ВЕРНУТЬСЯ

Мұхтар Әуезовтің бар болғаны 12 беттен тұратын «Қаралы сұлу» әңгімесін – ондағы көркемдік бояулардың қанықтығы, адам жанының ішкі иірімдеріне терең бойлайтын камералық дағдысы және дүние қызығын, ұзақ уақытқы мызғудан ояна дүр сілкінген табиғат ауанын – пенде ғұмырға кереғар, шағыстыра отырып суреттейтін тәсіл-амалдарына қарай шартты түрде екі арнаға бөлуге болар еді.«Алты жыл – қаралы, қайғылы алты жыл өтті. Әрбірі бір-бір сарылған ұзақ... соққан күздің суық күніндей қуарған жүдеу жылдар... Сансыз көп күндер өтіп жатса да, не бір жаңа үміт әкеліп сергіткен, не болмаса жүдеу көңілді бір сағатқа болса да селт еткізіп алаңдатқан мезгіл болған емес. Қаракөз бұл өмірді әбден мойындап болған. Көп жыл бойына созылған қаралы күй Қаракөз өмірінің қалпы болған...» (М.Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы, 1-том, 263-бет). Бұл Қаракөздің жеке басына қатысты жәйттер.«...Көшедегі көңілді қатын-қалаш, желікті қыз-келіншек маңайласқан жігіттермен қалжыңдасып, күлісіп ойнайды. Арқыраған семіз, сұлу асауларды мінген жас жігіттер үйіріне қарай жұлқына, аласұрып жер сүзген айғырларын құтыртып-ойнақшытып келіп, қалың жылқыны дүрілдетіп, желдіріп айдайды... Дүн-дүние мастық тойының буы аспанға шығып, құтырынып желігеді. Шулаған желікті көш, таңертеңгі көлеңке басқан қара жартас пен қалғыған өзекті де оята сергіткендей. Бұл кешке табиғат та жылдық ұйқысынан оянып, елең білдіргендей...Жыл бойы тұл болып тұрған жайлау, бүгінгі күн жыл құсындай боп қиқулап, жөңкіліп келе жатқан елді жаңа көріп сергігендей.Қазіргі барлық сурет, барлық дүние адамды қызық думанға, сағымды түспен зор тілекке қол бұлғап шақырып тұрғандай. Бұл қызуға желікпеген жан жоқ...» (Бұл да сонда, 264-бет).Жалпы, бояулардың алмасуы, алма-кезек құбылуы, бір-бірімен шарпысуы әңгіме табиғатын аша түседі. Мұқаң Қаракөз тарихын, Қаракөз жәйін сөз қылғанда, ылғи қара түске («қаралы, қайғылы», «қара жел», «қаралы күй») ден қояды. Әңгіменің басталуы да айбарлы, қаһарлы. Әрбіреуінің мағыналық жүгі жеті батпан, ауыр-ауыр сөздер. «Алты жыл – қаралы, қайғылы алты жыл өтті». Әу бастан-ақ, автор оқырман ықыласының бүткіл жан-жүйесін трагедиялық әуенге, трагедия болғанда, Қаракөз трагедиясына сай бұрады. Иә... «содан бері Қаракөз қаралы тор бұлбұлындай». Иә, содан бері «көп жыл бойына созылған қаралы күй – Қаракөз өмірінің күнделікті қалпы болған. Күндегі дағдысы, салты болып кеткен». Қаракөз өмірін ойран-асыр қылған әлдебір құпия, әлдебір әзір белгісіз оқиға – әңгіме жолдарынан тыс, ауа кезіп жүр. Әңгіменің алғашқы жолдары-ақ, адам тіршілігінің қараңғы қалтарыстарына, адам тағдырының небір кездейсоқ зауалдарына, сілкіністеріне бағыттайды. Әу бастан адам ойын, оқырман ықыласының арқыраған арынын екі жарып, екіұдай күй кештіреді. «Қаралы сұлудың» шынайы трагедиялық болмысының қоюлана түсетін тұсы – Қаракөз ауылының көш-керуенінің суреттелетін жері. Өзіне беймәлім құпияның алыс тартылысын сезініп, соған мойынсұнып, иіріміне енді бата берген оқушы сезім-күйін – жазушы қақ маңдайдан салып өтіп, көш-керуен дүниенің әсем де жайдары көрінісін алға тартады. Ұшы-қиыры жоқ қараңғы дүниенің өн бойына жасырына-жасқана бата берген көңіл – табиғаттың «жылдық ұйқысынан оянып, елең білдіргендей», «жыл бойы тұл болып тұрған жайлаудың» «...бүгінгі күн жыл құсындай боп қиқулап, жөңкіліп келе жатқан елді жаңа көріп сергігендей», қазіргі барлық дүниенің «адамды қызық думанға, сағымды түспен зор тілекке қол бұлғап шақырып тұрғандай» қалпымен танысып, айрандай бұзылады. Бастапқы қаралы да қараңғы, құпиялы дүниенің қара түсі мен кейінгі түлеген көктеме-әлемнің қызылды-жасылды, алақ-жолақ түстерінің шарпысуы – адам бойында екіұдайы ескен сезім жарықшақтарын қыж-қыж қайнатып, түлеген түлкі бұлаң әлемнің... қызуына желіктіре, соның қызығына малындыра түседі. «Ең аяғы шал қойшы Болат үстінен көш өтіп бара жатқанда, құлағы шолақ биені тыраңдатып шауып келіп, көш жанында келе жатқан тұрғылас әйелдер арасына келіп килігіп, жауырынын қиқаңдатып, қалжыңдаса күледі. Әрқайсысына көзін қысып, иек қағып, ізденіп соқтығады» (264-бет). Ал, бұл көште «жалғыз жүдеу, жалғыз жабырқаған, қайғының тұсауында келе жатқан – Қаракөз... Осы көп малы бар бай ауылдың иесі болған, мына дырду көштің басшысы болған жалғыз жесір әйел – Қаракөз» (264-бет). Әңгіме басындағы Қаракөздің қаралы жайы кейінгі ашық-жарқын дүниенің шынайылығына күмән туғызады. Әжептарқы түлеген, көктеген әлемнің табиғи қалпынан секем алдырады. Қаракөздің қаралы күйінің дүмпуі көктеген дүниені сілкінтіп, оны іштей қаусатады, ірітеді. Адам бойындағы екіұдайы сезім отының лаулай түсуі де – осы екі әлемнің: «қаралы сұлудың» қаралы әлемінің – ырду-дырду тірлікпен, адамдар дүниесімен сыйыспауына байланысты. Әңгіменің одан арғы даму барысы – оқушының ынтық боп отырған құпиясына, яғни, Қаракөз басының құпиясына тіреледі. Иә, «...бұрын Қаракөз тіршілік базарында еркін жүзіп жүрген еркемін дейтін». «Аяқ астынан келген бір қаза бір-ақ күннің ішінде Қаракөзді қаралы ғылып, қаңғыртып кеткен...» (264-бет). Әрине, бұл қазаның жәй сырын, Қаракөз тағдырының талқысын оқырман қауым жақсы біледі. Сондықтан, біз оған тоқталмай, әңгіменің бұл бөлшегін – оқырман пейілін түстердің құбылуына, өзгеруіне (алғашында – «бұлтсыз ашық көк аспан», кейін – «сол аспанды торлаған» түсі суық, шоқ қара бұлт) бағыттағымыз келіп отыр. Бір жағынан – осынау мамыражай дүниеде, жалпақ жалғанда қалауын таппай аласұрып тулаган Қаракөздің жаны.Жазушы ойы, – оның қолданған шығармашылық тәсілі – әрқилы түстердің, әртүрлі әуендердің шарпысуы, бір-біріне «айналуы» арқылы Қаракөз жанының терең иірімдеріне кұлдырата түседі. Қаракөздің трагедиясы оның аласұрған жаны мен айнала дүниенің бей-жай ағысының тоқайласқан жерінде, осы ендіктердің киылысқан шекарасында жүріп жатады. Әңгіменің өн бойында екіұдайы дүние – қараңғы тұңғиыққа малына батқан, түнек түннің шымылдығының ішінде жанталасып, күйіп-жанып толғатқан Қаракөз жаны және біресе сылдыр-сылдыр бұлақ боп, біресе жойқын күш болып дүние жаулаған табиғат, адамдар әлемі – кезек-кезек алмасып, арпалысып, бірін-бірі жалмауға ынтығады. Осынау текетірес қос әлем қақтығысының өрши түсетін, жандәрмен алыс-жұлысқа түсетін мезгілі – түн мен күн аралығындағы, күн мен түн аралығындағы бейуақ. Қараңыз: «...Күнде тіршілігіне ырза болған жұрт ұйқыда жатқан құлқын-сәріде, мұңайып батқан бейуақта Қаракөз қаралы жаулығымен бетін жауып отырып, зарланып дауыс айтатын...» (270-бет). Бейуақ. Беймәлім сезімдердің құтырына оянып, ойнақ салатын кезі. Қаракөз дүние қызығын тәрк еткен... «Ол Мұқаштың тілеуін тілеп, енді ерге тимейтін тұл қатын болып отырып қалуға өзіне-өзі серт берді...» (270-бет). Иә, ол өз жанынан дүниеге созылатын жолды қысқартып, тұйықтап, дүние-жалғанға ашылар есікті тарс жапқан. Қаракөз трагедиясының сыры осында. Өйткені, алты жылдан бері дүние қызығы оған жат. Оның тәні де, жаны да алты жылдан бері жалған қызуынан ада. Дүние салқын, өгей. Дүние оның жан қалауын тауып бермек түгілі, сүйген жарынан ажыратып, мәңгілік жалғыздыққа душар етті. Жалған – оның шешілмей, «қозана тіленген сезімінің», іске аспаған мақсатының бірден-бір себепкері. Қаракөздің трагедиясы – тән азабында емес, жан азабында. Жатбауыр, өгей жалғанмен байланысты күрт үзген жан шырылының тән шырылына, тән азабына ұласқан шағы (...«Ол бұның ішінде тіршілікке ұмтылған жаңа өмір ұрығының жарық дүниеге шыққысы келіп қозана тілегені еді...» 271-бет). Іштегі қара жыланның қыбыр-жыбыр қозғалуы да сол тұншыққан, тәркіленген сезімнің аласұруынан. Жан азабы – бастапқы да, тән азабы соның шешілуі, жалғасы. Жалғанға деген өкпе-наздың запыран боп ақтарылған тұсы. Дүние, заман ағысы мен жалғызілікті адам жанының қақтығысына, сәйкессіздігіне сай – адамның ішіндегі, ішкі өңіріндегі «әлдебіреудің, әлдекімнің» үн көтеруі, қарсыласуы.«...Сол күш Қаракөзді көп заман қинап жүрді... Әлгі күнге шейін мезгіл-мезгіл асау сезім құтыртып келіп, бір тоңдырып, бір қыздырып, ысытып, қаралы Қаракөзді отқа салатын.Барлық ұзақ қаралы күндерде ойлап өткен қайғы мен әлгі сияқты азаптар Қаракөздің мінезін де өзгертті... Ол ерекше сезімділіктің себебінен дертті сияқтанды. Бұрынғыға қарағанда, қаны бұзылғандай: тез ашуланып, тез жылап, тез күліп жіберетін күйіп-жанғыштық пайда болды...» (271-бет).Осы екіұдай дүниенің дамуы барысы да екіұдай. Қаракөздің басына түскен шырғалаң – ымырттық, қара қою, күңгірт түстерге малынып, барынша баяу, барынша азапты дамиды. Ал, айнала дүние... «Жаз жасарған табиғат та – мінеки желігіп еліреді... Жан кіргендей боп, қызуы тіршілікті көксегендей мастанады... Жүз бұралады.Бозбала асаумен теңселіп, құтырып шабады. Қыз-келіншек назданып күледі...» (272-бет). Қаракөз табиғатымен жалған арасындағы текетірес осылайша ширыға түседі, бас айналатындай тереңдікке құлдырай түседі. Көш-керуен дүниенің сыңғыры мен сылдыры, айқайы мен ұйқайы – оның үлкен өзгеріс үстінде екендігін паш етеді. Ал, Қаракөз өмірі бірсарынды, баяу қалыппен еш өзгеріссіз, дамусыз бей-жай ағулы. Іштегі жыланның оянуы - дәл осы екіұдай қозғалыстардың иен ортасына тап келеді. Ендігі жерде іштегі қара жылан жарық дүниеге шығу үшін арпалысулы. Ендігі жерде жалғанмен шекіспей тынбас, егеспей тынбас. Ендігі жерде шешуін таппай тоқтамас.«...Іште – ыстық сезім қарсы соққан салқын леп...» (272-бет). «Елсізде жалғыз өзі жүз толғанып жырлаған бұлбұл Қаракөздің ұзақ жылғы қайғысы мен жайын, табиғаттың иесіздігін жыр қылғандай. Қаралы әйелдің сұлулығын қошеметтегендей. Бұл да сезім күйін шертеді. Онсыз да қайнап жүрген қанды бір тоңдырып, бір ысытып, Қаракөздің жүрегін қысып ентіктіреді...» (273- бет).Қаракөздің сезім күйлерін шерткен тұстар «буырқанған, бусанған», ішкі қимыл-қозғалысы мол, екпінді, дүркін-дүркін келер, экспрессияға толы. «Қаралы сұлудың», яғни, әңгіменің басында екі дүние (Қаракөз - жалған) өз алдына бөлек, бір-біріне самарқау параллелді өмір кешсе, жоғарыда көрсетілген жолдар сол екі дүниенің тоғысар, шарпысар, бірігер кезеңінің таяу қалғандығының айғағы. Іштегі жыланмен арпалысып, тоғайға қашқан Қаракөздің алдынан «алыс қоңыраудың сыңғыры», сылқ-сылқ күлкі, сыңғыр-сыңғыр ағыс естіліп, дүние өз бойына шақырып, алыстан қол бұлғап, шым-шым батырып бара жатыр. Екіұдайы сезім оқушының да жанын пәрша-пәрша қылып, әлдебір беймәлім зор іске, әлдебір құпия құдіретке ентіктіре түседі. Мұқаңның даналығы тәни, физиологиялық құбылыстың рухи себептерін ашып, ажыратып, алға тартуында. Сол сияқты, физиологиялық жай-күйдің, себептердің – рухани себептерден туындайтындығын көрсетіп беруінде.Қаракөз сезімінің, жанының аласұруының шешілу сәті де - бейуақ. Күн мен түннің біріне-бірі өте қоймаған уағы. Әңгіменің шарықтау шегі - осынау қатыгез де, қасіретті күресте Қаракөздің жеңілген тұсы. Кенет оянып, аласұрып, жанданып, нақты күшке айналып, Қаракөздің өз басын дүние алдында тізе бүктіре игізген, іштегі «қара шұбар» жыланның «қуана ойнақ салған» тұсы. Табиғатын, тұла бойы бітімін іштегі қара шұбар жылан жеңгеннен кейін, Қаракөзге бәрібір еді. Оны жеңген – қара түн. Қаракөз осы түні – өз бойындағы Әйелдік шоқ сезімдерді, әйел табиғатын, әйелдік затын мансұқ етіп, қаңғып келген Болаттың қойнында тұншықтырды. Әйелдік құрылымымен қош айтысты. Бұдан былай, ол – өзін тізе бүктірген, нәпсі алдында күң ете жаздаған әйелдік ныспысынан, отқару тән азабынан ада, таза. Сол түні ол – пенде тағдырына әбден мойынсұндырған, әйелдік мағынасын түнгі суық суға бұқтырды. Сөйтіп, тазарды. Мәңгі қайта оралмастай, мансұқ етті. Енді оның алдында – тіршіліктің адам баласына таңған, әсіресе Қаракөз секілді ақжүрек әйелге арнаған өзгеше даңғыл жолы тұрды. Қаракөз өз тағдырының, тән азабының түнек түнімен қоштасты, базарлы, дырду өмірдің салқын да самарқау айдынына ыстық денесін бұқтырды. Сөйтіп, тазарды.Мұқаң ең бір құдіретті де, классикалык әңгімесін осылай аяқтады.Адамның екіұдай күй кешуін, оның ішкі өңірінде мүлгіп жатқан әлдеқандай беймәлім күштердің бас көтеруін суреттеген қаламгерлеріміздің бірі – Төлен Әбдіков. Адам жанының осындай екіұдай күйін ол «Оң қол» әңгімесінде – «ішкі тұлғаның екіге жарылуы» деп атапты. Оқырман қауымды әңгіме тігісін түгендеп отыруы үшін оның мазмұнымен қысқаша таныстырсақ: «...Март айының аяқ кезінде бізге жасы он жетілер шамасындағы бір қыз түсті. Қабылдау үстінде ата-анасы қыздың өзін-өзі бірнеше рет қылғындырып өлтірмек болғанын айтты. Маңындағылары аман алып қалған. Ал қыздың өзі мүлде басқаша баяндайды. Ол «Маған қастандық жасаған - мынау, бұл менікі емес, мүлде бөтен қол, мені өлтіргісі келіп жүр», - деп өзінің оң қолын көрсетті. Бізде мұны ішкі тұлғаның екіге жарылуы деп атайды... Яғни, бір дененің ішінде екі түрлі жан иесінің кезектесіп, не қатар өмір сүруі». (Төлен Әбдіков, Ақиқат, Повестер мен әңгімелер, А.,1974, 122-123 б.б). Оң қолдың қапелімде бас салып, Алманы (қыздың аты осылай) тұншықтырып, өлтіремін деп тырысатын сәтін автор реалистік тұрғыда суреттейді». «...Мен (дәрігер – Е.А.) палатаға кіргенде Алма кереуетте жатыр екен. Оң қолы кеңірдегін тас қылып қысып алған. Сол қолымен жанталасып айырмақ болады. Сестра екеуміз оң қолға қатар жармастық. Қолын қайырып кереуеттің астына апарғанда, түрі көкпеңбек болып кеткен Алма көзін ашты. Тұла бойы қалшылдап, көпке дейін өзіне-өзі келе алмады...» (бұл да сонда, 123-б).Әңгімедегі оң қол – адам жанының иіріміндегі қайшылықтың көрінісі. Егер «Қаралы сұлуда», іштегі әзәзіл сезім ағысы бірте-бірте даму үстінде суреттелсе, бұл әңгімедегі оң қол – бірден беріле салған нақты шындық – ақиқат. Оң қол – Алманың, яғни, он жеті жасар сұлу да аққу жанды нәзік, қияли қыздың ерекше тағдыр иесі екендігінің көрінісі. Алма трагедиясы сонымен қатар, адам жанының беймәлім сырларының ашылған тұсы. «Рас үлкен бақытсыздық... адамның өз денесінің өзіне жау болғаны... Әрине, үлкен бақытсыздық... Бірақ адамның өзіне-өзі жаулығы соншалық сирек оқиға ма? Сот залына барып айыпталған адамдардың қателіктерін тізіп көріңіз, бәріне де өздері кінәлі. Кісі өлтіруден бастап, ұрлық істеу, ақша жеу, арақ ішіп төбелесу, маскүнем болу, әйел зорлау, кісі балағаттау, содан кейін түрмеге түсіп, өмірін қор қылу өзіне-өзі жаулық емей, немене? Наполеонды құртқан Россия емес, ең алдымен Наполеонның өзі емес пе? Адам бойындағы әзәзілдің жаңағы оң қолдан несі кем?..» (128-б). «Оң қолдағы» Алма өз бойындағы әзәзілдің (оң қолдың) темір құрсауына шыдай алмай жантәсілім береді. Өйткені, оң қол – Алманың ықпалынан шығып, өз алдына тіршілік еткен (тұншықтыру) нақты күшке айналады. «Жоқ! – деп баж ете қалды Алма. – Жоқ, жоқ. Менікі емес... Жоқ, жоқ!»Бір жағынан Алма бейнесі – сол кезеңнің, замананың – яғни, сұлулық, ізгілік, үйлесімділік секілді қасиет-құбылыстарды өзіне қажетсіз деп танып, денесінен сығып тастаған қоғамның, өркениеттің өзін-өзі тұншықтыруы. Өркениеттің тірелген тығырығы. Ақжүрек қаламгердің сол қоғамға, заманаға берген бағасы, шығарған үкімі.Ә.Кекілбаевтің «Шыңырау» повесі - «көзін құдықта ашса да, жер астына әр түскен сайын бір жас қартайғандай болатын» құдықшы Еңсептің тағдыр-талайы туралы. Еңсептің туғалы көргені - қара жер, құдықшы кәсібі. Сондықтан, оның дүниеге деген көзқарасы кәсібінің қажетіне, кәсібінің қыр-сырына тікелей байланысты. Ол құдықшы боп есейіп, құдықшы боп өлді. Ата кәсібіне ден қойып, өмір талқысын, ризығын да содан тапты. Кемеліне келіп, ақыл-ойының толысу жолдары да кәсібінің арқасында. Соның жетегімен түрлі-түсті кезеңдерді өткерді, түрлі-түрлі сезім әуендерін бастан кешірді. Опынды да, таяқ жеді. «...Асылы адам көңілі... айдау қара жолдың үстіндегі қайыршының кетік тостағаны сияқты; өткіншілердің біреуі у тамызады, біреуі бал тамызады, өңшең у болса, әлдеқашан жер қабар едің, аз болса да, анда-санда бір тамса да, жер үсті тіршіліктің тәттілігін сездіріп, таңдайыңды татытып кететін балы бар ғой тағы да...» (Әбіш Кекілбаев, Шыңырау. Роман және повестер, А., 1982, 340-б). Ата кәсібінен қош айтысқысы да келді, сөйтіп басқа бақыт қуғысы да келді... («Адам... бақыт қуған сайын, одан соғұрлым алшақтай түсетін сияқты; бақыт қуған адамның тапқан бақытынан жоғалтқан бақыты көп болса керек... (сонда, 342-б). Одан да түңіліп, ата кәсібіне қайта оралды. Адасып-алмасып, ақыры алданышты өз кәсібінен, соның қыр-сырынан тапты. Алданыш... («Адам алдана білмесе, кеп-келте ғұмырында басынан кешіретін сан-сапат тауқымет пен азапқа бір күн де төзе алмас еді. Көңілдің қорғанышы алданыш. Адам армандаймын деп жүріп алданумен болады, алданып жүріп-ақ талайды бітіреді...» 349-б). Сол алданышы ризығын табар кәсіпке айналады. Бүткіл аймақ елі Еңсепті қадірлеп, оның өнерін құрмет тұтады. Өлке шонжарлары құдық қазуға тек Еңсепті шақырады. Ендігі жерде Еңсеп кімнің құдығын қазуды өзі біледі, өзі есептейді. Еңсеп – шебер. Шебер болғанда аймақта соңынан жан ілесе алмайтын бірінші шебер, бірінші құдықшы.Алайда, өткінші өмірдің тайқазаны да біруақ тайқаң етіп, төңкеріліп түспей ме? Жер ортасы жасқа келіп, қуаты қайта бастаған шақта Хорезмнен Қалпақ деген көшіп келіп, ел арасына соның аты жайыла бастайды. Еңсептің үйінің маңына жолай алмайтындар соны жағалайды. Аруағы асып, бай-шонжарларың да оның өнерін марапаттай бастайды. Иен далада меңіреу күй кешкен Еңсеп қарымта қайтармақ болады. Сөйтіп, Маңғыстау түбегіндегі ең терең құдықты өзі қазпақшы болады. Алғашында ата кәсібіне ризық табудың көзі деп қараған Еңсептің бойында бертін келе екінші күш, екінші Еңсеп пайда болады. Екінші Еңсеп адамдарға жақсылық әкелер қарапайым да сұлу өнерінен атақ-даңқ іздей бастайды, мақтанға, асыра сілтеу-марапатқа ден қоя бастайды. Еңсеп жеңілісінің басы осы – өнерге жат даңқ іздеген үннің оянуы. Сол үн Еңсепке Хорезмнен көшіп келген Қалпақты бақас қылады. Сол үн, Еңсептің бойындағы екінші «Мен», екінші «жан иесі» – оны түбектегі ең терең құдықты қаздыруға үгіттейді, көндіреді. Шынайы өнердің түзу де қасиетті жолынан тайдырып, даңққұмарлық, атаққұмарлық ауылына бастайды. Еңсеп жеңілісі – осыдан, осы үннен басталады. Осынау «мен-мен» үн өзегін жарып, алғаш басын қылтитқаннан басталады. Ендігі жерде Еңсептің алдында бір мақсат, ол – түбектегі ең терең құдықты қазу. Сөйтіп, Қалпақтан мерейін, абырой-атағын асыру, жер қылу, табалау. Бұл – шынайы шебердің өз жанының әзәзілдеріне (оң қолына) дес бергендігінің куәсі. Ендігі жерде қызылкөз Еңсеп дым көрмейді, ішкі әзәзілінің сыбырына еріп, жер қойнауына еніп барады, тереңдей, кеулей еніп барады. «Оның көз алдынан Қалпақтың көк орамалы желпіп өткен сияқты болды. Қалпақ мошқап күліп тұрғаны, иә аяп тұрғаны белгісіз, бұның қарсы алдында тісі ақсиып талтайып тұрып алды... (365-б). Қалпақ сөйтіп, Еңсептің екінші «Меніне» қозғау салып тұрады. Еңсеп жанталаса қимыл көрсетеді. Ол өз жанының екінші бір әзәзіл «Меніне» еріп, тұңғиыққа батып барады, батып барады. Ақ жолдан, қасиетті жолдан ауып, Ажал құшағына еніп барады.«Не де болса, ол бүкіл Үстірттің үстіндегі ең терең, ең мол шыңырау боп атағы жайылды. Бірақ, «Еңсеп қазған» емес, «Еңсеп өлген» атанып кетті. (366-б). Пенденің ішіне түскен қызғаныш, бақталастық, бақастық деген әзәзілдің араны ақыры өзін жұтып тынады.Иә, қазіргі заман – жаһандану кезеңі, әдебиеттердің, мәдениеттердің адамзат өркениеті деп аталатын тұтастыққа ұласу кезеңі. Бұл заман – Жер шары халықтарының өз-өздерін біртұтас Адамзат ретінде сезіне, түйсіне бастаған уағы. Сондықтан, қазіргі кезде әр адамның, әрбір азаматтың жүрегінің түкпірінде, ақыл-ойы, сана-сезімінің бүтінінде – адамзаттық өркениеттің бірегей бөлшектері, ұшқындары мол болғаны дұрыс.Алайда, Адам мен Жалған арасындағы қақтығыстың сырын ашатын кез келген әдеби құбылысты, образдар жүйесін – оларды дүниеге әкелген Замана құшағынан, контексінен бөлек қарастыруға болмайды.Қайткен күнде де, Замана Тұлғаға зәру. Өйткені, өркениет тұлға арқылы дамып, алға басып отырады. Ал, Тұлға мен Замананың арасындағы қақтығыс – Өркениет. Сондықтан, өркениеттің сырын – тұлғаның тағдыр-талайы, соның жан күйіндегі құрылымдардан ғана танып білуге болады.