ВЕРНУТЬСЯ

   «Лұқпан Хакім ұрпағымен мың жасапты».

   Xалық   аңызы.

 

Шежіреші қарт Қонысбай Тәуірбекұлының маған кейіп айтқан бір
сөзі есімде қалыпты:

- Әй, балам-ай, сойталдай боп сөз төркінін танымайтын
азаматтың күні ертең туған елінің тарихын, салт-дәстүрін ұмытуы оп-оңай. «Діні
берік», «Діні қатты», «Дін аман» дегенді осы сендер қайдан шығарып алдыңдар?
«Дін емес, дің ғой, дің!» «Діңі берік», «Діңі қатты», «Діңі аман», «Діңді
білмеген дымды білмейді!»

 

Ғабиден Құлахметов

 

ҚазМУ-дің журналистика факультетін тәмамдаған.

Бірнеше жыр кітабының авторы.

Жазушылар одағының мүшесі.

Қазір ҚазМУ-де оқытушы.

Қаламгердің «Ұрпағың үзілмесін» атты

әңгімелер топтамасы 1989 жылы бәйгеде екінші орын алған.

 

«Жеті атасын білген ер,

Жеті жұрттың қамын жер».

 

Күн шығып, батады. Ай жаңарып, ескіреді. Жыл өлшемі - он екі
ай. Бірақ уақыт шексіз. Адамзат ғұмыры - уақыт жылнамасы. Осы тиесілі уақытпен
әрбір ұрпақтың өзіне тиесілі еншісі болады. Табиғаттың тылсым сыры көп.
Көшпенділер күннің өзі жеті бөлікке бөлінеді. Таңсәрі, сәске, (кіші сәске, ұлы
сәске), түс, бесін (кіші бесін, ұлы бесін), қызыл іңір.

Аптада жеті күн бар. Бір ғажабы, бұл атаулар өзгермейтін
өлшем бірліктері: қазақ халқының үш жеті саны киелі болып есептеледі.

Жаңа туған нәрестенің шілдеханасы жетінші күні жасалады. Қайтыс
болған кісінің жетісі беріледі. Білімдар кісіні жеті жұрттың тілін біледі
дейтін де көшпенділер. Көкті жеті қабат, жерді жеті қат деп түсіндіретін де
солар. Тіпті «жұт жеті ағайынды» деген сөздің өзі тұрмыстық жағдайдан келіп
туындайтын байлам. Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысы» (жарғы - көне түркі сөзі,
жүгініс деген ұғымды білдіреді) мен «Жеті қазына» деген атаулардағы жетілік
санның тектен-тек тумағандығы айқын. Басқа-басқа, қауіп-қатерден аман қалған
адам үшін не анасы, не жұбайының жеті шелпек пісіріп жатуы да немесе садақаға
жеті түрлі нәрсе таратуы - наным-түсініктен туған іс екен. «Жетіге келгенше
жерден таяқ жейсің» дейтін көшпенділердің «жеті атасын білмеген - жетесіз»
деген даналық тұжырымы - ұрпақ көшінің үзілмеуін тілеген ізгі ниеттен шыққан.

Ата (әке)

бала

немере

шөбере

шөпшек

немене

туажат

Бір атадан тараған ұрпақтың бұдан кейінгі тармақтары жекжат,
жұрағат болып жалғасып кете береді. Тарихты - ежелгі түркілер шежіре деп
атаған. Өйткені өзі атасының кім болғанын, оның ел аузында қандай игілікті
істері қалғанын мақтанышпен әңгімелейтін қариялар алдына бір-ақ қана
мақсат   қойған. Олар өткеннің тағлымын
жас ұрпақтың тәрбиесінен тысқары нәрсе деп қарамаған.

Біздің ауылда Қонысбай деген 
шежіреші қарт тұрды. Торқалы тойда,  
топырақты өлімде ауыл  адамдары
бас қосқанда   Қожаңның   (Қонысбайдың)   әңгімесін ел ұйып тыңдаушы еді. Бірде
Қонысбай атам (сол кезде жасы алпыстан асқан) 
Тамсаның тауына  шыққан Жақып
ақсақалға сәлем бере барыпты.

- Әй, Қонысбай, жақсы атаның жарқылдап жүрген баласы едің,
қабағыңда кірбің бар ғой, неғып екі иінің төмен түсіп кеткен? - десе керек   сезімтал 
көненің көзі.

Қонысбай сонда күрсініпті дейді:

-  Жақа, өзімді
шежірені таратып айтатындардың бірінен санаушы едім. Отыз рулы елдің жоғын
түгендеп бергенімді қайтейін, қара басқанда, бабам Айдос батырдың қара
белгісінің (зират моласының), қайда екенін білмейді екем. Жаныма сол батады. Бабалардың
бірі болмаса, бірі сұрап қала ма деп, ұяттан күнде өліп жүрген жайым бар.

Сонда Жақып ақсақал айтыпты-мыс:

- Іленің бойындағы Қамысқалада болған соғыста бабаң Айдос
жырау Бейімбетұлы ерекше қайрат көрсетіпті. Аз атаның баласы болған соң ба,
жалғыз ердің бағын күндеген төрт-бес батыр сол жорықтан қайтып келе жатқанда,
ту сыртынан атып кетті. Айдостың сонда айтқан сөзі мынау:

Бойында ырғай ма екен, тал ма екен,

Қайратымды қай дұшпан қапияда алды екен?

Бір жараның аузына сыйып кетті-ау дүние,

Түзде өлмей, үйде өлген ерден сорлы бар ма екен?

Қонысбай мініп келген атын Жақаңның үйіне тастап, сегіз
шақырым жердегі аулына жаяу қайтыпты. Қарсы кездескен екі құрдасы: «Алпыстан
асқанда есіңнен айрылып, не қара басты сені?» - деп қалжыңдаса керек, сонда Қонысбай:
«Алпыстан асқанда атамды тауып келе жатсам, сырты түк, іші боқ хайуанды
сұрағандарың не?» - деп қатты ашуланыпты.

Әлқисса, Қонысбайдың аулына жаяу жеткенінен бейхабар Жақып
ақсақал үйінде отырып: «Кейінгілердің дүние жиып, байлық қуа бастағанынан тіксінуші
едім. Тәуба, тәуба, елдің діңі бұзылмапты. Соған бүгін көзім жетті. Бәсе,
атасын іздеген Қонысбай ер неге жалғыз болсын!»- деп көзіне жас алған екен.