырып отырған. Мысалы: Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романында негізгі кейіпкер мен оны өсіріп-өндірген даланың қарым-қатынасы – баласы мен анасының, қоян-қолтық аралас дос пен шын жанашырдың қарым-қатынасындай... «Сөйтсе де Кұлан осы өзгеге ұсқынсыз, түс бермей безеріп жатқан сұр даланы дос тұтатын. Оның бүкіл өмірі осы дала төскейінде өтті ғой. Даланың одан жасырын сыры жоқ, ержетіп есейген сайын ол бұған не қилы жұмбақ сырын там-тұмдап біртін-біртін ашып бере берген. Ол сырға қануға бұл да жалықпаған. Аң қоймайтын аңшылық, құралайды көзге атқан мергендік, айсыз қараңғыда жол табар ізшілдік өнері болса, оның бәрі осы даланың дарқан көңілмен тартқан тартуы... Ұлына тар өткел, тайғақ кешуден асып-саспас сабыр берген де осы дала...» (Ақан Нұрманов, «Кұланның ажалы», Алматы» 1987, 196-б.) – деп, жазушы дала мен оның баласын егіз емшектен сүт емген қос бауыр ретінде суреттейді.Әділетсіздіктен тауаны шағылып, үдере қашқанда да Кұланның табатыны – осы дала, тіршіліктен жанға шипа, көңілге медеу бір қыдыру үміт іздегенде де ығып келері – осы дала. Сондықтан, Кұлан ажал құрығына тұтылып, дүниеден баз кешкенде, сол сар дала жесір қалып, қиын-қыстау күй кешеді, азынап, уілдеп, гуілдеп тобылғы-мұң қалпына түседі. Мұны жазушы: «Жесір дала өзінің ерке ұлынан айрылып, мылқау кейіпте соңғы сапарға шығарып сап тұр. Жер бетінен тағы бір пендесінің жоғалғанына жүрегі жеңілдей қояр ма екен бұл даланың»... (сонда, 215-б.), – деп суреттейді.Ал «Қан мен тердің» аяғындағы («Күйреудегі») Тәңірбергеннің даламен айқасы – әділеттік пен әділетсіздіктің, бірбүтін ғұмыр мен мәңгіліктің, өмір мен өлімнің, қас-қағым тірлік мен зауал шақтың айқасындай. Тәңірбергеннің басқаша күйреуі мүмкін емес. Иә, тек қана осылай... «Аңызақ аптап ат тұяғынан ұшқан шаңды күні ұзын ұйытқытып, үйіріп әкеп бұның көзіне, құлағына, аузы мен мұрнына тығып болғанды. Оқта-текте тамсана қалса да, тісіне тұрған топырақ шықырлайды»... Тәңірберген өміріне осынау құмдауыл ажал – зауал шақ боп келеді. Естеріңізде ме?.. «Кемпір үні құлағында тұр. Мына аспан, мына жер, су, бүкіл бар айдай әлем кәрі ана үнін қайталап күңіреніп барады. Құдай зауалыңды берсін. Зауалыңды берсін, Зауал. Зау-ал, зауал». (Әбдіжәміл Нұрпейісов. «Қан мен тер». Екінші том, Үшінші кітап, «Күйреу», 331-б.).Осынау адамның аранын аштырып, қаталатып, өзегін талдырып келіп қалған Зауал – құм боран дүние – Адам мен Құмның, құмға із тастағысы келген пенде баласы мен бұрқасынымен сол ізді жоғалтқан құба жон – құм тірліктің текетіресі. Тәңірберген өмірінің заңды, әділетті соңы, ойсырай күйреуінің көзкөрім бейнесі. Ендігі жерде адам назарына ілігетіні – «...осынау қызығы таусылған адыра қалғыр дүниеде өзінің бары-жоғын да сезбей сұлық түсіп жатқан...» Тәңірберген (374-б.) «...Қылтанақ шөбі күйген сұп-сұр жүдеу далада тірі аруақтай қыбыр-қыбыр қозғалып бара жатқан ұсқынсыз кісілер...» (348-б.).Иә, бұл жеке адамның жанының күйреуі емес, уақыты озған дүниенің күйреуі! Зауал шақ.Кеңістік пен кейіпкер – жалпы әдебиет атаулының, оның тектері мен түрлерінің рухани өзегі. Кейіпкерсіз әдебиеттің, кеңістіксіз (яғни, өмір сүру алаңынсыз) кейіпкердің болуы мүмкін емес. Кеңістік – кейіпкерді қоршаған сыртқы дүние ғана емес, сонымен қатар, оның белшесінен батып, белуарынан армансыз кешіп жүрген тіршілік алаңы. Сондықтан кейіпкер жаны, кейіпкер тағдыры – сол қоршаған ортаға, айнала дүниеге, сырт әлемге, яғни кеңістік әуеніне сай мың құбылып, мың түлеп отырады.Әбіш Кекілбаевтың алғашқы әңгімелерінің бірі «Аш бөріні» алайық. Бұл әңгіме күй атасы – Құрманғазы Сағырбайұлының қиын да, күрделі өмірінің бір кезеңіне арналған. Ол түрмеден босап, еліне қайтып келеді. «Тар қамаудан мынандай бостанға шыққан кісінің көңілі өсіп шыға келеді екен» (Әбіш Кекілбаев. «Бір шөкім бұлт». «Жазушы», 1966, 102-б.). Құрманғазының алдында мидай жазық дала, қазақтың сар даласы. Алғашында, түрмеден әлдеқандай түс көріп, содан ба... «көкірегіне сағыныш ұйып, ылғи мең-зең күйде жүр еді. Одан осы бостанға шыққан соң ғана айықты. Даланың көзге қанық қоңырқай күйі бұрын таусылтып тастайтын. Қоңыр дала, одан да қоңыр отар-отар қой, қапелімде қой ішінен қоңырайып көзіне түсе қоймайтын момын қойшы. Сергімейтін, серпілмейтін сартап тіршілік. Қоңыр далада құлақ елеңдетер үн мен әуез де саркылғандай. Анда-санда бір қыр самалы да талықсып, таусылып есетін. Сонда бұрын көкірегін ашуға булыққан арсы-күрсі күй буатын. Елден осынша іргесін шеттетіп, ізіне аңдушы түсірген де сол күйлер еді...» (сонда, 105-б ). Күйші өмірінің өткен белестеріне жасалған бірінші бұрылыстың өзі, алғашында оның «көңілін өсірген» сар даланың кей кезеңдердегі мізбақпастығынан, адам жанының кейбір күйлеріне самарқаулығынан сыр беріп өтеді.Сөйтсек, күйші жаны осынау «сергімейтін, серпілмейтін сартап тіршіліктен» қажып, онымен бетпе-беттен тауы шағылып, құз-қияны кезіп кетеді екен. Сөйтсек, күйшінің ойран-асыр көңіл күйі осынау мүлгіген, мимырт тіршіліктен қалауын таппай қан жылаулы екен. Тіпті, күйші жаны осы «сартап тіршіліктен» әлдеқайда безіп, аулақтап, жалғыздық деген өмірдің ең бір қасиетті де, қандыауыз ауруына шалдығып, содан құтыла алмай шыр көбелек айналып, қанаты отқа күюлі екен. Қасірет шегулі екен. Оның ішкі күйінің, жалғыздықтан жапа шеккен ішкі үнінің айқайы, шыңғыруы, кісінеуі – осынау дүниеден тағат таппай, жандәрмен таппай, боздаған күйлері екен. Өйткені оның бәрі табалдырықтан, түндіктен ұзамай құмға, отқа, суға сіңіп, ізім-ғайып жоғалып кетеді екен. Айнала әлемде мұның жан шырылы бозторғай шырылындай болмайды екен. Айнала әлем жалғыздық боп бүріскен мұның тағдырын құмалақ құрлы көрмейді екен. Содан ба, күйші домбырасы оған күйші сезімінің осынау шешілмеген қалпын ұсынады екен.Әлқисса, күйші... «жолға шыққалы төңірегінен көз алған жоқ. Кеше түс қайта бере бұл естіп, бұл тебіренбеген бір тосын әуен түледі. Бұрынғы саздарындай шапшаң өзгеретін тепсінген үн емес. Делебеңді қоздырмайтын, ашу тырнап тастаған байсалды әуез. Ақтарыла-төгіле салмай, шым-шымдап шымырлап өнеді»... (106-б.). Иә, жазушы күйші жанына, күйші тағдырына бүкіл әлемді, кеңістікті, жалпақ даланы (адамдар дүниесін емес) қарама-қарсы қойып, әлемдік самарқаулықтың, салқындықтың, дүние өгейлігінің, жатбауырлығының көзкөрім бейнесін жасайды. Иә, күйші көкірегінде күмбірлеген бүгінгі «делебеңді қоздырмайтын... байсалды әуез» – сол жатбауыр, өгей өмірдің, әлемнің тоң-торыс қалпынан туындап жатыр екен. Ендігі жерде сол самарқау дүние мұның жанын да ауыздықтап, оған самарқау күй тартқызбақшы екен. Осы алдамшы әуез күйші көкірегінде «дүниемен, айнала айдай әлеммен табыстым ба» деген әзәзіл үміттің шоғын маздатады екен. Сондықтан ба, түнемелікке тоқтаған Дөңбай бидің үйінде ол көңіл пернесін ағытып, бойында ұйыған әуезді жаңа күй ғып дүниеге шығарады.Бірақ... шіркін, адам өмірі қаншама «бірақтар» мен «әттеген-айлардан» таяқ жеді екен. Келесі күні... «Ауылдан былай шыға бере күйшінің көңілі қайта бұзылды. Түрмеден құтылғалы жағасы жайлау боп келе жатып, бүгін тағы құлазып қалды. Төңірегіне қарап еді, тұлдыр дала...» (115-б.). Себебі, ...«күйшінің есіне бүгінгі қонып шыққан үйі түсті. Қазір түндегі қара мұрт тағы бір жалдың астындағы ауылға түсіп, қонағасы жеп жатыр. Шанаш сары қойдың шетінде күзгі отқа жалмаңдай шүйілген бір қоңыр саулықтың аузына қарап мәз-мәйрам. Ақ сұр шал қақ төрде қазық жұтқандай қақшиып, көзін маңдайшадан алмайды. Ойында – баяғыда өзі төрелік айтқан бір сарт-сұрт салғылас» (116-б.). Күйші жаны алғашқыда самарқау әлемнің бір селт етпесі бар ма деп алданса, «тұлдыр далаға» шыққан соң, өзінің тұлдай жалаңаштығын сезіп, ескі жаралар сыздап қоя береді.Сөйтсе, өгей дүниенің мейірім емшегін іздеу бекершілік екен. Ол әлдеқашан суалып, тас боп қатқан екен. Осы кезде әлем, кеңістік біткенді қайтадан самарқаулық басып, шықпаған жанның, шешіле алмаған сезімнің азалы үні қайтадан билік алады. Содан есіне әлдеқандай күндері, әлдеқандай ғұмыры түседі. Иә, ол кезде... «Күйші тағат тауып жата алмай, атына мініп, ел аралап кетеді. Айдалада жаңғыз келе жатып, анда-санда қотанына тиіп, бөрліктіріп тұратын бөрі болмаса мына даланың селт ететін түрі жоқ-ау деп ойлайтын...» (116- б.). Жазушы, тағы да қайталай айтамыз, күйшіге адамдар әлемін емес, «тұлдыр даланың сартап тіршілігін» қарама-қарсы қояды.Әңгіменің өн бойында күйші жол үстінде. Таусылып бітпейтін қара жол. Сол жолмен дүние кезген қара жаяу. Аш бөрідей ұлыған күйші жаны дүниеден қазық таба алмай адасулы. Күйші аштығы – рухани аштық. Сондықтан күйші ақыл-есінің, күйші жанының тағат тауып, осы дүниеге табан тірер ақиқат табуы екіталай. Дүние, айнала әлем – аш бөрінің ұлығанынан, – жалғыздықтан, рухани аштықтан ұлыған күйші жүрегінің дүрсіліне ұласқандай. Дүние ағыс – серпілмейтін сартап тіршілік – «адамағыс» – жалғыздық.Кеңістік пен кейіпкер қатынасын шиеленістіріп, бір-бірінің сынақшысы, бір-бірінің баяндылығының төрешісі етіп қоятын қазақ жазушыларының бірі - Оралхан Бөкеев. Оның «Қар қызы» повесі – өлім мен өмір секілді шекаралық ситуацияға «тасталған» адамдар тағдырын зерттейтін, психологиялық тереңдігінен гөрі образдық жүйесі басым шығарма. Повесть «ДТ-53» тракторымен қыстың аласұрған бұрқасынынан ығып, айдай «аппақ әлемде» адасқан Нұржан, Нұр, Жан секілді жігіттердің бастарынан кешірген кесапаттары туралы. Олар қар қамауында қалып, дәм-тұздарын тіршілікпен жалғастыру үшін жандәрмен. «Айнала аппақ, ұшы-қиыры таусылмайтын ақшаңқан қар, жансыз аспан, жанарсыз күн...» (Оралхан Бөкеев. «Ән салады шағылдар». Алматы, 1978, 113-б.). Адам мен кеңістік, қала берді бүкіл тіршіліктің қатынасын 12-беттегі: «Ау-у-у-а» «Тым-тырыс», – деген жолдардан-ақ түсінуге болады. Иә, ұшы-қиыры жоқ кеңістік қар жамылып, сұстанып, айбарланып, аярсып, қыбыр-қыбыр еткен адамдардың құмырсқа тірлігін жайпап тастауға, талайлардың ғұмырын жұтқан кең өңешіне сылп етіп жұта салуға оңтайлы сәт күтіп, тоң-торыс қатып қалған.«...Көкжиек жоқ, аспан да, байтақ өңір де ақсұр, жер жоқ: бір өңкей бой суытып, жүрек мұздатар сұмпайы қар; еріксіз жалықтырады, еріксіз жалғызсыратады, жүз жылға бірақ қартайып кеткендей қажытады...» (сонда, 7- б.)... Айнала аппақ қар... сеңдей сірескен, тұтаса қасаттанған суық дүние...» (39-б ). Автор адамдардың жанталасын «сеңдей сірескен, тұтаса қасаттанған суық дүниеге» қарама-қарсы қойып, Адамның адамшылығының сырын сол шекаралық ендіктерден тапқысы келеді. Жан Поль Сартрдың «Қабырға» әңгімесіндегі кейіпкерлері Өлім мен өмірдің арасындағы шекаралық ситуацияға – енді оның шырмауығынан шыға алмастай түссе, «Қар қызындағы» кейіпкерлердің сон-а-ау, у-шу, ұлы тірліктен үміттері бар. «Ақ таулардың арасынан адаса естілген қыз әні» олардың ризықтарының таусылмағандығынан сыр шертетіндей. Үміт отын жаға түсетіндей....«Әлдеқайдан... Айыртаудың арғы жағынан тағы да... тағы да сыңсыта салған қыздың әніндей жұмбақты әуен, әлде ұлыған қасқырдың үні естіледі» (27-б.) деп, автор сол Тіршілікпен жалғастырушы соңғы жіптің, соңғы үміттің де сағымдай өзгермешілдігін, алдампаздығын көрсетеді. Сөйтсек, үш жігіттің үшеуінің бойында да орындалмаған арман, шешілмеген сезім табы бар екен. Осынау айдай әлемде жалғыз қалған үшеудің бойындағы сол арман, сол сезім ендігі осынау мұз дүниені жібіте алса жақсы. Себебі, мұз құрсанған әлемнің бауырын езген сол әуен – үш жастың көкірегіндегі «...бейуақытта туған шыншыл сезімінің айында-жылында, не басыма іс түскенде, не көрер таңды көзіммен атқарып сырқаттанғанда, санамда жалқы сәт сәулеленіп, сонсоң ғайып болар рухани пірге деген ұлы ынтызарлық болар...» (36-б.). Ал, осы кезде... «тілін жалақтатқан ажал-арыстан ол да араны ашылып, олжасын қызықтауға сақадай сай еді... Буын-буындарын ала бастаған суық енді қан тамырларын қуалай шауып, мәпелеп еркелеткендей сайқалдықпен ұйықтатады, жабырқаңқы жанын тербеп, уатады... уатады...» (49-б.).Осындай бүтін әлемге, сайқал, айлакер әлемге «тасталған» адам тағдыры әрі оның өз қолында. Оның «рухани пірінің» (Қар қызының) тегеурінді, тегеурінсіздігіне, тұрақты, тұрақсыздығына байланысты. Себебі, Нұржанды: «Тұр, тұр, жігітім, таң атты, күн шықты...» деп ернінен сүйетін қыз...» Қар қызы емес, Нұржанның тамырында аласұрып, аязбен айқасқан, үсікке бой бермей жанталасқан қып-қызыл қаны, баяулау соққан жүрегі еді...» Иә, осы пірдің (Қар қызының) арқасында... «Тәулік бойы өлім мен өмірдің арасында өткен асқарлы күреске мойымағандар... жеңіске жетті...». Бөкеев өз кейіпкерін ашу үшін, олардың мінезінің терең иірімдеріне бару үшін, әдейі  шекаралық ситуацияға салады. Сөйтіп кеңістікте, әлемде жалғыз қалғанда ғана оның Адамдығының, оның пірінің құны білінеді дегенді айтады.«Қар қызында» осылайша абстрактілі (күш-жігер, рухани пір, Қар қызы) категория ретінде қалып қоятын бұл тұжырым-ой автордың кейінгі «Сайтан көпір» повесінде өз жалғасын табады. «Сайтан көпірде» де айдалада, кеңістікте жалғыз қалатын адам туралы әңгіме болады. Бірақ «Қар қызындағыдай» емес, әңгіме баяны камералық дәстүрде жүреді де, бар әлем, барша тіршілік кейіпкердің ішкі дүниесіне жинақталады. Өйткені «әр адамның алдында өз «Сайтан көпірі» бар. Одан өту де, өтпеу де, ең алдымен, өз ішіндегі сайтанын жеңе білуіне байланысты. Екі иығына қонақтаған Жамандық пен Жақсылық, Бопса мен Ізгілік атты қос ұғым, қос пиғылдың қайсысын місе тұтып, қайсысына дес бергендігіне байланысты дейді.Бөкеевтің Мұқаңның «Қорғансыздың күні» әңгімесіне бір табан жақын шығармасы «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесі. Жалпы, оның шығармаларында («Қасқыр ұлыған түн», «Қар қызы») көп кездесетін... «Менің көз алдыма, неге екенін білмеймін, ат құлағы көрінбейтін боранда үстінде жұқа ғана шыт көйлегі бар, шашы жалбырап, тізеден қар кешіп, адасып жүрген қыз елестейді» (аталған жинақ, 275-б.) секілді метафоралары – жазушының жеке басының көңіл-күйін ғана емес, сонымен қатар, «Қорғансыздың күніндегі» қараңғы түнде адасып өлген Ғазизаны елестетіндей. Сол арманда кеткен Ғазиза жанының бүгінгі күнгі жаңғырықтары секілді. Көркем метафораның тарихи метафораға ұласқан сыңайын байқататындай.Алайда, Әуезовтің әңгімесінің шарықтау шегі Ғазизаның өз Тағдырына, яки жалмап, жұтуға айналған Ажалға қарсылығынан басталады. Әңгіменің өн бойында боран-елес, көркемдік бейне ретінде ғана өмір сүрген Өлім енді Шындыққа айналады. «...Бірталай отырған соң, ептеп есі кіре бастағандай болды. Бірақ, есі кірген сайын ойына келген нәрсе өзгеше суық түрде. Әуелі әкесі өлгеннен бергі басына түскен ауыр хал түгелімен көз алдына тез елестеп өтті. Ақырында соқыр болып, мүгедектеніп отырған шешесі, қартайып қайратынан айырылып, кемтар болып отырған кемпір әжесі есіне түседі. Басында бір ойына келген нәрсе шешелеріне барлық көрген қорлығын айтып жылап, зарлап жету еді. Артынан әлгілердің әлсіздігін ойлағанда: іші құсаға толып, жас жүрегі жаншылып, бұл күнге шейін көрмеген азабын тартты... Бұрынғы бейнет, бишаралық былай тұрсын, мынау көрген мазақ не? Осынша қорлау, рәсуалау не?.. Бүгінгі өмір бойында құлағы естімеген зорлық, зұлымдықты көруге не жазық қылып еді?.. – Ешбіріне жауап жоқ. Бірақ бір жылау» (86-бет). Ғазиза осылайша бүкіл өмірін көз алдынан өткізеді.Басында өз тағдырына мойынсұнғандай кейіп танытса, оның аяғына таман ширығып, қатая түседі. Бұл – шындық алдында, Тағдыр – «қорғансыздық», яғни өлім алдындағы қатаю.Автор кеңістікті әдейі алай-дүлей боранға, сұрапыл құбылыстарға толтырып, кейіпкерін соған қасқайтып қарсы қояды.Алайда Ғазиза – Тағдырына мойынсұнбаған, тіпті оған қарсылық көрсетуге талпынулы. Сондықтан «Ол – әулие!» («Қорғансыздың күнінің» алғашқы, 1922 жылғы нұсқасы: «ол ғазаптан, қайғыдан, жауыз, зұлымдықтан құтылған. Ол – әулие» деп аяқталған).Жоғарыда айтылған ой тұжырым, образдар жүйесі – XX ғасырда дүниеге келген экзистенциализм атты философиялық һәм әдеби ағыммен үндес, сарындас. Мұқаңның сонау 20-жылдары, бұл бағыт толыққанды қалыптаса қоймаған тұста жоғарыдағыдай философиялық байламдарға жетуі таң қалдырады. Соңдықтан сол ағынға тоқталайық.Экзистенциализм (лат. «экзистенция» – «өмір ағыны») философиялық, әдеби ой-өрісі ретінде негізінен 2-дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасты. Оның негізгі өкілдері – М.Хайдеггер, К.Ясперс, Жан Поль Сартр, Г.Марсель және А.Камю т.б. Рухани ағым ретінде өз бастауын М.Унамуно және Ф.М.Достоевский шығармаларынан алады. Экзистенциализмді пәлендей қалыптасқан біртұтас философиялық, не әдеби ағым деп айта қою қиын. Шындығында, ол – әр түрлі ағымдағы, әр түрлі рухани, интеллектуалдық мұрат пен сұраныстағы пәлсафалардың жиынтығы. Оның «өмірлік концепцияларының» негізгі тұжырымы – адамның «онтологиялық жалғыздығы», әлемдік жалғыздығы, оның өзіне жат, бөтен дүниеге «тасталғандығы» («заброшенность» – Хайдеггер), ұмыт қалғандығы. Сондықтан әрбір адам үшін – физиологиялық, тәни сезіне алатын, көзбен көріп, қолмен ұстайтындай екі ақиқат бар: оның біреуі – нақ осы шақта тоқтаусыз ағып бара жатқан өткінші өмір ағыны («экзистенция») да, екінші – өлім, ажал.Экзистенциалист үшін дүние – бейберекет шашылған адамдар тағдыры. Ал адамдардың бір-біріне жұғысуы мүмкін емес, әркім Өлім алдында жеке. Өлім күнкөрістегі ең бір жалқы да, жалмауыз Ақиқат. Экзистенциализмнің негізін салушы Хайдеггердің концепциясы: ...«Адам – қоршаған дүниенің жалғандығын, жалаң иллюзияға толы баянсыздығын түсінгеннен кейін ғана, өз өмірінің шынайы мағынасын ашады; сол кезде ол – өмір дегеннің өзегі үзілмес, бітпес-таусылмас «бақилық қорқыныш», «мазасыздық» және үрейден құралатын мағынасыз тіршілік екендігін түсінеді...» Иә, «адам өзінің бейтаныс, қауіпке толы, мазасыз, қорғансыз дүниеге «тасталғандығын» сезінеді», «Сондықтан оның еркіндегі, қолынан келер жалғыз тірлігі Өлім. Адам өз ғұмырында «Өлім алдында ғана ерікті». Себебі, Өлім – тіршіліктегі бар «қасіреттен», бақилық қорқыныштан, мазасыздықтан және үрейден» құтқарады. Әрі адамның өз еркіндегі, өз қолынан келер жалғыз мүмкіндігі.Белгілі орыс ғалымы В.Я.Пропп бір еңбегінде жалпы әдеби сюжеттің тууы туралы: «Сюжет қоғамдық құрылыстың тікелей көрінісі боп тумайды. Ол бірін-бірі ауыстырған қоғамдық құрылыстардың қақтығысынан, солардың қайшылығынан туады. Біздің негізгі міндетіміз де осы қайшылықтарды зерттеу, тауарих алаңында ненің немен соқтығысқанын, сол соқтығыстың қандай сюжет туғызғанын қадағалау», – деген екен (В.Я.Пропп. «Фольклор және шындық». М., 1976, 162-б.). Екі түрлі формацияның ауысқанын, Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ өмірінің қыр-сырын өз басынан кешіріп, көзімен көрген Мұқаңда болған идея, Мұқаңда болған көзқарас сол секілді ғұмыр кешкен басқа қоғамда, не басқа адамда неге болмайды? Ал, әлемдік әдеби процестің даму заңдылықтарының бірі – осындай ұқсас ойлардың туып, бір мезгілде бірнеше елде, ендікте өмір сүруі еместігіне кім кепіл?Біз, әрине М.Әуезовті экзистенциалист қылғымыз келіп отырған жоқ. Біздің айтқымыз келіп отырғаны – қазіргі кезде солай аталып, біртұтас ағым құқын иемденгісі кеп, әлем әдебиетінің төрінен орын сұрап жүрген экзистенциалды ой ағымының Мұқаң санасында да орын алып, творчестволық әдіске айналғандығы. Белгілі дәрежеде Мұхаң сол ағымның негізін салушылардың бірі.Дат философы Серен Кьеркегор кез келген адам өмірінің негізгі тіреуі – «құдайға деген сағыныш» («тоска по богу») дейді. Ал, адамның бар қайғы-қасіреті, тиянақсыздығы, мазасыздығы – оның Сенімінің жоғалғандығынан деп есептейді. Дүниеге келу белгісіздігі (адамның ес біліп, есеюге дейінгі кезеңі) мен дүниеден өткеннен кейінгі белгісіздіктің (Өлім) арасындағы қаңғалақтаған адам жанының байбалам таппай бажылдауының себебін де – ол содан, яғни сенімсіздіктен іздейді. Экзистенциализмдегі «құдай іздеу», «құдай жоғалту» («богоискательство», «богоутрата») деген сыр осыдан туындаған.Осы тұрғыдан қарағанда, Ғазиза жалғыздығы, Ғазизаның қорғансыздығы – әлемдік жалғыздыққа, әлемдік «қорғансыздыққа», жер дүниені тіміскілеген Өлім – Тағдыр алдындағы онтологиялық жалғыздыққа, оларға қарсы қояр Сенімнің тегеурінсіздігіне ұласады. Бүкіл әлем осынау баянсыз тірліктен қағажау етер Сенім талшығын таба алмай, өлімнің ұйытқыған желінің өтінде молаларды қалдыра, «қорғансыз», панасыз қалып, етегі түріліп, жалаңаштанып, «тоңып-шашырап», ығып келеді. Біздің Сенім деп отырғанымыз – жалпы өмірге, тіршіліктің баяндылығына деген сенім. Ғазизаның әжесі ағайын-тумадан жапа шегіп, құдайдан да тілегені болмай: «Құдайдың менің өз басымнан, менің ұрпағымнан аяған қазасы бар ма?» – деп етегі жасқа толып отырғанда, өмірге деген, Жақсылыққа деген, Адамға деген қандай Сенім туралы айтуға болады? Онтологиялық жалғыздық деген осы емей, немене?..Экзистенциализмнің белді өкілдерінің бірі, тіпті оның «рухани атасы» француз Жан Поль Сартр адамның шекаралық (Өмір мен Өлім арасындағы) ситуациядағы физиологиялық халін зерттейтін «Қабырға» әңгімесінде Өліммен бетпе-бет келгенде ғана адам өмірінің баянсыздығы мейлінше қатігез ашылатындығын айтады. Сондықтан, Өлім Сартр үшін – аса маңызды Ақиқат, себебі, тек Өліммен бетпе-бет келгенде ғана адам өмірінің шынайы мәні (яғни, баянсыздығы) ашылып, адам өзін-өзі танып, өзгелер де оны таниды.Ғазиза трагедиясы, біздің ойымызша, осы Ақиқатты растай түседі. Мұқаң өз әңгімесінде «әдеби бұрылыстарды» пайдаланып, Өлім образын көз алдымызға елестететіндей етіп «жандандыра» түседі де, ақыры оны Ақиқатқа – көзкөрім образға айналдырады.«Қорғансыздың күнінде» ажал ақыры көркемдік шындыққа айналып, Ғазизаға... «жүр-жүр», дегендей болып, дедектетіп алып кетті... «Тек, онымен бетпе-бет келгенде ғана... («Бұл сезім бұл уақытқа шейін көңіліне келмеген аса жат бір суық сезім...») Ғазизаға өз өмірінің шын мағынасы ашылып, сол ашқан ақиқаты өмірінен түңілтіп, Өлімге жетелейді.Экзистенциализмнің бір арнасын құрайтын француз жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты (1957) Альбер Камю болса, осынау Ажал атты тығырықтан шығар жолды басқа жақтан табады. Былай қарағанда, оның да концепциясы жоғарыда келтірілген М.Хайдеггердің концепциясына үндес, сарындас.«Адам өз тағдырының көрікшісі бола алмайды... Ол тіршілігінің баянсыздығын, өмірінің мағынасыздығын сезгендіктен, оған қарсы жеміссіз күрес ашады да, сол мағынасыз күрестен алған азын-аулақ, өткінші ләззатын көңіліне медеу тұтып, өміріне азық етеді», – дей келе, тұжырымын – «В бунте и повторении безнадежных попыток изменить свое положение человек – раб судьбы – может найти суррогат свободы», – деп бітіреді. Камю өзінің бұл қағидасын атақты «Сизиф туралы аңызында» тиянақтай түседі. Оның бұл эссесі – «құдайлар алдында күнәһар» атанып, сол күнәсі үшін мәңгі-бақи бітпейтін іспен жазаланатын Сизиф туралы. Ол үлкен тасты таудың етегінен басына дейін домалатып, енді шығарайын деп жатқанда, тас төмен құлдырап, қайтадан сол тасты биікке сүйреп әуре болады және бір ғажабы өзінің тасты ешқашанда тау биігіне шығара алмасын біледі. Камю «Қазіргі заманның ең күрделі философиялық проблемасы – өз-өзіңе қол жұмсау» деп бастайтын осы эссесінде, адам өмірінің «мағынасыз Сизиф еңбегі» екендігін айтады, сонымен теңестіреді. А.Камю экзистенциалды ой ағымына абсурд («мағынасыздық») дегенді қосты. Яғни, адам өмірі – Сизифтің тірлігі, Ғазизаның тірлігі, абсурд. Осы бір, сезімтал да аса дарынды жазушының өз өмірі де сол Тағдыр мен адам күресінің жеміссіздігін растап өткендей болды. Ол 1960 жылы 47 жасында автомобиль апатынан қаза тапты.Ал енді тығырықтан, Тағдырдың әзәзіл шеңберінен қалай шығу керек? «Күрес керек» дейді Камю. Бірақ Камю үшін Тағдырмен күресу оған мойынсұнумен бірдей, яғни өз өмірінің мағынасыздығын, баянсыздығын мойындап, соның өзінен ымыра табу, мән-мағына, үміт табу. Ал Ғазиза әулие. Ол Тағдырына мойынсұнудан аулақ, қайта соның өзін тізерлетпекші. «Иә, «...Ол азаптан, қайғыдан, жауыз, зұлымдықтан құтылған. Ол азаптан өзін құтқарудың бір ғана амалы – осы дүниеден – «қорғансыздық», «қорлық» алаңынан – өзін-өзі аластату екендігін түйсінеді. Өлу еркіндігінің ғана өз қолында екендігін түсініп, соған жүгінеді. Ол – әулие!»Ұлы орыс әдебиеттанушысы М.Бахтин бір кезде: «...Шекспир шығармаларына – бар бітім-болмысын өз заманы толық танып біле алмаған  мән-мағыналар қазынасын жинақтаған»... деген екен (М.Бахтин. «Сөз өнерінің эстетикасы». М., 1986, 351-б.). Сол секілді, Мұқаңның творчествосында да өз кезеңінің рухани – интеллектуалдық өресі танып біле алмаған «мағыналар қазынасы» мол. Бұл – диалектика заңы. Әр ұрпақтың өз кредосы, рухани сұранысы бар. Оның бергі жағында, бүгінгі біз бастан кешіріп отырған заман - «мәдени қабаттың» қалыңдап, мәдениеттердің бір-біріне деген ықпалының, әсерінің бұрынғыдан бетер күшейіп отырған кезеңі. Сондықтан, біз Мұқаң творчествосына тосындау қырдан қарап отырсақ, – сол арқылы Мұқаңның шығармашылық әлемін байыта түсіп, оның бүгінгі әлемдік әдеби процеспен, әдеби ой ағысымен байланысқан, біртұтас қабысқан құбылыс екендігін айтамыз. Әрі бүгінгі дүниенің рухани кеңістігінде де оның өз орны бар, жөні бар қаламгер екендігін айтамыз. Экзистенциализм секілді күрделі философиялық, әдеби ағымның негізін қалаушылардың санатына қосамыз. Испан жазушысы Мигель де Унамуно мен орыс ойшылы Ф.М.Достоевскийлер секілді, осындай ірі рухани бағыттың тамыр тұлғасы екендігін саралаймыз.