ВЕРНУТЬСЯ

     Екінші өмір күні ертең басталады,

Арман қалар артында асқаралы.

Жасқамады ештеңе баста бәрі,

Сырға толы түндерден жас тамады.

Жүректерден жоғалсын, құрысын дақ,

Екінші өмір келеді тынышымды ап,

Есенин мен Махамбет тәрізділер

Екінші өмір бастаған тірісінде-ақ.

Екінші өмір ол - менің аппақ арым,

Арым жайлы айта алам жатқа бәрін.

Екінші өмір - ертеңгі туатын мен,

Сәбилерге сарғайтып сақтағаным.

Екінші өмір - қанатым қаға алатын,

Екінші өмір - маңдай тер, табан ақым.

Тәтті үмітпен қолына тапсыратын

Екінші өмір - ұрпаққа аманатым.

Керегі не,

әлек боп, әуреленіп,

Табынармыз уақыттай «дәуге» келіп.

Екінші өмір өлең боп, өзің болып,

Жанарымда келеді сәулеленіп.