ВЕРНУТЬСЯ

       Сақалының
сиректігіне қарамай Әбіш ұзақ қырынушы еді.
Қазір де ол жалпақ иегіне үш-төрт талдан бірігіп, сирек ши сияқты түп-түп болып шыққан сақалын қоңыр сапты қылпылдаған ұстарамен ежелгі әдетінше
асықпай отап отыр. Сақалының
сиректігі соншалық, кезектегі қылтанды кірт дегізіп қырқып әкеткен ұстара
жүзінде сабынның көпіршіген ақ көбігінен басқа түк көрінбейді. Әдетте, көбік
бетін қарауытқан қыл бәкес басып жатпаушы ма еді!.. Бірақ, бұған селт етіп, көңіл
аудармаған Әбіш өз жұмысына жан-тәнімен беріліп, екі жағы мен иегіндегі сабын
көбігін байсалдылықпен тәптіштеп қырып отыр. Асылында, ол қандай істі қолына
алса да асықпай-саспай, үлкен ұқыптылықпен істеуге дағдыланған еді.

Әкесінің сақал алуына төрт жасар Кәкен де дән
ырза. Ол Әбіштің бірде ұртын томпайтып, бірде ернінің астына тілін тығып бұртитып,
бетін олай-былай қисайта құбылтуына таң-тамаша болып, қызыға қарап қалыпты. Әлдеқашан
киініп, жиналып даяр тұрған Нұрипа жеңгей ғана күйеуіне:

- Әбіш-ай, бес тал сақалынды сонша қырнағаның да жетер!
Қойшы енді, жүр, - деп жай наразылық білдірді. Бірақ ол да қатты сөйлемейді. Күйеуінің мынадай ұзын-сонар,
іш пыстырар ісіне бұрынғысындай батыл араласып, тоқтам салғысы келмейтіндігі көрініп-ақ
тұр. Өйткені, бір жарым айдан бері "Іле" астық совхозында жұмыс
істеген Әбіш қаладағы үйіне кеше ғана келген болатын. Табысы мол. Кейбіреулерге
ұқсап тапқан-таянғанына арақ ішпей, алты мың сомға қосып совхоз директорының
алғысын да, сыйлығын да ала қайтқаны Нұрипа жеңгейді қатты қуантқан еді. Ерінің
адал еңбегі мен алты мың сом оның жүрегіне орынды мақтаныш сезімін тудырды.
Күйеуін кешеден бері жас баладай әлпештеп, оның жаңағыдай ұсақ кемшіліктеріне назар
аудармай жүргендігі де сондықтан. Міне, ақыры Әбіш қырынып та болды. Ол үстіне
жеңіл сұр костюмін киіп, көкала галстугін тақты да, үлкен айнадағы өз бейнесіне
жымың етіп, көзін қысып қойды. Бұл өз келбетіне көңілі толғандығының белгісі
еді. Әкесінің мына қылығына Кәкен мәз-мәйрам болын, сақылдай күлсе де, Нұрипа
жеңгей жай ғана жымиып, ішінен: "Әй ақымақтанған аңғалым!" деп қойды.
Әшейінде ол Әбішке: "Онысы несі, бала боп кеткенбісің? Қой әрі, айнаға
қарап жынды кісідей ыржақтамай!" - деп ұрсып тастар еді. Қазір өйтуге болмайды.
Тіпті, бір уақ балаларға ұқсап ойнап, көңіл көтеріп қойғанның не жамандығы
бар?..

Олар сыртқа шықты. Баратын жерлері - Горький
атындағы демалыс және мәдениет паркі - онша алыс болмағандықтан жаяу тартты.
Шалқар аспан көз тартарлық көгілдір де түпсіз. Сол мөлдір түңғиықтан шаңқия
қараған шуақ күн бүгін Алматыны мейірбан анадай аялап, жер бетіне өзінің  мол нұрын мейірлене, күлімсірей құйып тұрған
тәрізді. Әлі қыза қоймаған таза ауада да осы бір жылылық лебі сезіледі. Әбіш те
айналасына сүйсіне қарап, жадыраңқы келе жатыр. Қазір жыл мерзімі күз болса да,
оның көңілінде көктем еді. Ақырын жүрсе де аяғын алшаңдай басып, айналасына
басын шалқайтыңқырап, аузын аңқайтып сүйсінгенін жасырғысы келмегендей
күлімсіреп қарайды.

- Шіркін, Алматыдай жер бар деймісің! - деп қояды
ол Нұрипаға көтеріңкі үнмен. - Қарашы, қандай тамаша күн бүгін! Тамаша-а!

Кенет ол қарсы
келе жатқан ақ кительді, қамыс қалпақ киген
бір адамды көріп тоқтай қалды. Әлгі кісінің сорайған ұзын беті, кішкене шүңірек көзі мен
қалқиған құлағы оған өте таныс
көрініп кетті. Әбіш әлденені есіне түсіріп, бір секундтай ойланып қалды да, сосын тосыннан:

- Құман! - деп қуана дауыстап жіберді.

Анау асықпай бұрылып,
Әбішке барлай қарап алды да:

- Әбішпісің? - деді солғындау енжар үнмен.

- Ой, қайдан жүрсің? Көріспегелі неше жыл!..
- деді Әбіш ананың қолын қос-қолдап
сілкілеп жатып. - Тұра тұршы, қарап алайыншы әуелі өзіңе!.. Мына көзілдірігің мен бет-ажарыңның біраз тозып, дене бітімің іріленгені болмаса мүлде
өзгермеген сияқтысың. Мен сені бірден таныдым ғой!.. Міне тамаша-а!..

Нұрипа мен
Кәкен бір-екі адым шеткеріректе олардың кездесуіне
әуестене қарап тұрған-ды. Әбіш жолдасын соларға қарай тартып:

- Ал, танысып қойыңдар, Нұрипа. Мынау менің мектепте бірге
оқыған ескі досым! - деді. Бұрын да көңілді келе
жатқан ақкөңіл Әбіш, енді қуанышын қайда сыйғызарын білмегендей тыпыршып, бір
орында тұрмайды.

- Құмғанбай Тәкенов, - деп таныстырды өзін ол Нұрипаға. Оның мінсіз
аппақ кителі, едірейген биік төбелі қамыс қалпағы,
қалың көзілдірігі, мойнын кекжите көтеріп тұрған крахмалданған ақ жағасы - бәрі де бұл адамның бет пішініне маңғаз,
сұсты нышан беріп тұр. "Үлкен адам шығар", - деп ойлады Нұрипа оның осы кейпіне көз
жүгіртіп.

- Тірі екенсің ғой! Анау жылдары сені
майданда қаза болыпты деп естіп едім,
- деді қалқан құлақ әр сөзін
салмақтап сөйлеп.

"Тіфай,
тіфай! Тілеуің кесілгірдің қаза болыптысы несі екен?" - деп қойды Нұрипа іштей ренжіп, бірақ онысын байқатпады.

- Ауыр жаралы болып, өлім аузынан қалғаным
рас. Жарайды, оны қойшы. Өз
жайыңды айтшы? Халың қалай, қайда
тұрасың? Шешей тірі ме? Қайда
істейсің? Мектепте

жүргенде математикаға мықты едің,
ендігі бір профессор болған шығарсың
- деп Әбіш сұрақтарды
жаудырып жатыр.

- Хал-тұрмыс жаман емес. Екі балам бар.
Шешей ауылда, ағайдың қолында. Өзім осында тұрам. Есеп-қисапты қуып кеткенім
рас, бірақ профессорлыққа әлі жете алғаным жоқ бухгалтермін, - деп
қалқан құлақ шүңірек көздерімен Әбішті бастан-аяқ
сынай қарап шықты. - Иә, өз жайың қалай?

- Мен де сол ел қатарлы... Үш балам бар.
Мынау ең кішісі - Кәкен. Үлкендері
мана кетіп қап еді киноға. Нұрипа
тігін фабрикасында, өзім обкомда істеймін.

- О-о, Әбеке, сен өрлеп кеткен екенсің! -
деді Құмғанбай таңданған кейіппен сұқ қолын жоғары шошайтып.

- Мынау кенжем де... дұрыс, дұрыс. - Ол бір түрлі түсініксіз
қимылдар жасап, құрақ ұшып, қымыңдай
бастады. - Обкомда де, обкомда... Өй, Әбеке-ай, ә! Сені де көретін күн болады екен-ау! Тамаша,
тамаша... Вот так встреча, а? Құрбым Нұрипа, көрдіңіз бе... е-е... иә, мен
Әбекенді көптен білем ғой. Мектепте
жүргенде қандай аңқылдаған ақкөңіл
болса, қазір де сол мінезі өзгермепті!.. Совсем өзгермеген!..

Бет пішінінен
үлкен қуаныштың ізі аңғарылғандай болған Құмғанбайдың екі езуі екі құлағына жетіп, көздері күлім қақты. Қамыс қалпағын әлсін-әлі қолына алып, құп-құрғақ маңдайын көк жібек орамалмен дамыл-дамыл сүрткілеп қояды. Оның манағы байсалдылығы да, сұсты кейпі де енді қалт өзгеріп, едірейген биік қалпағы мен
тікірейген, қыртыссыз ақ жағасы мыжырайып кеткендей көрінді Нұрипаға. Үніндегі тәкаппарлық та жоғалып, ұяң
лебізбен төменшектеп сөйлейтін тәрізді.

- Ой, Әбеке-ай, ә! Сөйтіп, обкомда істеймін дейсіз
ғой!.. Мынау кенжем деңіз, аты кім?

- Кәкен.

- Кәкен, кім боласың, қалқам? Ой, папасының
баласы екен ғой. Жас қозыдай монтиған
қандай сүйкімді едің, шырағым?.. Жүр,
біздікіне қонаққа баралық, өзіндей Болат

деген досың бар - екеуің
ойнайсындар.

Әбіш пен Нұрипа
"Біздің үйге баралық" деп қанша қиылса да, Құмғанбай оларға ерік бермеді.

- Бұл бастамамыз ғой, Әбеке, тойдың үлкені әлі алда! - деп Құмғанбай әлденені құпиялап,
қулана сөйледі, оларды өз үйіне ертіп
келе жатып, - талай қызық алда-а! Дұрыс
емес пе осыным? Ал, Әбеке, жұмыс қалай, қиын ба? Мына егін орағы аяқталғанша мезі болған шығарсыздар?

- Өй, менікі мезі болатын іс емес қой. Қайта
қызық жұмыс, көңілді жұмыс, табысы да
мол жұмыс! - деді Әбіш мақтанышты
үнмен. - Бір жарым айдан бері совхозда жұмыс істедім, астық тасыдым...

- Астық тасығаны қалай? Обкомның
қызметкерлеріне дейін астық тасығаны
ма? - деді Құмғанбай орасан таңданған
үнмен басын шайқап.

- Жо-оқ. Мені және тағы бір шоферді жіберген
болатын көмекке. Қызметкерлер, әрине,
өз жұмыстарында. Сонымен несін айтасың!.. - деп совхоздағы жұмыс жайын, алған алғысы мен сыйлықтарын баяндағалы келе
жатқан Әбішті Құмғанбайдың:

- Сен немене... шофермісің? - деген сұрағы бөліп жіберді.

- Ия.

- Шо-фер! Ха-ха-ха-ха! Мен сені дөкейлердің
бірі ме деп қорқып келе жатсам?... -
деп сақ-сақ күлді Құмғанбай.

- Жоқ, бар жоғы шофермін, - деді Әбіш ақырын
ғана, күмілжи сөйлеп, - тіпті
"дөкей" болған күннің өзінде де қорқатын
жайың жоқ қой. Біз дос адамдар емеспіз бе?..

Құмғанбай күлкісін тиып, мана алғаш
кездескендегі қалпына түсіп, қайтадан
тәкаппарлана қалды. Мандайын сүрткіштеуін
қойып, қалпағын едірейте киіп алды. Жағасы да иегін кекжите тіреп, қайтадан
қатқылданып кеткендей көрінді Нұрипаға. Көзінен жаңа ғана ұшқындап тұрған жылылық та, дос ниет те зым-зия
жоғалып, бет әлпеті әлденені тесіле
ойлаған қызмет бабындағы адамның түріне енді.

- Түу, мүлде есімнен шығып кетіпті ғой! -
деді ол мықынындағы қалтасынан алған
күміс шынжырлы үлкен сағатына қарап
жіберіп. - Отыз минуттан кейін жиналыс басталмақ
еді... Сіздер кешіріңіздер, басқа бір уақытта жолығармыз. Алтынай да жұмысынан
қайтпаған шығар... Ғафу өтінем,
алда уақыт жеткілікті ғой. Ал, сау болыңыздар!

- Өй, сенікі қызық екен! Демалыс күні де жұмыс
істеуші ме еді? - деді Әбіш таңданып.

- Алтынай демалыс күні де істей береді...
біз, керек десең, кейде мереке
күндері де жиналыс өткізе
береміз.Жұмыс болған соң солай да! Ал, жақсы! Кездесеміз ғой әлі, - деп Құмғанбай Әбіштің қолын қысты
да, тайып тұрды.

1961 ж.