ВЕРНУТЬСЯ

(«Мың бір түннің» желісімен)Екі бөлімді әфсанаНЕГІЗГІ КЕЙІПКЕРЛЕР:ӘбілқасанМосыл саудагері-әміршіӘбілқасанның шешесі Умм-Әбілқасан Бас құл Масрұр Жындыхана басшысы Бас уәзір ЖафарКөршілер, жендет, сарай қызметкерлері, құл мен күң, хор қыздарыІ-бөлімТаңсәрі. Тек «Мың бір түнде» ғана кездесетін сәулетті, сән-салтанатқа толы хан сарайы. Әсемдігі бір-бірінен өтер, көздің жауын алатын бөлмелер. Қақ ортасында жатын бөлме, төрде – алпамсадай, ақ мамық кереует. Үлде мен бүлдеге оранған Әбілқасан мазасыз ұйқыдан дөңбекшіп жатыр. Түксірейген құл-құтан, әлем-жәлем қыз-қырқын, ұсынықты сарай қызметкерлері, күтушілер кереуетті айнала қоршай, Әміршінің оянуын күтіп, сілейіп қалған. Қандай болмасын тілегін орындауға даяр, сақадай-сай тұр.Әбілқасан дөңбекшіп жатып, кереуеттен құлап кетті. Ұйқылы ояу тұрып, төсегіне қайтадан жата бере... сілейіп қалды... Жан-жағына қарап, аң-таң. Бір уақыт көзі алақ-жұлақ етіп, аңтарылып отырды да, жалма-жан көрпесіне жүзін жасырды.Бас кұл. (кереуетке жақындай түсіп) – О, Алланың сүйіктісі, күллі әлемнің жарылқаушысы, исі мұсылман падишағы! О, әміршім! Түн қайтып, күн оянды. Орныңнан тұр, оян! Таңғы намаздың алдында беті-қолыңды шайып ал!Әбілқасан. (басын шығарып) – Бұл не сұмдық! Түсім бе, өңім бе? Мынау не тантып тұр? Падишасы несі, әй? Әмірші кім? (Өз-өзімен сөйлесіп отыр). Есімнен адасқаннан саумын ба? Мынау салтанат, осыншама құл мен күң, тек әмірші сарайына жараспай ма? Сонда мен... Мына мен... Үстімдегі киімім... Япырмау, мынадай үлде мен бүлдеге тек әмірші ғана оранбай ма? Астапыралла! Мен, мен – әміршімін бе? Қой, ақылымнан алжаспайын... Тал шыбықтай бұралған мына қыздардың сұлуын-ай... Хор қызы деген осы ма екен? Әй, Әбілқасан, есің барда, елің тап... Пах-пах, мынау салтанат, мынау хор қыздары... Ғажап. Маған арналған ба?Бас құл. – О, Алланың сүйіктісі, күллі әлемнің жарылқаушысы, исі мұсылман падишағы! О, әміршім! Таң атты. Тұрсаңшы, енді. Бұрын-соңды таңғы намазды жібермеуші едің... Шайынып ал.Әбілқасан. – О, Алла, үмбетіңе жіберген бұл қай мазағың? Түсім бе, өңім бе? (Қайта-қайта көзін уқалап, сілейіп отыр. Жан-жағына қарап, осыншама ғажайып, ертегі әлемге сенер-сенбесін білмей, қиналып отыр. Бір мезгілде айналадағысының шындық екеніне сене бастағандай болды. Содан соң, қарқылдап күлді-ай. Әміршісімен қоса тұрғандар да ішек-сілесі қатып, қайсыбіреулері тіпті, жер домалап, ой-хой, күлкіге басты. Сол-ақ екен, даңғыр-даңғыр сарай тірлігі басталып кетті. Хор қыздары түске де кірмейтін сырлы, сазды аспаптарды алып ап, әсем әуен құйқылжытты).Әбілқасан. – О, Алла, жазғаныңа құлдық! Түсім емес, өңім болса керек. Мынау - хан сарайы, мынау хор қыздары... Бәрі, бәрі мен үшін жаратылған.Бас құл. – О, әміршім! Таңғы намазды жібергеніңді бұрын-соңды көрмеп ем... Өңің сынық секілді. Сырқаттанып қалғаннан саумысың? Әлде, түні бойы ұйықтай алмай шықтың ба? Күнделікті мәслихаттың уақыты таяп қалды. Бүкіл халқың – әмір-уәзірлерің, әулетті мен дәулеттілерің, қонақтарың қол қусырып өзіңді күтуде. Сенің салауаттылығың үшін Алланың атына мың-сан алғыстарын жаудырып, кезекті үкіміңді, қажетті жарлығыңды тағатсыздана тосып отыр!Әбілқасан. (Бас құлға) – Бұл не жұмбақ? «Исі мұсылман падишағы» деп сен кімді атап тұрсың? Мен сені бұрын-соңды көрген емеспін. Маған деген мынау сый-сыяпаттың сыры неде?(Сахнаның түпкірінен сықылықтаған күлкі естіледі. Аяр күлкі).Бас кұл. – О, күллі мұсылман падишағы! Мұндар кұлыңмен осыншама қалжыңдағаның қалай? Әлде сынап отырмысың? Сен –  менің әміршім емессің бе? Күллі мұсылман падишағы – Алланың сүйікті ұлы, жердегі үмбеті, батыс пен шығыстың иесі, қасиетті әл-Аббастың кіндігінен тараған бесінші билеуші – Харун ар-Рашид емеспісің сен? Бір зымиян құлағыңа мен жөнінде жамандық сыбырлап қойып, содан құтылайын деп әдейі танымай отырсың ба? Өзіңмен бірге жасасқан азғана ғұмырымда мұндай әңгімені сенің аузыңнан естімеп ем... Әйтсе де, жамандыққа жүрегім қимайды. Мүмкін жайсыз жатып, мазасыз түс көрген шығарсың. О, әміршім?(Әбілқасан мұны ести салысымен – жер тепкілеп күлді-ай дейсің. Оған сахнаның түкпіріндегі әлдебіреудің сықылық күлкісі, құл-күтан, қыз-қырқынның күлкісі қосылып, хан сарайы селкілдеді).Әбілқасан. (Бала құлды шақырып алып) – Ал, балақан, айта ғой, мен кіммін?Бала кұл. – О, Әміршім менің! Күллі мұсылман әлемінің шамшырағы, Алланың үмбеті, барша жер мен судың иесі, құдіретті билеушім, жасай бер!Әбілқасан. – Қаршадай болып, өтірікке үйірсегін қарай гөр. Бар, қане! Хор қызы сен бері кел. (Саусағын ұсынып). Саусағымды тістеп кеп алшы. Мынау дүниенің шын екендігіне сенейін.(Хор қызы Әбілқасанның саусағын қырш етіп тістеп алады).Әбілқасан. – Ай-ай. Ауырттың ғой. Е-хе, дегенмен, түсім емес, өңім секілді. Әбілқасан, әмірші болу үш ұйықтасаң түсіңе кірді ме екен? Оқта-текте «бір ғана сәт әмірші болсам, шіркін» деп қиялдағаның болмаса... Хи-хи, «әмірші болсам, ең алдымен мешіттің имамын, содан соң, махалламыздың төрт қарақшысы – халыққа күндіз-түні тыным бермей, дүрліктіріп жүрген төрт күзетшіні қыл арқанға қосақтап, дүйім әулеттің алдында масқаралар едім» деп қиялдаушы едің ғой. Ал, көр, енді, әмірші тірлігіңнің қандай екенін. О, Алла, тәубе! Жазғаныңа шүкір... Байқа, байқа Әбілқасан! Басың айналып, бақ-дәулетті көтере алмай қалсаң... Әміршімін дейсің, қазір мынау мұндар құл, бұрыла беріп, мазақтап күлсе қайтесің?(Сахнаның түпкірінен шыққан манағы күлкі тағы күшейді. Әбілқасан сарай қызметшілерінің егделеу біреуін шақырады).Әбілқасан. – Ұсқыныңа қарағанда – ақыл тоқтатқан, оңды-солыңды таныған адам сықылдысын, сен айтшы, мен кіммін?Сарай қызметшісі. – Сен біздің әмірші, күллі мұсылман әлемнің шамшырағы – Алланың сүйікті үмбеті, бүкіл шығыс пен батыстың иесі...Әбілқасан. – Жә, жетер. Тоқтат! Оңбаған. Сақалды басыңмен сен де өтірікке үйір ме ең? (Бас құл келеді).Бас құл. – О, Әміршім менің, мәслихатқа жұрт түгел жиналды. Өзіңді күтіп отыр.(Әбілқасан жылы шырай білдірген соң, бас құл оны қолтықтап кереуеттен түсірді. Айналадағы жұрттың бәрі жапырлай отыра қалып, әмірші басар жерді сүйіп жатыр).Бәрі. – Қайырлы таң, о әмірші! Күллі мұсылман әлемінің шамшырағы, жаса, жасай бер!Әбілқасан. – Алла-ай, кеше ғана қарапайым көп мұндардың бірі – Әбілқасан едім. ...Бүгін, бүгін – мен әміршімін. (Ыбыл-жыбыл құл-күтан, әлем-жәлем қыз-қырқын, ұсынықты сарай қызметшілері Әбілқасанды қаумалап жуындырып, киіндіріп әлек. Болған соң бәрі қаздай тізіліп, оның алдына түсіп алды да, көрші бөлмеге мәслихатқа шығарып салды. Сөйтті де, барлығы бірдей алдындағы жерді сүйіп, шығып кетті).Бас уәзір Жафар кірді.Жафар. – О, күллі мұсылман әлемінің падишағы! Уәзірлерің, қолбасшыларың, басқа да сыйлы пенделерің әміріңді күтіп, есіктің алдында тосып тұр. (Иіліп, жерді сүйді).Әбілқасан. (Бас құлға) – Кірсін!Жафар Әбілқасанның оң жағына жайғасады. Бас құл мәслихатты күтіп тұрғандарды шақырды. Үлкен бөлме бірте-бірте адамдармен лық толады. Кілең апайтөс, ығай мен сығай. Әбілқасан қала күзетшілерінің басшысы – Уәлиді көріп қалды да, Жафарға оны шақыртып алдырады.Әбілқасан. – Жафар, менің Уәлиде шаруам бар, адамдарымен бірге алдыма келсін.(Уәли бір топ адамдарымен жетіп келеді. Бәрі әміршінің алдындағы жерді сүйіп, тағзым етіп жатыр).Уәли. – О, әміршім! Құзырыңа құлдық! Не бұйырсаң да дайынмын.Әбілқасан. – Мен бұрынғы тұрған көшені білесің ғой? Жоқ, жоқ, анау мешіт орналасқан көше бар емес пе? Сол көшенің төрт күзетшісін, содан соң сол мешіттің имамын тез алдыма жеткіз.Уәли. – Ләппай, тақсыр!(Уәли жасағымен шығып кетті де, лезде әлгі айтқандарды алып келеді).Уәли. – О, күллі мұсылман әлемнің падишағы! Айтқаныңды екі етпей, мына пенделеріңді алдыңа алып келдім.Әбілқасан. – Олай болса, әлеумет менің жарлығымды тыңда! (Орнынан тұрады). Мынау бес мұндардың әрқайсысына жұрт алдында піл құйрығымен төрт жүз дүре соғылсын! Содан соң, бес түйеге теріс қарап отырғызылып, түйенің құйрығын ұстатып, қала халқының алдында масқаралансын. Қайда барса да, алдарында жаршы түсіп: «Міне, халайық, кімде-кім мезгілсіз елді дүрліктіріп, бір-біріне айдап салып шағыстырып, тыным бермейтін болса, осылардың кебін киеді» деп жар салсын! Масқаралап болған соң, сен Уәли, бесеуін де қаладан аластат. Егер осы айтқанымды табан астында істемесең, өз обалың өзіңе, басыңды аламын!Уәли. – О, әміршім! Құзырыңа құлдық! (Тоңқаңдап ала жөнелді). Қане, тексіз құлдар, жүріңдер. Күндерің бітті, жандарыңмен қош айтыса беріңдер.Әбілқасан. (өзіне-өзі) – Міне, Әбілқасан, Алланың әмірімен өз дегеніңе жеттің. Жафар! Тез барып қазынадан бес жүз динар алып кел. Содан кейін жаңағы мен айтқан көшеде Умм-Әбілқасан атты кемпір бар, соны тауып ал да, қолына ұстат. Кемпірдің баласы – Әбілқасан деген өз ортасына белгілі адам болған, кімнен сұрасаң да, жөн сілтейді. Тауып ал да, өз қолыңмен тапсыр.(Бас құл мәслихаттың аяқталғандығын білдіріп, екі қолын сарт еткізіп, шапалақ ұрды. Отырғандар орындарынан тұрып, иіліп тағзым ете, шығып жатыр. Бас құл Әбілқасанды қолтықтап, ас дайындалған бөлмеге әкелді. Манағы құл-құтан, қыз-қырқын, сарай қызметшілері қайта жиналып, Әбілқасанға қызмет етіп жатыр. Хор қыздары қолдарына әсем сазды аспаптарын алып, ғажайып әуенмен мың бұралып билеп, күтушілер аузына ас салып, Әбілқасан балқып отыр).Әбілқасан. – Алла, бергеніңе шүкір! Кеше ғана біреу білсе, біреу білмейтін – дәулеті де орта, атақ-даңқы да орта, қарапайым Әбілқасан едім. Бүгін ше? Осыншама ғажайып, сырлы әлемнің түс болуы мүмкін емес. Аспан асты, жер үстіндегі жалғыз әмірші болса, ол бүгін мен. Менен басқа әміршінің болуы мүмкін емес. Мынау ертегі әлем қаншалықты шын болса, менің әмірші екендігім де соншалықты шын.(Әбілқасан айналада мың бұралып билеп жүрген хор қыздарының бірінен соң бірін шақырып алып, аттарын сұрап, мәз-мейрам).Хор қыздары. (Мың бұралып билеп келіп) – Менің атым Дәурат аль-Камар.., Менің атым – Шамыс ан-Нахар.., Менің атым – Суккария.., Менің атым –  Мәлика аль-Кадд.., Менің атым – Насим ас-Саба...(Әбілқасанның ас жеп болғанын көріп, хор қыздары бас құлды шақырды).Хор қыздары. Әй, аға! Күллі мұсылман падишағы ас жеп болды.(Бас құл Әбілқасанды қолтықтап орнынан тұрғызып, орындыққа отырғызды да, құман мен шылапшын (олардың әрқайсын бір құл ұстап тұр) әкеліп қолын жуды, асықпай сүлгімен сүртті. Болған соң, қолтықтап алып, әсемдігі, көркі бұрынғыдан өткен екінші бөлмеге әкелді. Мұнда хор қыздары одан да әсем, бұрынғыдан бетер сұлу көрінді. Әбілқасанның кіріп келгені сол-ақ екен, олар сазды әуенмен мың бұралып билей жөнелді).Әбілқасан. О, Алла! Мына ғажайып түстің ғұмыры ұзақ болсашы! (Жеміс-жидек, шарап толы алтындатылған, жалт-жұлт ыдыс-аяқтың түрімен майысқан дастарханға жайғасып отырды. Әсем әуен, жанға жайлы бұлақ сылдыры, мың бұралған хор қыздары. Әбілқасан хор қыздарын бір-бірлеп шақырып алып, жанына отырғызып, бір қолымен соларды, екінші қолымен өзін жеміс-жидектің түр-түрімен тойдырды).Әбілқасан. – О, сүйіктім менің! Сені алғаш көргеннен-ақ есімнен танып, ғашық болып қалдым. Келсеңші бері. Алма бетіңнен сүйгізсеңші. Жазсаңшы сөйтіп, жан жарасын.Хор қызы. – Менің атым – Хабл ал-Лулу.Әбілқасан. – Хабл ал-Лулу? Сенің атыңды жақұт тас деп емес, «жақұт» деп қою керек еді. Жер жүзіндегі барлық жақұт тастарын жинасаң да, сенің ай жүзіңе татымас. Жақұтым менің. Мынау шараптан құйып менімен бірге алып жібер, сүйіктім.Хор қызы. (Бірге шарап ішеді де, аспабын алып әндетеді).Мақпал түн.Жүзіңді тез жасырмай.Көңілімді аулашы.Сүйіктімді ай жүзді,Ынтықтырмай, сыйлашы.Әбілқасан. (Хор қызымен билейді. Айнала әлем түгел дөңгеленіп билегендей. Тағы бір хор қызын жанына шақырып) – О, сүйіктім, сенің есімің кім?Хор қызы. – Наджмат ас-Субқ.Әбілқасан. – О, хор қызы. Сенің жүзің шолпан жұлдызынан да жайдары, әсем. Қане, құйып жібер. Сұлулық үшін, дүние тетігі – әсемдік үшін алайық.Хор қызы. (Әндетіп)– Мақпал түн.Жүзіңді тез жасырмай.Көңілімді аулашы.Сүйіктімді ай жүзді,Ынтықтырмай, сыйлашы.Әбілқасан. (Әндетіп)– О, Мақпал түн.Сүйіктімді ай жүзі,Ынтықтырмай, сыйлашы.(Бәрі билеп жүр. Бір хор қызы шарап кесені Әбілқасанға ұсынады).Әбілқасан. – О, ғажайып, мынау – сол! Сол! Көңілімнің дауасы, жүрегімнің сауғасы.Қыз әні. Мақпал түн.Жүзіңді тез жасырмай,Көңілімді аулашы.Сүйіктімді ай жүзді,Ынтықтырмай, сыйлашы.Әбілқасан. – Ым-м. Мақпал түн.Жүзіңді тез жасырмай.Көңілімді аулашы.Сүйіктімді ай жүзді,Ынтықтырмай, сыйлашы.Уа, жараңдар! Дүние тетігінен тайып, шырқ айналып түссе де, мынау – сол. Сол! Шолпан жұлдызым, менің. Ақ қанатты періште. Ақ қанатты... Тоқта, тоқта. Сабыр, сабырға кел, Әбілқасан, өмір бойы кеудеңде шемен боп қатқан асыл мұратыңа жақынсың. Сабыр, сабыр! Арманыңа енді жеттім деп тұрғаныңда, қолыңнан сусып ұшып кетпесін.Қыз.        – О, мақпал түн.Жүзіңді тез жасырмай.Көңілімді аулашы.(Осы кезде артынан Әбілқасан келіп, асыла кетті де, тас қылып ұстап, қапсырып құшақтай алады).Әбілқасан. – Сүйіктімді ай жүзді,Ынтықтырмай, сыйлашы...(Періште-қыз ашуланып, қанаттарын қағып-қағып жіберіп, босануға талпынды. Әбілқасан тас қып ұстап алған. Жібермейді. Періште-қыз қалжырап, әлі құрып жерге құлайды).Қыз. (Жалынып) – Босат мені. Жалынамын.Әбілқасан. – Жоқ, сүйіктім босата алман.Қыз. – Мен сендік, босат жаным.Әбілқасан. – Босата алман.Қыз. –  Мен сендік, ісің – мендік, босат жаным.Әбілқасан. – Тек қолыңдағы жүзігіңді сыйлағанда ғана...Қыз. Оның не қажеті бар саған? Мен – сендік, сен – мендік деп тұрған жоқпын ба?Әбілқасан. – Жоқ, сүйіктім. Тек жүзігіңді сыйлағанда ғана босатамын.Қыз. – Болсын, болсын.(Саусағындағы жүзігін алып, Әбілқасанға береді. Сол-ақ екен, Әбілқасан қызды босата беріп, алдында қол қусырып, тізерлей отыра қалады).Әбілқасан. – Уа, Шолпан жұлдызым менің! Саған деген ұшан-теңіз махаббатым тасқын болып, жүрегімді паршалайды. Сенің ай жүзіңе деген аңсарлы сағынышым тағат таптырмай, ғазиз жанымды талқандайды. Міне, мен сенің алдыңдамын. Жаралы жүрек, сүйген көңілдің несібесі қолыңда. Қиям десең қи, сүйем десең – ғұмырымды сарп етейін.Қыз. – Қош, қош, сүйіктім.Әбілқасан. – О, не дегенің? Қолым енді жетті деп тұрғанда...Қыз. – Қош, сүйіктім.Әбілқасан. – Жоқ, жоқ. Мүмкін емес. Мүмкін емес.(Бір сәт әлгі қыз суретке айналады. Әбілқасан сән-салтанатқа толы бөлмелерді кезіп кетті).– О, сүйіктім менің. Сені алғаш көргеннен-ақ ес-түссіз ғашық болып, кеудеме жаным сыймай қиналған. Іңкәр көңлім алай-дүлей, қашанғы сарғайтасың? Бір уақ тірілсеңші, тіпті болмаса, қас-қағым сәт кірпігіңді жыпылықтатып, күлсеңші.(Бір сәт суреттегі қыз күлімсірегендей болды).Әбілқасан. – О, Алла! Құзырыңа құлдық! Енді мен сендікпін. Ах! (Талып түседі. Сәлден кейін есін жиып, жан-жағына қараса, сурет жоқ. Орны үңірейіп тұр. Әбілқасан жанында тұрған алтын науадағы суға бет-аузын шайып алмақ болып еңкейе беріп еді... Су бетінде айнаның сәулесіндей бір жарық сәуле түсті. Сөйтсе, ол сәуле – Қыздың бейнесі боп шығады. Әбілқасан сәулені ұстап алмақ болып, суды шалп еткізіп еді, жоғалып кетті).Әбілқасан. – Уа, періштем, қайдасың? Қас қағымда жарық сәуле боп жалт етіп, кете бардың ба? Мен бейбақты кімге қалдырдың?(Сәлден кейін жарық сәуле – Қыз бейнесі жалт етіп басқа жерге түсті. Әбілқасан ұстап алмақ болып ұмтылып еді... Тағы ғайып болды. Сәлден кейін тағы бір жерден жалт етті... Сылқ-сылқ етеді... Осылайша, Әбілқасан сәулені қуа-қуа ентігіп, сілесі қатып шаршап, жығылды. Бір сәттік сәуле әудем жерде, биікте ойнап тұрды да, мүлдем ғайып болды).Әбілқасан. (дөңбекшіп жатыр) – Уа, періштем менің. Шолпан жұлдызым менің... Қайдасың? Наджмат ас-Субқ... Мен сенің суретіңе ғашықпын...Әбілқасан. – О, мақпал... (ішеді).Көңілімді аулашы... Сүйіктімді... (есінейді). ...Сыйлашы (ұйқы қысқан адамдай қалжырап қисая кетеді). Сүйіктімді сыйлашы... (Ұйықтап кетеді. Қараңғылық).Екінші көрінісОрта дәулеті бар, жұпыны, әйтсе де адам жанына қажеті дүние-мүліктің бәрі дерлік бар, шағын үй. Ортадағы қалың жайылған төсекте Әбілқасан ұйықтап жатыр. Әрлі-берлі аударылып, сандырақтап жатыр.Әбілқасан. (Ұйқысырап) – Сүйіктім менің, Хабл ал-Лулу. О, Даурат әл-Камар, қайдасыңдар? Келіңдер бері, отырыңдар жаныма, дүние тетігі – сұлулық үшін, сендердің мөлдіреген бота көздерің үшін алайық. Хабл ал-Лулу! Даурат әл-Камар!(Шешесі келеді).Шешесі. – Ұлым не болды саған? Жайсыз ұйықтадың білем? Сандырақтап жатырсың ғой.(Әбілқасан оянып, көзін әрлі-берлі уқалап, шешесіне тесірейіп қарап қалыпты).Әбілқасан. – Не, не деп тұрсың сен, кәрі қарға. Әй, Бас кұл, қайдасың? Құрт мына пәлеңнің көзін. Алып кет! Дарға ас! Албасты түрін ендігөрі көрмейтін болайын. Аластат!Шешесі. – Ұлым-ау, саған не болған? Өз анаңды танымай тұрмысың?Тұра-ғой, қарашығым. Кеше шарапты көп ішіп, жайсыз жатқансың ғой. Осы күні түске кірмейтін пәле жоқ. Тұра-ғой, жаным. Бас құлы несі? Қайдағы бас құл? Қазір түскі намазға шақырады. Тұр, шайынып ал, Әбілқасан.Әбілқасан. – Кәрі албасты, не деп тантып тұрсың? Қайдағы ұл? Қайдағы Әбілқасан? Мен... Мен – күллі мұсылман падишағы, Алланың жердегі үмбеті... Әй, қайдасыңдар? Масрұр, бас құл, қайдасың? Қол-аяғын байлап, көлге тастаңдар, мына мартуды.Шешесі. – Тыныш, тыныш балам. Көршілеріміз естіп қалып, «жынданған» деп жүрер. Өз-өзіңе әлі келе алмай отырсың, білем.Әбілқасан. – Өзің жынданғансың, мыстан. Мен Әбілқасан емеспін деп отырған жоқпын ба, саған.Шешесі. – Бетім-ау, сонда кімсің?Әбілқасан. – Мен күллі мұсылман падишағы – Алланың сүйікті ұлы, жердегі үмбеті, бүкіл шығыс пен батыстың иесі, әл-Аббастың кіндігінен тараған бесінші билеуші – Харун ар-Рашидпын, о мұндар!.. Сен үшін жаратқан иенің өзімін.Шешесі. – Тыныш, жап аузыңды, оңбаған! Қай түлен түртті, қай шайтан азғырды сені, бүгін түнде? Тиыш ойбай! Мұндай сөздерді кім салып жүр аузыңа? О Аллам, ұлыма құрған әзәзілдің торын аулақ алып кет. Шайтанның азғырғанына көндірме.Сен менің ұлым - Әбілқасансың, о бақытсыз! Мен сенің шешеңмін. Айналаңа қарасаңшы, қайда жатсың? Әмірші болсаң сарайың қане? Үлде мен бүлдең қане? Сен осы үйде дүниеге келдің, осы үйде балалық шағың да, ес білер шағың да өткен. Түсі де бұзылған заман болды-ау, мынау. Айқайлама! Көршілер естіп қалса жындыханаға апарып тығады, әлі! Шайтанның азғырғанына ерме. Оян, балам, Оян!білқасан айналасына қарап ұзақ отырды. Әлсін-әлсін басын шайқап қояды).Әбілқасан. – Шынымен солай ма? Иә, мен – Әбілқасан, сен – менің шешемсің ғой, деймін.Шешесі. – Енді есің кіре бастады, балам. Алла жазғаныңа құлдық. Пәле, жаладан сақтай гөр. Тұра-ғой, енді. Қазір түскі намазға шақырады. Айтқандай, кешегі болған қызық жайды естідің бе?Әбілқасан. – Ол не жай?Шешесі. – Біздің көшені күзететін төрт қарақшы бар емес пе еді? Күндіз-түні елді дүрліктіріп, тыным бермейтін. Кеше сол төртеуді әмірші түйеге теріс қаратып отырғызып, піл құйрығымен төрт жүз дүре соқтырып, жұрт алдында әбден масқаралады.Әбілқасан. – Қастарында жаршы болды ма? Олардың неге жазаланғанын жұртқа әйгілі етті ме?Шешесі. – Иә, болды. Бүкіл қаланы аралатып, жұрт алдында: «Міне, халайық. Кімде-кім мезгілсіз елді дүрліктіріп, бір-біріне айдап салып, шағыстырып, тыным бермейтін болса, осылардың кебін киеді» деп жар салды.Әбілқасан. – Имам ше?Шешесі. – А? Айтқандай, оны да әлгі төрт қарақшыға бірге қосақтап, масқаралады-ау. Содан халықтың алдында әбден масқаралап болған соң, қаладан мүлдем аластатып жіберді. Жаршының сайрауына қарағанда, бұл әміршіміздің жарлығы болса керек. Көз жасымызды көрген-дағы, жаратқан ие! Әйтпесе, сол бес ит қанымызды тірідей сормап па еді?Әбілқасан. – Иә, Уәли жарлығымды бұлжытпай орындаған екен... Жарайсың, жарайсың...Шешесі. – Балам, жын-шайтан тағы айналдыра бастаған ба, өзіңді? Не деп тұрсың? Уәлиің не? Жарлығың не?Әбілқасан. – А-а-а, кәрі мыстан! Мені жын-жыпыр емес, сен айналдырып отырсың. Сездім көмейіңді. Бар айла-ақылыңды, сиқырыңды жұмсап, мені өзіңнің ұлың етпексің-ғой, ә? Әй, Масрұр, бас құл, қайдасың? Тез алдыма кел. Мына шайтанды ұста!Шешесі. – О, Алла! Тағы не пәле жіберейін деп отырсың, сорлы басыма? Тыныштал балам, есіңді жи.Әбілқасан. –  Кәрі сайтан, мен сенің балаң емеспін. Мен күллі мұсылман падишағы, әулие әл-Аббастың кіндігінен тараған бесінші әмірші - Харун ар-Рашидпін, сорлы. Иманыңды үйіре бер.Шешесі. – Ұлы әміршіміздің атағын қайдан жаттап алғансың? Тиыш, балам, тиыш. Жұрт естіп қалып жүрер. Жынданған дер. Елімізге мұндай әмірші жібергеніне мың да бір рахмет. Кеше, иә, кеше сенің келуіңді күтіп, есіктің алдына шығып тұрғам...Әбілқасан. – Бас уәзір Жафар келді ме?Шешесі. – Иә, оны қайдан білесің?Әбілқасан. – Бес жүз динар берді ме?Шешесі. – Иә...Әбілқасан. – Әмірдің атынан әкелді ме?Шешесі. – Иә...Әбілқасан. – Жафарды жіберген мен емеспін бе, кәрі албасты.Шешесі. – Не дейді?Әбілқасан. – Сол. Қане, мен кіммін? (Ұрмақ болып онтайланады).Шешесі. – Сен менің балам – Әбілқасансың!Әбілқасан. – Мә, саған, Әбілқасан! (Ұрды). Мә, саған. Көрсетейін, Әбілқасанды! Қане енді тәубаңа келген боларсың? Айта ғой, мен кіммін?Шешесі. – Жаратқан ием, бір өзің жар бола көр. Сен – Әбілқасансың.Әбілқасан. – Мә, саған. Көрсетейін, Әбілқасанды. Мә, саған!Шешесі. (Айқайлап) – Ойбай, кім барсың? Көмекке. Ойбай. Көмекке!Әбілқасан. – Мә, саған, албасты! Мә, саған! (Көршілері жүгіріп келіп, айырып жатыр. Әбілқасанның екі қолын артына қайырып, шешесін тұрғызды).Көршілері. – Әбілқасан, саған не болған? Жынданғанбысың? Ұяттан жұрдай болыпсың ғой. О заманда бұ заман, туған шешесіне қол көтерген қай жақсыны көріп ең? Мұның не? Имансыз! Ұятсыз! Ардан безген!Әбілқасан. – Не деп тұрсыңдар? Әбілқасан дегендерің кім? Мен бе? Бұл қай тантығандарың?Көршілері. – Астапыралла! Мынау жынданған шығар. Әй, ұяттан безген. Сен туған шешең тұрмақ, көршілеріңді де танығың келмей тұр ғой. Не болған, саған? Әйда, өзін жақсылап сабап алайық. абылып тепкілеп жатыр) Әбілқасан болмағанда кімсің, сонда?Әбілқасан. – Өңкей доңыздар. Сазайларыңды тартқызамын, әлі. Мен – әміршімін. Күллі мұсылман падишағы, Алланың сүйікті ұлы – Харун ар-Рашидпын, мен. Түсіндің бе, шошқа? Сенің пайғамбарыңмын.Көршілері. (Одан сайын тепкілеп жатыр). – Мә, саған, пайғамбар. Мә, саған, әмірші. Мә, саған «алланың сүйіктісі». (Біреуі басқаларын тоқтатып) – Әй, қоя тұрыңдар. Өлтіремісің, мынау жынданған ғой. Жын айналдырған ғой, мына сорлыны. Тоқтатыңдар. Уа, кім бар? Жындыхананың бастығын алып келіңдер, тез. Есінен адасқан бәрімізді шейіт қылар, ұстаңдар. Қолдарын арқа қайырып, байлап тастаңдар. Жындыханаға тапсырайық. Аулақ! Аулақ! Пәле-жаладан аулақ. Байлаңдар, байлаңдар, қол-аяғын, мықтап байлаңдар. О, несі-ай, тапа-түсте арамызға келіп, «мен – сендердің әміршілеріңмін» деп жар салған. Құдай болмай қал, өйтіп.Әбілқасан. – Масрұр, Жафар, қайдасыңдар? Мына доңыздар мені өлтіретін болды. Тез жетіңдер. Сазайларын беріңдер.(Қасына екі жендеті бар жындыхана бастығы келеді).Әбілқасан. – О, ақымақтар, сендер өз әміршілеріңді алып кетуге келіп тұрсыңдар. Көрсоқырлар. Мен – Харун ар-Рашидпын!Жындыхананың бастығы. – Түсінікті. Қане, қол-аяғына тұсау салып алып жүріңдер. (Қол-аяғын шынжырлап алып кетеді). (Жындыхана бөлмесі. Қол-аяғы темір шынжырмен тұсаулы Әбілқасанның сау жері жоқ. Беті-аузы қан-қан. Көкпеңбек ісік).Әбілқасан. – О, көрсоқырлар. Масрұр, Жафар! Қайдасыңдар? Сау жерім қалмады-ау... Иттер...(Қолына сабау қамшы ұстаған Жендет келеді).Жендет. – Иә, қымбаттым. Қалың қалай? Райыңнан қайттың ба?Әбілқасан. – Күнде келіп, біріңнің аузыңа бірің түкіріп қойғандай сұрайтыңдарың осы. Сонда менен не алмақсыңдар? Түрім болса – мынау, құр сүлдерім қалды. Көрмеген азабым жоқ. Денем болса жарадан дыз-дыз етеді, сау тамтығы қалған жоқ. Не керек енді сендерге?Жендет. – Тән жарасы деген не тәйірі, әсіресе, кісікиікке. Бәріміз де сен секілді айналаға қаранбай, «мен әміршіңмін» деп айдай әлемге жар сала беретін болсақ, не тәртіп қалады, мына дүниеде?!Әбілқасан. – Әй, көрсоқырлар. Сендерге басқа қандай дәлел керек. Мен - Харун ар-Рашидпын. Күллі мұсылман падишағы.Жендет. – Ескі әніңе қайта бастың ба? Өз обалың өзіңе, ендеше! Менен кінә жоқ. Бар пәлені тілеп алған өзің. (Қолындағы қамшымен сықпыртып сабап жатыр).Жендет. – Мә, саған. Аспаннан түскен құдаймысың. Мә, саған. (Әбілқасанда үн жоқ. Ернін тістеп, сазарып отыр. Жендет сәлден кейін шаруасын бітіріп, шығуға оңтайланды).Жендет. – О, Құдіретті әміршім, ха-ха-ха-ха! Ертеңге дейін ойланыңыз. Мүмкін райыңыздан қайтарсыз. Әйтпесе, біз сияқты пендеңізге тағы да қыран-топан жұмыс тауып беріп, бекерден-бекер шаршатарсыз.(Шығып кетті. Әбілқасан ыңылдап ән салып отыр. Бір мезгілде әмірші болған кезі есіне түсіп кетіп, сән-салтанатқа үйренген адамша орнынан кербез қозғалып, жататын нарға таққа отырғандай қона қалды. Сөйтіп, жан-жағына маңғазданып көз тастап, саусағын шошайтып жарлық айтқан боп отыр. Бір кезде хор қыздары есіне түскендей, аяқ-қолдарындағы шынжырларын салдыр-гүлдір еткізіп, билеген болды).Әбілқасан. – Уа, мақпал түн!Жүзіңді тез жасырмай,Көңілімді аулашы.Сүйіктімді ай жүзді.Ынтықтырмай, сыйлашы!– Наджмат ас-Субх. Хабл ал-Лулу. О, Дәурат әл-Камар.(Ыңылдап ән айтып, теңселіп билеп жүр. Шешесі кіреді. Оның мына түрін көріп, үнсіз көп егіледі. Әбілқасан теңселіп тұрып, оны байқап қалады).Әбілқасан. – Сен тағы да келдің бе? Жындыханаға түскелі бір айдың жүзі болды, күнде келесің, келесің де, егіліп жылайсың, балам дейсің, «Әбілқасаным» дейсің...Шешесі. – Балам-ау, түріңе не болған? Сау жерің қалмапты ғой. Бүгін тағы да сабады ма?Әбілқасан. – Иә, сабады. Жендеттер. Күнде келеді. Күнде сабайды. Менде кеткен өлермен өші бардай. Не жаздым? Не зорлық қылдым, бұларға? Түсінбеймін. Шаршадым, қажыдым, талдым.Шешесі. – Балам-ау, қайтсаңшы райыңнан. Сен әмірші болсаң мұндай күйге түсер ме едің? Айналаңа қарасаңшы. Үстіңе қарасаңшы. Киімің алба-жұлба. Денеңде сау жер жоқ. Қан-қан, көкпеңбек ісік. Әмірші болсаң, кімнің қолы батар еді саған? Жындыханаға қамауға кімнің дәті барар еді? Ең болмағанда өзіңді аясаңшы. Жүрегім пәрша-пәрша, жаным тілім-тілім. Жер басып жүру де азап болды. Ақылға келсеңші. Есіңді жисаңшы. Әмірші болсаң, жындылармен бірге жатар ма едің? (Әбілқасан әмірші болғаны кенет есіне түсіп, қайтадан теңселіп билеп кетеді. Шешесі шығып кетеді).Әбілқасан. – О, Мақпал түнЖүзіңді тез жасырмай.Көңілімді аулашы...– Тоқта, тоқта. Ал, мен әмірші емеспін делік, сонда төрт күзетші мен имамды ел алдына масқаралауға жарлық берген кім? А?(Есікті дүңкілдетіп соға бастады. Күзетші келеді).Күзетші. – Не боп қалды? Не болды, әй, есалаң?Әбілқасан. – Доңыз, тез барып бастығыңды шақырып кел.Күзетші. – Оны не қыласың? Маған айта бер. Жеткізіп барамын.Әбілқасан. – Маңызды хабарым бар. Тез шақырып кел. Тек өзіне ғана айтам...Күзетші. – Осы есалаңдармен шатасып керегі жоқ шығар, сірә. Жын соққандар, айналшықтап өзімнің есімді шығарар. Шақырып-ақ келейін.(Айнала беріп басына сәлде киіп қайта кіреді).Бастық. – Иә, не айтасың?Әбілқасан. – Мен маңызды нәрсені еске түсірдім. Өз тағдырыма қатысты, әрине.Бастық. – Айта бер.Әбілқасан. – Естеріңде ме? Мен әмірші болған күні, төрт күзетші имам бүкіл қала халқының алдында масқараланған жоқ па еді?Бастық. – Иә сондай бірдеңе болған. Оның саған не қатысы бар?Әбілқасан. – Ойбай-ау, жарлықты берген мен емес пе ем? Жафарға Уәлиді шақыртып алып, әлгі бес мұндарды жазалауға жарлық берген мен болатынмын. Неге сенбейсіңдер маған?Бастық. – Арнайы шақыртқанға жақсылық шығар деп келсем. Әй, әкесін көзіне көрсетші, мынаның.(Күзетші дүресін алып, сабайды. Әбілқасан шыңғырып жатыр. Бастық қолын көтеріп тоқтатады).Бастық. – Әй сорлы-ай. Мына түріңмен өліп қаласың ғой, көп ұзамай.Әбілқасан. – Оу, адамдар. Мен не жаздым? Соншама азаптағандарың не? Кім мені тақтан тайдырған?Бастық. – Сені таққа отырғызған кім, оу, сорлы?Әбілқасан. – Иә, кім, бәсе? Кім?Бастық. – Сорлы-ау, өзіңді аясаңшы. Көпке шыдамайсың ғой. Болсаң болған-ақ шығарсың. Дүние – шыркөбелек, өтті де кетті. Жалпы жаман жігіт емес сияқтысың. Ешкімнен кем де емессің, әжептеуір дәулетің де бар көрінеді. Қойсаңшы енді. «Бір ғажап та, ауыр түс көріппін. Бәрі көрген түстей өте шықты» деп өз-өзіңді жұбатсаңшы. Сабаңа түссеңші. «Мұның бәрі түс екен» де-дагы, өз-өзінді мынау азаптан босат, қарағым. Сөйт, әйтпесе, халың мүшкіл. (Кетеді. Әбілқасан жалғыз. Толғанып отыр).Әбілқасан. – Шынында да, көпке шыдар түрім жоқ. Бүйте берсем сүйегімді жинай алмай қалармын. Расында сол ғажайыптың бәрі – түс шығар. Иә, түс. Түс.(Есікті дүңкілдетіп ұрады. Күзетші көрінеді).Күзетші. – Тағы не боп қалды, делқұлы?Әбілқасан. – Уа, ағайын. Мен райымнан қайттым. Шешемді шақыр. (Шешесіп алып келеді).Күзетші. – Шешең күндіз-түні осы жерде. Еңірегенде етегі жасқа толып, сүрініп-қабынып әрең жүр.Шешесі. – Балам!Әбілқасан. – Шеше! Мені-дағы шайтан айналдырған мұндар ұлыңмын. Кешіре гөр, кеш мені. Аспан таудай күнәм бар алдыңда.Шешесі. – О, не дегенің ұлым? О не дегенің. Жалғызым?Әбілқасан. – Шеше, мына жерден шығарып ал, тездетіп. Бұлар өлтіреді мені. Ертеңге қалдырма. Жалынамын, шеше.Шешесі. – Әй, балам. Бастығыңды шақыр.(Күзетші тағы да айнала беріп сәлде орап шығады).Бастық. – Иә, дұрыс, енді табысқан екенсіңдер. Бәрекелде! Ал, қане, айта ғой. Сен – кімсің.Әбілқасан. – Алла алдында ант етейін, мен – Әбілқасанмын, мынау менің өгей өмірдегі жалғыз тіренішім, туған шешем.Шешесі. – Бар бәле, сол мосыл саудагерінен болды. Бірден-ақ сезгем. Сол келген күннен кейін ұлым іріткідей бұзылды. Шайтан азғырды.Бастық. – Жә, шешей, оны еске алмай-ақ қойыңыз. Балаңыз жазылды, қуаныңыз. Бұл ауыл – екінің бірі сау қайтпайтын ауыл ғой.Әбілқасан. - Мосыл саудагері! А-а, сайтан! Менде бір кеш қонақ болған. Шарапқа қызып отырғанда «орындалмай жүрген қандай арманың бар?» деп сұрап еді. «Бір сәт әмірші болсам» деген жүрегімнің түкпірінде ойнақшып жатқан қиялыммен бөлісіп едім.Шешесі. – Әлімсақтан Бағдатқа бәле келсе, сол Мосыл жақтан келуші еді...Әбілқасан. – Кетерінде есікті мықтап жауып кет деп едім. Ашық қалыпты...Шешесі. –Түні бойы адамдардың ризығын аңдыған жын-жыпыр, шайтан кіріп кеткен де, сол түні. Сөйтіп, сенің басыңды шыр көбелек айналдырып, есалаң қылған да...Әбілқасан. – Мүмкін, мүмкін.Бастық. – Ал онда, табыссаңдар, қоштасайық. Жолдарың болсын! Әй, шеш, Әбілқасанның қол-аяғын! Бұғаудан босат, адам баласын! (Күзетші салдыр-гүлдір, шынжырды босатып жатыр. Жындыхана бастығы Әбілқасанның шешесі берген бір бума ақшаны қойнына тығып, аялай сипап қояды).Шешесі. – Ал, қош, қарағым! Сау бол!Бастық. – Жолдарың болсын!Әбілқасан. – Сау боп тұрыңыз. Жүр шеше. Үйге қайтайық. Не де болса, бар пәле мосыл саудагерінен келді...Шешесі. –  Жүр балам. Жүр.(Әбілқасан айналып, жындыхана бастығына қайта келеді).Әбілқасан. – Ал, жарқыным, айта ғой, мен кіммін?Бастық. – Сен, сен – әрине, Әбілқасансың.Әбілқасан. (қолын шығарып) – Мынаны көрдің бе? Мен Харун ар-Рашидтің өзімін.Бастық. – Әй-әй? Тоқта.(Әбілқасан қашады, жындыхана бастығы соңынан қуады).Бірінші бөлімнің соңыШымылдықІІ-бөлімӘбілқасанның үйі. Қасында мосыл саудагерлері бар Әбілқасан кіреді. Екеуі әлденеге келісе алмай, қаудырласып ұрысып келе жатыр.Саудагер. – Алла атымен ант етейін! Мынау сергелдең дүниеде сенен жақын, сенен ыстық жолдасым жоқ. Айшылық алыс жерден ат шаптырып, шаршап-шалдығып, Бағдатқа келгендегі мақсатым да – өзіңді бір көру. Ыстық ықыласыңа бөленіп, дос қолыңнан дәм татып, қуанышыңды бөлісу, қайғыңа ортақтасу.Әбілқасан. – Сенің кесіріңнен көрмеген азабым қалмады. Денем – саулықтан, көңілім – сауықтан қалды. Ал, сен болсаң, қонақ болғың келеді.Саудагер. – Уа достым! Не жаздым? Айтып өлтірсеңші. Құдай куә – сенің алдыңда ақпын.Әбілқасан. – Не жаздым дейсің-ау. Сенің арқаңда бір рет жындыханаға түсіп шықтым, рас. Ондағы көрген азабыма, алған соққыма сан жетпейді. Әліге дейін есалаң күйде жүрмін.Саудагер. – Жаным-ау, жер-дүние күйіп кетсе де, шыдамымды сарықпай айтсаңшы, не болғанын. Егер кінәм болса – басым міне, кінәсіз болсам, ақ-қарасын ажыратайық.Әбілқасан. – Жат-жұрттықтардың арасынан дос іздеуімнің себебін сол жолы айтқанмын. Қатар-құрбы, көңілдес достың басыма бір іс түскенде қол ұшын бермек түгілі, табалдырығынан аттатпай қойғаны - әй, өмір-бақи есімнен кетпес. Содан бері «жан жарасын – бұрын-соңды естіп көрмеген ғажайыптар жөнінен әңгіме тыңдасам жазамын ғой» деген албасты үмітпен керуен жолдарын торыдым. Өзің секілді шаң қапқан, күнге тотыққан жолаушыларды жолықтырсам, жерден жеті қоян тапқандай үйіме шақырып, қонақ қылып, бар жылы-жұмсағымды алдына тостым. Бірақ, өз-өзіме қойған жалғыз шартым бар еді, ол кімді жолықтырсам да, қандай ғажайып әңгімелерін тыңдасам да жат-жұрттық жолаушыны бір-ақ қонақ қылу болатын. Сенің алдыңда талай-талай сайыпқырандарды жолықтырдым, бірақ, барлығы да менің үйіме бір-ақ күн қонақ болған. Сен бүгін екінші рет келіп отырсың... Кім біледі, мүмкін тағы да өткен жолдағыдай өзіңмен бірге пәле әкеп отырған шығарсың, бұл үйге?Саудагер. – Достым Әбілқасан! Егер де мені пәле әкелді десең кетейін. Сенің маған деген алты батпан ренішіңнің құпиясын жүрегіме жүк қылып тағы әкетейін. Бірақ есіңде болсын, сен дегенде менің көңілім адал, жүрегім ашық.Әбілқасан. – Жә, өйтіп таусылма.(Саудагермен бірге дуана боп алқам-салқам киінген Уәли, жындыхана бастығы, Жафар, Масрұр кіреді).Әбілқасан. – Әй, мыналарың кім, аулақ! Аулақ! Жын-жыпырдың бұл үйді айналдырғаны аз ба? Кет-әй.Саудагер. – Әбілқасан, саған не болған? Тіпті танымай қалдым ғой.Әбілқасан. – Мыналарың кім? Беттерін тұмшалап апты... (Жақындап келіп беттерін ашып көріп жатыр). – Әй, мынауың мені... Жаһанамның отына шыжғырып азаптаған жындыхананың әзәзіліне ұқсайды екен... Ім... Мынау...Саудагер. – Оу, достым. Саған не болған? Адамшылықты тәрк етіп, құдайшылық жолына түскен диуаналар емес пе бұл? О дүниеге барғанда есебім қайтар деп жаныма алып жүрмін. Еш пендеге залалы жоқ... Тіл-көз, құлақтан қалған, бұларға асыңның да, шарабыңның да керегі шамалы. Шуда жіппен мұрындықтап, соңымнан ерте бергем. Сонау Мосылдан бірге келе жатыр... Отырсын анау бұрышқа. Көңіл аударма. Бұл дүниеде не қалды дейсің жүрек бекітетін? Кетеміз-дағы, өтеміз-дағы...Әбілқасан. – Мейлің онда... Кел, отыр. (Дастарханға отырады. Дәм-тұзға толы, шарабы мол дастархан). Болған жәйді содан соң түп-түгел баяндайын. Сенімен өткізген сол бір күн менің де есімнен кетпейді. Көңілді, думанды өтіп еді ғой, шіркін. Алайда кетеріңде есікті мықтап жауып кет деген тілегімді орындамай, аңырайтып ашып кетіпсің. Елдің ырысын аңдып жүрген жын-шайтан көп емес пе, солар ұйықтап жатқан басымды шыркөбелек айналдырып... Түсімде әмірші қып сайлап, өзімді оның сарайына апарып, қасыма құл-құтан, қызметші, хор қыздарын қосып беріп, әй, мазақтады дейсің. Содан таңсәріден ояна салып, хор қыздарын іздейін... Ұйқылы-ояу құлдарды іздейін... Несін айтасың, туған шешемді танымай, оған қол жұмсап, көршілеріммен төбелесіп, жындыханадан бір шықтым ғой... Көршілерім – «Әбілқасан» дейді. Мен есалаң күйде «Күллі мұсылман әлемнің шамшырағы, пәлен піштуан, «Харун ар-Рашидпын» деймін. Содан олар жабылып кеп ұрып, жындыханадан бір шығарды.(Саудагер ішек-сілесі қатып күледі).Әбілқасан. – Әй, сен неңе жетісіп күлесің? Мазақтағаның ба, бұл?Саудагер. – Жәй, әншейін, есіме бірдеңе түсіп кетіп...Әбілқасан. – Содан, айтып-айтпай не керек, жындыханадан бір шықтым ғой. Ондағы көрген азабым, қорлық-зомбылығым... Адам басына бермесін. Досым түгілі, қасыма қаламаймын. Сенбесең, өзің көр, міне. (Шешініп, үстіндегі ісік, тыртықтарын көрсетеді). Ал сен, шиқылдап күлесің, кеп! Егерәки, есігімді жауып кеткеніңде мұндай пәлеге ұрынар ма едім?..Саудагер. – Алла жар болып, аман қалған екенсің, оған да шүкір! Ол жақтан екінің бірі сау қайтпаушы еді... Егер дәл осындай пәлеге душар болатыныңды білгенімде, сол есікті он қайтара жаппас па едім?Уа, достым! Қайғыңды сейілту үшін не істесем екен? Алла жазса, қолымнан келер бар жақсылығымды бір басыңа үйіп-төгуге мен даяр. Уа, өткеннің сауабын алдық, бүгінгіге оралайық. Жаңа бір сөзіңде әмірші жөнінде түс көрдім дедің бе?Әбілқасан. – Бір күн әмірші болуды бұрыннан армандаушы едім. Алайда, әмірші өмірінің бестен, бестен деймін-ау, оннан, тіпті жүзден бірі - біз үшін бәймәлім, құпияға толы екендігін қайдан білгем. Ой, шіркін-ай, сондағы бір күн тірлік – кейінгі азапты жылдарға парапар болды-ау. Мың бұралған хор қыздары, белдері иіліп, тізелері бүгіліп, әміріңді міз бақпай күтетін құл-құтан, қызметшілер, жанға жайлы бұлақ сылдыры, әсем сазды, тек жұмақтың төрінде кездесетін әуен, сылқ-сылқ, келісті наз...(Бір сәт Әбілқасанның жұпыны бөлмесінде ғажайып, жүрек сыздатар әуен естілгендей болды).Әмірші сарайының сән-салтанатын осы Бағдадтың бір емес, он күміс көмей шешені айтып жеткізе алмайтын шығар. Көздің жауын алатын, әсемдігі бірінен-бірі өткен бөлмелер. (Әбілқасан екі қолын ерсілі-қарсылы сілтеп, көзін тарс жұмып алып қиялдап отыр).Ал енді хор қыздарының сұлулығын айтуға тіл керек. Иә, достым, мен осындай ғажайып түс көрдім. Түсім бе, өңім бе, әліге дейін ажыратып біткен жоқпын. Бірақ өңім десем – көргенім мынау. (Үстіндегі алған таяғының орнын тағы көрсетеді). Түсім дейін десем – айтқанымның бәрі рас болған секілді. Әйтеуір, адам түсініп болмас дүбәра күйге түстім. Егер осынау жұпыны да, үйреншікті өмірге ден қойып, баяғы тірлігіме қайта оралып, адам құсап өмір сүрейін десем, әлгі елестер көз алдыма келе қалады да, жанымды алай-дүлей қылып екіұдай күйге түсіреді. Жүрегімнің түкпіріне әлгі түстің нық орнағаны сондай, сол қолымның істегенін оң қолым бұзып, тірлігімнің қиюы қашты. Мәселенки, мына шарап толы саптаяқты саған сол қолыммен ұсынсам, оң қолым төгіп тастары анық.Саудагер. – Ха-ха-ха-ха! Естімеген елде көп деген! Қане, ұсыншы, көрейік.Әбілқасан. – Уа, адасқанда жолыққан жан жолдасым! Сен дегенде өзіме қойған жалғыз шартымды бұзып, бүгін екінші рет қонақ қылып отырмын! Ал, мына шараптан. Сенің денсаулығың үшін ішелік. (Сол қолымен ұсынады. Бір кезде кеудесінен екінші үн шығады).Әбілқасан-әмірші. – Уа, мұңдар құл! Ал, мына шараптан! Шапағаты тиіп қалар. Еліңе айтып барарсың. Күллі мұсылман әлемінің падишағы батыс пен шығыстың иесі – Харун ар-Рашидпен дәмдес болдым деп! Ал, ала-ғой.Саудагер. (Қарқылдап күліп жатыр). – Сау бол, әй, сау бол, достым! Көтердің-ау, көңілімді! Хи-хи-хи-хи!Әбілқасан-әмірші. – О, тәрбиесіз қаңғыбас! Сен кімнің алдында отырсың? (Саудагердің қолындағы саптаяқты аяғымен теуіп, шарабын төгіп жіберді). – Әй, Масрұр, бас құл, қайдасың? Алып кет, мына көргенсізді! Үш жүз дүре соғылсын! Үйретіңдер, әміршімен табақтас болудың жайын!Саудагер. (Қарқылдап күліп жатыр) Ықы-ықы-ықы!Әбілқасан-әмірші. – Әй, көргенсіз, неменеге шиқылдайсың? Кімнің алдында отырсың? (Саудагердің жағасынан ала түседі. Ұмар-жұмар төбелесіп жатыр).Саудагер. – Әй, жетер, енді! Жынданғанбысың? (Әбілқасанның шешесі кіреді. Ұмар-жұмар төбелескендерді көріп, үн-түнсіз шығып кетеді. Сәлден кейін қолына шылапшын ұстап, қайта кіреді).Әбілқасан-әмірші. –  Қане, айта ғой, мен кіммін?Шешесі. – Мынау күндегі әніне тағы басқан екен ғой?(Төбелескендердің үстінен су құйып жіберді).Әбілқасан.– А-а! У-у-ф! (Қағынып жатыр). Шеше- ау, мұныңыз қалай?Саудагер. –  Бәріне өзім кінәлімін. Шеше, дұрыс істедің.Әбілқасан. – Менің үстіме құйсаң құя бер, мына қонағымнан ұят болды-ау. Кешір, достым! Кешіре гөр! (Саудагердің үстін қағып-сілкіп жатыр. Шапанын шешіп алып, сығып жатыр). – Шеше-ау, менің анау зерлі шапанымды алып кел. Ауыстырып ки, достым. Сенікін кептіріп қояйық.Саудагер. – Ештеңе етпес. Сыртқа жайып қойса, қазір-ақ кеуіп қалады. Ал, кел, отыралық. Е, ә, достым, қалың дертке ұшыраған екенсің. Мұндай боларын білгенімде...Әбілқасан. – Міне, достым, менің қазіргі халім осы. Кейде тапа-тал түсте ойға алған бағытқа қарама-қарсы жүріп, адасып, үйге күн бата зорға қайтып жүрмін.Шешесі. (ымдап) – Балам, бері шығып кетші. (Екеуі босағаға жақын барады). Балам-ау, мынау, мынау - өткен жолы үйімізге бәле әкелген мосыл саудагері емес пе?Әбілқасан. – Иә, шеше, соның өзі.Шешесі. – Ойбай тез қайтар. Бәлесінен аулақ! Қайтар!Әбілқасан. –  Шеше, абыржыма. Бүгін соңғы рет қонақ қылып отырмын. Өзіне де айттым. Қапысызда есікті мықтап жабуды ұмытып кеткен-дағы. «Саған деген көңілім ақ» деп ант-су ішіп отыр.Шешесі. – Алаяқ-ай, ә! Басыңды тағы да айналдырып отырған болды ғой. Балам, сен маған ренжіме, егер өзің көңілін қимай отырсаң, барып мен айтамын. Екінші қайтып көзі тірі баламнан айырылғым келмейді деймін. Босатсын үйімді.Әбілқасан. – Жә, шеше. Қам жеме. Өзім бәрін жайғаймын. Жүре бер. Бар. Дем ала бер.Шешесі. – О, Алла, бәле-жалаңнан жалғызымды сақтай гөр. (Кетеді).Саудагер. - О не? Бірдеңе боп қалды ма? Мезгілсіз уақытта келдім ғой, деймін. Қой, мен қайтайын.Әбілқасан. – О, не дегенің? Жәй, шаруа қамы ғой. Ал, кел, мына шараптан алып жіберейік. Өзің құйып іше бер. Шынымды айтсам, сол түс қыр соңымнан қалмай жүр. Адамша өмір сүруден қалдым. Мынау – шарап. (Ойланып қалады). Ғажап, содан бері шешемнің сатып әкелген шарабын ішуден қалдым. Бір көңірсік иіс шығады-да тұрады. Құрысыншы, оның да ретін таптық қой...(Саудагер шарабын иіскеп, тыжырынып отыр).Саудагер. – Шынында да, исі бар ма? Қалай? Ретін қалай таптың?Әбілқасан. – «Уды у басады» дегендей, көңірсік иісті қойдың жаңа түскен құмалағымен басып жүрмін.Саудагер. – Уқ! (Тостағанды тастай сала, құсып жатыр). Мынау шарапқа... (Қақалып-шашалып) Қойдың нәжісін қостың ба? Ахы-үкі...Әбілқасан. – Жоқ, ойбай. Қонағыма ондай шарап беріп, мені жын ұрды деймісің? Қайдағы-жайдағыны айта бермей, өз-өзіңе келсеңші, достым.Саудагер. – Ойбай-ай, жаным-ай. ...Бір састырдың-ау. Ух, ішім-ай, ішім-ай. Шейіт болып кете жаздадық-ау.Әбілқасан. Ай, өзіңді бір састырдым-ау.(Екеуі үйді бастарына көтеріп күліп жатыр).Әбілқасан. – Нас іс екенін жүрегім сезеді, бірақ ішімнен белгісіз бір күш оянып, әзәзілдей арбап: «Сен басқа адамдардан бөлексің деп тұрады»... содан сол әзәзілдің ығына жығылып, сорақылықтың түр-түрін істеймін. Күлкі үшін айтайын, өткен аптада шешем қоймай қойғасын, ауланың ішінен малға арнап қора тұрғызғанмын... Қалай тұрғыздың дейсің ғой. Әмірші сарайындағы қораларға ұқсатамын деп әлгіні биіктете беріппін, биіктете беріппін...Содан қорамыз үйімізден әлдеқанша биіктеп кетіп... Әлгі ауламыз тар ғой. ...Содан келесі күні жел тұрғанда опырылып құлап, астында қалып қоя жаздадық... Ықы-ықы!(Екеуі мәз-мейрам күліп жатыр). - Менің көтерген қорамнан әкемнің тұрғызған мынау үйі берік боп шықты, әйтпегенде, көрісер ме едік, көріспес пе едік?Саудагер. – Мұның бәрі, шынында, қарапайым адам түсініп болмас шым-шытырық екен. Ал, Әбілқасан достым, сен маған мынаны айтшы –  өміріңде ессіз-түссіз ғашық болып көрдің бе?Әбілқасан. – Шынымды айтсам, бұрын-соңды ондай сезім күйін кешіп көрмегем. Алдымда ішіп-жейтін ас, жанымда – думанды жора-жолдас болса, бөтен ештеңені аңсамайтынмын.Менің сүйіктім мынау болатын. (Шарапты көрсетеді). Қоғамшыл адам болғасын ба, жеке бастың қамын күйттегеннен гөрі, думанды отырысқа, әсем де жарқын сөздерге көп үйірсек болатынмын. – Достым, достым. Мен бұл күндері екі оттың ортасында қалғандаймын. Бұрын бәрі түп-түсінікті сияқты еді, бүгін... Сорыма ма, бағыма ма... Сорыма шығар, асылы... Жүрегімнің аттай тулап, жан-дүниемнің алабөтен жаншылатын себебі - мына күнделікті сартап тірліктен басқа, алыста емес, жақында, мүмкін сонау қырдың астында, әлдекімдердің қиял-ғажайып ертегідегідей жұмақта тұрып жатқаны жөніндегі шындықты жүрегіңде алып жүруі қиын екен, азап екен. Иә, сол жұмақ дүние, ғажайып дүние сонау қырдың астында. Ол түс емес. Мен білем, сеземін, түс емес!Саудагер. – Әбілқасан, қиял-ғажайыптан алдымыздағы асқа көшейік. Қане мынаны сенің денсаулығың үшін алып жіберелік! Мынаны –  менің денсаулығым үшін! Ал, мынаны Наджмат ас-Субхаттың мөлдіреген көздері... Ал, қане. Ал!(Екеуі жөпелдемелдетіп алып жатыр. Бір сәт Әбілқасан маужырап, қалғи бастады).Әбілқасан. – Достым! (Ұйқылы-ояу) Сен, сен, әлгі... Әлгі... Ух-х. Есікті... есікті...Саудагер. – Иә, иә, уайымдама. Кетерде мықтап тұрып есікті жауып кетемін.Әбілқасан. – Есікті... есік... (Ұйықтап кетті).Саудагер. (сыбырлап) – Ұйықтап кетті. Бәрекелде... Масрұр! Уа, Масрұр, шұнақ құл, қайда кеттің жоғалып? Бері кел!(Бас құл – Масрұр ұрлана басып кіреді).Саудагер. – Қайда жоғалып кеттің, мұндар құл? Бол тез!Бас құл. – О, әміршім! Сенің шыдамыңда да шек жоқ екен. Төбелесіп жатқандарыңда не кірерімді, не кірмесімді білмей, есім шықты. «Не болса да араласпа» деген ескертуің болмағанда... Ал, мынаны не істейміз?Әмірші. – Өткен жолы не істеп едік? Ұмытқан жоқсың ба?Бас құл. – О, күллі мұсылман шамшырағы, неге ұмытайын. Осылай ұйықтап жатқанында көтеріп ап, сенің сарайыңа апарып, сенің киімдеріңді кигізіп, сенің төсегіңе жатқызғанмын. Соған бүкіл ел болып, сенің орныңа әмірші ретінде қызмет еткенбіз... Өзі де бір сәт әмірші болсам деп армандаған екен, қызығын бір күн көрген жоқпыз ба? Сарай қызметшілері сондағы мұның істегендерін әлі күнге дейін жыр қып айтып жүр.Әмірші. – Олай болса, тағы да сөйт! (Қарқылдап күледі). Ха-ха-ха! Көрейік қызығын! Ха-ха-ха-ха! (Жарық сөнеді).Таңсәрі. Сол баяғы сән-салтанатқа толы хан сарайы. Әсемдігі бірінен– бірі өткен, көздің жауын алатын бөлмелер. Қақ ортасында жатын бөлме, төрде – алпамсадай ақ мамық кереует. Үлде мен бүлдеге оранған Әбілқасан мазасыз ұйқыдан дөңбекшіп жатыр. Түксірейген құл-құтан, әлем-жәлем қыз-қырқын, ұсынықты-сарай қызметшілері оның оянуын күтіп сілейіп қалған. Бас құл Әбілқасанға таяу келіп, мұрнына бірдеңені иіскетіп еді, ол түшкіріп жіберіп, оянып кетті. Сол-ақ екен, хор қыздары аспаптарын алып, құйықылжытып ойнап берді. Сәлден кейін әндетіп кетті. Әбілқасан аң-таң. Жан-жағына қарап, көзін жыпылықтата береді.Әбілқасан. – Алла атымен ант етейін, мынау мен әмірші болғанда тамақ ішкен бөлме. Астапыралла, өңім бе, түсім бе? (Саусағын қыршып тістеп алды да, айқайлап жіберді). А-а!Әбілқасан.– «Кұдай бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген осы. Сұм тағдыр тағы да тәлкек етейін деген болар. Енді қайттім? Иә, мынау –  сол баяғы әмірші сарайы. Тағы да сол мыстан-түс. Ендігі жетпей тұрғаны –  жындыхана. Ондағы жаналғыштар-ғой, иттің ұлдары, әбден қорлап еді-ау! Сау-тамтығымды қалдырмай, сабап еді-ау. Әліге дейін соққыдан есалаң боп жүрген жоқпын ба? О, Алла, бұл қай мазағың? Әлде мені тағы да тозақтың отына шыжғырайын дедің бе?Үстімдегі жара-ісік әлі толық қайтқан жоқ қой? Аясаңшы, мұндар құлыңды! О, доңыз саудагер! Саған сендім-ау. Сенің адам емес, шайтан екеніңе өткен жолы куә болып едім...«Бағдадқа бір пәле келсе, Мосылдан келеді» деуші еді, кейуана шешем. О, Алла, кәріңді төгіп, кегімді қайтар. Адамда кеткен жоқ кегім, шайтанда кетті. Тағы да есігімді жаппай кеткен-ғой... Әдейі істеді, шайтан. Иә, ол – шайтан! Ол шайтан болмаса, мен мына шайтан түсті тағы да көрер ме едім? (Бетін көрпесіне жасырды. Даусы еміс-еміс естіліп жатыр). Шайтан... Тағы айналдыра бастады. Ал, мен де қырсығып, ол кеткенше көзімді ашпайын.Шайтан... Адамның қолынан шайтандық келмейді деп кім айтты саған. А? Өмір дегенің – шайтан-ойын болса, мен неге қағыс қалам? Адам емеспін бе? Тағдырыңның бермегенін тартып ала алмайсың, алдап аласың деген екен... Ә, шайтан, шайтан. Көрейін әуселеңді... (Күледі). Тіршілік деген қас-қағым сәттік шайтан-ойынның мен-дағы адам-шайтаны емес пе едім? Ха-ха-ха-ха! Кім-кімді жеңер екен?Тоқта-тоқта! Сабыр, сабырға кел, Әбілқасан! Өмір бойы кеудеңде шемен боп қатқан асыл мұратыңның еншісі өз қолыңда. Сабыр, сабыр! Арманыңа енді жеттім дегенде, қолыңнан сусып ұшып кетпесін. Сабыр! Ең негізгі сынақ әлі алда...Хор қызы. – О, әміршім менің! Күллі мұсылман әлемнің шамшырағы, тұра-ғой, күн ұзарды. Жуынып- шайынып ал. Тұр орныңнан!Әбілқасан. – Оттама, оңбаған! Әзәзіл! Өтірік айтпа. Мен – әмірші емеспін, мен – Әбілқасанмын, кет әрі, жақындама. Менің атым – Әбілқасан. Естідің бе, көкбет? Сен мені екінші рет жындыханадан шығарғың кеп тұр. Жолама маған, аулақ, аулақ.(Бір хор қызы жақындап келеді).Әбілқасан. – Якутат аль-Кальб?Хор қызы. – О, әміршім менің! Күллі мұсылман падишағы! Тал түс болды. Одан әрі жата берсең, ұят болар, тұра ғой.Әбілқасан. Сен кімді «күллі мұсылман падишағы» деп атап тұрсың?Хор қызы. – О, әміршім, сенен басқа бұл жалғанда падишах бар ма? Мен – Якутат аль-Кальбпын, менің міндетім сені таңсәріде ұйқыдан оятып, қызмет көрсету.Әбілқасан. – Ант етші.Хор қызы. – Ант етемін, сен – күллі мұсылман падишағы – Харун ар-Рашидсың!Әбілқасан. – Қателесесің, о, сұлулардың падишағы! Мен әмірші емеспін, мен – Әбілқасанмын!Хор қызы. – О, әміршім! Сен не жаман түс көрдің, не көңіл хошын білдіріп, бізбен қалжындасқың келіп отыр. Айналаңа қарасаңшы, мынау құл-күңдерің, күтуші, қызметшілерің әр сөзіңді қағып алып, кез-келген тілегіңді аяқ ұшымен орындауға әзір тұр. Кеше сен осы жерде ұйықтап кеттің. Біз орынсыз мазаламайық деп, аяқ жағыңа жата кеттік. О, әміршім. Сен бізге ренжіме, біздегі жалғыз тілек – сенің тез тұрып, бой жазуың ғана.Әбілқасан. – Өтірікші. Мен ешқандай әмірші де емеспін, мен кәдуілгі Әбілқасанмын. Оны сендер де білесіңдер. Әдейі айтпай тұрсыңдар. Мазақ қылғыларың келеді. Ол бола қоймас. Мені екінші қайтара жындыханаға тығу - қолдарыңнан келмес. Мен Әбілқасанмын, Әбілқасанмын!Хор қызы. – О, әміршім, Әбілқасан деген кім? Түс көріп жатқаннан саумысың? Кім ол? Сен Харун ар-Рашидсың. Алланың жердегі сүйеніші, үмбеті... Сен біздің әміршімізсің.(Әбілқасан сенерін-сенбесін білмей, екі көзін уқалап, жан-жағына жалтақтап, абдырап отыр).Әбілқасан. – Дегенмен, осы бөлмеде бұрын да болған сияқтымын... Тағы да шайтан азғырған болар, ондаша... Ашық есіктен түнделетіп кіріп кетіп, басымды шыркөбелек айналдырып, тағы да есімнен айырайын деп келген екен... О, Алла, бір өзің жар бола гөр. Құтқара гөр, шайтанның тұзағынан! (Көрпесіне қайта жасырынды).Хор қызы. – О, әміршім. Қол астыңдағы бар әулеттілер, дәулеттілер құзырыңа құлдық ұрып, мәслихатқа тосып отыр. Барша жұрт алмас қылыштай өткір де әділ үкіміңді тізе бүгіп қарсы алуға даяр.(Бірнеше хор қыздары қояр-қоймастан Әбілқасанды қолтықтап тұрғызып, құс жастығы бар орындыққа отырғызады).Әбілқасан. – Мүмкін, мұның бәрі түс емес, шын шығар. (Әсем әуен, хор қыздары мың бұралып билеп тұр. Әбілқасан ымдап қасындағы екеуін шақырады).Әбілқасан. – Алла атымен ант етіңдер, мен кіммін?Хор қыздары. – О, әміршім! Мына қалжыңыңның мәнін түсінбей қойдық. Сен – қасиетті әл-Аббастың кіндігінен тараған бесінші билеуші – Харун ар-Рашидсың.Әбілқасан. – Дәлел?Хор қыздары. – Есіңде ме, кешегі мәслихатта сен қай көшеде екені есімде жоқ, әйтеуір бір көшенің төрт күзетшісін, мешіттегі имамын бүкіл қала халқының алдында масқаралауға жарлық бергенсің?Әбілқасан. – Иә, есімде... Сондай бірдеңе, шынында, болған сияқты.Хор қыздары. – Ал, тура сол көшеде тұратын бір кемпірге бас уәзір – Жафардың өзі бес жүз динар апарып берсін деп жарлық берген кім?Әбілқасан. – Ол да мен?Хор қызы. – Олай болса, қалжыңның себебі неде? Кеше қалжырап, осы бөлмеде ұйықтап қалып едің. Қазір оянып отырсың.Әбілқасан.(Үстіндегі лыпасын шешіп тастап, жындыханадағы соққылардың ізін көріп қалады). А-а, ұсталдыңдар ма? Мынау не? Мынау ненің ізі? А? Жауап бер, тез?Хор қызы. – Бірінші рет көріп тұрмын. Масқара-ай. Уа, әміршім! «Осы халқымның ойында не бар екен, жүрегін не қам ауыртып жүр екен, соны білейін» деп кейде түнделетіп, саудагердің киімін киіп ап, қала аралаушы едің. Сол кезде құзғындарға тап болған жоқсың ба? Ал, біздің айтқанымызға сенбесең, міне – Уәли.Уәли. – О, әміршім! Күллі мұсылман шамшырағы! Берген жарлығыңды бұлжытпай орындап, әлгі бес оңбағанды жұрт алдында әбден масқаралап, қаладан аластаттым. Екінші қайтара Бағдадтың маңына жоламайтын еттім.Әбілқасан. – Құдай біледі, мына Уәлиді бір жерден көрдім. Тіпті өзі айтқандай, жарлық та берген сияқтымын... (Қайтадан киініп, сәлдесін орайды). Алайда, мынау жындыханадан алған сыйым емес пе? О, тоба, енді не істедім? Кімге сендім? Шын жынданатын шығармын. Түс дейін десем, шын секілді. Ал онда, мынау үстімдегі ісік, тыртық қайдан пайда болды? Жындыханада талыспен күніне жүз дүре соқпап па еді? Мынау соның ізі емес пе? О, жасаған! Әй, бала, бері келші. Қане құлағымды тістеп алшы. (Бала құл Әбілқасанның құлағын қыршып тістеп алады).Әбілқасан. рнынан атып тұрып) – А-а! Ой, оңбаған! Кұлағымды жұлып аласың ба, қайтесің?Әбілқасан. – Әй, Уәли! Менің әмірші екенім рас болса, Бағдадқа Мосылдан келген бір саудагер бар. Қайда тоқтағанын білмеймін.Уәли. – О, әміршім, жат-жұрттық саудагерлер тоқтайтын керуен-сарайда шығар?Әбілқасан. – Онда менің шаруам жоқ. Сол саудагерді және қалалық жындыхананың бастығын табан астында жеткіз. Алдыма алып кел. Бір аяғың сонда, бір аяғың осында болсын.Уәли. – Ләппай, тақсыр.Әбілқасан. – Жафар! Қайдасың?Жафар. – Құзырыңызға құлдық, тақсыр.Әбілқасан. – Мен кіммін?Жафар. – О, әміршім! Күллі мұсылман шамшырағы, алланың сүйікті үмбеті, қасиетті әл-Аббастың кіндігінен тараған бесінші билеуші - Харун ар-Рашидсың, сен!Әбілқасан. – Жафар, менің өткендегі, жоқ-жоқ, кешегі жарлығымды орындадың ба?Жафар. – Әрине, әміршім. Сөз бар ма оған?Әбілқасан. – Олай болса, қазынадан алпыс мың динар, ат басындай алтын алып, кешегі Умм-әл-Әбілқасан атты кемпірге өз қолыңмен апарып бер. Тез.Жафар. – Ім, енді...Әбілқасан. – Әй, не деп тантып тұрсың? Жөнел тез! Әйтпесе анау жендеттерге азық боласың. Жо-жоқ, бері кел! (Еңкейіп құлағына сыбырлайды. Жафар лезде бума-бума ақша әкеліп, Әбілқасанның қойнына тығады. Бұрылып, әлдеқайда жөнеледі).Жафар. – Ләппай, тақсыр!(Мосыл саудагері мен жындыхана бастығын жетелеп Уәли кіреді).Әбілқасан. – Иә, келдің бе, жарықтық.Уәли. – О, әміршім, айтқаныңды екі етпей...Әбілқасан. – Өзім де солай ойлағам. Қане, жындыхананың перісі, сен бері кел. Қане, айта қойшы, мен кіммін?Жындыхана бастығы. (тізерлеп) – Уа, әміршім! Күллі мұсылман шамшырағы, Алланың сүйікті үмбеті, батыс пен шығыстың иесі, қасиетті әл-Аббастың кіндігінен тараған бесінші билеуші – Харун ар-Рашидсың, сен!Әбілқасан. – Тап осылай мың қайтара айтасың. Әй жендет, әй жендет, бері кел. Ал, саудагер достым, сен не айтасың? Мен кіммін?Мосыл саудагері. – Уа, әміршім. Күллі мұсылман әлемінің шамшырағы...Әбілқасан. – Тоқтат! Жендеттің қолындағы дүрені алып, ана көршіңе, иә, иә, жындыхана перісіне бір мың дүре соғасың. Қане, баста! Менің атағымды, аты-жөнімді айтқан сайын аямай ұр. Баста, қане!(Мосыл саудагері көршісіне дүре соғады. Әміршінің атағын, аты-жөнін түгелдеген сайын өршелене сабап, әп-сәтте есінен тандырады).Жындыхана бастығы. (құлап, сандырақтап жатыр) – Батыс пен шығыстың... Жаным-ай, Әбілқасансың сен! Әбілқасансың!Әбілқасан. – Тоқтат, саудагер. Мұндар құлың не деп кетті?Мосыл саудагер. – Маған Әбілқасансың дейді.Әбілқасан. – Ә, солай ма? Қане, мынаның үстіне мұздай су құйып есін жиғызыңдар.(Уәли тегештен су әкеліп үстіне су құйып жатыр. Орнынан тәлтіректеп әрең тұрды).Әбілқасан. – Әй, жендет, бері кел! Жақын кел.(Жендет Әбілқасанға жақын келіп, құлағын тосады. Әбілқасан құлағына сыбырлап, пәрменін айтты. Сол-ақ екен, жендет үндемей барып, көзді ашып-жұмғанша мосыл саудагерін сұлатып түсіріп, қол-аяғын байлап, аузына шүберек тықты. Ел аңтарылып қалған).Әбілқасан. – Ал, халайық, мен кіммін?(Жұрт екіге жарылады. Бір топ Әбілқасанға жақындап, екінші топ жерге сұлап жатқан әміршінің жанына топтасты).Бір топ. – Уа, Әмірші! Күллі мұсылман шамшырағы, батыс пен шығыстың иесі, қасиетті әл-Аббастың кіндігінен тараған бесінші билеуші – Харун ар-Рашидсың, сен!Екінші топ. – Әбілқасан! Қарапайым көп мұндардың бірі – Әбілқасансың сен!Әбілқасан. – Көкбалақ жендетім, қайдасың?(Саудагер тыпырлап сөйлеуге талпынады. Жендеттен сескенген екінші топтағылар ұйлығып, бірінші топқа қосыла бастады).Әбілқасан. – Әй, жындыхананың жынды көбелегі. Дүрені алып, есіңді әбден жинағанша мына жатқан саудагерді саба. Тез! Бол! Ха-ха-ха! Ал, халайық, мен кіммін? (Уыстап ақша шашады).Бәрі. – Күллі мұсылман шамшырағы, батыс пен шығыстың, қасиетті әл-Аббастың кіндігінен тараған бесінші билеушісі – Харун ар-Рашидсың, сен!Жындыхана бастығы. – Мә, саған! Мә, саған!– Мә, саған! Сазайыңды тарттың ба?Әбілқасан. – Мен кіммін, осы? Әміршімін бе, Әбілқасанмын ба? Мүмкін екеуі де шығармын? Ха-ха-ха. Уа, халайық, мен кіммін? Бір күн әмірші, бір-ай жынданған, екі күн – Әбілқасанмын. Тағдырдың тәлкегімен. Ха-ха-ха! (Үстіндегі киімдерін бірінен соң бірін шешіп, лақтырып жатыр, лақтырып жатыр. Басындағы әміршінің де сәлдесін лақтырып жібереді. Тек ішкі киіммен қалады. Бір мезгілде тасырлап хор қыздарымен билей жөнеледі. Асыр-тасыр, айқай-шу. Құйқылжыған әуен, мың бұралған хор қыздары).Әбілқасан билеп жүріп, айналадағы әсем бұйымдарды іліп лақтырып, тас-талқан сындырып, бүлдіріп жатыр. Ағаш атқа мінгендей, хан сарайын айнала секеңдеп жүр.       – Ха-ха-ха-ха!–  Ой, ішім-ай, ха-ха-ха! (Күлкі жаңғырып, бүкіл сахнаны алып кетті. Бір кезде билеушілер тобы қалт тоқтап сілейіп қалды).Әбілқасан. – Ха-ха-ха-ха! (жаңғырып тұр). – Кісікиіктер! Ха-ха-ха-ха! (Найзағай ойнап, шатыр-шұтыр ете қалды. Жер сілкінісі. Жер-дүние астан-кестен. Бәрі опырылып, селтиіп тұрған адамдардың үстіне құлап жатыр. Сән-салтанатқа толы хан сарайының бір кезде дымы қалмады. Бәрі аяқ астында. Көк түтін. Ала шаң. Сұқ саусағын шошайтып, бір шетте Әбілқасан әлі күліп тұр. Даусы Жер-дүниені алып барады).Әбілқасан. – Ха-ха-ха-ха! Кісікиіктер! Өмір деген – бес күн тірлік, күн батып, таң атса – төртеуі қалады. Сайраңдап қал. Ха-ха-ха-ха! Іш, күл, биле! Әй, шарапшы, құй шарабыңнан. Тіршілік несімен мәңгі? Білесіңдер ме? Ха-ха-ха. Алдамшылығымен мәңгі... Мен-дағы сол алдамшы тірліктің адам-шайтанымын!Шымылдық