ВЕРНУТЬСЯ

       Ол кезде
"Костя ағай" (оны жалпы жұрт
осылай деп атайды екен, ал фамилиясы
есімде қалмапты) Жамбыл облыстық комсомол комитетінде шофер- болып істейтін еді. Қырықтың қырқасынан асып түсіп, елудің
етегіне қол созған жайы бар. Сырт қараған адамға ақжарқын, анау-мынау ожар
мінезі жоқ, моп-момын кісі тәрізді. Сөз әлпеті де, жүріс-тұрысы да салмақты,
тоқтаған жанның сыңайын аңғартады. Бірақ, "жуастан жуан шығады"
демекші осы бір сырттай биязы, момақан, көпті көрген көшелі кісінің аяқ астынан
болымсыз нәрсеге булыға ашуланып, ызадан жарылып кете жаздап барып шарт
сынғанын көргенде әрі қайран қалып, әрі жағамды ұстадым.

Бұл бұдан екі-үш жылдай бұрын болған еді. Облыстық
комсомол комитетінің насихат және үгіт бөлімінің сол кездегі меңгерушісі Аня
Чумазова екеуміз "Костя ағайдық" машинасымен Свердлов ауданындағы
"Трудовой пахарь" колхозына келдік. Біздің "ГАЗ-69" колхоз
орталығы - Буденовка селосындағы мектептің тұсынан өтіп бара жатқан-ды. Кенет
оң жақтағы жайпақ төбелі үйдің түбінде тұрған кішкентай еісі баланың біреуі
қолын сермегендей болды да, машина кабинасына әлде не сарт ете түсті. Дереу
тоқтай қалдық. "Костя ағай" моторды да сөндірместен сыртқа атып шықты.
Жаңа ғана бізге тас лақтырған бала үйді айнала қашып, зып беріп аулаға кіріп
кетті. Алты-жетілер шамасындағы, одан гөрі кішіректеуі қақпа алдында қалды.

"Костя ағай" ақырын аяндап барып, әлгі
баланы қол бұлғап қасына шақырды. Секем алып сезіктенетіндей сыңай байқатпады.
Жайша, жөн сұрағалы жүрген адам тәрізді. Дәл сол сәтте оның ойында не барын
бармақтай бала тұрмақ біз де біле алмаған едік. Бала оған бір-екі қадамдай
жақындап келді де, әлде бір сезікті шырайдан секем алды білем, жалма-жан жалт бұрылып,
қаша жөнелмек болды. "Костя ағай" да андып тұр екен. Жай қуса жете
алмасын білген-ау, шамасы, екі қолын алдына созып, құдды тышқан аулаған мысықша
етбеттей атылды. Баланы бір балағынан ала-мала ұмар-жұмар құлап түсті.

Үлкен кісінің жығылғаны да кезге қораш, ебдейсіз, күлкілі
болады екен ғой. Бірақ біз күліп те үлгере алмадық. Кескен теректей ұзынынан сұлап
түскен "Костя ағай" сол заматта-ақ ұшып тұрып, "құрбандығын"
құлақтан тартып екі аяққа тік қойды да, шапалақпен салып-салып қалды. Титімдей
бүлдіршінді кестиген керзі етігімен үш-төрт рет теуіп те жіберді. Тағы да құлағын
бұрап, тағы да тартып-тартып қалды. Істің тез біткені соншалық - біз сыртқа шығып,
балаға араша түспек түгілі аузымызды да ашып үлгермедік. Көшені басына көтере
бақырып бала кетті, "кек қайтарып" көңілі көншіген "Костя
ағай" түк болмағандай тымырая күлімсіреп (иә, күлімсіреп) машинаға келді.

- Ойпыр-ай, Костя ағай-ай, неткен қатыгез едіңіз?!
Сұмдық қой мынауыңыз! Түу, кіп-кішкентай баланы сонша ұрып, ұят емес пе?

- Е, оның несі ұят екен? Мұндай жүгермектерді
өстіп жөнге caп қоймасаң, басынып алады. Сосын басыңа отырар.

- Жөнге салғаныңыз осы ма? Оның үстіне тас
лақтырған ол емес қой.

- Рас, о қу қолыма түспей кетті, түскенде оның да сазайын беретін едім!
Осындай жүгермектер алдыңғы жылы тап
осы жерде машинамның алдыңғы терезесін күлпарша еткен болатын, - деп, ол өткен оқиғаны қозғады. - Онда қолыма түспей кетіп еді, осы жолы...
Ештеңе емес, екінші қайталамайтын
болады!

Неткен
қатыгез, неткен кекшіл адам! Алдыңғы жылғы оқиғаны
осы уақытқа дейін ұмытпай, кек сақтап жүрген. Қолайлы кезеңін күтіп, іштен тынып, кіжініп жүрген. Және кімге
десеңізші!.. Жоқ, онымен одан әрі адамша сөйлесу мүмкін емес еді. Біз үнсіз қалдық.

Міне, тап осы
арада менің есіме Болат Орынбаев түсті. Ол
да шофер болып істейді. Бірақ мұнда емес, Шу ауданында. Мамандықтары бірдей
болғанмен көргенінен көрмегені көп,
өмірді әлдеқайда кем білетін сол бір жиырма жастар
шамасындағы бала жігіт мына отырған "Костя ағайдан" бүтіндей өзгеше
адам. Иә, өзге адам!

Онымен
мынандай жағдайда таныстық. Шу ауданында командировкада
жүрген болатынмын. Бір күні Чкалов атындағы колхозға барып қайтуға тура келді.
Екі ортадағы жол талай жылдардан бері
жөнделмеген. Оның үстіне күн сайын сіркірей
жауып тұрған ақ жауын жердің миын шығарып, лайсаң
етіп тастаған. Машина жоқ.

Сол колхоздың
алыстағы бір учаскесіне ауданның тергеу орындарында
істейтін бір топ қызметкерлер жүрмек екен. Аудандық
аурухананың "Жедел жәрдем" машинасы да со-

ларға ілесе шықты. Болат осы
машинаның шофері. Мен Болаттың жанына отырдым.

Новотроицк
селосы мен Чкалов атындағы колхоздың екі
арасы онша шалғай да емес. Жиырма шақырымдай ғана. Алайда жайшылықта 30-40 минуттай ғана жүретін осы қашықтықты біз мынадай лайсаңда екі
сағаттың ішінде өрең-пәрең тауыстық.
Жол бойы көп әңгімелесе қойғанымыз жоқ. Мүлт кетсең шалшыққа толы
шұңқырға түсіп кететіндіктен
ойдым-ойдым жаман жолға тесіле көз
тігіп отырған Болаттың мазасын алмайын деп мен
де қазымырланбадым, ол да өздігінен тіс жарып ештеңе айта қоймады.

Әдетте машина
руліне жаңа отырған жас шоферлер өлгентірілгеніне қарамай соқтырта айдауды
жақсы көруші еді. Ал мынау ондай
емес, асықпайды да, аптықпайды да. Газды да бабымен
ғана басып, сақ отыр. Сөйлеспесе де, бетіңе тура қарамаса да өзінің іштей мейірбандылығымен, жылышырайымен бір түрлі
жақын тартып, бір қарағаннан-ақ ұнай кететін адамдар болады ғой. Болат та
сондай. Оның әлдекандай көңілді күлкі ойнаған қараторы жүзіне, баранканы бекем ұстаған қарулы қолдарына, салмақ
сақтаған сабырлы әлпетіне қарап
отырудың өзі бір ғанибет еді.

Міне, колхозға
да таяндық. Алда екі қарт адам және бір қыз
кетіп бара жатыр еді. Болат солардың тұсынан өте беріп машинасын тоқтата қойды да, әлгілерді мінгізіп алды. Таныстары да
емес. Қол көтерген де жоқ. Өзі тоқтатты.

"Жедел
жәрдем" жолдың жамандығынан алыстағы участокке жете алмайтын болды да,
бізбен бірге келе жатқан кісілер
"Газ-69" машиналарына отырып, жүріп кетті. Ал, мен колхоздағы жұмысымды бітіргеннен кейін аудан орталығына тағы да
Болатпен бірге қайтатын болдым.

Қараңғы түсе
жолға да шықтық. Болат машинасына Новотроицкіге
баратын үш-төрт адамды тағы да салып алды. Бұл жолы да өзі шақырды. Ақша
алмайтындығын айтты.

Жүріп келеміз,
жүріп келеміз. Жол шіркін таусылар емес. Мана
күндізгіден де ұзара түскен секілді. Жаңбыр да толастаған жоқ. Жер әлемді көл-көсір
етіп әлі құйып тұр. Машинамыз бейне толқын шайқаған
жеңіл қайықтай лықсып-лықсып
кетеді. Әрең ілбіп келеміз.

Жөн сұрастық. Болат оныншы класты 1957
жылы бітіріпті. Шофер мамандығын
мектепте жүріп-ақ алыпты. Әкесі Қарабай Орынбаев аудандық прокурор болып
істейді екен.

- Семьямыз үлкен, бір қора жанбыз, - деді
Болат. - Менен басқа және сегіз бала
бар: екеуі қыз, қалғандары ер балалар.
Шешемнің жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Ал жалғыз әкейдіңтабысы, шынын айтқанда,
жетіңкіремейді- Сондықтан маған да жұмыс істеуге тура келді.

- Ал, "Жедел жәрдемде" істегеніңе
қанша болды?

- Екі жарым жылдай болып қалды.

- Қалай, жұмысың ұнай ма?

- Ұнамаса істеймін бе? - деп Болат
маған таңдана қарады. - Рас, сырт адамға біздің жұмысымыз бірыңғай көңілсіз, ішті пыстыратын іс сияқты болып көрінуі де
мүмкін. Бірақ... Білесіз бе, қиналып
жатқан ауру адамға көмекке асығудың өзі
қандай?! Өзім дәрігер болмасам да, сондай қатты науқас адамдардың тағдыры менің қолымда тұрған сияқты болып көрінеді. Барынша тез жетуге тырысасың. Өйтпейінше ше?

Біздің кешігуіміз қылмыс қой...

- Айлығың қанша? - деп сұрадым.

- 50 сом.

- Аз емес пе?

- Аздау екені аздау. Көбірек алатын жерге
орналасуға да болар еді. Бірақ барғым
келмейді. Мұнда қызық. Жақсы жұмыс!

Кенет машинаның
бір жағы қиқая шөгіп, терең шұқырға түсіп кетті де, тұрып қалдық. Болат қанша
әбігерленсе де  болар емес. Басқаның көмегінсіз
өздігімізден шыға алмайтын тәріздіміз. Арт жақта екі-үш машина келе жатқан сияқты
еді. Соларды тостық.

Міне, алдыңғы екі
машина қуып та жетті. Қол көтердік. Тоқтай
қалды. Номерлеріне қарағанда Фрунзеден келе жатыр екен. Тартып шығаруларын
өтіндік. Бірақ, олар жүктері ауыр
екенін, өздері де тығылып қалуы ықтимал екенін сылтауратып, бізге көмек көрсетуден бас тартты. Сөйтіп,
мойын бұрмастан кетіп қалды.
Ренжідік, ызаландық. Бірақ, не істейсің
оларға? Тағы да машина келер деп біраз тосып едік, бұл үмітіміз де
суға кетті. Жылт еткен жарық жоқ.

Осылайша қол қусырып отыра беруге болмайды ғой. Болат
моторды от алдырып, машинаны ілгері-кейінді ырғай бастады. Тек алға ғана
болмаса келген ізімізбен кейін шыға алатын емеспіз. Сондықтан алдыңғы
доңғалақтардың астында таудай боп үйіліп жатқан балшықты күрекпен бір шетке ысырып,
шөп-шалам, тас тастадық.

Әйтеуір өлдім-талдым дегенде әрең шығардық-ау! Қатерлі
жерден біршама ұзағаннан кейін Болат маған қарап, былай деді:

- Жаңағыдай қайырымсыздарды көргенде қалай
ызаланбассың?! Егер қаласаңыз осыған ұқсас бір уақиғаны айтып берейін. 1958
жылы көктемде дәрігермен бірге осы машинамен Қарабегет деген жерге
командировкаға шықтым. Жері сортаң, жол жаман. Байқап жүрмесең сорға түсесің де кетесің. Мен де абайсызда бір
сортаңға машинаны белшесінен батырдым да қойдым. Ары тырбандым, бері тырбандым - бірақ шыға алмадым. Жақын
маңайда машина да, трактор да көрінбейді.
Содан бақандай 18 шақырым жердегі бригадаға барып, трактор сұрауға тура келді.

Сәті түскенде
бригадир жақсы адам екен, бір тракторды қосып берді. Бірақ, шатақ болғанда тракторшы түнімен жұмыс істеп ұйықтамаған екен. Былай шыққаннан кейін "жүруге мүршам жоқ, бармаймын!"
деп шатақ шығарды. Өзім ептеп
айдай білуші едім, оны дем ал деп жатқызып қойдым да, рульге отырдым. Қараңғы
әлдеқашан түскен болатын. Жүріп
келеміз, жүріп келеміз. Машинаға дейін үш-төрт шақырымдай қалғанда тракторшы
жігіт оянып, тағы да шатақ шығармасы
бар ма? Сен адастың, бармаймын, қайтамын дейді. Әрең көндірдім. Тағы да екі-үш шақырымдай жүрдік. Машинаға енді 500
метрдей қалғанда әлгі бейбақ тракторды қайтадан тоқтатып, бұрынғы әуеніне тағы да басты. Бүл жолы қанша
жалынсам да көнбей отырып алды.
Ызамның келгені соншалық - не істеп,
не қойғанымды білместен өзімнен әлде қайда үлкен, сойталдай жігітті салып кеп жібсрдім. Ол қолына бір кілтті ала салып қуып кеп берді. Мен тракторды
айнала қаштым. Өстіп балалардың
мысық-тышқан ойнағаны құсап жарты сағаттай алаокпе болдық. Ақыры ол
мені аузына түскен сөздермен мықтап тұрып
балағаттап алды да, тракторға отырып жүре берді. Күйінгенім соншалық жылап жібердім...

Енді не істеу
керек? Таң атқан соң ғана болмаса қазір бәрі
бір ешқандай лаж жоқ. Сөйтіп машинаға бет алдым. Бірақ жаңағы тракторшымен ұрысып, ашуланып, шыр айнала қашып жүргенде бағдардан да айырылып
қалыппын. Ары сандалып, бері
сандалып, машинаны таба алмадым. Әбден
сілем қатып шаршадым. Сосын бір жерге сұлай кеттім. Оянсам күн сәскеге келіп қалған екен.
Түнімен іздеген машинам дәл жанымдағы бір төбенің астында түр. Дәрігерлерге мән-жайды түсіндірдім де, тағы да трактор
іздеуге шықтым. Басқа бір
бригададан трактор әкеліп сортаңнан шықтық-ау әйтеуір. Міне, осындай қайырымсыз
адамдар бола береді. Олар, әсіресе, сапарға шыққанда жаман... Оу, мына тұрғандар
жаңағылар емес пе?

Иә, жаңағы мойын бұрмай кеткен екі машина алда ми батпаққа
белшелерінен батып түр екен. Біз тоқтай қалдық. Міне, осы арада мен Болаттың
тағы да бір ізгі қасиетінің куәсі болдым. Ол:

- Жаңа бізге
иттік істеп кетсе де қонақтар ғой, - деді.

-
"Бермегенді беріп ұялт" демекші біз де қайырымсыздық жасап кетпейік. Көмектесейік.

Фрунзелік
шоферлердің іштерінен не ойлағанын кім білсін,
әйтеуір Болаттың көмегін бас көтермей үнсіз қабылалды. Болат екі машинаны да
тығылып қалған жерлерінен сүйреп
шығарды.

"Ал сонда
Болаттың орнында Костя ағай болса қайтер еді?
Шығарар ма еді?" - деп ойлаймын. Әй, қайдам! Керісінше Костя ағайымыз фрунзелік шоферлерге саусағын шошайтып,
шоқ-шоқ деп мазақтап, табалап кетері сөзсіз. Бармақтай баланы бас салып сабап
жүрген адам өзін қиын-қыстауда тастап кеткен қайырымсыздарды қайдан аясын!

Мына Болат ше?
О, бұл мүлде басқа адам. Ісі
де, ойы да арман-мақсаты да, жаны да
бүтіндей өзгеше. Мен сол сәт көпті көрген көңілді Костя ағайдың қасында
емес, Болат Орынбаевтың жұпыны да болса жылы кабинасында
келе жатқаныма кереметтей қуандым.
Жолға шыққанда, ылайым, осыңдай жақсы
жандардың жанында болсам деп тіледім іштей.

Асылы, дүниеде жақсы адамдар кеп
қой. Солардың көп болғанының әзі
қандай қуаныш!