ВЕРНУТЬСЯ

    Стефан Цвейг

 

    Кім әлсіздеу болса, соны Парки келіп ұрлайды.

 

       Мадам де
Сталь өзінің күнделігіне: «Франкфурт - өте әдемі қала, мұнда жұрт жақсы тамақ
ішеді, барлығы да француз тілінде сөйлейді және Гонтар деген фамилиямен жүреді»
деп жазды.

       Гонтар
деген апатқа ұшыраған бір отбасы ақынды сегіз жастағы баласына үй оқытушысы
ретінде шақырды. Мұнда да, Вальтерсгаузендегі сияқты, оның сезімтал әрі тез лап
ете қалатын көңіліне алғашқы кезде «бұлар өте жақсы және сирек кездесетін
адамдар» болып көрінді; оның   жанып тұрған мінезі дәл бұрынғыдай әлі де
лапылдап тұрмаса да, ол өзін жақсы сезініп жүрді. Ол Нейферге «мен онсыз да
құмырасымен бірге көшеге қарай құлап кеткен гүл сияқтымын; құмыраның
тас-талқаны шықты, гүлдің бұтақтары сынды, тамыры да жарақат алды, енді басқа
топыраққа зорға деп отырғызылған мұны әбден күтіп-баптағанның арқасында ғана ол
өлмей қалды» деп элегия жазғандай жазған еді. Өзінің қаншалықты «нәзік»
екендігін бұл өзі ғана біледі, оның ең терең мәні мынада: ол тек керемет
ақындық атмосферада, өзінің қиялындағы Эллада да ғана еркін тыныс ала алады. Шынай
өмірдің қандай да бір жағдайы, Вальтерсгаузендегі үй болсын, Франкфурттағы үй
болсын, Гауптвюльдегі үй болсын бұған олардың ешқайсысы да аса қатал болған
жоқ, бірақ бұл кәдімгі тіршіліктің шынайы көрінісі еді, ал кез келген шынайы
көрініс Гельдерлин үшін таргедия болды. Оның бауыры Китс бір күні «Әлем мен
үшін тым дөрекі» деген болатын. Мұндай нәзік жандар тек ақын болып қана өмір
сүре алатын еді.

            Енді, міне,
оның ақындық сезімі осы ортада күнде қасында жүрсе деөзінің керемет қиялдарында
«басқа әлемнің» хабаршысындай көрген тек бір ғана образға ұмтылды, бұл оның
тәрбиеленушісінің анасы Сюзанна Гонтар болатын, оның аты - Диотима еді.

Шынында да бұл неміс әйелінің кескіні бізге оның мәрмәрден
құйылған бюсті арқылы таныс, оның кескіні гректерге тән дұп-дұрыс сызықтардың
бойында өзінің көркемдік сипатын әйгілеп тұр, ол ең алғаш көрген кезде
Гельдерлинге де дәл осылай көрінген. Өзіне жолығуға келген Гегельге бұл ішкі
толқынысын жасыра алмай: «қараңызшы, грек қызы сияқты, солай емес пе?» деп
сыбыр ете қалған: бері қарай шыққан әйелге ғажап әлемі қиялға тола қарап тұрып
Гельдерлин қарабайыр адамдардың ортасында өз отанын сағынған әйел туралы:

 

                                               Сен
шыдайсың үнсіз ғана, себебі,

                                               Меңірейіп
түсінбейді сені олар.

                                               Керемет
күн шуағын да төгеді,

                                               Бірақ
саған бұл да тағы кереғар,

                                               Өйткені
сен күн сәулесі сияқты,

Жанды іздейсің, ал кім оны таба алар.

 

            Гельдерлинге
өз қожайынының әйелі басқа әлемнен, тіпті, өзінің әлемінен адасып осында келген
қарындасындай көрінді; бірақ терең сезім оның да сезіміне ие болуға ұмтылмайды
(Гельдерлиннің қандай да бір сезімі қашан да жоғары әрі рухани аяға қарай өтіп
кетеді). Ол бір кездері басқа бір әлемде өзі кездескен идеалының сәулеленген
кескінімен өмірінде бірінші рет жолыққандай болды. Гетенің Шарлотта фон Штейнге
арнаған өлеңі сияқты:

 

                                                           Қашан
еді, қай жер де еді, құдайым,

                                                           Туыс
боп па ең, әлде болдың жұбайым?

 

деп бұл да Диотиманы өзі бұған дейін де магиялық бір күшпен
бір кезде жолыққан адамындай, өзінің жүрегіне жақын адамындай көрді.

 

                                                           Диотима,
өмір едің керемет,

                                                           Туысқаным
құдай өзі құптаған.

                                                           Көрмесем
де бұған дейін, не керек,

                                                           Білдім
сені, қалай, бірақ ұқпағам.

 

Мұнда оның асқақтаған көңілі қырық бөлек, быт-шыт
тіршіліктің ішінен бірінші рет керемет үйлесімділікті көріп тұрғандай еді, «сүйкімді
жүзі, асқақтығы мен сабырлылығы, өмір де өзі, рух та өзі, жандүние де өзі,
осының бәрі бірігіп бір денені құрап, оның бойында жарасымды үйлесім тапқан»
және Гельдерлиннің хаттарының бірінде бірінші рет органның үніндей болып,
жандүниенің шексіз бір қуатындай болып «бақыт» деген сөз жазылды. «Мен ең
алғашқы сәттегідей әлі де бақыттымын. Бұл біздің жансыз да бей-берекет шашылып
жатқан ғасырымызға кездейсоқ келіп қалған сүйкімді жанмен мәңгілік, қуанышты
әрі қасиетті достығымның арқасы. Енді менің сұлулық туралы сезімім бос адасудан
аман болатындығына сенімдімін. Бұл мадонна сезімнің маягы болып қызмет атқарады.
Менің ақыл-ойым да одан үйреніп, жамау-жамау жандүнием әр сағат сайын жұмсарып,
оның жайсаң мінезімен арайланып тұр».

            Бұл әйелдің
Гельдерлиннің жандүниесін билеп алуының ең басты себебі неде: мәселе - осы
әйелдің әсерімен Гельдерлиннің жандүниесі тынышталғандығында. Оның экстатикалық
болмысы үшін от боп жануды әйелден үйренудің қажеттілігі жоқ болатын: оның
мәңгі алаулап тұратын рухы үшін бақыт дегеніміз - тыныштық табу. Осындай
тыныштықты оған Диотима сыйлады. Шиллердің де, өз анасының да, тіпті ешбір
адамның қолынан келмеген мәселе Диотиманың қолынан келді: «рухтың құпия
мазасыздығын» ол өзінің гармониясымен 
бәсеңдетті. Оның мейірімді алақаны, аналық сезімі «Гиперионның»
жолдарында көрініп тұр, одан ішкі дауылының ығында, жаны қиналып келе жатқан
бұл жас жігітті өмірге қайтаруға деген ұмтылысын да көре аламыз: «...ол маған
өзінің ақыл-кеңесін айтып, ескі костюмімді тастатқызып, жалбыраған шашымды,
тісіммен қажап тастаған тырнақтарымды жөндеткізіп, сабырлы да қуанышты адам
етіп шығармаққа талпынды». Өзінің балаларын қорғап, қарап жүруге тиіс болған
мұны, керісінше, Диотима өзінің шыдамсыз баласындай күтіп-баптайды.

Гельдерлин өзінің жақын досына «сен менің қандай болғанымды
білесің ғой, менің мына өмірге сенімсіздікпен, сезімсіздікпен жүргенімді, сол
себепті бақытсыз болғандығымды да білесің; маған ол, тек ол ғана кездеспегенде,
дәл бүгінгідей қуанышты әрі қыран сияқты бола алар ма едім?»  деп жазыпты. Оның көз көріп, құлақ естімеген
жалғыздығының зары енді үйлесімділік тауып, өмір оған тап-таза да қасиетті
сияқты көріне бастады.

 

                                                           Саған
ғашық болды-дағы көңілім,

Көркемдікке толып кетті өмірім

                                                          

Гельдерлиннің болмысы өмірінде бірінші рет меланхолияның
бұлтынан бір сәтке де болса арылғандай еді:

 

Тағдырдың ащщы соққысы,

Жұмсарған сонда бір сәтке.

 

Жаңғыз рет қана, осы жолы ғана оның өмірі қысқа уақытқа
өзінің өлеңдеріне ұқсап, көкте рахаттана қалықтап жүргендей  болып кетіп еді.

            Бірақ оның болмысындағы
демон, көңілінен кетпейтін «сұмдық дүрбелеңі» қалғымайды.

 

                                                    Оның тыныштығының,

                                                    Нәзік гүлі аз уақытқа гүлдеді.

 

            Гельдерлин
бір орынында ұзақ уақыт жүре беретін адамдардың қатарынан емес. Гиперион туралы
«тіпті махаббаттың өзі «оны бұрынғыдан да асқан дүрбелеңге салу үшін уақытша
ғана тыныштандыратын» дейді Диотима, енді ең сезімтал, бойында магиялық
көріпкелдіктің рухы бар Гельдерлиннің өзі жандүниесінде қандай сұмдықтың өсіп
келе жатқандығын сезінген еді. Ол Диотимамен «бір-біріне ғашық қос аққудай»
мәңгі бірге болудың мүмкін еместігін түсінді, оның «Кешірім сұрау туралы
өтініш» атты өлеңінде оның өмірінің көкжиегін тұмшалаған құпия мұңның үні
естіледі:

 

                                               Қасиетті
жан-жүрек! Мен ғой сенің,

                                               Тынышыңды
алған жан.

Тұнып жатқан қасіретпен толғанған,

Мен арқылы білдің сен,

Бұл өмірді мұңданған.

 

Енді оның ішкі әлемінде «құз басына жақындауға» деген,
түпсіздікті іздеген құпия бір ұмтылыс пайда болады: тіпті ешнәрсеге қанағаты
толмай, бірте-бірте өзі де түсініп болмайтын әлдеқандай бір мазасыздық оның
есін алды. Айналасындағы күнделікті тіршілік оған соншалықты сұрқай көрініп,
бұлттарды қақ тілген найзағайда болып «Мені махаббат пен кек талап тастады»
деген сөздер оның хаттарының бетінен жарқ ете қалды. Өзі тұратын бұл үйдің өз
айналасындағыларға «кедейге жас шарап» бергендей әсер ететін, тоғышарлықпен
толтырылған байлығы аса сезімтал намысына тие бастады, оның мұндайда қозып
кететін ішкі сезімі, сыртқы жарылу сәті келгенге дейін, арына тиген қайдағы бір
жағдайларды ойлап тапты да (ол қашан да осылай). Сол күні қандай жағдай болды:
бәлкім, әйелі мен үй оқытушысының арасын жалғастырған рухани мүдделерін
ұнатпай, қызғана бастаған болар, сөйтіп, Гельдерлинге дөрекі қылық көрсетті ме
екен, ол жағы белгісіз күйінде қалды. Белгілісі - сол күннен бастап
Гельдерлиннің көңілі мәңгілікке жасып, жабығып, бұл жағдайы жан-жүрегінен
саулаған қандай болып, тістенген өлең жолдарының арасынан тамшылап жатты:

 

                                   Масқара
боп қалған екем, көнемін,

енді мені жандүнием жазаласа деп едім,

егер де мен қорқақ жан боп кірер болсам көріме,

шығармағын көңіліңнің төріне.

онда мені ұмыт мәңгі, таза жүрек аяулым,

сөйтіп мені азапқа сал,

сол азаппен өлуге енді даярмын.

 

Бірақ ол әдеттегі ер адамдардай қарсылық та көрсетпейді,
қорғанбайды да: ұсталып қалған ұрыдай, өзін үйден қуып шыққандарына көніп кете
барады, бірақ өзінің сүйіктісіне деген адал көңілін сақтап, құпия жолығуға
уағдаласқан күндері ғана Гамбургтен келіп тұрды.

Осындай сын сағаттарда Гельдерлиннің мінезі өте ынжық, тіпті
әйелдің мінезіне де ұқсап кететін сияқты: ол өзінен тартып алынған әйелге арнап
сезімге толы хаттарын жазады, бұл оны Гиперион образындағы сұлу қалыңдықретінде
кескіндеп, шимай-шатпақ ақ қағаздардың бетінде оны құштарлықтың барлық
гиперболаларымен әшекейлейді, бірақ өзіне жақын да сүйікті оны қалай да өзінікі
етуге ұмтылмайды. Шеллиден, Шлегельден 
айырмашылығы бұл өзінің сүйіктісін қауіп пен өсектің арасынан алып
шығып, қатыгез күйеуінің қолынан тартып алып, қалай да өз өмірінің көркі етуге
тырыспайды: қорғансыз бұл ешқашан да тағдырмен айтысып-тартысып жатпайды,
керісінше, оның күшінің алдында басын иіп, тіпті өмірдің өзін жеңетіндігін
алдын ала мойындап отырады. Қарсыласпаудың мұндай түрінің артында тәкәппарлық
пен байсалды қуат тұрмаған болса, оны Гельдерлиннің қорқақтығы деп те,
жасықтығы деп те атауға болары еді. Өйткені бұл өте әлсіз адам өз көңілінің
түкпірінен өзіне де белгісіз бір қуаттылықты, қол жетпейтін, әлемнің дөрекі
ықпалымен ластанбаған кеңістікті көреді.

«Бостандық деген - түсінетін адамға өте терең мағынадағы
сөз. Мен намысы тапталған, шеттетілген, үміттен, мақсаттан, тіпті адалдықтан да
айрылып, жұтаған адаммын, бірақ менде бір мызғымайтын ішкі күш бар, ол кейде
оянып алады да менің денемді тәп-тәтті тепкісімен тіліп өткендей болады». Осы
сөздерде, осы даңқында Гельдерлиннің құпиясы жатыр: әлсіз де аурушаң,
неврастикалық әлсіздкке шалдыққан оның болмыс-бітімінде рухтың аса жоғары қуаты
- құдыреттіліктің қуаты жатыр. Сондықтан да жер бетіндегі күші жоқтарға
күштілердің ешқайсысының әлі келмейді, осы себептен қандай да бір жағдайлардың
барлығы да таң алдындағы немесе күн батып бара жатқан кездегі бұлттар
сияқтанып, оның жандүниесінің айнасы арқылы өтіп жатады. Гельдерлиннің басынан
қандай жағдай өтсе де, олар оны тұтастай бағындырып ала алмайды; Сюзанна Гонтар
эллиндік мадонна секілді, оның арман-қиялының ішінде ғана өмір сүреді де, қолға
түспес арман сияқтанып, мұның жан-жүрегін жылатып, жоқ болып кетеді. Кішкентай
баланың қолынан ойыншығын тартып алғандағы жылағанының мұң-қайғысы мұның өзінің
сүйіктісінен айырылғандағы мұң-қайғысынан әлдеқайда мұңдылау шығатын болар.

 

                        Менің
өлгім келіп жүр ғой, айырылдым төзімнен,

О дүниеде жолықсам деп Диотима өзіңмен.

Бірақ онда суыймыз ғой бірімізден біріміз,

Біздер онда сүйеміз ғой басқа әлемді сезіммен.

 

Тіпті ол ең қымбатын жоғалтса да, оның жаны соншалықты
күйрей қоймайды: қандай оқиға болса да ол Гельдерлинге билігін жүргізе алған
емес, ол қашан да арманшыл қалпында, аспан мен жердің ортасында қалықтап жүрген
қиялшыл қалпында қала береді. Оның өмірінің терең қабаттарын қол жеткізген
нәрселері де, жоғалтқан нәселері де қозғай алмайды, ұлы адамның аса сезімтал
бола тұра, жасымайтындығы да осында. Кім бәрін жоғалтып алу қаупінде тұрса,
соған бәрі де табыс болып қайта оралады; мұң-қайғы оның жандүниесінде тазарып,
шығармашылық күш ретінде қайтып оралады: «шексіз қайғы шексіз күшті тудырады».
«Жандүние жасып», мұңайып тұрған шақта оның ішкі қуаты самғай көтеріліп, өзін
өзі қорғаштаудың қаруын тәкәппарлықпен лақтырып жіберіп, тағдырдың табалдырығын
еркін аттап кіретін «ақындық ерлік» оянады.

 

                                   Жер жүзінің
адамдары саған туыс емес пе?

                                   Парка
құлың - асыраушың. Егеспе!

                                   Қаруыңды
таста-дағы белеске,

                                   Ұлы
өмірдің ұлы жолы үстіне,

                                   Үрейіңді
қалдырғын,

                                   Сонда
саған нұры жауар тағдырдың

 

Адамдардың қолымен жасалатын өкініштің де, қасіреттің де
Гельдерлин-адамға шамасы жетпейді. Бірақ құдайлардың бұйрығымен келген тағдырын
оның ұлылығы жүректің шырқау әнімен қарсы алады.