ВЕРНУТЬСЯ

           Қай заманда өткен-кеткені белгісіз Сағат есімді бір пенде
үрерге иті, сығырға биті жоқ, сіңірі шыққан қу кедей екен. Аштықтан көзі
қарайып, беті ауған жаққа қаңғалақтап келе жатып, бір жерге аяқ суытпақшы
болады. Жамбасы жерге тиісімен қалжыраған байғұсты  ұйқы меңдеген. Арқасына аяздай батқан жоқшылық
ұйықтап жатса да қыр ізінен қалмаған. Түсінде де ажалдан бас сауғалап, жаны
қыдырған Сағаттың алдынан сақалы белуарына жеткен аппақ қудай қария қарсы
ұшырасады. Жарлының жолын кес-кестеп:

-
Оян! - депті, - Өзің жантайған құмайттың оң жағына қарай он қадам жүрсең, ескі
жертөленің орны бар. Сол арадағы қираған ошақтың астын сынық сүйемдей қазсаң,
астынан Сүлеймен саудагердің былғары сақтияны табылар. Сақтиянның аузын
ашып-жапқан сайын ішінен бір теңгелік алтын ділдә аласың. Енді қалған өміріңе
бұйырған несібе осы. Қанағат қылсаң, қарның тояр, - дейді де көзден ғайып
болады.

Орнынан
тұрғанда жүрегі өзінде жоқ Сағат ұйықтаған 
жерінен оңға қарай қадамдап он аттағасын опырылған жертөленің оқпандай
орнына кезігеді. Құлаған ошақтың орнын тырналап қазғаннан: "Осыдан шалдың
айтқандары рас шығып, бір ділдә тапсам - тойынып тамақ ішермін, екі ділдә
тапсам - дүние-ай бала-шағам жүрегін жалғар еді, егер үш ділдәға жетсе -
әйеліме арнап көйлек сатып алар едім" деп қиялдайды.

Шалдың
берген аяны айнымай келеді де, әмиян сілтеген орнынан шаң береді. Бір ашып еді
- бір ділдә, екі ашса - екі... Сағат жүз ашқанда үйіліп жатқан ділдәларды
көзімен жей отырып, Қарақұмның қақ ортасына хан сарайындай күмбезді үй салуды
армандайды. Қарнының ашқанын да, балаларын да, бұл дүниеде әйелінің барлығын да
ұмытып, көзіне төңіректен қызылды-жасылды дүние елестеген Сағат мың, он мың, жүз
мың, миллион ашамын дегенще, арада екі апта уақыт өтіпті. Осылай отырғанда
дүние қоңыз сорлының жүрегі үзіліп кеткен екен дейді. "Алтын санаған аштан
өледі" деген нақыл содан қалыпты.