ВЕРНУТЬСЯ

(Шығармашылық портрет)Таусылып бітпейтін қара жол. Сол жолмен дүние кезген қара жаяу. Қара жаяу – түрмеден босап, еліне қайтқан күй атасы – Құрманғазы. «Тар қамаудан мынандай бостанға шыққан кісінің көңілі өсіп шыға келеді екен... Көкірегіне сағыныш ұйып, ылғи мең-зең күйде жүр еді. Одан осы бостанға шыққан соң ғана айықты... Қоңыр дала, одан да қоңыр отар-отар қой, қапелімде қой ішінен қоңырайып көзіне түсе қоймайтын момын қойшы. Сергімейтін, серпілмейтін сартап тіршілік. Қоңыр далада құлақ елеңдетер үн мен әуез де сарқылғандай. Анда-санда бір есетін қыр самалы да талықсып, таусылып есетін. Сонда бұның көкірегін ашуға булыққан арсы-күрсі күй буатын. Елден осынша іргесін шеттетіп, ізіне аңдушы түсірген де сол күйлер еді...» (Әбіш Кекілбаев. «Бір шөкім бұлт», «Жазушы», 1966, 102-бет). Бұл – Ә.Кекілбаевтың тұңғыш проза жинағына енген шағын ғана «Аш бөрі» әңгімесінен үзінді.Жалпы, адам тіршілігінің ең соңғы (ақырғы), түпкі де түпкілікті ақиқаттарының шеңберінде, тек сол «шекаралық» ендіктерде ғана қоныс тебетін Ұлылық атаулы мен оған пейіл-мейірімін бермей сазара түсер, ықпал бермей жағаласа түсер күнделікті де қарабайыр тіршілік ағысының арасындағы мәңгі бітпейтін ұлы итжығыс-текетірес – Әбекеңнің басым шығармаларындағы басты арқау болса керек.Жиырма алты жастағы жазушының әлгі шығармасын одан әрі талдап көрелікші.Әлқисса, күйші (Құрманғазы)... «жаны осынау «сергімейтін, серпілмейтін сартап тіршіліктен» қажып, онымен күнделікті бетпе-беттен тауы шағылып, құз-қияны кезіп, қаңғып кетеді екен. Сөйтсек, күйшінің үстемшіл, ойран-асыр көңіл күйі осынау мүлгіген, мимырт тіршіліктің мізбақбастығынан запы болып, қалауын таппай қан жылаулы екен. Күйші жаны осы «сартап тіршіліктен» әлдеқайда безіп, шығандап, Жалғыздық атты өмірдің ең бір қасиетті де, қандыауыз ауруына шалдығып, содан құтыла алмай, шыр көбелек айналып, жындыкөбелекше қанаты отқа күюлі екен. Оның ішкі күйінің, жалғыздықтан жапа шеккен ішкі үнінің айқайы, шыңғыруы да кісінеуі – құдіретті күйлері – осынау дүниеге беки алмай, боталы аруанадай боздаған жанының жарықшақтары екен. Күйші жаны алғашқыда самарқау әлемнің бір селт етпесі бар ма деп алданса, тұлдыр далаға шыққан соң өзінің тұлдай жалаңаш-жалғыздығын сезіп, ескі жаралар сыздап қоя береді. Сөйтсе, өгей дүниенің мейірім емшегін іздеу бекершілік екен. Ол әлдеқашан суалып, тас боп қатқан екен... Ол жалғыз екен.Күйші көкірегінде күмбірлеген бүгінгі «делебеңді қоздырмайтын... байсалды әуез» – сол тоң-торыс, жатбауыр, өгей өмірдің емшегінен тамған кермек дәм-уызы, әлемнің салқын да салғырт самарқаулығының өн бойынан туындаған күй-сыры, соған қарсы айтылған дауы болса керек.Жалпы даналықтың, Ұлылықтың сыры осында жатқан болса керек. Небір адами, мізбақпас заңдылықтар тұнған сартап тіршіліктің өн бойынан, қала берді, мынау күннен күнге ұзарған бірсарынды, мысы басым тіршілік ағынынан, осы адамағыс, осы жер табанынан өсіп-өніп, - бірақ, сол өлшемдерге кереғар ақиқаттар тауып, сөйтіп, мәңгілікке жол тартатын қайсыбір Тұлғалар тағдыры – тек жұлдыздар, Көк тәңірі ғана маңдайға жазар «құс жолдары-ау», шамасы... Қайткен күнде де, Уақыт атаулы ұлы сыншының сағын – алқам-салқам ала тобыр емес, ғарыш кеңістігінде жалғыз жортып, салт жоғалатын жалқы жаяулар ғана сындырары сөзсіз.Әйтпесе ше, осы күні өзіміз күстаналап жүрген сонау тоқырау кезеңінің қаймағы бұзылмай тұрған шағында – өткен ғасырдың 60-жылдары – шынайы Суреткер жүрегі (Күйші) мен айнала әлем, – мызғымас, қоңырқай сартап тіршіліктің арасындағы дисгармонияны, үйлесімсіздікті айдай әлемге жария ету; сөйтіп, болмыстың жүгенсіздеу, кемшін табиғатын жырлау, сол арқылы оны іштей қаусату, талқандау – даналықтан ұшқындайтын шығармашылық ерлік болса керек.Жалпы, ірі суреткерлердің қай-қайсысы болмасын, дүниеге, өз уақытына деген көзқарасын беллетристикалық фактілердің нөпірімен емес, қайсыбір кейіпкерлерінің тағдыры арқылы, солардың ой-арманы, тіршілік мұраты арқылы айқындап жүргендігі белгілі. Кезінде, 20-ғасырдың 50-жылдарының басында Ж.П.Сартрдың әйгілі «Тошнота» романы дүниеге келген кезде, – алғашында теріс қабылдаған жұрт соңынан шығарма иесіне табынбап па еді? Әйгілі француз сол шығармасымен – адам өмірінің мәнін, тіршіліктің тылсым зандылықтарының сырын – айнала дүниеден емес, қоршаған ортадан емес, адамның өз ішінен, өз табиғатынан іздеп, әлем назарын жаңа бағытқа бұрмап па еді?Ал, Нобель сыйлығының лауреаты Альбер Камю өз шығармаларында – адамның күнделікті өмір ағынынан «шығып қалып», өркениет тканінің құрамдас бөлігі болу былай тұрсын, «өз-өзінен аластап», өз болмысынан ажырап қалған қалпын суреттеп, бүкіл Батыс өркениетінің 20-ғасырда тірелген рухани дағдарысын алдын ала болжап кеткен жоқ па?Немесе, Ш.Айтматов. Естеріңізде болар, атышулы тоқырау жылдарының өзегінде – бүкіл қоғам болып табынған, жарты әлемді жаулап, ең соңында өліспей беріспейтін қас жауының қақ төрінде (Берлин қаласында) – ұлы Жеңістің құдіретті белгісіндей болып, мүсін-символға айналған Кеңес солдатының (жауынгерінің) образы ше? Сол монументалды образ – қай-қайсымыздың да, тіпті, еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін, жүрегіміздің түкпірінде – ұлы Жеңістің, бейбітішіліктің, қаһармандықтың құдіретті де мызғымас символындай боп ұялаған жоқ па еді?Ал, Айтматов не істеді? «Жәмиләсында» – қан майданның аһ ұрған от жалын көрігінде жан беріп, жан алысқан сол Кеңес жауынгерінің қалыңдығын – тылдағы құлай сүйген басқа бір жанға қосып, қашырып жібермей ме?Егер, қылышынан қан тамып тұрған қиянпұрыс идеологияның тұрғысынан қарайтын болсақ, барып тұрған қылмыс деген осы болады. Ал, адам тіршілігіне қайсыбір мәңгілік категориялардың тұрғысынан қарайтын болсақ, нағыз суреткерлік ерлік, даналық деген осы болып шығады. Адамның ең алдымен адамдығын айту, тоталитарлық жүйе тұсында да оның сүюге, жүрек қалауымен өз тағдырын өзі таңдай білуіне хақылы екендігін жырлау, сөйтіп, алдыңғы қатарға жоғары мәртебелі Адамды шығару, адамның жоғалған рухани позицияларын қайтаруға ұмтылу – қалыптасқан қоғамдық клишелерді, методологиялық фетиштерді іштен, идеологиялық жағынан талқандаудың биік үлгісі болып шықпай ма?Осы тұрғыдан келгенде, Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі де – ғажап суреткерлік ерліктің, дана болжампаздықтың үлгісі ретінде, жоғарыда аталған шығармалардың шоғырынан орын алатыны сөзсіз. Оны да талдап көрелік.«Шыңыраудың» басты кейіпкері – Еңсептің туғалы көргені – қара жер, құдықшы кәсібі. Ол құдықшы болып есейіп, құдықшы болып өлді. Ата кәсібіне ертеден ден қойып, ол өмір талқысын, тіршілік ризығын да содан тапты. Бүткіл аймақ Еңсепті қадірлеп, оның құдықшылық өнерін құрмет тұтады. Өлке шонжарлары құдық қазуға тек Еңсепті шақырады. Қазған еңбегіне қояр ақысы аздары Еңсептің үйінің маңына да жолай алмайды. Еңсеп – шебер. Шебер болғанда, аймақта соңынан жан ілесе алмайтын бірінші шебер, бірінші құдықшы. Алайда, жер ортасы жасқа келіп, қуаты қайта бастаған шақта Хорезмнен Қалпақ деген көшіп келіп, ел арасында соның аты жайыла бастайды. Еңсептің үйінің маңайына жолай алмайтындар соны жағалайды. Аруағы асып, бай-шонжарларың да соның өнерін марапаттай бастайды. Иен далада меңіреу күй кешкен Еңсеп қарымта қайтармақ болады. Сөйтіп, Маңғыстау түбегіндегі ең терең құдықты өзі қазбақшы болады. Алғашында ата кәсібіне ризық табудың көзі деп қараған Еңсептің бойында бертін келе екінші күш, екінші Еңсеп пайда болады. Екінші Еңсеп адамдарға жақсылық әкелер қарапайым да сұлу өнерінен атақ, даңқ іздей бастайды, мақтанға, асыра сілтеу-марапатқа ден қоя бастайды, Еңсеп жеңілісінің басы осы – шынайы өнерден жат даңқ іздеген үннің оянуы. Сол үн Еңсепке Хорезмнен көшіп келген Қалпақты бақас қылады. Сол үн, Еңсептің бойындағы екінші «Мен», екінші жан иесі – оны түбектегі ең терең құдықты қаздыруға үгіттейді, көндіреді. Шынайы өнердің түзу де қасиетті жолынан тайдырады. Еңсеп жеңілісі – осыдан басталады. Ендігі жерде Еңсептің алдында бір мақсат – ол түбектегі ең терең құдықты қазу. Сөйтіп, Қалпақтан мерейін асыру, жер қылу, табалау. Бұл – шын шебердің өз ішіндегі әзәзілдерге дес бергендігінің куәсі. Пенденің ішіне түскен қызғаныш отының әзәзіл жалындары ақыры оның өзін қылғытып жұтып тынды. «Не де болса, ол бүкіл Үстірттің үстіндегі ең терең, ең мол шыңырау болып атағы жайылды. Бірақ, «Еңсеп қазған емес, «Еңсеп өлген» атанып кетті» деп бітіреді әңгімесін жазушы.Мынау, бүгінгі, жариялылыққа рұқсат берілген алмағайып заманда, біз тіліміздің, діліміздің жойылып, қасиетіміздің азайып бара жатқандығын, ұлттық мінезімізге құрт түсіп, ата-бабамыздың салт-дәстүр, жол-жоралғыларын аяққа таптап жүргендігімізді көп айтып, көл-көсір жазып жүрміз. Ал, Кекілбаев сонау тоқырау заманының бел ортасында жүріп-ақ, адамның өз тұлғасын, өз үнін, төл келбетін, кесек мінезін, қайталанбас болмыс-табиғатын жоғалтуы, сөйтіп, тарих алаңынан құрдым кетуі – оның өз ата-кәсіп, ана салтына деген ниетінің бұзылуынан басталатындығын жырлайды, қарапайым аңызбен соны сыр қылып айтады. Адам тұлғасының, олай болса, – ұлт табиғатының екіұдай саққа ыдырап, дар айрыла екіге жыртылып, қалбалаң күйде шыңырауға құлайтындығының да себебін сол бұзылған ниеттен, қасаң қағидалардан іздейді. Ақылгөй даналықтың да, суреткерлік болжампаздықтың да салмақты үлгісі емес пе, бұл?..