ВЕРНУТЬСЯ

      Мәмбетке де кезек келді. Әлгінде ғана осының алдындағы
ұрыста жеңіске жеткен боксшыға ду-ду қошемет көрсетіп, жағаға соққан теңіз толқынының
шуылындай сарынмен гуілдеп тұрған репродуктордан хабаршы - төрешінің таныс
даусы сампылдап қоя берді.

- Рингке жартылай ауыр салмақтағы боксшылар Омашев
пен Нұрханов шақырылады. Келесі жұптағы...

Мәмбет орнынан тұрды да, есікке қарай екі аттап, артына
бұрылды. Жігіттер де түгелдей көтеріліп, Мәмбетке байыптай қарап тұр екен. Ол
ежелгі әдетінше оң қолын көтеріп, күлімсіреп қойды. Мұнысы: "Саспаңдар, бәрі
де ойдағыдай болады!" дегені еді. Мыстай болып тотыққан денесі қоладан құйылғандай
сом-сом, батырға біткен алып тұлғалы Степан алшаңдай басып, жанына келді де,
дәкемен шандып тастаған жалпақ алақанымен арқасынан қағып:

- Ну, Мамбет, ни пуха, ни пера! - деді өзінің зор денесіне
сай емес жіңішке дауыспен. - Тек байқа, Нұрхановты мертіктіріп тастап жүрме!

Үнсіз тұрған жігіттер біреу команда бергендей-ақ
кенеттен жапатармағай шуылдап кетті.

- Аяма, Мәмбет, ондай мақтаншақты.

- Чемпиондардың қалай қимылдайтынын көрсетші
өзіне!

- Жағынан бес тиындық қара бақыр түсірмесең бәрі
бір ырза болмаймын!..

Мәмбет жолдастарына қолын тағы бір бұлғады да,
жеңіл қимылмен жүгіре басып шығып кетті. Қарсысына ринг орнатылған батыс
трибуна жиналған халыққа лық толы екен. Тіпті, оңтүстік және солтүстік
трибуналардың да жарым-жартысы жапырылған жұрт. Кешкі аспанның батыс жақтағы жұқалаң
қызғылт арайы бірте-бірте сейіле келіп, сондай бір мөп-мөлдір, түпсіз тұңғиық
көгілдір нұрға малынған бөлігінде жарқыраған жалғыз жұлдыз көрінеді. Сол жұлдыз
Мәмбетке жымың, етіп, көз қысып қалғандай болды. Мәмбет тағы да қарады. Жұлдыз
отты жанарын бір ашып, бір жұмып, қуақылана ойнап тұр. "Саспа,
бауырым! Саспа, саспа!.." дейтін секілді.

Жаңадан ғана
жағылған қуатты прожектордың сәулесі әзірше
күңгірттеу төрізді. Батып кеткен күннің алыстан үзіліп кетердей болып әрең жетіп тұрған әлсіз жарығын әлі де жеңе қоймапты.

Рингке баратын
жолдың екі жағына жарыла орналасқан қара-құрым
көпшілік мұны көргенде жапырлай қол соғып және
бір дуылдасып қалды. Міне, ол
рингке де шықты. Жұрт тағы да қол соғып жатыр. Ол жан-жағына
басын изеп, ізет білдірді. Шатырлаған шапалақ үндері кенет бұрынғыдан да
күшейіп кетті: рингке Әлтай Нұрханов
шығып келеді екен. Ол үстіне жамылған ала халатын секундантына беріп жатып
Мәмбетке селқос қана бір қарап өтті.
Сосын тез теріс айналып, табанын аяқ астында жатқан тақтайшадағы құрғақ
балауызға үйкеп-үйкеп алды да, екі
қолымен арқаннан ұстап секеңдей бастады.

- Боксшыларды таныстырамын, - деді хабаршы
алдымен микрофонды тық-тық шертіп қойып, - қызыл бұрышта спорт шебері Мәмбет
Омашев! Алматы қаласының І-командасынан. Көк бұрышта - Әлтай Нұрханов, бірінші
разряды бар. Қарағанды...

Рингтегі
төреші боксшыларды ортаға шақырды. Олар қол алысты.
Енді екеуі де біріне-бірі байыптап көз жіберді, "Жараған аттай бабында
екенсің, жігітім, көрерміз", - деп ойлады Мәмбет. Ал, Нұрханов
көзқарасында баяғы бір тәкаппарлық бар. "Айтқаным - айтқан! Иманынды айта
бер!" дейді оның түксиген қалың
қабағы мен сыздана күлімсіреген кішкене
көздері. Төреші екі қолын олардың арқасына салып тұрып, әдеттегідей отырған жұртқа
естілмейтін әлдебірсыбырлар айтты да, өз бұрыштарына қайтарып жіберді.

- Ал Мәмбет, өзің білесің ғой қалай қимылдауды, - Деді Омашевтің бапкері Шәріп Бекбергенұлы өз шәкіртін екі иығынан қос қолдап ұстап тұрып. - Тек
аптықпа, сабырлы бол. Манағы келісімді ұмытпа. Бірақ, қолайлы кезең тумай ойыңды сездіріп қойма!..

- Бірінші раунд!

Жекпе-жектің
жедел басталғанына тағаты қалмағандай тыпыршып
тұрған Нұрханов дабыл қағысымен-ақ жылдам жалт
бұрылды да, Мәмбетке түксиген қабағының астынан ызғар шашып, алара қараған қалпы асыға жақындап, тап берді. Мәмбет бокспен он бес жасынан бастап шұғылданды. Содан бері әрқайсысы
Толстойдың қалың томдарындай кітап жазуға тұрарлық оқиғаларға толы он төрт жыл
өтіпті. Осы мерзімнің ішінде ол ринг үстіне 179 рет шығып, соның 152-сінде
жеңіске жетіпті. Иә, талай-талай жауапты жарыстарды бастан кешірді ғой. Он
сегіз жасында бірінші разрядтың нормасын орындады, ал одан үш жылдан кейін СССР
спорт шеберінің значогін омырауына қадады. Қазақстан мен Орта Азия
республикаларының чемпионы атанғанының өзіне де тұп-тура табаны күректей тоғыз
жыл толыпты. Жиырма тоғыз жас дегеніңіз боксшы үшін жер ортасы. Мұны спорттағы
ерте қартаюшылыққа сенбейтін Мәмбеттің өзі де соңғы кезде айқын сезіне бастады.
Бұрын қорғасындай қос жұдырықты қаншама сілтеп, тынымсыз соқса да талуды
білмейтін екі қары енді күш сақтап соғыспаса еріксіз төмен түсіп, салдырап
қалатын болды. Қандай шапшандықты, қандай ауыртпалықты болса да
"С-80"-нің моторындай қыңқ етпей көтеретін қуатты жүрегі де кейінгі
кезде тозығы жеткендей ышқына тарсылдап, "өшіп" қалатындай қақала-шашала
соғатынды шығарды. Әмбе бәсекелестері де уақыт озған сайын шеберлік шыңына
шырқай көтеріліп, көптеп өніп, өсіп келеді. Оңайлықпен берісе қоятын олар емес.
Жеңіске жету барған сайын қиындай түсті. Осының бәрі де Мәмбетті ойға қалдырды.
Рингтен әлі де кетпей
жүре беруі қалай болмақ? Шынымен-ақ батарман шағы таянып қалғаны ма? Рас, ол әлі бұл маңайда ешкімнен жеңіле қойған
жоқ. Бірақ, бүгін болмаса да ертең жеңіліп қалмасына кім кепіл. Асылында, ұстасқан адамын әмсе ұта беру мұның жазмышына жазылып қойған жоқ қой! Мықтылық - мәңгілік емес. Біреу кетеді, біреу келеді. Кезеңі,
кезегі келгенде өзіңнен күштіге
орнынды беруге тиіссің. Өмір заңы осындай. Бұл заңдылық өте-мөте спортта айқын көрінеді.

Спортта
чемпиондар мен рекордшылар әдетте жалғыз болады да, қатардағы қайсарлардың сан
мындаған қалың қолы сол жалғыз-жарым
сәйгүліктерге қарсы бір жеңнен қол, бір жағадан
бас шығарып күреседі. Бірі жеңіліс тапса - екіншісі, ол ұтылса -
үшіншісі ұмтылып, сәті түскенде тұғырдан тайдырып жіберуді аңдып-ақ тұрады. Ал жас ортасы жақындап, жалының мен қауқарың тайған сайын
"тәжіңе" таласушылардың талап - дәмелері де ұлғайып, бұрынғы
қоқан-лоққылары да қатерлі қарекетке айнала түседі. Мұндайда олар тау шыңындай
асқақ тұғырға алыстан ғана аңсай көз тастауды қойып, құз-қия қапталына өрмелеп,
төбеге де тақай бастайды. Енді оларды тоқтату қиын. Ақтық күшіңді бойыңа жинап, тым тақап келгендерді ақырғы рет тойтарып тастағаныңмен - бәрібір,
болмайды. Тағы да бір соққанда тағыңды тастап, төменге түсуге мәжбүр етеді. Мәмбеттің жайы да тап осындай еді.
Енді не істеу керек? Өзі әбден әмірші болып алған рингтен құлатып, күштеп түсіргенше
жүре бергені жөн бе? Әлде осындай жұлдызы жанып, дүрілдеп тұрған шағында жеңіліс
дәмін татпай-ақ тоқтағаны дұрыс па? Ол соңғысын қалады. Сөйтіп, ол рингті
тастады. Бірақ рингті тастағанымен бокспен бүтіндей ат құйрығын кесісіп, мүлдем
қойып кеткен жоқ. Университет командасына бапкер болып талай сында толысқан
мол тәжірибесін жастарға үйрете бастаған-ды. Мына бір оқиға болмаса Мәмбет рингке енді ешқашан да қайта шықпайтын еді.

Февральдың аяқ
кезінде республикалық бокс федерациясы мен бапкерлер кеңесі оны жергілікті
боксшылардың СССР халықтарының
кезекті спартакиадасына әзірлігін тексеріп,
қолма-қол көмек көрсетіп
қайту үшін Қарағандыға жіберді. Шаруа, шынында да, жеткілікті екен. Таңертең самолеттен түсісімен сол өп
іске кеңірдектен көміліп кеткен Мәмбет кешке дейін тыным алған жоқ. Күні бойы
бір онда, бір мұнда шапқылап, мән-жаймен танысамын деп жүріп жөнді тамақтанбапты
да. Қарнының ашқанын қонақ үйдегі жеке бөлмесіне келгеннен кейін ғана сезді.
Асханалар жабылып қапты. Барғысы келмесе де ресторанға кіруге тура келді. Кең
залдың іші лық толы екен. Бірде ұршықтай үйіріліп, бірде аяқтарын санап басып,
енді бірде борт-борт желіп арылы - берілі безек қағып жүрген даяшы әйелдердің
өте-мөте қағылез, әрі басқалардан гөрі жастау, жылы шырайлы біреуін

тоқтатып:

- Кешіріңіз,
алыстан келген қонақ едім, - деді Мәмбет бетіне
телміре қарап. - Ертеден бері нәр татқаным жоқ. Көптен-көп өтінемін сізден, тезірек тамақтанып алуға мүмкіндік
болмас па екен?

- Қызық екенсіз өзіңіз! Көріп тұрған жоқсыз ба?
Клиент көп, орын жоқ, - деді даяшы оған бастан-аяқ көз тастап қойып. - Немене,
сіз басқалардан артық па едіңіз? Күтіңіз, босаған орынға отырасыз.

Мәмбет енді қайтерін
білмей бәріне де қолды бір-ақ сілтеп кетейін
деп тұр еді, әлдекім ту
сыртынан келіп, күректей алақанымен
иығына қойып қалды:

- Макс!

- Қателескен боларсыз, менің атым Макс емес,
- деп артына жалт бұрылды.

- Ну, Макс болмаса Мәмбет шығар! - Түксиген
қалың қасты кішкентай сағал
көздерінен басқа пішіні кесек біткен еңгезердей
қара жігіт пышақ тиген қоң ет тәрізді ыржиып жатқан қалың ернінің астындағы қасқа тістерін ақсита күліп, жуан саусақтары жүндес қолын ұсына берді.

- О, Әлтай! Сәлемет пе, - деп Мәмбет оның
қолын алды. - Мен де кім десем, сен
екенсің ғой. Иә, хал қалай? Жақсы ма?
Мұнда қайдан жүрсің?

- Біз жергілікті адамбыз ғой, жүре береміз
де. Өзің ше? Өзің мұнда қалайша кеп қалдың?

- Командировка ғой, бүгін таңертең келдім.
Иә, хал қалай?

- Хал қалай болушы еді, хандікіндей де!..
Қой тұрмайық. Жүр, біздің столға.

- Орын бар ма?

- Пәлі, со да сөз болып па бізге! Болмаса таптырып аламыз, жүр, - деді де Әлтай оны
шынтағынан ұстап, залдың төріне
қарай сүйрей жөнелді.

Мәмбет Әлтайды
ринг үстіндегі жүз таныстығы мен сырттай естуі ғана болмаса жақсы білмейтін.
Фамилиясы - Нұрханов. Осы Қарағандыдағы медицина институтының студенті. Күн санап өсіп келе жатқан дарынды боксшы. Бұл өнермен шұғылдана
бастағанына небәрі екі-ақ жыл болса да, бірінші разряды бар. Талай-талай тәжірибелі де танымал сайыскерлерді сыпыра жеңіп, атағы тез
арада дүйім жұртқа дабырая тараған жігіт. Дәл Мәмбеттің
салмағында. Республиканың өткен
жылғы чемпионатында Мәмбетке өте-мөте қатты
қарсылық көрсетіп, тіпті
жеңіп кете жаздап барып, тек
тәжірибесіздігі мен тым қызу қандылығының кесірінен ғана ұтылысқа ұшыраған.
Чемпиондық тұғырдан өзін бір тайдырса
осы Әлтай тайдыратындығын Мәмбет сонда-ақ байқаған-ды. Жасырып не керек оның боксты тастап кетуіне себеп болған да осы Әлтай еді. Олар сахна түбіндегі басқалардан
арасы алшақтау қойылған столға келді. Дастархан басында бет-ауыздарының бояу мен
опадан сау жері жоқ әлем-жәлем, қайқы кірпік, қайқы ерін, қайқы бет - қысқасы,
бастан аяқ қайқиған екі қыз және соларға мүлдем қарама-қарсы дөңес маңдай, дөң
мұрын, дүрдік ерін, дөңкіш жота, дөңкиген бір дой жігіт отыр екен. "Өйт-дойт
деген. Тауып қосылған топ екен-ақ!" - деп ойлап қойды Мәмбет ішінен.

- Мінеки, біздің мейірімді компаниямыз, - деді
Әлтай оларды нұсқап. - Танысып қойыңыздар: Мынау Макс, то есть, Мәмбет Омашев,
былтыр маған чемпиондықты бермей қойған жігіт! Ал, мына мырза мен
бекзадалар... Жарайды, өз аттарынды өздерің атаңдар, сызылмай-ақ... Официантка! Алло, Лизочка! Қонаққа орындық әкел. Тез!

Әлтай аздап
шайқалақтап барып, орнына сылқ етіп отыра кетті. Оның масаңдау екенін Мәмбет енді ғана байқады. Қайқы қыздар мен дөң жігітпен
танысып үлгергенше болған жоқ, жаңа ғана өзінің десін қайтарып тастаған қағылез
даяшы бір орындықты көтеріп жетіп те келді.

- Ғафу етіңіз, жігітім! Жаңа Аликтің танысы едім
деп неге айтпадыңыз?.. Ал мен болсам білген жоқпын. Ренжімеңіз, - деп дереу
асты-үстіне түсіп, бәйек болды да қалды.

- Жә, ештеңе емес. He қалайсыз? Коньяк па, арақ
па?

- Ли-и-зочка! Алматылықтар арақты ауыздарына
алушы ма еді, соны да білмейсің бе?
Әрине, коньяк! Ка-вэ-вэ-ка, немесе
"Джин", түсінікті ме? - дегі Әлтай даяшыға ренжи сөйледі.

- Әлтай, әуре болма, мен ішпеймін.

- Түу, сондай да сөз бола ма екен?! Лиза, неғып тұрсың мелшиіп? Бар, әкел тез!

- Қанша?

- Әзірше жарты литр.

- Жоқ-жоқ. Ешқандай ішімдіктің керегі жоқ, -
деді Мәмбет даяшыға қарап, - маған
жеңіл-желпі жейтін бір нәрсе болса...

- Жақсы, Мәмбет! Мұнда ұялатын ешкім жоқ ішпейтінің қалай?

- Жоқ, Әлтай, ұялып отырғаным жоқ. Шын
айтам, ішпеймін. Түсінесің бе,
ішпеймін! Саған да ішпе дер едім.

- Ха-ха-ха!.. - Heгe?

- Heгe екенін білмейсің бе? Білмесең, сен
мына қалпыңмен алысқа ұзамайсың! Шын сөзім.

- Ха-ха-ха!.. Қой, бауырым, қой... Күлдірме!
- Әлтай маңдайымен столды тіреп, селкілдеді де қалды.
- Шегім түйілетін болды!.. Ой,
ха-ха-ха!.. Алкогольдің зияны туралы лекция
оқысаң қайтеді...

Қайқы қыздар
да біз сұғып алған доп
тәрізді пырс ете түсті де,
біріне-бірі қарап қойып, сықылықтай жөнелді. Ал дөңкіш жігіт екі езуін екі құлағына жеткізе ыржиып:

- Ондай лекцияны біз де тыңдар едік, - деді кекесінді үнмен.

- Тоқтат, Әлтай! - Мәмбетті біреу шапалақпен
тартып жібергендей болып, екі бетіне
қан ойнап шыға келді. - Несі бар,
оқысам оқимын! Құдай ақына, сен мына қалпыңмен оңбайсың. Қатты айтқаныма
өкпелеме. Айналайын-ау, сен боксшысың
ғой, қалай ғана ішесің?! Бүйте берсең ертең-ақ таяқ жейсің ғой!..

- Кімнен? Сенен бе?

- Жоқ, менен емес. Мен рингтен кеттім.
Бірақ, сені үйрететін адам
табылатындығы ақиқат.

- Ха-ха-ха!.. - Әлтай алдында тұрған
графиннен сыра ішіп отырған бокалына
арақты шүпілдете құйды да,
шалқая беріп қағып салды. - Көрдің
бе? Вот, осылай! Ішіп те жүрмін, соғып
та жүрмін. Осылайша іше де беремін, соға да беремін! Білдің бе?

- Жоқ, соға алмайсың. Осы қалпыңмен жүре берсең
бар ғой, осы қалпыңмен... онда... өзің соғыласың...

- Кімнен? Сен соғасың ба?

- Айттым ғой, мен емес. Мен боксты тастадым,
әйтпесе... Бірақ, саған таяқ жегізетіндер табылады.

- Дөйт деген! Маған таяқ жегізеді! Міне! -
Әлтай бас бармағымен әдепсіз ишара
жасады. - Әттең, тағы бір рет кездесе
алмайды екенбіз...

Мәмбеттің қаны
қайнап, түтігіп кетті. Жұдырығын
түйіп, орнынан атып тұрды. Салып
жібере жаздап, өзін-өзі әрең ұстап қалды. Қатты томырылып, тістене
сөйледі.

- Байқап сейле, жігітім, әдепсіз болма! Сен
үйіңде отырған жоқсың.

- Онда шаруаң болмасын. Саған не керек
өзіңе? - деп Әлтай да орнынан тұрды.
- Heгe зікінейсің?!... Қарай гөр өзін...
Мастерлігіңе мақтанасың ба, әлде чемпиондығыңа мақтанасың ба? Көргеміз сендейлерді... Әттең, рингтен
кетіпқалыпсың, әйтпесе мына нахальствоң үшін көрсетер едім осы спартакиадада көкеңді!.

- Жарайды, ендеше мен керіп алдым! - Мәмбет
бұны қалай айтып салғанын өзі де байқамай қалды. - Спартакиадаға мен де
қатысам. Сен үшін! Түсіндің бе? - деді де, ол дастархан басындағыларға қош айтыспастан шығып жүре берді.

- Байқа, мастер, мықтап дайындал! Қапыда қап
жүрме! - деп айғайлады Әлтай оның
соңынан. Сөйтті де жаңа берілген
заказды әкеліп, состиып тұрған даяшының қолы

нан коньякты алып, рюмкаларға құя
бастады...

 

* * *

 

Республикалық
спартакиаданың Алматыда өтетін финалдық кездесулеріне небәрі бір-ақ ай уақыт
қалған еді. Мәмбет Қарағандыдан
қайтып орала салысымен-ақ көптен бері

киілмей, гардеробтың бір бұрышында
ілулі тұрған былғары қолқабын
қайтадан алып, жаттығуға
кірісіп те кетті...

Күндер зымырап
өте берді. Мәмбет те уақыт озған сайын бәйге атындай жарап, шыңдала келіп, спартакиада ашылар қарсаңында өзінің ежелгі қалпына
түсті. Мәмбеттің жарысқа
қатынасатындығын алғаш естігенде бокс федерациясының басшылары таңданарларын
да, қуанарларын да білмей, қатты дал болды. Өйткені, олар жыл басында Мәмбетті
СССР халықтарының спартакиадасына қатынасуға қаншама үгіттесе де көндіре алмай
қойған еді. Мәмбет: "Жасым болса келіп қалды, оның үстіне соңғы кезде
нашарлап бара жатқанымды өзім де сезіп жүрмін. Менен де анау Әлтай Нұрхановты
апарған жөн. Ол әлдеқайда мықты, әрі беті кайтпаған, жалындап тұрған жас. Мені
ол кәзір көп қиналмай-ақ жеңіп кетеді", - деп қасарысып отырып алған-ды. Енді
аяқ астынан қатысам деп отырғаны мынау. Қызық, онысы несі екен? Бір айдың
ішінде формасына ене алса жақсы, әйтпесе масқара болуы мүмкін ғой. Бірақ, федерацияға бұдан келіп-кетер зиян бар ма?
Әрине, жоқ. Үтылса - өз обалы
өзіне, ал жеңіп шықса - тіпті тамаша. Онда Москваға сөз жоқ барады!"
"Мейлі, қатынасса қатынассын!" - деп шешті бокс федерациясының
басшылары.

Көп ұзамай-ақ спартакиада ашылып, боксшылардың
жекпе-жектері басталып та кетті. Сәті түскендей, жеребе де сондай тамаша шығып
отырды. Мәмбет пен Әлтай финалға дейін бірімен-бірі кездеспеді. Екеуі де
ешкімнен жеңілген жоқ. Қарсы келгенді қағып тастап ілгерілей берді, ілгерілей берді.
Әсіресе Әлтай. Ол өзімен жекпе-жекке түскен боксшылардың бір де
біреуімен үш минуттан артық шайқасып көрмеді.
Бірінші раундта-ақ нокаутқа ұшырып түсіреді немесе бәсекелесінің секунданты өз
шәкіртінің ұтылғандығын мойындап, рингке ақ орамал лақтырады; қала
берді, айқын артықшылығын көрген
төреші ұрысты тоқтатып,
Әлтайдың қолын көтереді.

Мәмбет болса жұртшылықты
онша риза қыла қоймады. Оның
қимылы жанкүйерлерге ұнаған жоқ. Рингте бейне шаршаған адамша салғырт жүреді. Бұрынғы
самдағайлықтан, көз ілеспейтін жай оғындай жойқын соққылардан, дауылды
шабуылдардан дәнеме де қалмаған тәрізді. Жүрісі де ауыр, соққылары да әредік, әрі
әлсіз секілді. Жанкүйерлер қауымының ашулы айғайларын да, күлкілерін де "Ұр
мастерді!", "Ой, чемпион болмай кеткір!" деген өкпе - ренішке
толы ащы сөздерін де, тіпті келемеж-мазақтарын да естуге тура келді. Бір ғана
ғанибеті - әйтеуір денесіне жұдырық дарытпайды.

Ал, Әлтай "қаусаған кәрі сүйек дімкәс
чемпионды" өзінің оп-оңай жеңетіндігіне ешбір күманданбайтын секілді...

 

* * *

 

Нұрханов дабыл
қағылысымен-ақ жылдам жалт бұрылды да, Мәмбетке түксие қалың қабағынын, астынан
ызғар шашып, алара қараған қалпы
асыға жақындап тап берді. Ә, дегеннен-ақ
десін қайтарып, тауын шағып тастайын десе керек,
әдеттегідей барлау-сарлауға, бұқпантайлап
аңдысуға бармастан батырлатып алды да кетті.
Қолынан келсе Мәмбетті жер бетінен мүлдем жойып
жіберетіндей. Мәмбет бұлай боларын күткен еді. Сондықтан ол саса қойған жоқ. Және де ол мұндай бас-көзсіз тырылдақ автоматтардың
талайын көрген-ді. Әлтайды қашпай, қаймықпай қарсы алды. Құтырған дауылдай лап қойған мына қарқынды тың кезінде
аздап басып тастамаса болмайды. Әйтпесе, ұрыс тізгіні түгелдей қолдан шығып кетеді. Сөйтіп, Мәмбет
қарсыласының құйындай тиген
қатты шабуылына одан да өткен жойқын
қимылмен жауап қайтарды. Сарт-сарт жұмсалған жұдырыққа көз ілесетін
емес. У-шу болған жұрт кімнің көбірек
таяқ жегенін де ажырата алмай қалды. Екеуі де
қағылез, екеуі де жолбарыстай
жылдам. Тек төрешілердің жіті көздері
ғана Әлтайдың көп соққысының ауаны тілгілеп, Мәмбеттің денесіне жөнді дарымағанын байқады. Ал, Мәмбеттің көбіне кеуде жақты көздеп ұрған жұдырықтары нысанаға әлденеше рет дөп тиді. Бірақ бұл бір минуттан артыққа
созылмады. Тура соғып, жапырып кете алмасын сезген Әлтай енді кимелей беруді қойып,
андысуға ауысты. Жұрт: "Шабуылдау кезегі Мәмбетке келген шығар", -
деп ойлап еді, олай болмады. "Сен тимесең, мен тимен, бадырақ кез"
дегендей ол да сабыр сақтап, ұмтыла қоймады. Тіпті, ілгері
басатын емес. Қайта қашқалақтап
соғысып, қорғануға көше бастады.

- Омашев қорқайын деді...

- Чемпион шаршап қалды!

- Алға, Әлтай! Соқ, соқ! - деп даурығады жұрт.
Осылайша алыстан арбасумен тағы да бір минут өтті. Әлтай қайтадан шабуылға
шықты. Бірақ, бастапқыдай тарпа бас салып, тура ұмтылмай, қолайлы сәттерде ғана
оқыстан тиісіп, айлалап-амалдап жүр.
Чемпион да әдепкідей емес. Қарсы соғудың
орнына көбіне қолғабын тосып, бұғып
қалып, шегіншектей береді. Әлтайды
анда-санда ғана іштен ұрып қояды.

Раунд
аяқталды. Боксшылар өз бұрыштарына тарасты. Мәмбет
шаршаған кейіппен сүйретіле басып келді де, сылқ етіп отыра кетті. Салдырап қалған екі қолын арқанға асып, аяқтарын созып жіберіп, алқына дем алып
отыр. Ал, Әлтай мүлдем шаршамаған
тәрізді. Секунданты қойған орындыққа көңіл
аудармастан түрегелген күйі бір орында секеңдеп тұр. Дабыл қағылды. Екінші раунд! Әлтай қағылез
қимылмен жалт бұрылды да, жұдырықтарын
кезене ұстап тез-тез басып ортаға жетті. Мәмбет оған керісінше орнынан ақырын ғана тұрып, екі қолын сөлбірейткен қалпы
жайлап жақындады. Әлтайдың орнында көпті көрген тәжірибесі мол басқа біреу болса қасына келгенде Мәмбеттің
мүлдем дерлік терлемегенін, ашық
көзқарасында қиналғандықтың да, қорыққандықтың
да нышаны жоқтығын, тынысының да бір
қалыпты терең екенін байқар еді. Бірақ, ол мұның бірін де көрмеді, назар да аудармады. Тағы да арыстаңдай атылып,
алды-артына қарамай тарсылдата жөнелді.

- Жарайсың, Әлтай!

- Молодец, Нұрханов!

Чемпион
шынында да шаршап, десі қайтып қалған сияқты. Бірінші раундтағыдай келсең кел
деп қарсы ұмтылмай, шегініп кетті.
Әлтайдың қардай бораған қолғаптары мұрынына жетер-жетпес жерде қалып қойды. Тағы да шабуыл. Тағы да жалт беріп, бұлтарып кетті. Және ұмтылды.
Салмақты жұдырықтар бұл жолы
да ауаны түймештеп, орта жолда қалды.
Осынша ұрғанда бір тигізе
алмағанына әбден ызаланған Әлтай
"дұшпанын" бұрышқа
апарып қамады да, оң қолының бар
күшімен шықшыттан дәлдеп періп кетті. Бірақ, Мәмбет ең соңғы сәтте сол жағына бұға қалды да, кірпік қаққанша
Әлтайдың астына кіріп алып, өкпеден соғып-соғып жіберді.

- Бастан соқ, Мәмбет, бастан!

- Иектен ұр! Нокаут! - десіп қалды жұрт. Бірақ,
Мәмбет бастан соғуды тарс ұмытқан секілді. Бар көздегені - кеуде. Жүректің тұсынан,
ішінен, өкпесінен ұра берді, ұра берді...

Бұл да қулық еді. Біріншіден, кеудеден тиген соққы
нокаутқа ұшырып түсірмегенімен, боксшының тыныс алу тәртібін бұзады. Ал, демін
дұрыс алудан қалған боксшы бензині түгесілген автомобиль іспетті: бастапқы
екпінмен біраз жерге зырылдап барады да, сөз жоқ тоқтап қалады. Әмбе іштен ұра
берсе Әлтай кеудесін қорғауға мәжбүр болып, бас жағын ашуға тиіс. Шынында да,
осылай болды. Дәл талма жерден тиген көп соққы өз дегенін істетті. Әлтай
ширақ қимылдан айрылып, қалжырайын деді. Раунд бітуге тақалған шақ еді. Мәмбет тағы да іштен ұра берем дегенде оның сәл ашылып қалған иегіне Әлтайдың сол қолы сарт ете түсті.
Төбедегі шамдар шыр көбелек айналып,
ринг төңкеріліп жүре берді... "Бір, екі,
үш, төрт"...

Гуілдеген көп шудың ішінен төрешінің соңғы
сөзі Мәмбеттің құлағына талмаусырап
әрең жетті. Көзін ашса, шалқасынан
жатыр екен. Төреші үстіне төніп, қолын сермеп санап тұр. Кенет Мәмбеттің көзі сонау шырқау көкжиектегі бағанағы жылтыраған жалғыз жұлдызға
түсіп кетті. Жұлдыз "Тұр орныңнан! Неғып жатырсың?"
-дегендей жыпық-жыпық етеді. Асықтыратын тәрізді. Төреші "Сегіз!" - дегенде Мәмбет те орнынан атып тұрды.
Айғай-шуды шатырлай соғылған шапалақ үні басып кетті. "Қазір
сөзсіз бас салады. Жабық қорғанысқа кету керек! Раундтың бітуіне қанша қалды
екен, ә?" - деп ойлап та
үлгерген жоқ, төрешінің "Бокс" деген командасы да естілді. Көздері қанталап кеткен Әлтай
кекесін пішінмен күлімсірей қарап тап берді... Осы кезде дабыл да
даңғыр ете түсті.

Мәмбет те,
Әлтай да орындарына барып отырды. Нұрханов қара тер болыпты. Екі өкпесі соғып, әрең дем алып отыр. "Әп, бәлем, арақ пен кеудеден
тиген соққылардың салмағын сезген
шығарсың!" - деп ойлап қойды чемпион ішінен.
Енді мықтап қимылдайтын кезең келді.

-  Соңғы
картаны aшy керек. Бірақ
байқа, жаңағыдай ұрынып қалып
жүрме! - деді бапкері орнынан тұра
бергенде арқасынан қағып.

"Әлтайдың
тағы да алға ұмтылары даусыз. Сондықтан шабуылды
одан бұрынырақ бастау керек. Енді тізгінді беруге
болмайды". Мәмбет арыстаңдай атылып барып, дүрсе қоя берді. Анау чемпионнан мұндай қимылды күтпеген
екен. Қапелімде бұршақтай
борап кеткен сансыз соққыдан бет-аузын тұмшалай жауып, кері шегінді. Омашев оны осы қарқынмен кіндіктен жоғары түйіп жіберді де, кейін қарай
бір ыршып түсіп, қайтадан атылды. Бұл кезде Әлтай шабуыл аяқталған шығар деп,
ашыла берген еді. Өзі де ашумен алға ұмтылған болатын. Чемпионның
сол қолы иектің астынан, ал оң қолы дәл көкбауырдың тұсынан тиді. Әлтайдың зор
денесі бүгілмеген қалпы, кескен теректей болып, еденге гүрс ете түсті. Кенеттен
орнай қалған меңіреу тыныштықты әлдебір әйелдің

"Ой!" деген ащы даусы бұзып
жіберді. Нокаут! Төреші чемпионның
қолын көтерді.

Жеңісті кім
жек көрсін. Алғашында Мәмбет те қатты қуанды.
Рингтен түсіп, қара-құрым қалың жұрттың орындарынан үдере түргеліп, қошеметтей
қол соғып тұрған қызу қанды
жанкүйерлердің қақ ортасынан өтіп бара жатқанда да, киім шешетін бөлмеде тосып отырған достарының мол құшағына келіп кіргенде де ол жаңағы
жеңістің жанға жағымды тәтті ләззәтынан басқа ештеңені де сезбеп еді. Енді, міне, жуыну үшін душқа келіп,
өзімен-өзі жеке қалғанда ғана басына әлдебір екі ұшты, буалдыр ойлар оралып,
мазасын кетіре бастады. "Жарайды жеңді. Чемпиондық лауазымын
қорғап қалды. Өзінің шеберлік атақты бекер алмағанын, оншақты жылдан бері
бостан-бос саңлақ саналып келе
жатпағандығын дәлелдеп берді. Бірақ, осы
ғана ма еді, көздегені? Қойып кеткен кәсібіне күтпеген жерден қайтып оралғанда,
мансұқ еткен рингте тағы да бір жеңіске жетіп, кеудесіне нан
пісіріп, дандайсып кеткен баланы мұқату ғана ма еді? Жоқ, жоқ, жоқ!..
Ол Әлтай үшін, Қазақстанның намысын
қорғайтын болашақ чемпион үшін шыққан
жоқ па! Ендеше Әлтай осыны түсінді ме
екен? Түріне қарғанда түсінбеген сияқты. Онда бұл жеңістің құны қанша? Кәдуілгі қатардағы жеңістерден айырмашылығы қанша?.."
Әлтай демекші, Мәмбет оған күні бүгінге дейін қаншама өшпенді
болғанымен дәл қазір сол ашу-ызасынан ештеңе де қалмапты. Қайта оның орнына әлдеқандай аяныш,
мүсіркеу сезімі пайда болған сияқты.

Мәмбет үйіне қайтып келе жатып та жаңағы ойлардан арыла
алмады. Сағат он бірге таяп қалыпты. Айсыз аспанда қисапсыз көп жұлдыз жымың қағады. Мәмбет
солардың ішінен манағы көз қысқыш
қунақыны іздеп көріп еді, оңайлықпен таба алмады. Қазір ол сияқты жалтырауықтар
көбейіп кетіпті. Кезінде көк әлемін жалғыз өзі емін-еркін жайлап, мен мұндалап тұр еді, енді одан да жарықтар туып,
терезесі тең шаршы топтың ортасына
түскен соң, сөніп қалған тәрізді, таптыратын
емес.

Жұлдыздар, жұлдыздар...
Ойлап қараса, жұлдыздар мен бұлардың
арасында әлдеқанай ұқсастық
бар сияқты. Жаңағы жұлдыз ымырт
қараңғысында ғана жақсы көрінеді. Енді біраздан
соң Үркер шығады. Ал Шолпан таң ата туады. Әркімнің
өз кезегі өзіне деген осы-ау! Бокста да, жалпы өмірдің өзінде де осылай емес пе! Мәмбет өзін жаңағы ымырт қараңғылығының шырағына ұқсатты. Әлтай
секілді жаңа жұлдыздар туғаннан соң
көп ұзамай-ақ бұл да көзге
ілінбей, жоғалып кетеді-ау, ә!?
Мүмкін Әлтай сұлу Шолпан
тәрізді таң ата туатын ерен жұлдыз
шығар? Мүмкін... Бірақ, жанбай жатып сөніп қалып жүрмесе... Осылай болуы әбден ықтимал екенін біле ме ол? Бүгінгі ұтылыс оған ой салды ма екен, ә? Салса қандай?... Жұлдыздар, жұлдыздар...

Тап осы кезде
Әлтай да аспан әлеміндегі сансыз көп жұлдыздарға қарап, ой үстінде отырған
болатын. "Қаншама көп, қандай
алыс! - деп ойлады ол. - Сонау төбедегі жарық жұлдызға дейін ракета неше жыл ұшар еді?.. Әне, бір жұлдыз ағып түсті. Сөнді. Менің де жұлдызым
сөнгені ме шынымен-ақ?... Анау тас
төбедегі жұлдыз Мәмбет
тәрізді ме, қалай? Жаңа ғана уысымда тұрған
тәрізді еді, енді қандай алыстап кеткен?! Иә... Москва, спартакиада, көп жылғы
асыл арман бәрі-бәрі де алыстап кетті. Мына жұлдыздар төрізді... Heгe? Кінәлі
кім? Менің жұлдызым не себепті жанбай
қалды? Шынымен-ақ енді қайтып тумас па екен? Сөнгені ме мәңгілік?!"

Ертесіне Мәмбет Москвадағы спартакиадаға қатысатын
Қазақстанның құрама командасын іріктеуге жиналған бокс федерациясының
мәжілісіне келіп, өзінің астанаға бармайтынын айтты.

- Менің орныма Нұрхановты жіберіңіздер, - деді ол айран-асыр
болған федерация мүшелеріне. - Әлі үш айдан астам уақыт бар. Керек болса
жаттығуына өзім көмектесейін, ақыл-кеңесімді айтайын. Оның нашар жақтарын мен
жақсы білемін. Әсіресе, осы жолы не себепті жеңіліп қалғанын да білемін. Оның үстіне болашақты да ойлау
керек. Менің жағдайым өздеріңізге белгілі, бүгін болмаса да ертең
жайыма қалатын адаммын. Ал Әлтай жас, оған тәжірибе керек... Ол үшін Москва
рингі ауадай қажет нәрсе! Тіпті, жүлделі
орынға шыға алмай қалған күннің өзінде де болашақ үшін пайдасы зор болмақ. Егер
жақсылап әзірленсе құрығанда үшінші -
төртінші орынды алатындығы даусыз... Сеніңіздер маған! Команда ештеңеден ұтылмайды. Тек бір ғана өтінішім - Нұрханов мұны менің жауапты сыннан жалтаруым деп ұқпауға тиіс! Өзім-ақ айтар едім, бірақ, дәл қазір ол менімен жөнді сейлесе
қоймас деп қорқамын. Әйтеуір осы жайтты Әлтайға түсіндіру бәріміздің де ортақ борышымыз ғой деймін.

Чемпион сөзін
аяқтады да, не істерге білмей аңтарылып отырған
федерация мүшелерін сол үнсіз күйлерінде қалдырып, шығып кетті.

1961 ж.