ВЕРНУТЬСЯ

      Мен өте арық,
әлсіз адаммын. Спортпен ғұмырымда айналысып көрмеген жанмын. Сондықтан болу
керек қандай киім кисем де екі иығы сөлбірейіп, мыж-мыж болады да тұрады. Құдды бір қапқа түскен келсаптай бола қаламын.
Тегінде менің сұр костюмім өзімнен гөрі магазиндегі киім ілгіштерге қонымды шығар. Бәрі де сол
қуыршақ кеуде мен қушиған
иықтың кесірі ғой. Мені сыртымнан көрген
адамдардың бәрі де "Байғұс-ай,
сирағы сынып не бел омыртқасы үзіліп кетпей
қайтіп қана жүр екен жер бетінде. Баяғының
ши борбайы ғой мынау!" деп ойлайтындығы даусыз. Кейде, айна алдында тұрғанда
өзіме де осындай ойлар келеді.

Ия, достарым,
менің ең үлкен бақытсыздығым осында. Күлмендер мендей ғаріпке! Шынымды айтсам, бірге оқитын қыздармен
қалжындасудан да қорқамын. Ол пақырлардың тілдері ашы ғой. Тіпті, оны былай
қойғанның өзінде саусақтарынын ұшымен нұқып қалса, дөңгелек қағып кетпеймін бе?
Ал, Люда сияқты спортшылар мықтап бір ұрса, ұзынымнан түсетіндігім айдай анық.

Сіздер менің сөздеріме қарап, "мынау бір
сорлы екен ғой. Бишара-ау, бүйтіп өмір сүргенше өле қалғаның артық емес пе! Қыз
құрлы қауқарың болмағаны нағыз масқарашылық екен!" деп ойлап қалып
жүрмеңіздер. Жо-жоқ!

Ең алдымен
"Қыз құрлы қауқар" дегеннің өзі дұрыс ұғым емес.
Қыздардың ішінде де нелер мықтылары бар. Тек
олардың көпшілігі өздерін нәзік жан етіп көрсетуге тырысады. Бүл - біріншісі. Екінші жағынан, мен қаншалықты қауқарсыз
болсам да осы уақытқа дейін қыздардың алдында өзімнің әлсіздігімді сездіріп, құрдай
жорғалап жүргенім жоқ. Өзімді еркектерге тән қасиетпен байсалды ұстаймын,
мығымдау көріну үшін мойнымды ішіме алыңқырап,
бүкірейіңкіреп жүремін. Жақында костюмімнің екі
иығына бес килограмдай мақта
салдырып алдым. Аз да болса ажар
береді емес пе? Дегенмен, ақиқатын айтқан жөн,
өзімнің өлімтік өлсіздігімді сездіріп алмас үшін сол қыздарға көп тиісе беруден аулақпын. Олар бұл ойымды білмесе керек. (Әлсіздігімді, әрине біледі. Оны бүкіл дене бітімім, кейпім аңғартып тұр ғой). Ал сізге құпия ретінде айтып отырмын. Әмина мен Людаға сездіріп қойып жүрмеңіз!

Сонымен менің
спортшыларға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын
жан екенімді әркім бір қарағаннан-ақ сезе қояды.
Осының бәрін неге айтып отыр деп ойлайсыз? Ал, тыңдаңыз.

Менің Әукен
деген досым бар. Екеуміз де университеттің
филология факультетінде бірге оқимыз, жатақханада
да бір белмеде бірге жатамыз. Өзі бірінші разрядты
палуан. Еңгезердей денелі жігіт. Өзі әзілқой. Ылғи менің әлсіздігіме күліп, мазақтайды да жүреді. Сөзбен соғыс ашып, салақұлаш
тіліммен түйрегенім болмаса, басқа ешнәрсе де істей алмаймын. Ал оған сөз
өтпейді. Heгe екенін білмеймін, басқаларды тулататын улы тілім оған келгенде
шыбынның ызыңындай да әсер етпейді. Егер күшім жетсе, езін мені умаждағандай
біраз мыжғылап, мыжғылап алып, ендігәрі мені мазақтамайтындай етер едім...
Бірақ, амал нешік, оған менің қауқарым бар ма?! Табиғатым осындай болса да,
спортпен шұғылдансам дәл кәзіргідей нәзік болмас едім ғой. Бір күні киноға
билет алмақ болып трамвай тоқтайтын жерге келдім. Трамвай күтіп тұрғандар маған
одырая-одырая қарап қалды. Әсіресе қолдарында кішкентай чемодандары бар екі қыз
теріс айналып сылқ-сылқ күледі. Өз-өзімнен қуыстанып, алды-артыма, киіміме
қарадым. Күлкі келтірерлік ештеңе де жоқ сияқты. Трамвайға
міндім. Халық аз екен. Әдетім
бойынша, отырмай алдьщғы есікжаққа барып тұрдым. Бәрі де маған тікірейе қарайды.
Бірі езу жиса, екіншісі мырс-мырс күледі, ал енді біреулері көздері бақырайып,
аңтарыла қарап қалыпты.

- Мынау бір тамаша болды!

- Елді күлдіру үшін әдейі істеп жүрген шығар!

- Мүмкін есі дұрыс емес болар... Әйтпесе, мұнысы несі! - деген күбір-күбір сөздер де құлағыма
шалынды. He істерімді білмей, қатты
састым. Үстімдегі киіміме тағы да көз
тастап, түймелеріме дейін түгендеп шықтым. Бәрі де өз орынында, артық-кем ештеңе жоқ. Әлде бетіме бірдеме жағып алдым ба
екен? Жоқ, мүмкін емес, жаңа ғана үйден жуынып
шыққан болатынмын.

Масқара
қылғанда, кондуктор да ұсынған ақшамды алмай:

- Сізге билет алудың қажеті жоқ. Қай жерден
түсуші едіңіз? Маған айтып қойыңыз,
әйтпесе ұмытып кетерсіз, - демесі бар
емес пе! Есі ауысқан адам құсатып,
аяған пішінмен мүсіркеп, қамқорси сөйлейді. Сасқанымнан не дерімді білмей, тезірек тусіп қалуға тырыстым. Трамвайдың
тоқтауын күтпей секіріп кетейін деп
есікке таянып едім екі-үш адам етегімнен ұстай
алып, ішке қайта кіргізді.

- Азамат, отырыңыз, дем алыңызшы.

- Достым, отыр. Сабыр керек сабыр. Тынық.

- Айттым ғой, бишараның есі дұрыс емес...

- Кімнің, менің есім дұрыс емес пе? - дедім мен соңғы сөзді айтқан жуан әйелге бұрылып. Ызам келіп, булығып отырмын. Ол қорқып кетті білем, көздері
бажырайып:

- Жоқ, жоқ... Сізге мен... мен ештеңе дегем
жоқ... - дей берді, дірілдеген
дауыспен. Өзімнің жынданғанымды немесе
жұрттың жынданып кеткендігін білмей, аң-таң болып отырмын. He болса да енді
қимылдамай тыныштық сақтап, өзімді
байсалды ұстауым керек. Өйтпейінше мына жұрт
мені сыртқа шығармайды. Сыртқы кейпімде шектен тыс бір пәле болу керек. Бұл күйімде билет алуға баруға болмайды.
Трамвайдан түспестен қайта айналып үйге барғаным жөн. Солай еттім де. Бөлмеде Әукен және бірнеше жігіт отыр екен. Есіктен кіре бере-ақ:

- Тұрпатымда оғаш ештеңе жоқ па, қараңдаршы? Жұрт мені есі
ауысып кеткен дейді.... Масқара-ай, масқара-ай! Анықтап қараңдаршы!
- дедім жыламсыраған үнмен. Олар маған
қарай сала-ақ қарқылдап ала жөнелді.
Іштерін басып, дөңбекшіп, көздерінен
жас аққанша күлді. Мен бұлқан-талқан
болдым.

- Heгe күлесіңдер?!

- Айнаға қара, айнаға... - деді әлден
уақыттан кейін Әукен көзін сүртіп
жатып, әлі де күлкісін тыя алмай, - ой, ішегім-ай!..

Жүгіріп айнаға
бардым. Қарап кеп жіберсем, басымдағы тарғыл
кепкінің дәл маңдайында Әукеннің палуандықтан алған бірінші
разрядтық значогі баттыйып тұр.
Сасқанымнан өзім де күліп жіберіппін. Спортшыларға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мен төрізді шілпиген арық
адам бірінші разрядты палуанның значогін тағып жүрсе, оның өзінде де дәл маңдайына
тағып алса, есі ауысқан демей қайтерсің!

1958 ж.