ВЕРНУТЬСЯ

      Бұл өзі, менің білуімше, о бастан-ақ
аты шулы кітап болды. Көркем сөздің
көп туындылары қағаз бетіне түгелдей түсіп боп, газет не журналда жариялаған
соң немесе жеке кітап ретінде
шыққаннан кейін ғана ауызға ілінетін еді
ғой. Ал мына кітап автордың азапты құрсағынан шыр етіп жерге түспей жатып-ақ гу-гу әңгімеге қалды. "Е-е, талабы оңды екен - алдынан
жарылқасын!", "Әй, со жігітіңнің
өзі қазақтың ескі өмірін жөнді біле ме екен? Қолы көтермес шоқпарды беліне қыстырғанның кебін киіп жүрмесе
неғылсын..." "Жо-жоқ! Бүл оныңтақырыбы емес. Бұған оның моральдық
правосы жоқ. Бұл мәселені зерттеуге мысқалдай үлес қоспаған жан енді жұрттың
еңбегін еншіленіп кетпек қой. Болмас онысы, болдырмаспыз!" - деген тәрізді
жазушыны да, оның болашақ шығармасын да неше саққа жүгірткен алыпқашпа сөздерді
өз құлағымызбен талай рет естідік те. Тіпті, әлі басылмаған кітапқа күні бұрын
әр түрлі айып тағып, байбалам арыз айтқандар да жоқ емес-ті. Бірақ, бойға
біткен перзенттің дүниеге келуін ауыл-үй әсекшілерінің пасық сөзі тоқтата
алмайтыны тәрізді жаңа кітап та ақыры жарық көрді. Әнуар Әлімжановтын "Махамбеттің
жебесі" атты жаңа романы "Жазушы" баспасынан орыс тілінде
басылып шықты. Міне, біздің қолымыздағы - сол кітап.

Сөз басында айта кетер тағы бір нәрсе: бізде осы
кеп ретте белгілі бір әдеби шығарманы сөз еткенде оны жарық дүниеге жеткізген
адамды - авторын бұрын-соңды көрмеген, білмеген, естімеген жандай, жалаң
туындының өзі жайлы ғана әңгіме ету етек алып кеткен әдет бар. Бейне автордың
жеке басының, оның азаматтық шамашарқы мен ар-ожданының өзі жазып отырған
дүниеге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын секілді, шығарманы сол өзі өзегін өртеп
шыққан ортадан жырып алып, бөлек қараймыз. Ал шындығында жазушының шығармасын
неғұрлым тереңірек түсіну үшін оның авторын да тереңірек білудің мол пайдасы
бары дау тудыра қоймас. Кітап жайлы, жаңа туған роман не повесть жайлы пікір
айтқан жолдастар сол дүниенің "әке-шешесі" жонінде, оның жеке басы, күнделікті
іс-қызметі туралы өз ойын, өз багасын бір ауыз айта кетсе, артық болмас та.

Осы тұрғыдан келсек, өз басым Әнуарды елуінші
жылдардың басынан бермен қарай, сол бір студенттік шақтардан бері білемін. Оның
әр қадамы көз алдымызда өтіп келеді. Ізетті, ілтипатты, үлкенмен де, кішімен де
тонның ішкі бауындай тез жақындасып, оңай шүйіркелесіп кететін журналист
досымыз соңғы сегіз-тоғыз жылдың денгейінде жап-жақсы жазушылық қырымен де
көрініп жүр. Әнуар не жазса
да, не істесе де ел қамын, адамгершілік жолын, азамат парызын жоқтайды. Әлімжанов өзінің күллі творчествосын туған
халқына, Ұлы Отанына, гуманизм мен интериационализм
жолына бағыштап келеді. Сондықтан да
біз оның әрбір жаңа шығармасын қолымызға үлкен үмітпен аламыз. Жалынды публицистің (иө, оның публицистігі - алғыр да ойшыл, терең мәнді
тебіреністі

публицистігі басым!) әрбір
кітабынан жаңа сұрақтарға жауап іздейміз, жалпы тобырдан жырылып шығып, өзінше оқшау биікке көтерілгенін кергіміз келеді.
Басқаны қайдам, өз басым Әнуардан дәйім осыны күтемін. Өйткені оның азаматтығына, парасатына сенемін.
Кейбір күнделікті тіршіліктің
күйтің-күйтің күйкі, жүдеу істерінен ұзап кете алмай, тұсаулы
аттай кібіртіктеп жүретін, кеудесі Көкшедей болғанмен санасының саңлауы бітеліп қалған, жанарын бүгіндік шел
қаптаған ағайындардай емес, алысқа - сонау
Қырымның қиыры мен ертегідей ертеңімізге қабат көз жүгірте білетін қабілетіне тамсанамын. (Білем, бұндай сөздер - мақтау қимайтын іші тар
жандардың тілімен айтқанда, "даурықпа, көпірме сөздер" әдетте юбилей
үстінде айтылады. Ал бүгін
Әлімжановтың юбилейі емес. Сөйтсе де
оқушы қауым өзінің бір өкілінің аздап "асыра сілтеген" пікірін кешірімділікпен қабылдар деп
сенемін). Иә, сонымен айтулы
Әнуарымыз мынау жаңа романында қалай?
Өзіне артылған осыншама зор үмітті ақтай ма? Анау аванс ретінде алдын-ала берілген мақтау сөздерге тати ма? Менің жауабым: Ақтайды! Татиды!

Махамбет
тақырыбы, хан сұлтаңдардың опасыздығы мен патша
озбырлығына қарсы көтерілген халық қозғалысының қабырға қайыстырар трагедиялық
тарихы қай қазақтың болса да бүйірін қыздырар жәйт. Бұл арада Исатай мен Махамбет сынды қос батырлардың жүрек жұтар батылдықтарын баяндап қою жеткіліксіз.
Елдің елдігін, ердің ерлігін
көрсететін, ел жырын, ер сырын шертетін ен даланы жайлаған жалпақ жұрттың жаппай қаһармандығын, туған
жерді хан мен патша тепкісінен азат ету жолындағы жер қайыстырған жорығын жырлайтын, ұлтшылдықтың тар шеңберіне
тұсалмаған, нағыз
интернационалистік, нағыз гуманистік
қалам қажет. Ә. Әлімжанов дәл осы дәрежеге көтеріле
білген.

Рас, сырт
қараған адамға романның ауқымы тарандау көрінуі
де мүмкін. Оның себебі - шығарма желісінің жеке-жеке, әр қайсысы өз шешімін тапқан, аяқталған үш шағын повестен құрылғандығында болуы ықтимал.
Бірінші повесте өзі жырлайтын қызғыш құстай ел-жұртынан айрылып, Хиуа хандығын кезген Махамбеттің
өміріндегі ең бір қиын да тебіреністі
шақ суреттелсе, екінші повесть күй атасы Құрманғазы
тағдырына арналған. Үшінші бөлімде қас дұшпанмен бетпе-бет келіп, жеңістің
де, жеңілістің де дәмін татқан
батырлардың қаһарман тұлғасын, ел басына төнген қанды күрзінің ылаңын, сол әкелген трагедияны көреміз. Жазушының қызуы мол, терең сырлы
қаламынан туған ел деп еңіреген Махамбет, халқым деп күңіренген Құрманғазы,
адал да аңғал Исатай, нәзік жанды Мақпал, Адшолпан, қылышынан қан тамған
Жәңгір-хан, Баймағамбет пен Дулат сұлтан бейнелері кез алдыңа барша
бет-пішінімен, дыбыс-қимылымен тірідей елестеп келіп, кепке дейін жадыңнан
кетпей тұрып алады.

"Махамбеттің жебесі" шеберлік жағынан
алып қарағанда да Әнуардың көп кітабынан оқшау, өзінше бір төбе болып бөлініп тұратын
тәрізді. Мұнда жазушының ұсталығы басым, оқиға қазығы мықты, композициялық
желісі жорға, сөз-сөйлем кұрылысы зергердің өрнегіндей нәзік те шебер,
көркемдік шегелері дәл де берік қағылған. Әсіресе, тіл мен стиль көркі ұлттық айшыққа бөленген. Орысша жазылса да қазақы бояуы

қанық, халқымыздың ойлау, сөйлеу,
суреттеу салтына тән ерекшеліктері
мен мұндалап, көзге ұрып тұрады.

Әдетте өзің құлай
ұнатқан нәрседен кемшілік
көргің келмейді. Тіпті, басқа жұрттың көзіне бадырайып көрінетін жайттардың саған мүлде байқалмауы мүмкін.
Осы жолы да солай секілді. Оның
үстіне жаңа кітаптың ұтқан-ұтылған жақтарын түгел
қарастыратын, кең ауқымды, терең талдаулы
үлкен мақала жазуды мақсат етпей, романды

оқып шыққандағы ә деп ауызға
келген ең алғашқы әсерімізді ғана
қағаз бетіне түсіріп отырғандықтан, Әнуардың дәл осы дүниесіндегі олпы-солпы
жерлерін әдейілеп тергіміз де жоқ,
ондайды іздегіміз де жоқ. Артық - ауысы, кем
- кетігі болуы әбден ықтимал. Оған дауласудан аулақпыз. Біздің айтпағымыз -
"Махамбеттің жебесінің" жалпы алғанда жақсы - иә, жақсы! - шыққандығы еді. Ал жақсы нәрсе одан да жақсара түсуі, тіпті,
мүмкін. Мәселен, болашақта. Қайта бастырғанда немесе қазақ тілінде шығарғанда. Ал қазақшасын, тегінде,
тезірек шығарғанның айыбы болмас.

Сөз соңында
"Жазушы" баспасының атына жөне бір тілек. Соңғы кезде бұл баспа өз өнімдерінің жоғары полиграфиялық
дәрежеде шьіғарылуына көп көңіл бөліп жүр. Осы жолда жеткен табыстары да аз
емес. Әсірссе, кітап мұқабасын түрлі-түсті әшекейлермен басуда. Амал не,
"Махамбеттіңжебесінің" сыртындағы В. Псарев салған сурет салауатты
өнерпаздың қолынан гөрі 6-7 кластағы әуесқой баланың тәжірибесіз шатпағынан
туған әлеміштей әсер қалдырады. Баспадағы жолдастар алдағы уақытта осындай
"ұсақ-түйектерді"де ұмытпаса екен.