ВЕРНУТЬСЯ

Көгалдағы кішігірім той-томалақтың қызған шағы. Үш дос қала саябақтарының біріндегі көк шалғынға жайғасып алған. Туфлилерін шешіп, қатар тізіп қойыпты. Өздері желең жейде-шалбармен, жалаңаяқ. Шөп үстінде шағын дастархан төселген. Оның жанында сейіл-серуенге арналған тоқыма себет. Кішкентай стақандарға виски құйылып жатыр. Әріректе, саяжолдың шетінде Жігіттің мәшинесі тұр. Жүргізушісі шалқалай ұйықтап қалған.БАУЫР: Леха, сөз сенде!ЛЕХА: Не деймін жігіттер? Арада бірталай уақыт өтсе де, Құдайға шүкір, міне, бүгін қайта табысып жатырмыз. Тірлік, шіркін, бізді әр тарапқа тарыдай шашып жібергенімен, басымыз тағы қосылды...БАУЫР: Тарыдай шашылғанымыз рас қой...ЛЕХА: Енді ешқашан арамыз ажырамай, үнемі байланыста жүруіміз үшін алып қоялық. Кәне! Кеш жамыраған уақыт. Көшеде маңғаз басқан сылқым қыздар қоңыр қаздай қаздаңдайды. Соңдарында – үш дос. Даурығып, әндетеді:«Сүйем деші, анда-санда,Ризамын алдасаң да.Тыңдай-тыңдай сағатымды,Тауысармын тағатымды!»Соңдарынан ілескен мәшиненің капотына бекітілген шағын себетте – ашылған виски бөтелкесі мен стақандар көрінеді. Достар, міне, көше қиылысына жетті. Оларға көз қысқандай жымыңдап, бағдаршам жылтырайды.ЖІГІТ (капоттағы вискиді алып, жүргізушіге қолын бұлғайды): Сен кете бер. Қажет болсаң, хабарласамын.Әлдеқайдан күннің күркірегені естілді. Кенет, найзағай шатырлап, аспан жарқылдады. Сәлден кейін нөсерлетіп жауын құйды-ай!.. Үшеуі қиюласқан көшелермен құйындата жүгіріп, ық іздеп әуре. Нөсер толастамай, жел ұйтқыды. Достар жаңбырдан қорған болар баспана іздеп, сасқалақтады да қалды. Қарсы алдарынан кезіккен мәшине көз қарықтырған жарығын өшірместен, су шашыратып өте шықты. Жандарынан қыз бен жігіт жүгіріп өтті, жігіт пенжегін шешіп, қыздың басын қалқалап алыпты. Малмандай су болған бір велосипедші жолдан шұғыл бұрылып, көгалмен қиғаш тартты.БАУЫР: Жігіттер, бері жүріңдер! Паналай тұратын орын табайық!Үшеуі жаңбыр астында малмандай су боп жүгіріп барады. Оқшау тұрған еңселі үйдің бірінші қабатындағы ашық балконды байқап қалған Бауыр соған ытқып шықты. Міне, енді бәрі балконда, үстерінің суын қаққылап, демдерін басуда.Осы кезде Қыз да бір үйдің кіреберісіндегі қалқа астында жаңбырдан паналап тұр.Су бұрқағының бетіндегі көпіршіктер.Асфальтпен андыздап аққан жаңбыр суы.Шатырдан сарқырай тамған тамшылар. Белгісіз біреудің иесіз балконына жайғасқан үш дос виски бөтелкесін ортаға алған. Әрқайсысы бір-бір демнен ұрттап ішеді.БАУЫР: Отырысымыз қандай тамаша!ЖІГІТ: Оның рас.Қыз қалқа астынан басын шығарып, жаңбырдың әуселесін байқады да, қолшатырсыз-ақ жүре бермекші боп ниеттенді.Міне, жүгіріп барады, бетінен жаңбыр тамшылары сорғалайды.Жаңбыр да біртіндеп саябырсиын дегендей.Үш дос балкондағы отырыстың қызығына әбден берілген.ЛЕХА: Осы бар ғой, жаңбыр жауса болды, менің тынышым кетеді... Қолқам оянып, мазаны алады.ЖІГІТ: Жә, қоя-ғой! Әзірге саған көмектесер еш қауқар жоқ. Мына жаңбыр басылсын, содан кейін саған ай десе аузы, күн десе көзі бар бір сұлуды тауып береміз...ЛЕХА: Жаңбыр таусылған шақта, бауырым... қолқа да қысуын қояды...ЖІГІТ: Ал маған, жаңбыр болсын, болмасын, бәрібір...БАУЫР: Сендерде арман жоқ.Екі дос Бауырға таңырқай қарады. Оның мойны салбырап кеткен. Қос жолдас Бауырды құшақтай алды.Кенет, бұлардың арт жағынан, пәтердің ішкі дәлізінен көмескілеу жарық жанды. Үшеуі бірдей сасқалақтай қарады – қоналқы, үлкен бөлмеде жарық жоқ. Жарық не де болса есік жақтан, кіреберістен түскен сияқты. Пәтер күңгірт сәуле құшағында.Асүйдің ашық есігінен қосымша жарық жанды. Іле-шала асүйден қоналқы бөлмеге шыққан әйелдің сұлбасы көрінді. Біздің күні бойы ізімен жүріп, бірде тоқайласып, жүздесіп, бірде ажырасып, алыстап отырған кейіпкер Қызымыздың үйі боп шықты, бұл! Қыз бокалға шарап құйды. Содан соң, бір ырғап бөтелкемен соғыстырды. Бокалынан бір ұрттап, жақын тұрған үстелшеге қойды да, қабырғадағы шамды жақты. Қонақ күтетін бөлмеге самаладай жарық түсті. Қыз үстіндегі су болған көйлегін шешті. Шашын кептіре бастады. Содан соң, бокалын қолына алып, шарап ішті. Күйтабақты желісіне қосты.Нина Симоненің орындауындағы «Тастамашы мені, өтінемін» дейтін ән французша қалықтады. Осы тірліктің бәрін Қыз үздіксіз қимыл үстінде жасап жүр. Ол тағы бір жұтым шарап ішіп, жуынатын бөлмеге кірді. Сонда тұрып, сүлгімен шашын құрғатты. Бейнесі – айнада. Денесін сүлгімен орап, қонақ бөлмеге қайта шықты. Қолына шарап құйылған бокалын ұстап, төрге озды. Жарық көмескілеу болғанымен, бәрі ап-анық көрінеді. Үш дос аңырған қалпы үнсіз қатып, Қыздан көз алар емес. Әйнек сыртынан іштегі музыка еміс-еміс естіледі.Қыз сүлгіні тастай салды да, манекенге ілінген көйлекті алып (әлі тігіліп бітпегені көрініп тұр) кие бастады. Көйлек сымбатты денесіне қона қалды. Қыз айнадан өзін-өзі қызықтап тұр. Көйлектің артындағы сыдырма ілгек толық қапсырылмапты.Жігітіміз бір ғажайып түс көріп тұрғандай, аң-таң сілейіп қалған. Леха тықыршып қозғала беріп еді, жанында тұрған вискидің бөтелкесін қағып кетті. Бөтелке шайқала беріп, балконның еденіне салдыр-гүлдір құласын! Оқыс дыбыс шыққан жаққа жалт қараған Қыз балкондағы бейтаныс жандарды бірден байқады! Бір сәт сілейіп тұрды да қалды. Содан соң, лезде есін жиып, бөлмеден жүгіре шықты.БАУЫР: Шошып кетті!ЛЕХА: Қазір полицияға хабарлайды...Жігітте үн жоқ.Қыз ауыз үйде телефонмен сөйлесіп тұр.ҚЫЗ: Алло! Полиция! Менің терезесіз ашық балконыма белгісіз біреулер кіріп алыпты. Тез келіңіздер, құдай ақы! Не керек екенін білмедім. Тез, тез... жетіңіздерші!.. Қорқып тұрмын!Балкондағы терезе алдында − қаздай тізіліп, состиған үш еркек. Ауыздарында – сигара.Пәтердегі бар шам жамырай жағылып, іле-шала қолына телефон ұстаған Қыз терезеге сақтана үркіп, жақын келді. Бұларға ымдап бірдеңелерді айтты, бірақ даусы естілмейді.ЛЕХА: Сірә, полицияға хабар бергенін айтып тұрған болар?БАУЫР: Ойбай, кетейік!ЖІГІТ: Сендер кете беріңдер, жігіттер! Мен қаламын.БАУЫР: Жай ма?ЖІГІТ: Бүгін ерекше бір қызық оқиға болғалы тұрған сияқты.ЛЕХА: Оның үстіне, өзіміз маспыз...БАУЫР: Дәл солай. Кетейік, Леха?!ЛЕХА: Кетейік.ЖІГІТ: Хабарласармыз, жігіттер! Сау болыңдар!Екі дос бірін-бірі қолпаштап, балконнан салбырай секіріп түсіп, жүгірген бойы көрінбей кетті. Жігіт терезе алдында жалғыз қалды.Кенет әйнек тықылдады. Қыз ептеп басып, терезеге жақындады да, шілтерлі пердені ысырды. Жігіт бөтелкесін жоғары көтеріп, «соғыстырайық» дегендей белгі беріп, онысын саусағымен шертті. Қыз байқаусызда бокалын көтере беріп, түсіре қойды. Жігіт вискиін жөпелдемете ішіп жіберді. Сигара тұтатты. Шылымын бір-екі сораптап, орындыққа жайғасты. Екі аяғын айқастырып, біраз отырды. Темекісін тағы да тартайын деп еді, өшіп қалыпты. Газды оттығын алып, бірнеше рет шағып көрді – жанбады. Оттықтың тұтанатын түрі жоқ. Ол енді орнынан тұрып, терезені қайта қақты. Әйнек сыртынан Қызға ымдап, бірдеңе айтып жатыр.ЖІГІТ: Ғафу етіңіз! Сіріңке бересіз бе? Оттығым өшіп қалыпты.ҚЫЗ: Немене?!ЖІГІТ: Сіріңке беріңізші! Құдай ақы, оттығым жанбай қалды...Қыз сәл ойланып асүйге барды да, сіріңке алып келіп, терезенің желкөзін ашты. Содан соң, терезе саңлауынан бір қорап сіріңке тастады. Өзі орындығына қайта отырды. Жігіт шылымын тұтатты. Қыз бейқам кейіпте отырған, кенет оны әлдене елең еткізгендей болды. Бірнеше рет ауаны иіскеп көрді. Біресе терезеге, біресе есікке қарады. Орнынан тұрып, балконға жақындады. Ептеп терезені шертті. Жігіт артына бұрылды. Қыз орындыққа шығып, желкөзден айғайлады.ҚЫЗ: Сіз не тартып отырсыз?ЖІГІТ: Сигара. Гавана сигарасы.ҚЫЗ: Кубаның... темекісі ме? (мұрнын тыржитты).ЖІГІТ: Түтіннің иісін жаратпайтын ба едіңіз?ҚЫЗ: Қолқаны атып барады. Исі қандай жаман... сасық...Қыз теріс айналды. Жігіт темекісін бұрқыратып қоймайды. Бөтелкені алып қараса, түбінде аздап бірдеңе қалған екен. Қайтадан терезені қақты.ЖІГІТ: Маған стақан беріңізші!Қыз таңқала басын шайқады, әйткенмен ас ішетін бөлмеден бокал ұстап оралды. Онысын желкөз арқылы Жігітке берді. Екеуінің саусақтары сәл-пәл түйіскендей болды.ЖІГІТ: Рахмет, жарқыным!Осы сәтте есік қағылды. Іле қоңырау шырылдады.ҚЫЗ: Міне, енді сазайыңызды тартасыз!..Қыз есік ашты. Фуражкасына қонақтап қалған жаңбыр тамшыларын шерткен күйі полиция қызметкері кірді.ПОЛИЦЕЙ: Шақырдыңыз ба?ҚЫЗ: Иә... Жоқ... Иә...ПОЛИЦЕЙ: Түсінікті!Полицей екпіндей кірді де, балкондағы орындықта тұрып, ішке еміне түскен Жігітті көзі шалды.ЖІГІТ (желкөзден айғайлап): Амандық тілеймін, жолдас майор!ПОЛИЦЕЙ: Саламатсыз ба! Балконда не істеп тұрсыз?ЖІГІТ (балконнан): Түсінсем бұйырмасын! (Қызға) Жаным, мен мұнда не істеп тұрмын?ҚЫЗ: Қайда?ЖІГІТ: Балконда?ҚЫЗ: Енді...Қыз сасып, не айтарын білмеді. Тұнжырап полицей тұр.ПОЛИЦЕЙ: Түсінікті. Не тартып тұрсыз?ЖІГІТ: Сигара. Тартасыз ба?Жігіт балконнан сигара ұсынды. Қыз оны секіре іліп алып, полицейге әкеліп берді. Полицей темекіні саусақтарымен ысқылап көріп жатыр. Қыз тұтатып берді. Полицей айналасына енді қарай бастады.ҚЫЗ: Отырыңыз!Полицей жұмсақ орындыққа жайғасты.ПОЛИЦЕЙ (Қызға): Не ішіп жатырсыздар?ҚЫЗ: Шарап. Ішесіз бе?ПОЛИЦЕЙ: Болады.Полицей сигарасын бұрқырата тартты. Содан соң, орындықтың арқасына шалқайды. Үнсіздік. Қыз оған бокалмен шарап ұсынды.ПОЛИЦЕЙ: Мүмкін, шын бақыт осы болар, ә? Ұядай жылы үйде, мынадай жұмсақ орындықта шалқайып отырып шарап ішсең, сигара тартсаң... Адам жанына бұдан артық не керек?Жігіт пен Қыз бір-біріне қарады. Полицей, ақыры, орнынан тұрып кетуге оқталды.ПОЛИЦЕЙ: Жарайды, мен қайтайын! Ал сіздер, қайткенде де, отбасы – ошақ қасының кикілжіңдерін бейбіт шешуге тырысыңыздар! Әйтпесе, анау отағасын балконнан шығарғаныңыз жөн шығар. Қай үйде қазан-аяқ сылдырламайды дейсіз? Қанша дегенмен... Мамыр айы емес... Ауырып қалар...Қыз полицейді есікке дейін шығарып салды. Баяу басып, бөлмеге оралды. Сөйтті де, үн-түнсіз балконның есігін ашты. Суықтан, әлде ылғалдан дірдек қаққан Жігіт бөлмеге лып етіп еніп, пенжегін шешіп, диванға жайғасты.ЖІГІТ: Байғұстың әйелден жолы болмаған екен.ҚЫЗ: Оны қайдан білдіңіз?ЖІГІТ: Байқадыңыз ба, әлгі полицей адам баласының, әсіресе, әйел затының көзіне тік қарамай, кірпігін жыпылықтата береді екен. Әйел атаулыдан аузының салымы болмаған, немесе солардан әбден запы болған еркектер, әдетте, сүйтеді...ҚЫЗ: Бұл не сандырақ?ЖІГІТ: Отырыңыз! Кеңірек түсіндіріп берейін.Жігіт диван жастығын еденге тастады.ҚЫЗ (оның әдепсіздігіне ашулана бастап): Кептірініп, жан шақырып алуыңызға жарты сағат жететін болар?ЖІГІТ: Жарты сағат? Сонша көп уақыт бересіз бе? Рахмет!Ол туфлиін, галстугы мен шұлығын асықпай шеше бастады.ҚЫЗ: Иә, сыпайылықтан алдыңызға жан салмайтындығыңыз көрініп-ақ тұр! (Асүйге беттейді).Бөлмеден шыға жөнелгенде, оны Жігіт кенет тоқтатады.ЖІГІТ: Тұра тұрыңыз! Тоқтаңыз, өтінемін!Қыз селк етіп, артына бұрылды. Жігіт орнынан әнтек көтеріліп, Қыздың сырт жағынан жақындады да, мойнына қолын созды. Қыз шалт шегінді.ЖІГІТ: Қозғалмаңыз!Қыз сілейіп қалған. Жігіт баяу қимылмен, оның үстіндегі көйлектің арқа тұсындағы сыдырма замогын сыдырта жылжытты. Сырт көзге онысы Қызды қапсыра құшақтамақ болғандай көрінеді. Сасып қалған Қыз бөлмеден атып шықты.Нина Симоненің орындауындағы кезекті ән. Асүйде Қыз өзіне шарап құйып тұрған.ЖІГІТ: Жақсы шарап!Қыз артына жалт бұрылса, үстінде тек желең жейде, жалаңаяқ Жігіт – бір қолына шарап құйылған бокалын, екінші қолына айналмалы орындықты алып, есік көзінде тұр екен.ЖІГІТ: Жаңылмасам, бұл Сент-Эмилион болар?ҚЫЗ: Иә. Аяғыңызға шәрке кисеңіз етті, еден суық-қой. Оны кіреберістен алуға болады.ЖІГІТ: Рахмет. Маған осы қалпым ұнайды.Ол қыр көрсеткендей айналма орындықты асүйдің қақ ортасына қойып, құдды өз үйінің төрінде жүргендей, маңғаздана отырды. Жігіттің бұл қылығына ашуланса да, Қыз істерге амалы құрып, біресе тоңазытқышты ашып, біресе шәйнекті отқа қойып, әбігер болды.ҚЫЗ (оның сөзін бөліп): Шайға қалайсыз?ЖІГІТ: Рахмет. Шарабым әлі таусылған жоқ. Білетіндер вискиден кейін шарап ішу қауіпті деседі.Қыз шарап ұрттады.ҚЫЗ: Онда неге ішесіз?ЖІГІТ: Мен – маскүнеммін! Иә, солай. Дегенмен, «әркім ақылынан әрқалай алжасады» деген сөз бар емес пе?ҚЫЗ: Демек, мен де «ақылымнан алжасқанмын» ғой?Жігіт күледі.ЖІГІТ: Бері қараңызшы, жарқыным! Тыңдағаныңыз – кілең француз музыкасы, ішкеніңіз – тек француз шарабы, ал, оңашада француз сазына елтіп билейсіз! Бұл дағы, алжасудың бір түрі емей, немене, сонда?ҚЫЗ: Мүмкін, мүмкін. Бірақ онда Сіздің қандай шаруаңыз бар? Алжассам – мен алжастым! Өз жөніңізді біліңіз! Сәл жылы қабақ танытып едім, басына бастадыңыз ба? (Кетуге ыңғайланады). Осыдан мен қайта оралғанда, қараңыз бататын болсын!Қыз жуынатын бөлмеге кіріп, есігін ішінен жауып алды.ЖІГІТ (оның соңынан): Сізді ренжітейін деген ойдан мүлдем аулақпын! Соншама не айттым?.. Артық кетсем, кешіре көріңіз!..Қыз ваннада.Жігіт айналмалы орындығын құшақтап, қонақ бөлмеге өтті. Орындықты бөлменің ортасына қойып отырып алды да, әрлі-берлі ырғала айналып, бөлме ішін мұқият зерттей бастады. Әлденеге риза болмағандай, басын шайқап қояды. Терезе алдындағы мүсінге назары ауды. Орындықтан лып етіп тұрып, соған барды. Қолына алып, әрлі-берлі салмақтап көрді. Қайтадан орнына қойды. Содан соң, күйтабақтар дестеленген сөреге барып, ақтара қарап шықты да, біреуін таңдап, ойнатқышқа қойды. Ырғаққа бай, аспапты музыка шалқыды. Ол әуелі иығын қозғағыштап, елтіген болды. Содан соң, билей бастады.Қыз ваннаның шетінде шылым шегіп отыр, аракідік қолжуғышқа темекінің күлін қағып, сыртқа құлағын түріп қояды.Есіктің шиқылдай ашылған дыбысы естілді. Жігіт қайрылып қараса – сәнді қауырсын қалпақ киген бір әйел кіріп келе жатыр екен. Аяғы-аяғына жұқпай, дөңгелене билей жүріп, Жігіт оған жақындайды.ЖІГІТ: Сәлем бердік, мынау ғажайып сұлулыққа!ҚЫЗДЫҢ ҚҰРБЫСЫ: Сіз... Маған айтасыз ба?ЖІГІТ: Иә, Сізге де, қалпағыңызға да қатысты, бұл сөз! Билейміз бе?ҚҰРБЫСЫ: Біртүрлі, ыңғайсыз сияқты...ЖІГІТ: Келіңіз, келіңіз! Ұялмаңыз!Ол әйелдің қолынан жұлқа тартып, бөлменің ортасына алып кетеді. Екеулеп, танго биін бастап жібереді. Би кезінде оқыс қимылдан әйелдің қалпағы ұшып түседі.Жуынатын бөлмеден шыққан Қыз бұлардың әмпай-жампай билеген түрлеріне қарап, аң-таң қалады. Ілезде күйтабақтың инесін жұлып алып, музыканы тоқтатады.ҚЫЗ: Осы секеңдегендерің де жетер! Көршілер шулап жатыр!Жігіт пен әйел биін тоқтатты.ЖІГІТ: Не боп қалды, біз енді қыза бастап ек?!Қыздың құрбысы қапелімде не дерін білмей, ошарылып тұрды да, диван жанындағы орындыққа отыра кетті. Жігіт оны қуалай келіп, иығын, арқа тұсын уқалай бастады. Әйелдің шашы дудырап, жайылып кеткен.Қыз әткеншек орындықта отыр. Тербеле түсіп, шарабын сораптап, екеуінен көз алмайды.ҚҰРБЫСЫ (қысылғанын білдірмеуге тырысып, сампылдап сөйлеп жатыр): Қандай ғажап!.. Қандай саз, қандай би, қанаттандырып жібергендей! Ғажайып! Мен дәл осылай соңғы рет... мектеппен қоштасу кешінде билеген болатынмын.ЖІГІТ: Биімізді жалғастырсақ қайтеді?..ҚЫЗ (әткеншек орындықтан ұшып тұрып): Меніңше, бүгінге осы да жетеді!Құрбысы кетпекке ыңғайланып, қауырсын қалпағын кие бастады.ҚҰРБЫСЫ: Жарайды, мен қайтайын...Ол орнынан тұрып, Жігітке қолын берді.ҚҰРБЫСЫ: Танысқаныма қуаныштымын!Жігіт тақап келіп, кенеттен оны қапсыра құшақтай алды да, жабыса ұзақ сүйді. Қыз бірнеше рет жөткірінгенде барып, ернін босатты.ҚҰРБЫСЫ (абдырап): Бұл өзі... ойламаған жерден... болды-ау!..Қалпағы шекесіне түсіп кеткен.ҚҰРБЫСЫ: Сау болыңыз!ЖІГІТ (Қыздың әткеншек орындығына отыра кетіп): Жолың болсын, қалқаш!ҚҰРБЫСЫ: (Қайтып келеді). Ой, ұмытып барады екем! Есімнен тарс шығып кетіпті... Бірақ, оның саған енді керегі жоқ шығар?..ҚЫЗ: Ненің керегі жоқ? Қане, айт!Құрбысы сыртқы есікті ашып, подъезге айғайлайды:ҚҰРБЫСЫ: Нұржан! Нұржан!Аяқ тықыры естіліп, артынша ауызүйге орта жастар шамасындағы мұртты еркек кіреді.ҚҰРБЫСЫ: Танысып қойыңыздар! Бұл – Нұржан! Бокстан жаттықтырушы. Өте сыпайы азамат.Қыз бен Нұржан бір-бірімен ауызүйде танысады. Құрбысы жанында. Сол сәтте, сәл бөгеліп қалған Жігіт бері шығады. Бүйірін таянып, бір қолымен есіктің жақтауына сүйене, бәлсініп тұр.ЖІГІТ: Иә. Мынау не қылған шу?Ептеп қысылып қалған Нұржан оған қолын ұсынады.НҰРЖАН: Саламатсыз ба? Нұржан!Жігіт Нұржанға қолын бермейді.ЖІГІТ: Демек, боксшымын деңіз... Әдетте, сөзден бұрын жұдырық жүгіруші еді... Ия, оң жақтан – бір хук, солдан – бір хук, шықшыттан, не жақтан апперкот! Солай емес пе?НҰРЖАН: Иә, солай... Бірақ... Немене, сізге бокс ұнамай ма?ЖІГІТ: Бокс, бокс кімге ұнаушы еді, тәйірі?! Жаным, саған ұнай ма? Жоқ? Маған да. Бірін-бірі өлгенше тоқпақтайтын спорттың кімге сүйкімі болуы мүмкін?Нұржан оған төне жақындады.НҰРЖАН: Сен айтарыңды айтып болдың ба?ЖІГІТ: Біз қашан «сенге» көшіп едік?..Ол сөзін айтып үлгергенше Нұржан ішінен бір ұрды. Жігіт бүктетіліп барып, еденге сылқ түсті.Еркектердің бұл ісіне аң-таң қалған Қыз абыржыды. Оның құрбысы да, аяқ астынан не айтарын білмей састы.НҰРЖАН: Абыржымаңыздар, ол көп ұзамай есін жияды. Қатты ұрған жоқпын. Жай ғана сүйкеп өттім. Сау боп тұрыңыздар! Танысқаныма қуаныштымын.Нұржан кетеді. Құрбысы таяқ жеген Жігіттің жанында тізерлей отыр. Қыз состиып тұр.ҚЫЗ (құрбысына): Сен де кете бер! Керемет адам екен, Нұржаның!Құрбысы мазасыздана қарайды. Бірақ, Қыз оған тоқтаған жоқ.ҚЫЗ: Өзім-ақ есін жиғызамын! Кете бер! (Құрбысы шатқаяқтай басып, шығып кетеді).Міне, Қыз Жігіттің ауыр денесін екі иығынан, қолдарынан тартқылап, кілемнің үстімен сырғыта сүйреп барады. Әрең дегенде диванға жеткізді. Маңдайынан тер сорғалады. Демін енді басқаны сол еді, ту сыртынан ән естілді. Сөйтсе, манадан бері ақ тер көк тер боп сүйрелеген Жігіті ыңылдап ән салып отыр. Қыз ышқына айғайлады.ҚЫЗ: Немене, мені мазақ қылғаныңыз ба, мынау?! Не масқара?!Жігітті шапалақпен тартып жіберді.ЖІГІТ: Не қылған бітпейтін таяқ жеу? Бүгін, жер жүзінің бәрі мені сабауға бәс тіккен бе? Біресе, қонағыңыз, біресе өзіңіз!.. Менің жаным сірі деп кім айтты, Сізге?!Екі қолын басына жастанып, теріс қарап жатып алды. Тіпті, сәлден кейін қорылға басты. Қыздың жыны қайнап, не істерін білмей әлек.ҚЫЗ: Мынау адам көрмеген сұмдық қой! Естіп-білмеген мазақ қой!Асүйге беттеді. Жігіт лезде «оянып», Қыздың соңынан айғайлады:ЖІГІТ: Тағы қайда жөнелдіңіз? Сіз кетсеңіз, менің жағдайымды кім ойлайды?