ВЕРНУТЬСЯ

Әлқисса, бүгінгі әңгімеміздің тиегі - қазақ әңгімелеріндегі Уақыт жүгі.Мұхтар Әуезов өзінің «Қасеннің құбылыстары» дейтін әңгімесінде – Уақыт пен Адам, уақыт болғанда замана ағысы және оның тегеурінінен ыға түссе де, бұрынғы думанды дәуренін қимай, заман ағымына жандәрмен қарсыласқан адамның халін шебер суреттейді. Заман жөнінде, аумалы-төкпелі уақыт жөнінде ірі байламдар жасайды. Әңгіменің өн бойында – басты кейіпкер Қасеннің зәре-құтын қалдырмай шошытып, көкірегінің түбінде тұнған ұры сезім, ұрымтал ойларын көпшілікке жария етіп қоятындай үнемі түксиіп, мізбақпай, сазарып, алыстан төніп тұратын тау – үлкен Алматы биігі – сол Қасеннің іштей қабылдамаса да, сырттай қолпаштайтын заманы, Уақыты.– «Ойпыр-ай, не деген, не деген биік. Көріп пе ем осыны бұрын, көрмеп пе ем? Не қылған қап-қара? Неліктен жап-жалаңаш... Бұ қай тау, жаным-ау...Тау зорайып, пішіні суып аспандап барады. Аяғының астына қарай алар емес...» (М.Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы, екінші том, 317-бет). Қасеннің алғашқы түсінде – құзына құлдыратып, ажал құшағына сіңіре жаздаған тау онымен әңгіменің соңына дейін тайталасады... «Үлкен Алматы биігі онан сайын алыстап, суый түсті. Тіпті ол емес-ау... Үлкен, берік, алып бойымен бұны басатындай боп, төне түскен сияқты...» (321-бет). Мұхаң өзі психологиялық очерк деп аталған осы әңгімесінде таудың (Үлкен Алматы биігінің) суретін әлгіндегідей қоюлатып, суық түске бояй түседі де, іле-шала сол суреттің (символдың) тікелей мәнін береді. Онысы – социалистік құрылыс, тебіндей бастаған жаңа заман. «...Күйкі, әлсіз, шатқаяқтаған жалғыздық (таудың әлгіндегі көрінісінен туған сезім – Е.А.) ойына тағы бір көрініс, тағы бір теңеу елес етті.Көп заманнан бері бұның ойына шырмауықтай оралып, қайратымен қажап өтіп, лебімен жаныштай кетіп отыратын бір сұрақ бар емес пе?Ол құрылып келе жатқан социализм жайы... Бүгін де, бұрын да ол бар нәрсе. Болмыс, ақиқат, айнала. Ол да осы биіктей (Үлкен Алматы биігіндей. - Е.А.) қырланып, соқталанып, граниттей қашалып кең, алып іргесін орнатып, өсіп келеді...Қасен тілесін-тілемесін, танысын-танымасын... ол жеңіп, бөксеріп алады. Өрлеп, зор кеудемен асып барады!– Солай ма, солай емес пе? Мен құрушыларының санында бармын ба, жоқпын ба? Ай жоқпын-ау... Сондықтан маған алыстан қарайды-ау... Шіміркентпейді, тітіркендіргендей... Мейірлі емес, қорқытады. Басатындай-ау... Құрушысына солай көрінер ме еді?.. Және не ойы, не сезімі, не қылығы болса да соған мәлім... Не қылса, бар қимыл-қозғалысымен бұл соған барып сүйкене, мәлімдене кететін сияқты...» (321-бет). Біз әңгіменің мазмұндық, символдық түпқазығын оқырман әу дегенде, тап басып тауып алсын деп, әдейі тексті толық беріп отырмыз. Өйткені осы жолдар, осы тұс Қасеннің ішкі әлемі мен заманның (Үлкен Алматы биігі – социализмнің) сыйыспас ішкі егесте екендігін барынша жалаңаштап береді. Қасен өзін ешқашан социализмнің – жаңа қоғамның құрылысшысы қатарына қосып көрген емес. Ол қайта шамасы келсе бұрынғы дәуренге, бұрынғы өмірге салғысы-ақ келіп тұрады. Бүгінгі мынау халіне... «ә, тілесін-тілемісін, танысын-танымасын... жеңіп, бөксеріп алып бара жатқан» бүгінгі заман ағысына іштей нағлет айтса да, сырты жылтырап, – алыстан ішкі сырларына қанық болғандықтан бұған түксиіп, ызғар танытып тұрған Үлкен Алматы биігіне іші қан жылап тұрса да, білдірмей күлімсірегендей болады. Қайтсін, қолдан келер дәрмен жоқ... Оның ойында бұрынғы кез «...18 жыл. Ақтың тұсы. Ояздық комитеттің бастығы боп» жүрген кез... «20 жыл қызылдың қолынан аман шықты» деп қатын-қалаш тойын жасап, айтқан малын сойып таратты-ау, осы қатын!»Одан бері де жыл сайын келуіме қарсы, бірде қасқа жорға ат, бірде құлагер ат, пай-пай, бірде ақ жол атты жаратып қойып жүрді-ау!Жаз сайын ел үстіндегі қоналқадан басқа, дәл өзінен 30-40 қозы жеп, шығындатып кетуші-ең ау...«...Туу, со кездегі кеңес өкіметі не деген жайлы деймін- ау, ә». (319-бет). Қасеннің жаңа үкіметті қабылдамауының бір себебі бар болып шықты. Оған іштей қарсылығының көзі ашылды.«...Бір кезде Қасен кеңселерге бастық болып, аяқты кердең басатын мықты да, нағыз да болған. Ол күнде әйелін үйінде күтіп ұстайтын...Енді уақыт бұл жағынан да Қасенді қағып өткен... Жәмиласы да, өзі де барса мырза, қалада жүрсе төресымақ болған болса, қазір ол ерке күйден ажырап, әлдеқандай бір жаққа қағылып, қақас болып бара жатыр...Үлкен Алматы биігі анау тұр... Бұған жылы қарамайды. Үлкен кеңсе мінекей. Бұ да Қасен деп онша елжіремейді, елемейді...  Өзіне-өзі жаны ашығандай. Жәмиланы аяғандай... (337-бет).         Уақыт тынысы, замана шындығы сөйтіп, бұрынғы дәуреншіл, сауықшыл, құлқыншыл Қасенді шетқақпай қылып, жақындатпай, жылымай, оң қабақ көрсетпей өңменінен итеріп тұр. Мұхаң заман, уақыт символы етіп тауды, тау болғанда, тау шоғырының ішіндегі ең биік – қол жеткізбес айбынды Үлкен Алматы биігін алып, шеберліктің үлгісін танытады. Өйткені, заман ағысына ілеспек түгілі, оны ынты-шынтысымен, жан-тәнімен қабылдамайтын Қасенді уақыт талабы қай жерде болмасын, кеңседе ме, далада ма, үйде ме, түзде де табандатып, тықсырып («...терезеге қарады... Үлкен Алматы биігі сыздана қарап тұр... «Жорт, жорт» дегендей...» 340-бет) алқымынан алып, мазасын қашырады. Олай болмауы мүмкін де емес. Автор біресе бүгінгісін суреттеп, біресе өткен дәуренін екшелеп, түрлі уақыт ендіктерін қабыстырып, шатыстырып, шиеленістіріп, Қасеннің ішкі жанының терең қатпарларынан сумаң ойларын, ұры тілектерін шым-шымдап шығара береді, шығара береді. Сөйтіп, оның әр басқан қадамын ғана емес, көкейін тескен сырларын да түгел әшкерелеп, көріп тұрған биік таудың – заманның алдында әшкерелей түседі. Оның екіжүзділігі ішкі ойын жасырып, сырттай жылтыраудан ғана емес, биіктен төнген Уақыт алдында көлгірсіп, жампаң қаққандығынан да көрінеді. Қасеннің іші түтін, сырты бүтін. Сондықтан Мұхаң оны ішкі суық ой, сумаң пиғылы арқылы ғана емес, сыртқы әлемге, айналаға, өз ойына қарама-қарсы өң беріп, тері жамылып, басқаша көрінуге тырысқан сұрқиялығын бейнелеп те әшкерелейді.Қасеннің інісі – Сәлімнің: – Е, бұрын кім үшін, не жайда атақты болдың?.. Мәлім! А, қазір атақты деген ат үйлессе – атақты врач қанамысың? Бұрын аға-жеңге, іні немере... Ауылға, айналаға да баса «жақсы кісі» атанам деген талабың бар сияқты еді. Бүгінде плита мен қазан-ошақ. Індегі суыр!.. Қарақан қара бастың, жаман кұлқынның «санамшылы». Айналаның ұлы жаңалық, алып туындыларының бәріне таңертеңгі шай, түстегі тамақ, сатып алған табақ, чулки, бұйым тұрғысынан қарайсың... Осының бірде-бірі туралы наразы болсаң, астау тепкілейсің, ә? Социализмді қарғап-сілейсің!» деп, шабалануы да – бүгіннің кешегіге берген үкіміндей. Әңгіменің аяқталысы Мұхаңның суреткерлік шеберлігіне ден қойғызғандай. Ұрлығының үстінен ұсталған Қасеннің көңіл-күйі – заманның тынысынан әлдеқашан оқшау қалған, «артық» адамның түрі.«...Ай жарық екен. Бір көшеден айнала бере Қасеннің тағы көзі шалды. Үлкен Алматы биігі қарап тұр. Енді тіпті суық, тіпті алыс... Ол граниттей қашалған. Соншалық күшті. Ол тағы жеңді... Жеңді». (358-бет).Мұхтар Әуезов осылайша тіршіліктегі қарапайым көріністерді, адам және заман ағысын, заман болғанда, күн сайын өрлеп, қуат алып, дүркірей еңсерген жаңа заманды бір-біріне қарама-қарсы қойып, айқастырып, салғыластырып, Уақыт жөнінде, алмағайып заман жөнінде байламдар жасайды. Уақытты, заман келбетін сол қалпында бере салмай, көркем образ арқылы айшықтай түседі. Жалпы, Мұхаңның алғашқы әңгімелеріндегі образдар жүйесі, кеңістік пен кейіпкер, жалған мен Адам, Уақыт пен адам жанының сан қилы қақтығыстарының көркем бейнеленуі, әр алуан шығармашылық әдістер – оның биік көркемдік талғамынан, терең эстетикалық мәдениетінен сыр шертеді.Ал енді, бүгінгі қазақ әңгімесінің, Мұхаңның тікелей рухани мұрагері – бүгінгі қазақ прозасының осы Уақыт категориясын игеру дәрежесі қалай? Соған келейік.Әбіш Кекілбаевтың сонау 1966 жылы шыққан «Бір шөкім бұлт» атты жинағы – автордың проза жанрындағы тырнақалдысы болғанымен, көркемдік әдістерінің молдығы жағынан әлі күнге дейін оқырман қауымды тәнті қылып келеді. Бүгінгі талабымызға орай осы жинақта «Ажар» циклімен берілген «Кек» атты әңгімесін талдамақпыз.Әңгіме Ажар атты келіншектің – қиын-қыстауда қарақан басының қамымен өзін жалғыз тастап кетіп, заманның тыншыған тұсында қайта оралған күйеуінен кек алғандығы жөнінде. Бұл әңгімедегі Уақыт жүгі – келіншектің күйеуімен кездесер, ұшырасар алдындағы өз-өзімен жан ұшырып арпалысқан демін беруде. Қысқа-қысқа бөліктерден тұратын әңгіменің құрылымы да – жүрегі алып-ұшып, ала таңда ұйқыдан тұра салысымен қара кешке дейін апыл-ғұпыл жүгірген келіншектің арпыл-тарпыл жүрісіне сай үздік-үздік келеді. Әңгімедегі Уақыт ағысы да күйеуінің келетінін біліп, соған алдын-ала дайындалған, өйтсе де «жағдайым қалай болар екен» деп іштей уайым ойлаған келіншектің бей-берекет жүрісіне сай аумалы-төкпелі болып келеді. Өткеннен ертеңге, кешегіден бүгінгіге кезек-кезек ауып, жүз түрленіп, мың құбылып, біресе тәтті сезімге бөлеп, біресе уайым алғызып, келіншектің мазасыз сезім арпалыстарын, шошыма ой ағыстарын камералық дәлдікпен санамызға сіңіре түседі. Әңгімедегі Уақыт ағысы келіншектің – Ажардың жанталасының соңынан қуғындап, түсіріп келе жатқан камераның қалт-құлт қозғалысы іспетті. Әңгімедегі Уақыттың тынысында әзәзіл мән бар. Әңгіменің басталуы-ақ, бүгінгі күннің кешегі күннен, бұрынғы күннен айырмашылығы барын паш етіп, шығарма тканіне тосын сипат беріп, оқырман ықыласын сол айырмашылықтың себебін ынтық көңілмен іздестіруге бұрады. «Жақтауына алтын жалатқан көлдей шарайна көптен бері тозаңға тұншығып, жетімсіреп тұр еді. Бүгін сүртілді-ау, әйтеуір. Өзін-өзі көп қызықтай бермейтін Ажар бүгін ұзақ таранып, ұзақ сыланды. Соңғы кезде құлпырып барады. Көбіне көп тұнжырап жүретін жанарында да жалын тіріліпті. Осы бір бейуақ оянып, оқыс лаулаған оттың шұғыласы бүкіл бетіне жайылып, албыратып жіберіпті. Денесі де өмір нәріне толы, өн бойын қуат кернеп, жұмырлана түскен...» (Әбіш Кекілбаев, Бір шөкім бұлт, «Жазушы», 1966, 82-бет). Осылайша шығарма тканіне авторлық шеберліктен туындайтын аздаған авантюра қосылып, оқушы көңілін алдағыға, бүгінгі күні ерекше күй кешкен Ажар жанының кілтипанына ентелете түседі. Одан кейінгі әңгіме сюжетінің даму барысы жол үстіндегі, әлдеқандай мақсатпен жолға шыққан әйелдің көзі арқылы өрбиді. Әлденеге асыққан әйел. Соның көзімен қарағандағы өмір. «...Өздері зорға қалқиып тұрған бейшара үйлерді ықтасын қылып бүрсеңдеп бара жатқан ши тірсек қатындар. Картоп іздейді, ет қарайды. Баяғыдай екеу-екеу бірігіп ап, өсекті бұрқыратып бара жатқан ешкім жоқ. Басқа бір дыбыс естілшесі. Жұрт бірі-біріне маңайламайды.Өңшең жалғыз-жалғыз жортып бара жатқан бір адам.Үнсіз жөңкіліс... (83-бет) Әңгіменің ішкі құрылымы динамикаға, қозғалысқа, «үнсіз жөңкіліске» негізделген. Ажардың өткені мен бүгінгісінің арасына да көңіл көпірі жедел салынып, жедел қайтады. «Үнсіз жөңкілген» келіншектің көңіл-күйіне, екіұдайы сезіміне сай аумалы-төкпелі. Сөйлемдері де қысқа. Әйел жүрісіне, асыққан әйел қадамына сай қысқа-қысқа, шорт- шорт кесіледі.«...Ораловтың әйелі көшенің арғы бетінде бара жатқанын сылтауратып амандаспай кетті... Міне, мынау баяғыда осында көшіп келгенде тұрған жатақханасы... Кіре кетсем бе екен... Мария Федоровна әбден қартайыпты... Ажар сыртқа шыққан соң Әбеннің терезесіне қарады... Мынау сол терезе. Ажардың беті қайта ду етті. Асыға басты... Ажар қайтар жолда өте асықты. Не де болса күткен күн келді... Тезірек үйге жетсе екен. Ендігі Медет те келіп қалған шығар... Жоқ, Медет келе қоймапты...» Міне, осылайша автор келіншек күйінің беймаза қалпын динамикаға, қозғалысқа толы қысқа-қысқа сөздермен көз алдыңа елестетеді. Әлденеге асыққан көңіл. Түйіні шешілмеген сезім. Жол үсті. Асыққан Уақыт. Асыққан көңілдің аптығын басып, шешілмеген сезімнің түйінін босататын да осы Уақыт. «Үнсіз жөңкіліс».Автор оқушы көңіліне бірде ысытып, бірде суытып, өз дегеніне сүйрелейді. Бұл әңгіме Уақытқа құрылған әңгіме. Уақыт ағысы біресе өткенге, біресе бүгінге, біресе ертеңге жарық жылдамдығымен ағып, келіншек көңілінің, Ажардың аумалы-төкпелі күйінің тереңіне құлдырата түседі. Сол күйді барынша ширықтыра түседі. Егер алғашында Ажар өткенін атүсті, жолүсті шолатын болса, енді бірте-бірте соған бата түседі. Бүгінгінің тізгінін кешегі иемденіп, өз тереңіне шым-шым батыра түседі. Алғашында: «...Міне, мынау баяғыда осында көшіп келгенде тұрған жатақханасы. Қызыл кірпіштен салынған екі қабат тапал үй. Сырты әлі сыланбаған. Қып-қызыл еді-ау. Қазір қоңырқай тартыпты. Мынау шеткі терезеде өзі тұрған. Дәл үстіндегі Әбеннің бөлмесі. Ана қораның ішіндегі кішкене сарай – жатақхананың вахтершасы Мария Федоровнаның баспанасы. Бәрі сол қалпында...Кіре кетсем бе екен. Бәлкім Мария Федоровна әңгіме айтар. Уақыт та тығыз ау... ә, өзі!» – секілді көңіл ағысы үстем болса, кейін Ажар өткеннің жайма-шуақ, жанға жайлы, бақыт сәулесіне мол шомылған күндерін еске алып, мұңая түседі.«...Бір рахат күн еді-ау. Алма ағаштардың жаңа гүл ашқан кезі... Иә, көктем еді.Рахатқа батып тұр еді, есік шылдыр ете қалды. Әлгі рахат елес, әлгі рахат күйдің бәрі жым болды. Кіріп келе жатқан Медет екен...» (88-бет). Ажардың бар қызығы, думанды тіршілігі өткен. Бүгінгі тірлігі – сол өткен дәуренді еске алып, ләззатқа батып тұрғанда, «шылдыр ете қалатын есік». Селт еткізер суық дүние (Медет). Қиын-қыстауда жасаған сатқындығы үшін Ажар Медеттен кек алмақ. Ажар кешегі бақыт базарын тым-тырақай қылған бүгінгіден (Медеттен) кек алмақ. Көкірегін зәудімде бір иіткен ғұмырынан, уақытынан, тағдырынан кек алмақ. «Апыр- ау, бұл сонша аңғал, сонша жұмыр түйсік емес еді ғой. Көп жігіттің алдын орап, сандарын бір-ақ соқтырған жымырлығы қайда кеткен! Ұршықтай үйіргенде бір кезде бұның өзі де иірімге түскен жапырақтай шырық үйіріліп жүре бермеп пе еді. Сол ептілік, сол елгезектікті зым-зия жоғалтып алғаны ма? Арманынан шығарып, мақсатына жеткізген соң жылпос жігіт кеше мінген елпілдек атын жүгенімен сауырға бір ұрып қоя бергені ме, кешегі айлалы аяр ақ қанжарын ортан белінен омарып, лақтырғаны ма? Бұнысы тағы қулық болып жүрмесін!..» (90-б). Әбіш Кекілбаевтың бұл әңгімесі сюжеттен гөрі уақыт ағынына, дүниені, кейіпкерді уақыт категориясы арқылы шешуге құрылған.Уақыт – адамның өзін-өзі танып-білуіндегі, дүниені рухани тұрғыда игеруіндегі шешуші категория. Тек қана бүтін халықтың, әлеуметтің ғана тарихы болмайды, сонымен қатар, жеке адамның да қалыптасу, өсіп-өну тарихы болады. Ә.Кекілбаевтың әңгімесі соған үндейді. Бұл – алпамсадай дүркіндіктің, гигантоманияның, ірі өлшемдердің үстем боп тұрған кезі үшін (шығарма 1966 жылы басылған), әсіресе, тоқырау заманы үшін – баға жетпес творчестволық һәм азаматтық ізденіс еді. Жеке адам мүддесін, ой-арманын гигантомияға мансұқ еткен заман ағысын сөйтіп, іштей қаусату еді. Жеке адам трагедиясын, қиюы келіспеген жеке адамның тағдырын суреттеу арқылы – бүкіл дүниелік, заманалық иллюзияны сынау, «сырты бүтін, іші түтін» қоғамның моральдық кодексін іштей талқандаумен парапар еді. Сөйтіп, алдыңғы қатарға – М.Шолоховтың «Адам тағдырындағы» сияқты, жеке адамның тағдырының бұзылғандығы – дүниенің бұзылғандығы, жалпы үйлесімділік атаулының (гармонияның) құрығандығы екендігін паш етіп, адамның адамдығын шығаруға талпыну еді. Сондықтан, Ажардың Медеттен алған кегін, – адамдық бақытын мансұқ еткен заманнан алған кегі деп түсінген жөн.Бүгінде қазақ әңгімесінің тағдыр-талайы, тақымының бүрі жөнінде қилы-қилы, алыпқашпа сөздер ауа кезіп жүр. Алайда, классикалық қазақ әңгімелеріне жан-жақты талдау жасап, оның рухани, эстетикалық көкжиегін анықтап, шама келсе, бүгінгі қазақ әңгімесіне тың өріс, оталмаған жайлау ашып беру – қай заманға да лайықты іс.Мұхтар Мағауинның «Шаңқасын» алайық. «Шаңқа» бар болғаны 5-6 беттен тұрады. Бірақ мағыналық жүгі жағынан ауқымды. Аялдамада трамвай күтіп тұрған Мағжан ойда-жоқта бейтаныс күшікті кезіктіреді... «Аяқтары жуан, кеудесі тырсиған қара ауыз сұр күшік жанына барған Мағжаннан қорықпады. «Бұл кім өзі?» дегендей, шекесінен қарады да, сол қимылсыз қалпында отыра берді.– Кел, дос болайық! – деді Мағжан қолын ұсынып. - Мен Мағжанмын. Күшік цирктегі иттерше қолын бермеді. Үндемеді. Тағы не айтар екен деп күтіп тұр...» (Мұхтар Мағауин. Бір атаның балалары, А., 1974, 57-б.) Аялдаманың жанындағы «көк төбелі үйдің» кішкентай тұрғынымен балапан Мағжан осылай танысады. Алғашында «күшік тыпырлап, аласұрып, қыңсылап, Мағжанның қолынан сырғып түсіп» кетсе, келе-келе екеуі үлкен досқа айналды. Алғашқы салқын таныстықтан кейінгі екеуінің келесі күні табысуы да қызықты. «Ертеңіне кешқұрым бақшадан шығып, трамвай аялдамасына жетісімен-ақ Мағжан апасын тастай сала күшікті іздейді. Көкшіл сырмен боялған биік тақтай дуал меңірейе қалған. Үлкен қақпа да тарс жабық... Әйткенмен де Мағжан қоршаудың түбіне кеп тұрды. Сол сәтінде-ақ әлдененің тақтайды тырнағанын естіді.– Шаңқа!Аула ішінен қыңсылаған дауыс шықты. Күшік!.. Сығылыстыра шегелеген ұзын тақтайлардын бірінің етегі кетік екен... Тек сыртынан жұқа қаңылтыр шегеленіпті... Әрі кетпектей таспен бастырып қойыпты. Мағжан тасты орнынан жылжытты да, саңылауға қолын тығып, қаңылтырды ептеп тартып көрді. Үстіндегі жалғыз-ақ шегеге ілініп тұр екен, бір бүйіріне сырғып ашылды, құдды есік сияқты.Күшік арсалаңдап, Мағжанға жабыса кетгі... (58-59 бет). Кішкентай Мағжан мен Шаңқаның арасындағы достық осылайша ұлғая береді.«Осыдан былай Мағжан мен Күшік екеуі күн сайын кездесуді әдетке айналдырды. Бақшада түстік пен кешкі астың аралығында сәскелік беріледі. Компот я айран. Оған қоса прәндік, немесе тоқаш. Мағжан өзіне тиесілі сыбағасын жемей, қалтасына салып алады да, күшігіне әкеп береді... күшік те әбден дәндеп алды. Күнде кешғүрым, Мағжан келер шамада сыртқа шығар қуысының аузында күтіп отырады. Тәттіні қолдан жейді. Содан соң рахмет, тойдым дегендей, Мағжанның бет-аузын жалауға кіріседі...» (59-б). Автор бала мен күшіктің арасындағы достықты шынайы суреттеп, оқырман көңілін жайма-шуақ, сәулелі сезімге бағыштайды. Бұл-дағы саналы творчестволық әдіс екендігіне бірте-бірте ден қоясың. Қып-қысқа әңгімедегі сюжет желісінің даму үрдісі де бірқалыпты, сырттай баяу. Бірақ ішкі құрылымы шалт-шұлт қимылға, уақыт ағынына (бір күн мен екінші күннің арасы, трамвай күту мен күшікпен ойнаудың арасы), динамизмге толы. Бәрі де (сюжет дамуы, уақыт ағысы, сөйлем тіркесі, сөз жүйесі) бастапқы ойға бағынулы, артық сөз, екпін, бояу жоқ.Әлқисса, арада үш-төрт апта өткен соң Мағжан ауырып қалады да, екі ай ауруханада емделіп, одан шыққан соң көкесі мен апасына еріп Қырымға барып демалып келеді. Әңгіменің шарықтау шегі, бойындағы ұйыған бар мағыналық запыранды ақтарар жері - демалыстан қайтып келіп, баяғы Шаңқасына, ет-бауыр елжірете ойнақтайтын күшігіне алма алып (үлке-е-ен! алма) келген Мағжанның сезім төңкерісін бастан кешірер кез. Мағауин осы бір кездесуді үлкен шеберлікпен бере білген.«Бәрі бәз баяғыша. Қайқая көтеріліп барып, дөңестен асып жоғалатын тар көше де, көшедегі иін тірескен биік теректер де. Үй де, аула да. Көк дуал да сол қалпында. Тек күн қақтаған соң сыры жарылып, қабыршықтанып кетіпті. Бірақ кірпіштің үлкендігіндей сұрғылт тас өз орнында тұр.Мағжан алманы қолтығына қысып, екі қолын босатып алды да, тасты жылжытты. Қаңылтыр да оңай сырғыды.– Шаңқа! Мен келдім!Күшік көрінбейді Ешқандай дыбыс та шықпады. Мағжан қуысқа аузын тақап тұрып, қаттырақ айқайлады.– Шаңқа. Мен жазылып келдім. Саған алма әкелдім!Кенет аула ішінде әлдене қараң ете түсті. Іле «ар-р» еткен үн естілді. Мағжан еріксіз кейін серпілген. Сол сәтінде-ақ тесіктен екі езуіндегі екі тістері ақсиған, көздері қанталаған қабаған иттің басы қылтиды. Ырылдап тұра-тұра ұмтылады. Бір жақсысы тар тесіктен шығып кете алмады...» (59-60 бб.). «Апасы күшігің ешқайда да кеткен жоқ, сен көрмеген төрт-бес ай ішінде өсіп, үлкен овчарка болды» деді. Өзін қауып ала жаздаған қорқынышты ит - сол Шаңқа екен. Хайуанат атаулы, жан иесі мақұлық атаулы бала кезінде, кішкентай кезінде сүйкімді, әдемі көрінеді, өсе келе бәрі де бұзылады, бәрі де жаман боп кетеді-мыс... (61-б.) Міне, бар болғаны «төрт-бес ай» бүкіл бала өмірін, осы дүниеге деген бала сезімін шайқалтып, өзі түсінбес, өзі нанбас (...Мағжан бұл сөздердің ешқайсысына да сенбейді...») басқа, беймәлім дүниенің, бөтен заңдылықтың бар екендігін байқатады.Әңгіменің бар эстетикалық жүгін көтеріп тұрған түпқазық – осы «төрт-бес ай!» Төрт-бес ай бала сенімінің тұнығын шайқалтады. Төрт-бес айда – бала-күшік гүжілдеген қасқа овчаркаға айналып, бала Мағжанға тап-тап береді. Төрт-бес ай – баланың қабырғасына батыра бір шындықты мойындатады. Ол шындық есею шындығы! Есею – бала кездегі қатпаған бұғананың қатайып, жым-жылас, күшік жүннің күжірейіп, нәзіктеу тістердің қасқаланып, азуға айналып, айнала дүниеге, Мағжанға айбат шегу шындығы. Балапан кездегі бей-жай, мамыражай Заманның келмеске кетіп, әлдеқандай себептерге байланысты күшік-ғұмырдың булығып, долданып, өршелене үрген, абалаған кезеңінің келуі. «Төрт-бес ай» балдәурен шақ пен есеюдің арасындағы көпір. Метафора.