ВЕРНУТЬСЯ

Қазақ - батыр халық!.. Тарихтың небір қанды қырғындарын бастан кешкен оның – батыр болмас жайы да жоқ!.. «Кіші жүзді – найза бер де, жауға қой!..» Бұл сөзден – Қазақ байтағының батысын мекендеген жұрттың алабөтен ер мінезі, ерекшелеу тағдыры көрінеді!..«Адайда – алпыс батыр!»,-деседі. Қалмаққа қарсы қанды жорықтар, Атамекен үшін болған қарулы қақтығыстар, орыс отаршылдығына мойынсұнбаған тентек бұрқақтар – осылардың қай-қайсысында да Адай батырларының, айдыны аспаса, жігері жұқарып, найзасы мұқалып көрмепті!.. Басы жерге жетсе де – беті қайтпаған бұл не деген қайсар жұрт?!. Қарап отырып – қайран қаласың!..«Алпыс батыр...» Мүмкін, одан көп те шығар, бәлкім аз да шығар?.. санап көрген емеспіз. Әйтеуір, халық саны шағын ғана осы бір өңірден – жалаң қылыш жайсаңдардың аз шықпағаны анық!..Маңғыстаулықтардың сол бір қаһарман аталарының әруақтарын ардақтап, ерлік еңбектерін қасиеттеп, облыс  орталығынан – айтулы ескерткіш орнатар жөні бар-ақ!.. Атағозы, Шотан, Есекмерген, Лабақ, Бердібек, Есболай, Өмір, Шабай, Құлыбек, Досан, т.б. Осылардың осалы бар ма еді?!. Арттарына аңыз ерген, аттары ел аузында жатталған осы ерлердің әрқайсысына бір-бір ескерткіш қойса да – көптік етпес еді-ау!.. Бірақ, олай ету – мүмкін емес қой!.. Бәрінің бірдей ескерткіш болып қатар түзегені – шарт та болмас, бәлкім?.. Сондықтан, талғап-талғап, олардың ең көрнекті деген бір-екі өкіліне тоқтаған жөн бе, қалай?.. Біздің ойымызша, жол – Атағозы батыр мен ер Шотан секілді. Бұл әрине, басқа батырлардың өр тұлғасын кеміткеніміз емес, аталған екеуі туралы жазылған тарихи-зерттеу мақалалар мен ел-жұрттың соңғы жылдарда айтып жүрген ой-пікірлерін ерекше ескеруден жасаған тұжырымымыз. Бұл жерде Атағозы мен Шотанның – аға буын батырлар екенін, олардың алдыңғысының туғанына 2004 жылы – үш ғасыр толғанын да ескеріп отырған жайымыз бар.Сонымен, бұл бағыттағы нақты ұсынысымыз мынадай:1.Ақтаудағы «Достық» алаңында Атағозы – Шотан батырлар бейнеленген еңселі ескерткіш қойылса...2. Заманында Маңғыстау топырағында жау қайтарған айтулы ерлердің ұзын саны анықталып, аталған ескеркіштің тұғыртасына, жас шамаларын ескере отырып, аты-жөндері тізіліп жазылса!..