ВЕРНУТЬСЯ

     Қара суық,

қысқы кеш, Бабайқорған,

Туған үйде достармен талай болғам.

Талай болғам,

сырласқам елесімен,

Ұят қызбен жүзіне арай қонған.

Өсектерін өршітті халық түрлі,

Біркелкі өмір лезде жалықтырды.

Ертеңіне Түркістан вокзалында

Бір қыз мені шығарып салып тұрды.

Арман қуып мен кеттім,

алыстадым,

Жыр жолында кімменен алыспадым.

Тұлпарлармен қанаттас жүргім келді,

Тайқарлармен, әрине, жарыспадым.

Қоштасуға мәңгілік қимаған қыз,

Жас жанымды көп жылдар қинаған қыз.

Жиырма үшінші февраль күні маған

Есениннің кітабын сыйлаған қыз.

Бабайқорған...

бәрі де түсті еске,

Түсті еске қар жауған қысқы кеште.

Отызында ақындық мықты болса,

Он жетінде махаббат күшті емес пе!

Қайран аға, ешкімге иілмеген,

Бір өзгеріс күтеді биыл менен.

Жаңа жырды оқиын қараша үйге,

Өлең сүйер ағайын, жиыл дер ем.

Жүзі келіп ағаның, жүзі кеткен,

Сүйгеніне теңізден жүзіп өткен.

Төлегеннен мықтырақ болмас па едім,

Әдемірек болсаң сен Қыз Жібектен.

1976 ж.