ВЕРНУТЬСЯ

       Совхоз қалашығының үстін тым-тырыс қапырық түннің бұлыңғыр
қара мүнары басайын депті. Жақындап қалған нөсер алдындағы тымырсық ауа жұпар
иіске, дала иісіне

толы. Нұргүлдің мандайына түскен майда шашын
анда-санда желпи соққан жылы самалда да осынау жатқан кең даланың нәзік лебі
бар сияқты.

Нұргүл айналасына мейірлене көз
жіберді. Сүйсіне, құмарта қарайды. Өйтпегенде ше! Бұл совхоздың әр үйі, әр тасы мұның көз алдында қаланды, оның
алғашқы дәрігерлік қадамы да совхоз
өмірімен қатар басталып, осы жолда өзі де мына
қалашықпен күрбы-құрдастай боп, бірге жасасып, біте қайнасып өсіп келеді.

Нұргүл қандай жас дәрігер болса,
совхоз да сондай жас. Оның
түзу салынған кең көшелері көк қүйқасынан әлі арыла қойған жоқ, шаңытқан тақыр
емес. Ортадағы бес-алты метрдей жер ғана тозып, жасылы көшенің екі жағына қарай
ысырылыпты. Бірте-бірте тақылдаған тастақ жолға айналып бара жатқан бұл
тақырмен осы кезде күні-түні бірдей тұқымдық астық тиеген, жанармай әкеле
жатқан жүк машиналары, бұлтындаған "газиктер" мен мотоциклдер
арлы-берлі тынымсыз ағылады да жатады.

Нұргүл осы суреттерге қуана қарайды. Күніне
әлденеше рет қараса да жалықпайтын секілді. Әрдайым бір соны жайды аңғарып,
жаңалық тауып, өзінше байлам жасап жүреді. Қазір де ол сондай бір ой үстінде
келеді.

"Былтыр біз аурухана жанындағы анау талдарды
еккенде, кейбіреулер "Әй, балалар-ай, бекер әуре боласындар-ау! Осыларыңнан
еш нәрсе өне қояр ма екен?" - деп сәуегейлік айтып еді, ә?.. Енді жайқала
өсіп, қаулап келе жатқандары мынау... Иә, совхозды көгалдандыру ісін қолға алу
керек. Келесі көктемнен бастап іске кіріссек... Осы аурухана іргесіндегі бос
жатқан үлкен алаңға бақ орнатса қайтер еді? Аурулардың дем алуына,
балалардың ойнауына тамаша болмас па еді!? Иә, иә, мұны мықтап қолға алу керек.
Совхоз басшыларына айтқан жөн...
Айтпақшы, "Совхозға Алматыдан жаңа агроном келіпті. Жас болғанмен өз ісін
жақсы білетін, шаруақор тамаша жігіт
екен!" десіп жүр еді-ау осы жұрт. Өзімен танысып, осы жағдайды
алдын-ала ертерек ескертіп қойғаным дұрыс болар", - деп түйді Нұргүл өзінің көптен бергі ойларын.

Ауызғы бөлмеде
әжесі күйбендеп, бір нәрсе істеп жүр екен.

- Қонақтарыңыз тұтас жиналды ма? - деді Нұргүл түпкі үйдегі дабырлай сөйлескен адамдардың дауыстарына құлағын тігіп.
Бүгін оның туған күні болатын. Бірақ, өзі операция жасаймын деп кешігіп қалған
еді.

- Иә, қарағым, бәрі де сені тосып отыр.

Ac келді.
Қонақтар орындарынан жапырласа тұрып Нұргүлдің жасы ширек ғасырға толуына
байланысты құттықтауларын,
дос ниеттерін айтысып, қолдарындағы күрең-қошқыл шарапты толтыра құйған рюмкаларын енді қағыстыра бергенде, сыртқы есік сарт етіп ашылып,
ауызғы бөлмеге әлдекім асығыс кіре
берді. Төргі үйдегілер рюмкаларын еріндеріне
апара беріп, қайта төмен түсірді де, түгелдей бұрылып есік жаққа қарады. Ішке ентіге басып медсестра Аня кіріп келді.

- Нұргүл Ахметовна! - деді ол демін де алмастан, - Жүріңіз, жылдам!

Нұргүл үстіне жасыл жемперін жамылып жатып:

- Қазір, қазір! He боп қалды, Анечка?

- Жаңа келген агроном!.. - деді Аня.

- Жаңа келген агроном?!

- О жігітке не боп қапты? - десіп қонақтар
да шу ете түсті.

- Мотоциклден жығылып... Бағана түс
мезгілінде eгic даласымен танысам деп
кеткен екен... Содан жаңа кешке жуық
қайтып келе жатып... қараңғыда байқамай шұңқырға құлап!.. Содан
жарақаттанып!.. - деп асығып-аптығып жауап берді Аня. - Оң жақ қабырғасы
сөгіліп кетіпті! Қансырап жатыр!...

Дала уілдей
соққан жел екпінімен гуілдеп тұр
екен. Әуенін неше саққа жүгіртіп,
әлдеқандай қорқынышты күй шерткен тәрізді. Манағы самал жел енді қатайып, қарсы
алдынан екпіндей соққан күшті қара боранға айналыпты. Әлсін-әлсін демін ышқына алып, долдана соққанда
Нұргүлді кеудесінен итеріп, етегінен жүла
тартқылағандай болады.

Бірақ, Нұргүл оған қарар емес, еңкейе
түсіп, бар пәрменімен жүгіріп барады.
Аласа бойлы, семіз денелі, ет-женді медсестра оған ілесе алмай, бортаң-бортаң
етіп, едәуір арта қалып қойды.

Нұргүл ауруханаға да сол жүгірген
бойы келіп кірді. Халатын асығыс киіп жатып қасына келген кезекші дәрігер Войтовтан:

- Жалпы жағдайы қалай? - деп сұрады.

- Оң жақ қабырғасының көк еті сөгіліп
кеткен. Бір-екі қабырғасы сынған
сияқты. Талықсып жатыр, тезірек операция жасаған жөн. Менің пікірім осы, - деп
Войтов та жауабын тез қайырды.

Сарғыш
клеенкамен тысталған аласа кушетканьщ үстінде толқынданған қою қара шашты, ұзын бойлы адам жатыр. Қыбыр етпейді. Нұргүл еңкейіп, оның жарақаттанған жерін байлаған
шүберекті ала бастады. Талықсып жатқан агроном жанына дәрігер келгенін
сезгендей-ақ ауыр ыңырсып, бетін бері бұрды. Манадан келеңкеде жатқан жүзіне
электр жарығымен қатар Нұргүлдің көз қиығы түсіп кетті. Кең маңдайлы, аздап
дөңес мүрынды сопақша бетінде бір тамшы қан қалмаған жас жігіт дәрігерге өте
таныс сияқты корінді. Нұргүл оның жұқалау еңіне тесіле қарап біраз тұрып қалды да,
кенет біреу кеудесінен итеріп жібергендей жылдам кейін шегінді. Көздері
бажырайып, аузы аңқиған күйі үн-түнсіз тұрып қалды...

 

* * *

 

Нұргүл медицина институтында, емдеу факультетінің төртінші
курсында оқитын. Олардың жатақханасында әр сенбі сайын би кештері еткізіліп тұратын-ды.
Мұнда кенметаллургия, физкультура, ауыл шаруашылық институттарының студенттері
жиі келуші еді. Кешке пәлен институттың студенттері келіпті дегенді ести
сала-ақ бірге жататын құрбы қыздары сыланып-сипанып, үлкен айнаға таласатын да
қалатын.

Осындай кештердің бірінде ол ауыл шаруашылық институтының
бір студентімен танысты. Сүлу кескінді, толқынданған кою қара шашты, бойшаң
жігіт Сұлтан Нұргүлге ә

дегеннен-ақ өзінің өте ізетті, сезімтал мінезімен үнай кетті. Әңгімелесе
келе Нұргүл оның ойлы адам екенін де аңғарды.

Бүкіл кеш бойы Сұлтан Нұргүлдің қасынан екі елі
ажырамады. Нұргүл де оның мұнысына қарсылық білдірген жоқ. Керек десеңіз, ол
келесі сенбіні бір түрлі асыға күтіп жүрді де, би кешіне тағы да барды. Сұлтан
да келген екен. Қыз көзіне бір
түрлі жылы ұшырай кетті...

Содан былай Сұлтан
оған жай уақыттарда да келе беретін болды.
Кино мен театрларға, сырғанақ тебуге де бірге барып жүрді... Ақыры екеуі біріне-бірі жүрек сырларын да шертісті.

Олардың
достығы тату да, тәтті де сияқты көрінетін Нұргүлге. Оның Сұлтанға есі-дертімен
берілгендігі соншалық, әлдеқалай себептермен екі-үш күн көрмесе, тынышы кетіп ұйықтай
алмайтын. Сұлтанның сезімі де дәл өзінікіндей
екендігіне сенімі өте мол болатын. Оған сенімсіздік
білдіріп, шұбәлану деген мүлде басына келген емес-ті...

Келесі жылы
олардың қарым-қатынасы бұрынғыдан да бекіп,
жымдаса түскендей еді. Сүйіскен жүректер арасынан қыл өтпестей жақындасқан шақ. Әсіресе, Нұргүл көңілінде ешқандай саңылау жоқ. Жай достықтың шеңберінен шығып, ерлі-зайыпты
адамдардай ете жақын болып кеткеніне мүлде
өкінбеді де, - оның келешек өміріне, семья бақытына сенімінің күштілігі сондай
болатын!

Бесінші
курстың аяқ кезінде емтихан тапсырып жүріп Нұргүл Сұлтанға өзінің үлкен
қуанышын - ана болатынын айтты. Сұлтан
қуанудың орнына қапаланғанын жасыра алмай тіксініп қалды.

- Сен не дедің осы?! - деді ол шошынған
үнмен қабағын шытып. Оның бажырайған көзі, бір түрлі сопайып жатқан ұзынша беті, қыртыс-қыртыс боп
жиырыла қалған мандай терісі
басындағы қорқынышты да, өкінішті де бүркей алмай, үнсіз жария етіп түр. -
Ана?.. Бала?..

- Иә, одан неге шошыдың соншама, Сұлтан?! -
деді Нұргүл күйінішті үнмен.

- Жо-жоқ... Шошығаным жоқ. Бала ма?.. Дұрыс... жақсы! - деді Сұлтан
күлімсірей, көтеріңкі айтуға тырысып. Бірақ,
онысы жыламсыраған адамның кейпіне кеп ұқсас еді.

- Сұлтан! Шынынды айтшы, ашып айтшы?! He
болды саған, сен бұрынғы Сұлтанға
мүлде үқсамайсың?! Жасырмай айт, бүкпе! Енді шыдар жай қалмаған сияқты менде...

- Нұргүл... сен мені кешір... - деді ол күмілжіп біраз үнсіздіктен кейін, - мен... мен қазір сені
сүймейтін сияқтымын... Мүмкін мүлде сүймеген де шығармын... Саған берер кеңесім мынау: Сен бұл баланы тума, білдің бе? Түсініп тұрмысың - тума! Масқара болғың келмесе
тума, өйткені мен сені бәрібір
алмаймын! Уәде де берген емеспін...

Нұргүл оны үнсіз тыңдады. Түс көріп тұрған секілді. Өз құлағына сенерін де, сенбесін де білмейді.
Мұндай сөздерді сүйген кісісі тұрмақ жалпы адам баласы айта алады деген ой оның миына кірер емес.

Алғашында құлаққа
ұрған танадай үн-түнсіз тұрып
қалған Нұргүл енді өзінің
аңғырттығына деген ыза-күйігіне, ауыр
қасіретіне булыққандай еді. Ыза мен өшпенділік кеңірдегіне кептеліп қалғандай боп, аузынан "Азғын!"
деген жалғыз ауыз сөз шықты да, жас парлаған көзін қолымен басып, жүгіре
жөнелді.

Нұргүл жатақханаға түн ортасы ауа
ғана қайтты. Сұлтан айтқан манағы улы
сөздер сәт сайын тагы да құлағына саңқ етіп,
миын жарып өткендей болып ұйықтай
алмай, көрер

танды көзбен атқызды...

Нұргүл әсте кекшіл адам емес
болатын. Сондықтан да ол кейбіреулер
құсап Сұлтанның соңына түсіп,
жанына салған жара үшін өш алуға бір
жағынан арланса, екінші жағынан дәті
бармады. Бірақ, бөлмелес құрбылары:
"Адамдық арыңды аяққа таптатпаймыз! Көрсетеміз біз оған азғындығын!" - деп жоғын жоқтап, намысын қорғады.

 

Сөйтіп, Сұлтан
тиісті жазасын алды. Рас, ол алғашқыда институттан
да, комсомол қатарынан да шығарылып тасталғанымен, бірақ кейіннен біздің
өміріміздің о жер, бұ жерінен кездесіп қала беретін
"тамыр-таныстық" деп аталатын бір мықты
сүйеудің арқасында институтқа қайта алынып, мемлекеттік
емтихандарға жіберілді. Бұған
оның сабақта үздік оқитындығы да
көмек болуы мүмкін. Әйткенмен де, Сұлтанның жазаға тартылуы Нұргүлдің қайғы-шерін жеңілдете алмады. Ол Сұлтанның
тағдырын ойына алып, жаза шеккеніне қуанып
көрген емес. Тек ұмыта алмайтыны баяғы суық сөз, өзінің алданып қалғандығы. Жүрегіндегі жарасы да, қасіреті де, ішін жалаған күйігі де - осы.

Көп ұзамай
кішкентай Сәуле туды. Ол өзінің іңгәлаған сүйкімді
даусымен бірге бү дүниеге ана бақытын, ана қуанышын ала келді. Анда-санда
болмаса Нұргүлдің жүрек жарасы
енді бұрынғыдай емес, өп ауырмайтын тәрізді, ескіріп, ұмыттырып бара жатқан сықылды.

Бұл оқиғадан кейін екі жыл өтті. Нұргүл институтты
бітіріп, осындағы совхозаралық медицина пунктіне меңгеруші болып келді. Ескі
жара жазылып кеткендей еді. Әсіресе, көктем
шығып, өмірі күрек тимеген тың дала қопарыла бастағалы сондай бір қызық еңбек думанына, қуанышты дүбірге араласып, өткен күннің
өкініштерінен біржола арылғандай, қайтып оралмастай шақта жүрген-ді...

 

* * *

 

Осы бір
елестер Нұргүлдің көз алдынан
зымырап өте шықты. Өңі қуқыл тартып
кетіпті. Шошына қараған нәркес көздері
кушетка үстінде жатқан жаралы жігітке тесіліп қапты. Бұл - Сұлтан еді. Нәзік сезімді мейірімсіз
қаталдықпен жаншып, қыз жанына жазылмас жара салған Сұлтан. Ол қазір жазықсыз жапа шеккен
кінәсіз жанның алдында жатыр. Нұргүлдің бұрынғы қасіреті қайтадан оянып, бітеу жараның
аузы ашылып кеткендей болды. Қазір Нұргүлдің Сұлтанға деген бұрынғы өшпенділігі
қайтадан тұтанып, күшіне кіріп алғандай еді.

Ол шегіншектеп барып тұрып қалған күйінде екі
шекесін қолымен басып бір сәтке ойланып қалды. Сонша жерден қонақтарын тастап,
беймезгіл шақта алаөкпе боп жүгіріп келгендегі адамы Сұлтан болып шыққаны оның
жанына қатты батып кетті. Әйткенмен, енді не істеу керек? Шынымен-ақ,
қыз намысын табанымен таптап, өміріне ұмытылмас ақау түсірген адамды Нұргүл
операциялай ма? Өзінің қас жауын
ажалдан арашаламақ па?... Жоқ, ешқашан?!..

Сұлтанды
операциялау түрмақ бетіне қарағысы да келмейді...
Бірақ, мұнда Нұргүлден басқа операция жасайтын ешкім жоқ. He істеу керек?! Иә,
иә... "Жедел жәрдем" каретасына
салып, аудан орталығындағы ауруханаға жіберсе қайтеді? "Бұрын кездеспеген ауыр жара болғандықтан операция
жасауға батылым бармады" десе толық дөлел табылады. Асылында, сөйткен жөн
болар. Бірақ... Екі ара алыс, жолда
жазатайым өліп кетсе ше?.. Мейлі, оған Нұргүл жауапты болмайды. Оның мұндай
операцияларға шамасы келмеуі
мүмкін, тәжірибесі аз, жас дәрігер екенін жұрттың бәрі біледі...

Алайда осының
өзі қалай болар екен? Шынымен-ақ өле берсін
бе?

Дәл осы кезде
манадан бері қимылсыз, сұлқ
талып жатқан Сұлтан ептеп есін жияйын деді. Қинала ыңқылдап, ауыр ыңырсып барып, бірте-бірте ақырындап көзін
ашты. Алғашында айналасындағының
бәрі алыстағы бұлдыр сағымдай көрінгенмен бірте-бірте жақындап, айқындала
түсті. Ақ қабырғалар, ақ сырлы есік, ақ халат киген қыз... Бәрі де аппақ. Қыздың
өңі де ақ шүберек тәрізді... Апыр-ау, бұл қайда жатыр?... Үлкен көздері -
мөп-мөлдір, қап-қара. Сонша неге тесіледі екен? Heгe үндемейді? "Тұра тұр,
тұра тұр... Қайдан көрдім
мен оны? Иә,... жоқ, мүмкін емес! Жоқ, сол. Тап өзі! О, сұмдық! Нұргүл! Heгe?... Енді бітті бәрі де! Құрыдым... Кешірмейді, аямайды. Қайдан кешірсін?! Heгe
алдадым оны?! Шынымен-ақ қол
үшін бермей, осылай жатқызып қоя ма? Әлде операциялай ма? Бәрібір,
бәрібір өлтіреді!"

Сұлтанның тұла бойы тітіркеніп, мұздап сала берді. Үрейлі көздері ұясынан шыға бағжиып, әлсіз үнмен:

- Келдім ғой
алдыңа... Енді кегінді қайтаруыңа болады... Өлтіре бер... - деді де, қайтадан
талықсып кетті.

Сұлтанның
соңғы екі сөзі, Нұргүлдің
мынау дел-сал қалпынан оятып жібергендей болды. Өлтіре бер деді, ә? О, сұмдық, Нұргүлді
қанішер деп ойлай ма?! Ол - дәрігер! Дәрігер
- өлімнің жауы... Сұлтан олсе, тек Нұргүлдің кінәсінен өледі.
Қолынан келіп тұрып операцияламағандықтан өліп кетсе, өз қолымен буындырып өлтіргені емей немене?!
Тәжірибесіз жас маман екендігін сылтауратып, жұрт алдынан ақталып-ақ
шықсын. Ал, ар-ұяты алдында несімен ақталмақ,
нені сылтау етпек? Сұлтаңда кеткен ескі кегін бе? Жә, сонда Нұргүлдің
кім болғаны?!

Жоқ, ол мұндай жауыздыққа бара алмайды.
Дәрігерлік арына, жанына лас істің
қара дағын түсіргісі келмейді. Өзінің қатты
алданып, опық жеген адам екенін ұмытуы керек. Жеке бастың қамын
ойлап, қайғысына батып кекшілдікке кетер орын
бұл емес. Қазір Сұлтан - ауыр
жаралы адам да, Нұргүл - дәрігер.
Дәрігер ауру адамға көмек көрсетуге
міндетті. - Иә, мен оны операциялауға
тиіспін! Бәрін де ұмыту керек. Ол -
ауру, мен - дәрігер! -деп
дауыстады Нұргүл. - Ол - дәрігер!...
Дәрігер!...

Осы сөздерді
ол операция кезінде де іштей қайталаумен болды.
Бірақ, өзін осылайша нығыздап, сезім дүниесін ақылына еріксіз бағындырғанмен де, жүрек толқынын, оның тағат таппай тулаған үнін баса алмады. Сұлтанға
қолы тиген сайын бүкіл денесі дір ете түсті. Қатты бұралған домбыра ішегіндей шегіне жете
созылған бүкіл нерві ышқына дыңылдап,
тұла бойына азап сазын,
күйініш күйін тартқандай болады. Нұргүл
өзінің институт қабырғасында өткізген практикасында,
мұнда келгелі бері өткізген
дәрігерлік тәжірибесінде осыншама қиын
операция жасап көрген емес?.. Ауруханадан
ілби басып, есеңгірегендей боп, құр сүлдері ғана
шықты.

Манағы қатты
жел толастап, енді қара нөсерге айналыпты. Аяқ асты көл-көсір, шылп-шылп етеді.
Кезге түртсе кергісіз қараңғы түн.
Оқтын-оқтын күн күркіреп, әлде қай-

да алыста жарқылдаған нажағайдың
сәулесі бір сәтке жер бетіндегі сумен
шағылысып қалады.

Нұргүл есіктен шыға бере ағыл-тегіл
жылап жіберді. Ескі қайғысы есіне
түсіп, бітеу жараның аузы ашылып кеткендіктен
бе, әлде өзін-өзі операция жасауға күштеп, соншалық
қиналғанына ма, жоқ ашынғандықтан ба кім білсін,
неге жылағанын... Тек моншақ-моншақ болып домаланған көз жасы телегей-теңіз
жаңбыр суына араласып, аяқ астында
шылпып жатқандай көрінді оған.