ВЕРНУТЬСЯ

Асүйдегі қонақ үстелі. Жеміс турайтын тақтайдың үсті түрлі жеміс-жидек кесінділеріне толы. Жігітіміз ананас турап тұр. Қыз оның әр қимылын бағып, қарап қалыпты, өзі осы уақыт ішінде киімін ауыстырып үлгерген, үй киімімен отыр. Жігіттің епті қолы жемістерді оңай жайғастырып жатыр.ҚЫЗ: Сіз, менің әлгі құрбымды соншама қадалып неге сүйдіңіз?ЖІГІТ: Бұл не, қызғаныш па?ҚЫЗ: Жетпегені сол еді?!Жігіт жұмысын аяқтап, тәрелкеге мұқият туралған жеміс салатын салды. Бір қасығын Қыздың аузына тосады.ЖІГІТ: Дәмін татып көріңіз!Қыз жеп көреді.ЖІГІТ: Иә, қалай екен?ҚЫЗ: Ғажап!..ЖІГІТ: Енді ше?..Осыны айтып, ол шарап бөтелкесін қолына алады. Үстел үстінде қызыл, ақ шарап құйылған бөтелкелер. Жігіт үлкен бокалдарды алып, Қызға да, өзіне де мипаздап қызыл шарап құяды.ЖІГІТ: Ішкендер де кетті,Ішетіндер де кетеді.Ішпейтіндер, сонда,Мың жасай ма, не етеді?ҚЫЗ (жымиып, шараптан бір жұтып): Омар Хайям! Сіз, шынында да, маскүнем боп тынған екенсіз!.ЖІГІТ: Күмәніңіз болмасын! Тост! Құдайдың құдіретімен, ғайыптан тайып пайда болып, аңдаусызда қол жетпес арманға айналатын қайсыбір Әйел заты үшін! Сол ғажайып – бізге, тым құрығанда қиялымызда адал болса, оған да мәз болып, мың мәрте алғысымызды айтамыз! Кейде әдемі алданған да – бір бақыт!..Екеуі шарап құйылған бокалдарымен залға ауысады.Жігіттің көзі – жұмыс үстелінің үстіңгі жағындағы қабырғада ілулі тұрған фотосуретте. Әсем тау сілемдерінің аясында тігілген он екі қанат ақбоз үйдің алдында тұрған еркек адамның суреті.ЖІГІТ: Мынау кім?ҚЫЗ: Қайсы?ЖІГІТ: Суреттегі адам?ҚЫЗ: Ол менің әкем. Осыдан жеті жыл бұрын қайтыс болды... Ерекше адам болатын...ҚЫЗ (Сөзін жалғайды, Жігіт үнсіз тыңдап қалған): Ол мұрагер болар ұлды болуды армандапты. Содан ба, мен туғасын, анама ұлша киіндіруді бұйырған. Естір құлаққа қызық, бірақ, мен он үш жасқа келгенше өзімді ұл балаша сезінетінмін. Ұл балаша киініп, ұлдармен доп қуып, ләңгі тебетінмін, соғыс ойынын бұрқырататынмын... Алайда, күндердің бір күнінде, әкеме ет жақын достары келіп: «Көп ұзамай бұл балаң қалыңдық жасына жетеді, сонда да еркекшора боп жүре бере ме? Масқара емес пе?» – деп, ортаға ала қаужаса керек. Әкем үш күн бойы ешкіммен ләм-лим сөйлеспей теріс қарап, бүк түсіп жатып алған. Ақыры, төртінші күні тәубесіне келіп, анамды шақырып: «Жұртты жина, дастарқаныңды жай, қызымыз бой жетіп қалыпты, енді ұят болар. Аллах берген табиғатына сай әйелше киіндіріп, ақ батасын берейік», – десе керек.