ВЕРНУТЬСЯ

    Стефан Цвейг

 

   Үнсіз-түнсіз жұлдыздардай,

   жап-жарық боп қапасынан күдіктің

   көтерілер аппақ
таңдай пәк жандардың шоғыры...

 

 

            Эмпедоклда
да Гипериондағыдай ер жүректіліке дейін жеткізген сезім бар: «Эмпедокл» - бұл
алдын ала сезудің элегиясы емес, өз тағдырын нақты білетін адамның трагедиясы;
«Гиперионда» тағдырдың лирикалық әнімен айтылған жағдайлар, мұнда драмалық
рапсодиямен естіледі. Қиялшыл, шарасыз ізденуші мұнда ең басты рөл ойнайтын батыл
адамға, ержүрек әрі ақылды адамға айналған; Гельдерлин «жан-жүрегі жараланған»
сәттен бастап, ілгері қарай айтарлықтай қадам басты: ол рухани жағынан
келісімге келіп, оның жан жүдетер табалдырығынан аттап, маңдайына жазылған тағдырына
өз еркімен ерекше тереңдікпен, антикалық-мейірбандылықпен бас иді. Сондықтан да
музыка сияқты естіліп тұратын құпия мұң бұл екі шығарманың екеуінде де бар,
бірақ екеуі екі басқа бояумен беріледі: «Гиперионда» тек таң алдындағы
ала-көлеңкелік, ал «Эмпедоклда» - қап-қара, аса қауіпті, арасынан алаң көңілдің
найзағайлары жарқылдап тұрған қалың бұлт және қуатты қолдар дүниені жоқ қылып
жіберетіндей үрей шақырады. Қауіптілік сезімі қамалып қалған сезімнің деңгейіне
дейін көтерілген: егер де қиялшыл Гиперион өмірдің мейірбандылығын, тіршілік
етудің тазалығы мен тұтастығын бағаласа, асқан білімділігі барлық армандарын
сөндіріп тастаған «Эмпедоклда» өмірдің аса кең ауқымы емес, өлімнің аса кең
ауқымы қажет. «Гиперионда» кішкентай бала өмір сұрап тұр, ал «Эмпедоклда» орта
жастағы ер адам: ол жақта - бастаудың элегиясы 
бар, мұнда ұлы апофез, ерлік өлім бар деп асқақ жауап береді.

Сондықтан да Эмпедокл жадап-жүдеген, азған-тозған қиялшыл
Гиперионнан бір бас жоғары тұр: жоғары ырғақ бұл жерде өлеңнің формасына
түседі, өйткені мұнда адамның кездейсоқ бір қайғысы жалаңаштанып қалып тұрған
жоқ, мұнда ұлы адамның қасиетті мұңы тұр. 
Жас жігіттің азабы тек оның өзінікі ғана және қара жердікі, бұл - жастық
шақтың бәріне ортақ нәрсе; бірақ ұлылықтың мұңы жердікі емес, өйткені мұндай
мұң «қасиетті»: «мұңы - оның құдайларға деген сыйы». Бұл жерде екі әлемнің
ортасындағы барлық айырмашылық, яғни, жандүниенің жұп-жұмсақ ландшафтарының
таңғы шықтай мөлдір сенімі мен тәкәппар табиғат көріністерінің: құз-жартастардың,
жалғыздықтың, ұлы дауылдың  арасындағы
айырмашылықтар көрініс тапқан; екі әлемнің ортасы тағдырдың тырмасымен -
есейген рухтың төзімімен - жыртылған. Кім де кім өмір сүруді ақыр үйренбесе,
кім де кім өз жүрегінің ұстанымын апатқа ұшыратып алған болса, сол адам ең
соңғы, ең асқақ арманға - мәңгілік өмірге кету арманына қол созады.

Көркем кезде өмірден кету, жандүниесінің тұтастығын сақтап,
сезімінің сағын сындырмай адамның өз еркімен кетуі - Гельдерлиннің өзіне өзі
ұсынғаны осы еді (өз өмірін бұзып алғанда ол осы шешімге  тым жақын қалған болатын): оның қағаздарының
ішінен «Сократтың өлімі» деген драманың жоспары табылды. Демек, ол бірінші
кезекте ойшыл, еркін адамның ерлік өлімін кескіндеуге ниеттенген.

Бірақ көп ұзамай ақылды әрі бәріне күдікпен қарайтын
Сократтың орынын Эмпедоклдың образы 
алмастырды, оның тағдыры туралы бізге тек «Ол өзін түрлі себептермен
ақыры өлетін адамзаттың барлығынан да жоғары қойды» деген аз болса да, көп
мағына сыйғызған сөз қалған еді. Өзінің басқалардан өзгешелігін, өзінің
тазалығын, деңгейінің басқалардан жоғарылығын айтқан Эмпедоклды Гельдерлин
өзінің рухани бабасы ретінде қабылдады, мыңдаған жылдардың мұнары арасынан аты
аңызға айналған ғұламаны ол сынық-сынық, мәңгі бөлшек-бөлшек болып жүретін
әлемінде көңілі толмастықпен бйенелейді, құдайға сенбейтіндерге деген,
адамзаттың менмендігіне деген қайнаған кегі де сезіліп тұрады. Жас Гиперионға
ол тек өзінің алдын ала сезе білетіндігін, мұңын, тынымсыз ізденісін бере алған
еді, ал Эмпедоклға өзінің ғарышпен мистикалық байланысын, экстазын және өз
өлімін алдын ала сезе білетіндігін сыйға тартты. Гиперионда ол өзін тек
поэтикалық, символикалық түрде көрсете алды; ал Эмпедоклда сынақтан өткен адам
ретінде өзін өзі ерлік иесі деңгейіне дейін жеткізеді, құдыретті сенімге ие
болады, Эмпедоклда оның идеалы жүзеге асты: ол бар сезім-түйсігімен ұлы
образдың қанатында қалықтап жүр.

Агригенттан шыққан Эмпедокл - бұл туралы Гельдерлиннің
алғашқы жазбаларында анық айтылған - «кез келген біржақты тіршілікке өлім
себетін жау», оған өмір де, адамдар да ауыртпашылық әкеледі, өйткені «ол,
құдайлар сияқты, қай жерге де бара алатын жүрегімен адамдар арасында еркін және
кең мағынада бірге өмір сүре алмайды және адамдарды құдайлар сияқты бар
ниетімен жақсы көреді». Сондықтан да Гельдерлин оған өзінің ең қымбат қасиетін
- бөлшектенбейтін сезімін береді. Эмпедокл, ақын ретінде, нағыз ғұлама ретінде
күллі ғарышпен байланыс орната алған, мәңгілік табиғатпен «ғарыштық туыстыққа»
да ие. Бірақ Гельдерлиннің қуаты оны көп ұзамай одан да биікке көтеріп, енді
оны рухтың сыйқыршысы ретінде бейнелейді:

 

                                   Қасиетті күні
кімнің алдында,

                                   өлім
дәмін татқан болса, шат күліп,

                                   құдыреттің
жамылғысын лақтырып,

                                   жер
мен сәуле кімді сүйсе, тек соның

                                   өр
рухын оятар,

ғаламшардың рухына тап қылып.

 

Алайда не нәрсеге де қол жеткізе алған қасиетінен ғұламаның
өмірі бөлшек-бөлшек болып, ақыры зардап шегеді, өйткені «барлық мәнді нәрселер
сабақтастық заңына бағынады», баспалдақтар мен табалдырықтар, есіктер мен
шекаралар барлық тіршілік иелерін екіге бөліп тастайды, тіпті ең бір ынталы
энтузиазм да алшақтап кеткен адамдарды бір-бірімен табыстыруға қабілетсіз,
тіршілік етудің бөлшектеніп кеткен формасын қайта балқытып, жалынды бірлікке
айналдыра алмайды. Осылайша Гельдерлин өзінің жеке басындағы мәселесіне, яғни,
өз сенімі мен сергек әлемнің арасындағы алшақтыққа ғарыштық сипат берген: ол Эмпедоклды
өз өмірінде болып тұратын шабыттанудың экстатикалық асқақтауы мен көңілі налып,
терең құлдырап кететін уытты сәттерінің, көңілі суып, жүдеп отыратын сәттерінің
үстінде көрсету арқылы көптеген қиындықтарға кезіктіреді.

Гельдерлиннің трагедиясында көрініс тапқан сәттен бастап-ақ
өз күшін жоғалтқан еді: құдайлар оған көңіл бөлмей кетті (Гельдерлиннің ұғымында
ол - шабытты шақ), сөйтіп «мұны күшінен айырды», себебі бұл экстаздың күшімен масаң
тартып, бойын шексіз тәкәппарлық билеп, жаны рахаттанған сәтте шектен шыға
менменсіп кетті:

 

Мерзімі жетпей тұрып өскендерді,

Жек көреді құдайлар.

 

Ерекше сезімі оның жандүниесінде ғажайып шабытқа айналып,
Фаэтондардай қалықтағаны оны көк жүзіне соншалықты жақындатқан сәттен бастап ол
өзін құдай деп санады, тіпті мақтана бастады:

 

Билікке құштар мына өр табиғат,

Қызмет етіп жатыр енді маған.

Егер де артса оның абыройы,

Ол-дағы менің арқам, сенді маған.

Жұлдызды аспан, теңізде - аралыңыз,

Не көріп тұрса біздің жанарымыз,

Біз болмасақ, оларды кім көреді?

Сөз бен үн, жан бермесем, солар еді,

Солар жайлы мен хабар айтпағанда,

Құдай не, рухы не болар еді?

.

Енді, міне, сондай жақсылықтардың барлығынан да айрылып, ұлы
мүмкіндіктерінің күшінен ол ұлы шарасыздыққа қарай лақтырылды: бұған дейін «кең
әрі тіршілікке толып тұрған әлем» енді мылқауланып қалған пайғамбардың  «жоғалтып алған билігі» сияқтанды. Табиғаттың
үні оған ап-анық естіліп тұрса да, ол көңілінің әдемі әуенін оята алмады:
өйткені ол жер бетіндегі болмысқа еніп кеткен еді. Бұл жерде Гельдерлинді
алаңдататын ең негізгі мәселелер көрсетілген, көк жүзінен шынайы өмірге құлап
түскен шабытты шағы мен драманың ұлы көрінісін ол сол күндері өз басынан өткен
арсыздыққа айналдырып баяндайды. Жұрт Эмпедокл ғұламаның дәрменсіздігін сол
бойда біліп қалып, кейбіреулері қарусыз бұған ұмтылып, қаладан  ызалана қуып, отбасынан айырады, бір кездері
Гельдерлиннің өзін дәл осылай үйден қуып, махаббатын тартып алып, жападан
жаңғыз қалдырған еді.

Бірақ, мұнда Этнаның биігінде, табиғат бұл үшін қайтадан өз
үніне ие болған қасиетті жалғыздықта трагедияның басты кейіпкері бұрынғы
асқақтығымен көрініс береді, батырлық жыры шалқар кеңістіктен естіліп тұр. Бұл
жерден мынадай символды байқаймыз: Эмпедокл тау бұлағының тап-таза суынан дәм
татқан бойда, табиғаттың тазалығы қайтадан магиялық күшпен оның қанына
құйылады:

 

Екеуміздің арамызда қайтадан,

өтіп кеткен махаббаттың 
таңы атты.

 

Мұң танымға айналып, қажеттілік қуанышқа айналады. Эмпедокл
кері қайтудың, ең соңғы бірігудің жолын: ол адамдар деңгейінен жоғары көтеріліп
- жалғыздыққа, өмірдің деңгейінен жоғары көтеріліп - басқа әлемге кетудің жолын
табады. Енді Эмпедоклға тек бір ғана ең ғажайып ұмтылысына жету қалды: ең соңғы
еркіндікке, күллі бірлікке оралу ғана қалды, сосын әлемдік сенімділікке ие
болып, көңілі қуанышқа толып, ең соңғы тілегіне қарай жүреді:

 

Жер үстінің баласы,

Көре қалса, бөтен менен жаңаны,

Сасқалақтап, аң-таң болып қалады.

Өз үйіне қамалып,

Өзге әлемді ойламай,

Ұлы өмірдің тереңіне бойламай.

Ол бәрібір кету керек үйінен,

Айырылса да жайлы-жұмсақ күйінен.

Тас-талқан боп дауылдарда қансырап,

Өзін өзі қасіретпен қамшылап,

Мұң-қайғымен жуылып,

Мына өмірге жас боп қайта туылып...

Стикстен түрегелген,

Ахилл сынды жаңарып,

Түрегелсін енді ол да кешкі үннен,

Жеңілместей болып енді ешкімнен,

Табиғат қой ұлы өмірге келтірген,

Енді оған беріл сен де еркіңмен,

Сені ол кері алып кетпей тұрғанда,

Өзің беріл табиғатқа көркіңмен.

 

            Еркін өлім
жайындағы ойлары құдыретті дауыл боп көтеріліп, енді ұлы ғұлама белгіленген
мерзімде бұл өмірден кету туралы асқақ ойының танымдығына жетеді: өмір адамды
бөлшектеп, бүлдіреді, өлім күллі бірліктің ішінде балқытып, бұрынғы таза
қалпына келтіреді. Ал тазалық дегеніміз - суреткер үшін жоғары заңдылық;
суреткер денені емес, рухты бүлінбеген қалпында сақтауы тиіс:

 

                                               Рух
кіммен келсе де дер шағында,

                                               Сол
адам кету керек жер бетінен.

Құдыреттің болмысын көреміз біз,

Құдайға ұқсас адамның келбетінен.

Ол өзі кімнің жанын нұрландырса,

Ол жақтан солар мұны іздеп табар.

Тостаған секілді ол нұрға толған,

өзін өзі сындырар, амал бар ма?

Қызмет етпес үшін адамдарға.

Өліммен құтқар өмір мазағынан,

Еркіндік пен ар-ұят азабынан.

Өзін өзі өлтірмей тұрған кезде,

өзінің дер шағында шапағатпен,

Бір құдайға берілсін махаббатпен.

 

            Ақынның
қасиетін, яғни, ақынның өмірмен сынып-бүлінбеген, кірленбеген энтиузиазмын тек
өлім ғана құтқара алады, тек өлім ғана оның бар болғанын мәңгілік мифке
айналдыра алады.

 

                                   Қасиетті күні
кімнің алдында,

                                   өлім
дәмін татқан болса, шат күліп,

                                   құдыреттің
жамылғысын лақтырып,

                                   жер
мен сәуле кімді сүйсе, тек соның

                                   өр
рухын оятар,

ғаламшардың рухына тап қылып.

 

            Өлімді
алдын ала сезіп ол ең соңғы, ең жоғары көңіл шалқуын бастан кешіреді: өлім
алдындағы аққу әні сияқты, оның тұйық жандүниесі кенет керемет әуенмен ашылып,
ақтарылады ... енді қайтып бітпейтіндей болып асқақ басталатын әуенмен ашылады.
Өйткені дәл осы жерде трагедия үзіліп, дәлірек айтқанда, еріп-балқып, жоғары
көтеріле көкке сіңіп кетеді. Гельдерлин мұндай өзінен өзі балқытудың жан
рахатына дейін көтеріле аламды, тек эфирдің заңғарында тұрып қалғандай, алыстап
бара жатқан дауыспен төменде тұрып мәңгілік қажеттілікті жырлап:

 

                                               Рух
нені қалады,

                                               Орындалды
сол енді.

                                               Уақыт
та пісті ғой,

                                               Ғажайыптың
шеруін,

Бұл өмірге келуін,

Түк көрмейтін болсаң да,                           

Керек оны көруің.

 

дейді. Трагедияны асқақтықпен аяқтай келе антистрофа мадақ
айтады:

 

                                               Демоны
да ұлы оның,

                                               Құрбандығы
одан зор.

 

Қасиетті қажеттіліктің жолындағы адал Гельдерлин соңғы
сөзімен, соңғы демімен тағдырды жырға қосады.

            Асқақ
образдарды сомдаған ақын Гельдерлин грек әлеміне дәл осы трагедиядағыдай ұлы
қосмәнділікті жырлай жақын келген емес еді: құрбандық шалу дегеніміз, бір
жағынан, салтанатты шақ болып есептеледі, мұнда ақын басқа неміс
трагедияларының авторларынан гөрі антикалық ерліктің биігіне таза да толыққанды
түрде көтерілген. Жаңғызбасты адам махаббаттың құдыретімен құдайлар мен өз
маңдайына жазылған тағдырға қарсы жүреді, қанатсыз әлемнің тарғыл-тарғыл сипаты
мен бөлек-бөлектігіне бар мұң-қайғысының ыза-кегімен қарсы көтеріледі.
Гельдерлин осы стихиялы жанжалда өзінің мұң-қайғысын жеңіспен алып шықты.
Гетенің «Тассосында» ақынның азабы таптық менмендіктің тоғышарлық ызақорлығы
мен алданған махаббаттан есі кеткен күнделікті тіршіліктің ортасынан шыға
алмаған еді, Гельдерлинде трагедиялық стихияның тазалығының арқасында миф
шынайылық сипатқа ие болды, сөйтіп Гетенің қолынан келмегенді Гельдерлин жасады;
Эмпедокл образында ғұламаның жеке басының кескіні ешқандай да рөл атқарып
тұрған жоқ, оның трагедиясы - поэзияның трагедиясы, жалпы шығармашылықтың да
трагедиясы. Бұл жерде бір де бір артық көріністің түйірі де жоқ, драмалық
салтанаттың асқақ желбіреген желегіне театр мишурасының бір де бір дағы түспеген,
әйелдер оның эротикалық интригасына көтерілуіне кедергі келтірмейді, құлдар да,
күңдер де жаңғызбасты ақынның өзі ғашық құдайларымен сұмдық жанжалына
араласпайды: Дантенің, Кальдеронның және көне дәуірдегілердің мейірімді сенімі
біртұтас тағдырдың үстімен көз жетпес кеңістікте желбіреп тұр.

Ешбір неміс трагедиясында дәл мұндай кең аспан болған емес,
олардың ешқайсысы да сахнаның аласа тақтайынан базардың кең алаңына сондай бір
табиғилықпен шығуға ұмтыла алмайды, шығып, халықтың мерекелік көңіл күйімен,
құрбандық шалу салтанатымен араласып кете алмайды. Шығарманың бұл
бөлегінде  (Гискар туралы трагедияның басқа
тұстарында да) антикалық әлем жандүниенің тазарған   еркі арқылы тағы да шынайы әлемдей көрініс
береді. «Эмпедокл»  қоңыраулы бағандары
сән берген мәрмәр ғимараттай көрініс береді, ол қазіргі заманның келбетіндегі
бір қарағанда құрылысы әлі аяқталмаған, бірақ салынып біткен және әбден сомдалғандай
әсер қалдыратын грек храмдары сияқты болып тұр.