ВЕРНУТЬСЯ

       Біз қаланың шетіндегі өткен жылы ғана салынған екі
пәтерлі үйлердің бірінде тұратын едік. Бірінші пәтер - Шеңгелшиндердікі,
екіншісі - біздікі. Сонымен қатар бұл үйде бізден басқа тағы да екі семья
бар-ды. Олар шатырды мекендейтін. Менің бұл арада айтайын деп отырғаным - шатырдың
қарама-қарсы екі жағына орналасқан төрт қарлығаштың ұясы туралы. Мүмкін оларды
"семья" деп атау орынсыз да шығар. Бірақ төмендегі бір оқиғадан кейін
мен оларды әдейі осылайша атап отырмын. Екі ұядағы қарлығаштар да өте тату тұратын.
Кейбір "ұрысқақ құстар" тәрізді құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейге таласып,
шаңқылдасып жату бұларда мүлдем болмайтын. Әр ұядағы семья өзінше шаруа қылып,
өзінше күнелтетін. Кейде ертеңді-кеш төрт қарлығаштың төртеуі де телефон сым
темірлеріне қатар-қатар қонып алып, шықылықтай сайрап, тату-тәтті әңгіме-дүкен құрып
отырғанын көруге болатын еді. Мен үшін олардың осы бір көңілді әуеніне құлақ тігіп,
ертеден қара кешке дейін бір тынбайтын шаруашыл күйбеңдеріне қарап отырудың өзі
үлкен ғанибет. Біздің бір-бірімізге етене жақындасып, үйреніп кеткеніміз
соншалық - мен оларды топ қарлығаштың ішінен бұлжытпай танысам, олар менен
мүлдем қорықпайды. Тіпті, шатырға шығып, ұяларына үңілгенімде де онша
дегбірсіздене қоймайтын. Ал шатырдың Шеңгелшиндер жағындағы қарлығаштардың үш
балапаны, біз жақтағы қарлығаштардың төрт балапаны бар-ды.

Енді Шеңгелшиндер жайында. Олар үш жан: үй иесі - жасы
отыздарға келген, ілмиген арық денелі, сіріңке қара, бейпіл ауыз сұғанақ кісі. Аты
- Ағабек. Оның жүріс-тұрысы,
сыпсыңдаған сөздері, ескі
етіктің былғарысындай
қыртыстана жиырылып қалған бір елі тар мандайынан тіп-тік сөлбірейе түскен қоңқақ мұрнының әлдеқандай жағымды иісті сезгендей делдиіп тұратын танаулары - бәрі де кез-келген
адамға бір түрлі жаман әсер ететін. Ағабек үлкен универмагта сатушы болып істейтін.

Мусик - оның
әйелін осылай атайтын. Ағабектің өзіне қарағанда
әлдеқайда жас, әрі келбетті
адам. Мусиктің тұңғиық көгілдір көзі, үнемі күлімдеп
жүретін жайдары да әдемі жүзі
адамға көргеннен-ақ жылы ұшырап, жақын тартып тұрады. Оның, әсіресе, шолпыдай
сыңғырлаған әсем күлкісі қандай
десеңізші! Бойыңды
шымырлатып, елтітіп әкетеді де, сол
нәзік қоңырау ести берсем, ести берсем деп ынтықтырады.
Мусик ресторанда даяшылық қызмет атқаратын. Ал Ағабек пен Мусиктің арасында
төртке жаңа ғана толған Эдик деген ұл бала бар. Әке-шешесі жұмысқа кеткенде Эдикті ортадағы үлкен

бөлмеге қамап қояды немесе есікті тарс бекітіп, далаға тастап кетеді.
Сөйтіп, байғұс бала күні бойы сарғайып терезе алдында отырады да қояды. Әйтпесе
үй-күйсіз қаңғыбас жетімек құсап бірге ойнайтын көршілес балалардың үйінен
тамақ ішіп қаңғырып жүргені. Мен оны аяймын, жаным ашиды бишара сәбиге. Жұмыс
кезегім түнгі сменаларға ауысқан күндері әке-шешесіне үйге қаматпай, сұрап алып
қаламын да, жаныма ертіп жүремін. Ойнаймыз, киноға барамыз...

Уақыт озған
сайын мен үлкен Шеңгелшинді мейлінше жақтырмайтын болдым. Өйткені, олардың
өмірі тым жұпыны, жадау еді.
Рас, олардың тұрмысы жаман емес, дұрысырақ
айтқанда, сатушы мен даяшы сияқты көптеген қарапайым қызмет иелерінің тұрмысынан
әлдеқайда артық. Неше түрлі масаты
кілемдер, гардероб, буфет, радиоқабылдағыш, телевизор,
тоңазытқыш, кір жуғыш машина - бәрі де, керегі де, керек емесі де толып жатыр бұл үйде! Жия берген, жия берген...
Мен токарьмын. Мақтанғаным емес, бір өзім олардың екеуінің еңбекақысын
қосқандағыдан едәуір көп табамын. Сөйтсе де біздікінде олардың үйіндегідей
дүние-жиһаз жоқ. Оның үстіне олардың бір нәрсеге мұқтаж боп отырғанын көрген емеспін.
Ішкендері - арақ, кигендері - асыл. Осы
жайт мені қатты таңқалдырып жүрді. Соншама ақшаны қайдан алады олар?

Ағабектің өзі
сияқты жылтың қаққан жылпос достары көп.
Олар мұнда жексенбі сайын жиналып, көңіл көтереді. Көздері
қанталағанша ішіп-ішіп, ақырында не төбелесіп, не таласқан иттерше
ырылдасып-керілдесіп тарқайды. Алайда қанша шатақтасқандарымен келесі
жексенбіде тағы да жиналады. Тағы да ішу, тағы да шаң-шұң, тағы төбелес... Осы бір
"думанның" мені мезі еткені сондай - келе-келе жексенбі күндері кешке
қарай үйде отыра алмайтын болдым. Бұлар бекер дастархандас емес сияқты. Менің
байқауымша, Ағабек универмагқа түскен кейбір жұртшылыққа зәру товарларды өзі
сатып алып, үйіне әкеледі де, мына достарына береді. Соған орай кейбірінен
өзіне қажетті зат алады немесе солар арқылы қымбат бағамен саттырады. Бұл
семьяның тағы да бір ерекшелігі мынау. Сенбі және жексенбіден басқа уақыттарда
Ағабек үйіне өте сирек түнейді. Ал келе қалса түнгі сағат
үш-төрттерден ерте оралмайды. Мусик ше? Шынымды айтсам, мен Мусикті жап-жақсы
әйел деп ойлаушы едім. Сөйтсем, қатты қателесіппін. "Түсі жақсыдан түңілме" деген бекер сөз екен. Оған осы Мусик арқылы көзім жетті. Жасыратыны жоқ,
мен оны ұнататынмын.
Соңдықтан да оның үйіне келген-кеткендерді саналы
түрде болмаса да, әлдеқандай соқыр сезімнің нұсқауымен барлап, аңдып
жүретінмін. Мусик рестораннан
кешкі сегізде шығатын. Үйіне келгенде қасына көбінесе әлдебір мас адамдар ілесе
келеді. Өзіме-өзім қанша ақыл салып, тәк-тәкке шақырсам да, әредікте тұла
бойымды қызғаныш жалыны шарпып өткендей болады. Heгe? "Албаты біреудің
әйелін қызғануға сенің қандай правоң бар?!" - дейім өзіме-өзім. Әрине, бұл
жүрек шіркіннің санаға бағынбай, бұра соққан теріс толқыны. Мен оны білем.
Сондықтан Мусикті барған сайын жек көре түсем.

Бір күні мен Мусикке әңгіме
арасында былай дедім:

- Мен осы сіздердің өмірлеріңізге
түсінбеймін. Ағабек аға үйге неге
түнемейді, қайда жүреді ылғи? О кісінің жұмысы да сегізде бітпей ме? Құпия болмаса, айтыңызшы...

- Е, тәйірі-ай, қайда жүруші еді ол азбан!
Көрінген жезөкшенің етегіне жармасып,
юбкасын иіскеп жүреді де! - деді
Мусик ешбір ашусыз көтеріңкі
үнмен, әлдебір қуанышты
жаңалықты хабарлап тұрғандай-ақ. Мен төбемнен жай түскендей болып, біразға дейін не дерімді білмей қалдым.

- Иә, жігітім, неге үндемей қалдың? Көзің
шарасынан шығып кетіпті ғой! Қойшы
әрі сонша тесілмей. Жалаңаш қалпымда
көріп отырғандай көзіңмен ішіп-жеп барасың ғой

өзің! - деп Мусик қылымси күлді.

- Сіз сонда Ағабектің сөйтіп жүргенін біле тұра...

- Біріншіден, сен мені сіз деме. Менен кіші
емессің ғой, менің де қартайып тұрған
шағым емес. Екіншіден, мұнда тұрған
ештеңе де жоқ. Ағабектің жайын мен білем, ал менін жайымды ол біледі. Бірімізден біріміз еш нәрсе де жасырмаймыз...
Және, кім еді әлгі? "Өмір адамға бір-ақ рет  беріледі" - дейтін...
Шолохов қой деймін?

- Жоқ, Шолохов емес, Островский, - дедім мен
түзетіп, - Николай Островский.

- Е, Островский болса, Островский болсын.
Кім айтса да бәрібір ғой. Иә, өмір
адамға бір-ақ рет беріледі, сондықтан да одан бар қызықты, бар ләззәтті сығып ала білу керек! Сенен ұялатын не бар. Бәріміз де жас емеспіз бе? Ал жастық шақта ойнап-күлмесең жастықтың
қызығы бола ма?! Мысалға, мына өзің
сияқты бозбалалар сөз айтса, көңіл қоспасқа
не?! Менің ештеңем де кетпейді, қыз емеспін. Ал махаббат ләззаті... Ой, құрсыншы, қайдағы философияға қайдан ұрындық! Қояйықшы осыны, одан да... - деп ол

кенет серпіліп кетті де,
кәззәптықпен қылымси қалды. - Осы
сенің менде көңілің бар-ау деймін! Қалай? Көкейіндегіні дәл таптым ғой деймін.
О, сен бірақ ынжықсың, жоқ ұялшақсың!..

Сұмдық еді бұл! Бағанадан бері өзімді әлдебіреу
үстіме жиіркенішті лас нәрсе төгіп жатқандай сезініп отырған мен дәл осы арада
шыдамым таусылып, енді сәл кешіксем қарс

айырылып, қайнап кететінімді білдім де, ләм деместен есігін тарс ұрып, ата
жөнелдім... О, ғаламат! Неткен пасықтық, неткен топастық, қандай шірікте
сасық "философия"!..Тфу-у!!.

Шірік ағаштан
салған көпір көпке шыдаушы ма еді? Ол алғашқы
ауыр салмақ түскенде-ақ опырылып кетеді ғой. Сол сияқты қоғамның шірінді екі қалдығынан құралып,

шірік моральға, сасық "философиясымаққа" негізделген бұл семья да
көп ұзамай-ақ беломыртқасынан опырылып, быт-шыт болды. Адам нанғысыз сұмдықты,
денең түршігіп, төбе шашың тік тұратын, кісіге тән емес қатал азғындықты мен сонда
көрдім. Сот алдында (осы бір масқара процеске мені куәлікке шақырыпты!) әрбір
шүберек, әрбір темір, әрбір қасық пен ине-жіпке дейін өңештері жыртылғанша
қызыл кеңірдек болып дауласқан ерлі-зайыпты Шеңгелшиндер мәселе Эдикке келіп
тірелгенде азар да безер болып, екі жаққа тайқып шыға берді! О, сұмдық! Мен
жағамды ұстадым. Сот та не істерін білмей, сасып қалды.

- Рұқсат етсеңіздер, Эдикті тәрбиелеу міндетін мен
өз мойныма аламын! - дедім мен орнымнан ұшып тұрып. - Ол мені, мен оны жақсы
білеміз. Ата-анасы қарсы болмас деп ойлаймын Және олардың көмектесуін де талап
етпеймін.

- Иә, иә! Біз
қарсы емеспіз! Алсын осы жігіт! - деді Шеңгелшиндер
қуанышты үнмен қосарлана сөйлеп...

Сөйтіп, мен
әйел алмай тұрып-ақ балалы болдым. Әке атандым!
Эдик мені "Папа" деп атауға өте тез үйреніп кетті. Көп ұзамай-ақ Ағабек пен оның
сыбайластары ұсталып, түрмеге жабылды. Мусик бұрынғы орнында істей берді. Міне,
дәл осы кезде Шеңгелшиндер жақтағы қарлығаштар семьясы да қатерге ұшырады. Бір ұядағы
үш балапан түгелдей өліп қалды. Осы оқиғадан кейін мен жан дүниемді қатты
тебіренткен тағы бір жайтті көрдім. Балапандарынан айырылған қарлығаштар жем
тасуларын тоқтатқан жоқ. Алып келген құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейлерін біздің ұядағы
балапандарға бере бастады. Алайда мұның өзі оңай емес еді. Өйткені тірі
балапандардың енелері аналарды өз ұясына жолатқысы келмейді. Бірі жемге
кеткенде екіншісі ұяны күзетеді. Бірақ аналар да өз мақсаттарынан
қайтпады. Әкелген жемдерін қиян-кескі алыс-жұлыспен, қатты төбелеспен ұяға апарып, өгей балапандарға береді.

Бұрын
тату-тәтті шықылықтасып отыратын төрт қарлығаштың, шырқы осылайша бұзылды. Бәрі
де сары ауыз балапандар үшін! Осыдан кейін Шеңгелшиндер сияқты адамсымақтардан
кәдімгі қарлығаштар әлдеқайда саналы, әлдеқайда артық деп қалай айтпассың!
Мейлі құстардікі соқыр сезім, жәй
инстинкт болсын-ақ. Сонда да мен олардың соқыр сезімін Шеңгелшиндердің саналы
азғындығынан әрқашан жоғары
қоямын.

1959 ж.