ВЕРНУТЬСЯ

         Міне, сол күнге бір жыл. Жыл болғанда
қандай! Мұны көре алмай арманда кеткендер қаншама? Тіршіліктің қадірін
осындайда білесің. Оның арқасында қаншама жан-жақын, жүрек-туыс адамдарыңның,
әулетіңнің - қысқасы, жарық дүниемен қоштасып кеткен кісілеріңнің атынан бұл
күнді, бұл жылды сен көріп отырсың, бір сәт осыған ой жіберсең - кеуденді
шүкіршілік рақаты билейді, өмірде барлығыңа қанағат қыласың. Қайран, өз алдыңа
ойлауды білмей өткен, қор болған жылдар! Ойлану үшін де еркіндік керек екенін
қайдан білейік біз.
Бір жыл бізге азат ой берді, сол ойдың арқасында санамыз
оянды, оянумен қоймай, әлденеше есе өсті.
Сол өсудың арқасында жұмысқа
жұмылдық, ұлт, халық пайдасына көптеген іс атқарылды. Төбемізге дербес шаңырақ
екенімізді білдіріп, мемлекет жалауын тіктік, ордамызға елдік таңбамызды
қададық. Әлемге Қазақстан атымыз тарады, біз дүниеде бармыз, баяғыда-ақ бар
едік деп, жар салдық. Оған жер жүзі бір жыл ішінде сенді, сенбек түгіл,
алдарынан бір ғажайып өлке ашылғандай, бізге қаптап ағыла бастады. Осындай жағдайда
біз қазақтар әлемдегі ең беделді Біріккен Ұлттар Үйымына кірдік. Бұл жай айта
салатын жаңалық емес, біле білгенге тарихымызда ұлы жаңалық еді. Екіншіден,
еркіндік алып, дербес өркендету үшін кеңістік керек. Ол кеңістікте алар қазына,
байлық, дәулет, береке, ырыс болмақ. Оны өндіретін, үлгіртетін күшпен бірге
ақыл, білім, талант керек. Адам керек, кадр қажет. Оларды іздеп табу, оқыту,
тәрбиелеуге де ерік, еркіндік, дара билік керек. Бұл жөнінде де атап, Тігіп
жатпасаң да, бірсыпыра жұмыс істеліп жатыр. Құрып кете жаздаған ана тілімізді
қайта тірілтуде қаншама қайрат жұмсалып жатыр, ол үшін таза қазақ ұрпағын
тәрбиелеу - өсіру қажет болды, ол үшін осынау бір жыл ішінде қаншама мектеп,
балалар бақшасы ашылды. Тіл өркендетуге керекті оқу құралдар, қажетті құжаттар
жасалу үстінде. Дүние қазақтарының құрылтайы, әлем мемлекеттерімен экономика,
қарым-қатынас, мәдениет, өнер аралас орын алып, өрістеді. Астанамыз Алматыда
қан- шама мемлекет, елдер елшілігі, өкілдігі ашылып, жалаулары желбіреді. Бұлардың
бәрі дербес мемлекет екендігіміздің айғағы еді. Дербес мемлекет болған соң,
оның қисапсыз ішкі, сыртқы құрылымдары мемлекеттік организмдерді мүлде жаңадан
жарату жұмысы тұрды алдымызда. Есіңізде ұстаңыз, осының бәрін осы бір жылдың
ішінде ойластыру керек болды. Ал ол ойларды жүзеге асыруда қатар жүріп жатыр.
Бұрынғыдай бес жылдық жоспар жасауға да уақыт жоқ. Бүгін ақылдасып, ертең іске
асыру керек. Қазақтың жаңа мемекетінің жас еңсесіне, оның тұңғыш басшыларының
иығына дүниеде болып көрмеген салмақ түсті. Кәдімгі «күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеу»
енді болды.
Тағы да ой жүгіртейік - Еркіндік бізге аса бір қиын
жағдайда: бұрынғы ыдыраған одақтың қираған жұртында, адамдардың, ұлттардың, қлыстардың
қашаңғы-аралас-құралас байланыстары быт-шыт болған, аласапыран, жанталас,
қымбатшылық, жоқтық, дағдарыс жағдайында келді.
Бүл Еркінділіктің
қымбаттығы, қиын толғақпен туғандығы осында. Қазір біз қазақтың «қайғысыз қара
суға семіреді» деген даналығымен өмір сүріп жатырмыз. Халқымыз биылдың өзінде
қаншама тарихын жаңғыртты, қаншама ел қорғаған, жер сақтаған ерлерін, батыр
бабаларын, данышпан билерін еске алып, тойла- ды, атап өтті, олардың
есімдерімен жер аталды, ел жаңғырды. Осының бәрі - Азаматтық дербес рухтың жемісі
еді. Ежелгі елдік, береке, қүт, бірліктің арқасы  еді. Қайта оянған халық ат үстіне шықты,
қоржынында не барымен бөлісті, соның бәрі еркіндіктің бойға жарыған дәмі
болатын. Айта берсең, жақсылық нышаны, игілік иісі бірталай. ?Ұлтымыздың, жұртымыздың
сол ақ көңіліне қарай, биыл егініміз мол шығып, шөбіміз шүйгін болды. Сол
еркіндік екпінімен оны да үлгіртіп,жинап алған секілдіміз. Алайда біздегі бір
келісімсіз әдет - бір бола қалған жағдайға далиып, даңғазаланып кету,
«көзіміздің еті өсе қалу». Ау, біздің осы табыс, осы мәртебемізді көре алмай
отырған, қайтсек бүлдіріп жібереміз деп, жантала сып жатқан қаскүнемдер аз ба?
Қоршаған аш көздер мен алаңғасар ағайын, жоқтықтан туған ұры-қарақшылар,
әупірімдеп ұстап отырған ұлттардың алакөздігі, сойқанды содырлар қаптап тұрған
кез бұл. Мұндайда тек сабыр, ақыл, қазақтың байырғы кеңдігі мен бауырмалдығы, бейбіт
көңілі ғана сақтап тұр. Ал біздің өзішіміздегі бүтіндік, тұтастық, ұлттық
намыс, халықтықтар бірлігі - ең басты күшіміз. Алла тағала көршілерімен қанша
жыл қырылысып жатқан халықтардан, қандас бауырларын, бір-бірін атып, шауып
жатқандардан сақтасын! Еркіндікке, Азаматтыққа тек қана бейбіт өмір, тыныштық
керек. Біз ғасырлар бойы осынау әулие жер,қасиетті ел, азат тұрмыс үшін
соғыстық, қырылдық. Ия, біз соғыса білдік, бірақ бәрі соның тек азаттық үшін болатын,
соның атымен аталатын. Тарихты аралап шығыңыз, еш жерде қазақ біреудің еркін
тартып алды, зауал жасады, обал қылды дегенді кездестірмейсіз. Солай болса, біз
өзіміздің ескі қырсығымыз - «алты бақан алауыздықты»
ұмытуымыз керек. Алдымен бізді құртатын сол. Шіркін, осының біржола құруы да,
түбінде бір үлкен, тарихи жеңісіміз болар-ау! - деп ойлаймын. Сонда қазақ талай
ел, талай ұлттың алдына түсіп кетер еді! Жікшілдіктің, бүлінудің бәрі - әлі ұлт
болып қалыптасып, үлгермеуде
жатыр. Әрине, оған тарихи себептер көп, заманалар, аумалы-төкпелі дәуірлер, -
тағдырымыз кінәлі, өйтпесе біз талант, ақыл, қайрат, батырлық, ерлік, кеңдік,
жомарттық - адамдық қасиеттерде ешкімнен кем болған емеспіз, әлі де солай. Міне,
бостандықтың алғашқы бір жылының бізге берген олжасы, игілігі, жемісі осындай. Мақсат
- түгел қабырғамызды сөкпеу, түгел мүшемізді ешкімге бұздыртпау. «Бәрі де бола
қалмайды, әлі сылбыр, жалқау, жалтақбыз!» - деп, байбалам сала беру жақсылық
бермес болар. Бостандық бір дәмін көріп, тастай салатын нәрсе емес, ұзақ
рахатын кешетін бақыт. Адал, алаңсыз еңбек, таза көңіл, тәрбиелі ұрпақ қана Еркіндік
қадірін, бейбіт өмір берекесін білсе керек. Еркіндік, Егемендік, Бостандықтың
бір жылдық мерекесі құтты болсын, бауырлар!