ВЕРНУТЬСЯ

   Қайсы ата-ана болмасын, халық дүниеге келген нәрестеге жақсы
есім беруге тырысады. Сәбиіне халық сүйген аяулы жандардың ныспын қою себебі де
ел-жұрттың қамын жейтін ұл-қыз болсыншы деген ізгі ниеттен келіп шыққан. Ел
аузында мынандай аңыз сақталған. Бір кісі өзінің жалғыз ұлына Бекет әулиенің
есімін беріпті. Кейін әлгі бала ер жетіп, азамат болған кезде де әкесінің
аузына қарап, жалтақтай берсе керек. Қартайған әкеге таяныш болудың орнына,
қайта-қайта қолын жайып, көмек сұрайтын дағдысын қоймапты. «Әке, жолым ауыр
болды. Мұндай бақытсыз болармын ба?»- деген ынжық ұлдың қор қылығына күйінген
әке:

- Саған әулие Бекеттің атын берген аз болды ма, енді менен
мұнан үлкен қандай жақсылық дәметесің? - деп жалғызына қамшы ала жүгіріпті.

Балалары шетіней берген соң, ырымшыл ата-аналардың бөбегіне
көз тимесін деп құлаққа тосын естілетін есімдер беруі де ел ішінде жиі
ұшырайды. Бұл әсіресе 1917 жылға дейінгі дәуірде кең етек жайған құбылыс
болатын. Сабалақ, Тіленші, Итжемес, Елеусіз, Жаманбала, Сасықбай, т. б. есімдер
соның дәлелі. Нұркенже, Маусымбайұлы (1900- 1987) ақсақалдан ертеректе мынадай
әңгіме естіп едім.

XIX ғасырдың орта кезінде Абыз бидің батасын алмақ болып үш
жігіт ел сыйлаған шешен қарияға келеді. Серікбай мен Жаманқұлдың сөзін тыңдап,
оларға өзінше баға берген  би бір кезде
үшінші жігітке келіп қарап: «Шын асылдың көзінде жасыл от болады деуші еді,
қарағым-ай, ныспыңды айтшы?»- депті. Сонда әлгі жігіт:

- Әкемнің ныспы Жаманбала, өзімнің есімім Кәріпжан,- дей
бергенде, Абыз би бармағын тістеп, тіксініп қалыпты.

- Тек! «Ат - аспаннан, нұр - бейіштен» деуші еді. Ой,
пәлі-ай, бекер болған екен, бекер болған екен,- деп басын шайқаған Абыз би,
отырып-отырып былай деген екен:

Арысын жауға бермес,

Намысын дауда жібермес.

Елдің ері кісі танысам сен боларсың,

Бірақ, қарағым, түбі бір нәрседен кем боларсың!

Кәріпжан қартайған кезінде: «Жаманға бұйырған көп жақсы
аттың бірін әкем маған неғып қимады екен»,- деп налиды екен. Өйткені қара қылды
қақ жарған әділ би өз кіндігінен перзент көрмепті.