ВЕРНУТЬСЯ

Қонақ қабылдайтын бөлмедегі аласа үстелде жатқан ұялы телефон шырылдады. Үстелдің жанында – тігісі әлі біте қоймаған, сары алтын түстес, өрнекті көйлек киген бір бойжеткен айнаға қарап, сәнденіп тұр. Қыз телефонның дисплейіне қарап тұтқаны алады да, бір жағынан – құлағындағы телефонмен сөйлесіп, екінші жағынан – үстелшедегі күміс білезікті алып, әлгі алдындағы манекенші бойжеткеннің білегіне тағады.ҚЫЗ: Көрмені – «Параллель немесе қатар өнген дүниелер» деп атасақ қайтеді? Менің ойымша, дүниенің бәрі – қатар өнген, параллель әлемдер. Өткен шақ та, болашақ та жоқ. Тек қана, қазір өтіп жатқан, осы шақта өніп жатқан Өмір бар. Тағдыр деген сол. Қатар, біртіндеп өнген Тіршілік... Біз күн сайын, пәни дүниенің қандай да бір маңызды, мәнді ақиқаттарының, тылсым жұмбақтарының, терең құпияларының жанынан өтіп жатамыз. Олар – қол созым жерде, бізбен қатар өмір сүріп жатыр. Кейде... сол әлемдер, құпиялар... біздермен сүйкеніп, соқтығысып жатады... Алма ағашының астында жатқан Исаак Ньютонның маңдайына құлаған алма тәрізді... Сол кезде, бір-бірімізге әсер етіп, өзгеріп, бір-бірімізді өзгертіп, дүние жанданып, дамып жатамыз... Бірақ, бәрібір... Менің ойымша, біз, бәрібір – тек өз «шекараларымызда» ғана еркінбіз, әлденеге татимыз. Өйткені, әркім өз әлемінің иесі, қожайыны ғой... Тағдырымыз қаншалықты қиын болсын, қызық болсын, бәрібір, оның жасаушысы өзіміз де, иесі – Жаратқан... Мынау дүние, тіршілік сонысымен қымбат емес пе?Ол манекенші қыздың үстіндегі көйлек пен әшекейлерді тігістерін жатқыза ыңғайлап, шақтап жатыр. Қолы абайсызда тиіп кетіп, әлгі бойжеткеннің ұзын сырғалары сыңғырлайды. Тек, басына биік сәукеле кигізгенде ғана, айна алдындағы сылқымның – ЛӘЗЗАТ екенін көреміз. Кәсіби манекенші Ләззат, киім сәнінің шебері – біздің кейіпкер Қыздың шақыруымен сән сеансына келген екен.