ВЕРНУТЬСЯ

       Стефан
Цвейг

 

    Оның өзі де жанартау сияқты, оның кейіпкерлері де жанартау тәрізді,
өйткені олар өздерін жаратқан Құдайды бастарына адам төзгісіз ауыртпалық түскен
кезде ғана естеріне алады. Олар бұл өмірге тып-тыныш қана сыйып жүре алмайды. Өздерінің
сезімталдықтарының шексіздігінің арқасында олар мәңгілік мәселелердің түпсіз
тереңдігіне түсіп кетеді. Қазіргі заманның адамына, яғни, жүйке адамына, олар
тек өздерін қатты құштар етіп тұрған нәрселеріне ғана ұмтылатын алғашқы қауым
адамдары сияқты көрінеді, оның үстіне бұлар осы заманды да мойындай отырып,
сізге ғаламдық жаратылыстың о бастағы адам түсінбейтін бір сұрақтарын қоюдан да
тайсалмайды.

            Солай бола
тұрса да олардың сыртқы сұлбалары жаңа ғана жаратылғандай әлі ыстық қалпында,
іздері де тасқа айнала қойған жоқ, олардың бет-пішіндерінен мәнсіз-мағынасыз
жылмағай тегістікті де көрмейсіз. Бұлар мәңгі жетілу үдерісіндегі адамдар және
олар біздерге қарағанда әлдеқайда өміршең. Өйткені әбден жетілген адам - дамуы
тоқтаған адам ғой, ал Достоевскийдің кейіпкерлері мәңгілікпен ұштасып жатыр.
Достоевский адамдарды қарадан қарап жүріп өзімен өзі қайшылыққа келген кезде, қара
басы өзіндік бір күрделі проблемаға айналған кезде ғана өзіне кейіпкер болуға,
көркемдеп жеткізуге лайықты деп есептейді, ал жан-жақты жетілген, піскен
адамдарды ол, піскен жемісін үзіп тастайтын жеміс ағаштарындай, өзінен лақтырып
тастайды. Достовескийге өзінің кейіпкерлері азап шегіп жүрген кезде ғана ұнайды,
тіршілігі қақыраған ағаштай қарыс айырылып, тілім-тілім күй кешіп жүргендер ғана
оның кейіпкері бола алады, қасіретке шомып, өзіндік хаосқа айналғандар ғана оның
кейіпкері ретінде өмір сүреді.

            Оның
кейіпкерлерінің өзіндік адам таңқаларлық ерекшеліктерін анығырақ түсіну үшін
оларды басқа қырынан қарап көрелік. Салыстырайық. Бальзактың француз романының
типі ретіндегі кез келген кейіпкерін есіңізге түсірсеңіз, олардан дұп-дұрыстық
пен түп-түзулікті, белгілі бір шектен аспайтындықты және іштей аяқталған жұмырлықты
көресіз. Геометриялық фигуралар тәрізді айқын әрі бәрі де тіршілік заңының  аясында. Бальзак образдарының барлығы да
психикалық химия арқылы өте дәлдікпен қондырылған заттан жасалған. Олардың
барлығы да элементтер болып табылады және барлығы да сол элементтерге тән қасиеттерге
ие; сол себепті, олардың моральдық және психикалық әсерлеріне типтік формалар тән.
Оларды адам деп айтуға келмейді, олар адам сияқтылар ғана, яғни, белгілі бір құштарлықты
көрсетіп тұратын өте дәл құрал-жабдықтар. Бальзак кейіпкерлерінің есімдерін
олардың бойларындағы өздеріне тән ерекшеліктеріне қарай ауыстырып атауға
болады: Растиньяк - шынайы сүйіспеншілік, Горио - өзін өзі құрбандыққа шалушы,
Вотрен - анархия. Бұл адамдардың әрқайсысының бойындағы басым мінездері олардың
бойындағы басқа ішкі күштерін өзіне бағындырып алған және солардың бәрін өмірдің
негізгі арнасына қарай бұрып жіберген. Бұл кейіпкерлердің барлығын топтастырып,
өзіндік характерлік классификация жасауға болады, өйткені олардың жандүниесі
осынау адамзат қоғамына бірде азырақ, бірде көбірек күшпен ілестіріп алып келе
жатқан тек бір ғана серіппеге ие; бұлар - жас адамдар, олар қым-қиғаш тіршілік
ағымына пушканың ядросы сияқты күшпен келіп, еніп кеткен. Тіпті оларды
адам-автоматтар деп атауға да болатыны түсінікті, өйткені олар тіршіліктің әрбір
сыртқы ықпалына әсерленгіш, демек бұларды бір-біріне әсер етуші механизмдер дей
аламыз, бұл механизмдердің бір-біріне әсер ету күші мен бір-біріне қарсылық күштерінің
қандай деңгейде болатындығын маман-техниктер дәл есептеп шығара алатындай.
Тастың салмағы мен оны лақтырғандағы сілтеу күшінің мөлшеріне қарай ол тастың ұшу
параболасын анықтауға болатыны сияқты, Бальзакты оқи берсең, оның кейіпкерлерінің
кез келген оқиғаға әсерленуінің деңгейін алдын ала өзің де болжап отырасың.
Гранде-Гарпагонның сараңдығының деңгейі оның өз қызының қайсарлығының деңгейіне
пропорциялы түрде өсіп отырады. Ал Горио айтарлықтай байлыққа ие болып тұрған
кезде, оның паригі ұқыпты түрде пудраланған және күндердің күні болғанда қызы үшін
өзінің кеудешесін құрбандыққа шалып, өзінің ең соңғы байлығы - күміс сервизді
ломға айырбастап жіберетіндігін де алдын ала біліп қоясың. Қажеттілікке қарай,
яғни, шығармадағы өз мінезінің біртұтастығы үшін, оның дене бітімі тек белгілі
бір деңгейге дейін ғана өзіне адамдық сипат бере алатын болғандықтан, ол сол
белгілі бір деңгейдің мөлшеріне сиятындай ғана іс-қимыл жасауы керек. Бальзак
кейіпкерлерінің мінездері (сондай-ақ Виктор Гюгоның, Скоттың, Диккенстің) өте қарапайым,
бір түске боялған, белгілі бір мақсатқа ұмтылған. Олар - біртұтас, сондықтан да
оларды моральдық салмақ өлшегішпен өлшеуге де болады. Осынау рухани ғарышта тек
кездейсоқтық қана көп бояулы және сан қырлы. Мұндай эпикалық жазушыларда оқиғалар
сан қырлы, ал адам біртұтастықты бейнелейді, сондықтан да роман жер үстіндегі
кесірлі күштерден асып түсерлік күшке ие болу үшін болып жатқан күрестер туралы
баяндайды. Бальзактың кейіпкерлері, сондай-ақ, жалпы француз романдарының
кейіпкерлері оларға қарама-қайшы келіп тұрған қоғамнан не күштірек, не әлсізірек
болып тұрады. Олар тіршіліктің қарсы күштерін жеңеді немесе оның доңғалағының
астында тапталып қалып жатады.

            Вильгельм
Мейстердің немесе Зеленый Генрих шығармаларының типіндегі неміс романының
кейіпкері өзінің қуат-күшіне соншалықты сене қоймайды. Олар сан дауысты, ол
психологиялық тұрғыдан алғанда дифференциялды, рухани жағынан көп дауысты. Оның
жандүниесінде қайырымдылық пен қастандық, күштілік пен әлсіздікбірімен бірі қайшы
келіп жатады: оның қайнар көзі - адасу; таңғы тұман оның көзін бұлдыратып тұрады.
Ол өз бойында күш барын сезеді, бірақ олар әрі шашыраңқы, әлі де күрес үстінде,
; жүйелі де емес, ол тек бірлікке ұмтылу еркіндігімен жанданған. Неміс ойшылы қайткен
күнде де жүйелілікке ұмтылады. Және барлық «даму романдары» неміс
кейіпкерлерінің бойындағы тұлғалықты дамытады. Күш біткеннің бәрі жинақталып,
адам неміс идеалындағы қуатты тұлғаға айналады, Гетенің сөзімен айтқанда «әлемдік
тасқын ішінде характер пайда болады». Тіршілік араластырып жіберген элементтер
тып-тымық жайлылықта тоғысып, кристалл түзеді, сөз шебері үшін үйрену кезеңі өтіп,
енді «Жасыл Генрих», «Гиперион», «Вильгельм Мейстер», «Офтердинген» кітаптарының
ең соңғы беттерінен жап-жарық дүниеге ап-айқын көзқарастар қарап тұрады.
Тіршілік идеалмен бір келісімге келді; жинақталған күш енді босқа шашылмайды
да: тәртіпке келтірілген олар бұдан былай қарай ең биік мақсаттарға жетуге жұмылдырылады.
Гетенің кейіпкерлері, сондай-ақ барлық неміс жазушыларының кейіпкерлері де өте
жоғары формада дамиды: олар іс-қимыл жасау мүмкіндігіне ие болып, өмірді өз тәжірибелері
тұрғысынан зерттейді.

            Достоевскийдің
кейіпкерлері шынайы өмірмен байланыс іздемейді де, байланысты таппайды да;
олардың ерекшелігі де осында. Олар шынай өмірге ұмтылмайды да, олар шынайы өмірдің
шекарасынан бірден шығып, кетеді, шексіздікке өтіп кетеді.  Олардың тағдыры өздері үшін сыртта емес,
іште. Олардың жұмағы бұл өмірде емес. Көзді арбайтын барлық құндылықтар: қоғамдағы
құрметті орын, билік пен ақша сияқты Бальзак кейіпкерлері мақсат етіп жүретін,
неміс кейіпкерлері армандап жүретін материалдық байлықтың олар үшін түк мәні жоқ.
Олар тіпті бұл өмірдің ішіне кіруге ұмтылмайды да, өздері ешкімге билік етуге ұмтылмайды
және өздері де ешкімге бағынғысы келмейді. Олар өздерін қорғаштап та жүрмейді,
керісінше, өздерін өздері жеп бітеді, өздерін қатарға кіргізгісі де
келмейді,  бірақ қатардан ешқашан шыға
алмайды. Бір қарағанда олардың түрлері жайбарақат, тәтті қиялдың, ұшқыр ойдың
адамдары сияқты болып тұрады, тіпті олардың көзжанары бақырайып, ештеңе көрмей
тұрғандай көрінеді, олай болатын себебі, мұндай адамдар сыртқы өмірге емес,
олар өзін өзі көріп, өзі болмысына өзі тесірейе қарап, тек өзіне ғана ұмтылып-жығылып
тұрады. Орыс адамы бәрін тұтас күйінде қамтиды. Ол өзінің де, өмірдің де көлеңкесі
мен көшірмесін емес, өзін де, өмірді де шынайы қалпында сезінгісі келеді, оның
сыртқы көрінісін емес, құпиямен көмкерілген ұлы негізін, ғарыштық қуатын,
болмыстығын сезінгісі келеді. Достоевскийдің шығармасына үңіле түссек, тереңде
жатқан қайнардың жан-жақтан естіліп тұрған дауысын естір едік, өмірге деген қарапайым
ғана, бірақ таңғажайып құштарлығының, болмысты сезінуінің, көзсіз ұмтылыстың үнін
естір едік, ол өмір формасының сапасының анықтауышы болып кеткен бақытты да, қайғы-қасіретті
де тілемейді, ол жәй ғана дем жұтқан кездегі рахат сезімі сияқты адам баласының
сәби шағындағы бір қалыпты, бір тұтас күйдегі алаңсыздығына ұмтылады. Олар мәңгілікті
қаланың құдықтарынан емес, түпкі қайнар көзден ішкісі келеді, өзінің болмысындағы
шексіздікті сезініп, уақытша нәрсенің бәрінен шығып кеткісі келеді. Олар әлеуметтік
ғаламды емес, мәңгілік ғаламды ғана біледі. Олардың өмірді зерттегісі келмейді,
оның қиындықтарын жеңгісі де келмейді, олар оның жалаңаш қалпын сезінгісі
келеді, болмыстың шырқау шегі ретінде көргісі келеді.

            Достоевскийдің
ғаламға  деген сүйіспеншілігінің
шексіздігінен сол ғаламның өзіне жабайы болып көрінетін, шынайылыққа деген құштарлықтарының
шексіздігінен шындыққа жанаспайтындай болып көрінетін кейпкерлері бастапқыда аңғал
адамдар сияқты болып көрінеді. Олардың белгілі бір бағыт-бағдары да жоқ, көзге
көрініп тұрған мақсаттары да жоқ: соқыр немесе мас адамдардай күллі тіршіліктің
ортасында сүрініп-жығылып, қаңғалақтап кетіп бара жатады. Олар біресе тоқтап,
біресе жан-жағына қарағыштап, әр нәрсе жөнінде сұрап, бірақ оның жауабын да күтпестен,
тағы да асығыс, қайдағы бір белгісіздіктерге қарай безіп бара жатады. Біздің
осы ғаламға олар осы қазір ғана келгендей және оны танып үлгірмеген жандардай әсер
қалдырады.  Ескі, патриархалдық мәдениеттен
айырылып қалған, ал жаңасын әлі тани алмай жүрген олар жолайырықта тұрып қалғандай
және бұлардың әрқайсысының бойын билеген күдік тұтас бір халықтың күдігі болып
табылады.  Біз, еуропалықтар, өзіміздің
ескі дәстүрлерімізбен өзіміздің жып-жылы үйімізде отырғандай сезімде өмір сүріп
жатырмыз. Орыстың он тоғызыншы ғасыры, яғни, Достоевский дәуірі варварлық
ескіліктің ағаш үйшігін өртеп жіберді, бірақ оның орынына әлі жаңа үй тұрғызған
жоқ. Олардың бәрі түп-тамырымен жұлынып алынған, сондықтан да өз бағыттарын жоғалтып
алды. Оларда жастық шақтың қайраты бар, жұдырықтарында варварлардың қуат-күші
бар, бірақ тіршіліктің сан алуан проблемаларының ішінде инстинкттері жоғалып
кеткен, олар өздерінің қолдарының қуаты бар кезде жұмысты неден бастау
керектігін де білмейді. Олар бірден бәріне ұмтылады, бірақ тындырған
істеріне  ешқашан көңілдері толмайды.

Достоевскийдің әрбір кейіпкерінің трагизмі, берекесіздігі
мен тұйыққа тіреген әрбір жағдайы барша халықтың тағдырынан шығып отыр. Ресей өзінің
он тоғызыншы ғасырының орта шенінде өз өкшесін не батысқа  тірерін, не шығысқа тірерін, не Еуропаға
тірерін, не Азияға тірерін, әлде, «жер шарындағы ең ойшыл қала» Петербургқа
тірерін, мәдениетке ме немесе, артқа, яғни, шаруа қожалығының мекені - далаға
тірерін білмей қалған. Бәрі де толқу үстінде. Патшалық анархия алдында тұр, көнеден
келе жатқан православиядан халық енді аса қуатты атеизмге өтуге дайын тұр.
Беріктік қасиеті бар ештеңе қалған жоқ, бұл дәуірдегі ештеңенің өзіндік бір құны
да болмай қалды, өзіндік өлшемі де қалған жоқ: сенім шуағының берері жоқ, ал заң
баяғыда күшінен айрылған. Достоевскийдің ұлы дәстүрден бөлініп қалған
кейіпкерлері - нағыз орыстар, өтпелі кезеңде жандүниесінің берекетінен айрылған,
күдік пен үмітсіздіктің салмағы жаншып кеткен адамдар. Оларды үрей билеген, әбден
жаншылған, олар өздерін ылғи да қорғансыз, әрі қорланған күйде сезінеді, ал мұның
бәрі  жалпы халықтың көңіл күйіндегі
абыржушылықтың әсерінен, олар мұның арты аз ба, көп пе, оны да білмейді. Олар қашан
да тәкәппарлық пен пәстіктің, өзімбілемдік пен өзін өзі жек көрушіліктің шегіне
келіп тұрады, олар қашан да жан-жағындағыларға жалтақтаумен болады және «басқалардың
алдында күлкіге қаламын-ау» деген ой олардың зәре құтын қашырады. Олар өздерінің
киімдерінің жүн жағалары үшін де ұялады, өздерінен өздері күллі халықтан ұялып,
әйтеуір, оларды бір бітпейтін ұят қысып, өздерінен өздері беталды сасқалақтап, қысылып-қымтырылып
жүреді. Олардың сезімдері - ие бермей кеткен құдыретті сезім; олардың ешқайсысы
да өлшем-мөлшер дегенді, заң дегенді, дәстүрді сақтау, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып
келе жатқан дүниетанымдыққа арқа сүйеу дегенді де білмейді.  Өздеріне бейтаныс мына әлемде олар баянсыз да
қорғансыз. Олар қай сұрағына да жауап тапқан емес, белгілі бір бағытқа жеткізер
салынған жолдары да жоқ. Олардың бәрі өтпелі дәуірдің, ғаламның жаңа
бастауларының адамдары. Олардың әрқайсысы Кортес: арт жақтарында өртеніп кеткен
көпір, алдыңғы жағында - белгісіздік.

            Бірақ мынаған
қараңыз: олар ғаламның жаңа бастауларының адамдары болғандықтан, олардың әрқайсысынан
тағы бір әлем туындап жатады; біздің салқынқанды ұғымдарымызда тоқырап тұрып қалған
мәселелер олардың күллі қантамырларының бойында әлі де қайнап тұр; оларға біздің
моральмен жиектелген және көмкерілген жайлы да сүрлеу жолдарымыз мүлдем түсініксіз,
олар қашан да, қай жерге де шексіздіктер мен түпсіздіктер арқылы жетеді. Еш
жерде оларға жол сілтер мұнара не сенім көпірі жоқ; қай жерде де әлем оларға жаңа
ғана жаратылған қалпында. Олардың әрқайсысы әлемдік жаңа тәртіптің құрылысшысы
болуы керектігін де сезінеді және өз мәдениетінің қатып қалған қоршауында отырған
Еуропа үшін өмірдің барлық мәселелерінің мәңгілік екендігін білдіре түсудегі
орыс адамының сөзбен айтып жеткізгісіз зор мәнін де сезінеді: біз өз өркениетіміздің
тоқырауында тұрмыз, ал кейбіреулер ол тұстарда әлі алаулап келе жатыр.
Достоевский шығармаларында әрбір кейіпкер барлық проблемаларды өзінше шешеді,
мейірімділік пен қастандықтың арасын бөліп тұратын мұнараларды қанқақсап жүріп өз
қолымен тұрғызады және әрқайсысы бұл өмірдегі өз хаосын өзі жасайды. Оның әрбір
кейіпкері жаңа Христостың құлы, жаршысы, азап шегуші және үшінші патшалықтың
хабаршысы. Олардың бойынан жаратылыстың о бастағы хаосын көресіз, бірақ оларда
аспандағы күннің қара жерге жарық түсірген ең алғашқы сәулесінің шапағы да бар
және жаңа адам жасалатын алтыншы Күннің келетіндігін осылар алдын ала білген
сияқты. Оның кейіпкерлері жаңа ғаламның жолын салып жүр; Достоевскийдің романы
- жаңа адам туралы және оның орыстың жандүниесінің алақанында өмірге
келетіндігі туралы миф.

            Алайда миф,
оның үстіне, ұлттық миф сенімді қажет етеді. Сондықтан да бұл адамдарды сананың,
ақыл-ойдың көмегімен түсіну мүмкін емес. Тек бауырлық-туыстық сезімі ғана оны түсіне
алады. Common sense, яғни, ағылшынның, америкалықтың, тіпті қарапайым ғана
адамның дұрыс ақыл-ойы төрт Карамазовты ақымақтықтың төрт түрі ретінде, ал
Достоевскийдің трагедиялық барлық әлемін - жындылар үйі ретінде қабылдайды. Қара
жердің үстіндегі кез келген дені сау, қарапайым ғана пенде үшін бақытқа ұмтылу
деген альфа мен омега сияқты заңдылық болса, бұлар үшін ол бұл жалғандағы ең
бір мәнсіз нәрсе болып көрінеді. Еуропада жыл сайын жарыққа шығатын елу мың
кітаптың кез келгенін ашып қалыңызшы. Олар не туралы баяндайды? Бақыт туралы. Әйелге
күйеу керек немесе біреудің байлыққа кенеліп, құдыретті де құрметті болғысы
келеді.

Диккенсте ұмтылыстың бәрінің мақсаты - табиғат аясында
орналасқан, ауласында шат-шадыман болып балалар асыр салып жүрген әдемі
коттедждер болса, Бальзакта - пэр титулы бар және миллиондаған байлығы бар
замок. Егер біз жан-жағымызға, яғни, көшеге, лавкаларға, аласа бөлмелер мен
жап-жарық залдарға қарасақ, ол жердегі адамдардың арманы не дер едік? Олардың
арманы - бақытты да шаттыққа толы ғұмыр кешіп, бай да құдыретті болу. Ал
Достоевскийдің қай кейіпкері бұған ұмтылады? Ешқайсысы да. Бір де біреуі.
Олардың ешқайда барып тоқтағысы жоқ - тіпті шексіз бақытқа да қарайлайтындай
емес. Олардікі -  одан әрі қарай кете
беру, «қызу қанды жүрек» бұларды азапқа салып қойған. Олар бақытқа қызықпайды,
көңіл тоқтығына да, байлыққа да қызықпайды, керісінше, оларды жек көреді. Күллі
адамзат қызығып жүрген нәрселердің ешқайсысының да бұларға түкке керегі жоқ.
Олар  сommon sense, яғни, дұрыс ақыл-ойды
жоққа шығаратындар. Олар бұл ғаламнан ештеңені де талап етпейді.

            Демек, олар
азды қанағат ететіндер ме? Демек олар флегматиктер, аскеттер болғаны ғой,
демек, оларға бәрібір ғой? Жоқ! Керісінше. Достоевскийдің адамдары, жоғарыда
айтып кеткенімдей, жаңа ғаламның адамдары. Олардың данышпандықтарына қарамастан,
ақыл-ойларының мөлдірлігіне қарамастан, олар бала-жүректі, бала-талғамдағы
адамдар: оларға ананың немесе мынаның керегі жоқ, оларға күллісі қажет. Оларға
тіпті өте қажет. Жақсылық та, жамандық та, ыстық та, суық та, жақыны да, алысы
да. Олар бәрін «асыра сілтеп» көреді, өлшем 
дегенді білмейді. Мен «олар бұл ғаламнан ештеңені де талап етпейді»
дедім ғой. Дұрыс айтылмаған. Олар бұл ғаламнан не нәрсені де бір түйірлеп емес,
түгел алғысы келеді - сезімді де шексіз күйінде, әлемді де түпсіз тереңдігімен,
яғни, өмірді тұтас күйінде алғысы келеді. Олардың әлсіз адамдар еместігін естен
шығаруға болмайды, олар Ловеластар емес, Гамлеттер емес, Вертерлер емес,
Ренелер емес - Достоевксийдің адамдарының бұлшық еттері ойнап тұрады және өмірге
жабайы ашқарақтықпен ұмтылады; олар - Карамазовтар, не нәрсеге де шексіз құштарлық
танытатындар, өмір атты тостағанды сындырардың алдында оның ішіндегісін ең соңғы
тамшысына дейін жалап-жұқтап алатындай шексіз, тіпті ерсілікпен сүйетін
дарындылар. Олар барлық нәрсенің аса жоғары деңгейдегі қалпын іздейді, уайымның
отқа күйгендей өртеніп тұрғанын қалайды, ол өртке тиіп кеткен жасандылықтардың
барлығы да сол сәтте-ақ буға айналып, оның орынында ғаламдық өрттей сезімнен
басқа ештеңе де қалмайды; олар өмірге қарай жүгіреді, құштарлықтан өкінішке қарай,
өкініштен қастандыққа қарай, қылмыстан мойындаушылыққа қарай, мойындаушылықтан
экстазға қарай, яғни, қауіп-қатердің барлық жолының шексіз қиырларымен есінен
танып, ауызынан көбік атқылап құлағанша немесе басқалар бұларды байлап тастағанша
жүгіре береді. О-ой-ой, өмірге  деген құштарлық-ай!
Осылардың өмірге құштарлығын көр де, тұтас бір жас ұлттың, жаңа бір тұтас
адамзаттың өмірге құштарлығын көр, олар бейбіт тұрмысты, даналықты, шындықты аңсайды!

Достоевскийдің  шығармаларынан
өз мақсатына қол жеткізіп, жайбарақат өмір кешіп жүрген бір адамды тауып көріңізші!
Ондай бір де бір адам жоқ. Олардың бәрі де 
жоғары, төмен жанталаса жүгіріп, жарысып бара жатыр, Алешаның сөзімен
айтқанда, «кім төменгі баспалдаққа аяқ басса, ол міндетті түрде жоғарғысына да
шығады»; бұлар - олай да, былай да заулап, суға да жүгіріп, отқа да ұмтылып, бәріне
де ашқарақтықпен жармасып, тоюды білмей, шекті де, өлшемді де көрмей, өздерінің
өлшемдерін шексіздіктен ғана табатындар. Керемет күшпен шірене тартылған
жебедей көкке атылып, қол жетпеске қол созып, жұлдыздарға ұмтылатын бұлардың әрқайсысының
бойында өрт бар, әрқайсысында дүрбелеңдік ұшқыны бар. Ал дүрбелең көңіл адамды
азапқа салады. Сондықтан да Достоевскийдің барлық кейіпкерлері - ұлы азап
шегушілер. Олардың бәрінің де бетауыздары қисайып кеткен, сасқалақтаған, талып,
құлап жүретін адамдар.

Достоевский әлемін бір ұлы француз жүйке ауруына шалдыққандар
ауруханасы деп шошына атады, шынында да, бір қарағанда, яғни, сырттай қарағанда,
қандай бұлыңғыр, қандай таңғажайып әлем. Арақ-шараптың буына толы трактирлерде,
түрме камераларында, қала шетіндегі пәтерлердің бұрыш-бұрыштарында, жезөкшелер үйі
мен сыраханаларда, тұтастай алғанда, рембрандтық күңгірттіктегі ашқарақ
образдар тобыры: өзі өлтірген адамының қаны қолына жұққан кісі өлтірушілер; жұрттың
бәрінің күлкісіне қалып жүрген алқаштар; қараңғы бұрышты сағалап, қолына сары
билет ұстап тұрған қыздар; көшеде қайыр сұрап тұрған қояншық-бала, сібір
каторгасында адам өлтірумен болған қылмыскер, кір қожалақ төсекте өлім аузында
жатқан адал ұры - бәрі-бәрі құж-құж қайнайды. Не деген азапты құштарлық! Ой, қандай
азапты ғұмыр, орыстардың сұп-сұр тірлігі, мәңгі күңгірт, ап-аласа ғұмыр аспаны
осы кейіпкерлердің басына төнеді де тұрады. Бұл - бақытсыздық отаны, үмтісіздіктің
жапан даласы, мейірімі де жоқ, ертеңге деген сенім де бермейтін жер.

Бастапқыда бұл орыс әлемі соншалықты қапас, азапты, жат, қаскөй
болып көрінеді. Ол бейнетке белшесінен батып кеткендей және бұл жер, Иван
Карамазов ызалана сипаттағандай, «түп тамырынан қақ жүрегіне дейін көз жасына
малшынған». Сондай-ақ, Достоевскийдің өзінің бет-әлпеті сияқты, орыс әлемі бір қарағанда
кедей шаруаның өңіндей, жер түстес, еңсесі езілген, жаншылған болып көрінеді,
тек біраздан кейін барып оның сынық өңінің арғы жағынан жарқырап тұрған және
сол арқылы оның керемет тереңдігін керемет сеніммен сәулелендіріп тұрған ақ маңдайын
байқап қаласың, ал оның шығармаларының рухани жарығы жаттанды материяны жарып өтердей
қуатқа ие. Достоевский әлемі тек қасіреттен ғана құралған сияқты. Иә, бір қарағанда,
оның кейіпкерлерінің қайғы-қасіреті басқа жазушылардың  шығармаларындағыдан әлдеқайда көп секілді. Өйткені
Достоевский сомдаған бұл адамдардың барлығы да өз сезімдерін бір қиырдан бір қиырға
дүркірете қуып, қайта-қайта өзгертіп отырады. Және олардың қайғы-қасіреті - өздері
үшін нағыз рахат сезімі болып табылады. Басқалар бақыттылықтан рахат сезіміне бөленсе,
бұл адамдар, керісінше, аурудан және азаптан рахат табады; азап шегу - олардың
бақыты; олар сол азаптан тістеніп айырылмайды, оны өз кеуделерімен жылытып, алақандарымен
аялап, бар жандүниесімен оны жақсы көреді. Егер де бұлай жақсы көрмесе, олар дүниедегі
ең бақытсыз адамдар болып шығар еді. Жандүниедегі сезімдердің керемет әсерленуінің
бұлайша алмасуын, Достоевский кейіпкерлерінің асырып бағалағыштығын тек
мысалдар арқылы ғана түсіндіруге болады: мыңдаған формада қайталанатындардың
тек біреуін ғана, яғни, адамды шынайы жағдайда немесе ой-қиялмен масқаралағандағы
қасіретті мысал ретінде таңдап алайын.

Қандай да бір қарапайым ғана, сезімтал адам - мейлі ол ұсақ
шенеунік болсын, мейлі генералдың қызы болсын - кім болса да ренжитін жағдайларға
тап болып жатады. Әлдебіреудің жай ғана болар-болмас ескерту жасауы оның
намысына тиіп кетті делік. Мұның өзі бүкіл организмді қоздырып жіберуге себепші
болатын ең алғашқы аффект болып табылады. Ол қиналып жүреді. Өйткені біреу оның
намысына тиіп кетті ғой. Ол енді сәл нәрседен секем алып, тіпті өзін
ренжітерлік жаңа бір жағдайды іштей күтіп те жүреді. Көп ұзамай күткені келеді.
Енді оның реніші бұрынғыдан екі есе артуы тиіс қой. Бірақ, бір ғажабы, бұл жолы
оған бұрынғыдай ауыр тимейді. Рас, ол ашуланады, айқайға басады, бірақ оның
ашуының бұрынғыдай жан қиналысынан шығып тұрмағандығы да білініп тұрады, өйткені
оның өзіне көңіл күйінің осы өкпелі қалпы ұнайды. «Намысының тапталғанына
ызалану сезімінен арыла алмауы - рахаттанудың кәдімгі адамға жат, сұмдық бір түрі
болып табылады». Намысы тапталғанымен, оның орынын азап шегуші ретіндегі тәкәппарлығы
толтырады. Сондықтан да ол өзін ренжітерлік тағы да бір осындай жағдайлардың
болғанын қалайды, болған сайын көбірек болса екен дейді. Сөйтеді де олар араздықты
қоздыра түседі, өсіре береді, талабы да күшейеді, өйткені: азап шегу енді оның құштарлығына,
қуанышына, тіпті арманына айналды. Оның намысына тиді, енді өлшемді білмейтін бұл
адам намысының шектен шыға тапталғанын қалайды. Енді ол өзіне тап келген
азаптан тістеніп айырылғысы да келмейді, ал көмектеспекші болғандардың бәрін өзіне
жау санайды. Расскольниковтың Соняны кеудеден итергені үшін, Илюшаның кішкентай
Алешаның саусағын тістеп алғаны үшін аурушаң кішкене Нелли дәрі ішуден үш рет
бас тартты, өйткені ол өзінің азапты шақтарын шексіз ұнатады. Және бәрі де азап
көргенді ұнатады; азап шеге жүріп олар өздерін ғашық еткен өмірді барынша қатты
сезінеді; олар «жер бетінде тек бейнет шеге жүріп қана сүйе алатындықтарын»
біледі - оларға керегі де осы. Бұл - олар үшін болмыстың нағыз шынайы көрінісі;
«cogito, ergo sum» - «Мен ойлай аламын, өмір сүріп жүргенім де соның арқасы»
дегеннің орнына олар «Мен азап шегемін, өмір сүріп жүргенім де соның арқасы»
деп тұжырымдайды.

Достоевскийдің және оның кейіпкерлерінің осы «Мен»-інде  өмірдің ұлы салтанаты жатыр. Бұл - ғаламдық
сезімнің ең жоғары дейңгейі. Дмитрий түрмеде отырып осы «Мен»-ге, яғни, болмысқа
ғашықтығына арнап ұлы гимн орындайды, міне, оларды азаптануға итермелейтін де өмірге
деген осындай махаббатының күші. Достоевский шығармаларындағы қайғы-қасірет көріністері
басқалардан көбірек сияқты болып көрінеді деп отырғаным да сондықтан. Өйткені, өзгермелі
тіршілік бар өмір, әрбір құздан шығатын жол табылатын өмір, әрбір бақытсыздықтың
өзіндік шырқау ләззаты бар өмір, үмітсіздікті сенім деп қабылдар өмір - бұл тек
қана соның өмірі. Оның шығармалары қазіргі «Апостолдар іс-қимылын», яғни, рухтың
күшімен азаптан арылу, өмірге деген сенімге шақыру, танымның Голгофуына шығу,
біздің осы өмірді кешіп өтіп Дамаскіге бару туралы аңыздар  қатарын түзбей ме?

Достоевский шығармаларында адам өзінің ең соңғы ақырғы шындығы
үшін, өзінің барлықадамзаттық «мен»-і үшін күреседі. Кісі өлтіріле ме немесе әйел
өзінің шынайы махаббатына еріп-балқып жүр ме - мұның бәрі екінші қатардағы нәрселер,
сыртқы көрініс, сахнаның сырты ғана. Оның романы адамдардың тереңдігінде, жандүние
кеңістігінде, рухани әлемде өтіп жатады: сыртқы өмірдің кездейсоқтықтары, оқиғалары
- бұлар тек репликалар ғана, мұны театр машиналары, сахнадағы шектеулер десе
болады. Ал қайғы-қасіреттің бәрі - іште. Және ол қашан да кедергілерді жеңу,
шындық үшін күресу деген мағынада жүреді. Ресейдің өзінен өзі «мен осы кіммін?
менің құным қандай?» деп сұрайтыны сияқты, оның әрбір кейіпкері де өзіне өзі
«мен кіммін? менің құным қандай?» деп сұрақ қояды. Ол өзін өзі іздейді, ал анығырақ
айтқанда, өзінің тіршілігінің ең жоғары деңгейін - шексіздігін, уақыттан да, кеңістіктен
де тыс, тәуелсіз, Құдайдың алдына барғанда қандай болатын болса, өзін дәл
сондай күйде танығысы келеді, сөйтіп өзін тазартқысы келеді. Өйткені
Достовскийдің әрбір кейіпкері үшін шындық - қажеттіліктен де жоғары нәрсе: бұл
ол үшін - эксцесс, ләззат және мойындау - ең бір қасиетті ләззат, тіпті тас боп
түйіліп, құрысып қалуға дейін бару. Достоевскийдің кейіпкерлерінде мойындау -
ішкі адамның, бір адамның бойындағы күлліадам - құдай тектес адамның жер
кіндігі арқылы сыртқа шығуы, тіршілік денесінің қабығы арқылы тәңірдей шындықтың
жарып шығуы. Олар  не нәрсені де сондай құштарлықпен
мойындайды, бірақ оны Порфирий Петровичтің алдында Раскольниквтің мойындағанындай,
біресе жасырып, біресе құпиялап көрсетіп, одан қайта жасырып, ал сәлден соң
шындықты сол шындықтың өзінен де асыра айтып, ант ішіп, кемісітігі мен  мейірімділігін араластыра, жанталаса
баяндайды. Міне, дәл осы жерде, тек осындай тұстарда ғана Достоевский нағыз
«мен» үшін күресте өзінің шырқау шегіне жетеді. Дәл осы түпсіз тереңдіктерде
оның кейіпкерлерінің ұлы күресі, жүректің ұлы эпопеясы өтіп жатады: осы жерде
бізге жат орыс элементтері бөлшектеніп, еріп, енді олардың  трагедиясы тұтасымен біздің де, жалпы
адамзаттың да трагедиясына айналады. Осы жерде оның кейіпкерлерінің жалпы тағдыры
айқындалып, адамды тебірентіп жібереді, өзін өзі тудыру драмасын көріп отырып
біз Достоевскийдің жаңа адам туралы, әр адамның бойындағы күлліадам идеясын көреміз.

Өзін өзі тудыру драмасы. Достоевский космогониясындағы, оның
дүниетанымындағы жаңа адамның пайда болуын мен осылай атаймын. Және мен
Достоевскийдің  барлық кейпікерлерінің
типтік тарихын  біртұтас мифте баяндап шығуға
тырысамын: өйткені жүздеген бағыттардағы иірімдерде  жүретін адамдар ақыр аяғында  біртұтас тағдырға келіп тоғысады. Олардың бәрі
де бір ғана оқиғаның, яғни, адамның қалыптасуының әр түрлі нұсқаларында жүреді.
Достоевксий өнерінің қашан да орталық нүктеге қарай бағытталатындығын естен шығармау
керек және соған сәйкес оның психологиясы ішкі адамдағы адамға, барлық мәдени қабаттардың  тереңдігінде жатқан абсолютті, абстрактылы
адамға бағытталған.

Көптеген суреткерлерде бұл қабаттар ерекше маңызды болып
келеді, романдардың оқиғалары әдетте  әлеуметтік,
қоғамдық, эротикалық және тұрмыстық аяда өтеді де, сол жерде қалып қояды.
Достоевский өзінің орталық нүктеге ұмтылысында әрбір адамдағы күлліадам
идеясына, күлліадамзаттық «мен»- ге бағытталады. Ол қашан да осы адамды, осы ең
соңғы адамды, оның миссиясын және қашан да бірдей деңгейдегі формада
бейнелейді. Нағыз орыстарға тән қасиетпен олар өздерінің өмірлік күш-қуаттарын өздеріне
ауыр жүк көреді. Ержете бастағанда, сезімдері де, жандүниелері де ояна бастаған
тұста олардың еркін де жарқын рухтары қинала бастайды. Өздерінде пісіп-жетіліп
келе жатқан: әлі толысып болмаған тұла бойларында жасырына, үнсіз өсіп, үлкейіп
келе жатқан құпия күш пен сезімді байқап уайымға салынады. Құпия жүктілік
(олардың бойларында өздеріне де түсініксіз бір жаңа адамның пайда болып келе
жатуы) оларды қиялшыл етіп жібереді, олар үнсіз қалыпта қапырық бөлмелерде, бұрыш-бұрыштарда,
күні-түні өзі туралды ғана ойлап, тапжылмастан отыра береді.Олар тіпті осы таңғажайып
атараксияда, Будда тәрізді қақшиып, жандүние тұтқынында жылдар бойы отыра
береді; олар өздерінің тұла бойына еңкейе құлақ түріп, екінші жүрегінің соғысын
тыңдағысы келгендей қалып танытады. Жүктілікке тән барлық құпия жағдайды: өлімнен
шошыну, өмірден қорқу, өзіне ауыр да, қатал талап қою сияқты жағдайларды бастан
кешіреді.

Ақыр аяғында олар өздерінің іштерінде әлдененің бар
екендігін, жаңа бір идеяның бар екендігін сезінеді де, енді олар сол құпияны
ашуға ұмтылады.  Олар өздерінің ойларын
хирургиялық құрал-жабдықтардай етіп  әбден
өткірленгенше қайрап-ұштайды да, өздерінің 
ішкі күйін сол өткір ұшпен тіліп жібергендей етіп ашып көреді. Олар  қызуқандылықпен сөйлеп, өздерін езілген көңіл-күйден
арылтқысы келеді, өз жүйкесін өзі ұғынғысы келіп, оны шектен шығардай барынша,
тіпті есі кеткенше ширықтырады; сол кезде олар 
өздерінің барлық ойлаған ойларын бір идеяға тоғыстырады да, тағы да олар
туралы шексіз ойға беріліп, оны әбден үшкірлейді, ал сол кезде бұл өткір де үшкір
идея олардың өздеріне қарай бағытталады. Кириллов, Шатов, Раскольников, Иван
Карамазов сияқты жалғыз-жалғыз адамдардың әрқайсысы  «өздерінің» идеяларымен - нигилизм,
альтуризм, Наполеонның идеяларындай әлемдік идеялармен басы қатқан және мұның бәрін
де олар жанды қинар  жалғыздықта жүзеге
асырғысы келеді. Олар енді өздерінің тұла бойында өсіп келе жатқан жаңа адаммен
күресетін қару іздей бастайды, олардың өзіндік тәкәппарлығы сол жаңа адамды
жаншып тастауға ұмтылады. Кейбіреулері сезімдерін қолдан қоздырып, сол арқылы
іштегі дауылдай көтеріліп келе жатқан даму тасқынынан басым түскісі келеді.
Былайша айтқанда, баспалдақтан секіріп, билеп, у ішіп, іштегі баласын түсіріп
тастағысы келген әйелдей олар да іштегі басқа адамды құртып жіберуге тырысады.
Іштегі жаңа сезімнің сылдырын өзіне естіртпес үшін жанталасады, кейде одан бір
жола арылу үшін өздерін құртып жіберуге дейін барады. Мұндай кезеңдерде олар әдейі
азғындыққа салынады. Ішеді, азып-тозады және мұның бәрін олар керемет құштарлықпен
жасайды (әйтпесе олар Достоевскийдің кейпкерлері болмас та еді). Оларды азғындыққа
алып келетін - мұң. Немістер сияқты олар арақты рахаттану үшін немесе қатты ұйықтау
үшін ішпейді, мас болу үшін ғана ішеді, өзінің ақылдан адасқанын ұмыту үшін,
картаны да ақша үшін ойнамайды, уақыт өткізу үшін ғана ойнайды, ләззат алам деп
азғындамайды, өзінің шын мәнісіндегі өлшемін жоғалту үшін азғындыққа салынады.
Олар өздерінің кім екендіктерін білгісі келгендіктен де, өзіндік бір шекті
іздейді. «Мен»-інің ең соңғы шегін анықтау үшін өздерін біресе оттай өртейді,
біресе мұздай етіп суытып көреді және, ең бастысы, өз тереңдіктерін өлшейді.
Олар рахаттанудың шыңына жеткен кезде, жұмақта жүргендей күй кешеді, ал төмен түскенде,
аң сияқтанады, осының бәрін олар тек өз бойындағы кәдімгі адамды анықтау мақсатында
жасайды.  Немесе, өздерінің адам
екендіктерін білмейді де, адамға айналуға тырысады. Коля өзінің қайсарлығын өзі
анықтау үшін поездың астына түседі, Раскольников өзінің Наполен туралы
теориясын дәлелдеу үшін кәрі кемпірді өлтіреді, бірақ бұлардың бәрі де не нәрсені
болсын өздері жасағысы келген деңгейден асырып жібереді, сондағы мақсаттары -
сезімдерінің шырқау биігіне көтерілу. Өз тереңдіктерін, адам ретіндегі өзіндік
шекараларын анықтау үшін олар кез келген түпсіздікке секіріп кетеді: сезімталдықтан
шатасушылыққа, шатасушылықтан қаныпезерлікке ауыса салады, бірақ керемет ләззат
ала отырып та оған көңілдерінің толмай қалатындығы - олар үшін қалыпты жағдай.
Олар құтырынған кезде саналы түрде ах ұра өкінеді де.

Бірақ олар сезімдері мен ойларының шектен шығуына шыдай
алмай құтырына түскен сайын, шын мәнісіндегі өздеріне өздері жақындай түседі, өздерін
өздері құртып жібергісі келген сайын, олар шын мәнісіндегі өздерін табады.
Олардың шаттықпен бүркемеленген қасіреті - құрысып-бүрісіп жанталасуы, олардың қылмысы
- өзін өзі қайта туғызудың толғағы. Олар өздерін талқандап бұзу арқылы ішкі
адамды жасырып тұрған сыртқы қабықты ғана бұза алады, сөйтіп өздерінің жандүниесін
шын мәнісінде азат етеді. Ұмтылыстары қандай деңгейде болса, сондай деңгейде
азаптанады, сол арқылы өздерінің қайта туылуына өздері мүмкіндік жасайды. Өйткені
жаңа тіршілік иесі аурумен қинап барып жарыққа шығады. Ал оларды құтқаруға өте үлкен
бір нәрсе, ерекше бір нәрсе келуі тиіс, бір құдыретті күш ең ауыр сағаттарда
келіп жетуі қажет; көмекке мейірім мен шексіз махаббат келуі тиіс. Олардың
ерекше іс-әрекеттері, қылмыстары, барлық сезімдерін қайта оятатын ауыр жағдайлар
тазалықты тудыру үшін қажет. Бірақ бұл жерде де,  шынайы өмірдегідей, кез келген туылудың арты өлім
қаупінің ернеуінде тұрады. Адам табиғатының ең түпкі күштері, яғни, өлім мен өмір,
дәл осы сәттерде бір-бірімен айқұшақ ұстасып қалады.

Достоевский жасаған адам мифінің мәні - әр адамның бытысқан,
бұлыңғыр әрі көп қырлы «мен»-і нағыз адамның, стихиялы адамның, құдай жаратқан қалпындағы
адамның (ортағасырлық дүниетанымдағы, бірақ әлі күнаға батпаған алғашқы қауым
адамы) ұрығымен ұрықтанғандығында. Бұл мәңгі адамнан да бұрынғы адамның мәдениетті
адамның тозған қауашағынан шығуына көмектесу - ең жоғарғы міндет және жер
бетіндегі ең маңызды борыш. Бәрі де тұқым шаша алады, өмір ешкімді де
жатсынбайды, өмір қара жердің бетіне бір сәтті күні жаралған әрбір адамды қуанышпен
қарсы алды, бірақ жұрттың бәрі бірдей тұқым шашпайды. Кейбіреулердің рухани
болбырлығынан ол іріп-шіріп кетеді де, олардың өздерін улап тастайды. Кейде сәби,
идея жарыққа шығысымен азаптан өледі. Кириллов - өзінің дұрыстығын дәлелдеу үшін
өзін өзі өлтіруі керек, Шатов - шындығы дәлелдену үшін өлтірілуі керек.

Бірақ Достоевскийдің басқа өжет кейпкерлері - қарт Зосима,
Раскольников, Рогожин, Дмитрий Карамазовтар жорғалаушы емес, қанатты болуы үшін
өзінің өлі кокондарын тастап, жерде жүретіндердің төбесінен ұшып өтетін көбелек
секілді өздерінің әлеуметтік «мен»-дерін, яғни, адам табиғатының бейшара
личинкаларын өлтіргендер. Жандүние қайшылықтарымен желбіреп, жалпыадамзаттық
жандүние құйылып, шексіздіктермен құбылып тұрады. Олардағы артық нәрсенің бәрі
лақтырылған; бұл образдардың абсолютті ұқсастықтары да осында. «Ғаламдық өшпенділіктердің
тұманынан» жаңа өмірдің шұғыласына көз жастарын төге шыға келгенде Алешаны
шалдан, Карамазовты Раскольниковтан ажырата алмайсыз. Достоевскийдің барлық  романдарының соңында грек трагедияларының
катарсисі, яғни, ұлы тазару жағдайы пайда болады: күннің күркүрінен кейін мөлдір
ауада кемпірқосақ пайда болады емес пе, бұл 
орыстар үшін тіл табысудың жоғары символы болып табылады.

Достоевскийді кейіпкерлері өздерін таза адам ретінде қалыптастырып
алғаннан кейін ғана шынайы пікір алысу жағдайына келеді. Бальзакта кейіпкерлер қоғамды
жеңген кезде салтанатқа бөленеді; Диккенсте - әлеуметтік жағдайға бейбіт түрде
бейімделіп, өзіне буржуазиялық ортадан орын тауып, отбасын құрып, танымал бола
бастаған кезде салтанатқа бөленеді.

Достоевскийдің кейіпкерлері ұмтылатын қарым-қатынас ортасы
ендігі жерже әлеуметтік емес, діни орта: ол қоғамды емес, әлемдік бауырластықты
іздейді. Оның шығармаларындағы жаңғыз ғана иерархия -  әркімнің өз көңілінің тұңғиығына және
мистикалық қарым-қатынасқа апаратын баспалдақтар ғана. Оның романдарының бәрі ең
соңғы адам туралы баяндайды: оның жалған тәкәппарлығы мен ұсақ-түйек реніштері
болып тұратын қарым-қатынастың әлеуметтік және өтпелі кезеңдері артта қалды;
индивидуум, өз «мен»-інің адамы күлліадам идеясына айналды; оның жалғыздығы, тәкәппарлық
ретінде көрінетін өзіндік ерекшелігі сындырылды, енді ол кез келген басқа
адамдардан шексіз мейірімділікпен, жалынды махаббатпен өзінің бауырын көреді,
таза адамды көреді. Тазаланған бұл соңғы адам енді ешкімнен айырмашылық көрмейді,
оның әлеуметтік жағдайы туралы мүлдем ұмытады; оның жұмақтағыдай тыр жалаңаш
жаны ұялуды да, тәкәппарлықты да, кекті де, жек көрушілікті де білмейді.

Қылмескер мен жезөкше, кісі өлтіруші мен діндар, князь бен
алқаш өзінің жаратылымының ең терең, ең шынайы қалпына түсіп, кездесіп, әңгіме-дүкен
құрысады; барлық деңгейдегілер бір-бірімен араласып, жүрек жүрекпен, жан жанмен
қауышады. Достоевскийде адам қаншалықты шыншыл және адамгершіліктің қай деңгейіне
жеткен деген мәселе шешуші маңызға ие. Мұндай тазару, «мен»-нің тазаруы қалай жүзеге
асты, ол маңызды емес. Маңыздысы - енді оны ешбір азғындық бүлдіре алмайды, ешқандай
да қылмыс оны жойып жібере алмайды: құдайдың алдында өзінің арынан басқа сот та
жоқ. Шыншылдық пен жалғандық, жақсылық пен жамандық - бұл сөздер азаптың отына жанып
кетті. Кім шынайы тілектес болса, сол ғана таза: өйткені кім шыншыл, сол тіл
табысуға құштар. Кім де кім бәрін де танып білген болса, ол «адам рухы заңдылықтарының
соншама құпия әрі соншама жұмбақтығын, сондықтан да бәрін білетін емшінің де,
тіпті соттың да болмағанын, болмайтындығын да» түсінеді және біледі; ол ешкімнің
кінәлі еместігін де немесе бәрінің де кінәлі екендігін біледі, бірақ ешкімнің
ешкімге сот бола алмайтындығын, бәрінің бір-біріне бауыр болуы керектігін
біледі. Сондықтан да Достоевский ғаламында біржола шеттетілгендер жоқ, , «қаскөйлер»
де жоқ, тамұқ та жоқ, Дантенің сотталғандарды Христостың өзі де алып шыға
алмайтын соңғы шеңбері де жоқ. Ол тек тазаруды ғана біледі және тәкәппар, суық әрі
мәдениетті адамдарға қарағанда адасқан адамдардың жандүниесінің жалыны мол
болатындығын, шынайы адамға жақын болатындығын да біледі, ал мәдениетті адамдар
үшін шынайы адамдар буржуазиялық заңдылықтардан 
мұзға айналған. Оның шынайы адамдары азаптың алдында бейнет шегеді, жандүниесін
тазартады, сондықтан олар қара жердің ең терең құпиясын да біледі.

Кім азап шегеді, азап сол адамды  бауырмал етеді, Достоевскийдің барлық
кейіпкерлерінің назары ішкі адамға, яғни, өз бауырына ауғандықтан да, олар үрейден
ада. Бұлардың ерекше қабілеті бар, оны автор орыстың типтік қабілеті деп көрсетеді:
олар ұзақ уақыт жек көріп жүре алмайды, сондықтан да жер бетіндегінің бәрін түсіне
аларлық шексіз мүмкіндікке ие. Олар әлі де бір-бірімен ұрысып-керісіп қалады,
бейнет те шегеді, өздерінің махаббаттарына ұялады, өздерінің тіл табысуға деген
ниеттерін әлсіздік деп біледі және мұның адамзат үшін ұлы күш екенін түсінбейді.  Бірақ олардың 
дауыстары шындықты алдын ала сезіп отырады. Бір-бірімен достаса жүріп,
бір-бірімен қарсыласа жүріп, олар бір-біріне ішкі дүниесінің көзімен, керемет бір
жанға жайлы түсіністікпен қарасады және бейнет кешудегі бауырмалдықтары арқылы
тіл де табысады. Тыр жалаңаш, мәңгілік адам бауырмалдық арқылы өзін таниды және
бәріне де кешіріммен қараудың құпиясын білді, ал жандүниенің бұл орфалық үн қатысуы
- Достоевскийдің мұңды шығармаларындағы лирикалық музыка болып табылады.